Жәндіктерді зақымдайтын 200-ден аса қарапайымдылардың түрлері белгілі. Олар көбінесе микроспоридиялар отрядына жатады. Соңғысының табиғаттағы зиянды жәндіктер популяциясының санын шектеудегі маңызы олар тудыратын аурулардың сыртқы белгілері нашар көрінетіндігіне байланысты толық бағаланбайды, нәтижесінде жәндіктердің өлімі басқа факторларға байланысты болады.
Жәндіктердің 14 отрядының өкілдерінде микроспоридиоздар табылған, олар көбінесе қабыршаққанаттылар мен қос қанаттыларды зақымдайды [12]. Кейбір микроспоридиялар өздерінің ие-жәндіктері үшін мамандандырылған, ал басқалары түрлі туыстар мен түрлерді зақымдауға қабілетті.
Протозойлы аурулар орамжапырақ ақ көбелегінде, орамжапырақтың жапалақ көбелегінде, долана көбелегінде, шаңқан көбелекте, сары көбелекте, сарықанат жібек көбелегінде, жапырақ ширатқыш көбелекте, сабақшалы көбелекте, америкалық ақ көбелекте, алма көбелегінде және т. б. көптеген жәндіктерде белгілі. Тік қанаттыларды, қатты қанаттылар мен жартылай қатты қанаттыларды зақымдайтын түрлері де белгілі (6-сурет).
6-сурет –Сарықанат жібек көбелегінің протозойлы ауруы
1 – микроспородия споралары; 2 – ауру жұлдызқұрт; 3 – сау жұлдызқұрт; 4 – ауру қуыршақ; 5 – сау қуыршақ.
Микроспоридиялар – бұл жәндіктердің мамандандырылған паразиттері және көбінесе тек иесінің жасушаларында көбейеді. Микроспоридиямен жәндіктердің зақымдалуының ең көп таралған табиғи жолы – пероральды жолы.
Микроспоридиялар типіне бір отряд жатады: микроспоридия – Microsporidia отряды. Мөлшері 4–6 мкм, өте сирек 10 мкм түрлері де кездеседі.
Микроспоридиялардың спорасы бір клеткалы қатты қабықшамен қапталынған, ішінде бір ядролы немесе екі ядролы ұрық – спороплазма және бұрында сияқталып оралған атқыш жіпшесі орналасқан. Спора өз иесіне түскеннен кейін атпа жіпшесі атылып, ішектің эпителийіне енеді. Жіпшенің ұзындығы спораның ұзындығынан он есе немесе одан да көп ұзын болады. Жіпшемен бірге спорадан амеба тәрізді ұрық – спороплазма да шығады. Спороплазманың спорадан шығу әдісі әлі толық зерттелмеген. Кейбір зерттеушілер спороплазма жіпшенің ұшына жабысып тұрады деп есептейді, ал басқа зерттеушілердің айтуы бойынша жіпше, түтікше тәрізді, спороплазма сол түтікше арқылы шығады.
Иесінің клеткасына түскен ұрық – спороплазма тез көбейе бастайды, соның нәтижесінде тізбек сияқты тізіліп көп ядролы плазмодиялар пайда болады. Соңында бір клеткалы споралар құралады.
Микроспоридиялардың спораларында атпа жіпшелерінің болуына байланысты бұларды микроспоридиялармен бірге книдоспоридия типіне жатқызған. Бірақ кейін электронды микроскоппен зерттеу нәтижесінде бұл белгі тек сыртқы ұқсастық екені анықталды.
Микроспоридиялардың миксоспородиялардан айырмашылығы: спораларының құрылысы онша күрделі емес, атқыш капсуласы болмайды, споралары бір клеткалы, бұлар клетка ішінде болатын паразиттер [13].
Кейбір түрлері жұмыртқа арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Микроспоридиялар паразиттік жарғаққанаттылар жұмыртқалауы көмегімен ауру дарақтардан сау дарақтарға берілетіні туралы мысалдары бар.
Микроспоридиялар жәндіктердің өткір және созылмалы ауруларын тудыруы мүмкін. Созылмалы ауруларда олар жұмыртқа арқылы келесі ұрпақтарға өтіп, популяцияларда жиналады және олардың саны көбейген сайын зиянкестердің жаппай аурулары мен өліміне әкеледі. Мұндай аурулардан кейін жәндіктер саны баяу қалпына келеді. Микроспоридиялардың түрлік қатынасына байланысты олардың кейбіреулері ауқымды эпизоотия деңгейіне жететін ауруларды тудыруы мүмкін, ал басқалары созылмалы ауруларға алып келеді және жәндіктердің жекелеген түрлерін зақымдайды.