Жәндіктер гельминтоздары


Мермитидтер – омыртқасыздардың, негізінен жәндіктердің паразиттері. Олардың кең таралуы бар, иелерінің үлкен шеңбері түрлерге байланысты көп болып келеді. Ересек мермитидтер қоршаған ортаның әртүрлі жағдайларында тіршілік етеді. Іс жүзінде олар иелерімен кездесуге байланысты барлық жерлерде қоныстанады. Дамудың паразиттік кезеңінде мермитидтер әрқашан иелері үшін өлімге әкелетіндіктен, кейбір топтардың жәндіктер санын нақты реттеуші рөлінде белгілі бір қызығушылық тудырады [15].

Су қоймаларының табиғи өзін-өзі тазарту процестеріне қатысатын және бірқатар кәсіпшілік балықтар үшін азықтың едәуір бөлігін құрайтын хирономид дернәсілдерінің санын едәуір азайта отырып, мермитидтерді кейбір зерттеушілер зообентостың жағымсыз компоненті ретінде қарастырады (Томилова, Ербаева, 1972; Павлова, 1976).

Мермитидтердің жәндіктердің белгілі бір топтарының санын азайтудағы рөлін анықтаумен қатар, осы нематодтарды биоиндикация мақсатында пайдалану мүмкіндігімен байланысты мәселе үлкен қызығушылықты тудырады. Алайда, фаунистік білімнің жеткіліксіздігі, фрагменттік және эскиздік алымдар, таралуы, тіршілік циклдері, иелерімен қарым-қатынасы олардың биоценологиялық рөлін және биорегуляторлар мен биоиндикаторлар ретінде пайдалану перспективаларын анықтау мүмкіндігін шектейді.

Mermithidae (лат.) – Mermithida қатарының паразиттік нематодтарының тұқымдасы. Олар буынаяқтыларды, негізінен жәндіктерді, сондай-ақ өрмекшілерді, шаяндарды, шаян тәрізділерді зақымдайды, кейбір түрлері жауын құрттарында, сүліктерде және былқылдақ денелілерде паразиттік тіршілік етеді. Әдетте иесінің бір түрі үшін ғана маманданған, олар өздерінің даму барысында иелерін өлімге әкеледі.  Ең алғаш рет мермитидтерді ірі италияндық жаратылыстанушы Улиссе Альдрованди тапқан және 1623 жылы қайтыс болғаннан кейінгі еңбектерінің бірінде айтылған. Олар зиянды түрлерді биологиялық бақылау үшін маңызды, себебі 25-ке жуық түрлері масалардың дернәсілдерінде (Culicidae, Chironomidae, Ceratopogonidae) паразиттік тіршілік етеді. Құмырсқаларда паразитті мермитидтердің 7 туысының өкілдері Agamomermis, Allomermis, Camponotimermis, Comanimermis, Heydenius, Meximermis және Pheromermis табылған. 30 туыстың 200-ден аса түрлері белгілі (7-сурет) [16].

7-сурет –Мермитидтер классификациясы

Мермитидтер тұқымдасының нематодтарына сипаттама. Жіңішке жіп тәрізді нематодтар, ұзындығы 10–30 мм және диаметрі 0,2–0,5 мм-ден асады, бүртік тәрізді тангорецепторлары бар басы дөңгелектенген және сүйір конус тәрізді құйрығы бар.

Иесінің гемолимфасынан қоректің түсуі денесінің жабыны арқылы, одан кейін өңештің қабырғалары арқылы жүреді. 

Даму циклі. Нематодтардың дамуының түрлі сатылары иесінің денесінде, кейде тіпті оның сыртында, топырақта қыстайды. Бірінші жастағы дернәсілдер, иесінің денесіне енуіне байланысты инвазионды деп аталады. Кейбір түрлердің инвазионды дернәсілдері өздерінің иелерін күтіп, өздерінің денелерінің майлы қорларымен қоректеніп,  бірнеше айға дейін жата береді. Олар жәндіктердің денесіне азық немесе тері жамылғысы арқылы енеді. Иесінде дернәсілдердің даму мерзімі бір айдан бір жылға дейінгі уақытты қамтиды. Жетілген дернәсілдер түлейді де, жәндіктің қабырғасын тесіп иесін тастайды, кейде артқы немесе ауыз қуыстары арқылы шығады. Шыққан нематодтар қоректенбей тағы да түлейді де, аналықтан және бірнеше аталықтардан тұратын түйінге жиналады. Гонадалардың жетілуі және шағылыстыру суда тіршілік ететін түрлерінде 10–15 күнге, ал жер бетінде тіршілік ететіндерде 5–6 айға дейін жетеді [16].

Аналықтар топырақта жұмыртқа салады, онда нематодтар дамиды да, өсімдіктерге бекінеді. Mermis туысының нематодының жұмыртқасы қабықпен қапталған, олардың өскіндері субстратқа бекінуге бейімделген. Жекелеген түрлердің өсімталдығы 1 ден 6 мыңға жұмыртқаға дейін құбылады. 

Биологиялық қорғаныс үшін мермитидтер тұқымдасының паразитті нематодтары аса қызығушылық тудырады, олар жәндіктердің денесінің ішіне енеді, бірақ иесін тез өлімге әкелмейді.

Мермитидтермен зақымданған жәндіктер мүшелері  мен ұлпаларының қатты бұзылғандығына қарамастан паразит иесін тастап кеткенге дейін тірі жүреді. Тек содан кейін ғана, жараның орнына бактериялар еніп, жалпы ағзаны уландырып, жәндікті өлімге әкеледі.  

Мермитидтер жәндіктердің санын азайтуда маңызды рөл атқарады. Оларды зиянды қабыршаққанаттылардың өкілдерінен (күз көбелегі, жапырақ ширатқыш көбелегі, сарықанат жібек көбелегі және т. б.), қатты қанаттылардың (колорад қоңызы, тамыр жегіштер) түрлерінен, қосқанаттылар, тік қанаттылар және т. б. жәндіктердің түрлерінен тапқан.

Мермитидтер бірінші кезекте орманның зиянкестерімен биологиялық күресу үшін қолданылуы мүмкін. Дәл осы зиянды жәндіктер тобында мермитидтер фаунасы ең бай көрсетілген.

Түрлері мен туыстарына бай мермитид (Mermitidae) тұқымдасы шаянтәрізділердің, су және жер бетіндегі жәндіктердің және омыртқасыздардың басқа да топтарының паразиттері ретінде көрсетілген. Ұзындығы 50 см-ге жететін ересек мермитидтер еркін өмір сүреді, ал паразитизм осы нематодтардың дернәсілдеріне тән. Мермитидтерде өте қалың, көп қабатты кутикуласы, бүртік тәрізді тангорецепторлары орналасқан дөңгелектенген басы, ұшталған не конустық құйрығы бар. Оның басының екі жағында үлкен немесе орташа көлемді амфидтер болады. Кейде олар редукцияланған. Бас ұшының ортасында, барлық нематодтар сияқты, өңешке апаратын ауыз қуысы жатыр, ол көбінесе ұзын ішекке ауысады. Басқа нематодта байқаған ішектерге ұқсас ішектерді мермитидте іздеу нәтижесіз болды. Паразиттік тіршілік ету осы нематодтарда ортаңғы ішектің мүлдем ерекше ұйымдастырылуының дамуына әкелді. Мермитидтерде ішек қуысы болмайды. Бұл әсіресе өңештің құйрыққа жететін жағдайларында байқалады. Оның барлығы кутикулярлық түтіктен тұрады, оның қабырғалары тығыздалған, сонымен қатар өңеш түтігі үлкен ядролары бар плазматикалық жасушалар қатарымен қоршалған. Бұл іс жүзінде өз қуысы жоқ ішек болып саналады. Жасушалар қосымша қоректік заттармен толтырылған. Тік ішек жолы тек аталықтарда айқын дамыған және спикулалар сыртқа шығарылатын тесік ретінде қызмет етеді. Аналық бездер ұзын, беткі жағы ашық, қалған бөлігін қара-қоңыр түстес, себебі ұрық жасушаларында – болашақ жұмыртқаларда – сарыуыз көп мөлшерде жиналуына байланысты. Дамыған жұмыртқалары жұмыртқа қаптарына түседі, сол жерден бұлшықет жатырына енеді. Жұмыртқалар сыртқа суға немесе жерге бірнеше мың немесе жүздеген мөлшерде шығарылады. Mermis-те жұмыртқа салу кезіндегі мінез-құлық өте қызықты.

Жердің ылғалы аналықтардың топырақтын бетіне шығуын қамтамасыз етеді. Мермитидтер жылан тәрізді өсімдікке, шөптің қандай да бір түріне көтеріліп, бас ұшымен тербелмелі қозғалыстар жасайды. Бұл жағдайда құрт бас ұшымен жарыққа қарайды. Бұл реакция мермитидтерде көзшелерінің болуымен түсіндіріледі (Mermis туысы және т. б.). Күн сәулесімен жарықтандырудың нәтижесі жұмыртқалардың рефлекторлық бөлінуі болып табылады. Mermis жұмыртқалары өскіндері бар қабықпен қапталған. Бұл өскіндер жұмыртқа жатырда болғанда жұмыртқаның қабығына жабысады. Жұмыртқа сыртқа шыққанда олар жазылады, содан соң олар жұмыртқаның қандай да бір субстратқа бекінуіне жағдай жасайды. Басқа мермитидтерде жұмыртқалардың бөлінуі және олардың дернәсіл күйінде паразитті тіршілік ететін мермитидтердің иелеріне енуі басқа әдістермен жүзеге асырылады. Жәндіктер Mermis жұмыртқаларын өсімдік тағамымен бірге жұтады. Жұмыртқадан шыққан дернәсіл жәндік-иесіне түсіп, әдетте өзінің иесінің денесінің ішіне енеді, сол жерде ол кутикулярлы жамылғылар арқылы эндосмотикалық түрде қоректенеді. Кейіннен дернәсіл жәндік-иесінің денесінен шығып, топырақта немесе суда өз бетінше еркін өмір сүруге көшеді (мермитидтердің түрі мен тұқымына байланысты). Тәуілсіз тіршілікке қол жеткізген кезде оларда жыныс мүшелері дамиды. Мермитидтер зиянды жәндіктердің санын шектеуге пайдалы нематодтардың қатарына жатады [16].

«Дернәсілдердің иесі-жәндіктер денесінен шығуы – бұл жәндіктер үшін қауіпті, ол құрттың бұрынғы өмірінен туындаған толық әлсіреуінен немесе шірік бактериялармен зақымдалуынан өледі, – деп атақты кеңестік нематолог И. Н. Филипьев жазды». Жәндіктердің мермитидтермен зақымдануы, әдетте, олардың өліміне немесе кастрациясына, яғни жыныс мүшелеріне зақым келтіруге және көбею қабілетінің жоғалуына әкеледі. Сондықтан мермитидтер зиянды жәндіктердің санын шектейтін пайдалы нематодтардың қатарына жатады [17].

Санкт-Петербургтегі әуесқой фотограф, натуралист және геолог Татьяна Кузина керемет кадрларды жасады (8-сурет).

8-сурет –Құмырсқадан мермитидтің шығуы

Фотосуреттер сериясынд біз Lasius niger қара бақша құмырсқасының зақымданған жас қанатты аналығынан (құмырсқа нематод шыққаннан кейін қашып кетті, яғни ол біраз уақыт өмір сүрді, нематод түрі шартты түрде фотография бойынша анықталды) паразитті жұмыр нематод құртынығ, яғни мермитидтің (Nematoda: Mermithidae) шығуын байқадық [18].