Тілдің қоғамдық – әлеуметтік қызметтері


Тіл – адамзат қоғамындағы ортаны біріктіруші, ұйымдастырушы. Ендеше тілдің негізгі қызметі – қоғам мүшелерінің бір-бірімен сөйлесу, пікір алысу, арасын жалғастырушы қызметін, яғни қазіргі, бүгінгі, келешек арасына дәнекер болатынын да еске алатынымыз сөзсіз.

Тілдің, сөздің осындай қызметтерімен бірге халық жанында сөз киесі, сөз дауасы, сөз құдіретін, қасиетін құрмет тұтар тыиым сөздер, мақал-мәтел, даналық ойлар, сөз тіркестерінің де қолданар орнына қарай өз ерекшеліктері сақталған.

Қазақ халқы «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді. Жақсы тілек, игі ой адамды бақытқа жеткізеді деген түсінікті ашады. Мақал-мәтелдер - осының айғағы. Жақсы сөз естіп, білгір жанмен әңгіме құрса, «бір жасап қалдым» деген.

Қазақ халқы бір-бірінің қуаныш пен қайғысына, шаттық пен мұңына ортақтасып отыруды парыз санаған. Қуанышқа құтты болсын айтып, қайғы –мұңды сөзбен, тіл күшімен сейілтуді дәстүр еткен.

Халықта барлық қызық пен қуаныш, қайғы мен зар сөзбен өрнектелсе, дау-дамай, ұрыс «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінімен» шешілген.

Қазақ тіліндегі ұлттық дәстүр, тағылым, таным сипатындағы сөздер қоғамның түрлі сатысында алуан жағдай, жайға қарай үлкен қызметтер атқарған. «Айтылған сөз – атылған оқ» деген халық қағазға түспесе де, хатқа жазылып басылмаса да, кесімді уәжді, қорытылған тұжырымды заң деп қабылдаған.Тілдегі сөздің осындай ерекшеліктерін ескеріп, қоғамдық қызметін шартты түрде төмендегідей негізгі топтарға бөлуге болады.

• Дау-дамай, ұрыс, қақтығысты шешетін сөздер (шешендік сөздер, билер дауы)

• Сенім, күш, айбын болатын сөздер (сыйыну, табыну сөздері)

• Ем, дауа, тән жарасын жазар сөздер (аластау, бәдік, түрлі ауруларды емдеу кезінде айтылатын сөздер)

• Өткенді екшеп, болашақты болжар сөздер ( бал ашу, құмалақ салу, қобыз ойнау, т.б.)

• Тілек, жақсылыққа арналған сөздер (бата, тілек, алғыс)

• Тыйым сөздер, қарғыс сөздер

• Жан жадыратып, көңіл қуаныш өсірер; қуаныш әкелер сөздер (қошемет, қоштау)

• Есе қайырып, кек қуып, намыс оятар сөздер (аруақ шақыру, ата-баба аруағына сыйыну)

• Қуаныш, қайғыға ортақтасар сөздер (құттықтау, көңіл айту)

Қызметтеріне қарай түрлі орындарда қолданылатын сөздер, көркемдік бояуымен, нақты, белгілі ортада қолдану өрісі, айтылу саз, әуенінің бөлектігімен айшықталады.

Қазақ халқы осы арқылы сөздің қоғамдық-әлеуметтік орнын белгілеп қана қоймай, психологиялық, философиялық, танымдық мәнін де ашқан.

14 - жаттығу. Мәтінді оқыңыздар. Тапсырмаларын орындаңыздар.

Бірде Құнанбай, Алшынбай, Мұса үшеуі бірігіп, ел арасында даулы мәселелер көбейіп кетті, барымта жиі қайталанатын болды деген себепті желеу етіп ел жинап, мәслихат өткізбек болады. Дуанбасылар шақыртқан соң халық жиылады. Халықтың бас-аяғы түгел жиналып болғанымен дуанбасылар келе қоймайды. Шілденің аптап ыстығында Жанқұтты шешен дуанбасыларды күтеді. Осы уақытта жанқұтты келмейтін болды деп халықты таратып жіберіп, өзі үшеуінің алдынан шығады.

Алшынбай тұрып:

- Е, Жанқұтты, халық жиналды ма? – депті.

- Халық жиналмақ түгілі, жиылыс бітіп қойды. Сіздер кешіккеннен кейін сырқаттанып қалды ма деп, жиылыста қаралатын төрт мәселенің біреуін өзім шешіп, үшеуін үшеуіңізге қалдырып, кейін бір кезі келгенде айтар деп, халықты таратып жібердім,- депті Жанқұтты.

- Оның да дұрыс болған екен, бізге қайсысын қалдырдың, – депті Алшынбай.

Сонда Жанқұтты тұрып:

- Мұсажан, асықтың қаржысының билігін саған қалдырдым, Алшеке, тақыр жердің билігін саған қалдырдым, Құнанбай, ақ тобық аттың шабысының билігін саған қалдырдым, – деген екен.

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Мәтінде аты аталған Мұса, Алшынбай, Құнанбай, Жанқұтты туралы не білесіздер?

2. Барымта, желеу етіп, дуанбасы, аптап сөздерінің мағынасын анықтаңыздар.

3. Жанқұтты шешеннің дуанбасыларға қалдырған билігін таратып айтып беріңіздер.

15 - жаттығу.

1. Бесікті аластау

Алас, алас, баладан алас,

Иесі келді, пәлесі көш!

Алас, алас, пәледен алас,

Көзі жаманның көзінен алас!

Тілі жаманның тілінен алас!

Қырық қабырғасынан алас,

Отыз омыртқасынан алас.

Алас, алас, аласы,

Келді, міне, баласы.

Көш, көш, пәлесі,

Келді, міне, егесі.

Аталарың ақырса, одан қорықпа,

Аналарың, ағаларың шақырса,

одан қорықпа.

Сылдыраған бұлақтан қорықпа.

2. Бұлт шақыру

Ат басындай ақ бұлт ...

Қой басындай көк бұлт...

Қоғалы көлдер құрыды,

Құба жондар шөлдеді.

Қолдан қара жауын бер!

Жандай досым, ақ бұлт,

Омыраудан соқ бұлт!

Ескек желді сұр бұлт,

Еріктірмей жете көр!

Тасқындасаң тас жаудыр,

Қаһарлансаң қар жаудыр,

Буырқансаң мұз жаудыр,

Мұздай темір құрсандыр!

Кел бұлт, кел бұлт,

Екі енеге тел бұлт!

Арнау жыры

Кер, кер, кер жылан,

Кереге басты мер жылан

Бір жылан бар – сұм жылан,

Бір жылан бар – сұр жылан.

Бір жылан бар – жеті жылғы ту жылан,

Құралай таудың басынан

Қуып келген қу жылан.

Пайғамбарлар демінен

Дегелек келді, шық жылан.

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Сөздердің мағынасын жазып алыңыздар. Кейінгі сөздердің мағынасын тауып жазыңыздар.

Алас – отқа табынуға байланысты «от» деген ұғымның атауы.

Алас болу – жоғалу, жойылу.

кер (кер жылан) –

дегелек –

2.Үш мәтінге ортақ ерекшелік не?

3. Бесікті неге тілден, көзден аластайды?

4. Ұшықтау туралы не білесіздер? Ұшықтаудың аластаумен байланысы бар ма?

5. Бұлттың қандай түрлері айтылған?

6. Аластау, шақыру, арбау жырларының басқа қандай түрлерін білесіздер?

16 - жаттығу. Сөйлемдерді топ-топқа бөліп жазыңыздар.

1. Бүйіріңді таянба! 2.Қайырлы, құтты болсын! 3. Басқа амандық, денге саулық берсін! 4. Алды ашық екен. 5. Көсегің көгерсін! 6. Азамат бопты деген осы! 7. Екі бүйірінен қысып бара ма, қалай?! 8. Тізеңді құшақтама! 9. Көкті жұлма! 10. Бағың жансын! 11. Тілегің қабыл болсын! 12. Жолың болсын, жолдасың Қыдыр болсын! 13. Маңдайы жарқырап-ақ тұр екен! 14. Қуатым-ау, тіл-көзден сақтасын, адам болғаныңнан, айналдым. 15. Бауы берік болсын, өмір жасы ұзақ болсын! 16. Шаңырағы биік, босағасы берік болсын! 17. Киімді желбегей жамылма! 18. Малды басқа ұрма! 19. Иә, оңдай бер, жол түсіп тұр ғой. 20. Саусағыңды шошайтпа!

1. Тыйым сөздер:

2. Тілек сөздер:

3. Бата:

4. Болжау, жол ашу сөздері:

5.Қошемет, сүйсіну сөздері:

17 - жаттығу. Мәтінді оқып, жоспар құрыңыздар, мазмұнын айтыңыздар. Ұлт мінезі мен өнерінің (ауыз әдебиеті үлгілерінің) даламен үйлесімділігі жайында не айтылған?

Оңтүстік Сібір тайпаларының тарихы жөніндегі заметкалар (үзінді)

...Егер Гомердің ертегі жырлары мен Геродоттың халық аузынан естіп жинаған аңыздары қаншалықты тарихи қастерлі болса, егер бұрмаланған, шексіз аңыз атаулының негізінде оқиға мен шындық болса, онда өздерінің ата- бабаларының тұрмысын бейнелейтін және салыстырған кезде тарихи нұсқалармен бәр-бәрінде үйлесетін қазақтардың жағымды және дәйекті аңыз-жырларының, олардың өмір салтының, әдет - ғұрыптарының, сондай – ақ қазіргі үлгі-өнегелерінің тарихи маңызға ие болуы күмәнсіз. Қоғамның бүкіл көпшілігінің сезінуіне, өмірі мен процесіне байланысты таза халықтық ақыл-ой туындылары ретінде, ақыр соңында, бір адамның атынан айтылғандай бүкіл халықтың аузынан тараған туындылар... ретінде бұл аңыз –жырлар тарихи да, филологиялық та, психологиялық та ынта -ықыласқа лайықты.

Табиғаттың өзінде өзгеше бір сүйсінерлік, жанға жайлы бір нәрсе бар... Сахарада тынысыңыз бір түрлі кеңейіп, ой-өрісіңіз де қанат жаза түседі, онда етек-жеңді кеңге салып, емін-еркін жүресіз. Ұшы-қиыры теңіздей шексіз даланы неше алуан шөп басып, үлбіреген нәп-нәзік гүлдер бейне жасыл дастарқандай боп жайылады... (Табиғаттың өзінде өзгеше бір сүйсінерлік жанға жайлы бір сыр бар...)

... Қазақтар өздерінің көне аңыздары мен нанымдарын соншама балауса күйінде сақтап келгеніне таң – тамаша қаласыз, бүкіл шексіз даланың шалқар шетінде, әсіресе өлең - қиссаларының бірдей үндесуіне одан бетер таң-тамаша қаласыз және оларды салғастырып қарар болсаңыз түпнұсқасы егіздің сыңарындай барабар келеді.

Халық аузындағы нақыл сөздері зерттеудің этнография үшін маңызы бар, өйткені халықтың тұрмысы мен әдет – ғұрпы ондай сөздерден айқынырақ көрінеді ( Ш. Уәлиханов)

18 - жаттығу. Тыйым сөздерді төмендегі үлгі бойынша топтап жазыңыздар.

1. Үлкеннің алдын кеспе. 2. Жағыңды таянба. 3. Суға түкірме. 4. Тізеңді құшақтама. 5. Бүйіріңді таянба. 6. Түнде суға барма. 7. Малды басқа ұрма. 8. Қу таяқ таянба. 9. Шашыңды жайма. 10. Сырт киімді желбегей жамылма. 11. Босағаны керме. 12. Саусағыңды шошайтпа. 13. Күлді баспа. 14. Таңдайыңды қақпа. 15. Табалдырықты баспа. 16. Ошақтағы отты өшірме. 17. Кір суды баспа. 18. Аяқ киімді төрге шығарма. 19. Бас киімді жерге тастама. 20. Бет - аузыңды қисаңдатпа. 21. Тіліңді шығарма. 22. Ерніңді шығарма. 23. Үлкеннің сөзін бөлме. 24. Көкті жұлма. 25. Көкті баспа. 26. Айға қолыңды шошайтпа. 27. Асты аттама. 28. Нанды баспа. 29. Басыңды шайқама. 30. Киімді теріс киме. 31. Отқа түкірме. 35. Кісіні аттама.

Таным түсінікті білдіретін тыйым сөздер: Түнде суға барма.

Салт - дәстүрге қатысты тыйым сөздер: Үлкеннің алдын кеспе.

19 - жаттығу. Қарамен жазылған сөздердің мағынасын ашыңыздар.

Ауыздығымен алысқан тор төбел де ыршып кетті. Дала сырына қанық қу бала Еркебұланмен қатарласа беріп:

- Қасқыр шоқаққа салыңыз... Сонда ат дүбірі естілмейтін болады, - деді.

Бұлар жолдан бір шақырым алыстамай-ақ қуғыншылар қала жолымен ағып өтіп кетті. Содан кейін қуғыншылар да, қашқындар да бірінен-бірі адасып қалды.

Ана белдің астында деген қыстауды Қайсар әлі таба алмай келеді. Улыкөл де жоқ, Қисық там да жоқ. Түн қараңғылығы қоюлана түсті. Қалай кетіп барады, бет алыстары қай жақ, оны екеуі де біле алмай келеді. Қайсар адасқанын сезінген сайын қысылып, қысылған сайын тақымын да қысыңқырап қоятын сияқты. Меңіреу дала бір дыбыс бермейді. Бір от жылт етпейді. Аспаннан да бір жұлдыз жылт етпей қойды.

- Аға, мен адастым.

- Ештеңе етпес. Таң атқанша бір елге кездесерміз. Енді қасқыр шоқағыңды қойып, сары аяңмен отырайық. Әйтпесе, жапан түзге шығып кетерміз... Мына торы ат сол жағына қарай ығыса береді. Осының еркіне жіберсек, бір ауылға апармас па екен?

Қосарлана шапқан ат дүбірі қақ жолға түскен соң тіпті айқындалып келеді.

- Ойбау, мынау ырсылдақ - қараның шабысы! Ол жетпей қоймайды. Иттің малы, алдынан келсең - тістеп, артынан  келсең - теуіп, жолатпап еді! Екі қолтығында екі тесігі бар... Ентігу дегенді білмейді! - деді Қайсар.

- Тесігі бар деген немене?

- Кәдуілгі дем алатын ше! Оны жұрттың бәрі біледі.

- Енді қайттық.

Тірі адамның жүзінде де екі-үш түрлі сезімнің белгілері бола береді екен-ай! Байғұс бала неден қорқып, неден қуанды екен? Аз күлімсіреген көзіндегі мұң елесі неден түсті екен? Өзімшіл көңіл «сен үшін қорықты, сен үшін қуанды» дегісі келеді. Ақын ойын аяқтатпай, Қайсар бөліп кетті.

- Аға, жырық қараны бауыздап жібердіңіз бе? - деді.

- Ә?..

Бала жігіттің батыл сұрағына Еркебұлан таңданып қалды.

- Жырық қараны деймін, бауыздап жібердіңіз ғой?

- Жоқ, алақанның қырымен ұрдым.

- Содан өліп кетті ме?

- Өлген жоқ, талып кетті... Бір минутқа жетпей есін жияды.

- Қап!..

- Неге, қап?

- Өліп кеткені жақсы болатын еді. Ол - талайды өлтірген жол тонаушы. Найзамен бір-ақ түйрейді екен. Бірақ енді ол ақсақ болып қалатын шығар... Тақымына от жабысқанын сезген жоқ. Сіңірі күйсе болды ғой!... (Ғ. Мүсірепов)

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Кейіпкерлер атының жүрісін, түр-түсін, мінезін білдіретін сөздермен сөз тіркестерін табыңыздар.

2. Алдыда болар қауіп-қатер, қиындықты жан-жануар, хайуанаттардың сезуі, белгі беруі жөнінде не білесіздер? Оны қалай атайды?

3. Сол жағына ығыса беру тіркесіне мағыналас сөздер мен сөз тіркестері қатарын толықтырыңдар (мысалы: ауыздығымен алысу, құлағын жымырайту т.б.).

4. Қарамен жазылған сөздердің мағынасын ашыңдар.

қасқыр шоқақ –

қыстау – қыста тұратын үй, мекен, тұрғылықты орын

тақым –

сары аяң –