Қоғамдық қатынастағы ұлттық тілдің мәні мен ерекшеліктері


Қазақтың рулық, халықтық дәстүр, әдетті берік ұстанған ортасы тілді де әр сөйлеуші, тұтынушының қоғамдағы орнына қарай ыңғайлай орнымен қолдануын талап еткен.

Жас ерекшелігіне қарай, ел - жұрт алдындағы беделі мен қызметіне, сіңірген еңбегіне қарай әркімнің айтар сөзі, сөз қолданар орны болады. Топ алдында елге арнала айтылар сөзді жасы үлкен ақсақал, қариялар, ел сыйлайтын азаматтар бастаған. Жасы кіші солардың рұқсатымен немесе сұрауымен ғана сөйлеген. Бұның бір жағы ортаны сыйлау, елді, үлкенді, дәстүрді құрметтеу болса, екінші жағы – тілдің тәрбиелеуші қоғамды қызметінің көрінісі.

Қоғамдық қатынастағы тілді іскерлік қатынаста және әлеуметтік - тұрмыстық қатынаста қолданылатын сөздер деп бөлуге болады. Тарихи қалыпта алар болсақ билер сөз жарысы, ел мен жер дауына қатысты сөздерді:

1) сөз қағысы;

2) пікірлесу;

3) сұхбаттасу,

4) мәміле;

5) келісім деп шартты түрде бөлуге болады. Бұл сөздер мен сөз қолданыстарының түрлерін қазіргі қазақ тіліндегі іскерлік қатынастағы сөздердің бастауы деуге негіз береді.

Қоғамдық қатынастағы сөздердің қолданылатын орнына қарай қалыптасқан тұрақты сөздері мен сөз тіркестері бар. Іскерлік қарым – қатынас пен әлеуметтік -тұрмыстық қарым-қатынастағы сөздердің едәуір ерекшеліктері бар.

Қазіргі қазақ тіліндегі іскерлік қарым-қатынастағы сөздерде дәлдік, нақтылық көбірек орын алып, суреттеу, көркемдеу бәсеңдеу тартса, әлеуметтік-тұрмыстық тілде сурет бояуы әлі де сақталған.

Әлеуметтік-тұрмыстық қатынастағы сөздерге негізінен отбасы, туған-туыс, ауыл-аймақ, ел ішіндегі ата-ана мен бала, туыстар, дос-құрбы, жора-жолдас, құда-жекжат арасындағы күнделікті, қарым-қатынас сөздері кіреді. Күнделікті тұрмыстағы сөздер түрлі жағдайларға қатысты қолданылатындықтан, қазақ тілінің көркем де суретті болуының бір шеті осы тұсқа келіп тіреледі.

Қазақ дәстүріндегі қалыптасқан әдет бойынша үлкендер ортасының өз сөйлеу әдебі болса, үлкендер мен жасы кішілер арасындағы сөйлеу қалпының өз мәдениеті бар. Сондай-ақ отбасының, туған-туыс, ел-жұрттың бір-біріне сөйлеу мәдениеті, тілдесу әдебі арқылы қазақ халқы жалпы ұлттық сөйлеу мәдениетін, қарым-қатынас мәдениетін жасаған.

20 - жаттығу. Сөздердің мағынасына назар аударыңыздар. Амандасудың әр түрі кімге қатысты екенін көрсетіңіздер.

1) Амансың (- сыз) ба –

2) Сәлеметсің (- сіз) бе –

3) Қайырлы күн (таң, түс, кеш) –

4) Ассалаумағалейкум –

5) Уағалеукумассалам –

6) Есенсің (- сіз) бе –

7) Мал-жан (- ыңыз) аман ба –

8) Денсаулығың (- ыңыз) қалай –

9) Қал қалай (-ыңыз) –

10) Сәлем –

11) Күйлі қуаттысыз ба?

21 - жаттығу. Сұрақтарға жауап беріңіздер. Өзара пікір қосыңыздар. Қорытып, берілген тақырыпқа әңгіме жазыңыздар.

Сәлем бере білеміз бе?

1) «Сөз анасы –сәлем» дегенді қалай түсінесіз?

2) Сәлем беру деген не? Екі адам кездессе, кім бірінші сәлем береді? Топқа қарсы келгенде кім бұрын сәлем беру керек?

3) Сәлемдесуді, ілтипат, ыстық көңілді қимылдармен қалай көрсетеді?

4) Сәлемдесу әдебін қалай жасаған жөн? Сәлемді қалай алған, қабылдаған дұрыс?

5) Ерін ұшымен амандасу, ауыз жыбырлата сәлемдесу дегенді тарата айтып, әдет тұрғысынан қалай бағалар едіңіз?

22 - жаттығу

Әдеп

Бір жұрттың бас әкімі екінші бір байға жолығысып сөйлесіп тұрғанда, қасынан бір жарлы кісі өтіп бара жатып иіліп, бас ұрып сәлем берді дейді, Оған қарсы әлгі үлкен әкім төре онан да төменірек бас ұрып сәлем алды. Қасындағы бай:

– Тақсыр, осынша жұрттың үстінен қараған әкімсіз, осы бір бейшараға неге сонша бас ұрасыз?– деп айтты дейді.

Сонда әкім:

– Ешбір ғылым-білім үйренбеген кісі сонша иіліп, әдептілігін көрсеткенде, менің оған әдепсіз болып көрінгенім лайықсыз болған болар еді,– депті (Ы. Алтынсарин).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Әңгімедегі тірек сөздер мен тақырып арасында қандай байланыс бар?

2. Әдеп деген сөзге түсінік беріңіздер. Әдеп пен этиканың арасындағы мағыналық бірлік қандай? Ұлттық әдеп үлгілеріндегі жастарға тән қандай шарттар бар?

3. Әдептіліктің адам біліміне, оқыған оқуына қатысы бар ма?

4. Сәлем беру, сәлем алудың қандай әдеп, ереже талаптары бар?

5. Сәлем беру мен сәлем алудың қандай өзгешеліктері бар?

6. Бас ұрып сәлем беру, бас иіп амандасу, қолын кеудесіне қойып сәлем беру, қол алысып сәлем беру, қол бұлғап сәлем беру аталған сәлем беру үлгілерінің кімдерге тән екендігін ашыңыздар. Ұлттық әдепке қатысы жағынан талдау жасаңыздар.

23-жаттығу

Тегімді менің сұрасаң...

(үзінді)

Тегімді менің сұрасаң,

Қалың Найман нуынан.

Жырымды менің сұрасаң,

Сары алтынның буынан.

Сырымды менің сұрасаң,

Тұманың тұнық суынан.

Кеудеме қайғы толған соң,

Тұнық жырмен жуынам.

Сорғалаған нөсердей

Жырын тыңда, Дулаттың.

Тасқын судай ағызып,

Торқалы тобыр тойында,

Топ бас қосқан ойында,

Қасқа - жайсаң алдында

Топ жиынды дулаттым.

...Парақор баспақ биіңді,

Ел бүлдіргіш бегіңді

Әперіп сөзбен кегіңді -

Улы тілмен улаттым.

...Ұйқы беріп, қайғы алған,

Қайғылыны уаттым.

Жырымды менің тыңдаған

Сөз ұғатын соңғы адам,

Тыңдаудан әсте тынбаған,

Гауһардай дүрі бұлдаған,

Сарқырап аққан жылғадан

Жыр арнасы суатпын (Д. Бабатайұлы).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Өлеңді мәнерлеп оқыңыздар.

2 .Өлеңді мәнерлеп оқуда қай тұстарға мән берілуі қажет? Төмендегі үлгімен талдау жасаңыздар.

2.1. Ритмикалық топтарды бөлектеу.

2.2. Бунақ екпіндерін жіктеу.

2.3. Сөз екпіндерін көрсету.

2.4. Акустика-артикуляциялық өзгерістерді анықтау.

2.5. Логикалық екпінді айқындау.

3. Кестені толтырыңыздар.

Ақын жыры

сыры

жыр айтатын орны

тыңдаушы-

лары

сынаушылары

өлеңдегі теңеу мен эпитеттер

 

 

 

 

 

 

24-жаттығу. Мәтіннің сөз қолдану ерекшелігіне талдау жасаңыздар. Автордың өз ойын нақтылайтын қандай дәлелдері мен деректері бар? Қ.Жұбановтың аталған мақаласын оқып, қазіргі күй жанрының пайда болуы жайындағы соңғы ғылыми деректермен толықтырып, «Қазақ күйі және әлемдік муызка өнері» деген тақырыпта эссе дайындаңыздар.

4. «Күйдің пайда болу тарихын зерттеу үшін, біздің ойымызша, мынадай материалдарды пайдалануымыз керек:

бірінші: біздің музыкамыз жайында түрлі мәдениетті елдердің жазып қалдырған тарихи деректері; екінші: халықтың музыкаға байланысты тарихи идеологиясы; үшінші: сол идеологияның бірі болған тіл материалдары. Тіл материалдары дейтініміз – түрліше музыка терминдері, бұлар мен басқа сөздердің мағынасының арасындағы байланыстар; төртінші: ең маңыздысы – музыканың өз материалдары, халық музыка шығармаларының, күйлердің өзінің ішкі құрылысын тексеру; бесінші: осы жоғарыда айтылған материалдарды топтағаннан кейін, қазақтың халық музыка шығармаларын басқа жұрттың шығармаларымен салыстырып, солармен арасындағы байланысын, бір-біріне жасаған ықпалын, бірі мен бірінің араласып айқасқанын тексеру.

Бұл арада біз бұл мәселеге тиісті материалдарды түгендеп өтем деген ойдан аулақпыз. Бұл қазіргі уақытты бір кісінің қолынан келмейтін жұмыс. Мұнда біз бұл материалдардың бірқатарын ғана ұсынып, сонымен келешекте зерттеушілерге, тиісті мамандарға жол ашпақпыз. Оның үстіне, тарих, тіл деректері жөнінен, өз мамандығымыз басқа елдердің халық музыкасы жайындағы тарихи деректерінен бастайық (Қ. Жұбанов «Қазақ музыкасында күй жанрының пайда болуы жайлы» мақаласынан үзінді).

25-жаттығу. Мақал-мәтелдер арқылы халық қандай мінездерді бейнелегенін үлгі бойынша жазыңдар.

Үлгі: Сөйлегенді үндемеген жеңеді (шыдамдылық, сабыр).

1. Иілген басты қылыш кеспес. 2. Көңілсіз жұмыс – өнімсіз. 3. Бал ұстаған бармағын жалар. 4. Мәуелі ағаш майысқақ. 5. Көпке жақын – көкке жақын. 6. Кіділік – ірілік емес. 7. Терең судың ағысы білінбес. 8. Ұра алмаған үлкен таяқ көтереді. 9. Талапты ерге нұр жауар. 10. Күш атасын танымас. 11. Ақылы жоқтың арманы жоқ. 12. Сөз тапқанға қолқа жоқ. 13. Ерінбеген етікші, ұялмаған әнші болады. 14. Көрмес – түйені де көрмес. 15. Кімнің тарысы піссе, соның тауығы.