Әлеуметтік –тұрмыстық қарым-қатынас тілі және әдеби тіл


Қазақ халқының тұрмыстық қарым-қатынастағы тілдесуі салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың шеңберінде таразыға түсіп тұрады.

Болашағын баласының адал, бақытты ғұмырымен ғана елестетіп, соны арман еткен халық ұрпағын туған күнінен бастап бесік жырымен әлдилеп жақсылық тілейді. Есейе келе баланың әр ісіне, қадамына қуанып, «Азамат бол!», «Көп жаса!», «Елдің алды бол!», «Өркенің өссін!», «Қадамыңа нұр бітсін!» , «Бағың жансын!», «Жұлдызың жоғары болсын!» т.б. мейірімге толы сөздерімен өсіреді.

Балаға айтылатын сөздердің өзі айтушының шамасына да байланысты. Үлкен апа, әпкелердің сағыныш, тілек, қошемет, сыйыну, табыну, тәубешілікпен айтатын сөздерін жас қыздар, бойжеткендер айту - әбестік. Ал қариялар айтар ақыл сөздер мен алғыс, ризалық, бата, тілекті жастар көп ауызға алмайды.

Әдеби тіл халықтың қоғамдық-әлеуметтік өміріне, саяси, шаруашылық жағдайына байланысты туып қалыптасады. Қоғамдық өзгерістерге қарай әдеби тілдің де жалпыхалықтық тілмен сабақтастығы үзілмейді.

Қазақ халқын құраған ру-тайпалардың, сондай-ақ кейінгі кезеңдердегі болсын қазақ қоғамындағы ауызекі сөйлеу тілінің лексикалық құрамын, грамматикалық құрылысын, фонетикалық жүйесін т.б. жай-күйін, сипатын, ерекшеліктерін анықтау, дәл баға беру мүмкін емес екені мәлім. Бірақ зерттеушілер ХІ-ХV ғасырларда жазылған ескерткіштер тілінің қазіргі қазақ тіліне құрылымы, жүйесі т.б. белгілері жағынан ұқсастығын, кейбіреулерінің 70-80 пайызға дейін ортақтықтарын дәлелдеді.

Ешбір әдеби тіл халықтың әлеуметтік-тұрмыстық тілінен бұрын пайда болған емес. Сондықтан да белгілі бір халықтың әдеби тілі өзінен бұрын өмір сүрген тілдердің жалғасы. Жалпыхалықтық тіл – әдеби тіл стильдерінің де басты белгілерін айқындаушы әрі айырмашылық нышандарының да көрсеткіші.

Әдеби тіл мен әдебиет тілін бір деп, бірінің орнына бірін қолдануға келмейді. Көркем әдебиет тілі әдеби тілдің бүкіл болмысын, сан алуан мүмкіндіктерін аша алмайды. Әдебиет тілі – бейнелі сөз қолданыс үлгісі. Әрине қазақ тілінің көркем, айшықты екенін еске алсақ, ұлттық тілде поэтикалық қолданыс үлгілері көп. Қысқа жанр түрлерінен бастап таңды таңға ұрып айтатын жырлар, ел мен елді бітістірер шешендер толғауы, дауды шешіп, басалқы айтып, барымта, қарымтаға жөн сілтеп, құн төлетіп, айып тартыратын, төрелігін ханға да, қараға да жүргізетін билер сөзінен публицистика мен көркем әдебиеттің де іскерлік қарым-қатынас стилінің де қатынас міндетін атқарған белгілерін табамыз.

Қазіргі қазақ тілінің стильдері нақтыланған, әдеби тіл нормасы жүйеленген тіл екенін ескерсек, әлеуметтік-тұрмыстық тіл – әдеби тілдің негізгі арнасы.

Бүгінгі тілде ауызекі тіл ресми тіл стилі, әдеби тіл стилі, ғылыми тіл стилі, публицистикалық стиль түрлері бар. Сөздің түрлі сипатта айтылып, қызмет аясының, қолданылу өрісінің кеңеюіне де бастау болатын сөздердің өзі – әлеуметтік-тұрмыстық қарым-қатынастағы сөздер. Осы сөздердің алғашқы мағынасы негізінде сөздер түрлі стильдік бояуымен құлпыра түседі.

Қоғамдық, саяси, шаруашылық, тұрмыстық өзгерістерге байланысты тілде де өзгерістер болып тұруы заңды. Сөздер көнереді, жаңа сөздер кіреді немесе тілдегі бар сөздер жаңа мағынаға ауысады. Әдеби тіл үнемі даму мен қозғалыста болады.

Әдеби тілдің өзі де – жалпы халықтық тілдің сұрыпталған түрі. Әрі жалпы халықтық тілдің бір құрамы ретінде өмір сүреді.

Ұлттық тіл өзі қызмет ететін халық тілінің қарым-қатынас құралы болатынын есепке алсақ, қазақ тілі де қазақтың қоғамдық өмірінде, саяси-шаруашылық тұрмыстық ісінде рухани байлығы ретінде де қызмет атқарады.

Қоғамның өзгеруіне қарай тілдің стильдерге тармақталуы тілдік нормаларды қалыптастырады, әрі әлеуметтік-тұрмыстық тілдің жаңаруына, дамуына негіз болады.

Тілдің басты қызметі – халықтың рухани құндылығы, қарым-қатынас құралы бола алуы. Ендеше әлеуметтік-тұрмыстық тіл - қазіргі қазақ тілінде барлық стильдің тұғыры болуымен мәнді. Таратып айтар болсақ, қазіргі қазақ тіліндегі стильдер белгісінің барлығы бар.

– Публицистикадағыдай белгілі бір тыңдаушысы бар, жұртты қыздырып, елітіп әкетер күші бар;

– іскерлік: қарсылас елдің дау-дамайына қарсы тұрар қуаты, қарсыласын тоқтата алар уәжді мүмкіндігі мол сөздер;

– көркем әдебиет: бейнелі сөздер мен құрылым сипаты бөлек (ұйқас, тармаққа бағынды).

Әдеби тіл қоғамдағы барлық сала үшін қолданыс қызметімен анықталса, ұлттық тілден де ауызекі сөз өнері әлеуметтік-тұрмыстық тілдің де барлық деңгейде өз ортасының қажетіне жарай алғанын көреміз.

Әлеуметтік-тұрмыстық тіл – әдеби тіл тірегі, ал әдеби тіл – әлеуметтік-тұрмыстық тіл белгілерін жинақтаушы.

26 – жаттығу. Екі мәтінді салыстырыңыздар:

а) Қайсысында мәлімет айтылған?

ә) Қай мәтіннен автор көңіл күйін білуге болады?

б) Стильге қатыстылығына қарай талдау жасаңыздар.

Ертең күн бұзылатын түрі бар. - Ертең ауа температурасы 10-12

Тегі күн бұлттанып, жаңбыр - градус жылы болады. Түстен кейін

жауатындай. Өзен жағасына барып - күн бұлттанып, жаңбыр жауады.

демалуды ойлап едік. Енді үйден

шыққым келмей қалды.

27-жаттығу. Кестені толтырыңыздар.

Ауызекі тіл

Публицистикалық

Ғылыми

Ресми іс қағаздары

 

 

 

 

Ғылыми журналға мақаласы, Президент жолдауы, түсіндірме жазба, досымен әңгіме, үйірмедегі баяндама, монография, қызметтік жазба, мәжілісхат, газеттегі мақала, отбасындағы әңгіме, жолдасына хат, нұсқау, реферат, сөздік, мақала (энциклопедиялық сөздіктегі), дебат, мерейтойдағы құттықтау, есеп, ұялы телефон арқылы туысқанымен сөйлесу, курстасымен реферат жазу туралы ақылдасу.

28-жаттығу.

1. Бір километрдей жүрген соң Мұхтар екеуміз Алматыдан оны-мұны алып қайтқан әйелдердің ортасында қалдық. Төрт-бес еркек поездан бізбен бірге түсіп еді, олар артына да қараған жоқ. Елағаң да қара үзіп кетті.

- Ішімізде бір-екі еркек қалғаны жақсы болды-ау... Қымсынбай, қорықпай осылай ақыре-ен жүріп отырып, үйге де жетіп қаламыз, – деді мосқалдау әйел даусы. Мұнысы «бізді тастап кете көрмеңдер» дегені ғой бізге.

Бұл қалжыңсыз дауыс еді. Мұхтар да солай түсініп:

– Иә, бізді «үй жолдас» деулеріңізге болады. Алматыдан бірге шықтық, поезда бірге келдік. Біздің баратын жеріміз де сіздің ауылдарыңыздың маңайы болар, - деді.

– Е, бәрекелді, көңілім жаңа орнықты ғой, – деді жаңағы әйел.

– Апа-ау, жол-жөнекей кездескенге сене берме деген сөз де бар емес пе? – деді екінші бір әйел даусы. – «Үй жолдастарымыздың» біреуі артына қараған жоқ қой!..

Бұл дер кезіндегі әйелдің дауысына ұқсайды. Қалжыңдаса кетуге де, айтыса кетуге де дайын, өзіне- өзі сенімді, бабындағы әйел даусы оны қостай кетті:

– Әзір елбесіп еріп келе жатырмыз ғой. Қай жерде бізді тастап озып жүре беретіндерін кім білсін...

– Озғымыз келсе мана озып кететін едік қой... Бірақ үй жолдас болған соң... – дей бергенімде бір аяғымды су толы жыраға тығып алып, аз-ақ ұшып түспедім.

– Ойбай, құлай көрмеңіз, – деді жаңағы әйел. Мені сүйей бергісі келгендей оң қолын соза беріп кейін тартып қалды.

– Пальтоңыздың етегі аяғыңызға орала бермегенде алдақашан озып кеткендей екенсіз, – деді тағы бір жастау әйел даусы. Мен бір ұпай ұтылғанымды мойындап, үндей алмай қалдым (Ғ.Мүсірепов).

2. Ақ орданың сыртындағы әйелдер жағы әруақ-құдайға сыйынып, сыбырласып қана сөйлеседі. Ал Серкебай ақиланып алса керек, ар-намысқа тиетін ауыр сөздер айтып айқайлап отыр. Қабылбек сонда қыбыр етпепті. Ләм деп тіс жармапты. Қабағын да қақпапты. Жаңабай жағы улап-шулап, намыс буып, кек қысып, орындарынан тұра – тұра ұмтыла бастаса, Қабылбек оларға тек қолымен белгі беріп, басып тастап отырады. Бірақ тіс жармайды. Аталас ағайын-туғаны бұған шыдамай, қаны қайнайды. Қабылбек тырп етпейді.

Оның бұл қылығына ыза болған сотқар Серкебай одан бетер одыраңдап, айтпағанды айтса керек. Ақырында атына қарғып мініп, он жігіті жанында, ауылына салып ұрып қайтып келіпті.

Серкебай кеткен соң, Жаңабай жағы жабылып, Қабылбекке наразылық айтып жатса керек:

Ойбай – ау, неге бізді бөгедіңіз?

– Ақ орданы басындырып қойғанымыз қалай?

– Әруақ! Әруақ! Әруақтың сай – сүйегін сырқыратып қайтіп тірі жүреміз, ойбай!

– Байзақ датқаның басынан ешкім асып көрмеген! Біз не боп барамыз!

– Әлгі әупілдеген төбетті қуып барып, қара қан құстырмасақ, жер басып тірі жүргеніміз құрысын!

– Аяғынан салбыратып ағашқа іліп қоймасақ, атымыз өшсін!

Аттанайық! Аттан! Аттан! Байзақ! Байзақ!

Дес бермей, елеуреп, өкпелері өрекпіп, өршеленіп алған ағайындарын Қабылбек бір-ақ сөзбен қайырып салып:

– Тоқтат! – деп ақырып қалған. – Опық жейтін сол Серкебайдың өзі болады әлі, – депті.

Ағайындары амал жоқ тыйылыпты.

Ал Серкебай әкесі Текебайдың алдына барып мақтанып тұрса керек: «Екі аяғын бір етікке тықтым Байзақ әулетінің. Қаһарлы Қабылбектің өзі жұмған аузын аша алмай қалды. Былай деп боқтадым, былай деп балағаттадым».Текебай сонда баласына:

– Ақымақ! – депті.

Серкебай үйден атып шығып, өз отауына барып, екі күн қатарынан нәр татпай, өкпелеп жатып алыпты.

Ал сайлауға дайындық қыз-қыз қайнап жатса керек.

Үшінші күн дегенде Серкебай әкесіне келіп, аяғына жығылады.

– Мені құдай сыйлады. Өзімнен жиырма жас үлкен Қабылбектің бетінен алып, тілім тиді. Ел көзіне қарайтын бет қалмады.

Текебай ат-шапан айыбын дайындап, жанына жиын ертіп, Қабылбектің ордасына өзі барған екен.

Жаңабай жағы: Текебай қол жиып соғысқалы келе жатыр екен деп қалса керек, өздері де сап түзеп, сақадай сай қарсы шығады.

Қабылбектің ордасына ат шаптырым қалғанда Текебай қасына Серкебайды алып, басқалардан оқ бойы озып шығып, әкелі-балалы екеуі Қабылбек жағына келе жатады.

Қабылбек те: «Е, мынау соғысатын жерді айт деп келе жатыр ғой» деп өзі жеке шығып, Текебайға тура тартады.

Сонда Текебай сонадайдан аттан түсіп, Қабылбектің қасына келіп:

– Менің күшігім саған қарап шәуілдесе керек, Қабылбек! Айыбын көтергелі келдім алдыңа. Кешіремісің, сірә! – депті.

Мына сөзден Қабылбектің қабырғасы сөгіліп, қалбалақтап атынан аунап түседі:

– О, текті би Текебай! Сенің балаңның айыбынан менің айыбым асып кетті білем. Аға болсаң да, сені мен аттан түспей тыңдаппын-ау. Сен кешіремісің мені? Бұл әдепсіздігім бүкіл әулетімізге таңба болатын болды ғой, ой әттеген-ай. Ат-шапан айып сенен емес, менен, ақсақал! – деп үстіндегі зерлі шекпенін шешіп Текебай иығына жауыпты.

Дүниеден Текебай би де, Қабылбек болыс та өтті. Ал олардың аттан – даулы -аламан – тасыр өміріндегі бір парасатты сәт әлгі сол екеуі де аттан түсіп, бір – бірінен кешірім сұраған кез екен (Б. Момышұлы ).

мосқалдау- егде жастағы адам

елбесу- бір – біріне көмектесу, қол ұшын беру.

текті – ата –бабалары елге сыйлы, халыққа қадірлі болған жандар ұрпағы зерлі

әшекей сән бұйымдарын жасауға пайдаланатын сары түстес қымбат металл.

Зерлі шекпен – зер жүргізілген шекпен

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Мәтіндерден сөйлеу тілінің ерекшеліктерін анықтаңыздар.

2. Әңгіме кейіпкерлерінің тілдесуінен ұлттық әдеп, мәдениеттің, әдеттің қандай үлгілерін байқадыңыздар? Бірінші үзінді Ғ. Мүсіреповтің «Қарлы жаңбыр астында» деп аталатын әңгімесінен алынған. Әңгімені толық оқып шығыңыздар.

3. Мәтінде аты аталған адамдар жайында не білесіздер?

3.1.Әрқайсысының өмірбаянын, қызметін қысқаша әңгімелеңіздер.

3.2. Қазақ әдебиеті мен өнерінде ерекше орны бар М. Әуезовтің, Ғ. Мүсіреповтің, Қ. Қуанышбаевтың, Е. Өмірзақовтың сөйлеу мәдениеті, өзара сөз қағысы, өзге адамдармен сөйлесу мәдениетін талдау жасаңыздар.

3.3. Адам бойындағы білім мен тәрбие, өнер мен талант және сөйлесу, тілдесу мәдениеті арасындағы сабақтастық туралы әңгіме кейіпкерлері мінез сипаттарына талдау жасай отырып, қандай қорытынды жасауға болады?

4. Б. Момышұлы «Ұшқан ұя» повесінен алынған үзінді кейіпкерлерінің сөйлеу мәдениеті, сөз қолдану мәдениетіне қарап, қандай мінездеме бер аласыздар?

4. Екі үзіндіні салыстырып, ауызекі тіл стилі мен әдеби стильдің байланысын ашыңыздар. Көркемдеу құралдарының атқарар қызметіне талдау жасаңыздар. Көркемдеу құралдары әдебиет тілі үшін ғана қажет пе? Жоқ, әлде, ауызекі тілде де қолдануға бола ма? Қолдансақ, қандай сипатта қолданылуы керек?

5. Қарамен жазылған сөздердің мағынасын ашыңдар. Синоним сөздермен ауыстырып жазыңдар.

6. Соңғы бөлек жазылған сөйлемнің мәнін ашыңдар.

6.1 Кешірім сұрау туралы не білесіздер. Күнделікті өмірде бір-бірімізден кешірім сұрай білеміз бе?

6.2. Кешірім сұрау мәдениетінің қандай талап, шарттары бар?

29-жаттығу.

Жазушы Ә. Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз» кітабында ақындар айтысындағы батыр Бауыржан Момышұлының тағы бір ерлігіне куә болғанын баяндайды.

Жазушы Қызылорда облысынан келген ақын қыз бен Шымкенттік ақынның айтысына елдің ынтызары қатты ауғанын айта келіп, халық назарын ерекше аударған қазақша киім киіп, үкілі домбыра ұстаған орыс қызы - ақын қыз Надежда Лушникова екенін жазады.

Айтыс аяқталған соң әркімге әртүрлі сыйлықтар беріледі. Орыс қызы Надежда Лушниковаға ер адамның «Маяк» қол сағатын тарту етеді.

Осы шақта залдағы алдыңғы қатардан:

– Жоқ, Надя алмайды, бұл сағатты,– деген біреудің саңқ еткен қаһарлы даусы шығады.

Бұл ұзын бойлы, әскери киімді батыр Бауыржан Момышұлы болатын.

Жазушы Бауыржан Момышұлының сөзін төмендегідей береді:

«Менің ана тілімде асыл сөздер ақтарып, жұрттың жүрегін тербеген мынау шүйкедей сары қыз ! – деді ол жұртқа Лушникованы нұсқап. Зал демін ішіне тартып, тына қалды: – Сенің тіліңді біліп, жай сөзіңді сөйлей беретін орыс, неміс, өзбек, чешен, қырғыз толып жатыр, – деді ол енді төрешіге қадалып.

– Бірақ сенің өнер тіліңді өз тілінен артық білетін осы Надядан басқа кімді көрдің, айтшы, кәне? Кешегі Мариям Жагорқызының жөні бір басқа. Дәл бүгінгі бас бәйге біздің тілімізде бұлбұлдай сайраған осынау кішкентай қызға берілуі тиіс!»

Бауыржан Момышұлы Н. Лушниковаға сағатты алдырмай, өзі дүкенге ертіп барып, таңдап жүріп «Лира» деген маркалы алтын сағатты сатып алып: «Надя, шеберлігің үшін. Б. Момышұлы 25.02.1964 ж. » деген жазуымен сыйға тартады. Надежда Лушниковаға Бауыржан Момышұлының сыйы деме, асыл өнеріңе берген қазақтың сыйлығы де, игілігіңе тақ деген тілек айтады.

Сұрақтар мен тапсырмалар.

1. Бауыржан Момышұлының өмірі мен қызметі туралы не білесіздер? Үзіндіні оқып, халық батыры, жазушы Б.Момышұлын өзгелерден бөлектейтін сөйлеу стиліне талдау жасаңыздар.

2. Қазақ тілін өз ана тіліндей білетін, құрмет тұтатын Н. Лушникова сияқты басқа ұлт өкілдерінен кімдерді атай аласыздар?

3. «Тілімді менің құрмет тұтқан – бір тілекті туысқандар» тақырыбында эссе жазыңыздар.

30-жаттығу.

1. Жетішатыр – жақсы қала. Қаптап жатқан қазақ. Жазы-қысы – қымыз, ойын- сауық –«кататься». Айт, той, құдалық, ат жарыс, күрес. Маскүнем. Төбелес. Үй қыдырған көлең-көлең ақ жаулық... Жаз шықса пароход, паром, желқайық, жасыл арал, қалың орман... Көкке шыққан, гуләйт соққан, масайраған шат көңіл... Сырнай- керней... Қызық думан... Қайткенмен сергек қала.

Степендиядан жырмалаған азды-көпті тиынның қызығын көргелі адам сияқтанып отыз тиынға бержабай жалдап, жексенбі күні ар жаққа тарттық.

2. Ұшатын құстай қымтанып, қомданып алды. Отырғандар аузын ашып аңырды. Әнші жіберді. Бір – бір ауыздан ән салды. Аз да болса бірегей болды.

Сүмірейте, қылмита соқты: желдете, құтырта соқты. Лебізі құлаққа жағып кетті, жүректі тербетті, тамырды желпіндірді, бойды шымырлатты.

– Ойт, шіркін!.. Па, сабазым-ай!

– Ой, пәле-ай!

Мидай жазық құла түзде ішің пысып келе жатқанда, көзіңе сұлу орман, сәулетті тау көрінсе: көріктен, оттан айырылған, қабағынан қар жауған қариялардың ортасында, кенеттен атқан таңдай сұлу сәулем қыз көрінсе: қараңғы түнде ел таба алмай сандалап келе жатқанда, аяғыңның астынан қиуадан от жылт етіп көрінсе, қандай қуанып, кенелеп қаласың. Жапа-тармағай жым болып томсарып, тоң-торыс отырған жандарға әншінің әні де сондай әсер берді. Көңіл бір жадырап шайдай ашылды. Әттең, ауыздың дәмін ала алмай, құмарымыз қана алмай қалдық (Ж.Аймауытов).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Әңгіменің тілдік өзгешелігіне талдау жасаңыздар.

1.1. Сөйлемдегі сөздер құрылымы: сөздердің саны мен лексикалық мағынасы, морфологиялық құрамы.

1.2. Жетішатыр қаласы туралы айтылған алғашқы бөліктегі әңгімелеуші эмоциясы: сөздер қолданысы, сөйлем құрылымы.

1.3. Көп нүктенің қойылу мәні.

1.4. Жазушының «кататься», «гуләйт» сөздерін қолдануының мәні.

2. Кейінгі әншінің ән айтуын суреттейтін бөліктің тілдік ерекшеліктері.

2.1. Етістіктердің қолдану.

2.2. Етістіктердің грамматикалық құрамы.

2.3. Әншінің ән айту кезіндегі қимылдары.

2.4. Тыңдаушы әсерін білдіретін сөздердің лексика-гармматикалық, фонетикалық сипаттары.

3. Ж.Аймауытовтың «Әнші» әңгімесінен алынған үзінді. Әңгімедегі Әмірқан әншінің прототипі қазақтың күміс көмей әншісі, әлемді үнімен таңдандырған Әміре Қашаубаев туралы деректер жинаңыздар. Әнші өмірі мен өнері жайынан «Әнші Әміре» тақырыбында әңгіме жазыңыздар.