Қайталау


31-жаттығу. Көне түркі тіліндегі мақал-мәтелдерді қазіргі қазақ тіліндегі аудармасымен көшіріп жазыңыздар. Қарамен жазылған сөздерге лексикалық, морфологиялық талдау жасаңыздар.

1. Ағылда оғлақ туғса, - Қорада лақ туса,

Арыңда оты өнер. - Арықта от өнер.

2. Андық болса - Анду болса,

Ат өлмес. - Ат өлмес.

3. Ай толун болса, - Ай толы болса,

Елігін імлемес. - Қолмен көрсетпес болар.

4. Күзегү үзун болса, - Көсеу ұзын болса,

Елік күймес. - Қол күймес

5. Ач не иемес, - Аш не жемес,

Тоқ не темес. - Тоқ не демес.

6.Оғлан ышы ыш болмас, - Баланың ісі іс болмас,

Оғлақ мүңүзі сап болмас. - Лақ мүйізі сап болмас.

7. Арпасыз ат ашумас, - Арпасыз – ат жол алмас,

Арқасыз алп черік сыйум. - Арқаусыз – алып жау алмас.

32 –жаттығу. Оқып, ортақ мағына бірлігін көрсетіңіздер.

1. Қырғыздар. Этнографиялық очерк

...Қазақ – қызу қанды жан. Оның рухына жайсаңдық, ізгілік тән, ол ылғи да жайдары жүреді, жалпы сергек әрі еліктегіш келеді, алайда « жүйкесі» көнбіс, ашушаңдыққа бара бермейді. Оның қызу қанды болуының себебі бәлкім, көшпелілердің өмір салтынан да болса керек. Қозғалысы шапшаң, үнемі ат үстінде жүруі қан айналымы мен зат алмасуына қолайлы болуы тиіс; бұған қоса дала тұрғындары дене қызуының жиі алмасуы, олар жұтатын таза ауа да; шөлейтте жол шеккенде сусынды көп ішпеуі, діни жоралғыларға байланысты тағамдар таңдауы, асқазан және ішек жолы қызметін жақсартуға жәрдемдеседі, бұлардың оның рух күшін сақтауға маңызды ықпалы бар; ақыр соңында, арақпен, апиынмен және темекімен жүйкесін жұқартуға әдеттенбеудің де біраз пайдасы бар.

Жүйке салауаттылығы адамның иманды, өнегелік бейнесінен де жақсы көрінеді. Жаны жайсаң адам өзгелерге де іш тартады. Қазақ ниетімен ақкөңіл; ол сондай-ақ қастерлі қасиеттерге адал, басқаның қайғы-күйінген кезде салауатты және төзімді. Қатігездік пен кекшілдік қазақтар арасында кездеспейді десе де болады... Басқа да көшпенді халықтар сияқты олар меймандостықты ерекше қасиет тұтады, мұның өзі риясыз көмек көрсетуден байқалады... Ажалмен бетпе-бет келген қазақ ешқашан абыржып абдырамайды. Ұрыста және шабуыл кезіндегі көнгіштігі де қайран қаларлықтай. Ол мейлінше тату-тәтті өмір сүруді қалайды, қыңырлығы аз. Кек сақтамайды, тіпті, өздігінен қиян-кескі ұрыс салуға да әдеттенбеген (Н. Зеланд).

Н. Зеланд Петербург медицина академиясын бітірген. 1859 жылдан 1896 жылдар арасында Қазақстанның түрлі аймақтарында қызметте болған. Н. Л. Зеланд медицина, антропологиядан бірнеше еңбектер жазған. «Қырғыздар» деген еңбегі 1885 жылы Омбыда басылған.

2. Сібір жазбалары

... Мен өзім қазақ арасында тұрып, мынаған көзім әбден жетті: оларда анархия емес, қайта тек өзіндік, біздегі мәдени қатынастардан айрықша, алайда өзінше қалыпқа түскен мәдени қатынастар үстем болып отыр...

Қазақтардың өткен жүз жылдығы тарихынан бізге мәлім болып отырғандай, егер де ол шеткіз-шексіз далада соншалықты тентіреп көше берген, соншалықты ұрыстар мен шапқыншылықты басынан өткірген болса, онда кез келген отырықшы тайпа баяғыда-ақ қырылып жойылып кеткен болар еді; ал, керісінше, көшпенділер үшін бұл бақытты кезең болды, өйткені нақ осы жағдайларда қазақтардың байлығы тасып, ықпалы артқан еді.

Кең-байтақ далада өмір сүрген қазақтардың тілі жағынан тұтас бірлікте болып, Каспий теңізі мен Жоғарғы Ертіс қазақтары тіліндегі диаллектілік айырмашылық онша-мұнша аңғарылмайтынына қарамастан, барлық жерде де олардың салт- дәстүрлерінің, әдет-ғұрыптарының, тұрмысының, мінез-құлқының бірдей болуының аңғарылуыңа қарамастан, барлық уақытта да олардың басқа түркі тектес халықтарының елеулі айырмашылығы бар...

Дүйім халық жиналған барлық көпшілік той-думандарда әдетте ақындар қатысушыларды тарихи жырлармен, сондай-ақ ақындар сайыстарында және мадақтау өлеңдерін орындау кезінде өздерінің суырып салма өнерлерін орындау кезінде өздерінің суырып салма өнерімен еліктіреді. Ақындар мейлінше көп. Оларды барлық жерлерде қуана қарсы алады. Қазақтар тамаша шешен сөйлеп, әңгіме айтуды ұнатады, күлдіргі әзілді жиі айтады. Олардың әңгімелері әзілге, сықаққа толы келеді. Сондықтан да қазақтарда аса бай халық поэзиясының болуына еш таңдануға болмайды.

... Өз көршілестеріне қарағанда қазақтардың арасында шешендік өнер дамыған.... Қазақтың әр сөзді ойнақы ететіні соншалық, ол өлең сөзде ұзын сонар суырып салма шешендік өнерін танытып қана қоймайды, сонымен бірге оның әдеттегі тілі, сөздер мен тіркестер құрылымында белгілі бір әуен-ырғақпен ерекшеленеді, сөз төркіні айқын да дәлме-дәл мағына береді, демек қазақтарды Батыс Азияның француздары деп атауға толық негіз бар. Менің жазғанымдай, нақ осы халықтың өте-мөте бай халық әдебиеті пайда болғанына еш таңдануға болмайды.... (В. Радлов)

В. Радлов түркі тілдес халықтардың соның ішінде қазақ халқының тілін, этнографиясын, әдет-ғұрып, әдебиетін зерттеуші. Орхон-Енисей ескерткіштері туралы құнды еңбектер жазған. «Құтты білікке» тұңғыш ғылыми талдау жасаған.

Сұрақтар мен тапсырмалар.

1. Мәтінді төмендегі тезис бойынша әңгімелеңдер:

а) қазақ халқының өмір сүру ортасы (қоғамдық құрылымы)

ә) өмір салты, тұрмысы;

б) денсаулығы;

в) жүйке салуаттылығы;

г) мінезі;

д) әдет-ғұрпы;

ж) өнері;

з) тілі.

2. Тезистің әр бөлігін тілмен байланыстырыңыздар.

2.1. Тілдің қоғамдық орны: басқару құралы ретіндегі рөлі.

2.2. Қазақ тілінің демократиялық сипаты: «дат» сөзінің тілдік ерекшеліктері мен мағынасы. («дат» деп бастап, хан алдында қарашаға дейін ыза, кек, мұң, қайғы, реніш, өкпе т.б. барлығын да айтуына мүмкіндігінің болуы).

2.3. Кең дала, бостандық тілдің, ойдың еркіндігіне, көркемдігіне жағдай жасады.

2.4. Ұлттық дәстүрдегі ойын мен жырға, сөз сайысына ерекше мән беру және тіл өнерінің дамуы.

2.5. Жүйке сауаттылығы, денсаулығының мықтылығы және сөз өнері.

2.6. Ашық мінез, жайдары көңіл және тіл мәдениеті.

33-жаттығу. Төменде Оралхан Бөкеевтің «Айпара ана» атты аңызынан үзінді берілген.

Айпара –ана ұлының бетінен сүйген жоқ. Кең бітімді маңдайынан бір иіскеді де:

Ал, балам, жортқанда жолың болсын, жолдасың қыдыр болсын, екі баланы тірі алып қайта алмасаң өлтіріп кет, – деді. Жандос үнсіз басын изеді. Сосын жүз қадамдай артына қайырылмастан атын жетелеп жөнеле берді де, жалт бұрылып:

– Хош! – деді Айпара- ана. Айпара-ана құбылаға бетін бұрды да:

– О, алла тағала! Менің күнәкарларға жападан-жалғыз аттанған ұлыма рахманың түсіп, жортқанда жолын қыла көр. Білемін, бұл пәниде ешкім қалған ба. Мен де өлемін. Сен қаласың тек, сен қаласың... Сонда бізден тараған ұрпаққа басына қайғы- қасірет түсіп, одан құтылар шамасы сарқылып отырған шағында, құдыретіңе басын игіз де, тәубесін есіне түсір. Тәубесін есіне түсіргенің – тас жұтатын тәуекелшіл, әрі өз тағдырын өзгеге қолжаулық қылып, рәсуәләтпайтын өр, кекшіл қылғайсың. Егер менің халқым қай пайғамбардың үмбетіне бағынарын білмей тығырыққа тірелсе, егер менің халқым жер ортасы көктөбеде қаңырап қалса... тезге салатын да өзіңсің...

Уа, жаратушы жақсы ием, ұлым ғазиз істің жолында шейіт болса, арман не, елімді сойқан соғыстан, дұшпанға таба қылар жаманаттан аулақ қыла гөр. Көз жасын көр қазақтың, әумин!»

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Айпара-ананың адам өмірі, тіршілік жайындағы ойлары қандай дағдылы сөздер мен дағдылы тіркестер арқылы берілген?

2. Қарамен жазылған сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасын ашыңыздар.

3. Халықтық таным, ұлттық қасиетті танытар қандай ерекшеліктер байқадыңыздар.

4. Этнографизмдерге талдау жасаңыздар: таным-сенімді білдіретін және әрекет пен қимылға қатыстыларды бөліп жазыңыздар.

34- жаттығу. Тілек, алғыс сөздерін жазып қайсысын кімдер қандай кезде айтылатынын анықтаңыздар.

1. Бауы берік болсын!

2. Шаңырағы биік, босағасы берік болсын!

3. Қадамы құтты болсын!

4. Бағы жансын!

5. Айы оңынан тусын!

6. Алла разы болсын!

7. Тәңір жарылқасын!

8. Мерейі үстем болсын!

9. Мұратына жетсін!

10. Екі дүниенің қызығын көрсін!

11. Көсегің көгерсін!

12. Нұр жаусын!

13. Өркені өссін!

14. Бақытты болсын!

15. Періштелер жебесін!

16. Қатарының алды болсын!

17. Жұлдызы жансын!

18. Жұлдызы жоғары болсын!

19. Уайымы тамақ болсын.

20. Бақ – дәулет кетпесін!

35-жаттығу.

Ертеңінде Әйгерім Абайдың қасына еріп, бата оқырдың асын алып, Зылиқаны өзіне қосшы етті. Тәкежан үйіне тақай бергеннен бастап, жіңішке, нәзік үнімен өлеңдете, жылап келді. Қаралы үй тағы да кешегідей жылаулы жандарға толы еді. Тағы да әуелі үй ішіндегі әйелдің бәрі жылап тоқтаған соң, Қаражан өз жоқтауын айта бастағанда, соның төменгі жағында отырған Әйгерім, үлкендерге жүзін толық көрсетпей, қырындау отырып, екі мықынын таянып ап, нәзік, зарлы үн созды. Бұның үні шығысымен, Құнанбай бастаған үлкендер аса бір ден қойып, зор ілтипатпен тыңдады. Мұқұлбайдың артына белгі тастамай, көк балдырғандай арманға кеткен жайларын, Әйгерімнің ендігі қосып алған қаралы әні егілте сездіреді. Сай - сүйекті шымырлатып, барлық көзден жас ағыза тебірентіп еді. Үй іші алғашқы жылаудан тоқырап қалса, Әйгерімнің ақын мұңынан қайтадан тегіс босап, жылап кетті. Ұлжанның өзі де үн салып қоя берді.

– Қалқам-ай, құлыным-ай, арманда кеткен қошақаным-ай! – деп, еңіреп жіберді. Еркектің де көбі үнсіз жастарын ірке алмай, еміреніп отыр. Әйгерімнің зарынан бір Мұқалбай дерті емес, тағы да Әйгерім мен өзіне мәлім сансыз өмір шерлерін еске алып, Абай да жылап жіберді (М.Әуезов).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Этнографизмдерді топтап жазыңыздар.

2. Құрамына қарай: жеке сөздерден және сөз тіркесінен жасалғандар.

3. Этнографизмдердің мағыналық сипаттары: таныммен байланысы, дәстүрге қатыстылары.

4. Этнографизмдер мен ым-ишара, қозғалыс.

36-жаттығу.

Бөрілі менің байрағым

Бөрілі байрақ астында

Бөгеліп көрген жан емен.

Бөрідей жортып кеткенде,

Бөлініп қалған жан емен.

Бөрілі найза ұстаса,

Түйремей кеткен жан емен,

Бөрілі байрақ құласа,

Күйремей кеткен жан емен.

Жау тисе жапан далада,

Бөрілі найза атамыз,

Қарасайлап шабамыз.

Қызыл қанға батамыз,

Бөрілі байрақ астында

Ту түсіріп жау алған,

Қазыбек, Қастек атамыз.

Бөрілі байрақ көтерсе,

Жоқты жонып табамыз.

Бөрілі байрақ астында,

Ту түсіріп, жау алған,

Шапырашты батыр бабамыз.

Бөрі басы – ұраным,

Бөрілі менің байрағым.

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым (С. Аронұлы).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Өлеңді мәнерлеп оқыңыздар.

2 .Өлеңді мәнерлеп оқуда қай тұстарға мән берілуі қажет? Төмендегі үлгімен талдау жасаңыздар.

2.1. Ритмикалық топтарды бөлектеу.

2.2. Бунақ екпіндерін жіктеу.

2.3. Сөз екпіндерін көрсету.

2.4. Акустика-артикуляциялық өзгерістерді анықтау.

2.5. Логикалық екпінді айқындау.