Ауызекі сөйлеу тілінің ерекшеліктері


Қоғамдағы қарым-қатынас ауызша сөйлеу немесе жазбаша тілдесу арқылы жүреді.

Ауызша сөйлеудің де, жазбаша тілдің де түп негізі – ұлттың ғасырлар бойы жасаған, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп, жылдар сыннан өткізген жалпыхалықтық тілі.

Қазақ халқының ұлттық дағды-дәстүрімен біте қайнасқан, елдің тарих, шаруашылық, мәдени, әдеби құндылықтарын жарқырата көрсететін – ауызша сөйлеу тілі.

Ауызша сөйлеу тілі күнделікті тұрмыста қолданылатын, бетпе-бет көріп отырған екі немесе одан да көп адамдардың бірімен сөйлесуі, пікір алысуы. Бұны ауызекі сөйлеу тілі стилі қарастырады. Оның басты ерекшелігінің өзі-өзара сөйлесу кезінде адамдардың пікірі ғана емес, мінез-құлқы, ой-өрісі, сөйлесе білу, тілдесе алу мәдениет, әдебін де көрсететіндігінде.

Әдептіліктің басы сөйлесу, тілдесуден-ақ аңғарылады. Ұлттық дәстүр, мәдениетті бойға сіңірген жанның халықтық сөйлеу әдебін үйренуі, білуі шарт.

Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесін бір отбасына теліп қоймай, ауыл, ел, ру болып қолға алған. Бір ауыл, ел, рудан өрескел іс істеген, әдепсіздік көрсеткен адам табылса, ел болып түзеген.

Пікір алысу, сөйлесу кезінде адамның қимыл-қозғалысы, бет-әлпет өзгерісі де оның жан дүниесін, ішкі ойын білдіріп отырады. Дауыс ырғағы, сөзді орынды қолдану, екпін, кідіріс сияқты қосымша белгілер де сөйлеушінің пікір білдіріп қоймай, мәдениетін, тәрбиесін көрсетеді. Орынсыз дауыс көтеру, даурыға сөйлеу, жөнсіз айғайлау, дауысын құбылту, бет-пішінін өзгерту, сөйлесіп тұрған адамды соңына дейін тыңдамау, сөзді бұзып сөйлеу, сөйлемді бұзып айту, дөрекі сөздерді қолдану – тәрбиесіздік, әдепсіздік белгісі.

Мәдениетті, тәрбиелі адам ойын еркін жеткізуді мұрат етіп, тілдегі сөздік қорды барынша мол пайдаланып, орнымен жұмсап, ойды жүйелі, нақты, сабырмен айтуды дағдыға айналдырады. Ауызекі сөйлесудің басты шарты – сөйлесушіні тыңдай білу, пікірін, ойын дұрыс түсіну.

Ауызекі сөйлеу тілінің өзіндік стильдік ерекшеліктері бар.

– Сөйлеу тілі қарапайым қарым-қатынас жасау кезінде айтылады;

– көбіне-көп алдын-ала дайындықсыз өтеді;

– сөздердің, сөйлемдердің қалыптасқан қалпы өзгеріске түзеді;

– одағай, қыстырма, қаратпа сөздер көп қолданылады;

– дауыс ырғағы, бет-пішін, қол қимылдары қосымша қызмет атқарады.

Сөйлеу

ауызша - жазбаша

дыбыстар - әріптер

екпін, интонация - тыныс белгілері

* * * *

ым-ишара - шрифті бөлу

қимыл-қозғалыс - тарау, бөлім

көзқарас - параграф

айтамыз-естиміз - жазамыз-оқимыз

Сөйлеудің ауызша және жазбаша түрлері

Ауызекі сөйлеу

Жазбаша сөйлеу

37-жаттығу. Сұрақтарға мақал-мәтелдермен жауап беріңіздер.

1. Бір елі ауызға неше елі қақпақ керек?

2. Қызым саған айтам. Бұны кім тыңдасын?

3. Қызымның құлағына қандай сырға?

4. Кімнің алдында аузыңды тыйған дұрыс?

5. Піл көтермегенді не көтереді?

6. Қандай сөзден мән шықпайды?

7. Қандай ауыздан кесапатты сөз шығады?

8. Ойнап сөйлесең де, қалай сөйлеген жөн?

9. Аңдамай сөйлеген қайтеді?

10. Әншейінде ауыз жаппаған, той дегенде не таба алмайды?

38-жаттығу.

Қазақ әйелдері сөз мәдениетін, сөз әдебін ел дәстүр, дағдысын сақтаушылар ғана емес, қазақ ұғым, танымындағы сөз иесі, сөз киесі дегенді қадірлеп ұстап, баптаушылар да. Оған дәлел қазақ тілінде – табу мен эвфемизмдер.

Табу, эвфемизмдерді қолданатын әйелдер болса, екінші жағынан ауызекі тілді көркемдеуші, бейнелеуші де – солар.

Қазақ халқының тұрмысында табу төмендегідей жағдайларда қолданылған.

1) Келін қайын жұртының (қайын жұрты – күйеуінің елі, туыстары немесе ер адамға әйелінің туған-туыстары, ауылы) адамдарын өз атымен атамай, әрқайсысына өзі ат қоятын болған. Оны ат тергеу дейді. Ат тергеу жақындығына, жасына, жолына қарай қойылады. Мысалы:қайын сіңлілерін (күйеуінің қарындастары) «Шырайлым», «Еркем», «Тотым» т.б. десе, қайындарын (күйеуінің інілері) «Төре жігіт», Сұлу жігіт», Сылқым жігіт», «Мырза», «Шырақ» деп атаған. Қайын ағаларының, қайын апаларының аттарын бейнелеп, өзгертіп немесе қасиет, мінез, сипат ерекшеліктерімен жұмбақтап атаған. Мысалы: «Ұзын қайын аға», «Үндемес апай» т.б.

2) Қазақ тіліндегі табу сөздердің тағы бір саласы табиғаттың, аңдар мен қауіпті жәндіктердің, жазылмайтын аурулардың аттарын екінші бір сөздермен жұмсарта алмастыру арқылы қолданған. Мысалы: найзағайды жасын, қасқырды атыжаман, ұлыма, қарақұлақ, жыланды ұзын деп атаған. Халық қасқыр деп тура атаса, атын атап шақырып аламыз деп астарлы сөзбен айтқан.

Табу сөздер – халықтың әдет-ғұрпын, салтын, тұрмысын ашатын сөздер.

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Мәтінге жоспар құрыңыздар.

2. Өздерің оқыған көркем әдебиеттерден табу сөздер теріп жазыңыздар.

3. Кестеге ат қойыңыздар.

Жасы кішілерге қойылатын аттар

Түр-түс, кәсібіне қарай

Кісі атының сыңарындағы сөздерді ауыстыруы

«Шырайлым», «Еркем», «Қаракөз», «Бикеш», «Ортаншым», «Кенже», «Мырза», «Төре» т.б.

«Бадырақ», «Семіз», «Ақын аға», «Жыршы ата», «Шешен қайнаға», «Ұста қайным» т.б.

Ақ - «шаңқан», қара - «баран», сары - «шикіл», алты - «бестен бірі артық», пышақ - «жаныма» т.б.

39-жаттығу. Мәнерлеп оқыңыздар.

1. – Иә, біздің ауылдың кісілері! Ахкем үйінде қонақ болдың, ішер асыңды іштің (Ахкем деп ол қайнағасы Тәкежанды айтатын). Енді қайтыңдар. Малдарыңа, шаруаңа жөнел, түге! – деді (М. Әуезов).

2. Осындай мінезін бар жұртқа қолданғанмен, Мәнікенің тісі батпайтын бір ғана кісі бар. Ол – Абай. Қайны болса бір сәрі еді. Өзі қайнаға, оны және Мәніке амалсыз кішілік жолы, келіндікпен «Әйнеке» деп атайтын (М. Әуезов).

3. – Кенженің өзі де көзі тірісінде, туысқан ішінде бір Шыраққа табынып кетті ғой. Марқұм, сол кезде-ақ қойны-қонышына жинағаны өңшең Шырақтың таратпасы болды ғой (М. Әуезов).

4. Кейде Абайды «Мәніке келіні осылай кекеп отыр» дегенді естігенде Әйгерім сыңғырлай күліп қалатын. Ол үшін ұялғандай, қып-қызыл болып отырып, бұ да бір күні өзінің сыпайы, шебер мысқалын айтқан:

– Бір Әжекеңе, – деп Ырғызбай деген атасының атын атай алмай, – екі бірдей кемеңгер қайдан ғана сыя алсын-ау! Абай білгіш болса, біздің Мәніке келін одан да озған. Бір қазанға екі дойдыр қошқардың басы сыймай жатқаны сол емес пе? (М. Әуезов)

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Ауыспалы мағынадағы сөздерді табыңыздар.

2. Табу деген не? Мәтіндегі табу сөздерді жазыңыздар.

3. Мәтіндегі кейіпкерлерді атап, жалғастыра әңгімелеңіздер.

40-жаттығу.

Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін. Мәселен, Мұрат, Болат, Ербол, Бақыт деген аттарды алып қараңдаршы. Айтуға да ықшам, естір құлаққа да жағымды. Әрі мағына жағынан да, қазақ тілінен сабақ беретін Майқанова тәтейше айтқанда, бұлар – жоғары идеялы есімдер. Мұндайлар өз атын кәдімгідей мақтаныш көріп, біреумен таныса қалса, мәнерлеп, көтеріңкі дауыспен айтады. Ал енді айтуға да, естуге де қолайсыз есімдер бар. Өзге түгіл өзіңе де ұнамайды-ақ. Әттең қолдан келсе, табанда өзгертіп, әдемі аттардың бірін иемденіп алар едің. Бірақ амалың нешік, сен қызылшақа болып, жөргекте жатқанда, сондағы ақымақтығынды пайдаланып, әке-шешең немесе шілдеханаға келіп, дуылдап отырған басқа біреу солай атап жіберген...

Менің атым – Қожа. Көріп отырсындар, пәлендей әйдік ат емес.

Шынын айтсам, бұл о баста Қожа емес, Қожаберген екен. Туу куәлігімнің өзінде солай деп жазылған. Бірақ дүниеде не қилы ғажайып құбылыстар бола беретін тәрізді, бертін келе «Қожабергеннің» құйрығы үзіліп түсіп қалыпты. Бұл құбылыстың дәл қай жылы, қай айда, қай күні болғанын тап басып ешкім де айтып бере алмайды.

Сонымен, мен өзім ес білгелі Қожамын. Ауыл-аймақтың бәрі солай деп атайды.

Біз бір класта екі Қожа бармыз. Сүттібайдың үлкен баласының аты да – Қожа. Оқушылар екеумізді шатастырып алмас үшін өңімізге қарап, мені Қара Қожа, оны Сары Қожа деп атайды.

Әуел баста мен бұған да шамданып қалатын едім. Бірақ жүре-бара құлағым үйреніп, дағдыланып кеттім. «Қара Қожа» дегендерге «әу» деп, жалт қарайтын болдым.

Жантас тәрізді қылжақтар осының өзін де дұрыс айтпайды, әдейі бұзып, келемеждеп, «Қара Қожа» деудің орнына «Қара көже» дейді. Мен байқамай қалып «әу!» деймін. Бірақ бұл қылығы үшін, бишараның обалы нешік, тиісті сыбағасын менен талай рет алды (Б. Соқпақбаев).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Қожаның адам аттары, ат қою туралы ойы мен ұлттық ат қою дәстүрінде сабақтастық бар ма?

2. Жаңа туған нәрестеге ат қоюға қандай халық дәстүрлері бар? Сол ғұрыпқа қатысты сөздер мен сөз орамдарын жазыңыздар.

3. Ат қоюдағы Қожа айтқан «әділетсіздіктер» туралы не айтасыздар?

4. Өз аттарыңыз, оның беретін мән-мағынасы туралыбілесіздер ме? Өздеріңізге қандай атты лайық деп есептейсіздер..

5. Сөйлеу, әңгімелеу тілінің көркем әдебиеттегі қолданысының қандай ерекшеліктері бар?

6. Үлкендер сөйлеу тілінен балалар тілінің өзгешелігі қандай?

41-жаттығу. Мәтіннің сөйлеу ырғағын келтіріп оқыңыздар. Қарамен жазылған сөздерге лексика-грамматикалық талдау жасаңыздар

1) – Ассалаумағалейкум! – деймін қашаға мінген күйі айқайлап.

– Әлексалам, молда бол балам, а-а-а,- дейді. «А-а-а» демекші, Тоқа шал не өзі әңгіме айтып отырып, немесе өзгені тыңдап отырып өз-өзінен «а-а-а» деп мұрнын тартатын. Мұрнын тартатын себебі, бала кезден бергі әдет аурудан жаман қалмай келеді екен. Шал болған шағында мұрнын тартқаны біздерге ерсілеу көрінетін, амалы не үйреніс қой... үйреніс...

– Ата, бүгін қорықшылыққа бармадыңыз ба?

– Баламды жібердім, а-а-а. Сен не ғып тауықша қашаға қонақтап отырсың. Қораның тезегін неге тазаламайсың, әлде сіздің үйдің сиыры бітеу ме еді.

– Жоқ, ақсақал, қайта сізден сұрайын деп едім. Қашан көрсек те жылы қораңыздың көңі бұрқырап, үнемі бір құп-құрғақ болып жатады. Біздің қораны қарасаңдар асты көк тайғақ, үсті-басы саталақ-саталақ қылып сар жамбас болып жүргені. Немене, ата, сиырларыңызды қораға қамар алдында балаша тосып аласыз-ау деймін.

Тоқа мәз болып күледі:

– Оның әдісі бар, бірақ айтуға болмайды, а-а-а (О. Бөкеев).

2) Шай ішіліп болған. Дастарқан шетінде, есікке таман мосқалдау бір бөтен әйел отыр. «Ана қыздың шешесі болар».

– Қонақтарың бар екен ғой...

– Қырыққа келгенше бір шүйкебас ала алмай жүрген сен емессің ғой, біз! Күнде қонағымыз болып тұрады.

– Ағамыз бар ... алып беретін шығар біреуді.

– Мен саған кімнің қызын айттырмадым! Біріне жоламадың ғой.

– Сен әкесін айттырып келесің. Мен қызын айттыр деймін. Ағасы мен інісі азырақ қалжыңмен алды да, жеңбей-жеңілмей тоқырағандай болды.

Мырзажігіт, шай қояйын ба, сорпа-суымыз пісіп тұр еді, соған қараймысың.

– Шайды сорпа-суыңнан кейін де ішуге болады ғой.

– Шіренуін көрдің бе?

– Е, қойшы сен, өтірік ұрыспай... Мына кісі шын екен деп қалар. Жаңаша самауыр, дастарқанын жинап әкете бастады (Ғ. Мүсірепов).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Мәтіндерді рөлге бөліп оқыңыздар.

2. Кейіпкерлердің сөздерінен олардың мінез – құлқын, эмоциясын білуге бола ма? Егер болса, әр кейіпкер сөзі арқылы қандай мінездері ашылған?

3. Мәтінен сөйлеу тілінің сипатын төмендегі үлгімен айтыңыздар.

а) сөз қолданысы:

ә) сөйлем құрылымы:

б) сөз мағынасының, дыбыс өзгерістерінің ерекшеліктері