Cөйлеу тілінің ерекшеліктері


Ауызша сөйлеу тілі әдеби тілде және ауызекі тілде сөйлеу болып бөлінеді. Ауызша сөйлеу тілі күнделікті қарым-қатынаста жүретінін айтып өттік. Ал әдеби тілде ауызша сөйлеудің де бірнеше түрі бар. Оны жұрт алдында сөйлеу тілі деп те атайды. Жұрт алдында сөйлеу:

– баяндамашы, лекторлар;

– түрлі орындарда айтылар тілек, мадақ;

– құттықтау, көңіл айту, көңіл аулауға қатысты сөздерден құралады.

Баяндамашылар мен лекторлар тілінің басқалардан ерекшелігі белгілі бір мәтінді дайындап, нақты тақырып аумағынан шықпай сөйлеу болса, әр түрлі орындарға айтылар тілек, мадақ сөздер мен той үстіндегі құттықтау, көңіл айту, сүйінші сұрау, көңіл сұрау дәстүрлеріне қатысты сөздер көбіне-көп көркем, бейнелі, әрі қалыптасқан сөздер мен сөз тіркестерінен, кейде сөйлем деңгейіндегі тұрақты сөздерден құралады.

Әрқайсысының сөз қолдану ерекшелігі, өз ойын тыңдаушыға жеткізу тәсілі әр қилы болса да, ортақтығы – айтуда қажетті тілдік орфоэпия заңдылықтарды меңгеру және сақтау.

Жұрт алдында сөйлеу кезінде ең бастысы – тіл заңдылықтарын сақтау мен сөйлеу техникасын меңгеру. Айтар ойын жеткізуде сөйлеуші өз сезімін, көзқарасын дауыс ырғағы, дауыс күші, ым-ишара, әр қимыл-қозғалысы арқылы да жеткізеді. Сөйлеуші сөзінің тыңдаушы көңіліне қонуы таңдап алған сөздерін дұрыс қолдану, байланыстыруымен бірге оның сөзін құлақпен естіп, қимылын көзбен көруінің де ықпалды екенінде.

Сөйлеушінің ым-ишара, қимыл-қозғалысының екі жақты қызметі бар.Ойды дәл, нақты жеткіздің көмекші құралы болса, екіншіден орынсыз, артық, жөнсіз қолданылса, тыңдаушыларына кері әсер етеді.

Қандай жағдайда болсын ым-ишара, сезім, қимыл-қозғалыстың көмекші құрал екенін ескіріп, айтылатын тақырып мазмұнын ашатындай болуына назар аударылуы керек.

Қорыта келгенде жұрт алдында сөйлеуде:

– дауыс ырғағына, интонациясына, дауысты сан түрлі құбылтуға;

– сөйлемнің эмоционалды бояуына;

– сөйлеу темпіне;

– дауыс күшіне;

– сөздерді орфоэпия нормасына сай қоюға;

– қимыл-қозғалыс, ым-ишараны орнымен қоя білуге назар аударылу керек.

1. Жұрт алдында айтылатын сөз жазбаша сөзден құрылысы жағынан ықшам болады.

2. Қаратпа, қыстырма сөздер жиі қолданылады.

3. Тыныс белгілері дауыс ырғағы, дауыс кідірісі арқылы байқалады.

42 –жаттығу. Сөздердің жазылуы мен айтылуын салыстырып оқыңыздар. Осындай үлгіде ұ, ү, ө, г, ғ дыбыстарының үнедстік заңына ыңғайлана өзгеру ерекшеліктеріне мысал келтіріңіздер. Сөз ішіндегі дыбыстар әсеріне талдау жасаңыздар

Айтылуы - Жазылуы

Құлұн - Құлын

Жүрөк - Жүрек

Сөшшең - Сөзшең

Ауышша - Ауызша

Такаппар - Тәкаппар

Тәңертең - Таңертең

Шегара - Шекара

43– жаттығу. Өлеңді мәнерін келтіріп, дауыс ырғағына сай оқыңыздар.

Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы

Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,

Ол – ақынның білімсіз бишарасы.

Айтушы мен тыңдаушы көбі – надан,

Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы...

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,

Сонда да солардың бар таңдамасы.

Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын

Қазақтың келістірер қай баласы?

Ескі бише отырман бос мақалдап,

Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап.

Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел,

Сендерге де келейін енді аяңдап.

Батырды айтсам ел шауып алған талап,

Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап.

Әншейін күн өткізбек әңгіме үшін,

Тыңдар едің әр сөзін мыңға балап.

Ақыл сөзге ынтасыз, жұрт шабандап,

Көнгенім-ақ соған деп жүр табандап.

Кісімсінген, жеп кетер білімсіз көп,

Жіберсем, өкпелеме көп жамандап.

Амалдап қарағайды талға жалғап,

Әркім жүр алар жердің ебін қамдап.

Мақтан қуған мал құмар нені ұға алсын,

Шықпаса, мыңнан біреу талғап-талғап.

Мал жиып арамдықпен ұрлап-қарлап,

Қусың десе, қуанып жүр алшаңдап.

Қақса-соқса бір пайда түсе ме деп,

Елдің байын еліртіп «жау мұндалап».

Ынсап-ұят, ар-намыс, сабыр, талап,

Бұларды керек қылмас ешкім қалап.

Терең ой, терең ғылым іздемейді,

Өтірік пен өсекті жүндей сабап.

44- жаттығу. Берілген тақырып, жоспар бойынша баяндама әзірлеңіздер.

Баяндаманы оқып, жұрт алдында сөйлеу мәдениетінің шарттарының орындалуына талдау жасаңыздар.

1- тақырып. Бүгінгі жастар және ұлттық әдеп

1) Бүгінгі жастар мәселесі; аға ұрпақ дәстүрі мен жастар мәдениетінің, сабақтастығы

2) Жастар және ұлттық әдеп орталары.

3) Жастар – ұлттық дәстүрді әдепті жалғастырушылар.

2- тақырып. « ...Өз тіліңді құрметте» (Қ.Мырзалиев)

1)Ана тілім – ата-бабам мұрасы.

2) Қазақ тілі – қазақтың жаны

3) Тіл – ұлттың ұлт болып сақталуының белгісі.

Сөйлеу кезінде сөзіміздің құлаққа жағымды, әуезді болуына дыбыстар үндесуінің ыңғайына қарай сөздердің екі-үштен топтанып, бір ырғақпен айтылуының мәні бар. Бұларды ырғақты топ деп атайды.

Мысалы: Барса игі еді – барсигеді, айта алмады – айталмады. т.б.

45-жаттығу. Бір ырғақпен, топтала бірігіп айтылатын сөздер мен сөз тіркестеріне мысалдар жазып, орфоэпиялық нормаға келтіріп оқыңыздар.

46-жаттығу. Қай тұста бірге, қай жерде бөлек жазылатынын анықтаңыздар. Көшіріп жазыңыздар.

47-жаттығу. Төмендегі тұрақты сөз тіркестерін кестеге толтырыңыздар .

Ат шаптырым, бие сауым, таяқ тастам , көзді ашып-жұмғанша, мұрнын көкке көтеру, қара қылды қақ жарған, салы суға кету, беті бүлк етпеу, қоян жүрек, асқар тау, алма мойын, ас та төк, тілі орамды. Сырдың суы сирағынан келмеу, шаш ал десе бас алу, қас пен көздің арасында, ет пісірім, сөзі түйеден түскендей, соқырға таяқ ұстатқандай, қырғи қабақ болу.

Уақыт

Қашықтық

Адам мінезі, қасиеті

Қимыл - әрекет

Басқа мағына

 

 

 

 

 

50-жаттығу. Сөздерді тұрақты сөз тіркестерімен ауыстырып жазыңыздар.

Үлгі: анық – тайға таңба басқандай.

Белгілі, үндемеу, ұйықтамау, тез, ұялу, балағаттау, әдемі, ойламау, қорқу, алыс, жақын, сөзшең, таза, жас, өтірік, шын, мейірімді.