Сөз әсерлілігі


Сөйлеу мен жазудағы басты назарда ұстар қағидалардың бірі – сөздің әсерлі жетуі. Сөздің әсерлілігі сөйлеушінің дауысына, сөйлеу мәнеріне, сөздерді дұрыс таңдап ала білуіне байланысты.

Дауыстың түрлі болуына қарай біз көңіл-күй жағдайын, сөйлеушінің ойға, іске қатынасын анықтай аламыз. Көптеген мамандық иелері үшін дауыс басты рөл де атқарады. Сөздің дәл, орнымен қолданылуымен қоса, көркем де әдемі сөздерді таңдап алғанымен орынсыз дыбысты, сөзді көтеру, созу немесе ақырын айту сөздің, ойдың әсерін төмендетіп қана қоймай, тыңдаушыны жалықтырып та жібереді. Екпіні, кідірісі дұрыс қойылған, жағдайға лайық сөздер дұрыс таңдап алынған әңгіме, сұхбат кез келген жазбаша үлгідегі мәтін тыңдаушы үшін де, оқушы үшін де әсерлі болатыны сөзсіз.

Сөздің әсерлілігінің екінші жағы – сөздің тура мағынасымен бірге суреттеп, бейнелеп, ауыстырып айту.

Сөз мағынасының басқа мағынаға ауысуы

Метафора тәсілі – сөз мағынасын салыстыру, жақындату негізінде астарлы тың мағына жасау. Мысалы: «Өзім – күнмін, өзім – от» (Мағжан). Осындағы «күнмін», «от» метафора тәсілі арқылы ауыспалы мағынаға ие болған.

Метонимия – зат, құбылыс атауларының екінші бір зат құбылысқа шектестігі, ұласпалылығы негізінде жұмсалуы. Мысалы: Ақпа құлаққа айтсаң, ағып кетер, Құйма құлаққа айтсаң, құйып алар (Мақал). Ақпа құлақ «ұғымсыз» мағынасын, құйма құлақ «ұғымтал», «зерек» мағынасын беріп тұр.

Синекдоха – жалпының орнына жалқы, бүтіннің орнына бөлшек немесе керісінше қолданылатын мағына. Мысалы: Көп қорқытады, терең батырады. Мақалда көп «халық», «ел» мағынасын береді.

Ауыспалы мағына метафора, метонимия, синекдоха, эпитет, теңеу т.б. бейнелеу тәсілдері арқылы беріледі. Ойды неғұрлым кең, тыңдаушы, оқушыға тегеуінді әсер беретін ауыспалы мағынадағы сөздерді тым қоюлатын, суретсөзге әсіре еліктеп кетуге де болмайды.

Қорыта келсек, сөздің әсерлі жеткізу сөзді мәнерлеп айтуға қажет: екпін, дауыс кідірісі, дауыс күші, дыбыстың айтылу ерекшелігіне, тілде бейнелеу құралдарын: метафора, метонимия, синекдоха, эпитет, теңеуді орнымен қолдану, жағдайға қарай сөздерді дәл тауып, қолдануға байланысты.

82-жаттығу. Мәнерлеп оқыңыздар.

1. ...Ашынам арзан ағайға,

Ашынам арзан жеңгейге.

Ашынам, қайта басылам,

Басылам-дағы тасынам.

Адамдықтарын алтынмен,

Өлшегендерге ашынам!

Мансапқорлардың қасынан

Шықпайтындарға ашынам!

Жалданып өскен жасынан,

Жағымпаздарға ашынам!

Айырылған адал досынан

Алаяқтарға ашынам(М. Мақатаев).

2.Өзім бір тұрған заңмын. Орыспен де, қазақпен де сөйлесе кетем. Елде жүрсем де, қалаға барсам да өлмейтін тәріздімін. Адам болған, ел билегендердің менен түк артық жері жоқ. Олар білген өтірік, өсек, ұрлық-қарлық, қулық-сұмдықты мен де білемін. Олар сөйлеген сөзді мен де сөйлей аламын. Қайта мен «какой черт, как же, нежоли, неимешь права...» деп орысшаны араластыра соғып жіберуге де әмірім келеді. Енді менің ел адамдарынан қорғалайтын нем бар? Мен неден тайсалам? Жалғыз кемдігім: қағаз танымайтыным ғой. Мендейлер толып жатыр ғой. Әттең дүние! Қолым хат білсе, Күршім өзенін теріс ағызар ма едім, әлде қайтер ем..

Елі құрғырдың аузын бассаң, арты сөйлеп тұрады ғой. Әсіресе осы бір мұғалімі бар болғырлар пәле болды. Мені елден пара алды, дүние тартып әкетті, пәлен-түген қылды деп қаладағы оқыған азаматтарға дәттеп қойыпты. Сайлау кезінде болыс болайын деп тұрған кезімде менің үстімнен жазылған қағаздарды жинап, Мамырбайдың баласы кеңсеге тапсырыпты. Мені бұзақы адам деп, сөйтіп болыстыққа сайламай қойғаны. Әй, атаңның аузын... Мамырбайдың ұлы! Әй, тірі болсам, бір қылармын деп кете бардым (Ж.Аймауытов).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Шығармаларды мәнерлеп оқу кезінде сөз, көркемдік тәсіл, сөйлеудегі дыбыстық ерекшеліктерді ескеруге қажет шарттарға назар аударыңыздар. Бұлардың өлең мен прозалық шығармалардағы өзгешеліктеріне назар аударыңыздар.

2. Кейіпкер эмоциясын білдіретін жеке сөздер мен сөз тіркестерінің көркем шығармадағы қолданысының жанрлық сипаттарына талдау жасаңыздар.

3. Екі мәтін де бірінші жақтан айтылған: кейіпкер ішкі сырын білдірудегі тілдік тәсілдерді анықтаңыздар.

4. Екі мәтіндегі кейіпкерлер мінез, ұлттық құндылықтарды қадірлеу, дәстүрлік ұстаным тұрғысынан екі түрлі: бұл өзгешеліктерді қандай тілдік тәсілдермен дәлелдейсіздер.

83-жаттығу. Кестені толтырыңыздар. Әрқайсысына сөйлеммен мысал жазыңыздар.

Ақырын сөйлеу

Орташа дауыспен айту

Бар дауысымен қатты айту

1

құпиялап сөйлеу

әңгіме-сұхбат құру

ашуланып сөйлеу

2

қорқып айту

ақпарат, жаңалықты хабарлау

қатты қуана айғайлау

3

ұяла сөйлеу

ақыл-кеңес беру

ұран шақыру

84-жаттығу. Мәнерлеп оқыңыздар. Көркемдеу тәсілдерін табыңыздар.

Жайықтың ақ түлкісі аралдағы

Жайықтың ақ түлкісі аралдағы,

Алдымнан сен бір қашқан марал-дағы,

Қараймын томағымды ашып-жауып,

Тауыңның ақиықшы Оралдағы.

Ертістің құба талы секілденіп,

Алдымнан майысып, шық бұрал-дағы.

Жаудырап екі көзің отырасың,

Тұндырған шай секілді құмандағы.

Көзіме мұнарланып көрінесің,

Түлкідей тура қашқан тұмандағы.

Сен болсаң алқызыл гүл, асыл еркем,

Мен бұлбұл сайрап тұрған иран бағы(Ақан сері Қорамсаұлы).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Өлеңдегі кейіпкерді сипаттау мен айтушының ішкі сезімдерін берудегі тілдік тәсілдерді көрсетіңіздер.

2. Сипаттау мен айтушы сезімдерін жеткізу үшін мәнерлеп оқуда қандай өзгерістер қажеттігіне назар аударыңыздар.

85-жаттығу. Сөздің әсерлі жетуіне төмендегі кестеде көрсетілген әр бөліктің орны қалай екенін айтып беріңіздер. Әр бөлікті тұтас біріктіретін және жеке-жеке ерекшеліктерін ашатын мысалдар келтіріңіздер.

Дерек-дәлел

Ойға қатысты түрлі пікірлер

1

Статистистикалық - өмірден алынады

Мақал-мәтелдер - қағида, ұстанымдар

2

Ғылыми әдебиеттен, тарихтан т.б.

Қанатты сөздер - әдет, дәстүр ережелері

86-жаттығу. Сөйлемді толықтырып жазыңдар.

1. Өзен жағасында жалғыз бөлек тұр. 2. Таң атты. 3. Бөлме іші ысып кетті. 4. Асқар қатты қуанды. 5.Алыстан малшылардың қой қайырған дауыстары естіледі.

Үлгі: 1. Өзен жағасында жалғыз тал бөлек тұр.

1.1. Өзгеден оқшау тұрған жалғыз тал төңірегіне тәкаппарси қарайтындай.

1.2. Мұң басқан жалғыз тал топтасқан ағаштар тұсындағы у-шуға қызыға, қызғана қарайды.

1.3. Ылғалы мол, күн көзі өзіне ғана еркін жеткенімен жалғыз тал тоғайдағы көп ағаштың бірі болмағынына өкінеді

87-жаттығу.

Ол даладағы ойыннан қайтып келе жатып, «жаман ырым» анау-мынау дегенге қарамастан, қаннен-қаперсіз өтірік жылауды үдетіп:

– Ойбай, баурым Қодар!.. Ойбай Қодар,- деп, санын сабап шауып келді. Қодардың өлімі барлық ауылға да, оған да естілген. Жаңа, кешке жақын, бұлақ басындағы бір тақырға жиналған өзі құрбы балаларды бастап осылай ат қоюды көп ойын қылған. Тақырдың ортасынан шұқыр қазып, соған бір қу сүйекті әкеп бейітше томпайтып көміп қойып, жан-жақтан андыздап ат қойып, ұзақ шуласқан.

Ұлжан Абайдың сырқатының үстінде өзін жаңағыдай жаман шошытқан Оспан мінезіне қатты ашуланды.

Күні бойы батпақ кешіп, аяғы әрі былғаныш әрі күс-күс болған Оспанды:

– Бері келші, әй, балам! Бері келші! – деп, ешбір сыр білдірмей, ұрыспай шақырды. Ұрсып, зекіп сөйлесе, Оспан мұндайдағы әдетіне басып, қаша жамандасып, қолға түспей қояды. Ол қазір шешесіне қарай тарпылдап жүгіріп, дәл от басынан Абайдың төсегіне дейін бір-ақ секіріп, Ұлжанның тізесіне соға дүрс етіп кеп түсті.

Шешесі мұны сол қолынан шап беріп ұстап алып:

– Сен жанағы ат қойған нәрсені қайдан шығардың? Оның жаман ырым екенін айтпап па едім? Үйде бала ауырып жатқанда, өй, итқуар жынды неме? – деп, жұлқып қалып етпетінен салып, құйрығына шапалақпен салып-салып жіберді (М.Әуезов).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1.Жаман әдет шығару, жамандық шақыру сенімдері туралы не білесіздер?

2. Ұлжанның Оспанға ашулануының себебі неде?

3. Сөздің әсерлі шығуына жеке сөздердің орнының ықпалы қандай? Одағай, қыстырма сөздермен мысал келтіріңіздер.

88-жаттығу. М.Әуезовтің 1926 жылы жазылған «Жалпы театр өнері мен қазақ театры» мақаласынан үзінді оқыңыздар.

Өз театры болуға керек. Себебі өнер атаулының барлығында қай елде, қай түрде туса да сол өз ортасының шартынан, өз топырағының қалпынан туады. Сол ортасының түйінін киіп, соның іші-бауырынан шыққан суреті сияқты болып туады.

Өнердің ғылымнан айрылатын жері де – осы. Ғылым анайы топырақты білмейді, еркін, отансыз, анасыз зат. Бұған қарағанда, өнер қаны, жаны бар денелі зат сияқты. Бұл анасының ұрпағы болып қана туа алады. Солай болып туа алса ғана өсіп-өніп дәурен сүреді. Елінің тонын киіп, елінің өз исімен шықпаса, өнер ерте күннен өрістен айрылып, тығырыққа қамалып, өлімге қарай бас иді деу керек. Сондықтан қай ел болса да өз өнері әлсіз, көріксіз болса да өзгенікінен артық көреді; өзгенің алтынына өзінің қара темірін айырбастамайды. Расында ойланып көрсек, Бетховеннің сонаталарына қазақ «Саймақтың Сары өзенін» сатар ма еді? Рафаэльдің Мадоннасы, Репиннің суреттері қазақ топырағына келсе, өз жеріндей ұғылып, өз еліндегідей көрген жұртты еліктіре ме еді? Не болса, Шекспирдің Гамлетіне, Гетенің Фаустына қазақ өз елінде болған, заман шерін айтқан Асан қайғыны, толғау айтқан Бұхар жырауды айырбастар ма екен. Рас, бір заманда осының бәрін қазақ та өзгелердей ұғатын болар. Бірақ елді сол заманға жеткізетін, сол санаға шейін жетектеп апаратын өз өнері болады. Әзірше әлгінің бәріне қазақ өзінің қолындағысын айырбастамайды дейміз. Себебі, оның бәрі – өнер. Өнер – елдің бел баласы. Қарға баласын аппағым десе, қазақ та өз өнерін аппағым, асылым, үміт, қуанышым дейді. Олай болса театр өнеріне келгенде біз өзге елден алсақ, сыртқы үлгіні ғана аламыз. Өз өнерімізді қалыптауға себеп болатын көпке бірдей заңын, өлшеуін ғана аламыз. Солардан басқа өнердің жаны мен денесі боларлық бұйымның барлығын өз елімізден, өз етімізден, өз пішініміз сияқты қылып шығарамыз. Сол себепті қазақ театры қазақ елінің өз театры болуға керек дейміз.

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Өнер мен ғылымның айырмашылығы неде?

2. Ұлт пен өнер байланысы туралы не айтылған?

3. Сыртқы үлгі дегенді қалай түсінесіздер?

4. Өнердің жаны мен денесі туралы автор ойын баяндаңыздар.

5. Ұлт танымы, өнері бір-бірімен тығыз байланыста болуы керек деген ой қазіргі кезеңде қаншалықты өзекті деп ойлайсыздар?

6. «ХХІ ғасырдағы қазақ өнері» деген тақырыпта әңгіме жазыңыздар.

7. Автор тақырыптың өзектілігін қалай ашқан?

8. Мақаладағы автор қандай ойды дәлелдеуді мақсат еткен?

9. Мақсатты ашу үшін қандай міндеттер қойылған?

10. Негізгі ойды ашу үшін қандай деректер мен дәлелдер келтірілген?

11. Ойды тұжырымдауға қызмет еткен басты пікірлерді белгілеңіздер.