Сөздің түсініктілігі


Сөздің түсінікті жетуі таңдап алған сөзімізге қатысты екені белгілі. Тілде сөз өте көп, біз соның барлығын да қолдана бермейміз. Олардың ішінде жиі пайдаланатын сөздермен бірге сирек ауызға алынатын да бар.

Тілде сөздерді қолданылу ерекшеліктеріне қарай: жиі қолданылатын сөздер ( актив лексика), сирек қолданылатын (пассив лексика) болып бөлінеді. Алғашқы топқа жалпыхалықтық лексикадағы, барлығымызға түсінікті сөздер (мектеп, қала, көше, кітап, қол, бір, сөз, оқу, айту т.б.), сирек қолданылатын сөздерге диалект сөздер, кәсіби сөздер мен терминдер кіреді.

1. Сирек қолданылатын сөздерде халық тұрмысын, шаруашылық, кәсібін анықтайтын сөздер көп кездеседі. Оларды этнографизмдер дейді.

Бір жерде өмір сүретін, бір тілде сөйлейтін халық тіліндегі түрлі ерекшеліктер диалект сөздер деп аталады.

Диалект сөздердің басым көпшілігінің әдеби тілде баламалары болады. Мысалы: шалбар – сым (оңтүстіктің диалект сөзі), денелі – жоян (шығыста), орындық – тақ (солтүстік облыстарда). Диалект сөздер ертедегі ру-тайпа тілдерінен көрініс береді. Ендігі бір арнасы – көрші ұлттармен араласу арқылы (өзбек, моңғол, орыс, қырғыз т.б.) тілге енген сөздер мен түрлі грамматикалық ерекшеліктер.

Диалект сөздерді фонетикалық, лексика-семантикалық, морфологиялық, синтаксистік өзгешеліктеріне қарай бөледі.

Белгілі бір кәсіп, шаруашылық саласы адамдарына ғана түсінікті, солардың өз ортасында ғана қолданылатын сөздер кәсіби сөздер деп аталады.

Қазақ халқы, негізінен, мал шаруашылығымен айналысқан. Дегенмен, тілде еліміздің әр аймақтарының жер жағдайына қарай диханшылықпен айналысуына, бау-бақша, балық, аңшылықты кәсіп етуіне қарай жалпылама лексикаға кірмейтін сөздер бар. Диалект сөздердің әдеби тілде баламасы болатын болса, кәсіби сөздерде ондай ерекшелік жоқ. Олар шаруашылықтың бір ғана саласына қызмет етеді. Әр жер ерекшелігіне қарай халықтың шұғылданатын шаруашылығы да ортақ болатындықтан, бұларға аймақтық бірлік тән.

Онтүстік Қазақстандағы жұрт мақта шаруашылығымен айналысқандықтан, олардың тілінде жегене, күнжара, көсек, терім, шит, қоза т.б. сөздер бар. Арал, Каспий маңы қазақтары балық шаруашылығымен шұғылданады, олардың тілінде жылым, ықпа, сере, торта, азна секілді т.б. сөздер ұшырасады. Қазақ халқының барлық өңірлерінде қолданылған ұсталық, аңшылық, зергерлік т.б. өнерге, кәсіпке байланысты пышқы, шербек, кемпірауыз, пәрібі т.б. сөздері қолданылады.

Терминдер – ғылым, техника, өндіріс т.б.салаларындағы ұғымдар мен жеке сөздердің атаулары. Терминдер тек тура мағынада қолданылатындығымен ерекшеленеді, мағына үнемі тұрақты болады. Терминдерді арнаулы сөздер деп те атайды. Бұларда стильдік бояу болмайды.

Термин сөздердің жасалу жолдары

1. Қазіргі қазақ тіліндегі терминдер орыс, араб, Еуропа тілдерінде қалыптасқан үлгісінде: мәтін, квадрат, синоним, тангенс, вектор, эпос, поэзия, пьеса т.б. жұмсалады;

2. Қазақ тілінен балама табу арқылы: хаттама (протокол), нарық (рынок), ғарыш (космос) т.б;

3. Сөздерді біріктіру арқылы: төл + құжат (паспорт), ән + ұран (гимн) т.б жаңа термин жасалады.

Сөздің түсініктілігі, ең бастысы, кіммен сөйлесіп немесе кімге жазып отырғанына байланысты болады. Жиі қолданылатын сөздер жалпыға түсінікті, сондықтан оны қолданудың шет-шекарасы жоқ. Сирек қолданылатын сөздердің де қолданылу аймағы үнемі шектеулі бола береді деп түсінуге болмайды. Диалект сөздер – әдеби тілге еніп, тілді байытып та отыратын қор. Мысалы, еге сөзін алайық. Еге сөзі Қызылорда облысында ие (қожайын) мағынасын беретін диалект сөз. Қазіргі қазақ тіліндегі егемен сөзінің жасалуына осы сөз негіз болды. Сондай-ақ жейде, ұжым, үшем сөздері де – диалектілік қолданыстан әдеби тілге өткен сөздер. Сөйлеудің түсініктілігі адамның біліміне, ортасына, кәсібіне, жасына қарай икемделеді. Мысалы, үлкен адамдармен неғұрлым әлеуметтік тұрмыстық тілде сөйлескен дұрыс болса, балалар тілі солардың өз таным-түсінігіне лайық болуы шарт

77 -жаттығу.

Қоңыраугүл

Қоңыраугүл,

Қоңыраугүл,

Қоңыраугүлді

Шайқайды саңырау құр:

Қоңыраугүл,

Неге

Шылдырмайсың?

Қоңыраугүл,

Неге

Сылдырламайсың?

Дейді де саңырауқұр.

Мелшиеді қоңыраугүл (М. Әлімбаев).

Күркіреді күн, күн...

Күркіреді күн, күн...

Терезелер шың-шың.

Жауды жаңбыр топ-топ,

Шелек-шелек, көп-көп!

Жон арқаңды тос-тос,

Күнбағыс, тез- өс-өс! (М.Жаманбалинов)

О-ғып, бұ-ғып

Қағып кетіп кісіні оғып-бұғып,

Шалып кетіп кішіні о-ғып, бұ-ғып,

Жыртады ол кітапты о-ғып, бұ-ғып,

Сындырады бұтақты о-ғып, бұ-ғып,

Жолдасынан көшіріп о-ғып, бұ-ғып.

Оны қайта өшіріп о-ғып, бұ-ғып.

Жұмыс десе қашады о –ғып, бұ-ғып,

Тақтада алдында сасады о-ғып, бұ-ғып (Б.Кірісбаев)

Сұрақтар мен тапсырмалар.

1. Балалар өлеңдеріндегі сөзді түсінікті беру ерекшелігіне:

а) бір сөздің бірнеше қайталануы;

ә) қимыл-қозғалыстың өзгермелілігі;

б) сөздердің көркемдігіне талдау жасаңыздар.

2. Өлеңдерді кішкене іні-қарыңдастарыңызға оқып беріңіздер.

78-жаттығу. 1. Мәтінді 3 сыныптың оқушысына түсінікті тілде қалай айтуға болады? 2. Термин сөздерді көшіріп жазыңыздар.

Дербес лексикалық мағыналарын жоғалтқан түбірлерден жасалған аң-құс, жануарлар мен жәндіктер, сондай-ақ өсімдік атаулары біріктіріліп жазылады (бұл бұрыннан қалыптасқан ереже болатын). Осы қатарға екінші сыңары ағаш (ағашы), бақа, балық, бүлдірген, гүл, жапырақ, жеміс, жидек, көк, қат, қурай, құрт, құс, от (оты), тамыр, томар, шешек деген сөздер болып келген өсімдік, аң-құс аттары да жатқызылды, өйткені жоғарыда көрсетілген сөздер нақты бір өсімдіктің, аң-құстың, жәндіктің атаулары емес, жалпы атаулар, сондықтан өзінің алдындағы сөзбен бірігіп қана белгілі бір нақты атауға айналып тұр: қарағаш, барқытағаш, тасағаш, астықағаш (ы), тасбақа, құрбақа, итбүлдірген, қойбүлдірген, қарақат, қызылқат, қазоты, балықот (ы), айланшөп т.б. Ал ағаш, гүл сияқты сөздермен келген күрделі атулардың бірінші сыңары сол өсімдіктің, ағаштың атауын жеке тұрып та білдіретін болса, бөлек жазылады. Бұл ретте ағаш, гүл сөздері көбінесе тәуелдік жалғаулы болып келеді. Мысалы: алма ағашы, өрік ағашы, жаңғақ ағашы, райхан гүл, астра гүлі.

Орыс тіліндегі жіңішке ль дыбысына аяқталатын көп буынды сөздерге дауыссыз дыбыстардан басталатын қазақ тілі қосымшаларының буын үндестігі бойынша (соңғы буынның жуан-жіңішкелігіне қарай) жалғанып, дауысты дыбыстардан басталатын тәуелдік жалғаулары буын үндестігін сақтамай, әрдайым жіңішке жалғанатындығы түзетіліп көрсетілді. Мысалы: медаль, медальға, медальдар, медальдық, медалі; фестиваль, фестивальға, фестивальдар, фестивальдық, фестивалі; магистраль, магистральға, магистральдан, магистралі («Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі»).

79-жаттығу. Сөздердің қай ғылым термині екенін анықтаңыздар.

Жоба, сарқырама, бәсеке, экономикалық байланыс, ынтымақтастық, сұраныс, меже, қосу, ішкі сауда айналымы, суармалы жер, көркемдік ізденісғ жалғау, кейіпкер, метафора, фонетика, аңыз, қаржы, төбе, карта, күн, кепіл беру, инфрақұрылым, жеке меншік, сөйлем, роман, инвестиция, көл, есептік көрсеткіш, теңдеу, стоматолог.

экономика

әдебиет

тіл

география

басқа ғылымдар

80-жаттығу. Кестеге толтырыңыздар.

Қай аймақта қолданылады?

Тақ (орындық), там (бейіт), жаян (үлкен), сым (шалбар), борми (жүгері), бәреңгі (картоп), шақай (аяқ киім), шыңар (сырт, дала, көше), ақман (шай шығаратын кішкене шәугім), шемішке, әңгелек, атыз, шөміш, сәні, леген, шырпы, бақыр.

шығыс

солтүстік

оңтүстік

батыс

81-жаттығу. Қолданылатын орны мен кімдерге айтылатындығына талдау жасаңыздар.

1. Есікті жабуға бола ма?

2. Мынандай қапырықта қалай отырсың?

3. Салқын ғой. Есікті жабамыз ба?

4. Өтінемін, есікті жапшы!

5. Біз есікті жапсақ қалай болады?

6. Қайырымдылық жасап есікті жапшы!

7. Есікті жапқың келмей ме?

8. Жапшы есікті!

9. Қой, есікті жабайық!