Сөз байлығы


Сөз байлығы әр адамның лексикасындағы сөздердің мөлшері мен көлемімен байланысты дегенмізбен де ең негізгісі – ой байлығы. Сондай-ақ тілдегі бар сөздерді бір-бірімен жалғастырып, қиюластырып әсем де әсерлі жеткізу айтушымен сөйлеушінің ой көкжиегінен де елес береді. Бір сөзге бірнеше мағына сыйғызып әр сөзді мән мазмұн стиль бояумен жеткізу ойлау қабілетімен шығармашылық сипатпен ұштасады. Сөз байлығын терең білудің ендігі бір жолы халық тілінің дәстүрімен әдеп ерекшеліктерін меңгеру. Қазақ тілі көркем әрі әсем тіл дейміз. Осындай әсемдікпен көркемдік тілді бүгінгі дейінгі жеткізушілердің ой қабілетінің тереңдігі мен қиялының шексіздігін дәлелдесе керек.

Тілде лексикалық қабаттың үнемі дамып толығып, өсіп, өзгеріп отыратындығын білеміз. Бұл бірнеше тәсілдермен

– сөз тудырушы қосымшалары арқылы;

– сөз мағынасының ауысуы арқылы;

– жаңа сөздер кіру арқылы;

– басқа тілден сөздер ену арқылы жүзеге асады

Аталған тәсілдер тілді байтатын ең негізгі әрі бастылары болып саналады. Бұдан басқа тілде сөздің өзгеруі жаңа мағынаға ие болуы тұрақты сөз тіркестерімен сондай-ақ бір сөздің қоғамдық өзгерістерге қарай жаңаруы тәсілдерін атауға болады.

Сөздің зат пен құбылыстың, сан мен сапаның т.б. мағына түрлерінің белгілерімен тікелей байланысып, сол жөнінде нақты ой тудырудың тура мағына деп атайды. Мысалы: ақ көйлек дегендегі ақ – қар түске қарама-қарсы заттың түсі, ал ақ жүрек дегендегі ақ «таза», «адал», «пәк» деген мағыналарға ауысады.

Ауыспалы мағына – сөз мағынасын екінші бір мағынамен алмастыру, Ауыспалы мағынаның негізі тура мағынадан алынады. Ауыспалы мағына сөз тіркестері мен сөйлемде ғана анықталады. Жеке тұрғанда (тіркес, сөйлемге мүше болмаған жағдайда) сөз тек тура мағынада ғана болады.

Қазіргі қазақ тілінің сөздік қорындағы сөздердің бір саласы басқа тілден енген сөздер. Әсіресе, араб, парсы, орыс және орыс тілі арқылы енген Еуропа халықтарының сөздері көптеп кездеседі. Тілге сөз енудің өзі әр түрлі. Бірі ауызша ауызекі тілі арқылы кірсе, енді бірі жазба, хат арқылы кірген. Мысалы: кәмпит, самаурын, жәшік т.б. сөздері ауызекі тіл арқылы қолданысқа түскен. Бұлардың ерекшелігі алғашқы айтылу қалпы жазылу ережесіне сай болады. Ал енді бір сөздер жазба тіл арқылы кіргендіктен, сол тілдегі нұсқасы сақталады. Мысалы: лингвистика, термин, метафора, математика, биология т.б.

Тілімізде ислам дінінің әсерінен, ислам мәдениетінің негізінде кірген көптеген сөздер бар. Кейбір сөздер қазақ тіліндегі бұрыннан бар байырғы сөздермен синоним болады. Мысалы: әтеш – қораз, хат – жазу т.б.

89-жаттығу.

1. Екі аңшы келе жатқан бөктер, шымы тұтас бетегелі төскей болатын. Түн, бұлтты түн болып өтсе де, жауын жаумаған екен. Шөп басында тіпті шық та жоқ. Тықырлау жер мен алаңды басқанда, аттарының тұяғынан шаң да шығады. Кәрі аңшы екі рет оң жағына қадалып, Сарымсақты жаққа көз жіберіп, содан сырт айналып, арт жақтарында қалып бара жатқан Керегетастың да өзіне мәлім бөктері мен сайларын шолып өтті. Әлі айналада шаңыт па, тұман ба, әйтеуір көкшіл буалдыр бар. Шөбі сарғайған дала жоталар да, жым-жырт болған биік серек тастақ та бадырайып көрінгенмен, бірыңғай көкшіл қоңырқай тартып тұр (М.Әуезов).

2. Қараңғы түнде тау қалғып

Қараңғы түнде тау қалғып,

Ұйқыға кетер балбырап.

Даланы жым-жырт дел-сал ғып,

Түн басады салбырап.

Шаң шығармас жол-дағы,

Сыбдырламас жапырақ.

Тыншығарсың сен-дағы,

Сабыр етсең азырақ (Абай).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Табиғат суретін беретін шығармаларға ортақтық пен айырмашылықтарды тілдік тәсілдердің қолдану сипатына қарай талдап көрсетіңіздер.

2. Алғашқы үзіндідегі табиғат суреттерін берудегі нақтылық бар. Екіншіде көркемдеу, бейнелеу басым. Соған қарамастан табиғаттың бар суреті қаз-қалпында берілген. Авторлардың сөз қолданысын, көркемдеу тәсілдерін мәтін стилі, шығарма жанры тұрғысынан анықтаңыздар.

89-жаттығу. Омонимдердің екінші мағынасын табыңыздар.

1 Жылқышы 1)

Жылқышы 2) зат есім, сулы, батпақты жерде болатын, тұмсығы ұзын және төмен қарай кілген сұрғылт түсті құс.

2. Жылымшы 1) Сын есім, жылылау жылырақ.

Жылымшы 2)

3. Жыр 1) зат есім, ұйқаспен жазылған ән қосып айтуға ыңғайлы ұзақ өлең.

Жыр 2)

4. Зерен 1) зат есім , ағаштан жасалған, қымыз

құятын сәнді, оюлы немесе өрнекті ыдыс.

Зерен 2)

5. Илеу 1)

Илеу 2) зат есім, құмырсқаның ұясы.

6. Кедергі 1) зат есім, бөгет, тосқауыл.

Кедергі 2)

7. Қайырма 1) зат есім, киімнің кері қайырылған, қайтарылып тігілген жері.

Қайырма 2)

Қайырма 3) зат есім, мылтықтың шаппасы орналасқан, жылжымалы бөлігі.

8. Қар 1)

Қар 2) зат есім, қолдың білек пен иық аралығы.

9. Өзек 1)

Өзек 2) зат есім, есімдік сабағының ортасындағы жұмсақтау бөлік.

Өзек 3 ) зат есім, жұтқыншақтан асқазанға дейінгі ас өтетін жол, өңеш.

10. Өлең 1) зат есім, ылғалды жерде бітік болып өсетін, көп жылдық шөп.

Өлең 2)

90-жаттығу. Әр бағанды толтырып жазыңыздар.

Антоним

Қорғау – құрту, жою

лас –

байланыс –

дұрыс –

болашақ –

Синоним

табиғат – жаратылыс

адамзат –

дағдарыс –

дүние –

қорғау –

Омоним

әлем – 1) дүние жүзі;

бас –

түрлі-түсті

өңір –

өзек –

91 -жаттығу.

Минералды заттар ағзаның барлық тканьдарының құрамына еніп, оның тіршілік қызметінің процесінде ұдайы жұмсалып отырады. Минерал заттарының негізі (олардың біразы ауыз суында болады) тамақ құрамында минералды тұздар түрінде болады.Адам тәулігіне минералды тұздарды әр түрлі қажетсінеді. Егер де кісіге натрий, калий, фосфор және кальций тұздарынан тәулігіне граммен есептелетін мөлшер, йод жөніндегі қажетсінуі милли және микрограммен есептеледі. Адам көп қажет етпейтін химиялық элементтер микроэлементтер деп аталады.

Қазіргі заманғы ғылымның мәліметі бойынша 30 микроэлемент тіршілікке қажетті деп саналады. Олар организмге әр түрлі биологиялық қосындылардың, оның ішінде фермент, гормон, витаминдер құрамына еніп, ағза тіршілігіне. Ағзада керекті минералды тұздар әдетте, әртүрлі тамақтың болуымен толық қамтамасыз етіледі («Шаңырақ» энциклопедиясынан).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Мәтіндегі басқа тілден енген сөздерді тауып, қай тілдерге қатысты екенін көрсетіңіздер.

2. Қазақ тіліндегі айтылуында өзгешелік бар ма?

92 -жаттығу.

Адам екі түрлі

Бір адам бар: өрік, мейіз ағашы сықылды,

Жемісінен дүниежүзі баһра алады.

Бір адам бар терек ағашы сықылды,

Отқа отын болғаннан басқаға жарамайды.

Бісімілла – сөздің басы, хақтың аты,

Молланың ақ қағазда қалар хаты.

Нақылият, қара сөзден өлең қылып,

Шығарған ақын Мәшһүр хиқаяты.

Жақсылық, қайыр, ихсан қылған ісі,

Адамның қымбат баһа сол жұмысы.

Табылмас көзге тотия, ем дәрідей,

Қолынан әр жақсылық келген кісі.

Қайырсыз болсаң бәхил, болдың Терек,

Басқаға бір отыннан қылмас керек.

Жақсыдан жақсының да парқы бөлек,

Даналар біледі ойлап, ақыл зерек.

Құдайым пендесіне берген малды,

Жаратқан әр түрлі қып жүрген жанды.

Ғибадат, қанша қылған құлшылықтан,

Қайыр ғып берген артық жалғыз нанды (М. -Ж. Көпейұлы).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Өлең не туралы?

2. Ақын адам мінезін қандай жеміс ағаштарына теңейді?

3. Баһра, хақ, нақылият, хикаят, ихсан, баһа, тотия, бәһил қазіргі қазақ тілінде сирек кездесетін, басқа тілден енген сөздер екенін есте сақтаңыздар.

4. Осы сөздердің мағынасын сөздікті пайдалана отырып анықтаңыздар.

93 -жаттығу.

Сәукеле – әйелдің бас киімі, оны ұзатылған қыздар және оның жанына еріп жүретін құрбылар киген. Сәукеленің негізгі бөліктері – тәж, төбе, құлақ бау және артқы бойы. Сәукеленің төбесі қиық конус тәрізді болып келеді. Оның асыл тас, алтын, күміс, меруерт, маржанмен өрнектеп алтып, биіктігі екі сүйем, кейде одан да биік болады. Сәукелені өлшеп пішіп алып, ішіне астар, сырт жағына бидай шүберек ұстап жиі етіп сыриды. Одан соң оның сыртын қамқа, дұрия, торғын сияқты асыл матамен тыстайды. Сәукелені әшекейлеу үшін оның тысының сыртынан зер жіптен тоқылған оқаларды белдеулеп басады. Оның етегін мақпалмен не қара барқытпен әдіптеп көмкереді. Ал маңдай тұсына зер не жібек шашақтың шоқтарын тағады. Шашақтың сәукелеге жалғасқан тұсын асыл тастан көз орнатқан алтын, күміс түйреуіштермен бекітеді. Сәукеленің ең сыртынан шашақты, әшекейлі жібек матамен төгілтіп жауып қояды. Ол көйлектің етегі сияқты жерге сүйретіліп жүреді. Сәукелеге ұзын құлақ бау тағады. Оны шеті шыр айналдыра зер не жібек жіппен шалып көмкеріледі, түбіне сәнді түйреуіш түйреледі.

Қазіргі кезде де кейбір жерлерде қалыңдықтың басына сәукеле кигізіп, ақ желек жабатындар де кездеседі( «Шаңырақ» энциклопедиясы).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Тәж деген не? Оның пайдаланушыларға қарай мағыналық реңктері қалай өзгереді?

2. Құлақ бау, меруерт, маржан, әшекейлеу, сүйем, бидай, шүберек, зер жіп, оқа сияқты сөздерінің, сөз тіркестерінің мағынасын айтыңдар

3. Қазақтың ұлттық киімдері тігілетін мата аттарын дәптерлеріңе жазып, қатарын толықтырыңыздар: пүліш, масаты, жібек, шағи, қамқа, дүрия, мақпал, торғын, шыт, бөз т.б.

4. Мына сөздердің құрамына назар аударыңыздар: тәж, лаж, баж, мыж-мыж, құж-құж. Қандай ерекшелік байқадыңдар. Сөздердің мағынасын анықтап, сөйлем құраңыздар.

94-жаттығу. Ғ. Мүсіреповтің «Әдебиет, тіл жайында» мақаласынан алынған сөздерді оқыңыздар. Қазір көп қолданылмайтын сөздерді көшіріп, сөйлеуде қолданыңыздар (Ғ. Мүсірепов «Әдебиет, тіл жайында» «Ана тілі», 2002 жыл, 24 қаңтар).

Сөздерді, беретін мағыналарын оқып, қазіргі тілде қайсысы қолданыста бар екенін анықтаңыздар.

Мезе – көздің қиығы.

Жанақ – беттің томпағы.

Мілік – тістің еті.

Өң – маңдайдан иекке дейінгі қарсы алдың – бетің.

Еңсе – желке мен жауырын арасы.

Деңгей – қол жатқан (әскер) жердің белгісі.