Тіл тазалығы


Сөз мәдениеті, жазу, сөйлеу әдебі, ерекшеліктері дегенде назарға алынатын тұс – тілдің тазалығы. Жазу мен сөйлеуде әдеби тіл нормасына жатпайтын, тіл көркемдігін бұзатын артық-ауыс сөздерді қолданбау қажеттігін барлығымыз білеміз.

Әдеби тіл - өңделген, сұрыпталған, сол тілде сөйлеушілердің барлығына түсінікті тіл. Ендеше белгілі бір тілде таза жазу, сөйлеу дегеніміз ойға қажетті сөзді таңдауда оның қолданыс сипатына, сөйлеуші халық тіліне алыс-жақындығына қарай аламыз. Тілдің қызметі халықтың қоғамдық-өндіріс, қоғамдық-саяси, сондай-ақ рухани байлығын көрсете, аша алуында.

Тіл тазалығы айтар сөзге, ашар ойымызға пайдасы шамалы, қажеті мәнсіз орны белгісіз сөздермен әуестенбеуді талап етеді. Басқа тілден енген сөздерді мүлде сөздік қордан да шығарып тастай алмаймыз. Десек те, оны қолданудың орнын, ретін тапқан жөн. әрине, көркем әдебиетте белгілі бір ортаның ерекшелігін ашу үшін қаламгер басқа тілден енген сөздерді, диалектілер мен варваризмдерді пайдаланады. Бірақ, бұның өзі шығарма шырайын ашса ғана мақсаттың өтелгені.

Көршілік алдында неғұрлым әдеби тілде жинақы, ретті сөйлеу қажет болса, жазуда да әдеби тіл нормасына жатпайтын (диалект, варваризм, булгаризм, дисфемизм, былапыт сөздер т.б.) сөздерді жөнсіз қолданудан аулақ болған жөн.

Тіл тазалығы, тілдік нормадан ауытқымау дегеніміз – тілді бір ізбен қолдану емес, көркемдік тәсілдердің орнын тауып, қисынын келтіріп сөйлеу немесе жазу.

Сөз қайталау, сөйлем құрылымын ретсіз қою, жекелеген сөздердің мағынасына терең талдау жасамай қолдана салу немесе орынсыз бір-бірімен тіркестіру тіл тазалығын бұзады. Сөйлемдегі сөздердің мағынасы анық, әрі өз орнына қойылуын, сөйлем ішіндегі сөздермен лексика-грамматикалық, стильдік жоғынан сәйкес келіп, ойды ашуға қызмет етуін назарға ұстау керек.

Сөздердің бір-бірімен тіркесу мүмкіндігін ескеру – тіл тазалығын сақтаудың шарты. Тілдегі синонимдер мағынасы жуық, бір сөз табына қатысты, түрлену сипаттары да ортақ болып келеді. Бірақ, олар бірін-бірі үнемі ауыстыра бермейді. Мысалы, әдемі ойыншық әдемі сөз дегенде әдемі сын есімі ойыншық, сөз есімдерімен тіркескенімен әдемі жылқы, әдемі тіл деу сөзді бұзады. Сол сияқты қаламы жүйрік дегенімізбен қарындашы жүйрік деп айта алмаймыз.

Сөз, тіл тазылығы - әр сөздің қолданылу аясын, стильдік реңін, бояуын, басқа сөздермен тіркесу қабілетін, мағына-мәнін қызметін ескеру.

– Лексикалық норма: сөздің мағынасын: тура және ауыспалы мағына жасау мүмкіншілігін;

– морфологиялық норма: сөзге қосымша жалғау ретін, сөзден жаңа жасау ерекшелігін;

– синтаксистік норма: сөзтіркесу, сөйлем мүшелері орнын, инверсиялық өзгешелікті назарда ұстау – сауатты да білімді, мәдениетті адамның ісі.

107-жаттығу. Сөз тіркестері мен сөйлемдерден тіл тазалығына нұсқан келтірер орындарды табыңыздар.

1. - Кімге сенеміз, ата? Қарсылап жатуан кім бар бізді? (М. Сүндетов).

2. Бұл жерде үсініп өлемін деп қорықпайсың, ә?- дейді (Қ. Сегізбаев).

3. Бұл сабап жатса, астындағысы таңқылдап күліп жатыр (С. Оразбек).

4. Кішкентайымыздың екі күннен бері мазасы кетіп шікірттеніп қалғаны да, оны бағып-қоғамын деп Күләйханның жөнді ұйқы көрмегені де – бәрі рас.(Б. Нұржекеев).

5. Бәлкім, бірер сағаттан соң байырғы өміріне, жазсыз жүрген жалғызбасты жас әйелдердің күйігі де, күйбеңі де мол мігірсіз тірлігіне қайта аралатынын есіне алған шығар.

6. Бір есептен: тым болмаса сыпайлық үшін «ал, біздікіне жүр! Үйді көріп кетерсің» демес пе екен деген әлі бір жымысқы ойы да (айырылысар сәт жақындаған сайын) ашық тілекке айналып, жанын тызықтырып жіберді (Қ.Мұхаметқалиев).

Жазба тіл

Баспасөз тілінің мәдениеті

Сөйлеу тілінің мәдениеті

 

 

 

108-жаттығу. Сөйлемдердегі қатені тауып, түзетіп жазыңыздар.

1. Қолма-қол есіне алды. 2. Көмектесу үшін не қажеттің бәрін істейміз. 3. Өзіңді әрқашан қолға ұста. 4. Тырнақтап есіне әрең түсірді. 5. Үміттен бас тартпаймыз. 6.Жеңіліс тапты. 7.Қөзқарасын кеңейтті. 8.Күтінген ел. 9. Жиылыс одан әрі өткізілуде. 10. Салалы аяқтарына қарады.

109-жаттығу. Төмендегі сөздермен бірнеше сөз тіркестерін жасаңыздар.

Ауыл, мектеп, кітап, қалам, шешен, көйлек, қайрат, күш, көз.

110-жаттығу. Қазақ тіліне аударыңыздар. Аудармада қандай өзгешелік байқадыңыздар.

1. Көп сөйлеген білімді емес,

Дөп сөйлеген білімді.

2. Көлді жел қозғайды,

Ойды сөз қозғайды.

3. Аз сөйлеп, көп тыңда.

4. Білмесең – үндеме,

Білгенді күндеме.

5. Ашуың келсе – қолың тарт,

Айтпас жерде – тілің тарт.

6. Адам көңілінен азады,

Тілінен жазады.

7. Шешеннің сөзі – мерген,

Шебердің қолы – мерген.

8. Көп сөйлеген көптен айырыла

9. Кесірлі ауыздан,

Кесапатты сөз шығар

10. Сөз сағасы – бұлақ.

Сөз сағасы – құлақ.

11. Ми ойлағанды

Тіл тындырады.

12. Мақал – сөздің атасы,

Уәде – ердің опасы.

112-жаттығу.

Көркем әдебиетте әрбір сөздің өз тұрпаты сақталуға тиісті. Тілге бай, тілі жақсы дегенде ешбір жазушы жаңадан сөз тауып, сонысымен бай, сонысымен көркемдікке жетпейді. Халқының тіл байлығында бар сөздерді дұрыс тұрпатымен пайдаланып, сол қордан алынған сөздерден жаңа теңеулер, жана бейнелеулер арқылы тілге бай, тілге шебер деп аталады. Әсіресе, дауысты дыбыстар мен дауысты буындарды кескілеу сөздін тұрпатын бұзумен бірге сөйлемнің ішкі ырғағын да бұзады. Ат жорғалап келе жатып шауып кетсе, желіп келе жатып сүрініп кетсе, қалай көрер едік? Сөйлемнің ырғағын бұзуда соған ұқсайды.

Тіліміздің қорында бар сөздерге жаңа мағына беру жолындағы табыстарымызға мен Ісләм Жарылғаповтың (көрермен, оқырман, аялдама) деп қосқандарын орынды да орнықты көремін. Мұхтар Мағауиннің «ірінді суы» да сондай, белгілі түсініктің мағынасын дәл береді.

Бізде қақа аталатын, шалшық су, жайдақ су деп аталатын сулардың бәрін де ірінді су деген дұрыс көрінеді.

Біраздан бері жалпы мағынасындағы искусство дегенді өнер деп атап келеміз. Ана тілімізде сақина-білезік соғуды да өнер дейміз. Арба-шана істеуді де, үй жонуды, етік тігуді де өнер дейміз. Туындысы - өнерші. Дұрысында искусствоны басқа өнерлерден айырып – көркем өнер деуіміз керек. Оның ішіне сурет, музыка, сахна, экран, би өнерлері ғана кіретін болсын. Көркем әдебиет деген сияқты көркем өнердің де өзінің асыл тегін көрсетіп тұратын атауы болғанды дұрыс (Ғ.Мүсірепов).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Мәтіндегі негізгі ойды анықтаңыздар.

2. Жазушының көркем әдебиет тіліне қояр талаптары қандай? Атаңыздар.

3. Бүгінгі күн талабымен, қолданысы тұрғысынан өз пікірлеріңізді жинақтаңыздар.

4. «Жаһандану және ұлт тілінің өзгерістері» тақырыбында баяндама жоспарын жазыңыздар.

113-жаттығу. Төменде берілген тақырыптар бойынша эссе, мақала, шығарма әзірлеңіздер.

1. «Ұлттық сөйлеу әдебі», «Мен оқыған шығарма» (эссе).

2. «Дәстүр – мәдениет өзегі», «Жаңа технология және тілдік терминдер» (мақала).

3. «Мақал-мәтелдер халық қазынасы» (шығарма).