Қайталау


113- жаттығу. Кестені толтырыңыздар.

Тым сыпайы түрі

Бейтарап сыпайы түрі

Ауызекі сөйлеу тілінде

Үлгі: Кешіріңіз, аялдамаға қалай баруды айтпас па екенсіз?

Аялдамаға қалай баруды  айтыңызшы?

Аялдама қайда?

Мазалағаныма кешірім өтінімен, кітапхананың қай жерде екенін көрсетпейсіз бе?

 

 

Мархабат етіңіз, маған тымауға қарсы дәрі керек еді.

 

 

Қарсы болмасаңыз, сізден өтінерім, мына шұжықтан 200 г.  өлшеп беріңізші.

 

 

Ғафу етіңіз, мені өткізіп жібермес пе екенсіз!

 

 

114-жаттығу. Бала, көз, шаш, сөз, су сөздері қатысатын тұрақты сөз тіркестерін жазыңыздар.

Үлгі: су-мойнына су кету, су жүрек...

115-жаттығу. Көрсетілген тұрақты тіркестердің синонимдерін тұрақты тіркестермен беріңіздер.

Қуанышы қойынына сыймау, қырғи қабақ болу, төбе шашы тік тұру, қас қаққанша, мойнына су кету, жүрегі тас төбесіне шығу, инемен құдық қазғандай, сөзі түйеден түскендей, ит арқасы қиянда, ат шаптырым, соқырға таяқ ұстатқандай.

Үлгі: қуанышы қойнына сыймау – төбесі көкке жету

116-жаттығу. Тұрақты тіркестердің антонимдерін тұрақты тіркеспен жазыңыздар.

Тайға таңба басқандай, біреудің ала жібін аттамау, жүрек жұтқан, таяқ тастам, көзі ашық, тонның ішкі бауындай.

Үлгі: тонның ішкі бауындай – айырылар.

117-жаттығу.

Жасымда ғылым бар деп ескермедім

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ер жеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы

Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?

Адамның бір қызығы – бала деген.

Баланы оқытуды жек көрмедім.

Баламды медресеге біл деп бердім,

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім.

Өзім де басқа шауып, төске өрледім,

Қазақта қара сөзге дес бермедім.

Еңбегінді білерлік еш адам жоқ,

Түбінде тыныш жүргенді теріс көрмедім(Абай).

Уыс – қолдың саусақтарын жымдастыра бүккендегі алақан аясының іші;

махрұм – құр, бос;

басқа шауып, төске өрлеу – бағы, атағы, мансабы өсу;

дес бермеу – жол бермеу, теңдік бермеу;

медресе – діни оқу орны;

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Өлеңді мәнерлеп оқыңыздар.

2. Өлең оқу техникасы талаптары тұрғысынан талдау жасаңыздар.

2.1. Ритмикалық топтарды бөлектеу.

2.2. Бунақ екпіндерін жіктеу.

2.3. Сөз екпіндерін көрсету.

2.4. Акустика-артикуляциялық өзгерістерді анықтау.

2.5. Логикалық екпінді айқындау.

118-жаттығу. Төмендегі сөздерді қатыстырып сөйлем құраңыздар

Еділ үшін егестік,

Тептер үшін тебістік,

Жайық үшін жандастық,

Қиғаш үшін қырылдық.

Теңдікті, малды бермедік,

Теңдіксіз малға көнбедік.

Ханның кірген ақ орда

Бұзуын ойлап кеңестік.

Аламанға жел бердік,

Қара қазақ баласын

Хан ұлына теңгердік.

Өздеріңдей хандарды,

Қарны жуан билерді

Қабырғасын сөгілтіп,

Қабырғадан аққан қан

Ат бауырына төгілтіп,

Әділ жаннан түңілтіп,

Ат артына өңгердік.

Аса жұртты меңгердік(Махамбет).

Аламан - 1) 100 шақырымға дейін шабатын бәйге;

2) ұсақ кеміргіштер тобына жататын тышқан түрі;

3) бүркіттің ақиығы;

4) бұл жерде: көпшілік бұқара

Аса жұрт - көп жұрт, қалың ел.

Өңгеру – ердің алдыңғы жағына көлденең салу

119-жаттығу. Адам аттарының мағынасына назар аударыңыздар, көшіріп жазыңдар.

1. Абзал ар. (араб тілінде) – ардақты, құрметті.

2. Ахмет, ар. – мақтаулы.

3. Әбунасыр, ар. – абу - әке+наср – 1) жәрдем беруші, көмекші.

4. Әди, ар. – басшы, жетекші.

5. Әли, - Ғали ар. – биік, аса зор.

6. Әлішер, Әли + шерар – арыстан.

7. Әмір, ар. – ізгі, құрметті.

8. Әзиза, ар. – ұлы, мәртебелі.

9. Әлия, ар. – құны, бағасы артық.

11. Жамал, ар. – сұлу, көрікті.

12. Ділда, ар. – алтын ақша.

13. Зағипа, ар. – дос, жолдас.

14. Жандос, ир. – жан біткеннің досы.

15. Зейнұр, ар. – нұр, көркем рең.