ІІІ бөлім. Іскерлік қарым – қатынас тілі


Бүгінгі қоғам білім мен қабілетті, мінез бен мәдениетті, еңбек пен ақылды орнымен қолдана алатын іскер маманды қажет етеді. Іскерлік қарым- қатынастың өзіне тән ерекшеліктері: қалыптасқан әдеттері мен қолданар сөз, сөз орамдары, тұрақты құжаттары бар. Өз ортасы талаптарына қарай мәдениетті игеру мен бірге сөз әдебін қолданудағы сауаттылық та – басты шарт. Сауаттылық іскерлік қатынастағы жазба тіл үшін де, ауызша сөйлеу тілі үшін де қажет.

Іскерлік қарым-қатынас тілі – белгілі бір мекеге, кәсіпорын, өндірісте қолданылатын қызметтік пікірлесу, келіссөз жүргізу, келісімшарт жасау, құжаттар алмасу іс қағаздарын жүргізу, ресми кеңес жиналыс, мәжілістер өткізуде қолданылатын тіл.

Іскерлік тіл қажет ететін көркем әдебиет тілінен гөрі маманнан тиісті тіл даярлығын, жүйелі білімді, біліктілікті талап етеді.

Қызмет ортасына қарай, кездесетін, пікірлесетін орнына байланысты сәлемдесу, жұмыс жайын таныстыру, жоспарын қысқаша баяндау, ұсыныстың мән-маңызын түсіндіруге әдеп пен мәдениет, іскерлік білім мен білік қажет.

Талқыға түсетін мәселе жөнінде жан-жақты хабардар болу, сол салаға қатысты терминдерді орнымен қолдану, сұраққа нақты, жүйелі жауап беру де іскерлік қарым-қатынастың талаптары.

Көп сөзділік, пікірлесушінің көзқарасымен санаспай, жөнсіз бірбеткейлік көрсету, уәжді байламға тоқтауға дәрменсіздік келісімде тек қана кедергі болады.

Іс қағаздарын жүргізу, құжаттарға талдау, сараптама жасау, жұрт алдында белгілі бір мәселе төңірегінде терең мәнді ой айта білудің түрлі әдіс-тәсілдері, әдістері мен қыр-сыры бар.

Қоғамдағы басты міндеттердің бірі – құжат пен іс қағаздарын ана тілінде жазу. Ана тілімізде ресми іс қағаздарының қалыптасқан тілдік орамдары, тұрақты үлгілері бар.

Тілдің тарихын зерттеушілер қазақ тілінде ресми іскерлік қарым-қатынас тілі ертеден бар екенін айтады. Оған мысал ретінде билер сөзін алуымызға да болады. Белгілі бір дауды шешерде қолданар өз лексикасы болды. Тіл көркемдігін билер сөзі жарқырата, жандандыра түсті.

Нақты мысал ретінде «Қазақ әдеби тілінің тарихы көздері»кітабынан мысал келтірген жөн:

«Қазақтың көне әдеби тілінің негізгі көздерінің бірі – ХVІІІ ғасырда жазылып, архивтерде сақталған қазақша іс қағаздары. Бұлардың тіл тарихы үшін айрықша құндылығы – сол кезеңнің мұрасына жататын өзге жазба нұсқалардың жоқтығы немесе тым аздығы. Ал сөз еткелі отырған документтердің көбі ХVІІІ ғасырдың 30-жылдарында қазақ жерінің Россия қол астына өз еркімен қосылуымен байланысты жасалған еді. Атап айтқанда, олар – қазақ хандары мен сұлтандарының орыс әкімшілігіне әр түрлі мақсатта жолдаған хаттары».

1733 жылы Кіші, Орта жүз қазақтарын өз қол астына алуын сұрап патшаға жазған Әбілқайыр ханның өтініші бар. Онда ресми документтерге тән стиль сақталған. Патшаның барлық лауазымдарын санау, көп мадақтау жоқ, «ұлұғ бек мархаматлу импиратор падишаһ ағзам хазіретлеріне мағлұм қыламыз» деп, әрі қарай айтатын сөзіне кірісіп кетеді. Бұдан кейін «патша » сөзі кездескен жерде оған «рақымлы», «хұрметлу» деген эпитеттерді ғана қосады, көбіне оны да пайдаланбайды.

Қорыта айтқанда хат тексінде қазіргі әдеби тіл нормасынан ерекшеленетіндей көне формалар , араб және парсы сөздері тым сирек. Біздің есептеуімізше ондағы 180 сөздің ( қайталауларын қоса есептегенде) 120-сы, яғни 67 пайызы – қазақтың төл сөздері, 20 ( яғни 36 сөз ) пайызы – араб, парсы сөздері, қалған 13 пайызы орыс сөздері мен ономастикалық атаулар үлесіне тиеді. Хатта қазіргі қазақ тілінде жиі кездесетін рахым қылу, пайда табу, тәуба қылу, құл болу, көптен-көп дұғай сәлем, есен-аман сияқты тіркестер ұшырайды.

Сонымен қатар хат тілінде түркі жазба әдеби тілінің орфография мен грамматика заңдылықтарының дәстүрі молынан сақталған.