Сөз қолдану мәдениеті


Бұған дейін біз ауызекі тілде сөйлеудің түрлері, ерекшеліктері туралы айттық. Ауызша сөйлеудің қажеттілігі, қолданылатын орындарына қарай маңызды екені белгілі.

Бүгінгі ғылым қарқын алған қоғамда сонау өткен-өткен ғасырлардан бері қарай ауызша сөйлеудің шаруашылық, тұрмыс пен мәдениетте, жалпы адамзат дамуы үшін жеткіліксіз екені байқалды.

Қазақ қоғамында жазу мәдеиетін болмады деген пікір дұрыс емес екенін бәріміз де білеміз. Бірақ, көшпелі мәдеиетті даму негізі санаған қазақ ұлты үшін ауызша сөйлеу, әдеби, рухани мұраны жатқа білу есте сақтау қабілетін күшейтіп, сөз құдіретін тануға әсер етіп, сөз киесінің сөйлеуші мен тыңдаушыға неғұрлым тегеурінді жетуіне ықпалын жасады. Ауызекі тілде сөйлесу қарым-қатынасты жасаушы, ұлтты ұйытушы, бірлік, ынтымағын жарастырушы болды, әлі де сол қызметін жоққа шығара алмаймыз.

Жазу адам ойын жүйелі, тиянақты, толық жеткізуге мүмкіндікті молырақ береді.

Жазбаша сөздің, қарым – қатынастың ерекшеліктері:

– сөйлем құрылымы қалыптасқан үлгіден көп ауытқи бермейді (стильдік өзгешеліктерді болмаса);

– емле ережесі ортақ, оны өзгертуге болмайды;

– сөздердің жазылуының орфографиялық ұстанымдары сақталуы тиіс;

– қаратпа, қыстырма, одағай сөздер ретсіз көп қолданылмайды (стиль өзгешелігіне қарай ғана).

Қазақ халқы үш түрлі жазу жүйесін қолданған. 1929 жылға дейін мұсылман дінінің, ислам мәдениетінің таралуына байланысты араб әліпбиін пайдаланады. Кеңес өкіметі кезіңде 1929 жылдан латын жазуына көшсе, 1940 жылдан бері орыс жазуын қолдануда.

Қазақ тілінің емле ережесі 1957 жылы, 1983 жылы (2003жылы) жаңа толықтырулар мен өзгертулер негізінде түзетіліп отырды.

Сөздердің дұрыс жазылуы «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігіне» сүйене отырып қадағаланады.

49-жаттығу. Дұрыс жазылған сөзді көрсетіңіздер.

1. Қазір, қазір, қазыр, хазыр.

2. Қата, қате, хата, хате.

3. Бейіл, пейіл, пиғыл, пиығыл, быйғыл.

4. Әлдеқашан, алдақашан, әлдеғашан, алдағашан.

5. Әлдегім, әлденім.

50-жаттығу. Әр қатарды тапсырмасы бойынша сөздермен толықтырыңыздар.

1. Екінші буында ә әрпі бар сөздер:

2. Екінші буында ұ, ү әріптері бар сөздер:

3. И және у дыбыстары қатар келетін сөздер:

4. Ж ж әрпі сөз соңында келетін сөздер:

5. Қай дыбыстар түбірдің сөз соңында қолданылмайды?

51-жаттығу. Өлеңді мәнерлеп оқыңыздар.

«Ңөң» (үзінді)

Бір басымда санасаң,

Өнер,

Білім

Тегіс бар.

Болмайтұғын Бас әріп

Қай жерімде кеміс бар?!

– Бола алмайсың Бас әріп,

Түспе текке азапқа.

«Ң» әрпінен басталар

Бір сөз жоқ қой қазақта.

Деді осында біреулер,

Дәлел айтып бұлжытпас.

(Дәлелді сөз – әлді сөз,

Әлді сөзге кір жұқпас).

– Солай, – десті қалғаны,

Оңай көніп, ойланбай.

«Көне сал», – деп, біреулер

Тамақ беріп қойғандай.

– «Ң» әрпінен басталар,

Сөз бар, – деді «Ң».

Көнбеді. –

Білмесеңдер айтайын,

Оның аты – «Ңөң» деді. –

Айсберг дегенді,

Арғы қазақ «ңөң» деген.

Көктемде көшетін

Өзен мұзын «Сең» деген.

Айтқан сөзім айғақты,

Керегі не мазақтың?!

Өмір бойы зерттедім,

Ана тілін қазақтың.

Зілдей ауыр зілдерді,

«Ңөң» дейді екен бұрындар.

Ал «сең» деген сөзінде –

«Жеңіл» деген ұғым бар.

Өң,

Дөң,

Жең,

Мең,

Сең дейді.

Тең,

Таң,

Тоң,

Кең,

Кең дейді.

Ал енді Асбергті

Бас алсаң да, «ңөң» дейді!

Ойда жоқта осылай,

«Ң» ашты бір жаңалық.

41 әріп бас шайқап,

Тұрып қалды қамалып.

«Ңөң» деген сөз қазақта

Жоқ десең де еркіңде.

Қарыз сұрап тұрғам жоқ,

Бар десең де еркіңде.

«Ңөң» деген сөз қазақта

Жоқ десең де еркіңде.

Бар десең де дәл содан

Бұзылмайды көркің де! (О.Әубәкіров)

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Өлеңдегі «өң», «дөң», «жең», «сең», «тең», «таң», «төң», «көң», «кең» сөздермен сөйлем құраңыздар.

2. «Сең», «ңөң», «дөң» сөздерінің дыбыстық ұқсастығы мағыналық байланысқа қатысты деп ойлайсыздар ма?

3. Өлеңнің соңғы 2 шумағындағы автор ойы туралы не айтасыздар?

52-жаттығу.

Мен 25 жыл әскерде болдым. Біле білген кісіге бұл үлкен университет. Осы 25 жылдың ішінде мен талай қолбасшымен кездестім, сабақ алдым, талай генералдың қол астында қызмет істедім, тәрбие көрдім. Өйткені командир деген әскери педагог қой. Осы әр ұлт адамдарымен қызметтес болғанымды өзіме ерекше мектеп деп бағалаймын. Себебі чуваш мынадай екен-ау, қырғыз мынадай болады екен-ау деп ойланасың. Ана халық анадай дәстүрін қастерлейді, мына халық мынаны құрметтейді екен-ау деп толғанасың. Мен осы 25 жыл, ішінде қарамағымда болған үстеріне шинель киген солдаттар арқылы барлық халықтардың жанын ұқтым деп ойлаймын. Өйткені олардың жүректері-іштерінен шыққан балалары – менің алақанымда болды. Отан үшін өз басымды өлімге байлай отырып, мен оларды ажалмен алысуға жұмсадым. Олардың өлмеуі үшін, өз ұрпақтарын, өз халықтарының намысын, оның өздері сүйетін асыл қасиеттерін аман сақтап қалу үшін жұмсадым. Өзім де жаным арымның садағасы, халқым үшін қасықтай қаным пида деп, жанып тұрған отқа талай түстім. Мен соғыс кезінде «Красная звезда» газетіне былай жазғанмын: «Өз халқын құрметтеп, сүймеген адам опасыз, оңбаған адам» дегенмін... Өз елінің бағасын білген адам ғана басқа елді қадірлей алады. Өйткені халықтардың туыстығы алдымен адамдардың өз халқына сүйіспеншілігі арқылы ғана келеді. Мен өзге ұлттарды құрметтеуші, өз ұлтын сүюші адаммын (Б. Момышұлы).

Сөздік:

садаға – жанын құрбан ету

пида – құрбан болу, өлімге бас тігу

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Қарамен жазылған сөздердің синонимін жазыңыздар.

2. Асты сызылған сөздердің омонимін көрсетіңіздер.

3. Жазушының «Мен өзге ұлтты құрметтеуші, өз ұлтың сүюші адаммын», - деген сөзін қалай түсінесіздер?

4. Б. Момышұлы туралы, ерліктері мен шығармашылығы туралы не білесіздер?

5. Мәтінді пайдаланып, «Ер туған жерінде» деген әңгіме құрастырыңыздар.

6. Әңгіме қандай түрде берілген (ауызша, жазбаша)? Дәлелдеңіздер.

53-жаттығу. Сөздердің бірге не бөлек жазылатынын анықтаңыздар. Жазылуына қарай оқыңыздар.

54 –жаттығу.

Жастарымыз отаншыл болсын. Отаншылдық - әр адамға керекті ең ұлы қасиет. Ал отаншылдық өз үйіңнен басталады. Кімде-кім ата-анасын ардақтаса, сол ата-анадан бірге туған бауырларымен тату болса, өзінің өскен ауыл, қаласын, туған ұлтын сыйлап қадірлесе, сол адам отаншыл болады. Өйткені өз әке-шешесін ардақтамаған , өзгенің ата-анасын құрметтемейді. үйде бауырмал болмаған, түзде интернационалист болмайды. Өз ауылының тасын сыйламаған, өзге ауылдың тауын қадірлемейді. Өз ұлтын жақсы көрмеген, өзге ұлттарды ұнатпайды. Мұны ұлтшылдықпен шатастырмау керек. Екеуі аспан мен жердей екенін жастар ажырата білуі шарт.

Намыс – азаматтың алтын туы. Әке-шешесін сыйлаған балада ғана намыс болады. Оларды ұялтпайтын, сүйегіне таңба түсірмейін, өлсем өлейін, бірақ ата-анамды, ағайын-жұртымды жерге қаратпайтын дейді. Ер жігіттің елі – ата-анасы, Отаны – өз үйі.

Патриотизм – «Отаным сені сүйемін. Сен үшін құрбан болуға әзірмін» деп құрғақ сөзді гүмпілдете беру емес. Ол – формализм. Елді, жерді, Отанды сүйетіндігіңді сөзбен емес, іспен дәлелде. Ата-анасын сыйлаған шәкірт, студент сабағын да жақсы оқиды, тәртібін де дұрыс ұстайды, шаруакер, адал, әділ болып өседі. І деген осы, патриотизм осыдан басталады.

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Ә. Нұршайықовтың Б. Момышұлы туралы жазылған «Ақиқат пен аңыз» кітабынан үзінді берілген.

2. Төмендегідей талдау жасаңыздар:

2.1. Әңгімелесіп отырып, өткенді еске алу.

2.2. Өткенге бүгінгі күнмен баға беру.

2.3.Әңгімелесушілердің жан-сезімін, көңіл-күй, ішкі әлемін, сырт бейнесін, ой көзқарасын ашудағы диалогтің орны.

2. Б. Момышұлы жастарға Отанды сүюді, намысты да патриот болуды өсиет етеді, ал оның бастауы неде?

3. Мәтіндегі пікір-ой, көзқарасты дәлелдеудегі:

а) танымға, түсінікке, ойдың нақтылығына;

ә) қажетті сөздерді таңдай білуіне;

б) стильдік ерекшелікке;

в) ой қисынына талдау жасаңыздар.

55-жаттығу.

Бір күні ауылдың даңғой жігіттерінің бірі тұзды әбден мақтапты.

– Тұз – жеті қазынаның бірі, онсыз еттің де, нанның да дәмі болмайды, – дей беріпті әлгі жігіт.

– Бір нәрсені айтпай кеттің,- дейді сонда шешен,– тұз сөздің де дәмін кіргізеді.

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Шешеннің тұз бен сөзді салыстыруында қандай қисын бар?

2. Сөздің дәмін келтіретін (тұз) не деп ойлайсыздар?

3. Жеті қазынаға не жатады? Жетіні қазақ халқы неге қазына – байлық деп есептейді?

56-жаттығу.

Ауылдас біреу мынадай әңгімесін айтады:

– Түн ортасында бір атты адам үй тұсына келіп, «кім бар-ау, құдайы қонақпыз» деді. Нешеусің деп едім, «үшеуміз» деді. Үшеу білдім, әлгім ит ерткен бір-ақ адам екен. Үшеуміз дегені несі?

– Оның үшеуміз дегені, өзіме бір аяқ ас, атыма бір бау шөп, итіме сүйемдей бір сүйек керек дегені екен,– деп түсіндіріпті пайымшыл ауылдасы аңғал көршісіне.

Сұрақтар мен тапсырмалар.

1. Мәтіннен айтылар ойларыңа қажет мәліметтерді тауып алыңдар:

а) қонақ жайында қандай мәліметтер бар?

ә) әңгімелеуші ертеңінде қонақ туралы не білді?

2. Әңгімедегі ауызекі тіл стилінің ерекшеліктерін көрсетіңіздер.

2.1. Сөз қолданысы.

2.2. Сөз мағынасының өзгеруі, жаңа мағыналық реңк алуы.

2.3. Сөз құрамы мен сөйлем құрылысы.

57-жаттығу.

Кекеш Әбет

Көрші екі рулы елдің басты адамдары жиналып, ел арасындағы дауды сараптамаққа билер кеңесінің өтетін жерін, уақытын белгілейді. Бұл жиынға өз аулының адамдарына атқосшы болып, жас Әбет те келеді. Енді жұрт кеңесті ашайын десе, Әбет қосшылық еткен топтан Арықбай дейтін белді би келмеген болып шығады. Бір уақытта ... Арықбай келіп жетеді. Осы кезде қарсы жақтың адамдарының бірі Арықбайды менсінбей: «Қарға адымды адам екен, аталы сөз шықпас бұдан» деп салыпты. Мұны естіп қалған Әбет тұтыға сөйлеп: «То-тоқтай тұрыңдар, то-то-тоқтай тұрыңдар, билер. Біздің Арекең ... шошаладай (оқалақ) болар, сіздер үлкен болғанда атан өгіздей боларсыздар. Шошала тигенде бір қора өгіз быт-шыт болмай ма? Біздің Арекең шошала ғой», - депті.

Ұялған ана жақтың адамдары қас болса да Әбеттен кешірім сұрапты.

Арықбайдың шешіміне жиналған жұрт разы болып тарасыпты.

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Көп нүктенің орнына төмендегі сөздерді қойып жазыңыздар.

2. Әңгімеде шешендігі кеңірек ашылған кім деп ойлайсыздар: Арықбай би ме, Әбет пе? Дәлелдеңіздер.

3. Әбеттің сөзінің ойының дұрыс екендігі мәтінде қалай тұжырымдалған?

4. Әңгімеден сөз дәлдігіне қажет элементтерді (ой, түсінік, қисын, сөздер) табыңыздар. Керекті сөздер: а) атан түйедей, ұзын бойлы; көзге қораш, шағын денелі, орта бойлы, тығыршықтай; ә) кішкентай болғанда, үлкен болғанда, таудай болғанда.

58-жаттығу.

1. Он жасымда сүт емген қозыдаймын,

Он бесте жарға ойнаған лақтаймын,

Бой түзеп жиырмада сылақтаймын,

Отызда ағып жатқан бұлақтаймын.

Қырқымда қынаптағы қылыштаймын,

Елуде әр жұмысты жұмыстаймын,

Алпыс жаста тай жеген бөрідеймін,

Жетпіс жаста илеген теріздеймін.

Жетпістен сексен жасқа келген шақта

Артымнан кейін кеттім кері деймін.

2. Ұстаз айтыпты:

- Он бесімде оқуға келіп еттім,

Отызымда кәмелетке жеттім.

Қырықта күмән-тұманнан арылдым,

Елуде аспанның әмірін таныдым,

Алпыста құлағым ашылды,

Жетпісте жүрегімнің қалауын таптым.

Бар ісім байыпқа түсті (М.Мағауин «Мен», Алматы, 1999).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Адамның жасы туралы Шал ақын мен қытай философы Конфуцийдің ойларын салыстырыңыздар:

а) екі мәтіндегі адам жасына қатысты көзқарастардың ұқсастығын, ерекшелігін;

ә) Шал ақын өлеңінің ойнақы, бейнелі, қозғалмалы, сөз қолданысын;

б) Конфуцийдағы тоқтамалы, бір қалыпты ой қисынын;

в) бірінші мәтіндегі күш-қуат, тегеурінге;

г) екінші ақыл, тәсілге бағындырыла жүйеленген ойға қажет сөздердің таңдалып алынғанына талдау жасап, мысалмен дәлелдеңіздер.

2. Адам жасы, ерекшелігі туралы өздеріңіз не айта аласыздар.