Сөз дәлдігі


Тіл ғасырлар бойы, замандар бойы жасалып қалыптасады. Халықтың әр кезеңдегі тарихының, шаруашылық пен тұрмысының көрінісі. Ұлттық дәстүр, салт, әдет-ғұрып, тарих, шаруашылық-тұрмыстық өзгерістер, ерекшеліктер, таным, сенім тілде сақталады. Тіл – сонысымен қадірлі. Онда біздің ата-бабаларымыздың ойы, пікірі, жаны мен қаны бар. Тарих тілдің сол тілде сөйлеуші ұлт ерекшелігіне қарай жүйесін қалыптастырады. Тілдік жүйені дыбыстың айтылуы, өзара үндесуі, сөз мағынасы, оның өзгеруі, мағына өзгеруінің әдіс-тәсілдері мен жолдары, қосымша, сөздердің тіркесуі, сөйлем мүшелерінің орналасу тәртібі т.б. құрайды.

Айтушы, жазушы ойының дәл жетуі, түсінікті болуы ауызекі сөйлеудегі қажетті ерекшеліктерді ескеру болса, жазуда тілдік жүйе құрамындағы бөліктердің лингвистика ережелеріне бағындырылады.

Сөздің дәл берілуі, ойдың жетуі ғылыми стиль мен ресми тіл стилінде сақталады. Публицистикалық, әдеби тіл стильдер бұдан бөлек. Әдеби тіл ойды бейнелі, сурет күйінде жеткізуді мақсат етеді. Ғылыми стиль нақты санмен, анықтамасының өзі де мағынасын аша алатын терминдермен көрсетіліп, айтар, жазар ойды дәл бере алады. Бірақ тіл көркемдеуді, әдемі жеткізуді, сұлу да бейнелі суретті де қажетсінеді. Бұл – адам жанының сұранысы. Бұны өтейтін өнердің бірі – тіл өнері. Қазақ халқы ойды көркем де қуатты, бейнелі де тегеурінді жеткізуді «өнердің алды» деп бағалайды.

Адам ойы тіл арқылы айқындалады. Сөздің өзі – адам санасындағы ұғым, түсініктің көрінісі. Сондықтан да сөз бен ұғымның арасында алшақтық, қарама-қарсылық болмауы керек. Сөз дәлдігі сол сөздің ұғымына сай келетін мағынаны дәл тауып беруімен анықталады. Сөз дәлдігін айтар, жазар ойға ұштастыруда:

1. Әр сөздің жеке тұрғандағы мағынасымен бірге басқа сөздермен тіркескенде өзгерер ерекшеліктерін, қызметін, стильдік сипатын, қолданылу аясын да ескеру;

2. Қазақ тілінің заңдылықтары мен ерекшеліктерін жетік білу.

3. Орфоэпиялық норманы меңгеру: әрбір дыбысты, сөзді, тіркесті дұрыс айту, екпінді нық қою; сөздер арасындағы кідіріс, ырғақты дәл беру;

4. Қосымша қимыл-қозғалыс, ым-ишараны дұрыс, орнымен пайдалану керек.

Сөз дәлдігі

Айтылар ой, сөз туралы нақты білімнің, түсініктің болуы

Ой қисынының жүйелілігі

Қажет сөздерді таңдай білу

59-жаттығу. Мәтінді көшіріп жазыңыздар.

Әмірқан тымағын қыңырайта киіп тағы барды. Тағы соқты. Тағы да ескектете, желпіндіре, желіктіре, ышқындыра, құлшындыра соғып, тыңдаушының айызын әбден қандырды. Әмірқан бәйгеден келді! Зал сарт-сұрт, айғай-ұйғай, гуілдеп, толқындап барып басылды. Әмірқанды құшақтап алып, арқаға қағып, бетінен сүйіп жатырмыз.

Әмірқандай әнді ешкім сала алмайды. Жай жүргенде Әмірқанды ешкім де елемейді. Әмірқан ән салса, сонда кім екенін білесің. Ән салса, ол өзін-өзі ұмытады, әннің әуеніне төңкеріледі, оның дауысы көмейімен шықпайды, жүрегінен шығады. Ол әннің әр нақысын ұғады, әнді ғана сүйеді. Ол - тәтті үнге, топқа бола жаралған адам. Ән салса рақаттанып, гүл-гүл жайнайды. Көзі де, аузы да, денесі де, қолы да бірге салады. Әмірқан кісі емес, әнге айналады. Оның ән салғандағы түріне қарап отырсаң, тоясың (Ж. Аймауытов).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Әншінің ән айту өнерін жазушы қалай суреттеген:

а) киім киісінің өзгешелігі;

ә) дауыс құбылтуын айшықтайтын сөздер;

б) түр, сипатының өзгерісі.

2. Қарамен жазылған сөздердің сөйлемдегі, мәтіндегі эмоциялы-экспрессивті мәні қандай?

3. Мәтіндегі «бәйге», «елемейді», «нақысын», «әнге айналады» сөздері мен сөз тіркестерінің синонимдерін тауып, алмастырып айтып көріңдер, қандай өзгешелік бар?