Сөз дәлдігі және тұрақты сөз тіркестері


Тілдегі тұрақты сөз тіркестері тілді көркем айшықты айтудың бір тәсілі болса, ендігі бір артық белгісі сөзді негұрлым дәл нақты береді. Мысалы: «тез» деген мен «көзді ашып-жұмғанша» тіркесінің мағынасын бірдей дей алмаймыз. Жылдамдықтың соншалықты күштілігін сөзден гөрі тұрақты сөз тіркесі дәл ашып тұр.

Тұрақты сөз тіркестері тілде сөзді алмастырып қана қоймайды, ойды анықтайды. Таным-түсінікті береді. Осындай ерешеліктеріне қарай тұрақты сөз тіркестерін шартты түрде таным-түсінікті және ой дәлдігін ашатын тіркестер деп бөлуге болады.

Жаугершілік заманда жауынгер ұрыста өзі жеңген жауларының басын кесіп, қанжығасына байлап алатын көрінеді. «Қанжығаға байлады», «қанжығасында кетті», «қанжыға майланды», «қанжығаң қан болсын», «қанжығасын қандады», «қанжығада жүрді» тіркестерінің тарихын аңыз осылай шертеді. Бұны тарих іздері де дәлелдейді.

Әр істің, әр заттың қадір-қасиеті болады деген халық нені болсын қадірлеген. Қиратып жоюды, сындырып шағуды хош көрмеген. Бұдан «киесі ұрды», «киесі атады» деген тіркес қалған.

Қазіргі тілде де сөзді дәл, нақ беретін көптеген тіркестер бар. Мысалы: зиялы қауым, салтанатты жиын, ұлықтау рәсімі, жұлдыз жорамал т.б.

Қазақ ұлтының ерекшелігін ашатын, халықтың шаруашылық, тұрмыс-тіршілігінің айғағы болатын, рухани мәдениет негізін айқындаушы белгісі – тіл.

Тұрақты сөз тіркестерінің негізі белгілері

1. Тіркес құрамында кемінде екі сөз болуы керек.

2. Сөздердің орны өзара ауыстырылмайды.

3. Тіркес құрамындағы сөздерді басқа сөздермен өзгертуге келмейді.

4. Тіркес құрамындағы сөздер жеке-жеке мағына бермей, барлығы тұтас бір мағынаны ашады.

Құрамындағы сөздер бір бүтін тұлға ретінде жұмсалады.

Тұрақты сөз тіркестері идиома және фраза деп бөлінеді.

Идиома – тіркес құрамындағы сөздерді бөлуге келмейтін, мағына тұтастығы тіркеспен бірге анықталатын сөздер тобы. Мысалы: мұрнын көкке көтеру (менменсу), қара қылды қақ жару (адал), аузына ақ ит кіріп, қара ит шығу (қатты балағаттап ұрсу) , салы суға кету (ұнжырғасы түсу) т.б.

Фраза – тіркес құрамындағы сөздердің біреуі болса да, бастапқы лексикалық мағынасын сақтаған сөз тіркесінің түрі. Мысалы : тепсе темір үзу (мықты) , бұраң бел (нәзік, жіңішке бел) , алма мойын (әдемі мойын), асқар тау (биік тау )т.б.

Қазақ тілі – тұрақты сөз тіркестеріне бай тіл. Тілдегі көркемдеп, бейнелеп жеткізудің әрі нақты суретті көзге елестете жеткізудің құралы болатын тұрақты сөз тіркестері «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде» (І.Кеңесбаев. А., 1977) берілген.

60-жаттығу.

Көш алдында Тәкежан, Әзімбай, Майбасар бар-ды. Қастарына он шақты ер-азамат, нөкер ертіпті. Қалың көштің қонатын орнына келіп, топтанып тұр. Жігітектің кішкене шым қоралары аяғының астында қалып бара жатыр. Аз ғана ауылдардың қыс талшық ететін, иек астындағы болымсыз ши қорықтарына қалың қой мен түйе, сиыр жапырлап келіп тұмсық салды. Кейбір қоралардың, аласа қоршау артындағы маяларына бос түйелер, үлкен сиырлар тұра қалып, қарбыта асап жатыр. Бұншалық өктем зорлықты күтпеген момын ауылдар біріне-бірі жүгірісіп, әбігерге түсті. Аздан соң Жігітек ауылдарынан бас құрап аттанған он шақты салт атты зорлықшыл ауылға қарай беттеді(М. Әуезов).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1.Мәтіннен тұрақты сөз тіркестерін теріп жазыңыздар, мағынасын анықтаңыздар.

2. Фразеологиялық тіркесті жеке сөздермен, еркін сөз тіркесімен ауыстырыңыздар.

Үлгі: талшық ету – аздап қорек ету, үнем ету;

1. Фразеологиялық тіркестердің мағынасын көрсетіңіздер.

Үлгі: аяғының астында қалу – елеусіз қалу;

2. Фразеологиялық тіркестердің құрамына талдау жасаңыздар.

Үлгі: аяғының астында қалу

[1) аяқ-зат есім, -ы, -тәу. ІІІ ж., -ның-ілік септ. жалғауы; 2) асты-көмекші есім, -нда жатыс септік жалғауы; 3) қал-көмекші етістік, -у-қимыл есімнің жұрнағы]

61-жаттығу. Көп нүктенің орнына тұрақты сөз тіркестерін қойып жазыңыздар.

1. Алғаш естігеннен .... 2. Жанатты көргеннен-ақ ... 3. Айтқан уәделері орындалмай ... 4. Арманды түсінбей-ақ қойды, қашанда көңілге келер демейді,... 5. Айтқаны анық ... 6. Нағашысы асығыс екен... 7. Әпкесін әлі тосып отыр, нағыз... 8.Көптен хабарласпады, былтырдан бері... 9. Нұржанның үйі де ... жерде екен. 10. Енді бәрі де ... болды.

62-жаттығу

Әке мен бала

Бір адам он жасар баласын ертіп, егіннен жаяу келе жатса, жолда қалған аттың бір ескі тағасын көріп, баласына айтты:

– Анау тағаны, балам, ала жүр, – деп.

Бала әкесіне:

– Сынып қалған ескі тағаны алып неғылайын, – деді.

Әкесі үндемеді, тағаны өзі иіліп алды да, жүре берді. Қаланың шетінде темірші ұсталар бар екен, соған жеткен соң, әкесі қайырылып, манағы тағаны соларға үш тиынға сатты. Одан біраз жер өткен соң, шие сатып отырғандардан ол үш тиынға бірталай шие сатып алды. Сонымен шиені орамалына түйіп, шетінен өзі бірем-бірем алып жеп, баласына қарамай, аяңдап жүре берді. Біраз жер өткен соң, әкесінің қолынан бір шие жерге түседі. Артында келе жатқан бала да тым-ақ қызығып келеді екен, жерге түскен шиені жалма-жан жерден алып, аузына салды. Бітегенеден соң және бір шие, онан біраз өткен соң және бір шие, сонымен әр жерде бір әкесінің қолынан түскен шиені он шақты рет иіліп, жерден алып жеді.

Ең соңында әкесі тоқтап тұрып, баласына шиені орамалымен беріп тұрып айтты:

– Көрдің бе, мана тағаны жамансынып жерден бір ғана иіліп көтеріп алуға еріндің, енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп бір еңкеюдің орнына он еңкейдің. Мұнан былай есіңде болсын: аз жұмысты қиынсынсаң, – көп жұмысқа тап боласың; азға қанағат ете білмесең, – көптен де құры боласың, – деді (Ы. Алтынсарин).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1.Әңгіме тіліндегі көркем әдебиет стилі мен ауызекі тілінің белгілерін анықтаңыздар.

2. Әңгімеде ауызекі тіл стилін қолдануының қажеттілігі неде?

3. Қарамен жазылған сөздерге лексикалық, стильдік және гармматикалық талдау жасаңыздар.

63-жаттығу. Берілген сөздердің, сөз тіркестерінің сыңарын тауып жазыңыздар.

1. Тілге ... 2. Алтынмен аптап ... 3. Құралайды ... 4. Шіріген ... 5. Түйені ... 6. Еңкейген шал ... 7. Бетегелі ... 8. Тіс қаққан ... 9. Жіпсіз ... 10. Мақтамен ... 11. Көпті көрген ... 12. Алқалы ... 13. Қасықтай қаны ... 14. Салы ... 15. Ит терісін ... 16. Тауы ... 17. Ұнжырғасы ... 18. Аузына ... 19. Жер-жебіріне ... 20. Жегенін ... 21. Көз етті ... 22. Кежегесі ... 23. Ала жіпті ... 24. Көкейге ... 25. Тісі ... 26. Қан ... 27. Жаны ... 28. Бармақ ... 29. Аузы ... 30. Іші ... 31. Бетінен ... 32. Жарғақ құлағы ... 33. Етек ... 34. Құлақ ... 35. Түтін ... 36. Арқа ... 37. Бауыр ... 38. Аспан ..., жер ... 39. Аузының суы ... 39. жұмған аузын ... 40. Қылдай ... 41. Құлаққа ұрған ... 42. Ақ қар, .... 43. Әңгір таяқ ... 44. Екі езуі... 45. Табан ақы, ... 46. Жұлдызы ... 47. Төбесінен ... 48. Көрер таңды ... 49. Бесенеден ... 50. Ну ...

67 - жаттығу. Сұрақтарға жауап беріңіздер.

1. Ауырдың үстімен жүрген ненің астымен жүреді?

2. Көрінгеннен не алуға болады екен?

3. Түймедейді қалай үлкейтеді?

4. Қара қылды қалай жарады?

5. Бір ұрты – май, екінші ұрты ше?

6. Ауызға ақ ит кірсе, қандай ит шығады?

7. Жерден неше қоян табуға болады?

68-жаттығу. Төмендегі тіркестерден тұрақты сөз тіркестерін бөлек, еркін сөз тіркесін бөлек бөліп жазыңыздар.

Ат ізін салмау, аттың ізі, жіппен байлау, жіпсіз байлау, тізерлеп отыру, тізе бүкпеу, өткір көз, көз ілмеу, тарының қауызы, бір тарының қауызына сыйғызу, иненің көзі, иненің жасуындай, жылқы малы, жылқы мінезді, үйдің қабырғасы, қабырғаңмен кеңес, тақырға отырып қалу.

Еркін сөз тіркестері

Тұрақты сөз тіркестері

Аттың ізі

Ат ізін салмау