Сөйлеудегі сөз бен мазмұн бірлігі


Сөйлеу ішкі мағына, мазмұнға бай болғанда көркем де әсері болады. Ойлап сөйлеп, әр сөзді екшеп таңдап, орнымен қолданудың әңгімелесуде, сөйлеуде мәні зор.

Қазақ тілінің мол қазынасын меңгерген, тілді терең білетін сөйлеуші, жазушы сөзі көркем де мағыналы болады. Сөйлеудегі ойдың кең көлемде берілуі, мазмұнының айшық, әсерлі жетуі – білімділік пен мол ақылдың да көрсеткіші.

Ұлттық тілдің сыр-сипатын жақсы білетін, әдеби тіл мен ауызекі тіл ара-жігін бөлшектей алатын, тілдегі түрлі (фонетикалық, лексикалық, морфографиялық, синтаксистік) жарыспалы сөздердің қажеттісін екшей алатын, тілдік норма ерекшеліктерін айқындайтын адам сөйлеуде сөз бен ой бірлігінің қатынасына зер сала, ұқыптылықпен қарауы керек. Айтар сөздің мазмұнды жетуі біздің мәдениетімізді де анықтарын естен шығармағанымыз жөн.

Сөйлеудің мазмұнға бай болуы, көркем шығуы үшін төмендегілерді есте ұстаған дұрыс:

– қандай жағдайға қатысты;

– мәселенің шешілуіне қандай жаңа, тың пікір әсер етуі мүмкін;

– оны қандай сөздермен берсе неғұрлым әсерлі болады;

– айтылған пікірлердің нақты дерекке қатыстылығы қандай;

– дау туғызар, келесіге, талдауға, ой елігінен өткізуге болатын қандай ыңғайы, қажеті бар;

– айтушы, сөйлеуші ұстанымы не, оның тыңдаушы ұстанымымен сабақтастығы қандай.

66 -жаттығу.

Енді міне, Сұлтан екеуміз пейіштің нақ төрінен орын алғандай отты маздатып жағып тастап, жетісіп балық пісіріп жеп отырмыз. Нан, тұз, балық асып жейтін ыдыс ала келмегенімізге өкінеміз. Сұлтекең кепканы теріс айналдырып киіп алған. Бір жақ қабырғасы кап-қара болып, қарылып піскен ыстық балықты күйелеш-күйелеш ұртына жөнелтіп жатып:

- Қара Көже айтшы, осылай өмір сүрген жаман ба,- деді. Мен ойымдағыны айттым:

- Рақат, нағыз рақат.

- Ендеше оқу оқып не азабың бар. Таста оқуды.

- Онда мені мамам өлтіреді.

- Өлтірмей қалсын. Кісі өлтірудің оңайын-ай, ә. Бұрнағы жылы жәкем де маған: оқуды тастайтын болсаң, жота теріңнен таспа тілмесем неғылсын, онда екі қолымды төбеме қойып беземін сенен деп, ант - су ішуші еді. Сол да түк істеген жоқ қой. Белбеуімен жотама екі осқанда, өзенге қарай тұра жүгіріп ем, екі көзі шарасынан шығып, өзінің зәресі ұшты. Артымнан қуып жетіп, құшағына алып: «оқымасаң, оқымай-ақ қой, әйтеуір тірі жүр қу жалғыз деп, аймалап, сүйіп, үйге әкелді. Содан бері қарай ләм деп, аузын ашпайтын болды. Ал егер мамаң саған қол тигізетін болса, онда милицияның тура өзіне жүгір. Баланы ата-анасы ұрсын деген заң жоқ бізде. Бұл үшін олардың көкесін танытып жібереді.

«Мамам мен өлтіреді» дегенім, әрине, жай сөзім. Мүмкін, сәби кезімде ұрса, ұрған шығар. Бірақ ес білгелі ол маған қол тигізіп көрген емес. Қандай реніші болса да сөзбен айтады, қас-қабағымен білдіреді. Қымс етсе, «әй тоқмаш жейсің!», «тоқмашs берем!» деп, күш көрсететін ол әжемнің әдеті ғой. Бірақ оның «тоқмашы» жапырайған аузынан ұзап көрген емес (Б. Соқпақбаев).

Сұрақтар мен тапсырмалар.

1. Сұлтан мен Қожа пікірлеріне талдау жасаңыздар.

2. Қарамен жазылған сөздердің ойды ашудағы қызметтері қандай?

3. Сұлтан мен Қожаның пікірлерін ұстаным деуге келе ме? Дәлелдеңіздер.

67-жаттығу.

Жым-жырт жиынның ішінен алдымен сөйлеген – майысқақ Қаратай. Ол:

– Сұмдық екені рас. Ұлы-қызыңның басына бермесін. Шын болғанда, кәпір қауымында кететін іс қой бұл, -деп, «Қодардың айыбы шын ба, бекер ме?» деген өз ойларындағы күдікке ептеп қана бір соғып, қиялап салды.

Қодардың бұл жиындағы аталасы – Сүйіндік. Құнанбай бағанадан зіл салғанда, әдейі соған шұқшиған. Оны да жұрттың бәрі біліп отыр. Қодар қылығының орайын алдымен өз туысына «айыпты», «сорақы» дегізіп өз аузынан айтқызып алу Құнанбайға да керек.

Ал Сүйіндік сол сөзді оп-оңай, бір айналмай салса, ертеңгі тауқымет бұнда. Және алдымен Қодардың сол Құнанбай айтқандай айыптылығына да көзі жеткен емес. Ол Қаратайдың шапшаңдығынан бір пайда да тапқандай болды. Әсіресе оның «шын болғанда» деген босаң тастаған жерін ұстады да:

– Осы айыбына көз жетсе, тұрғызып қойып бауыздайық. Бірақ сол шынына жеткен жан бар ма?... – дей беріп еді. Құнанбай серпіліп, ілгері ұмтыла түсті.

– Ей Сүйіндік,- деп киіп кетіп ұрыса сөйледі, – албасты да қабаққа қарай басатын. Қыры жоқ қасиеті жоқ басшы болса ыбылыс, жын иектемей нетеді. Адал десек, аман десек, жан берейік, ақтайық, ақыретте айыбын өз мойнымызға алайық. Бірақ менің екі бірдей жаным жоқ. Майысар болсаң, жаныңды да берерсің. Беремісің, жаныңды?!- деп сарт етіп өзіне жабыса түсті.

Сүйіндік Құнанбайдың бағанадан бергі зіліне енді ызалана бастап еді.

– Е, тастай алмай жүрген жаным жоқ! Терге демесем, жанымды ала қой деп кепілге келіп пе екенмін, – деп томсарып қалды. Мұның қолынан келгені бар қарсылығы осы еді. Баж еткенмен ықтап кеткен сықылды. Құнанбай сезді де, енді жүйемен ұтпақ боп, қуғынға салды.

– Тергесең, Қодар сұмдығын аңыз қып, көпке жайып әкеткен елді терге. Ел тұрсын, кешегі жиында бетімізге былш еткізіп, жарып айтқан жатты терге. Соған да жеткен. Бар да «өтірік» деп соны иландырып келші. Ел аузына қақпақ болып көрші. Бірақ ол қолыңнан келмейді. Ендеше, не ер бол да, ақта! Немесе илан да, жазала! Тек, жарықтығым, дүмбілезіңді көрсетпе, былқыл-сылқылыңды аулақ әкет! – деді.

Енді Сүйіндік те үндей алмай қалды. Аз бөгелген соң бағанадан Құнанбайға сыр алдырмай, салқын ғана қарап отырған Байсал:

– Қара деп жазалаған күнде, мұның жазасы не болмақ,– деп еді, Құнанбай:

Жазасы – шариғат жолы. Шариғат не бұйырса, сол болады. Мұндай сұмдыққа қазақ айтқан жол жоқ. Кесігін де айтпапты,– деді.

Құнанбай бұған ашумен, зілмен кеп, енді осы тұста күйзелгендік күй көрсетіп, осымен жиынның қабырғасын қайыстырғысы келген (М. Әуезов).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Жазушы әр кейіпкердің мінез сипатына қарай сөйлеу ерекшеліктерін де аша білгеніне назар аударыңыздар:

а) Қаратайдың қиялап салуы;

ә) Сүйіндік күдігі;

б) Құнанбай ызғары;

в) Байсал салқындығының сырын жазушы қандай тілдік тәсілдермен берген.

2. «... өз ойларындағы күдікке ептеп қана бір соғып, қиялап салды», «шын болғанда» деген босаң тастаған жерін ұстады да, «ұрыса сөйледі», «... сарт етіп өзіне жабыса түсті», «Баж еткенмен ықтап кеткен сияқты» деген сөйлеушінің жағдайғы қатысты ойларын көрсетер қатарды толтырып, айтысушылар ұстанымына (позиция) талдау жасаңыздар.

3. Қарамен жазылған сөйлемдердің ойды, пікірді жинақтаушылық қызметін назар аударыңыздар. Сөз қолданысының, сөзі таңдап алудың, сөйлем құрылымы өзгешелігінің тыңдаушыға әсері қандай?

68-жаттығу. «Қазақ тілі – өркениет пен ғылым тілі» деген тақырыпта пікірлесу өткізіңіздер.

– Пікірлеріңіздің көңілге қонымды болуын;

– әңгімелесуші адамның ойына зер салып, орайлы көзқарасымен санасу керектігін;

– әңгімелерінің тыңдаушыға дәл жететіндей көркем шығуын;

– өз ұстанымдарыңды дәлелдеу қажеттігін еске ұстаңыздар.

69-жаттығу.

... Қыр басында тұрған Абылай енді Бұқар жырауға бұрылды.

– Жырау, бүгін ақ түйенің қырын шөгіп жатқанын көрдіңіз бе? – деді ол, - жамандықтың белгісі болмаса нетсін...

Бұқар жырау қытай әскерлерінің төртінші рет шабуылға шыққанын көріп тұрған. Қара құрттай қаптап келеді. Бір қазаққа жиырма қытай жабылғалы келе жатыр. Басым күшке шыдай алмай, қазақ қолының бір жақ шеті жапырылып кейін шегіне түскенін Бұқар жырау жаңа аңғарды.

Осыны көріп тұрған Бұқар жырау Абылай сұрағына асықпай қайтарды.

– Қасқырдан қорыққан қойшыдан жақсы күзетші шыға қоймайды. Жауыңды жеңгің келсе, ең алдымен өзіне-өзің сен. Әйтпесе бәріміз бірдей апатқа ұшыраймыз.

– Көңілімде бір күдік бар. Одан қалай құтылам?

– Жеңетініне сенбей майданға шыққан қолбасшы өмірі ұзақ болмайды. Ондай кеселдің бір ғана емі бар ...

– Ол қандай ем?

– Ажал.

– Ажал?

– Иә, ажал. Ол қандай дауасыз кеселден де құтқарады,– деп Бұқар жырау қазақ қолының жапырылып бара жатқан қанатын көрсетті.

– Шап қазір ана тұсқа! Не ажал табасың, не өзіңе-өзің сенбейтін аурудан айығасың.

Абылай бұған бір ауыз сөз айтқан жоқ. Жалынқұйрығын тебініп қап, жырау көрсеткен майдан алаңына қарай шаба жөнелді.

Бұқар жырау атынан түсті. Мойнына белбеуін салып, бір тізерлей отырып, алласына «ақсарбас» айтып, жалбарына бастады. Әрине Бұқар жыраудың құдайға бағыштаған сөзін діни адамдардыі біреуі естісе, «құран сөзін қор еттің!» деп сөгер еді, өйткені, оның аузынан құдайға жалбарынудан көрі, ұран шақыруға ұқсас ереуілді жыр тізбегі ағытылып жатқан (І.Есенберлин).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Абылайхан мен Бұхар жырау диалогіндегі негізгі ой қалай түйінделген?

2. Хан күдігі не? Жырау шешімі қандай болды?

3. Бұқар жырау Абылайханға қандай кеңес берді?

4. Жырау ақылы кеңесін тыңдауға хан қай ойға жүгінді деп ойлайсыздар?

а) Бұқардың өзінен үлкен жасын сыйлады;

ә) өз ойына дөп келді, хан да осы ойда болатын;

б) басқа көңілге қонар кеңес жоқ екеніне көзі жетті.

5. Халықтың ақыл-кеңес тыңдаудағы қандай қағида, талап, ережелерін білесіздер?

70-жаттығу. Қандай кеңес бересіздер?

1. Көршісімен ренжіскен дос-құрбыларыңызға кеңес беріңдер.

2. Уақытын дұрыс ұйымдастыра алмайтын бауырыңа (іні, сіңілі, қарындастарыңызға) қандай кеңес айтасыздар?

3. Кітап дүкеніне кітапханаға барғысы келмеген досыңызға кеңесті қалай айтар едіңіздер?

Кеңестің төмендегі түрлерінің бірін таңдап алыңыздар.

Орындалуын талап ететін кеңес

Екіұшты кеңес

1. Міндетті түрде, қалай болғанда да, сөзсіз осылай әркет етуің керек.

2. Дәл осы айтылғандарды орындау қажет.

3. Менің ақыл-кеңесім ең бастысы көңілге алынуы қажет.

4. Осы кеңесті дәл осылай орындауды талап етемін.

1. Менің ойымша ... дұрыс болады.

2. Өзіңе мынандай кеңес беруге рұқсат ет:

3. Қарсы болмасаң, менің айтарым ...

4. Мені тыңдасаң,; ... кеңес берер едім.

71-жаттығу. Мақал-мәтелдерді оқып, ақыл айту, кеңес беру туралы халық ойын ашыңыздар.

1. Үйрету – үлкеннен, үйрену – кішіден.

2. Ақымаққа ақыл айтпа.

3. Үгітті ұққанға айт, ақылды жұққанға айт.

4. Алтын алма, ақыл ал.

5. Ұқпасқа айтпа, талмасқа құйма, тоймасқа берме.

72-жаттығу. Сұрақтарға жауап беріп, өзара сұхбат құрыңыздар.

1. Қазақ халқы қарғыстың ең үлкені «Өзің білме, білгеннің тілін алма» дейді. Мән-мағынасы не? Бұны қалай түсінесіздер?

2. Өздерің ақыл-кеңес айта аласыздар ма?

3. Үлкендердің, туған-туыс, мұғалім, жолдастарыңызмен өздеріңізді толғандырған іс, жай туралы кеңес сұрап көрдіңіздер ме?

4. Қалай ойлайсыз, өзің кеңес, ақылды тыңдайсыз ба? Тыңдамаған кезіңіз болды ма?

73-жаттығу. Берілген қимыл-қозғалыстардың қандай түрлерге жататынын анықтаңыздар.

1. Екі алақанын біріктіріп, қолын жоғары көтеру;

2. Қолын кеуде тұсынан екі жаққа кең жайып, басын ию;

3. Қабырғадағы сағатты көрсету, нұсқау;

4. Қолын сілтеп тұрып кету;

5. Дауысты дыбыстарды созып, қолды да баяу қозғалтып үстел үстіне қою;

6. Екі қолын қатты сілкіп, тез-тез сөйлеу.

1. Ақылды болу – үлгілі баланың, болашақ азаматтың, тәрбиелі де тәлімді адамның ісі.

2. Ақыл айту, кеңес беру – тыңдаушыны дұрыс іске бағыттау, жақсылық жолын көрсету.