Сөйлемдегі қосымша құралдар


74-жаттығу. Кесте бойынша үш-үштентен мысал жазыңыздар.

Үлгі:

1. Пілдің мұрны мынандай: қолды жоғарыдан төменге, төменнен жоғарыға қарай көтереді.

2. «Өте жақсы» немесе «жарайсың» дегенді жұдырықты түйіп, бас бармақты көтеріп, қолды алға созады.

75-жаттығу.

Ым-ишара да сөз сияқты бір мағыналы және көп мағыналы болуы мүмкін. Тілде бір мағыналы ым-ишара белгілерінен де көп мағыналылар әлдеқайда көп.

Қуана, шын ниетпен екі қолмен бірдей амандасу бар да, қолдың ұшын ғана беріп, немесе селқос қол ұсына сәлемдесу бар.

Көп мағыналы ым-ишараға мысал келтіріңіздер.

76-жаттығу. Көшіріп жазып, ұлттық дәстүр мен танымды білдіретін ым-ишараларды топтап жазыңыздар.

1) Сол уақытта Абай үлкен ықылас білдіріп, айрықша бір тағзыммен төсін басып, қатты дауыстап:

– Ассаулаумағалайкұм! .. – деп сәлем берді.

Медреседе жүргенде: «Көшеде қазіретті көрсең, осылайша тағзым ету керек» деп халфелер үйретуші еді.

Абай көптен бері ешкімге бүйтіп беріп көрген жоқ. Қарқаралыға келгелі Бөжейдің көрінгені осы. Шешесінің жүрердегі сөзі есіне түсті ме, болмаса қазіргі көңіл күйіне сай келді ме? Қалайша бүйтіп әдеп шығарғанын Абайдың өзі де байқамай қалған-ды.

Өзге қазақтан бөлек, мына сияқты, бір алуан сыпайлыққа Бөжей оң назарын салды білем... атының басын тежей беріп:

– Уағалайкүмәссәләм, балам! ... – деп тоқырай қалды (М. Әуезов).

2) Алып денелі Қабанбай атына қарай аяңдады. Дәл осы кезде алаңдағы жалғыз ашада байлаулы тұрған Қабанбайдың аты шулы «Көкдауыл» атанған қаракөк атын жетелеп Қаратаудың сусар бөркін киген сұңғақ бойлы, бота көз аққұба бойжеткен алдынан көлденең тарта берді.

– Батырдың жолы болар ма екен, өзім аттандырайыншы, – деді маржандай аппақ тісін көрсете күлімсіреп, сөйтті де, тізгінді қолына алып, үзеңгісіне аяғын салған жас батырдың қолтығынан ұстап жоғары көтере бастады (І. Есенберлин).

3) – Хан ием, – деді ол есіктен аттай бере тізесін бүгіп. – Оңаша айтар жедел хабарым бар.

Хан шабарманды енді таныды:

– Ау, Қияқ батырсың ба?

– Иә, тақсыр.

Хақназар дереу орнынан тұрып, сыртқа қарай бет алды. Сонау Қараталда қалған Ақ Ордадан шабарман қияқ қандай хабар әкелді? Оны ханнан басқа ешкім сезген жоқ (І. Есенберлин).