Шешендік сөз сапалары


Шешендік сөз сапалары дегенде, ең алдымен, сөйлеу ерекшеліктерін ашуды қажет етеді.

Сөйлеу

1) пікір, ой білдіреді

тіл амалдары пайдаланылады

 

сөз жасау

сөз тіркестіру

сөйлем құрау

2) Сөйлеуші сипаты анықталады

шығармашылық қабілеті

 

ой әсері

дәлелдеуі

мәнерлеп айтуы

 

Көркемдеу құралдары

 

3)сөйлеу айшықтары қолданылады

шендестіру

дамыту

қайталау

ритори-

калық сұрақ

дауыс ырғағы т.б.

4)дайын тілдік құралдарды пайдаланады

мақал мәтел-

дер

жыр, өлеңдерден үзінді

сілтемелер

дәйек сөздер

5)лексика - грамматикалық жағынан түрлендіреді

оқшау сөздер

қаратпа сөздер

қыстырма сөздер

Сонымен бірге шешендік сөздің сапалы шығуы, яғни тыңдаушының ықылас қоя тыңдата білуі, пікір алмасу, сендіру, ой бөлісуімен де анықталады.

Аристотель «Риторикада» қарым-қатынасқа қажет:

1) айтушы немесе шешен;

2) сөз, оның жеткізер ой-пікірі

3) тыңдаушы сияқты үш элементті анықтап көрсетеді.

Ендеше, жинақтай келгенде шешендік сөздің төмендегідей негізгі белгілерін көрсетуге болады.

1. Тыңдаушымен көзбе-көз, тікелей қарым-қатынас жасалады.

2. Диалог түріндегі кері байланысқа мүмкіндік бар.

3. Түрлі белгілік жүйелері: лингвистикалық (тіл), паралингвистикалық (екпін), кинетикалық (ым-ишара) қолданады.

4. Шешендік сөздің кімге арналатыны нақты, яғни тыңдаушысы алдын-ала белгілі болады.

5. Шешеннің жеке қасиеттерін, эмоциясын да байқауға мүмкіндік бар.

5-жаттығу

Шоқан мен Саққұлақ шешен

Жазда ауылына демалысқа келіп жатқан Шоқан Саққұлақ шешенді қонаққа шақырып, бірнеше күн оның тағлымды әңгімелерін тыңдайды. Дидарласу кезінде жас Шоқан қонаққа тосын сұрау қойып:

– Ақсақал, біреу жолдан адасса, кімнен ақыл сұрайды? – дейді.

– Шырағым, көнеден сұрайды, - дейді шешен.

– Көне адасса, кімнен сұрайды?

– Көргендіден сұрайды.

– Көргенді адасса, кімнен сұрайды?

– Көргенді адасса, көптен сұрайды.

– Көп адасса, кімнен сұрайды?

– Көп адасса, көп оқығаннан сұрайды.

– Көп оқыған адасса, кімнен сұрайды?

– Көп оқыған неге адассын! Әлгінде ғана Сатыбалдының Жаманқұлына күдіктеніп,

оның Үмбеталы жырау туралы дастанын өзің де менен сұрап анықтап алған жоқпысың? – дейді шешен. Содан соң:

Асылы, ақыл – адамды аздырмайтын ем.

Білім – таусылмайтын кен.

Адамның басшысы – ақыл,

Жетекшісі – талап,

Шолғыншысы – ой,

Жолдасы – кәсіп,

Қорғаны – сабыр,

Қорғаушысы – мінез.

Біліп туған бала екенсің,

Тумысыңнан дана екенсің, – дейді Шоқанға риза болған шешен.

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Саққұлақ шешен мен Шоқан арасындағы әңгімеге қандай баға берер едіңіздер:

а) әңгімелесу;

ә) дидарласу;

б) сынасу;

в) шер тарқатысу;

2. Саққұлақ шешенді Шоқан қалай риза етті?

3. Шоқан сөздеріңдегі ұлттық түсінік, танымды көрсетіңіздер?

6-жаттығу. Мәнерлеп оқыңдар. Қарамен жазылған сөз, сөз тіркестерінің мағынасын анықтаңдар.

Адыра қалғыр, көк Жайық

Адыра қалғыр, көк Жайық,

Садағын сала байланып,

Астана жұртын айналып,

Ерлерім еңсеп желген жер.

Мыңнан-мыңнан жылқы айдап,

Ақтылы қойдың өрген жер.

Шалқыған дәулет мол бітіп,

Қызығын жұртым көрген жер.

Емендей белін бүгілтіп,

Жібектей жалын төгілтіп,

Еріні төмен салынған,

Құйрығы гүлдей малынған,

Күдері бел, күпшек сан –

Бедеу атқа мінген жер.

Аузы түкті кәуірді

Ерлерім айдап келген жер,

Қысырықтай бөлген жер.

Күндердің күні болғанда

Таршылыққа іліңдің,

Жеті жұрт кетіп бүлген жер! (Мұрат)

7-жаттығу. Төменгі тақырыптарға әңгімелер құрыңыздар. Сөйлеу тіліндегі түрлі белгілік жүйелердің қолдануына назар аударыңыздар..

1. «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады» (мақал)

2. «Шешен сөз бастайды, көсем ел бастайды» (мақал)