Шешен. Шешенге қойылатын талаптар


Шешендік өнердің жүйелі теориясы бар ғылым болатынын да айтып өттік. Шешендік өнердегі ең негізгі – шешеннің өзі.

Жоғарыдағы шешеннің қызмет әрекеті көрсетілген. Осындағы ерекшеліктерді игере білумен бірге шешеннің тілдік қоры мол, жан-жақты білімді, ұтымды пікір, ойға тоқтай алатын, шынжыл, ізденгіштік т.б. қасиеттері болса, кез келген аудиторияны игере алары сөзсіз. Шешеннің сөзі көбіне монологқа, диалогқа құрылудан бастап, қазіргі қоғамда пікірталастың әр түрімен ашылады. Бұның өзі іскерлік, ғылыми, көркем стильде болуы мүмкін. Ойды жеткізуде тақырып пен ортаға қарай анықталатын стиль оның амал-тәсілдерін де ашады. Қажетті жағдайға қарай диалог құра білу аудиториямен дұрыс қарым-қатынас жасауға да қатысты. Аудиториямен қандай формада әңгімелесуге болады, қай уақытта екенін де білудің мәні зор екені белгілі. Ендеше шешенге қойылар басты талап-қабілет қарымын, білім-білігін шығармашылықпен байланыстыра алуында.

Шешенге:– белгілі бір тақырып бойынша білім жинау:

– қажетті әдебиеттер іріктеу;

– жинақталған әдебиеттерді оқып игеру;

– жоспар жасау;

– сөздің жазбаша мәтінін әзірлеу;

– аудиториямен жұмыс істеу білу;

– уақытты дұрыс пайдалана алу;

– тыңдаушылар сұрақтарына жауап беру;

– қазіргі техника құралдарын қолдана білу талаптар қойылады.

Шешен – терең білімді, ақпаратты игеруші әрі оны талдап, тыңдаушыға қажеттісін, сұранысына қарай талқылап жеткізуші. Шешен аудитория талап-талғамына сай материалды жинақтап, әрі соны жеткізу өнеріне төселу керек. Сондай-ақ:

– дауыс күші;

– жағымды дауыс;

– сөз арасындағы екпін, кідірістің дұрыс қойылуы;

– ым-ишараны орнымен қолдана алуы;

– өзін-өзі әдепті ұстай білуішешеннің тыңдаушылармен арасын жалғастырады. Осы аталған ерекшеліктерді толығымен игеру еңбекті, төзімділікті, ақылды, білімді қажет етеді.

8-жаттығу

Қазыбектің алғаш көзге түсуі

Абылай ханның заманында қалмақты қысқа күнде қырық шауып, беттетпей қойыпты. Сонан тағы да басқа елді шабуға өзінің белгілі батырларын алып, жорыққа аттанып кетіпті. Бұлар осы жолы көп жүріп кешігіпті. Сонда арада жүретін өсекшелер қалмақтың Қонтажы деген ханына барып: «Абылай барған жорықта өліпті. Сен осы кезде қазақтан кегіңді алып қал!»-деп, қазақтың бір жағын келіп қалмақ шауып әкетіпті.

Осы сөзге елігіп, қазақтың бір жағын келіп қалмақ шауып әкетіпті. Абылай келсе, елдің бір жағы жетім-жесір болып қалған екен.

Абылай бұл жолы:

– Сен бар деп, ешқайсысының атыңды атамаймын. Намысқа шыдамағандардың

өздерің айт! – депті.

Сонда Тайкелтір би мен Малайсары батыр:

– Біз барамыз! – депті.

– Ендеше жүз адам жолдас алып барыңдар! – депті.

– Жарайды! – деп, бұлар дайындалып жатқанда, Қаракесек Келдібек би үйіне келіп әйелінен:

– Қазыбек қайда? – деп сұрапты.

Онда әйелі:

– Бағана тай үйретемін – деген -– жылқыда шығар, - –депті.

Жылқының ішіне келсе, айтқанындай, жылқыда тай үйретіп жүр екен. Келдібек баласын шақырып алып:

– Бала, атқа мініп, атақ алғың келе ме? – депті.

Сонда бала шу дегеннен:

– Атаққа шапқанша, жақсының атын ерттеп, жатқа атымды солай шығарсам, болмай ма? – депті.

– Жарайды, балам, анау тұрған бедеуі ұстап мін де, үйге жүр, – деп, ертіп алып келіп, киіз беріп:

– Бар, балам, жолың болсын, алдыңнан, артыңнан күн тусын! Жортқанда, жолың болсын, жолдасың қыдыр болсын! – деп батасын беріп, -– Жүріп бара жатқан топқа барып қосыл! – депті.

Келе жатса, қалмаққа баратын топты шығарып, өзі аңға шығып келе жатқан Абылайға қарсы келіп, жолығып, сәлем беріпті. Абылай:

– Балам, қай ұлсың? – депті. Сонда Қазыбек:

–Тай бәйгесін менсінбей, ат бәйгесіне қосылайын деп жүрген Қаракесек: Келдібектің сіргелі тайы едім! – депті.

Сонда Абылай:

– Бар, балам, жолың болсын, бақытың арта берсін, бетіңді бұрма! Анау бара жатқан топқа қосыл! – депті.

Қалмақтың еліне таянғаннан кейін, Тайкелтір ойланып:

– Жүз кісімен қалың қалмақтың ортасына кіріп барғанда, не бітіреміз? Онан да бір-екі кісі барып, қалмақтың бетін біліп келсін! – депті.

– Бұ да жарайды екен! – де (сіп), сөз білетін бір-екі жігітті жіберіпті.

Бұлар қалмақтың ханына келіп:

– Қазақ болып жиналып, қол келе жатырмыз. «Қапы қалдым!» – демей, дайындалсын! – деп, сізге жіберді, – депті. Сонда хан өзінің бектерін шақырып айтыпты:

– Алыстан қонақ келеді, шатырды тігіп, малды сойып, дайындалыңдар! депті.

Бұлар ханның бетін білген соң, келіп көпшілігіне айтады. Көпшілігі бөгелмей, ханның аулына келсе, айтқанындай, шатырды тігіп, еркек қойды үйтіп, тайды сойып, осындайын дайындықта екен. Бұларды қарсы алып күтіпті. Үш күн тынығып жатыпты. Төртінші күні хан келіп, амандасып, бірге отырып, қалмақ енді бұлардын сұрапты:

– Неге келдіңдер? – деп

Сонда Тайкелтір айтыпты:

– Өгізді өлеңге байладық, өрлікті төменге байладық. Ақ десең де, қара десең де, істің (шешуін) өзіңе байладық. Ендігісін өзің айт! – депті.

Сонда:

– Бүрсігүнге дейін менен хабар болса, болды, егер болмаса, бастарың аман, жандардың бейбітте елдеріңді табыңдар! – деп, орнынан түрегеліпті.

Сонда босағада отырған Қазыбек:

– Тақсыр, хан, дат! – депті.

Хан:

– Арызың болса, айт! – дегенде, бала былай депті:

– Сен темір болсаң, мен көмірмін,

Еріткелі келгенмін.

Екі елдің арасын

Теліткелі келгенмін!

Сөз бермейтін шешенді

Кеміткелі келгенмін.

Тұтқыр сары желіммін

Жабысқалы келгенмін.

Жаңа үйреткен жас тұлпар

Жарысқалы келгенмін.

Сен қабылан болсаң, мен – арыстан,

Алысқалы келгенмін.

Шалқақтамай сөз берсең,

Табысқалы келгенмін.

Шалқақтайтын болсаңыз,

Тұрысатын жеріңді айт,

Шабысқалы келгенмін! – депті.

Сонда хан:

– Уа, жаным, сен қай ұлсың? – депті.

Қазыбек:

– Тай бәйгесін менсінбей, ат бәйгесіне қосылайын деп жүрген Қаракесек Келдібек бидің сіргелі тайы едім! – депті.

Хан:

– Атың кім? – депті.

– Атым – Қазыбек! – дегенде:

– Даусың қаздың даусы сияқты, сенің атың Қаз дауысты Қазыбек болсын! Сенің келген жолыңа қазақтан алғанды түгел 3 күннің ішінде көзін тауып берем! – депті.

Осылай бітімге келіп, барған жұмыстарын бітіріп қайтыпты. Сол күннен бастап «Қаз дауысты Қазыбек» –атаныпты ( Мәшһүр-Жүсіп).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Қазыбек бидің алғаш танылып, көзге түсуіне не себеп болды?

2. Қазыбектей баланың «Атаққа шапқанша жақсының атын ертеп, жатқа атымда солай шығарсам» деген сөзінен болашақ бидің қандай қасиеттері көрінеді?

3. «Сен темір болсаң, мен көмірмін, Еріткелі келгенмін» - деген сөзден Қазбек бидің қай қыры ашылады.

а) өз жұртының әскери күш-қуатын біледі;

ә) жас би үркіту, шошыту секілді психологиялық тәсілдерді меңгерген;

б) бұдан бидің тәуекелшіл, қайтпас шегінбес мінезі көрінеді.

9-жаттығу

Жанқұттының қартайған шағында айтқандары

Бір сөз айтсаң жақсыға, Өзін-өзі мақтайды.

Аталы сөзге тоқтайды. Көкірегі соқырға,

Бір сөз айтсаң жаманға, Өмірде таң атпайды.

Өміріне ұқпайды. Шешеннің сөзі шын асыл,

Надандықтың белгісі. Қап түбінде жатпайды.

***

Тон бітпеске тон бітсе, Кез болсаңыз суатқа,

Қағуменен тоздырар. Өтірік айтып нандырар.

Жаман болса алғаны, Өсекшімен сөйлессең,

Ер жігітті аздырар. Ұрмай-соқпай талдырар.

Жақсыменен сөйлессең, Жолдас болсаң сараңмен,

Құмарыңды қандырар. Жол үстінде қалдырар.

Жаманменен сөйлессең, Жаман болса достарың,

Көңіліңді қалдырар. Өзіңді жауға алдырар.

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Жанқұтты шешен туралы не білесіздер?

2. Шешеннің жақсы мен жаманды салыстыруында қандай тілдік көркемдеу құралдарын пайдаланған? Ойды дәл жеткізудегі салыстырудың артықшылығы неде?

3. Осыған ұқсас қандай ақын, би, шешен сөздерін, мақал-мәтелдерді, нақыл сөздерді білесіздер?

4. Өлеңді мәнерлеп оқыңыздар.

10-жаттығу

Қазақ совет әдебиетінде екпіндей келген жастың бірі марқұм – Тайыр Жароков. Оны мен ең алғаш Орынборлық дәуірде қазақ педагогика институтында оқып жүрген шағында көргем. Ол кезде Тайыр сұлу кескінді, сымбатты, денелі жасөспірім де; институттың оқу үйі, рабфак оқу үйінің қасында болатын. Бір мезгілдегі сабақ үзілісіне біз сапырылыса аралысып кететінбіз. Қарсы жақта «ит бақшасы» аталатын алаң бар. Араласқан оқушылар соған кіреді де, біреу қалжың айтып, біреулер өлеңдетіп оқып дегендей әртүрлі өнер жүйелері ортаға түсіп жатады. Сонда өлеңдері, әсіресе, өзінің өлеңдерін екпіндей оқып, көзге оғаш түсетіндердіңі бірі – Тайыр.

Мен онымен тез танысып, пікірлес болып алдым. Кейін қадірлеп «Такең» атап кеткен Тайыр қулық сөзге шебер еді, сонда оның бір айтатыны:

– Менің өлеңдерімнің көркемдігінен кемшілік табылар, бірақ саяси қатені ешкім таба алмас.

Онысы, рас та. Әдебиет майданында қырық жылдай қалам сілтеп, мыңдаған жол өлең жазған Тайырдың бар шығармасында коммунистік идеяға шын беріліп, биікке өрлеу айқын көрініп тұратын.

Ол осы жолынан ешуақытта тайған жоқ. Қазақ совет поэзиясына оның түсірген олжасы орасан ( С. Мұқанов).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Мәтін стилін анықтаңыздар.

2. С. Мұқанов Т. Жароков ақындығына қандай баға береді?

3. «Менің өлеңдерімнің көркемдігінен кемшілік табылар, бірақ саяси қатені ешкім таба алмас» осы сөйлемнің мәнін ашыңыздар. Ақын нені меңзеп тұр.

11-жаттығу

1.Адамзаттың ақыл-ойының даму жолын айқындайтын, көркемдік танымның бағыт-бағдарын белгілейтін, өткен өмірді қалпына келтіріп, бүгінгі өмірді таңбаға түсіріп, замандармен, халықтармен бірге ғұмыр кешетін тірі бейнелер кейіптеп, өз тарапынан жаңа бір әлем жасап шығаратын, халық рухы – әбілхаят нәрімен сусындап, фәниден озған, бақиға бата алған, ескірмейтін, өлмейтін мерейлі шығармалармен бұ дүниеде мәңгі жасайтын Жазушы болу – айрықша бақыт.Үш дүниенің сырын тоқыған, төрт тарабын түгел таныған Қазақ Жазушысы болу – он есе артық бақыт. Талабы таудай жан балам, көкірегінде от болса, туған халқынды жан-жүрегіңмен сүйсең, сенің де ірі жазушы, зор тұлға болып шығарың күмәнсіз. Ірі болмасаң да, ұлы болмасаң да, қадарынша қызмет жасаң – мұратыңа жеткенің. Ол – сенің адамдығына байланысты.

Жазушының адамдық бейнесі – әділдік, адалдық, кісілік деген ұғымдардың жиынтық көрінісі. Қазақ жалпақ тілде «жақсы адам» дейді, «жақсы кісі» дейді. Жақсы адамның бәрі бірдей жазушы болмайды, бұл жалпылық өлшем, бірақ жақсы жазушының барлығы де жақсы кісі болған. Кісілігі кем жазарман ешқашан да тәуір жазушы дәрежесіне жетіп көрген емес. Өйткені жазу – ең алдымен кісіліктің жемісі. Тетігін білмеген адам трактордың өзін жүргізе алмайды. Жақсылық пен жамандықтың тетігін айырмаған жан қалай тәуір жазбақ , Жаза алмайды, болмайды.

Қаламгердің азаматтық келбеті – яғни, отаншылдық, ұлтшылдық – бұл да кісілікке жалғас, дарынмен бірге бітетін, өскен орта, алған тәрбие негізінде қалыпқа түсетін қасиет. Онсыз тағы да жазушы жоқ деп біліңіз. Әсіресе, біз сияқты отар ел жағдайында. Халқын сүймесе, ұлттық намыстан кенде болса – адамдық қасиеті де жоқ деген сөз, жазушылық қайда, дені түзу кісі есебіне қосу қиын. Қаламгер – аруақтың аманатын арқалаушы, халықтық рухтың жаршысы, яғни ұлттық сана – оның шығармашылық бітіміндегі ең игі негізгі көрсеткіші болуға тиіс.

Сонымен, жазушы қайдан шығады деген әуелгі сауалымызға қайтып оралдық. Бірінші шарт – дарын дедік, ал бұл дарынның туа бітетіні – талассыз ақиқат. Бірақ сол туа біткен қасиет жүзеге асуы үшін тағы қаншама жағдай керек екен. Соның ішінде адамның өзіне тікелей байланысты және ең мәнді, ең басты шарт – таудай талаптан серпін алған табанды еңбек.

Бойдағы дарын – тәңірінің сыйы, еңбексіз келді. Өзгеше талай. Бақ Қонды. Енді соны жетілдіру, жеріне жеткізу, кәдеге асыру – құт орнаған кісінің өзінің қолында. Дарын Көктен түсті. Жеміс емес, тұқым. Өнер, оның ішінде жазушылық – сол тұқымның мәуеге айналған көрінісі. Екі арада ауыр, әрі қызғылықты, ақыр түбінде бір адам емес, бүкіл жұрт үшін, оларды ұлыс үшін игілікті еңбек тұр (М. Мағауин).

2.Басқаны былай қойып, мына тұрған Түркия жазушыларының жағдайы бізден мүлде басқаша. Біразының атадан қалған завод-фабрикалары, банкілері бар. Әртүрлі кәсіпорын, дүкен ұстап отырғандары қаншама. Кітап жазу – олар үшін күнкөріс көзі емес, жай хобби, бойдағы талантын әйгілеудің тәсілі ғана... Тәңірім-ау, олармен салыстырғанда, біз күні кешеге дейін Совет өкіметі үлестірген ризықты талғажау еткен «интернаттың баласы» емеспіз бе? Әрине, жағдай тудырса біздің жазушылар да өз еңбегімен күн көре алады. Бірақ біздің кітаптарымызды көп данамен басып шығарып, кітап саудасын қыздырып отырған кім бар? Қалтылдап әрең отырған баспалар төлеуге қауқарсыз болса, сонда жазушылар топырақ жей ме? Айта берсе сөз көп, сұрақтан сұрақ туады. Айналып келгенде, аужал тұтар бір ғана тірек бар. Оның аты – бостандық. Құдайым сол бостандықты қолдан шығара көрмесін деп тілейік.

Жалпы, қай қоғамда да жазушы арқалайтын жүк жеңіл болмаған. Ал қазақ сияқты бодан елдің жазушысы болуды құдай енді басқа бермей-ақ қойсын! Мұнда не ұлтыңды, еліңді-жеріңді сатып, күнің үшін империяның сойылын соғуың керек. Не болмаса, «қиын қылса дулығалы бас кетер» деп, Мағжан, Жүсіпбек, Міржақыптар секілді әділет жолында қасқайып тұрып қалуың керек. Екеуі де оңай емес, былай тартсаң бас кетеді, былай тартсаң ар-ұятың аяққа басылады. Қазақ зиялысы осының екеуін де бастан кешірді. Ерлер мен ездердің енші бөліскен жері де – осы тұс (Қ. Жұмаділов).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Қаламгер жазушы болу бақытын қалай түсіндіреді?

2. Ал қазақ жазушысы болу бақытының артықшылығы неде?

3. Екінші мәтіндегі жазушыға, жазушы бақытына берілген баға қалай?

4. Жазушыға қажет қандай қасиеттерді айтады, оны қалай дәлелдейді?

5. Екі мәтіннің ерекшелігін ашыңыздар.

6. Мәтіндер стилін анықтаңыздар.