Шешендік сөздегі әдеби-эстетикалық ғибрат


Шешендік сөздердің мақсат-міндеттерінің қатарына елді басқару ісінде, саяси дипломатияда қолдану, қоғамдық орындарда, жиын-жиналыстарда сөйлеу сияқты негізгілерін алдық. Бұндай шешендік сөздердің лексика-грамматикалық, стилистикалық, әдеби, саяси, қоғамдық өзгешеліктерімен бірге атқаратын қызметтері де түрлі болады.

Шешендік сөздердің қызмет, міндеттерінің бірі ретінде рухани мәнін де айтуға болады. Сөздің эстетикалық, тәрбиелік маңызының да қажеттігі ескеріледі.

Сөз – қай ғасырда болсын тәрбие құралы. Шешендік сөз қоғамдағы келеңсіздікті сынап, топ алдына шығара айта алатын тәрбиелік қызметімен де ерекше. Кез келген шешендік сөз бір ұлт, ел, көпшілік сөзін сөйлеп немесе белгілі бір топ мақсат-мүддесіне қарай құралады. Ұлтты, халықты, топты біріктіру үшін ортақ идеология керек. Идея көпшілік үшін құрылғанда көбіне-көп болашақ ізгі мұраттарды жүзеге асыру үшін жасалады. Осы тұрғыдан алғанда шешендік сөздер ынтымақ, бірлік, достыққа ұйытушы болса, ортақ мақсатқа кісілікке бағыттауда тек сыйластық, кішілік, адалдық сияқты адамгершілік қасиеттер басты назарға алынады.

Шешендік сөздегі көркемдік құралдардың мол қолдануы, ойдың көркем болуымен бірге, тыңдаушыға эмоциялық әсерлі екендігін де ескеріледі. Көркем сөз, кестелі ой айтушы – тыңдаушы арасына этикалық қатынас орнатары сөзсіз. Әрі қазақтың шешендік өнерінде кездесер тәлімі мол, үйретері көп ғибраттар-бүгінгі күні де тәрбие құралы.

Шешендік сөздің мән-маңызын нақыл сөздер мен мақал-мәтелдерден де анық танимыз. Дау-дамай үстінде бірлік, ынтымаққа шақырған, ұрыс, қақтығыс кезінде бітімге тартқан сөздер ел есінде сақталып, адамгершілік пен ізгілік жолы болып қалыптасты. Кейінге ұрпаққа мұра болып қалған тағылымды сөздер тәрбиенің бай тәжірибесін, елдің салт-сана, дәстүр, жол-жобасын туғызды. Бұның өзі халықтың қоғамдық ортада қалыптасқан заң нормалары мен ұстанымдары болып есептеледі.

Қазақ шешендерінің сөздеріндегі:

1.Атадан ұл туса игі еді

Ата жолын қуса игі.

Өзіне келер ұятын

Өзі біліп тұрса игі

Жаудан бұққан нешені,

Ортасынан қуса игі...(Төле би)

2.Өркенім өссін десең,

Кекшіл болма –

Кесапаты тиер еліңе.

Елім өссін десең,

Өршіл болма –

Өскеніңді өшірерсің...(Қазыбек би)

3. Бай болсаң,

Халыққа пайдаң тисін.

Батыр болсаң,

Жауға найзаң тисін.

Бай болып,

Елге пайдаң тимесе,

Батыр болып,

Жауға найзаң тимесе,

Елден бөтен үйің күйсін (Әйтеке би).

4. Бір сөз айтсаң жақсыға,

Аталы сөзге тоқтайды.

Бір сөз айтсаң жаманға

Өмірінде ұқпайды.

Надандықтың белгісі,

Өзін-өзі мақтайды.

Көкірегі соқырға,

Өмірде таң атпайды.

Шешеннің сөзі шын асыл,

Қап түбінде жатпайды (Жанқұтты шешен).

Шешендік сөздердің қай-қайсысын оқысақ та, табарымыз – биік мораль талаптары: ата жолын ардақтау, ел намысын қорғау, сөз асылын қастерлеу, үлкенді сыйлау, ізгілік қасиеттерді бойға жинау т.б.

Шешендік сөздердің есте жақсы сақталуы оның ұйқаспен айтылуы, үндестік, құрылымындағы тұтастық сияқты белгілерімен байланысты. Ұйқаспен, өлең болып құйылып келетін шешендік сөздер ғибрат ретінде ойға қонса, жыр сүйер халыққа өнер туындысы ретінде де бағалы.

12-жаттығу

Төрт бөлменің отыз-қырық кісідей көп жан сиған ең үлкен бөлмесінің төріне «Абай баласы» деп Мағашты, «інісі» деп Кәкітайды шығарған. Осы жиынның ішкі жайын жақсы білген Шұбарды, Әзімбайды алғызыпты. Олар да төрден, Мағаштың қасына орналасқан. Осыларға тақау отырған Серке мен Бегеш – Уақ пен Керейдің сөзуар орамды адамдары, Мағашқа қарап отырып, кезектеп, бір сөз бастады.

Аздан соң Мағаш пен Кәкітайдың анық аңдағаны, бұлар Абайдың басынан кешкен былтырғы ауыр жайды сөз етеді екен. Мағаш пен Кәкітай өздері жүрген ортада көп естімейтін айшықты, кестелі сөз әуелі Бегештен шықты.

– Біз Абайдың жайын, асылымыз, ардақтымыз Абай ағаның жайын сөз етпекпіз.

Абайға бала, бізге іні жас бауырлар, сендердің осы отырған үшеу-төртеуіңнің ортаңа тастағалы отырған осы топтың бір түйіні бар, шырақтар! Сендер арқылы Абай мырзаға біз сәлем жолдағалы отырмыз. Біз дегенміз кім? Міне, айнала көз салыңдар да көріңдерші! Мұнда Арғын ағадан Қаракесек жақсысы бар. Ойдағы, қырдағы Керей атаң баласы бар. Өрдегі, ылдидағы Найман азаматы да бас қосып отыр. Дәл қастарында отырған Серке мынау. Осы қасиетті дастарқанына, біздің басымызды құрап отырған Білеубай қажы болсын, кімдер бұлар? Көз жеткен мен сөз жеткенді болжасаңдар, «исі қазақ» деген осы. Бұл төрт арыстың баласы, Орта жүздің тізіліп келген тобы деңдер! – деп өз жиындарының жөнін ұғындырып айта келіп, енді Абай жөніне ауысқанда, анық судырған шешен сөзіне көшті.

– Кім еді Абай, ол Тобықтының ғана Абайы ма еді? Жоқ, исі Орта жүзден орасан, ойқастан озған жүйрігім болатын! – деп келіп, тағы бір Абайды көтере атаған тұсында «ол кім еді?» - деп өзі сұрап барды да тақпақтай жөнелді.

– Ол қоңыраулы бұйра нарыдай, көпке пайда көп еткен көктемдегі жауындай жақсымыз болатын! – дегенде тағы осындай құрмет, мадақтау сөзді Серке де іле жөнелді.

– Тілі бұлбұл, аяғы дүлдүл дейтініміз Абай еді! – деп Серке енді бір кезек сөзді мақсатқа қарай бұра тартады.

– Көштің байсал тапқаны, көкорайға қонғаны, даудың байсал тапқаны төрешіге барғаны! – деп, құба жондатып, айтқалы отырған жайларын тұспалдап өтті. Тағы да Абайдың қасиетіне мақтай айтып орағытып келді.

– Отқа салып ерітсең де, алтын сірә, жез болмас, аяққа шұлғау қылсаң да асыл жібек бөз болмас! Біз Абайдың қасиетін қор етер жайымыз жоқ! – деп бір тоқтай берді.

Сол кезде Айтқазы да ой қырдың қалың топ елінің аңғарын танытып, Абай бейнет көрсе де, халқының қамқоры екенін атап кетті. Халық қамын жеген жақсымның жолы оңай болмайды. Ер басына ол қымбатқа түсетін ауар салмақ екенін шешендікпен қоса ақылды сөйлеп келіп, өзінше бір ойлы түйін тастады.

– Қорғасындай толқып балқысаң, бейнет көріп алқынсаң, мақсатты тура табарсың! – дегендей, Абай өзі үшін емес, ел үшін іздену мен қиналуда еді. Оның түскен оты ел қамының оты еді! – деп енді өзгелер айтпаған тағы бір жайды орай келген.

Осындай әр елдің тобын бір-бір адам жиын мақсатын айтып өткен соң, алғашқы сөзді бастаған Бегеш қайта кеп, алғаш атаған түйінге оралды. Мағашқа тағы да бұрыла түсті.

– Жасың жас болғанмен «жастық жалын, кәрілік күл» деген, Мағаш шырақ. Қырғында қылау салмай ой табатын жол табатын да жас болады. Самарқанды сапырып жүрсек те, кәрінің келіп тоқтайтыны жас жүректің байлауы болады. Біз сенен үміт етеміз. Айтарымыз – мынау өзге екі жүздің адамымен бетпе-бет кездесек, Абайдың жайынан жүзіміз ұялатын болады. Біз, Ұлы жүз, Кіші жүз баласына, жалғыз бір жақсымызды жарақаттап отырып, не деп тура аламыз. Абай мырза біздің бір сәлемімізді қабыл алсын! Тарғыл тастың тағыларын – жуасатын да күш-құдірет бар! Айыпкерді аяғына жығамыз. Тентекті түзеп жолға саламыз. Осы ниетімізге «құп» деген сөзін күтеміз. Бізге жоқшым болып, «іздеріңді іздей бер» деген рұқсатын әперіңдер. Мағаш, Кәкітай, Шұбар, Әзімбай мырзалар – бәріңе мына жиынның айтары осы! Алдыңа далбай тастап, шырғаладық. Жауаптарыңды бүгін бересің бе, ертең бересің бе, тобымыз ішінен бір-екі кісіні таңдап алыңдар да айтып беріңдер! – деген (М. Әуезов).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. «Ол кім еді?» Абайға баға берерде Бегеш шешеннің бұл тіркесті қолдану мәні неде деп ойлайсыздар?

2. Абайға баға берердегі шешен, ақындар тілінің стилін анықтаңыздар.

3. «Қорғасындай толқып балқысаң, бейнет көріп алқынсаң мақсатты тура табарсың! – дегендей, Абай өзі үшін емес, ел үшін іздену мен қиналуда еді. Оның түскен оты ел қамының оты еді!» Сөйлемдерді таратып айтып көріңіздер

4. Әр шешен сөзінде, Абайға баға берерде қандай тәлім-тәрбиелік мән бар?

13-жаттығу.

Әрине, жақындық пен достық та оңайлыққа түсе бермейді. Оралымсыз жол жоқ , бұрылыссыз арна жоқ. Бірде бәсең тартып салы қайтқан көңіл, енді бірде қайнаған судай тасып төгілді. Қайрағанда бақытсыз сияқты сезінсең, қуанышың бақыттылғыңдай көрінеді. Соның бәрі де адам сезімінің әр алуан құбылыстарына себепші кейде «бір атым насыбайдан» өкпелесіп жүремін. Кейде аңғалдаған кездерің болады. Сорайсыз, қолайсыз қимылдаған кездерің болады. Соның бәрі ұғыспай қалуға себепші. Ал кейде достардың, туыстардың арасына ақ тікен болып шығатындар да кездесе бермей ме? Арзан күліп, жалған сөйлейтін, екі жақынның татулығын қызғанатын, андастыруға, айыруға себеп тапқыштар аз ба? Игі істер үшін қызбайтын қаны суық, жаны қараңғылар өсек-өтірікке, біреулерді шағыстыруға келгенде жылан билегендей билемей ме? Осындай себептермен Мұхаң екеуіміздің ұғыспай қалып, жұғыспай кеткен кездеріміз де аз емес. Бірақ үлкен достығымыздың оты қандай тұман қоршаса да көрінбей қалған емес. Әсіресе, бұл достықтың маған бергені өте көп.

«Қарашы, әне, Омарханұлы Мұхтарға,

Емендер ғана осылай өсіп шықпай ма?

Айта қойшы, өзің, білмейтін оны жұрт бар ма?

Тимесін көзің, тек, жаным оған сұқтанба.

Қызығып қара, қызғанбай қара сұқтанба!

Не пайда, саған, сұқтанып оны жыққанда?

Болмасаң өзің, бола алмадым деп жата бер,

Біреуді соғып, біреуді жығып шықса алға!» –

деп мен Мұхаң туралы айттым.

Мен бұл ойды оның тірлігіне де тынбай айтқанмын... (Ә. Тәжібаев)

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Мәтінде адам жан дүниесінің қандай шақтағы күйі суреттелген?

2. Мәтін басындағы «Әрине» сөзінің қолдануы себебі неде?

3. Мәтіндерде кездесетін тағы да қандай оқшау сөздерді білесіздер?