Пікірталасқа дайындық. Пікірталасты жоспарлау


Көпшілікпен сұхбат немесе жеке адамдармен пікірлесу, пікірталасқа түсуде алдын-ала дайындықтан өткенде нәтижелі болары сөзсіз. Көпшілікпен, жеке адамдармен пікірлесу, пікірталастыру үшін дайындықтың бірнеше кезеңдерін көрсетуге болады.

Күнделікті дайындық. Баспасөз құралдарын қадағалау, ғылыми, публицистикалық, көркем әдебиеттер оқу, ғылым мен техниканың соңғы жаңалықтарынан хабардар болу, қоғамдағы саяси, әлеуметтік істерді ой елегінен өткізіп, баға беріп отыру т.б. күнделікті тұрмыста алатын мәлімет, білімді орнымен пайдалану қажет. Қызметі, жұмыс ыңғайы көпшілікпен қарым-қатынасқа негізделген адам үшін дайындық:

– көркем әдебиеттерден цитата, үзінді, мысалдар жинау;

– мақал-мәтел, қанатты сөздер жаттау;

– сөйлеу техникасына жаттығу;

– сөйлеу әдебі нормаларын сақтау;

– шешендік өнердің теориялық, әдістемелік негіздерін меңгеру.

Белгілі бір тақырып бойынша сөйлеуге дайындық

Нақты бір тақырып бойынша сөйлеуді шешендік өнердің бір түрі деп те қарастырады. Оның төмендегі бөліктерін жетік түсініп, басты сипаттарын аша алғанда нәтижелі болары сөзсіз.

– Тақырыптың мәні;

– мақсаты мен міндеттері;

– тақырыптың өзіне ғана тән ерекшеліктері;

– аудитория құрамы;

– сөйлеу тілі.

Тақырыптың аталуы нақты, мүмкіндігінше қысқа, көпшіліктің қызығушылығын туғызатын болғаны дұрыс. Тақырыптың жалпылық сипатынан гөрі нақты бір мәселені көтеретіндей жинақылығы да оң нәтижеге жетуге кепіл болады.

Көпшілік алдында айтылар сөзге дайындықтың басты кезеңі – материалдар жинау. Сондай-ақ, сөздің нәтижелі шығуы төмендегі материалдар:

– негізгі ресми құжаттар;

– ғылыми, ғылыми-көпшілік әдебиеттер;

– анықтамалық әдебиеттер: энциклопедиялар, энциклопедиялық сөздіктер, ғылымның әр саласына арналған сөздіктер, лингвистикалық сөздіктер (түсіндірме, шет тілдер, орфоэпиялық, орфографиялық, синонимдер, т.б.) библиографиялық көрсеткіштер;

– көркем әдебиеттер;

– газет-журналдағы мақалалар;

– радио, теледидар хабарлары;

– әлеуметік сауалнама нәтижелері;

– өзінің бұғанға дейінгі білімі мен білік, танымы;

– байқау, ой қорыту.

Кез келген ортада әңгімеге шығу үшін сол ортаға қатысты материалдарға жетік болуы керек. Сөйлеу алдындағы дайындықтың маңызды кезеңдері:

– іріктелген әдебиеттерді игеру;

– оқыған материалдарды ой тезіне салу;

– қорытынды жасай білу;

– талдау, материалдарды жүйелеу;

– ортаның ықылас, талабына, қажеттігіне қарай материалдарды іріктеу.

Дайындық түрлеріне:

– сөздің жазбаша мәтінін дайындау;

– мәтінді бірнеше рет дауыстап, мәнерлеп оқып дағдылану;

– қажетіне қарай кейбір тұстарын жатап алу керек десе келесі бір сөз шеберлері;

– тезис немесе жоспарын жасау;

– мәтіннің негізгі бөліктерін ғана жазу, яғни тірек бөліктерін әзірлеу;

– мәліметтерді (аты-жөндерді, статистика, қанатты сөздер, цитата, т.б.) іріктеу маңызды деп есептейді.

Қалай болғанда да, ойды дәл жеткізе білу, тақырып мәнін ашу үшін

жоспар құрудың маңызы ерекше.

Жоспар - мәтіндегі ойдың берілу реті, қысқаша мәтін бағдарламасы.

Жоспар жай және күрделі деп бөлінеді. Жай жоспар бірнеше тармақтардан тұрса, күрделі жоспар кіріспе, негізгі бөлім, қорытындыдан құрылады.

Кіріспеде тыңдаушыларды тақырыпқа дайындайды, тақырыптың көтерілуінің қажеттлігі (өзектілігі), дәл сол аудитория үшін мәні, маңызы, мақсаты мен міндеттері, сондай-ақ, мәселенің тарихы айтылады.

Кіріспе бөлім тыңдаушыларды қызықтыра алатындай тартымды ойлы, көңілге қонымды болса, келесі бөлімдерді ашуда сөйлеуші үшін оңай болары сөзсіз. Сондықтан да риториканы зерттеушілер кіріспеде:

– тыңдаушыларды ұйытардай бір сәтті даяндау;

– юморды сәтті пайдалану;

– аңыз, ертегімен сабақтастыра бастау;

– көпке мәлім оқиғаны талдау;

– риторикалық сұрақ;

– тыңдаушыларға сұрақ қою, жауап алу әдістеуді қолдану аудитория ерекшелігіне қарай өз нәтижесін беретінін айтады.

Негізгі бөлім айтылар ойдың орнымен жеткізілуі, жинақталған материалдардың аудитория ыңғайына қарай сәтті қолданылуы үшін олардың ретімен, жүйе-жүйемен баяндалуын талап етеді. Мәтіннің дұрыс құрылуы материалдарды орнымен пайдалану әдістеріне байланысты. Оның бірнеше түрлері бар.

1.Индуктивті әдіс (жекеден жалпыға).

2.Дедуктивті әдіс (жалпыдан жекеге).

3.Салыстыру әдісі (түрлі құбылыс, оқиға т.б. салыстыру).

4. Баспалдақты әдіс (бір мәселені талдап талқылап аяқтап, келесіге көшу).

5. Тарихи әдіс (хронологиялық жолмен баяндау).

Мәтінді нақты бір әдіспен зерттесе, нәтижелі болады. Негізгі бөлімдегі теориялық талдау, дәлелдеменің нақтылығы, мәліметтердің дәлдігі, сөйлемнің түсінікті құрылымы, ойдың жүйелілігі қорытындыны дұрыс жасауға ықпал етеді.

Қорытынды «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» береді. Кіріспенде қойылған мақсат-міндеттердің орындалуы айтылады. Негізгі бөлімдегі алынған нәтижелер жинақталады. Келешек істер жоспарланады, атқарылуы қажет жұмыстар айтылады. Мәтіннің стиліне, айтылған ой-пікірлердің түйініне қарай қорытынды да түрлі реңкпен (эмоциямен, нақты жоспар, міндет қабылдаумен белсенді іс-қимылға шақырумен) аяқталатыны белгілі. Қалай болғанда да сөздің соңында ортақ ой, түпкі мәселе шешімі түйінделуі керек.

27-жаттығу.

1. «Алғашқы өркениет қайдан бастау алады?»

2. «Соңғы сәнмен киіну: батылдық па, талғам ба, еліктеу ме?»

Сұрақтар мен тапсырмалар:

1. Берілген тақыптарға әңгіме құрастырыңыздар.

2. Жай және күрделі жоспар құрыңыздар.

3. Жоспардың қай бөліктерін өздеріңіздегі бар білімді пайдалана аласыздар? Қай бөліктеріне арнайы дайындық қажет?

4. Қай тақырыпқа арнайы, қайсысына көпшілікке арналған материалдарды пайдалансыздар? Неге?

28-жаттығу.

ХХІ ғасырда айқын сезіле бастаған да, ашық айтылып та жүрген жаһандау үрдісінің демеушісі АҚШ-та, оның тіл саласындағы ұстанған саясаты – ерте ме, кеш пе, әйтеуір, жер жүзіне ағылшын тілінің үстемдігін жүргізу. Бұл процесс ғылым мен техника, экономика, мәдениет т.б. саласымен қабаттаса, бүкіл Азия елдерінің де көбіне ене бастады. Қазақ өмірі де одан тыс қалып отырған жоқ.

Басқа ұлттарға, әсіресе қалыптасып тұрақтанған елдерге бұл процестің әсері өзгеше болса да, мемлекеттік тілдің жағдайы өзімізге белгілі қазақ еліне тигізер әсері игілікті бола қоймайтын сияқты. Біз үшін, біздің тіліміз үшін, бұл жаһандау қазақ атам айтқандай: «Кедейді қарақшы кезеңде күтіп алып бір тонаса, ойпатта жатып алып екі тонайды» дегеннің керін келтіретін сияқты.

Қазақ тілі орыс тілінің өктемдік әсерінен құтыла алмай отырғанында, ағылшын тіліне қақпасын ашуға мәжбүр. Ал ағылшын тіліне лап қойған жастар қазақ тілі тұрмақ, орыс тілінің өзіне селқос қарайтын болды.

Міне, жаһанданудың тілімізге тигізер әсері.

Ендігі мақсат: жаһанданудың тайқазанында ең болмаса «қазақ» болып қайнау үшін қолдан келетін айла-амалды ойластыруымыз керек.

Қорыта келгенде айтарым: мемлекеттік тілімізді аман сақтап, тұрақтандырып, ілгері дамыту үшін қазақ баласына, бәрімізге ұлттық сана, азаматтық биік тұғыр, мемлекеттік идеология қажет-ақ.

Ана тіліміздің атқаратын қызметтері қандай? Әдетте, оның негізгі қызметін – адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы деп санайды. Алайда, оның басқа да сан алуан қызмет атқаратыны қарапайым жұрт біле бермейді. Мәселен, көркем шығарма тілі адамға эстетикалық ләззат сыйласа, тілдің жинақтаушылық қызметі халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани-мәдени байлығын, салт-дәстүр, әдет-ғұрпын, танымдық қасиеттерін бойында сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа, атадан балаға мұра етіп жалғастыратын қасиетке ие. Ол ғана емес, тіл – қорған, тіл – қару, өнер алды – қызыл тіл, тіл – ұлттың жаны мен мәні, т.т. Сонымен қатар: тіл – елдің елдігінің кепілі, ұлтты ұйыстыратын ұйытқы.

Осылардың әрқайсысы жеке-дара философиялық ұғымдар. Өз тілінен айырылған ел – ел емес, ұлт – ұлт емес. Өйткені, этностың ұлт санатына қосылуы үшін қажетті де міндетті шарттарына: ортақ табиғи орта, ортақ күнкөріс көздері, ортақ тіл, ортақ психология жататыны белгілі. Сондықтан да қазақ халқы бүгінгі жержүзілік жаһандану процесінде біртұтас ұлт болып қалуы үшін ана тілінің тас түйін етіп ұйытыратын ұйытқы болар құдіреті күшіне сүйенуі керек деп білеміз (Ә. Қайдар).

Сұрақтар мен тапсырмалар:

1. Жаһанданудың тілге әсері туралы мәтінде не айтылған?

2. Орыс және ағылшын тілдерін білудің пайдасы қандай? Зияны бар ма?

3. «Ұлттық сана», «азаматтық биік тұғыр», «мемлекеттік идеология» тіркестерін қалай түсінесіздер?

4. Тілдің эстетикалық, жинақтаулық қызметі туралы не білесіздер?

5. «Тіл – қорған», «тіл – қару», «өнер алды – қызық тіл», «тіл – жаны мен мәні» деген ғалым пікірін таратыңыздар.

6. «Жаһандану және қазақ тіл» тақырыбына баяндама әзірлеңіздер.

7. Мәтіндегі қарамен жазылған сөйлемді қалай түсінесіздер?

29-жаттығу. Кестені толтырыңыздар.

Қорытынды түрі

Қолданған сөздер мен тіркестер

Тақырып

1

Жалпылама қорытынды.

«Сонымен», «Ендеше»

 

2

Тыңдаушыларды нақты бір іске жұмылдыру.

«Біріншіден», «Екіншіден»

 

3

Тыңдаушыларға алғыс

айту.

«Тыңдағандарыңызға»

«Көңіл қойғандарыңызға»

 

4

Юмормен аяқтау.

«Бірде Қожанасырдан сұрапты»

 

5

Мадақтау, көңіл көтерумен аяқтау.

«Сіздерге үміт артуға болатынына сенемін»

 

30-жаттығу.

Жұмбақтың шешілуі

Ұзақ жолдан шаршап келе жатқан бір жігіт бір ауылға келіп түседі. Үй иесі ақсақалды қария екен. Сәлем беріп, үйге кірген жігітке қария:

– Сәлемші болсаң, жоғары шық, мысығым! – дейді. Жігіт іштей «мысығы» несі деп ойлайды да, қисайып жатып көзі ілініп кетеді.

Бір уақыттар шамасында әлгі қария:

– Тұр, арыстаным, тамақ дайын болды, – дейді жігітке.

Жолаушы бұл сөзіне де таңданып, ештеңе демей, тамақ ішіліп болған соң жүруге әзірленеді. Кетерінде ақсақал жігітке:

– Жолың болсын, жыршым!– дейді.

Қарияның жұмбақ сөзіне таңданып, түсінбеген жігіт аң-таң болып кете барады. Еліне жеткен соң көпті көрген көнекөз бір қарияға келіп, осы жайларды айтады.

– Е, балам, түсінбеген екенсің, – дейді бұған өз аулындағы қария. – Ол ақсақалдың саған айтқандары мыналар еді. Біріншісі, тосын қонақ алғаш рет үйге келгенде «қалай қарсы алар екен» деп жалтақтай келеді. Саған «жоғары шық, мысығым» дегені сол. Екіншісі, қонақ келген соң үй иесі ұялады, «қонақтың көңілін, жай-күйін қалай тапсам екен» дейді. Саған «тұр, арыстаным» дегені сол еді. Ал үшіншісі, қонақ аттанып кеткен соң, көрген сый-сияпатын қай жерде, қалай айтса да өз еркінде. Ақсақалдың саған «жолың болсын, жыршым» дегені сол еді.

Сұрақтар мен тапсырмалар:

1. Қонақты мысыққа, арыстанға, жыршыға теңеуде қандай ұлттық сипат бар?

2. Қонақ жайында қандай мақал-мәтел, нақыл сөздер білесіздер?