Пікіралмасу және оның ерекшеліктері


Адамдар арасында пікір алшақтығы, түрлілігі пікірлесуге, ой бөлісуге, талдауға негіз болады.

Айтыс -– қазақ халқының ежелден қалыптасқан өлеңмен суырып салып айтатын сөз сайысы, жыр жарысы.

Айтыс -– түрлі ой-пікірлер толқыға түсуі, әр пікір, ойды айтушының өзін қорғай алуы. Айтыс көпшілік алдында немесе екеуара немесе топтар арасында өтуі мүмкін.

Пікіралмасу көпшіліктің шындықты, негізгі ойды анықтаудағы айтысы. Пікіралмасу – көпшілік-ғылыми немесе саяси айтыс. Пікіралмасудың нәтижесі – ортақ пікірге келу, сондықтан да қатысушылар бір пікірге тоқтамаса да, өзара түсіністік, келісім болады.

– Пікіралмасу – пікірталастың бір түрі;

– қатысушылардың мүдделері ортақ болады;

– пікіралмасуда ортақ шешімге, пікірге тоқтайды;

– қатысушылардың барлығы өз ойларын айта алады, тең құқылы;

– регламент қатысушылармен келісе отырып белгіленеді.

Пікіралмасуда есте ұстайтын талаптар.

1. Мүмкіндігінше өз пікірін әдеп ережелері шеңберінде жеткізу.

2. Қызуқандылыққа, сабырсыздыққа жол бермеу.

3. Өзің терең білмейтін, тақырып жайында айтысу дұрыс емес.

4. Пікіралмасу кезінде өз пікірінің дұрыс еместігіне көз жеткізген кезде, бұрыстығын мойындау.

5. Айтыс – өзі ойының дұрыстығын дәлелдеуден гөрі шындықты анықтау екенін ұмытпау.

31-жаттығу.

Серікбай алғашқы қымсынып қалған қалпынан жазыла алмай, бөгелектеп тұрып, сөз бастады. Бірақ сөзі бұрынғы ойдағы дайындаған сөзі емес, жуасып, жұмсақталғандай кібіртік еді. Өзі де ырза бола алған жоқ. Тізектетіп, әуел бастан-ақ елді алдына сала:

– Елдің жауап беруі қиын болып тұр. Елге ауыр тиіп тұр... Көптің өзі біледі! Жұрттың ісі.. Жұрт өз аузымен айтсын. Бала бересіңдер ме? – деп, елге қарай бұрылып дауыстап жіберді.

Жұрт бір ауыздан:

– Жоқ! Жоқ!- – деп, шу-шу етті. Маңайдан түйілген көп қабақ, тістескен жақ, ашу мен қанын ішіне тартқан жүздер, ұлықтарды оңды-солды шаншып, шошытып өткендей болды.

Жұрт жаңағы Серікбай сұрағымен шу-шу еткенде, Тұрлығожаның бойына ел ұранымен бірге тасқындап кернеп келген ашу қаны білінгендей болып еді; ол ел тоқтай бергенде, Серікбайдың қолын қағып қалып:

– Тоқта, олай емес,-деп, ашулы шатынаған көзбен Ақжелкеге қадалып тұрып, ойдағы сөзін желілеп, кие жөнелді. Даусы барлық топқа түгел естілгендей, зор ашулы саңқ-саңқ етті. Даусының зілді қаттылығының өзімен-ақ ұлықты бетке былшылдатып ұрып тұрғандай болды. Бұның даусы шыққаннан-ақ, елдің айызы қанып, әр жерде суық жымыңдаған жүздер көрінді. Ұлық та тесірейе қарап, түйіліп, тісін басты.

Тұрлығожа алғашқы сөзден-ақ өзінің даусын да, түсін де еркін билеп алып, жатық бастады.

– «Хан әділінен тайса, қарашысы бұзылады» деген. Бұл күнге шейін бізді билеп келген патша мына жарлықты шығарамын деп елге екі сөз айтты. Әділінен тайды. Біз ақ патшаға қарағалы елу жыл толған жоқ, елу жылға шейін солдат алмақшы емес еді. Одан танды, бұл-бір, – деп, оң қолы мен сол қолының бармағын басты.

– Бір сом жиырма тиыннан артық түтіннен рамат алмақшы емес еді, биылғы жыл жиырма бір мен қырық бестің арасына келгеннен алым алды, артық алды. Бұл-екі. Жерді алды, қонысты алды. Ел күн көріп отырған суды алды. Бұл-үш. Өз жеремізді өзімізге сатты.. Біз өгей бала есепті болдық....ұлықтың, әділмін деген патшаның бір сөзінде тұрмай, екі айтқанына ел көптен бері назары болатын. Бүгін мына солдат деген сөзді шығарып, тағы жалған сөз сөйледі. Бұл күнге шейін түзелер, оңдалар деп күтіп келіп еді, енді түзелмейтініне көз жетті. Елдің шыдамын тауысты. Бұдан арғыға шыдай алмаймыз. Бала бере алмаймыз, рас па, халық? – деп еді.

– Рас, рас, бере алмаймыз!.. – деп, мың-мыңдаған жиын бір де бірі қалмай, дүр-дүр етті. Айғайы жер жарғандай қылып аспанға шығарды.

...Оның түсінде әлі де таймаған ажар, қайтпаған қажырлы ашу бар еді. Жұрт айғайы басыла бергенде:

– Патша бала алмасын; мал алсын, егер, тіпті, қоймай бала аламын десе, мына қолына қазір жабдық берсін. Ұрыста ор қазып шепке ұсталып, қойша қырылғанша, жастығын ала жататын болсын. Астына ат, қолына қару берілсін. Жұрт осыны тілейді, – деп, сөзін бітірді.

Бұдан қалған сөзді Айтбай айта бастап еді, бірақ оның даусы кібіртіктеп ақырын шығып сөйледі. Жұрт Тұрлығожадан қалған сөзге құлақ салғысы келмегендей, жан-жақтан қаптап, жабырласып сөйлеп, ду-ду етіп, Айтбай сөзін ешкімге де естіртпеді. Барлық жиын кеңсені қоралай қамап тұрған айналаның барлығынан Тұрлығожа айтқан сөздерді неше алуан қылып айғайлап, шулап, дамылсыз айтып жатты. Бірақ бұл кездегі сөздерді ешкім де түгел естіп, түгел ұққан жоқ. Әсіресе ұлықтар естіген жоқ (М.Әуезов).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Мәтіндегі сөйлеушілер сөздеріне баға беріңіздер.

2. Қарамен жазылған сөздердің мағынасын ашыңыздар.

3. Тұрлықожа сөзінің қисынды, әрі тегеурінді, көңілге қонымды шығуның себебі не?