Пікірсайыс


Пікірсайыс – өз аты айтып тұрғандай пікірлер, идеялар сайысы. Пікірсайыстың басты ерекшелігі – қатысушылардың бір жағының жеңіп, мақсатқа жетуі, яғни бір ғана идея, пікірдің дәлелденуі.

– Пікірсайыс көбіне қоғамдық-әлеуметтік тақырыптарға арналады.

– Адамгершілік қасиеттерді сақтау, рухани құндылықтарды қорғау, адам құқығын жоғары қою, ізгілікті дәріптеу т.б. мәселелер төңірегінде ұйымдастырылады.

– Әр шешен, әр қатысушы өз ойын, пікірін дәлелдей білуі керек.

– Өз ұстанымының маңыздылығына, мәніне қатысушылар мен тыңдаушылар көзін жеткізе алуы қажет.

– Айтар уәжін ғылыми, әлеуметтік жағынан негіздемесінің сенімді әрі нақты болуына назар салу.

– Пікірсайыс кезінде әдеп ережелерін ұмытпау.

– Шешеннің азаматтық ұстанымы мен ұлтты сүю, елді құрметтеу.

– Қоғам, көпшілік мүддесін қорғау.

– Пікірсайыстың қамтитын ауқымы кең материалдары мол болу.

– Пікірсайыс қоғамдық партиялар, жекелеген қайраткерлер арасында өтеді.

– Сот ісінде ақтаушы мен прокурор, айыптаушы мен куә т.б. арасында да жүруі мүмкін.

– Пікірсайыста шешеннің сөзі, өзін-өзі ұстауы, ойын ұтымды жеткізуі, дәлелінің нақтылығы қажет.

34-жаттығу.

Тоқсабаның сөзден тосылуы

Атақты Тоқсаба шешен жолаушылап келе жатып, бір ауылдың сыртында қозы баққан сегіз жасар балаға жолығып:

– Балам, бұл қозы кімдікі? – деп сұрапты.

– Ата, бұл қозы – қойдікі.

– Әкең аты жоқ па еді, шырағым,-– десе.

– Әкемнің қара аты да, торы аты да, сары аты да, құла аты да бар, – -депті.

Шешен ішінен «мынау бір қиқар бала екен..» деп ойланып қалады. Таутекенің мүйізінен жасаған сылдырмақты шақшасын ердің басына қағып-қағып насыбай атады. Сонда бала тұрып:

– Ата, шақшаңыз ненің мүйізі,- – депті.

Балаға іштей қиястанған Тоқсаба:

– Бұл – біздің елдің қоянының мүйізі, – депті.

Шешеннің өтірігін естіген бала лып етіп:

– «Елі азғанның жері тозған» деген рас екен-ау. Біздің ел қоянның мүйізінен шаңырақ иеді. Сіздің елдікі шақшаға ғана жарапты ғой,– депті.

Тоқсаба тойтарма сөзге қарсы түк дей алмапты («Ел аузынан»).

Сұрақтар мен тапсырмалар:

1. Тоқсаба сұрағына неге бала қияс жауап берді деп ойлайсыздар?

2. Бала сұрақ жауабы мен Тоқсаба сұрақ жауабының ұқсастығы бар ма?

3. Тоқсаба шешен неге сөзден тосылды?

4. Әңгімені пікірсайыс деуге бола ма? Ойларыңды дәлелдеңіздер.

35-жаттығу. «Үздік оқу, үлгілі тәртіп үшін ақшалай марапаттау қажет пе?» деген тақырыпта пікірсайыс өткізіңіздер.

1. Көзқарастары сәйкес келмейтін екі топ құру.

2. Дәлелдейтін тезистерін анықтау.

Мысалы: «Үздік оқу, үлгілі тәртіп үшін ақшалай марапттау қажет».

« Үздік оқу, үлгілі тәртіп үшін ақшалай марапаттау қажет емес».