Этика екі жарым мың жыл бұрын пайда болған. Этиканың бірінші жүйелері Ежелгі Шығыста – Ежелгі Үнді мен Ежелгі Қытайда пайда болды.
Ежелгі Үнді мәдениеті үшін ортақ әдеби дереккөз болып Ведалар табылады: діни мәтіндер, әнұрандар, салттық формалар жинағы. Соған байланысты этикалық салт жалпы діни болып қалыптасты. Б.д.д. VI ғасырда діни ілімнің негізінде брахманизм адамгершілік-этикалық ілім қалыптасты. Бұл ілімнің негізгі идеясы Брахма барлық тіршілік иелерінің абсолюттік құдайшыл түпнегізі екенін және атманды оның жеке көрінісі ретінде қарастыру. Брахма өзінен бәрі туатын және оған бәрі айналатын белсенді шығармашыл бастау, әлемнің жаны, рухани субстанция ретінде қарастырылады. Адамның рухани маңызы Брахманның жеке көрінісін – атманды көрсетеді.
Адам тіршілігінің мәні – дұрыс өмір сүру негізінде жеке жанды – атманды - Әлемнің жанымен – Брахмамен біріктіру мүмкіндігін алу. Бұл мақсатқа жетуде брахманшылар ұлы игілік пен жоғары міндетті көреді.
Брахманизмнің ілімі бойынша, адами және құдайшыл бастаудың бір өмір бойында қосылуы мүмкін емес. Ұзаққа созылған жаңаша түрлендіру тізбегі – Сансара - өту қажет.
Сансара - өмір дөңгелегі – бұл әр тіршілік иесі жасайтын жаңадан туу, қайталап туу мен өлу ұласуы. Бұл ұласу ортақ заң – Кармаға – бағынады. Жалпы мағынада – Карма – бұл әр тіршілік иесі оның жаңа туу, яғни кейінгі өмір сүру маңызын анықтайтын әрекеттер және олардың салдары жиынтығы. Тар ұғымда, карма – бұл жасаған әрекеттің бүгінгісі мен кейінгі тіршілік ету мәніне жасаған әсері. Әр индивидке, әр сословиеге (кастаға) Брахмамен өз Кармасы жазылған.
Сансара мен карма ұғымдарымен брахманизмде дхарма түсінігі тығыз байланысты. Дхарма ұғымы Жер жүзінің заттардың өздерінде және құбылыстарда жатқан өзгешеліксіз заңдылығын көрсетеді. Бұл заңдылыққа барлығы бағынған: құдайлар, табиғат, адамдар. Оның арқасында әр құбылыстың, жалпы дүниенің әр бөлігінің орны қалыптасады. Адамгершілік-этикалық ілімде жеке әр адамның дхармасына және ол қатысты сословиеге (кастаға) акцент жасалады. Дхарма міндет - әр адамның және әр сословиенің діни және қоғамдық міндеттерінің жиынтығы деп түсіндіріледі. Дхарманы сақтау, міндеттерді атқару – адамның бұл әлемдегі өз арналуын орындау деп табылады.
Кім шынайы дхарманы ынталанып, жігермен орындайды және айналу сатыларын толық өтсе, сансара ағымынан босатылып Брахмамен қосылады. Бұл жаңадан туудан босатылу және абсолюттік шаттыққа жету күйі мокша деп аталады.
Діни рақымшылдықтармен қатар брахманизм бірқатар жалпыадамзаттық адамгершілік нормаларын да таратты: ата-бабаларды қадыр тұту және салттарды сақтау, ата-анаға және жалпы үлкендерге құрмет көрсету, қонақжайлылық, бар тіршілікке жақсы қарау, шынайылық, діншілдік, жомарттық, ашудан және рақаттыққа ұмтылудан сақтану.
Б.д.д. VI ғасырда ортодоксалды брахманизмге қарсы ілім - өзінің негізін құрған Будданың (шынайы аты Сиддхартха Гаутама (б.з.д. 621 – 543 жж.) атымен аталған – буддизм (дәлме-дәл – «шаттанған») ілімі пайда болады. Өзінің діни-адамгершілік ілімін қалыптастыра отырып, Будда барлық үнділіктерге таныс брахмандық салттарға сүйенді. Өз ілімінде ол жаңадан туу (сансары) принциті, бағалау (карма), шынайылық жолы (дхарма), буддизмде нирванамен алмастырылған шаттыққа жетудің (мокша) идеясын пайдаланады. .
Буддизм бойынша, өмір – барлық оның көріністерімен - әртүрлі комбинациялардың немесе материалдық емес бөлшектердің – дхармалардың – «ағымдарын» қарастыру. Дхармалардың сәйкестенуі бұл әлемде барлық тіршілік еткендердің болмысын белгілейді: адамның, жануарлардың, өсімдіктердің, бейорганикалық табиғаттың. Өзіне қатысты сәйкестіктің бұзылуымен өлім келеді, бірақ дхармалар ізсіз жоғалып кетпей, жаңа комбинацияны құрастырады. Бұл комбинация карма заңына сәйкес жасалады – алдыңғы өміріндегі тәртібіне сәйкес құрметтеу немесе жазалау. Шексіз жаңадан туу тізбегі (сансара), немесе өмір дөңгелегі үзілуі мүмкін. Соған әр адам ұмтылуы қажет. Қиналдыратын жаңадан туудың тоқталуы, тыныштық пен шаттық күйіне жету, Буддамен қосылу - әр адамзат талпынуының басты мақсаты. Сонымен, буддизмде басты мақсат – адамның өмір сүрген кезінде-ақ салқынқандылық, тыныштық, шаттық күйге жетуге мүмкіндік табу..
Буддизмнің ерекшелігі және брахманизмнен айрықшалануы – бар адамдарды каста нышаны бойынша бөлуден бас тарту. Будданың ілімі бойынша, барлық адамдардың бірдей мүмкіндіктері бар. Сословиелік, этникалық және әлеуметтік ерекшеліктер – екіншілей болып табылады, Будда көрсеткен жолға адамның адамгершілік жақындығының деңгейінен шыққан.
Буддизмнің екінші маңызды ерекшелігі – ұжымдықтан жеке діни-адамгершілік өмірге акценттің жылжуы. Буддизм бойынша, адам жеке талпынысына қарай сансарадан шығып, өзінің жеке «шынайылық жолын» тұжырымдап және ұғынып жазаны немесе құрметті өзгерте алады.
Бұл нұсқаулар оның діни-адамгершілік ілімінің төрт негізгі ережелері ретінде тұжырымдалды:
1) өмірдің мәні – азап;
2) азаптың себебі – ляззат пен пен құштарлық;
3) азаптан құтылу үшін, құштарлықтар пен ляззаты тамырымен жұлып алу қажет;
4) ол үшін дұрыс тәртіппен адамгершілік білімі заңдарына сәйкес рақымшыл өмір сүру қажет.
Сондықтан, буддизмнің діни-адамгершілік ілімінің мәні - әр адамды ішкі бостандықты табу, адам өміріндегі барлық шынжырлардан толық босатылу жолына тұруға шақыру. Босатылу нирванада табылады.
Шаттанумен қатар нирвана буддизмнің басты ұғымы болып табылады. Санскриттен аударғанда «нирвана» «сөну», «өшу» деген мағынаны білдіреді. Буддизмнің ілімі бойынша – бұл адамның оның барлық сезімдері мен құштарлықтары, сонымен бірге адамды айналған әлемі де өшкен ішкі жағдайы. Бұл ішкі өшу адамды қинайтын «Мен»-нен және барлық тіршілік иелерін жаңадан тууға апаратын өмірді аңсаудан босатады. Сонымен карманың билігі бұзылып, шаттанған адам – абыз – абсолюттік тыныштықтың шаттанған мағынасыздықта толығынан сіңіп кетеді.
Шаттану мен нирванаға адам өз талпынуы арқылы жетеді. Бұл үшін адам «сегіздік жолмен» өту қажет:
1) Дұрыс көзқарастар, яғни «мейірімді шынайылықтарда» негізделген көзқарастар;
2) Дұрыс батылдық, яғни шынайылық үшін ерлікке дайын болу; 3) Дурыс сөйлеу, яғни тілектестік, шынайы, адал;
4) Дұрыс тәртіп, яғни жамандық жасамау;
5) Дұрыс өмір салты, яғни бейбіт, адал, таза;
6) Дұрыс күш салу, яғни өзін-өзі тәрбиелеу және өзін-өзі ұстау;
7) Дұрыс ілтипат, яғни ақылдың белсенді қырағылығы;
8) Дұрыс шоғырлану, яғни пайымдау мен медитацияның дұрыс әдістері.
Бұл принциптерді меңгеруді Будда біртіндеп жоғарланған сатылар қатары ретінде қарастырған. Нирванаға апаратын сатының жоғарында адам жоғары шаттық, самбоджа (самадхи) күйін табады.
Сонымен қатар буддизм жалпыадамзаттық гуманисттік маңызына толы адамгершілік қағидаларының кең панорамасын жаяды. Бұл сыпайылықты және өмірдің қарапайымдылығын, ұстамдылығын және барлығында төзімділігін, адамдарға деген әдептілігін және шыдамдылығын талап ету. Буддизм үлкендерге құрмет көрсетуді, бар тіршілікке зиян келтірмеуді, өрескелдіктен, көреалмаушылдықтан, ашудан, өшпенділіктен бас тартуды талап етеді. Буддизм бойынша, өшпенділік басқа өшпенділікпен емес, өшпенділіктің болмауымен біту керек. Жамандық жасаған ешқашан тыныштық таппайды, өйткені ол ашуланғандық, көре алмаушылық күйінде болып, оның жасаған жамандығы желге қарсы көтерілген шаңға ұқсап бұл ақмақтың өзіне қайтып келеді.
Шынайы дхармаға жеткен адам, өзіне сыпайы, қайырымды, қарапайым және ашусыз болуды міндет санайды. Ол шыншыл және сараң емес, көңілді және сәлемі дұрыс болуы қажет, басқалардың кемшіліктерін іздемей, өз кемшіліктерінен үздіксіз өзімен өзі жұмыс істеу, төзімділік және шыдамдылық арқылы құтқарылу керек – дәл мұнда нирванаға жеткізетін жоғары аскетизм бар.
Ежелгі Қытайда ең әсерлі діни-адамгершілік ілімдер – даосизммен конфуцийшілдік.
Даосизм Қытайда б.д.д. VIІ ғасырда пайда болды. Даосизмнің негізін қалаушы – қытай ойшылы – Лао-цзы (б.з.д. 604 – 531 жж.). Басты мәтін - «Дао дэ цзин» («Дао мен дэ туралы кітап»). Даосизмнің діни-адамгершілік жүйесінің басты нышаны – Дао – болмыс, Космос, әлемнің әмбебап бірлігінің заңы, құдайшылдық Абсолют.
Лао-цзы Даоға белгілі діни-адамгершілік мінездеме беріп, Дао туралы іліммен адамгершілік ілімнің негізін қалады. Дао – тек қана Абсолют емес, бұл әлемде барлығы жүретін жол; әр адам бақытты болу үшін бұл жолға түсу керек, Даоны біліп онымен қосылуы қажет. Даосизм ілімі бойынша, адам-микрокосм – мәңгілік. Физикалық өлім адамның жаны бөлініп макрокосмда таралуын дәлелдейді. Өз өміріндегі адамның басты міндеті оның жаны мен әлемдік тәртіптің – Даоның – қосылуына жету.
Лао-цзының үйретуінше, Дао жолдарына «дэ» күші тән. Сол «дэ» арқылы әр индивидте Дао көрінеді. Бірақ бұл күшті күшею деп талқылауға болмайды, керісінше, қандай да болса күшеюден алас болуға тырысу деп талқылайды. Дэ – бұл «әрекет етпеу» (у-вэй), мақсатқа бағытталған табиғи тәртіпке қарсы келетін әрекетті жоққа шығару. Әрекет етпеу ештеңе істемеуді емес, нақты жағдайда даоның көптеген көріністеріне абсолютті сәйкес ерекше үйлесімді әрекеттерді белгілейді. Белсенді жақсылық жасау, одан әрі жамандық жасау қажет емес, өйткені екеуі де заттардың табиғи тәртібін бұрмалайды. Келесі дао «жақсылық жасамайды», бірақ жақсылықты күннің көзіндей мақсатсыз табиғи таратады. Сондықтан, даосизм өмірге деген пайымдаушылық көзқарасқа үйретеді. Шаттыққа Даоны өзіне қаратуға тырысатын емес, медитация, өз ішкі дүниесіне шому арқылы өзін-өзі тыңдауға, ал өзі арқылы дүниені тыңдап оның ырғағын тануға тырысатын жетеді.
Бұған қарағанда, даосизмде өмір мақсаты мәңгілікке қайту, өз тамырларына оралу деп ұғындырылады. Даосизмнің адамгершілік мұраты – құдайшыл Даомен қатынасуға және оған барлық құмарлық пен құштарлықтарды еңсеруге көмектесетін діни медитация, сексуалды гигиена, дем алу және гимнастикалық жаттығулар арқылы жоғары рухани күйге жететін дуана. Басқаша айтқанда, табиғатпен қосылу, оның ырғағымен сәйкес өмір сүру.
Қытайда б.з.д. VI–V ғасырларда өмір сүрген Конфуцийдің (Кунц-зы (б.з.д. 551 – 479 жж.) философиялық-этикалық ілімі жақсы дамыды. Конфуцийдің ілімі «Лунь юй» («Пікірлер мен әңгімелер») атты кітапта жазылған. Бұл кітап мұғалімі қайтқан соң оқушыларымен басылып шығарылды.
Конфуций этикасының онтологиялық негізін бір заңдар бойынша дамыған үйлесімді, мәңгілік бастау ретінде қарастырылған әлем туралы көзқарастар құрастырады. Адам әлем үйлесімділікте өз орнын табу қажет. Ол үшін адам кемелдікке тырысу керек. Конфуций өзінің Космоспен үйлесімді қатынас орнату мақсатындағы адамды жетілдіру өзіндік бағдарламасын жазады.
Бұл бағдарламаның негізінде өз тіршілігінде және әртібінде барлық адамдар еліктеуге мүмкін адамгершілік идеалды жасау. Бұл идеал – «бес рақымшылдығы» бар «абыз», «аса мейірімді адам»:
- адамгершілігі (жень), яғни бар жанды мен жансызға сүйіспеншілікпен қарау;
- инабаттылығы (ли), яғни қалыптанған ғұрыпқа, этикетке, салтқа сүйену;
- адалдығы (и), яғни өз ішкі дүниесін қоғамдық парызды атқаруға бағындыруға тырысу;
- даналығы (чжи), яғни оның эрудиция, білімділігі, алғырлық деңгейі;
- ұлдық кішіпейілдігімен (сяо), яғни әкесіне, патшаға, еліне, сонымен қатар өз көзқарасымен берген сөзіне сенімділігімен.
Конфуций құрметті өмірдің нормативтік бағдарламасын ұсында. Оны ғұрып этикасы деп қысқаша белгілеуге болады. Оның ойынша, тек ғұрып қана рақымшылдықпен бақытты, жеке адамның жігерімен қоғамдағы барлығының келісімді өмірін қоса алады.
«Сяо» нормалары қытайлықтарда отбасына деген құрметті тәрбиелеген. Отбасы қоғамның ортасы болсып саналатын, отбасының мүддесі жеке тұлғаның мүддесінен жоғары қойылатын, оларды тек қана отбасылық өзара қатынас контекстінде бағалайтын. Конфуций этикасы эмоциалдық даралыққа, отбасылық қатынастардың қалыптасу негізі ретіндегі махаббат сезіміне көп мән бере қойған жоқ еді. Махаббат – бұл жеке, өткінші. Оның жоқтығы отбасының қалыпты тіршілік етуіне және жұбайлардың өз міндетін (бала табу және оларды тәрбиелеу) атқаруға кедергі болмауы тиіс.
Конфуцийшілдік этикасының маңызды құрылым бөлімшесі – үлкендерге қатал бағыну талабы. Қандай да болса үлкен - әкесі, шенеунік, патша – бұл кішіге, қол астындағыға, азаматқа деген талассыз бедел. Оның ерігіне мүлтіксіз бағыну – бұл отбасы шеңберінде де, мемлекетте де норма болып саналады. Конфуцийшілдік отбасы – мемлекет, ал мемлекет – ол үлкен отбасы деп үйретеді.
Сонымен, Конфуций этикасы әдетті қоғамдық тәртіпті, қоғамның қауымдық-патриархалдық ғұрыптарын бекіткен.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтары:
1. Этиканың алғашқы жүйелері пайда болған мемлекеттер?
2. Б.д.д. VI ғасырда пайда болған діни ілім?
3. Санскрит тілінен аударғанда «нирвана» ұғымының мәні?
4. Буддизм ілімінің мәні қандай?
5. Ежелгі Қытайдағы діни-адамгершілік ілімдер қандай?
6. Конфуцийдің діни ілімі жазылған еңбек қалай аталады?
7. Отбасына деген құрметті тәрбиелейтін Қытай мәдениетіндегі ілім қалай аталады?
8. Конфуцийшілдік этикасының маңызды құрылымы қандай?
Рефераттар тақырыбы:
1. Ежелгі Шығыс этикасының ерекшеліктері
2. Даосизм ілімінің пайда болу тарихы
3. Үнді этикасының даму тарихы
4. Конфуцийшілдік этикасының дамуы
5. Үнді этикасындағы «сегіздік жол»
6. Конфуций этикасының онтологиялық негіздері
7. Қытай этикасының даму тарихындағы ұлы тұлғалардың өмір жолы