Кіріспе


Қазақ әңгіме жанрында еңбек етіп жүрген жазушылардың шығармаларында, олардың замандастары туралы толғауы иірімді келіп, адамның құпиялы ішкі әлеміне терең үңілгені байқалады. Әсіресе, қазақ әңгімесінде трагедиялық бейнелер қазақы діл рухында бейнеленген. Сонымен қатар қазақ әңгімесіндегі тартыс мәселесі – дәуір тұрғысынан (XX ғасыр екінші жартысы) әлеуметтік-философиялық салмақтылықта қорытылған. Мұның бәрі, суреткер шеберлігін таныту, кейіпкердің даралық психологиясын ашуда жазушының шығармашылық қиялының жемісін, көркемдеу құралының жаңалығын анықтаудан туындаған түйіндерді жинақтайды. Бұған – кейіпкердің тұлғалық сипаты, өмірмен ұштастырылған көркем әңгіменің танымдық, көркемдік орны дәлел. Ұсынылып отырған оқу құралында нақты бір кезеңнің әңгіме жанрындағы жазушы қолтаңбалары, шығармашылық тәсілдері, тақырып пен мұраты және дәуір кейіпкерлері зерделенді. Осыдан келіп, қазақ әңгімелеріндегі психологиялық талдау өнері шығарма мәтінімен дәйектелуін қарастыру арқылы ғылыми байлам түйінделді. Әңгіме жанрында таңбалық мағынасы бар сөз, сөз тіркесі, сөйлем, мәтін жүйесі көркемдік-мұраттық қызметке бағындырылуын байымдау арқылы шығармашылық лаборатория танылды.

Психологиялық талдау өнері қазақ әңгімелерінің тағылымдық мәнін ашуға көмектесетін мүмкіндігін нақты мысалдар арқылы зерделеу, қазақ әңгімелерінің композициялық құрылымына, бейнелер жүйесіне, көркемдеу тәсілдеріне талдау жасау, әңгіме кейіпкерлері арқылы өмірдегі адамның лайықты өз орны мен қызметіне, оның жан дүниесіне көңіл бөлінгенін анықтау студенттер үшін пайдалы жұмыс, теориялық білімін практикада ұштастыруға мүмкіндік туғызады. Қазақ әңгімеші-жазушыларының негізгі ортақ ерекшеліктері қатарына психологизмнің тұрақталғаны және лирикалық, мәселелік, астарлы символдық, әлеуметтік талдауды толық меңгергенін дәлелдеу – аталған оқу құралындағы практикалық сұрақтарды қамтитын бағыт болып табылады.

Қарастырылатын тақырыптың зерттелу деңгейін толықтай жинақтап көрсету де студенттер танымын кеңейту жұмысында маңызы бар мәселе болып саналады. Сондықтан, «Қазақ әңгіме жанры» тақырыптары бойынша жазылған диссертациялық және әдеби-сын еңбектер қатарына мән берудің қажеттілігі бар деп түсіндік. Атап айтсақ: З. Қабдоловтың «Қазіргі қазақ әңгімесі (жазушылық шеберлік мәселелері)» атты кандидаттық диссертациясы «Жанр сыры» (1964) атты еңбегінде [1] көрініс тауып, онда 1940-1950 жылдар арасындағы әңгімелердің жанрлық ерекшелігі, табысы мен кемшілігі зерттелген. Мүсіреповтанушы Х. Әдібаевтің докторлық диссертациясы «Талант, талғам, тағдыр» атты (1971) кітап [2] болып шықты. Р. Рүстембекованың «Қазіргі қазақ әңгімелері» атты әдеби-сын (1988) зерттеуінде [3] қазақ әңгіме жанрының бағыты одақтық, әлемдік әдебиетпен салыстыра қарастырылған. Б. Ақмұқанованың «Қазақ кеңес әңгімесінің даму жолдары (1917-1941 жж.)» диссертациялық зерттеуінде [4] XX ғасырдың басындағы кіші проза жанрының қанаттану жолдары қарастырылған. Б. Наурызбаевтың    «Б. Майлин шығармашылығындағы эпостық жанрдың шағын түрлері» [5], Ж. Молдағалиевтің «Ғ. Мүсірепов новеллаларындағы лирикалық дәстүр» кандидаттық диссертацияларында [6] суреткер әңгімеші-жазушылардың қазақ әдебиетіне әкелген үлесі талданған. С. Шарабасовтың «Қазіргі қазақ әңгімелеріндегі кейіпкер мінез-құлқы мәселелері» кандидаттық диссертациясында [7] 1960-70 жылдардағы жазылған әңгімелердің психологиялық талдау ерекшеліктері қамтылған. А. Құлымбетованың «Қазақ әңгімелері және повесінің стилі» атты диссертациялық жұмысында [8] әңгіме жанрының стильдік тұстары сарапталған. А. Тілепбергенованың «1960-70 жылдардағы әңгімелердің мәселелік және тақырыптық аспектілері (қазақ-қырғыз әдеби байланыстары мәтіні бойынша)» атты кандидаттық диссертациясында [9] қазақ жазушылары С. Мұратбеков, М. Мағауин, Ә. Тарази, Қ. Ысқақов, Д. Досжановтың әңгімелері қырғыз жазушыларының шығармашылығымен салыстыра қаралған.  Г. Балтабаеваның «Қазіргі қазақ әңгімесі (1980-1990 жж.)» кандидаттық және «Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ прозасының көркемдік әлемі (повестер мен әңгімелер)» докторлық диссертациялық жұмысында [10] әлеуметтік талдау кең ашылған.      Н. Смағұлованың «Қазіргі қазақ әңгімелеріндегі тартыс табиғаты» атты кандидаттық диссертациясында [11] әңгіме жанрындағы тартыс сипаты үш кезеңге бөлініп, кеңінен талданған. Жазушы лабораториясының көркемдік ізденістерін, поэтикасы жайын М. Әдібаевтің «М. Әуезовтің жиырмасыншы жылдардағы повесі мен әңгімелерінің поэтикасы» [12], Қ. Тамабаеваның «Т. Нұрмағанбетов прозасындағы мұраттық-көркемдік ізденістер» [13], А. Шмыреваның «Шығармашылық зертхананың аспектісіндегі әңгіме жанры» [14], Г. Елеукенованың «Қазақ әңгімелерінің поэтикасы» [15] докторлық диссертациясы, Н. Марчуктың «XX ғасыр 60-80-інші жылдардағы әңгіме жанрының поэтикасы» [16] диссертациялары қарастырған.

Оқу құралын дайындаудың теориялық-әдіснамалық негіздеріне А. Байтұрсынов, М. Әуезов, Б. Кенжебаев, М. Қаратаев, Х. Әдібаев,  С. Қирабаев, З. Қабдолов, Р. Бердібаев, Н. Ғабдуллин, З. Ахметов,    Ш. Елеукенов, Р. Нұрғали, В. Бадиков, Д. Ысқақұлы, Ж. Дәдебаев,     З. Бисенғали, Б. Ыбырайым, Б. Майтанов, Қ. Әбдезұлы, А. Ісімақова, Р. Тұрысбек, Б. Жетпісбаева т.б. әдеби-зерттеу еңбектері теориялық және әдістемелік негіз ретінде пайдаланылды.

Сонымен бірге Аристотель, В. Белинский, М. Бахтин,                Л. Гинзбург, А. Нинов, Г. Белая, А. Апухтина, В. Этов, П. Ульяшов еңбектеріндегі ғылыми-қисындық пікірлер салыстырмалы басшылыққа алынды.