2 Қазақ әңгімесіндегі тартыс, психологизм мәселесі


Суреттеу тәсілдерінің бірі – тартыс. Қазақ әңгімелеріндегі тартыстың туу мүмкіншілігі ұлттық мінезді сіңірген кейіпкер әрекетіне тәуелді.

Жазушының тартысты белгілеуі – кейіпкердің әдебиеттегі жаңа өміріне жол салуы. Жазушы қиялының жетегі – кейіпкердің өзіне, оның басынан кешетін оқиғасының жан тебірентерлік әсерлілігіне, осы жайтқа оқырманның сенетініне қазық байлаудан басталады.

Т. Есембеков докторлық диссертациясында М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», Т. Әбдіктің «Оң қол» әңгімелерінің көркем драмалық табиғатын сөз еткен. Тартыстың пішін мен мазмұнға және кейіпкерге қатыстылығы талданған. Әңгіменің образдық құрылымында қандай да болмасын тартыс белгісі болатыны айтылған. Қазақ әңгімелеріндегі тартыс табиғаты Н. Смағұлованың кандидаттық диссертациясында байыпталған. Онда тартыс категориясының А. Байтұрсыновтан бастап М. Әуезов, Н. Абалкин, С. Мұқанов, С. Ордалиев, Р. Бердібаев, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайлов, З. Қабдолов, Т. Есембековтерде жинақталғаны айтылады. Н. Смағұлованың: «Қазақ қаламгерлері қалыптасқан дәстүрлі тартыстан қол үзіп, жаңа тартыс түрлеріне бара бастады. Бұндай тартыс түрлерінің қалыптасуына 20-30-шы жылдардағы қазақ жазушыларының әңгімелеріндегі модернистік бағыттың араға уақыт салып қайтадан қазақ прозасында көрінуі деп білеміз»,- деген пікірі өте орнықты. Ізгілік, адамгершілік, ішкі көңіл-күй толғанысы жеке адамға тән. Осындай сезімге ие тұлға арқылы тартыс құраған әңгімелер көбейді.

З. Қабдоловта Ғ. Мүсіреповтің 1950 жылдарға дейінгі әңгімелері зерттелінген.

М. Бекбергеновтің «Ғабит Мүсіреповтің прозасы» атты оқу құралының нақтылы, жүйелі талдауын атап айта отырып, Ғ. Мүсіреповтің 1960 жылдардан кейінгі жазылған бір әңгімесіне талдау жасау арқылы әдебиет ұстазын жазушылар лабораториясын тану діңгегі ететінімізді межеледік. М. Бекбергеновтің талдауында: «…жазушы Ғ. Мүсірепов өзінің «Сөз жоқ, соның іздері» деген әңгімесінде әдебиетімізде әлі күнге дейін жеткілікті әшкереленіп болмаған жеке адамға табынушылық кесапаттарын батыл айыптайды. Бұл – автордың бүгінгі күннің өзекті тақырыбына дер кезінде үн қосқандығын сипаттайды… бұрын қолға алынбаған түрлі тың тақырыптарға жаңа қадам жасай бастағандығын көреміз»,- пікірін қабылдай отырып, ұнамды-ұнамсызға (Жангөбек, Айдарбек) бөлуден гөрі, кейіпкерді бір жақты талдамай жазушының бейне табиғатына енуін, меңгеруін қарастыру мақсат етілді. Себебі, әңгіменің құндылығы – Ғ. Мүсірепов кейіпкер психикасын, ұлттық рухын бейнелеген. Әуезовше айтқанда «қазақтың негізгі мінездерін айқындайтын тип» кескіндеуді мұрат тұтқан. Адам жанының тазалығы әдебиетіміздің ең өзекті тақырыбы болып келген, бола бермек! Әңгіме сол жан тазалығына бас иген! Әңгіме тартысы осыған құрылған. Кейіпкер ойы арқылы еліміздің кешегісі мен бүгінгі тарихына назар аудартады.

Әңгіменің компоненттік құрылысы естелікті әңгімелеушінің баяндауы арқылы байланыстырылған. Ғ. Мүсірепов дүниеде бір ғана қымбат – ол жан тазалығы, ар тазалығы дегенді ұқтырады.

Әңгімеде күнделікті тыныс-тіршілік секілді баяндау естелігі ете ешнәрсені қайтамалай әрбір кейіпкер сөзі, қимылы, табиғат сүреңі арқылы аяусыз зобалаң уақыттың айықпас дертін тап басып, сауықтыру әрекетіне барады.

Мұнда Жангөбектің әйеліне сөйлетіп: «Саясат пердесін жамылғанымен, саясатқа сия бермейтін жайларды түсінуге әйел ойы зирек келеді», оған айтқызылған: «Күншілдік әкетті, күншілдік!- деп жылап жіберді»,- жорамалы қасірет әкелген зобалаң төркіні екеніне ишаралауы және «Егер Жантас сияқты кіршіксіз жасты да күншілдік әкетсе, адам санасының өскені кәне? Айдарбек сияқты инженеріміз осындайға бара алса, өскен ел болғанымыз кәне?»- деп баяндаушының сенбестік білдірген тұсын нанымды еткен. Адам көзі көрмей, көңілі сенбейді, ендеше Жангөбектің бірден әйелінің сөзіне қосыла кетпеуі дұрыс. Көркемдік уыты да кейіпкердің оңаша өзімен-өзі естігенін қорыту штрихына жинақталған.

Уақыт шеңберіндегі қайсыбір ұстанымнан шыға алатындай етіп жазылған шығарма, ал оны осы дәрежеге жеткізген – Ғ. Мүсірепов шеберлігі. Нақтырақ айтсақ, шынайы бейнеленген кейіпкерді дүниеге әкелу үшін параллелизм, қарсы нәрселерді қатар көрсету контрастылық тәсілі қолданылған. Әдемі жымдасқан символдық белгінің астарлы айтпағы бар. Әңгіме мазмұн жағынан ғана үлгі емес, түр жағынан да кейінгі символдық әңгімелерге тірек болды. Ә. Нарымбетов аталған әңгіме туралы: «қалың бұқараны ұмытылмас қайғы-қасіретке ұшыратқан шексіз зұлымдықты терең сезіммен, байыпты толғаммен, рухани тебіреніспен суреттеген шығарма»,- деп пікір білдірген. Сонымен қатар, Ғ. Мүсіреповтің «Сөз жоқ, соның іздері» жөнінде шығарманың коллизиясы мен композициясын, сюжет пен стилін, мәнерлеуі мен кестелеуін талдаған С. Қирабаев, Қ. Мырзалиев, Р. Нұрғали, Р. Бердібайдың мақалалары жарияланған.

Әбіш Кекілбаевтің «Ең бақытты күн» (1979) атты әңгімесінде қазақ халқының ерлік, өнегеге толы рухы, моральдық бейнесі жасалынған. Суреткердің шығармашылығына тән қалыптасқан байсалды баяндау тәсілі айқынырақ, сюжеттік ой-құрылым толық көрінген, кейіпкер Торғынның пейіл-мұраты, мінез-құлқы, ішкі драмалық қақтығысы іштегі ой-сезім, сөз бен әрекет арқылы берілген. Әдебиет теориясында: «жанама мінездеу жеке адамның немесе белгілі бір топтың өзі емес, соның қатысы бар өзге заттарды суреттеу арқылы әлгінің өз құлқын не ғұрпын айқындайды. Әдебиетте адам образы тура немесе жанама мінездеу арқылы ғана жасалмайды, типті тұлғалауға қажетті өзге тәсілдер де түгел осы мақсатқа қызмет етеді»,- деп бекітілген.

Әңгіме композициясы кейіпкер Торғынның өз баяндауымен бүтіндік құрайды, еш жалықтырмайды. Мұндағы қуаныш та, уайым да қарапайым, бірқалыпты суреттелген. «Тартыс болғанда ап-ашық, жап-жалаңаш тұрған дау-шар, жанжал емес. Ол – адам мен адамның қарым-қатынасындағы, адамның ой-санасындағы, дүниеге көзқарасындағы, тіршілігі мен тағдырындағы тартыс»,- деп тұжырымдалса, Кекілбаевтің кейіпкерлері Торғын-Берден арасындағы тартыс аталған конфликтіні көрсетеді. Жазушы тапқырлығы – басқа әңгімелерінде, жалпы қазақ әңгімелерінде ушығып түрлі қақтығыстан құралатын сюжеттерді осы әңгімеде биязы да қазақы тәрбиеленген Торғын мінез-құлқына сай баяндатқан.

Соғыс. Жалғызын күткен ата-ана. Жалғыздың жан серігін сұқ көзден қорғаған ене мен туыс қайны. Өз буына өзі піскен бригадир Берден т. б. осы сияқты кейіпкер тартысы конфликтіге, драмаға сұранып тұрған-ақ оқиғалар. Бірақ, атап айтқанымыздай кейіпкер Торғынның дүниеге көзқарасындай, жанжалсыз тартыс. Себебі, автор бәрінен бұрын соғыс зұлматынан босанған кәрі ата мен ана, жар, ел қуанышын, бақыттылығын басымырақ сөз еткен. Сондықтан бақытқа тұнған келіншектің көзқарасымен қабылданды.

Жанғара Дәдебаевтің: «...әдебиеттегі адам характерін, оның бай қарым- қатынасындағы толып жатқан коллизиялар мен гармониялар табиғатын саралау…»,- туралы пікірінің дәйектілігі Әбіш Кекілбаев әңгімесінде танылды.

Көркем әңгіменің тәрбиелік мәні ерекше. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүр ықыласпен суреттелген. Жазушының тәлімінде Ж. Баласағұн айтқан құт дарыған елдің адамы қандай болуы керек деген сұрақтың жауабымен жалғастығына көз жеткізесіз: « ...құтты іздеген адам жібек мінезді, көңілі таза, майда, жігерлі болып үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге мейірім төксе, арсыз көңілді тыйып ұстаса, осы қасиеттер құттың – қалпы». Кекілбаев та Торғынның бес жыл жарын соғыстан күтуі, елдегі ауыр тұрмысты т.б. жеңіп шығуы, мінезі, тазалығы, жігерлігі, қарт ата-енеге, олардың, әсіресе ененің келініне құрметі, жекжат қайнысы Сақанның қорғаныш бола білуімен қатар жас келіншектің өзін тыйып ұстауы арқылы құт келді, ең бақытты күнге жетуіне толық құқысы бар деп шешім қабылдаған.

Р. Нұрғалидың: «...суреткердің қиялын батырдың семсерімен, әншінің дауысымен, күннің нұрымен, рентген сәулесімен салыстыруға болады»,- дегеніндей жазушы соғыстың соңғы кезеңі туралы шындықты жаңаша көркемдеген. Торғын бейнесі арқылы әңгіме мұратын белгілеген. Әңгіменің психологиялық дәйектемесі ұйқысы қашқан кейіпкердің ойша сөйлесуіне жинақталған: «...кеше кештен бері көңілінде бір күбің бар ... Осы үйдің үзігіне қонған-ау! ...Байғыздың күліп шақырғанын жақсылыққа жорып жатушы еді. Таң атқанша күн ашылмаса, ертең жұмыс болар дейсің бе?...». Кейіпкерлердің түрлі әрекеттері де осы дәлелдемеден тарайды. Жер кепкенше үй тірлігіне қарап, сол арқылы жүдеулік сипатын суреттеген, бригадир Берденді де танытуға тиіс штрихтер осында: «... Даусы оқшау шығып тұрған Берден бригадир. Сол-ақ жетіседі де жүреді. Жанына жуып кеткенді кекеп-мұқап тұрмаса басы ауырады. Соғыстан бұрын май тасып жүргенінде екі ауылдың арасында түйесі ауып, еңкілдеп жылап тұрады деуші еді.

Енді міне, қаршадай Сақанға:

– Жатқан түйеге міне алмайтын шажырқай атаңның аузын!- деп кеңк-кеңк етеді.

Бір кішкене баланікі болуы керек, тылтиған құрақ телпекті маңдайына шоқшитып қойыпты ...».

Кейіпкердің дүниені қабылдауы ұлттық психологиямен, дүниетаныммен қабаттас. Жазушы жас келіншектің ойлау дәрежесімен қатар ұлттық діл сипаттарын енесін бейнелеу арқылы толықтырған:«...Анау пысылдап ұйықтап жатқан енесі. Шүйкедей боп шалының жастығының қасына қисая салыпты. Ғұмыры ел құсап салған төсекке жатқанды білмейді. Түннің бір уағына дейін ұршық созып отырады да, әбден ұйқы меңдеген соң құлай кетеді ... Таң ағарар-ағармастан тұрады». Келіннің ойы ішкі әлем қиялымен ғана емес, нақты баяндалатын әрекетімен қиыстырылуы сәтті келіскен және ұлттық психологияны бекіте түскен: «...Енесінің оянбағанына қарағанда таңның әлі алыс болғаны». Қазақ әйелінің табиғаты, ұстанымы алдымен енесі арқылы көрінсе, сол дәрежеге жас келіннің тәрбиеленуімен жеткенін байқайсыз: «...Бұл барғанда атасы үйде болмағай да. Онда Дәулет Торғынның ең болмаса хал-жағдайын сұрар еді. Бұл жылап жіберіп жүрмес пе екен. Ана жылы майданға шығарып салғанда, атасынан қаймығып жылай да алмаған. Тамағына тығылған ащы жас көкірегін кеулеп, үш-төрт күнге аузын ашса, өксіп-өксіп қалып жүрді». Кейіпкер әрқашан дара тұрып емес, басқа кейіпкерлермен қарым-қатынаста, кейіпкердің ой-санасына әрекеттің байланыстылығы арқылы суреттеледі.

Кекілбаевта бұл тәсілдің көрінуі мол: «...Торғын үйдің оң жағына барып, белдеу арқаннан ұстап тұрып, үнсіз көзін сығып алды. Сосын жаулығының ұшымен жасын сүртіп, ошақ басына кетті. Өне бойын күйе басып қарайып кеткен үш бұт мосы, енді-енді шоқтана бастаған оттағы тезек-бәрі де су астындағы дүниедей бұлдырап көрінеді ... мынау құрымы шыққан бес қанат үйдің ішінде не айтылса да, ешқайсысы Торғынның құлағына дарымай ауада қалқып жүр». Жазушының «су астындағы дүниедей бұлдырап» деген көркем деталь қолданысы кейіпкердің ішкі сезімінің сыртқа шығуына көмектескен. Қуаныштан көзі жасқа толған келіншектің қимылы танылады. Неше жыл көрмеген, көруді аңсаған күйеуін, соғысты жеңіп қайтқан жауынгерін бірден бас салып құшақтауға басқалардан қаймығып, сағынышын іштей басатын Торғын – қазақ келіншегінің бейнесі.

Кейіпкер бұдан ары көпшілікпен бірге күнделікті күйбең-тірлігін жалғастыра бергенімен ойы тұрақтамай, тезек қабын алып оңашаланады. Бұл жазушы кейіпкерінің қуаныштан бас айналған күйінің бастамасы болатын: «...Торғын қолына қап алды. Ауылдың сыртына беттеді... Алдына да, артына да жөнді көз тастап келе жатқан Торғын жоқ». Кейіпкердің көңіл-күйінің ала-құлалығын бейнелеу арқылы жан дүниесіне тереңірек үңілтеді: «...Анадай жерде екі атты кетіп барады екен. Біреуі – Баламан. Қасындағы Берден мініп жүрген қара кері ат. Үстіндегісі кім болғаны? Сақан ба? Дәулеттің келгені енді есіне түсті». Жазушы қуанышты «үнсіздікпен» бейнелеу тәсілін қолданған: жас келіншекті төрт-бес жылда ауылда қара кер атты Берденнің иелігінде болғанына бойын үйретіп, бүгін Сақанның мініп бара жатуына таң етуі, одан кейін Сақанның қара кер атқа қонуын Дәулеттің өз үйінде, ата-анасымен қауышқанына сендірген.

Ішкі шалқып-тасыған қуаныш сыртқа шыққанда Торғынның бірді ойлап бірге кету әрекетімен ұштасады. Яғни, С. Таханов пікірімен бекітсек, кейіпкердің сезім және әрекет бірлігінің нақтылы суретін белгілейтін тұстар алдымен жан дүниесінің түрлі алмасуынан келіп, қаһарманның санасын, рухани өмірі және жағдайын кіріктіре алғандықтан жазушылар конфликтілі көркем құралдармен суреттеуге қызыққан. Соғыс жылдарында Берден секілділердің кердеңдеуі Дәулеттердің оралуымен-ақ сап басылғанына ишаралайды.

Келіншек күйеуіне жақыннан барып амандаса алмаған. Сондықтан көзі көріп тұрса да, «келгеніне көңілі сенбейді». Тек қара кер атты Сақан мініп жүргенін көргенде ғана, есін жиып селт етіп Дәулетпен кездесуге асығады.

Жазушы тезек тере барған Торғынды айналаға бей-жай етсе, Дәулеттің келуі санасына сіңген уақытта келіншектің жүріс-тұрысын ықыласты, ойын түзу етіп бейнелеген: «Торғын қабын иығына салып ауылға беттеді. Біраз жерге ұзап кетіпті... Анау қалың шидің пұшпағына іліксе бір... Торғын асығып келеді. Жұрт болса жұмысқа кетті. Үйі енді босаған шығар. Дәулеттің өңін дұрыстап көріп, тілдесетін шақ та осы. Осыдан барған соң, иығындағы қапты ошақтың басына итере салып, үйге кіріп барады... Бұл барғанда атасы үйде болмағай да. Онда Дәулет Торғынның ең болмаса хал-жағдайын сұрар еді». Міне, осылай аяғын тез басып жеткен келіншекке енесінің сандығынан жаңа көйлек кигізіліп, қазақ дәстүрімен өлілерге иіс, шелпек таратылуы да кейіпкерді толық ашуға көмектескен.

Жазушы қазақтың келінді тәрбиелеу салт-дәстүрін, әсіресе атасы мен күйеуінен именуі арқылы ер адамдарды құрметтеуін сүйіспеншілікпен дәріптеп Торғынның әр әрекетіне, ойлау машығына қазық еткен. Әңгіменің шешімінде бақыттылық – туғанын аман-сау көру: «...– Шүкір алла, бергеніңе,- қойшы енді, кемпір. Құдай жеткізді деген осы,- дейді атасы», ел тыныштығы деген мақсат айқын білінеді: «...Ауыл алаңсыз ұйқыға кетті».

Соншама психологиялық босаңсу мен қайта қатаюдан өткен кейіпкер, Дәулеттің тіл қатуынан кейін қатты қобалжиды: «...–Торғын, құманыңда жылы су бар ма? Аяғымды жуып алайын,- деді ...

– Бар ... Торғынның даусы бәсең шықты. Тіпті өзіне ерні күбірлегенмен дауысы шықпағандай боп көрінді. Дәулеттің ауызынан өзінің атын төрт жылдан бері бірінші рет естіп отыр. Шайы әлі сарқылмаған қара шәйнекті буын-буыны қалтырап зорға көтерді».

Әрекеттегі кейіпкерлер өмірлік жағдаятта бейнеленген.

Соғыс тақырыбын ел адамдары арқылы беруге ұмтылған жазушыларымыздың бірі – Шерхан Мұртаза.

Ш. Мұртазаның «Сол бір күз» әңгімесі «Сасық бәтеңкеге бола ағасына мысық тілеу тілемейтін» Ноян баланың 1943 жылдың суық күзіндегі цыган таборымен шиленісті тартысын баяндайды. Қамытқа тірелген бәтеңке, қамытқа қараған көлік, көлікке қараған қызылша фабуласын байланыстыруда жазушы шеберлікке жеткен. Жазушының мұндай мақсатты әрекеті (интенциясы) С. Негимовтің: «...символикалық белгілерді, көркемдік, мәнерлегіш құрал-әдіптемелердің алуан түрлі, сан қилы үлгілерін, қанатты жатық тіркестерді меңгеруге, игеруге ұмтылады»,- пікірімен тура шыққандай.

Ноянның ересектер шығармасындағы бала бейнесі (ескеру, ересектер прозасындағы қазақ әңгімесінде С. Мұратбековтің кейіпкері бала Аяны одақтық әдебиетке таныс) болуына мән берілуі керек.

Жазушының: «...Соғысқа кеткен енесін есіне алып торы тайдың көз жұмып тұрып іш тартатыны... Бәрі-бәрі көшпелі көрініс...Бір ғана скрипка тартқан қыз иығына сүмбіл қара шашы төгіліп, жанары жәудіреп Ноянның көз алдында тұрды да қойды» қолданылымын Б. Жетпісбаева пікірімен зерделеген жөн: қазақ әдебиетінде «сана сәулесінің техникасы» тәсілі жануарларды жаңаша бейнелеу, оларды ойлай алу қабілетімен «қаруландырып», адам тұрмысының көріністерін «адами емес сана» тұрғысынан жинақтаған. Жазушылар дәстүрлі бейнелерден өзгерек қазіргі бейнелілік-аңыздық құрылымдарға жол ашқан. Бұл пікір Шерхан Мұртаза шығармашылығынан әңгіме-символ жанрын ізденушілерге де өз әсерін тигізбек (осы орайда Б. Жетпісбаева еңбегінде аталып өткен Э. А. Шубинаның «Қазіргі орыс әңгімелері» зерттеуінде әңгіме-символ пішіні туралы айтылған).

Жоғарыдағы қарапайым деталь мәнді мұрат шешімін шешуімізге жетелейді: «Көшпелі көрініс» – аяқталатын соғыс, «Скрипкашы қыздың жанары жәудіреп көз алдында тұруы» – жеңіске деген сенім, болашақтағы қуаныш мағынасы.

Қазақ әңгімелерінің классикалық стиліне Шерхан әңгімешінің зерттеле (интраветті сипат, интроверсия – адамның өзіндік жан дүниесін танып білуге құмартуы) суреттелген әңгімелері де үлесін қосады. Жазушының «Ақсай мен Көксайдағы» Шәрбаны туралы сөз қозғау – жаңа бейнедегі әйел мінез-құлқы туралы айту. Оқиға 1933 жылы болған. Шәрбан сүйгеніне қолы жеткен, бірақ құлай жалғыз-ақ рет өмірлік сүюге сезімі жетпеген кейіпкер. Заман ағымына ілескен оқыған әйел бейнесіне де жатпайды, не ескілік шығармауына да қамалмаған. Шәрбан, «қашанда бақытты болуға ұмтылушы» кейіпкер. Жеке кейіпкердің еркіндігіне құрылған тартыстың астарында халықтың еркіндігі мәселесі қойылған деп түсінуге болады. Себебі, әңгіме тартысы дегеніміз – қыртыс-қатпары мол дүние. Жазушы қаламынан ішкі ой сыры ақтарылуы үшін психологизмнің де, оқиға бірліктерінің елеулі-елеусізіне қарамастан бейнеленетіні де көмекші бола алады.

Ш. Мұртазаның шығармашылық суреттеуіндегі Шәрбаннан адам (әйел) бақытына жетуі үшін жан дүниесінің қозғалысын біртіндеп ашу барысында әйел психологиясының жұмбақ иірімдері танылған, таба білген. «Өзі де маңдайға сия қоймас хас сұлу» қазақ-қырғыз жігіттерінің таласы болған Шәрбан Әміреқұлмен отау тігеді. Жылдан аса бере жесір қалады. Әрі қарай оқиға былай өрбиді: «...Періштедей әйелдің жалынғанына шыдай алмай Сәрсенбай жарықтық мүрдені ашып, Әміреқұлдың денесін алып шығып көрсетіпті. Әдемі сұлу мұртының бір шеті жидіп түсіп қалған екен дейді. Әйел түңіліп, теріс айналып кетіпті. Көңілі суып сала берсе керек. Сол-ақ екен жылына жетпей төркініне кетемді шығарды...». Міне, Шәрбан қандай әйел деп сауал қоймас бұрын, жүрек түкпіріндегісін аршуымызға жазушы көмек еткен. Болмаса, Шәрбан кімді сүйді деп емес, нені жаны қалады деген жауап іздеу дұрыс болар. Жауап түбі – Шәрбан тағдырының қалай өрістерін белгілейді. Шәрбан бұрын Әміреқұл десе жанын берген болса, енді жас баласын туған жері мен шаңырағынан айырып әкетеді. Бұл қазақ топырағында әлі үйренісе қоймаған құбылыс болатын. Өйткені: «жесір ерден кетсе де, елден кетпейді».

Кейінгі тағдыр былайша баяндалады: «Шәрбан бар болғыр басқа күйеуге тиіп, баланы алып, Қарабалта дейтін жерге көшіп кетті де, Әміреқұл тайекемнен қалған жалғыз тұяқ... – Сусар апам көсеуге маңдайын тіреп отырып, жан-жағына теңселіп, астыңғы ернін тістеледі». Сусардың осылайша Шәрбан туралы таусыла сөйлеуінің себебі: бірге туған балалар жат бауыр болып кеткендігі еді. Көзбе-көз көрмеген Медетханды Барысханның тірек тұтуы, сағынуы, ауыр іс түскенде сол бауырына ойша сүйеніп әрекет етуі, осының бәрі Шәрбанның төркініне кетуінен басталған еді. Кезінде айттырып қойған жері болса да Әміреқұлға «өз ықтиярыммен келдім. Мен үшін қырқыспаңдар»,- деген сұлудың әңгімедегі кішігірім секілді көрінетін орны тереңдеп қарасақ үлкен мәнге ие. Өйткені, Шәрбанның тұрмысқа шыққандағы мен жесір қалғандағы шешім қабылдауы кесімді. Әңгімедегі Айша мен Барысханның оқиғалары Шәрбанның әрекетінен барып туындайды. Тартысты құрап тұрған бір кілт – Шәрбанда. Оны Шәрбанның анасы мен Айшалардың қарым-қатынасынан байқауға болады.

Шерхан әңгімешінің шығармаларындағы бейнелер жадыңызда тез сақталады. Оқырманға берілетін руханияты мен тәрбиелік қуаттың қымбаттылығы қадірленген. Сапалы қасиеттерді жиып, өнеге болар кейіпкерлері «көнермек» емес, кезінде «соғыс» тақырыбына жазылған әңгімелер деп бөлінгенмен, қазіргі ғарыш, техникалық жетілу дәуірінде де рухани күшін «қазіргі» тақырыптай қажетсінеміз. Мұнымен қатар бұл әңгімелер әдебиетіміздің дамуы мен ондағы тенденциялардан мағлұмат беруімен бағалы.

Әңгіменің жанрлық ерекшелігін ескерсек, әдебиет қисынындағы әдеби мінездеудің жанама мінездеуі, кейіпкер тілін даралау тәсілдері – «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» берудегі жазушы құралы. Дей тұрсақ та, жазушы Т. Жармағамбетов диалог пен монологты кезектестіре беру арқылы бейне жасаған. «Уақыт» атты әңгімесіндегі Ыбраш бейнесі: кейіпкердің өзімен-өзі іштей де, дауыстап та және дәрігер жолдасымен бір бөлмеде тұрса да «бір айдан бері жегідей жеп жүрген ой» қамауға алған жағдайдан оқиға желісінен құралып, ашылады. Ол жағдай ауруханада операциядан шыққан, анасына көздері ұқсас кейуананы қамқорлығына алмақшы болған тілегінен туындайды: «Жалғыз басты қайда барады ол? Бір баласы я бір жақыны жоқ... Бізде бәрі жеткілікті ғой. Бір бөлмеге үлкен киіз жайып, ортасында ұршық иіріп отырса. ...Апам бола ала ма? Көңіл... жүрек... қайдағы бір адам... Оның бір кездерде мендей баласы болған шығар. Мен соны алмастыра алам ба?»- деген ішкі монолог кейіпкердің жан дүниесін ашып салған. Әрі қараңыз: «– Аспанның түсі бұзылып кеткен екен,- деді.

– Бейне әкесі өлгендей ...

– Бүгін бетіңде бір тамшы қан қалмады ғой.

–...тұман арасында жүргендей, тұманға мас болып, тұман жұтып жүргендей бір сезім...» және «Әттең,- деп жылай береді дәрігер, – сол күнді қайтара алсам! Мүмкін емес! Мүмкін емес! Мүмкін емес! Мүмкін... Мүмкін...»,- деп баяндалу Ыбраштың арманын мен өкінішін таныта алған.

Т. Жармағамбетовтің дәрігер Ыбрашы тағдырдың қатал тезгісіне төтеп берген төзім иесі. Себебі: осы Ыбраштың 13 жасында жетім қалып «жүрегіне отпен ойып немесе пышақпен тіліп салғандай, өшер де, сөнер де емес, бейне кеше немесе бүгін таңертең ұйқылы-ояу жатқанда болғандай сайрап, жарқырап жанып тұруы» жазушының кейіпкерінің мықты да нәзік сезімтал болуын ұқтырады.

Т. Жармағамбетов Ыбраш арқылы адамдар арасындағы туыстық сезім құдіретін сезінтеді. Бөтен адамды қымбатындай көру үшін сүйе білуің керек, сүю арқылы басқаны да қадірлейсің дегенді мұрат тұтқан. Жазушы сағыныш, баланың анасына деген сағынышы туралы туралап айтпаса да әңгіме бастан-аяқ тұнып тұрған сағыныш әлдиіндей суреттелген. Жазушы мұны Ыбраштың астан-кестең жан-дүниесімен қаластырған. Кейіпкер тұтынатын заттар да қуанған сәтте «жанданып» кетеді: «...Жарық жағып еді, бөлме іші көңілденіп сала берді». Т. Жармағамбетовте кейіпкер сағынышы 43 жастағы дәрігердің ой-санасында 13 жасындағы анасының жүрекжарды қуанышы белгісінде қалса, 30 жыл Ыбраш үшін сол 13 жастағы таңертеңгілік уақытпен өлшену қымбаттылығымен бейнеленген: «Әттең, соны қайтарар болсам. Кешегі таңертеңгіні қайтара алсам», «... Қырымнан әйел де, балалар да келіп болмады. Олар қалай қарар екен? Олар сол жарқын таңертеңгілікті, жазық үстін жайлаған сары жарықты көрген жоқ қой. Олар тікенекті сары далада аяғын тас тіліп, еңіреп жүгірген жоқ қой». Т. Жармағамбетов әңгімесінде көркем ойлаудың ажары ретінде табиғат келбетін ұсталықпен пайдаланады.

Жазушы Т. Жармағамбетов «Уақыт» әңгімесіне лирикалық шегіністер арқылы Ыбрашқа қатысты құрылған оқиғаны енгізе отырып қазақ халқының тарихының белгілі кезеңін табиғат арқылы суреттеп, тұтастықта қабылдатқан. «Уақыт» әңгімесінің шынайы өмірге қатынасының көркем бірлігін хронотоп анықтайды, ол – дәрігерлік мамандық. Әңгіменің жанрлық лаконизмділігін «жүрек дәрігері» болғандығы сақтай алған: балалық шаққа ойша оралу, ауру кемпірді іштей жақын тарту т. б. Көркем әңгіме Т. Жармағамбетовтің өзіндік қолтаңбасы мәнерінде көрінген. Шындық өмірді көркем ерекшелеу шығармашылық тәсілмен суреттелген.

1960 жылдардан ашық айтыла бастаған ашаршылық тақырыбындағы әңгімелердің ішінде бір кейіпкердің тағдыры арқылы өрбіген осы әңгімеде талай нәрсе айтылған. Қараңыз: «...Үлкен балық шешесіне де, Ыбрашқа да үлкен қуаныш әкелді. Өйткені бұл ауыр жылдар, бұлардың жалғыздық, жасқаншақ, әлсіз жылдары еді». Жазушы бір отбасының ғана емес қазақ елінің «жасқаншақ, әлсіз» кезеңін айтқан. Сол сияқты әңгіме экспозициясында: «Аспанның түсі бұзылып кеткен екен... Бейне әкесі өлгендей... Күз болғанда, сызданып бола ма? Жалпы, құдай бұлданбаса екен. Қазір оның бұлданғанын ешкім көтермейді»,- делінген дәрігер досымен өзара сөйлесуінен біраз сыр түюге болады.

Әдеби кейіпкерінің – интериоризация (ішкі психикалық әрекет) үрдістері Жармағамбетовте осындай азаматтық тақырыпта толыққанды ашылуынан психологиялық талдау тәсілі өрнектелген.

«Уақыт» әңгімесінің құрылымы өзгешелеу, мұны Ф. Хатиповтің «Қаһарманның рухани дүниесі» атты еңбегінде көрсетілген қисын дәлеліне жүгіне қарастырсақ, себепті (концентрический) сюжет, орама (кольцевое) композициясына жатқызуға болады. Негізінде әңгіме жанрынан гөрі новеллалар орама композияцияға бейім болады, ал аталған әңгімеде керісінше орама құрылымның өзіндік бір орны байқалады. Себебі, тарихтағы ортақ мәселелерді қамтитын тұста, әр жазушы өзі өмір сүрген уақыт шеңберін бейнелейді. Бейнелеген кейіпкері өзге кейіпкерге ұқсамайды. Ендеше, Т. Жармағамбетовтің Ыбрашы әлеуметтік өмірдің қиындығын жеңе алған әңгіме жанрындағы жаңа бейне екендігін байқаттырады: «...Мына кемпірдің көздері ...апамның көзінен айнымайды. Мүмкін, ...ауруханадан шыққаннан кейін ... Жалғыз басты қайда барады ол? ...Бізде бәрі жеткілікті ғой. ...Оның да бір кездерде мендей баласы болған шығар. Мен соны алмастыра алам ба?». Ыбраш – бауырмал, рухани дүниесі бай, зиялы өкіл иесінің озық үлгісінде дәріптелуге, өнеге етуге лайық кейіпкер.

Жайсаңбек Молдағалиевтің «Ел суреттерінде» әңгіме жанрының алуандылығы, ізденісі айрықша байқалады. Өмір шындығы тың бетпердесімен бүркеле отырып цензурадан өткен. Алайда, оның тамшыдан жиналар таудай нәубеттің барын ескерткен қаламгерлік үні – бүгінгі тәуелсіздік заманында өткенімізді парықтау үшін құнды. Қазақ әдебиетіне көркемдік құбылыстармен келген 1960-70 жылдар прозасында қилы тағдырлар кейіпкерлері біржақты ұнамды-ұнамсыз тип түрінде емес, жазушы қиялы мен тәжірибесінің тоғысуынан дүниеге келген кейіпкерлерімен ерекшеленетін. Молдағалиев тың игерушілердің мінез-құлық галереясын жасай білген. Қай шығарманы болмасын оқыған сайын оқырмандық шешім жаңаланып отыруы заңды.

Үңіліп қарасақ, адам бейнесінің жаңалығы тартыс жаңалығының шырайын келтіреді. «Қарсы алу» әңгімесінің тартысы соны, тыңға келушілер мен мекен иелерінің мінездемелерін суреттеу үстінде автор Қазақстанға жеткен қасіретті астарлы, табиғаттық бояумен жеткізеді. Автор: «Шіркін, романтика-ай! Сені түсінгенге не жетсін! Сен нелер реализмнің көркісісің ғой. Қисық екеуімізге өз даламыз – өз ұямыз. Тоңсақ та – тоңбаған боламыз, ренжігенімізді айтпаймыз. Бұл жерде бәрі біздікі, жер, ауа, су, болмыс! Біздің ана-мынаға денеміз ауыра бермейді. Туған жердің тастақты даласы да – бізге жұмсақ көрпедей. Бораны – күніміз секілді, аязы – ашулы жеңгеміздің сүйгені секілді. Жазғы жаңбыр – жас қыздың шомылғанындай, көктем самалы – сұлудың лебіндей…»,- деп атамекенін сүйген кейіпкер:«Ал мына достарымызға қалай көрінер екен?»- деп Аида мен Тонядан қауіптенеді, себебі «Бір күні қарны ашса тас-талқан болып қалатын … құдық суының сортаңдығынан да кемшілік табатын». Кеңестік коммунистік жастар ұйымдастырушысы Алексей Степановичше: «…Сендер енді қазақ жерінің қыздарысыңдар. Мына жұрт ағайын…»,- деуіне қарағанда келін немере жалғастығы боларына, «Болған жағдайда күнің, тілің, дінің қалай болар екен қазақ!»- деп толғауына куә «Су перілері», «Кәрі күйеулер», «Отау үй», «Әке жүрегі», «Оксана шалғыны» әңгімелері де таяқтың ұшы неге тірелерін байқатқан. Жазушының: «Елдің дені сау болса, дені сау емес дүниелер өзінен өзі құриды екені»,- дегені көрегендік. Елдігімізді, дінімізді кеш те болса түзеуге бет бұрғанымыз «Елдің дені сау болғанынан!»

Қасірет тек аралас некеден ғана емес! Қазақ деген ерме халық, өзге ұлттың жамандығын жамап алғанын «Менің апам» әңгімесінде ащы да уытты берілген диалог: «…Осы араққа қарсы дәрі жоқ па? Хұсайынның баласы он бес сөткеге түсіп… Осы селинаны ойлап шығарып жүрген кім? Көктемірдің оқудағы баласы орыстан қатын алған дей ме?»- деуі көрсетеді. «Менің апамның» көтерген мәселесі шыныменен қауіпке айналғаны кейінгі жазылған жазушы әңгімесінде жалғасын тапты. Қазаққа бейбіт заманда «жау болып тиген» арақтың зардабы XX ғасырдағы «Қазақтың жүз әңгімесі» қатарына енген Ш. Мұртазаның «Алтын тікен» әңгімесінде суреттелген: «Бақташы кенеп дорбадан жарты бөлке нан, екі шиша шығарды. Дорбаны төсеп, тамақты үстіне қойды. Кесіртке бөтелкелердің күнге шағылысып жалтырағанынан жасқанып бұғыңқырай түсті. Бөтелкелердің бірі – айран, бірі – ақырған ақ арақ еді». Ш. Мұртазаның: «...арақ күздің қара суығы тербеген қақ суындай қалтырайды»,- деп бейнелеуінен кейіпкердің өзімен-өзі, адамның өзіне тән жеке дүниесі тартысқа түсетіні аңғарылады. Ж. Молдағалиев сақтандырған жаман әдет Ш. Мұртазада «тікені көп, жапырағы сирек» заманға айналғаны әшкереленген.

Молдағалиев дәстүр жалғастығының үзілуінен шошынуын сездіреді.

Өмірде болған, мәңгүрттену шындығы былай бейнеленген: «…Жолдың күнбатыс бетінде айналасын орлаған дөңгелек топырақ төбешік тұр. Нақ ортасында бөрененің түбірі бар. Әлгі белгіге барып, тізерлеп отыра қалып, дұға оқи бастайды!…

Ол – мола емес. Совхозаралық шекара белгісі.

– Осыдан отыз жыл бұрын Мекебай тұрған жерде ескі ауылдың атам заманғы бейіттері болатын. Ел жаңа совхозға көтеріліп кеткенде, жынды қойдың басын жеген Сабырдың Шайтан дейтін баласы ел орнын жырттырып жіберіпті». Жазушы одан әрі: «Шайтан-Шайзаданың бұл қылығы өз шешесінің бетін өзі тырнағандай. Бірақ амал қанша, көз соқырлығынан көкірек соқырлығы жаман ғой…»,- деп қобалжуын білдірген. Соқыр санадан аршылуға үміттенеді: «Жолда келе жатып: қартайғанда біз де осындай болар ба екенбіз деп ойлаймын. Жүрекке жылылық құйылғандай болады».

Қазақ әңгімелерінде зират бұзып, дәстүр сыйламау әрекетінің көрініс табуы біршама ой салатын үдеріс болып саналады. Соның бірі – С. Мұратбековтің «Бекеңнің құбылысы» әңгімесі. Қараңыз: «Тек, биік дөңнің үстіне шыға келгенде қалт тоқтады. Көзі қарауытып кетті. «Оу, не боп кеткен, не боп кеткен деп күбірлей берді ... Бораздалар да біркелкі созылып кете берген. Ескі зираттан ешқандай із қалмапты. Бекең топырағы сәл сарғыш тартып жатқан жерге кеп тізерлеп отыра кетті. Ерні қыбырлап, құранды бастады. Бірақ қайта-қайта көзіне жас толып, иегі кемсеңдеп, булығып оқи алмады...». Көп жасаған қарт кісінің көңілін босатқан не нәрсе еді? Бекеңнің осы қалінен кейін, оның кейіпкер Саматпен тартысы арқылы негізгі мұрат айқындалады.

Қазақтың жеке ел болған өз тіршілігімен, ғасырлар бойғы салтанатымен дами түсуі керек деген жазушы ойы астарлы берілген. Табиғаттың түгі мол жайқалған сәнін сөз ете бейнелеген арманынан таныдық: «Ертеде қатты желі алты қанат киіз үйді аударып, Үйжығылған атанған, осы бір алақан аясындағы жазық жамбас қалың бетегелі еді. Жел соққанда сол бетте семіз малдың түгіндей жылтырай жапырылып, күнге шағылысатын».

Жазушы көркем әңгімесі – жастар санасына кие деген ұғымның сыналап кіруіне рухани еңбек еткен. Мұны Бекең қарттың нілдей бұзылған көңіл-күйімен, еріксіз қарғыс айтқан тұсымен дәлелдейміз: «Енді сол атазаманнан бергі бір қалыптан аумай келген жазық жамбас, астаң-кестең қара пар боп жатыр Тіпті, жылда, көктемде әдейілеп келіп, басына құран оқып жүретін зираттың қай тұста қалғанын, Бекең әуелде бағдарлай да алмады. Айдалған жердің шеті сонау құзға барып тіреліпті. Жүзі қуқылданып, қаны қашып, Бекең қатты торықты. Селдір сақалы селкілдеп әлі күбірлеп тұр. «О, жазаңды құдайдан тартқыр-ай, қайсысы екен айдатқан...».

Агроном Сәбираның, тракторшы Саматтың ісіне налыған Бекең қарттың өкініші тартыстың шешімі болған. Жазушы: «Балалық шағынан қанына сіңісіп, әрқашан көңілінің пәк ниетін бағыштап, қысылғанда медет тілеп сиынған аруақтар зираты қайда?.. Мен пәленнің ұрпағымын деп мақтан етіп, жаугершіліктегі батырлығын желпіне еске алар, ертеде өткен бабаларының белгісі қайда?..»- деп мойытып зарландырады да, әңгіменің соңын көп ишарамен аяқтайды. Қараңыз: «Тоқпақ мықты болса, киіз қазық жерге кірер»,- деп қойды Бекең ... Күзгі сұрғылт аспанда қазбауыр бұлттар тұр. Қозғалмайды. Мүмкін қозғалса да білінбейтін болар». Агроном Сәбираға сәл де болса қарама-қарсы бейнеленген екінші бір агроном кейіпкер туралы баяндау да осы мәселенің төңірегінен табылатынын айтсақ, онда қазақ әңгімелерінде бой көрсеткен жекелеген тартыс сипаты қоғам көрсеткіші ретінде бағаланады.

Ж. Молдағалиевтің болашақ агроном Балшықбайы кім? Жазушы мұны әке мен оқыған бала арасындағы тартыс деп қарамаған. Оған әлеуметтік сипат беріп, рухани дүбәралану шекарасын белгілеген. Сөйтіп, дәстүрсіздік бойға сіңсе, мейірімсіздік ұлғаярын Ж. Молдағалиевтің «Әке жүрегіндегі» Балшықбайы дәлелдейді: «– Бес жыл бойы неге ат ізін салмадың? – А, что мне здесь делать?». Бұдан жазушының қазіргі тіл майданы боларына ескертуін түсінгендейміз. Ана тілі шет тілге айналған замандастарымыздың Балшықбайлардан өсіп шыққанын таныдық. Өз тіліне, әкесіне құрмет көрсетпей, мұрнын шүйірген «сыпайы, іскер» қызметкердің лайықсыз әрекеті әрқашан сөзбен түйреліп, әжуа етілуі керек.

Жазушы әңгімелерін оқи отырып ескергеніміз, кейіпкерге лайықты ат таңдауы. Кеудесі қурай, сырты сарай – Балшықбай, жалғыз ұлға жалбақтаған мейірге бай, момын – Байқозы шал. Әрі орысша жазылған «– Ну, пахнет же сыростью!» диалогы «иістенген шала қазақ» мәңгүрт Балшықбайдың мінездемесін толықтыруға орынды берілген. «Әке жүрегінің» фабуласы, шырқау шегі, кейіпкер тартысы нанымды, қызықты. Авторлық мұратты үлкендігі мысықтың баласындай саздан жасалған бала күнгі ойыншық ат арқылы, кішкене штрихпен үлкен композицияның діңгегі етіп қарастыра отырып шешкен. Көркем әңгіменің күш-қуаты «Жүрегіне у төгілгендей боп-боз болып, бір орында қалшиған, көзіне жас іркілген «Әке» тағдыры үшін төгілген. Себебі: «оның мына қылығы әке жүрегін көздеп атқан оқпен тең болды». Сондықтан баяндаушы журналист кейіпкерінің Балшықбайды оңдырмай жақтан тартуы кішігірім тартысты байқатқанымен, автордың көздеген мақсаты үлкенірек деп санадық. Жазушының: «Қазір Балшықбай үлкен бір қызметте жүр. Сыпайы іскер деген теңеулерді де естимін. Сәлемі де түзу...»,- деп болған жайттан соңғы баяндауы арқылы дәйектеуіміз жасалды. Шапалақ дәмі «өз буына пісіп отырған агрономға» сабақ болғандай етіп жазған. Түйіні: қандай болмасын басталып келе жатырған қауіпті кеселдің алдын-алуға болатынын Ж. Молдағалиев жеткізе білген. Болашақ ұрпаққа туған тіліміз бен рухани байлығымыз «күл-паршасы шыққан саз балшық аттай» болмас үшін тағлым алуға жасалған жазушылық қадамы, кейінгілерге өсиеті деп қабылданды.

Молдағалиевтің қаламгерлік қабілеті «Жебе мерген» әңгімесінде әдемі мүмкіндігін танытқан. Әңгімеде абзал кейіпкер Жебенің жеті қасиетін әңгімелей отырып, жетесіздікке жеткен қазіргі сан кейіпкерге мінездеме құрайды. Жебе мергенді орталық кейіпкер етіп, Сұлтанғазы, Ғалия, Шақан және әңгімешіні түрлі жағдайда жүріп те Жебенің жеті әңгімесінің төңірегінен табылтады. Көздеген мұраты – «Жігіттің ары мың жылқы, намысы жүз жылқы» болуын қалау. Жазушы кіріккен әңгімелерден құрылған, замананың әр тұсын, әр түрлі мінезді кейіпкерді бір Жебе бейнесіне сыйымдастыра білген, тұщымды шығарма етіп дүниеге әкелген. С. Шарабасовтың: «...ортақ кейіпкерден алуан-алуан характер бола алатын әңгімелер тізбегін тізеді»,- деген пікірі орнықты айтылған. Алдыңғы әңгімелерінде көтерілген мәселе нақтылап тағы айтылған. Жебенің тұтқынға түскендегі жігерлілігіне назар салсаңыз көзіңіз жете түседі: «– Мені өлтіруге болар ... ал халық рухын».

«Жебенің жеті әңгімесінде» экологиялық мәселеге көңіл бөлінген деп санадық. Қараңыз: «Міне, мына Құсмұрын. Өмір деп осы көлімізді айт.Сенің әкең үшін өмір осы! Оны көлден айыру... бізді құрту ғой. ... балалы болғанға не жетсін. Көлдің балықты болуы секілді. Біз сорлы көлімізге де кір суымызды төгеміз-ау!». Тазалығынан айрылған көлдің қажетсіздігіндегідей, рухани тамырынан үзілген қазақтың болашағы не болар дегендей ой тастайды. Жазушы мұны баласыз әке сөзімен, оның үйреншікті кәсібімен қатысты жеткізеді.

Молдағалиевтің қысқа жазылған әңгімелеріндегі кейіпкерлері еріксіз езу жымитады. Әрі мұнда тартыс жоқтай көрінгенімен аңқау адамдардың осындай мінезінен байқаусызда басқалар зиян шекпеуі тиіс және Тумырза секілді кейіпкердің өз жаратылыс-болмысымен тартысы деп қаралды.

Халық ауыз әдебиетімен жалғастас жүрегі адал, өзі аңқау «Қожанасырды» дүкенші Тумырза арқылы танисыз. Өмірде де көркем шығармада да дәріптеле бермейтін дүкенші (бұдан басқа қазақ әңгімелерінде С. Мұратбековтің кейіпкері сатушы Тұрашы бар) тиын санаған сараң емес, мүгедектер машинасына мінген, жүрегіне нұр құйылған, аңқылдақ бейне. «Алғашқы миллиард күні» әңгімесінде Тумырза арқылы ел адамдарының жайбарақат-жайсаңдығын паш етеді. Әңгіменің мазмұны мен пішіні орайлы қиюласқан, артық тұрған оғаш баяндау жоққа тән. Әңгіме басы студент баласының әкесіне көмекке келуінен және кешкілікте болған оқиға төңірегінен өрбиді. Шындыққа жанасатыны – халық мол егінге қашанда қуанып отырған, оған қоса «ақ көйлек Тумырза жатаған кішкентай машинаны кеше алса» мақтануға да, сүйіншілетуге де себеп бар!

Тумырза қандай кейіпкер? Ол ұлғайған жасына қарамастан (Ұлы Отан соғысының ардагері) жеңілтектеу, бірақ ауыл-елге сүйкімді. Даңғойланып кетіп (тауығын басып, итін қағып, үй иесін баса жаздап барып шалшыққа батып шыққаны) ел төрінен «күпіге оранып алып, әңгіме соғуы» оның қадір қасиетін байқатады. Бұл – жазушының адал көңілді кейіпкеріне берген суреттемесі. Мұнымен қоса сүйекке сіңген жеңіл мінезі де бар, ол әрине, өзінен басқаға зәбірі жоқ күлкілі кейіпкерді оқырманына жақындатады. Ж. Молдағалиев «Мұң», «Ешкіемер», «Ревизор» әңгімелеріндегі кейіпкерлеріне келгенде беті жылтыр, пиғылы жарымжан жиренуге тұрарлық бар бітімімен көрінген адамдарды бейнелеуде шеберлік өлшемін ұстанған. Жүйелеп жіпке тізген «Сары қыз, Жәдігер, Семіз сарының» әрқайсысын жан-жақты жіліктеп алып «сөйлеткен». Сюжеттері табиғи экспозициясы, байланысы, өрістеуі, шарықтауы, шешімі талас тудырмайды. Әр эпизодының өзіндік логикасы айқын.

«Ревизордың» экспозициясы «аса толып кеткен ағамыз вагон есігінде кептеліп, бет-аузын тер басып және көмектескен Рақымдарға өзінен бұрын чемоданына ие болуын тапсырған, сөйтіп тамбурда сәл-пәл еңбектеп, тұрып кетуінен» бағытталса, «бұлт-бұлт денесі» секілді ала-құла мінезінің қыры да салиқалы түйінге апаруға көмектеседі. Қоғамға жат құлықты «ревизордың қара чемоданы аман болсын» деп мысқылдап, сынайды. Қара чемоданды толтыратындар кім? Жауабын жазушыдан қарап көрейік: «Кеше бір істі тоқтатып едім, міне, сол дастарханнан сендер де қабырғаларыңды жауып отырсыңдар». Арам астан дәм татып еді, қараңыз не болды: «Менің құдайдан тілегенім чемоданы құрғырдың іші ашылмаса екен деу еді. Ол болмады. Ондағы колбасалар шағатын сары жыландай ирелеңдеп, үйіліп қалса, ауызы мұқият бекітілген литрлік спирті құрғыр да – көз жасындай мөлдірейді. Әсіресе бір буда ақша шыққанына былайғы үшеуіміз күйіп кеттік!». Әңгіме тартысы қоғамның келеңсіз ісін әшкерелеуге арналған. Үш студент жастың ревизордың айтқан «тоқығанынан» емес оқығаннан нан табу керектігі басым айтылған.

«Мұң» әңгімесінде сары қыз Мұқыштың (Ерболаттың қалыңдығы саналған прорабтың қызы) әрекеті тіпті ойға сыйымсыз. Жазушы оны нағыз «сары қыз» Ерболаттың қалыңдығы Әлиямен қатар қоя бейнелеген. Әңгіменің түйіні: «қыз үшін ең қадірлісі – әдеп, мәдениет».

Тасемен «құданың» құлқынын тескені тек ақша екені байқалады: «Бізбен дәудірей амандасып, кемі қырық жыл көрмеген адамындай барлық жай-күйімізді сұрап, сөз аяғын:

– Жазушылар ақшаны көп алады дейді ғой. Соны не істейсіңдер?- деумен барып тоқтады». Әңгімедегі ақ пен қараның арасын ашып жүрген кейіпкер – Әлкен журналист. Қараңыз: «Біз сізге ұқсаспыз. Ал сізде ол өлшем жоқ, өйткені оны еңбек сіңірмей аласыздар. Мәселен, таяуда бір прораб бір бөлімшеде төрт үйді ремонттаған болып, алты мың сомның нарядын жазып, сол ақшаны өзі және сыбайластары сіңіріп кетіпті. Ол үйлер – қазір құлағалы тұр...». Бұл әңгімедегі тартыс мәні – тамырын тереңге жайған жемқорлық мәселесін көрсету. Жазушының тартысқа жетелейтін тұстары көбінесе Әлкеннің өрнекті сөйлемінен байқалады: «Ердің көзі тайса, жемтік іздеген қорқауша сол маңды торитын мақұлықтар болады. «Жас өспей ме» деген. Соны ойламайтын, кешегі көз бояушы дос, бүгінгі – жыланкөз, дүниеқоңыз замандастардың бары рас. Олар аш мысық секілді, өлексені де жей береді. Өлексе жегендердің бәрі – ең болмаса жыртқыштар қатарына қосылуға жарай алмайды-ау!». Ері дүниеден қайтқан соң жас келіншек Айша анасы мен балаларын шайқалтпай ұстап отырғанына қуану керек. Әңгіме тартысы – әскерде жүрген қайнысының хатын жаңылыс түсінуден басталады. Себебі, үйге, күйеуінен қалған машинаға ие болам деп жүрген прораб Тасеменнің шөңге болып табан басқызбау әрекеті дәл келеді. Оның сары қызының «қара орман менікі» деп келген қонақты дұрыс қарсы алмау тұсын жазушы ерекше ескерген, яғни «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп түсініктеме айтқан дұрыс. Мұны Әлиямен танысуға барған Әлкеннің көрген-түйсінгендерімен бекітуге болады. Адамның ішкі мәдениеті тұрмыстық деталь арқылы бейнеленген. Ал, әңгімедегі мәдениетсіздік деп саналатын әдеп-салтқа жатпайтын кейбір қылықтар ішінара тартысты анықтатады.

«Ешкіемер» әңгімесі газет-журнал таратушы Жәдігердің «сүйекті сындырар» жағымсыз әдетінен құралған. Негізгі тартыс жеке кейіпкердің өзіне сын көзімен қарамауы дер едік. Басқалардан бұрын өз әйелі жапа шегеді: «Көрінгеннен күн көреді де жүреді. Ұлмай-қызармай келген қонақтардан да, сізден де, директор ағайдан да ақша сұрап алыпты. Осы үйде бәрі де жетеді. Екеуіміздің табысымыз да мол»,- деп намыстанады. Жәдігер-ешкіемердің бейберекет өтірік қарыз сұрауы шаңырақ беріктігіне сызат түсірері анық. Жеке адамның тәрбиесі туралы әр әңгімесінде әрқашан қадап айтар өзіндік ойларын осы тұста жинақтай алған. Ешкіемер қарыз сұраудың, қарызға алудың түрлі «шеберлігін» көрсеткен. Қараңыз: «– Өй, мынауың «Қазақстан» сигареті ғой?- деді Жәдігер. – Біздердікі тек «Прибой». – Мә, тартыңыз.

Ол бір тал шылымды алып құлағына қыстырды да, екіншісін тұтатып алды. Құныға сорып, аузы- мұрнынан бірдей түтін боратып:

– Бір пәшкесін сыйлашы, жазушы жолдас!- деді. Мен сыйладым». Былай қарағанда мұнда тұрған еш сөкеттік жоқ сияқты. Ары қараңыз: «Қырман бастығы да шылым тартады екен. Оныкі «Прима».

Таста андағыңды, мына кісіде «Қазақстан» бар!- деді почташы. Мен амал жоқ, шылым ұсындым. Бұл жолы да Жәдігер темекінің екі талын алып, бірін құлағына қыстырды. Пішеншілерге барғанда да: мына кісіде тәуір шылым бар деп жариялады. Жұрттан қарыз сұрауын да тоқтатпады». Кейіпкердің қарыз сұрауының тәсілі бар: ірі ақша еді, ұсағын бере салшы деу. Сонымен қатар қасында жүрген кісілерге керек деген сылтаулардың көмегімен «қалауын тауып қар жандырады». Не керек елеусіз, тіпті күлкілі көрінетін әдеттің өзінен түйін түйдіреді. Жазушы тастан тау жиналатыны сияқты, мұндай әрекеттерге тосқауылды ешкіемердің әйелінің міндетіне жүктетіпті. Ж. Молдағалиевтің әңгімелерінде көркем өрнекпен жеткізген зерделеуі жатыр. Ұлт тағдыры анада, әйелде екенін тағы да мойындатқан.

Көркем шығарма, соның бірегейі – әңгіме детальдан құралады. Әсіресе, автор сөзге сараң, детальға бай болғанда көп ұтары мәлім. Молдағалиевте деталь таңдау – кейіпкер өмір ұранына лайық. «Бес ана» әңгімесінде Әсембектің «кәтіремпелі», Тасқожаның «қақылдағы», Күрекеңнің «зырылдауығы», Есқожаның «дәуі» әңгімешінің анасы «командос» атанған аналардың қазақы мінездің биік қасиеттеріне ұштасқан кейіпкерлері – қазақтың қара кемпірлерінің бейнеті мен зейнеті алмасқан өмір шындығын алға тартады. Жазушы «аңшы» деу орнына кейіпкеріне сөйлетіп «Мылтықта басы қалғыр әкең» деталін қойса мінезін де, көңіл қалауын да білуге болады.

Жазушының аналарды сомдауында ыстық ықылас тұнып тұр: «Бүкіл Жаңажолда елу-алпыс ит бар бола тұра әжемізге шәу деп үргенін көре алмай кеттік…»,- деп жайдан-жай жаза салмаған.

Детальдің басты құндылығы дәлдігінде. Қараңыз: «нағашы әжем Кенжетай атамыз сексенге келгенде ұл туды. Ұлы еркетотай болып өсіпті. Соған ашуланғанда әжеміз қолына не түссе соны ұстап, баласын жайпап тастардай ұмтылатын еді. Оған біз де үрпиісіп қалатын едік. Бірақ әжем ұлына жақындаған сайын, ашуы өзінен өзі сөніп, баласы қолына тигенде, ұрудың орнына бетінен сүйе бастайды». Бұл «дауылдан кейінгі толқын секілді, жағаға жеткенше сөніп қалатын» кәтіремпел-әжеміздің өзіне тән мінезі. Бұдан ары назар салсаңыз: «қасқыр жегір ала бие ұстатпай кетті»,- деп жай нәрсені қазбалап қарғыспен айтып жеткізетін қақылдақ – Рабиға әжеміз бар. Жазушы: «Соны барып ұстап әкелудің орнына жаман қатыныңның қасында шылымыңды боратып отырғаның қалай?»- деп бейнелеуін тереңірек қарау керек. Балаларын зар жақ болып жұмсай алмай отырған әже секілді көрінгенімен, олай емес. Қақылдақ кейіпкеріміз аты дәлелдеп отырғандай осы уақытта ғана айтып, енді жұмсайтынына қарамастан ылғи да «қара аспанды төндіреді». Қараңыз: «Ағаңды жас жігіт деп отырмысың? Өзі де бір жалмауыз! Бір табақ етті бір өзі жеп, самауыр жарым шай ішеді»,- өсіріп айтуға бейімдігін байқайсыз.

Зырылдауық ананың бейнесінен тек мінезін ғана танып қоймайсыз, қазақтың ас сақтау, сыбаға тарту мәдениетін байқайсыз: «Жазғы егін орағы кезінде елге барғанда, әжем үйінен зырқырап келеді де басымды иіп, маңдайымнан сүйеді. Сонсоң үйіне қарай тағы да зырқырай жөнеледі. Жүгірмейді, әрине. Өте шапшаң аяқ басады. Сәлден соң, қысқы соғымнан маған сақтаған, ұнға орап тастаған омыртқа, яки басқа бір мүшелі етті зырқыраған бойда әкеліп апама береді. Мен ол кісінің өмірі біреумен ұрысып, тілдескенін көрген емеспін». Жоғарыда жалғыз ұл Балшықбайдың қалай «жарылқағанын» сөз еткенбіз. Жазушы «Бес анада» қазақтың көпбалалы шаңырағын мақтанышпен айтады: «Осы бес анадан бұл күндері қырық-елуге жуық ұл-қыз, немере-жиен бармыз. Түгел болмағанымызбен той күндері, яки өлім үстінде бас қосып қаламыз. Сондағы әңгімелеріміз ата-ана жайына көшеді. Күлеміз, күрсінеміз, аналар рухын көтеретін ән шырқаймыз». Ұлт тамыры ана сүтімен нәрленетініне мән берген: «Өзіміздің жұрт қатарлы қара жер басып жүргенімізді сол аналардың ақ сүтінен алған асыл қуаттан деп білеміз».

Ж. Молдағалиев әңгімесіне детальді таңдап, орынды пайдалануы арқылы Іңкәр, Бәлтен, Рабиға, Сағила әжелердің бейнесін әдемі өрген, жақсы жинақтаған. Әңгіме тартысы көбінесе кейіпкерлер әрекеті мен оқиға құрылымына тәуелді болғандықтан осындай бейнелердің даралығы әсер етеді. Әрі тартысты қолмен қойғандай анықтау үшін кейіпкерге ұлттық мінез-құлықтың сіңірілуі де анық белгіленуі керек.

Іңкәр ана арқылы «Ана дүние – кілті» қағидасымен, ұлт сақтаушысы бейнесіндегі кейіпкер деп бағалау орынды. Отбасы бір ұстанымда болғанда ғана отбасы. «Отау үйдегі» Іңкәр ананың кемшілігі отағасын, бауырларын өз дініне саялата алмауы, бірақ ешбір әрекетсіз емес, ең болмағанда «ала көзімен атады». Ал, қазақ әйелінің «ала көзімен атуы» – жеңіс басы.

Молдағалиевте «ала көзімен жанап өтіп» Жақия қарттың ренжіскен отбасын татуластырғаны да бар-ды. Бұл – «Жез қоңырау» әңгімесі. Әкенің сыйы жез қоңырау арқылы қателік-ренішті жымдастырған бала – әке-шеше арасындағы жалғас жүрек қоңырауы. Жалпы «қоңырау» жазушыларымыздың әңгімелерінде ата мен бала байланысын көркемдеу құралына айналып келе жатқанына Ш. Мұртазаның «Тілсіз қоңырау» әңгімесі дәлел.

Ж. Молдағалиевтің «Ел суреттері» кейіпкерлерінің суреттері «жанды»: ел адамдарының түрлі тағдырынан, қуаныш-сүйініші, ортақ ұлттық қасірет қимылдарын баяндайтын бейнелер қазір арамызда жүргендіктен шыншыл.

Қандай көркем шығарма болмасын, алдымен қадірлілігі көркем кейіпкерлері арқылы танылады. Белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының «Күләштің соңғы көктемі» әңгімесінде кесек характерлер Күләш пен Қанабек өмір суреттерінің табиғилығына қарап, Күләштай өнер адамының, тарихи тұлғаның логикасынан, психологиясынан танып-түсінуіміз арқылы, Байсейітовтер өмір сүрген заман рухына бойлаймыз. Бексұлтан жазушы-әңгімешінің көзқарасы, әңгіменің өзінен, көркемдік бітімінен аңғарылады. Оны бүгінгі өмірмен сабақтастыру дәрежесі бағаланады. Нұржекеұлының бейнелері мен шығармашылық әдіс түрлері М. Әуезовтің алғашқы әңгімелеріндегі бейнелерге ұқсайды. «Күләштің соңғы көктемі» әңгімесі дәуір шындығын ақтара, адам жанының диалектикасын, сырын алдыңа жайып салады. Жазушы ашықтан-ашық ұсынбайды. Әуезовше ұлттық мінез-құлықты кейіпкерді, шынайы көзқарасын байқатады.

Авторда қазақ қоғамына сіңісіп кеткен жиренішті теріс қылықтарды (өсектеу, көре алмаушылық, аяқтан шалу т. б.) кейіпкер бойына жымын білдірмей сыналатып жіберу, қарсы әрекет-тартыс басты қаһарманның адамгершілігі, парасаты, ақыл-ойы (интеллектісі), Күләштің кім екенін айқындайтын басты көрсеткіш бар. Нұржекеұлының әдеби кейіпкерлерінің қарым-қатынас көркемдігі шығармада шынайы болмысымен көрінген. Әр ұлттың өз болмыс-бітімі, қасиеті болады және ол сол ұлттың әдебиетінде айқын байқалады. Болмысына қарай бағамдасақ, мысалы, қытайлықтар қалжыңды мүлдем түсінбесе, қазақтарда құрдастық қалжың «ауамен» бірдей, қадірлі. Әрбір ұлт жазушысынан (болмыс, діл) ұлт әдебиеті құрала отырып әлемдік әдебиетке қарай (адамгершілік) бой түзейтін құбылыстар, шығармашылықтар.

Көркем шығармада оқиға дамып-өрістейтін орынды, ортаны, ол оқиғаға қатысатын кейіпкерді сипаттап, алғаш оқушыға таныстырудың да өзіндік орны бар екені тұжырымдалған. Бұлай десе, жазушы таланты қай қырынан байқалды, әңгіменің өзі дәлелдейді: «– Өй, Құрманбек шығар,- деді Қанабек кенет орнынан ұшып тұрып. –Үйлеріңнен ішетін, жейтін тәуір нәрселер табылса, барып көмектесейін»,- деп тұр еді мана. – Ойбай-ау, онда шақырсаңшы – қара телефон арқылы Құрманбек бәрін көріп тұрғандай. Күләш қолын бұлғап, босағаға қарай Қанабектің соңынан ұмтылды...». Әңгіме экспозициясы сахна дайындығынан келіп, ас үйде шай ішкен Күләш пен Қанабектің телефон дауысына кейістікпен, осқырына қарауынан басталуы тегіннен-тегін берілмеген, болар оқиғаға болжам, әрі кейіпкердің сол заматқа дейінгі көңіл-күйін танытады. Диалог кейіпкерлердің сипатын аша түскен. Досқа деген жүрегі, Күләштің баладай аңқаулығы суреттелген. Нақтырақ айтсақ, Ж. Жарылғаповтың: « ...қазіргі қазақ прозасының адамды түрлі қарым-қатынас аясында танудағы үлкен бір жаңалық – күн тәртібіне адам және тарих деген мәселені қоюы»,- деген пікірі зерттеу жұмысымызда автор көзқарасын танудағы талдауымызды бекіте түсті. Яғни, адам ретінде де, тарихи кейіпкер ретінде де жазушыда Құрманбек арқылы Күләш пен Қанабектің адамгершілік парасаттылығы толықтырыла түскен.

Конфликт жағдайда өзін-өзі ұстау, тез шешімге келу, батыл сын айту кейіпкерлердің бет-бейнесінің тек қабығын ғана емес, сары уызына дейін көруімізге көмектеседі: «...– Қалайда, Қанабек, бағың бар жігітсің,- деді мақтағансып. – Біздің қарындас сенің қолыңа бақ құсы боп қонды ғой. Соның арқасында сен өз шамаңнан өлсең шыға алмайтын биіктерге де көтеріліп кеттің»,- деген жіптік көз, томпақ бет қара кісі (бастық) Күләштің шашбауын көтеріп отырып, орға жығатын да өзі болғанына куә боламыз: «... – Алты адам арыз жазыпты. «Күләш күн көрсетпейтін болды,- депті басты рөлдердің бәрін бір өзі ойнайды. Ойына келгенін істейді, оның сөзі сөз. Менменсіп кетті, ішеді, Қанабектің көзіне шөп салады»,- дей ме... – і-ім, солай де, әлгі жіптік көз араласқан болды ғой онда. Арызды қазақта әділдік іздегендерден гөрі қызғанған, көре алмаған, қастық ойлаған адамдар көбірек жазады...».

Қазақ ұлтының дархандығын мақтан ететін болсақ, күнгейдің көлеңкесі секілді жала жабу, аяқтан шалу қараулықтары әлеуметтік мәселеге айналуы жасырын емес.

Жалпы әдебиетімізде, оның ішінде әңгіме жанрында өнер адамын бейнелеу белгілі бір көркемдік дәстүр болып қалыптасқан. Ғ. Мүсіреповтің «Атақты әнші Майра» әңгімесін (бұған қоса қазақ зиялыларының өмірі мен олардың психологиялық жақтан өзгеріске ұшырауына тоқталған Т. Ахтанов әңгімелері туралы Ж. Молдағалиев пікірін ескере отырып) айтсақ жеткілікті болар. Бір тақырыпқа бірнеше ақын, жазушының қатар қалам тартуы әрдайым болатын үрдіс. Нұржекеұлы әңгімесінде Күләш бейнесі ішкі жан дүниесінің тазалығында, ар-намыстық қасиетінде өрнектелген. Өнер адамының қуанышы мен күйініші, қазасы қара дүрсін емес, асыра да боялмаған, қалыпты өмір салтында шыққан. Күләш махаббаты – жарға, асыл ағаларға, досқа, халқына деген шын сезімі, детальдар мен штрихты орнына дұрыс қойып қиюластыруынан автор мұратының астарлап берген «асылыңды сақтай біл, аяулыңды қадірле» демек жұмбағы өз-өзінен шешіледі.

Жазушы шығармасына жанр, көркемдік түр таңдап алуы арқылы өзіне азаматтық және көркемдік міндет жүктейді, жанр түріне тақырып, материал, түпкі ой әсерінен алынады. Нұржекеұлы соңғы үшеуін біріктіріп, ұлы актрисаның соңғы демі соққанға дейін бірер айдағы тіршілігінен өлмес бейне ескерткішін соққан. Әңгімені бірсыдырғы күймен оқып шықпайсың, ренжисің, түңілесің, қайта қуанасың, күйіп кетесің, мұңаясың ...Кітап бетін жапқан соң басқа ісіңе айналып кете бармайсың. Қатты ойланасың, қандай халықпыз, жақсылығымыз да жамандығымыз да теңбе-тең. Өйткені, кейіпкер жай адам емес, өте таныс ұлт мақтанышы. Ойлантуға мәжбүр еткен жазушы Нұржекеұлы.

Нұржекеұлының зиялылары хас талантымен танылғандар, қазіргідей жоғары мектеп мәдениетін арнайы оқымаған. Сондықтан, әңгімедегі диалог нанымды сөйленген: «...Әй, айтпақшы, есіме жақсы түсірдің. Мен саған ренжігем. Ренжігенде былай, Күлеке, сіз Халық артисі – халықтың артисі болғанмен Қанабектің қатыны екеніңізді ешқашан естен шығармауға тиіссіз. – Тағы тың өсек естіп пе ең? – Өсек деген осы күнгі фольклор, оның өмірде өз рөлі бар...» және «Халық артисі» Қанабекке қатын болудан ...қорланбайды» деп жауаптасуы өмірдегі шындық қалпында қабылданды. «Қатын» деп сөйлеу жаны қазақ ер жігітке, жігіт ағасына әбден лайық. Өз жарын еркелетумен бірдей, «Күлә» сөзімен жуықтас. Нұржекеұлы бейненің даралық сипатын ашу мақсатында ішкі жүрек сезімдерін бір-біріне байқату диалогтарымен психолог екенін танытады.

Әңгімеге тән лаконизм сақталған. Оқиғалар тізбегімен емес, психологиялық тебіреністер арқылы сипаттауы сәтті. Күләштің сергелдең сәттері, шиеленісі ұғымды, тартымды, қарапайым, әрі көркем тілмен жазылған: «...Қана, сен жаңа «жетімсіреуші ек» дедің ғой, ал мен Сәкен ағаларды маңдайына сыйдыра алмаған халыққа іштей өкпелі едім. Қызғаншақ, іші тар, ірі мінез көрсете білмейтін, иығымен демейтін кісісін иығынан басып қоятын жұмбақ мінезді жұртпыз-ау деп жүретінмін. Сірә, содан айыға бастаған сияқтымыз... Бүгін, Сәкен ағалардың ақталғанын естігенде, кетігім бүтінделгендей, елдің елдігіне риза боп, қатты қуандым. – Сол қуанышың баянды болсын, Күлә..,- делінген тұста бір қырын байқасаңыз, намыс оты шарпулы Күләшті де диалог арқылы елестете аласыз: «...– Аға, сіз Қанабекке мені қимай отырсыз ба, жоқ халықтың сыйын қимай отырсыз ба?.. Біреу мақтағанды біреуіміз даттап, ағысқа қарсы жүргенімізді қашан қояр екенбіз осы? Жаңағы сөзді де қара қылды қақ жарған әділдігім деп айтып отырсыз ба? Оның аты, меніңше, қатын өсек»,- деп айтқызып алады да әйел нәзіктігін (жүрек ауруына соқтырған нәзіктік реңінде) Құрманбектің басу айтуымен ишаралайды: «...Ағаның әзілін ауыр алмас болар, Жібек. Сен Қанабекке ара түспе, сөзден, өсектен ол өлмейді, өзің сақтан. Сен - әйелсің, сынып кетесің, ол – еркек, ыңыранады да жүре береді...». Әңгіменің шарықтау шегі «ілмеген арық әрі сырықтай ұзын сары жігіттің» зуылдап тұрып: «Алматыда өсектен өзге не бар дейсіз...»,- деген сұрықсыздың Күләштің қастерлісіне дөп тигенін, «Тірлігімізде бұлбұл деп, өлгеннен соң мені де құрдым дейтін шығар бұлар...»,- деп налығанын, бірінің үстіне бірі қайталай соққан соққының соңғысына шарт сынғанын алдыңғы диалогте-ақ байқата барлау жасатқан.

Күләш келбеті қалай бейнеленген, әңгіме мұратына қиюласқан ба? Жазушы кейіпкерінің былайша бейнелеген: «...Үстіне қара атлас көйлегін киіп, мойнына ақық, маржаны аралас алты қатар моншақ, құлағына қоза сырға тақты. Шашын маңдайынан қақ жарып екі өрім етті де, оны орап әкеп төбесіне тақияша дөңгелетіп қойды... 45-ке келген әйелге сол лайық деп, салмақты көрінгісі келді. Ал, шындығында, 45-ке келсе де, Күләштің ажары әлі айрықша, бет жүзінен жасын әйгілейтіндей оқшау әжім байқалмайды. Сүттің бетіне тұрған жұқа қаймақтай ғана көзінің астында кілдірек сызықтар бар, оның өзі үңіліп қараған адамға да әрең көрінеді...». Байқасаңыз қызғануға да, еркелетуге де, құрметтеуге де тұрарлық бейне. Әңгіме мазмұнының жасанды болмауына берілген келбеттің де көмегі тиген. Соншалықты әсем жан қазаға ұшырады, ол әлеуметтік трагедияға, яғни қоғамнан тоғышарлар мен кеңкелестерді құртпайынша жайнап тұрған гүлдің де сабағынан үзіліп түсеріне үңілтеді. Жазушы Күләш келбетін қозғалыста, сөзімен ғана емес, іс-әрекеті арқылы ашу дәстүрін ұстанған.

Автор екі жерде, бірде Күләш, бірде Қанабек сөзі етіп Абайдың «қазақтың өзге жұртынан сөзі ұзын» деген нақылын орынды пайдалануы да көп нәрсенің басын анықтайды да: «...Бұдан ақыл қонған қазақ аман өтпейді...»,- деуі рас. Сонау заманнан күресіп келген «үлкен жауымыз» күшейіп кетпеуіне ескертпе.

Нұржекеұлының әңгімесінің өнегесі – жағымсыз мінезді, құлықты әшкерелеу, өршіл болуды үндеу. Сюжет ұйтқысы ұлыларымызды ұлықтауға (Жамбыл, Сәкен т.б.) арналған. Кейіпкерлер қақтығысы кішкене бір себептен (жіптік көздің арандатуы) қонақта отырып басталып кетеді, ақырында ұлғайып мәнді мұраттық түйінмен аяқталады: «... Ұзын сарылар, арызқойлар бәрін де айтуы мүмкін, бірақ мұнша азалы халықты бейіт басына біреу зорлап, әкелді деп айта алмас. Мына халықтың мынандай құрметіне бөленген адам өлуші ме еді? Өлсе, осы халықтың өзімен бірге өледі»,- делінген монолог сәтімен баяндалған. Алайда үлкен тұлға (личность) зардап шегері сөзсіз:«...– Күлә, хош- деді кенет Қанабек егіліп»,- деп сипатталуы, ер-азаматтың көпшілік көзінше сыр беруі, яғни жан азабын жеткізуі.

Жазушының әңгімесі алғаш таңдамалы шығармаларының екінші томында жарияланса, кейін «Әйел жолы – жіңішке» жинағына ендірілген. Осы жинақтағы Нұржекеұлының «Кәріс қыз» әңгімесі оқырман қауымына өнер адамдарын бейнелеудің тың көрінісімен (талдаудағы әңгімеге Т. Ахтановтың 1960 жылы жазылған «Ол солай еді» әңгімесіндегі кейіпкердің ақындық пен ақын өлеңіне сырттай құмартқан тұсы, өнерді құрметтеу тұрғысынан ұқсастығы бар) айрықшаланады. Автордың әңгімеге пішін таңдау жолындағы ізденістері атап айтарлық. Әңгіменің табысы, әдебиетімізден алар орны осы жіптен тартылмақ. Замандас келбеті арқылы Мұқағали ақын әңгіменің өн бойында жанама суреттеулер арқылы бейнеленеді. Мұқағали секілді өнер иесін жазған дүниелер жеткілікті, соның ішінде «Кәріс қыз» әңгімесінде Мұқағалидың өнері, жан шуағы тегіс төгілген. Сыншы Әмірхан Меңдеке «Саф тазалық» атты сыни пікірінде: «... Біз айтар екі жақсы әңгіме де адамның жанын дәл осылай байытады...»,- деп әңгімедегі авторлық түйінге пікір тұжырымдаған. Ол қандай түйін болатын: «... Айналайын, жарық дүние-ай, жақсы адамдарыңмен жақсы екенсің ғой: Нәллиді көріп, тіршілігінің түрленіп сала бергенін қарашы. Егер көрмесем, кездеспесем, жанымның бұрынғы кедейлігін де тоқ санап өте бере едім-ау, өмірден. Бір-ақ күнде байыттың. Бұл күнді бастан кешкен бақытты екем мен». Бақытты еткен Нәлли кім?

Нәлли – Қызылорданың қазақ мектебін бітірген, қазақы дәстүрді сыйлап өскен кәріс қызы. Нұржекеұлының сипатында қазақылануы кейіпкер диалогынан анықталады: «Қызылордада «корей», «чосон» деп жатпайды, кәріс дейді, өзіміз де үйреніп кеттік...». Кейіпкеріміз қазақ ақыны Мұқағали Мақатаевты рухани сүйіспеншілікпен қастерлейді. Нұржекеұлы әңгіме кейіпкерін өскен ортасында лайық қалалық типте қарастырады. Бір қарағанда ашықтығы жеңілдікке ұқсап тұруы осыдан. Күйеуі инженер, бір балалы Неләнің портреті: «... Бойы иығымнан ғана, үстіндегі көкшіл көйлегі қара торы өңін жақсы ашып тұр, жап-жас, әлі тіпті күйеуге тие қоймаған тәрізді... Қоңырқай шашының майда, жұмсақтығына орай мінезі де биязы секілді...»,- болып сипатталуы, сөйлесе келе көз портреті салиқалықты байқатып, «Әй, келіншексің-ау»,- деген күдікті тудыру амалы замандас келбетін шынайы қабылдатуға әкелген.

Әңгімеде Неләнің жүрек түкпіріндегі бұлқыныстарын ақтара ашу үшін автор өз жанының жай-күйін жайып салған. Әйел қауымының сыршыл, нәзік скрипка- сезімінің пернелерін дөп басқан. Дөп басу, тап басу арқылы Мұқағали ақынның қайталанбаған бейнесі «Кілең жақсы өлең жазам деп, жанып кеткен шығар, кім біледі?» деп үн қатады. «...Ерте өлгені де ақылдығы сияқты: өз өлеңдерімен жағаласып таласпайыншы, ендігі жолды саған берейін деп, өлеңнің өрісін кеңейту үшін о дүниеге әдейі аттанып кеткен адамдай...». Осылай деу, Бексұлтан жазушының Ұлылық алдында ақталуын өз сырындай етіп жеткізе алғандығынан, әңгіменің ғұмырлы, сүйікті туынды боларына кепіл баға.

Әйел-еркектің табиғат жаратқан қатыстары табиғи күйінде суреттеле, ішкі иірім, деталь, эпизодтар байланысындағы ортақ жақындық Мұқағали болып таралуы – әдеби тәсіл ретінде қабылданды. Алдыңғы әңгімеде өнер адамдарын күйкі тіршілікті жеңіп, айрандай ұйытып, іркіттей іріткен қоғамдық кертартпалыққа күрескерлігін танытса, «Кәріс қыз» жазушы-әңгімешінің «... адамның жанын тануға да өре мен икем керек деп ойлайтынын» және «әншейін бәріміз де істеуге тиіс нәрселерді адалдықпен, тұрақтылықпен күнделікті атқара беру. Өмір сүру – қағида да, тәртіп те емес, кәдімгідей тура мағынасында адамша өмір сүру» қажеттілігін дәлелдегені. Әңгіме Мұқағалиды ақын ретінде ұлықтаудың, әсершіл замандасты боямасыз бейнелеудің үлгісі боларлықтай талғамда жазылған.

Ескерусіз, бос жазылған штрих жоқтай, берілген суреттеулер тақырыптың аталуына дәйек. Әңгімедегі табиғат туралы кейіпкер ойындағы: «...маған Африкадан гөрі Қызылордада өмір сүру қиын сияқтанатын. Ыстығы болғанмен, байқағаным – ауаның мұнда тынысы кең; еңсеңді басып езіп-жаншымайды...»,- деп бейнелену өмір шындығымен орайлас, бейне шынайылығын көркемдеуге көмекші септігімен, әңгіме жігін жымдастыра, үйлестіре қамтуға алынған. Жалпы табиғатына қарай адамы бейімделетінін жазушы дұрыс бағамдаған. Зыр жүгірген қонақ үйдегі әкім әйел: «...Қазіргі бағытың кәтта дұрыс, қайным»,- деп баяндау әйелді ғана емес, жергілікті жердің өкілін, психологиясын айрықшалауымен қымбат түйінге жетелейді. Жазушы қолданған «кәтта» говоры әңгіменің шыншылдықпен бейнеленуіне бір жәрдемі болған. Нұржекеұлы жұртшылықтың ой-санасында жүрген сауалдарға жауап іздеуге тырысқан. Құр уағыз емес, Мұқағали ақынға деген таза ілтипат автор атынан баяндаудан да, суретті диалогтардан да биіктен көріне білген.

«...Ыстықты онша елең қылмағаным, сірә, келген бетте жылы ықыласқа жолыққанымнан да...»,- деп жазушы оқырманын жіпсіз байлап қоюға шебер-ақ.

Нұржекеұлының білдірмей отырып келеңсіздікті қалам ұшымен түйрей де кететін тұстары бар. Көне Қызылорданың орнын аралатып келіп:«...– Міне, аға, Қазақстанның басшылары осында болған, - деді сары үйдің ұзына бойына өзі де алғаш көріп тұрғандай сынай қарап. Қазір бұл үй – жындыхана...»,- деп сөйлеткенде селт етпей қалмайсыз.

Әңгіме сізге мораль айтып езбелемейді, ақыл айтып көсемсімейді, өз түйсігіңіздің үлесіне қалдырады. Оқып кеп қалсаңыз, дүр сілкінгендей боласыз, кейіпкерлерді өз жаныңыздан іздей бастайсыз. Нұржекеұлы «Кәріс қызда» Мұқағали ақындығының өрісін замандар бойына кетуге кеңейткен.

Белгілі драматург, әдебиет зерттеушісі Е. Аманшаевтың қазақ әңгімелеріндегі уақыт категориясын зерделей келе:«…әр ұлт әдебиетінің есейгендігі, өскендігі, кемелденгендігі, толысқандығы оның уақыт пен кеңістік категорияларын әдеби құрал ретінде пайдалану дәрежесінен көрінеді»,- деген пікірі жазушы М. Байғұттың алмағайып заман кейіпкерін уақыт категориясында бейнелеу ерекшелігін тануға мүмкіндік берді. Себебі, уақыт адамның өзін-өзі түсінудегі әрі жеке адам ретіндегі өсіп-өну тарихындағы шешуші категория екендігі және оның қазақ әңгімелерінде тартыс мәселесінде жалғастықта бой көрсетуі әдеби тәсіл, көркемдік құрал ретінде жазушы ізденісін байқаттырады. М. Байғұттың «Жалпыдан жырылған жалқы», «Әдебиет пәнінің періштесі», «Өлімнен қашқан респондент», «Бір дорба диплом» әңгімелері қазақ тарихындағы XX ғасырдың соңғы он жылында болған өтпелі кезеңді көркем қорытындылау іспетті. Әңгімелерінде табиғат пен адам, қоғам мен заман, уақыт пен кеңістік мәселелері биіктік пен тереңдік ұғымын байқатады.

Ғ. Мүсіреповтің «Көркем әдебиет – өз халқының аттестаты» деген қанатты сөзін назарда ұстансақ, әңгімедегі уақыт тынысының «бағасы» дер кезінде көрсетілген. Әңгімедегі: «…Жанына батқан ауруы жоқ, бірақ барлық дүние біткенге, адам атаулыға «мимо қарайтын» бәле тапқаны ақиқат-ты»,- деп баяндалуынан жоғарыдағы пікірдің орындылығы расталады.

В. А. Апухтинаның: «Әңгіме жанды тебірентіп, оқырманның жүрек түкпірінен орын алуы тиіс»,- деуінде мән бар. «Өлімнен қашқан респондент» атты әңгімесінде мұның көрінісі: «Адамдардың бәрі дерлік респонденттерге айналды. Адамды адам деп атамайды, кеңес үкіметі кезіндегідей «жолдасты» жақтырмайды. «Респондент» дейді. Бітті»,- кейпінде берілген.

Орыс жазушысы В. Шукшинді Апухтинаның: «...жұбатады, тыныштандырады, бірнәрсеге үйретеді, әңгімешінің өзін толғандырған нәрсемен бөліседі»,- деуімен М. Байғұтты таразыласақ: «Қараңызшы: «Бұл күндері көбінесе қандай сезімдерді бастан кешіп жүрсіз?» Жауап түрлері: «Қуаныш», «Өткенді аңсау», «Күйзеліс», «Үрей», «Сенімделік», «Кейістік», «Төзімділік», «Алаңдаушылық», «Жауап беруге қиналамын»,- деп баяндау сәйкестігі байқалды.

Көркем әңгімедегі жазушының деталь таңдауы әңгіменің жанрлық тартысы мен кейіпкерін айқындаған: «Қаншама компьютерлік шеберлікпен құрастырылса-дағы, сол сауалнамаларыңыз санаңызды нығайтқанмен, жүрегіңізге жылу дарыта алмайды екен де». Жазушы осы арқылы қазақ көркем әңгіме жанрының қисындық қысқалық-мағыналық қасиетін сақтаған. Байыптап қарасақ, М. Байғұттың жазушылық шеберлігін, әдеби тәсілін көркем әңгімедегі тартыс және кейіпкері тұрғысынан екшеп-ерекшелесек, аталған деталь айрықшылығы көрінеді, яғни жазушының жаңа кейіпкері, әңгімедегі бүкіл тартыс өз уақытының дәл «нүктесіне» бағытталған. Жаңа кейіпкер деуімізге себеп – «таныс та бейтаныстылығы». Генрих Маннның Толстой әңгімелерін оқығанда, таңданыспен: «...күтпеген пішінімен таңқалдырды. Толстойдың миллиондаған адамдардың құлағына жететін және сендіре алатын көркем тілді тапқаны сондай – ең наданына да түсінікті болады екен»,- дегенімен жұптап байқадық. Таныс дейтініміз – қазіргі тыныс-тіршілік (уақыт), бейтаныс дейтін себебіміз – респондент кейіпкер. Кейіпкер түскен тартыс – адам ретінде өмір сүруі үшін түскен тартыс.

М. Байғұт жазушы ретінде қазақ әңгімелерінде М. Әуезовтен басталған шығармашылық әдісті жалғастырушы бір буын. Әңгіме негізінен халыққа түсінікті, жатық оқылғанымен детальдық психологиялық, философиялық соны ой-тағылымымен күрделі күрмеуді шешкен, яғни әлемдік мәдениет жалғастығына бағыт алған шығарма. Мәселен: «Несі бар, тапа тал түсте де, күн жарықтық кенеркөкке сіңер-сіңбес сәттерде бақилық болып жатқандар аз ба?»- деп, М. Байғұттың кейіпкері өзін- өзі таразылап, уақыт дерегінде өз сана сезімін «қағып-сілкіп» тұр. Әлемдік жалғастықта деуімізге бірыңғай композициялық, стильдік орнықтылығымен қатар тұрмыстық, әлеуметтік мәселеге сәйкес тағылған «респондент» атауы ескерілді.

М. Байғұт әңгімесінде уақыт категориясының көркем бейнеленуі сәтті шыққан: «Сөйтіп, Өзбекқалиыңыз бұрынғыдан бетер өзгеріп, осының бәрін орындап, ауруынан әжептәуір айыққандай. Өзгермеген пенде қалған жоқ бүгінде. Сенбесеңіз, ең жақын деген адамыңыздың өзіне барла-а-ап қараңызшы бір уақ». Жазушының түйіні, сақтандыруы байқалады.

Қазақ әңгімелеріне тән психологизм қаһарманның мінез-құлқын өтіп жатқан оқиғамен біте қайнатып шыңдау жолы арқылы жеткен жазушы М. Байғұттың әңгімелері шынайы, табиғи қалыпта танылады. Бұған қарап әңгіме жанрындағы психолог жазушыны танудың тағы бір қырын межелейміз. Жазушы М. Байғұт жазатын тақырыбын бойына сіңіріп барып жазады: «Бір дорба диплом» деген әңгімемді: «Кенет кенеп дорба мода болды да кетті» деп бастап, аты да алғашқы сөйлем де өзіме ұнағаннан ба, әйтеуір бір деммен бітіргенім есімде»,- деуі осыған дәлел.

Әрбір жеке жазушының көтерген мәселесі алдымен дер кезінде көтерілуімен, екіншіден дәстүрді жаңғыртуымен бағаланады. Жазушының шығармашылық лабораториясы үшін, сонымен қатар жанрға қосылған «тарыдай» үлесі үшін назардан тыс қалмайды. Әңгіме қасиеті суретті болуы десек, М. Байғұттың «Бір дорба дипломының» суреттілігі сонда «декан кейіпкерімізді» тыңдап, көріп отырғандай әсер береді. Бәріміз біліп, көріп жүрген шындықты әдебиетке еншілеткен. А. Ісімақова психологиялық талдау өнерінің қазіргі қазақ жазушыларында көрінуін атағанда: «...қазіргі қазақ прозасының шығармашылығы дамуда... М. Байғұтта, ... А. Кемелбаевада және т. б. Бұл жазушылар үшін ең бастысы – ой ағысы. Замандастарының психологиялық табиғатын дөп басқан. Сонымен қатар шешімін таппаған елеулі мәселелерді көтере алған»,- дейді. Әңгіменің бас кейіпкерінің сыртқы бөлімдегі оқуынан диплом алатын сәтіне дейінгі және «деканның ролін еріксіз орындауға мәжбүр болған мәртебесі» оның ойлау әрекеті арқылы құрылған. Мұндай әңгіме жанры «көңіл-күй» әңгімелері деп аталып жүр. Прозада, әсіресе роман жанрында «соқа салған» жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Парызы», ал О. Бөкей повесть жанрында, сол сияқты Ә. Кекілбаев романдарында бұл арнаның кеңдігін көреміз. Әңгіме жанрының локанизмін сақтап төл сөз арқылы кейіпкерді (өткен өмірі) тартысқа түсіру, бір сәттік «декан» деген лақап атынан басқа нақты есімі жоқ, Ыбырай Алтынсарин бастауында тұрған мәртебелі мамандықтың иесі соншалықты сүйкімді есте қалады. Жазушының «құрылыс-сәулетінде» мықты бір шеге – дорба сөзі. Ол – орталық деталь. Дорбаны мектеп шәкіртінің, институт, университет студентінің «білім сақтаушы сауыты» секілді қабылдасақ, сол дорба – мектеп мұғалімінің, университет оқытушысының «өзін асыраушы қамыты» болып шығады.

Қазақ әдебиетінде психологизм элементі көне түркі әдебиетіндегі Иоллығ тегін жазған (үлкен) Күлтегін жазуларында басталған, кейін даму, түрлену нәтижесінде өрістеуі әр жазушыда әр қырынан танылады. М. Байғұттың «Бір дорба дипломының» кейіпкерін өмір кілтін іздеуші ретінде тануға болады. Өмір қойған сауалдарға жауап екінші ой қабатындағы кейіпкер деканға арналуы осы пікірге әкелді. Осы әңгімеде Қаншайым бейнесін атап айтылады. Қараңыз: «Декан ағай сырттай оқудың мәнсіздігі туралы талай-талай әңгімелер айтқанда Қаншайым қатыспаған. Егер ол болғанда декан ағай дәл сондағыдай көсіле алмас па еді?»- деп баяндалатын тұстан бастап «Бір таң қалғаным, декан ағай кездейсоқ келіп, бесенеден белгілі әңгімелерін қайталайтын кезде Қаншайым жоқ болып шығады. Осы кісінің келе жатқанын көріп, сыртта сытылып қала ма, білдірмей шығып кете ме, білмейсің»,- деп сырын төккенде көп ойды, кейіпкердің арғы-бергі тағдырынан мәлімет аласың. Қаншайымның: «– Ыңғайлы, қарапайым жағын жатырқамаймын»,- деп кенеп дорбаны қабылдап-ұстауы сән ретінде емесі және кейін оның мінезін ашу үшін, әңгіменің мұратын ашу мақсатында маңызды баяндау етіп құрған. Қаншайым – бірбеткей, әділдікті сүйетін, «аңқаулығынан опық жеп, өмір сүруге бейімделген» студент бейнесі ретінде есте қалады. Қаншайым мен «төл сөз авторының» бірге бірін-бірі толықтыратын бейнесі қазіргі заманның жарасы ушыққан тұсын ескертеді.

Автор оқырман жүрегіне жол тапқан, іс-әрекет, логика кейіпкерінің адамдық келбетін, тегін, характерін саралауы ұтымды. Б. Кәрібозұлының: «Әдебиет өміріне жаңа енген кез-келген көркем туынды, қандай жанрға жататына қарамастан, жанрлық дәстүрден алшақ кете қоймағанымен, олардың жанрлық дәстүрге көркемдік, мазмұндық түр-тұрғысынан өзіндік ерекшелікпен келетінін де мойындамасқа болмайды»,- деуінде қазақ көркем әңгімесі әрбір жазушысымен, әрбір жаңалығымен дара болатынын байыптаттырады. Жазушы осы әңгімесінде сатира әдісінің жаңаша қалпын байқатқан.

«Көркемдік уақыт – әдеби шығармадағы уақыттың суреттелуі, зейінге алыну, қабылдануының өзгеше сипат- ерекшелігін түсіну үшін көркемдік уақыт деген ұғым қолданылады. Ол түсінік уақытқа байланысты»,- деген қисын «Тасбақаның тақырында» келісті бейнеленген.

Асқар Алтайдың «Тасбақаның тақыры» әңгімесі Ж. Молдағалиев көтерген ауыл тағдыры мәселесінің жалғастығын, заманның қайта құру деп аталған кезін табиғатты келісті көркемдеу арқылы сөз еткен: «Ет жүрегіңді ерітіп, сусыраған өзегіңнің өртін басып, жанарыңды жасқа тығылтар саумал сулы Салқын көл алыстағы арықтай боп ағып жатқан дарияның көктемде телегей-теңіз таситын тамырынан нәр ала алмай, жат ананың теперішіне түскен жетім сәбидің қасіретті көз жасындай тез сарқылып, ақ кебектене сортаңданып тартылғалы-тасбақа төлі тұрақ тепкен мекен тасбақаның тақырына айналды. Өтпелі уақытта қазақ ауылы кешкен түрлі ауыртпалықтардың бейнеленуі жазушыда табиғатты суреттеудің көркем теңеулерінің көмегімен ашылған: «Ұлы Құмның аш қасқырша шиыршық ата ұлып, ұршықтай үйіріліп көшкен ұры құмы көл суы құрғағалы жан-жағынан әбжыландай жалмап, қос бүйіріне қыса қуырып, тақыр таңдайын тарылтып келеді». Жазушының бейнелеген құмы қиыншылыққа ұшыраған кейіпкердей жанталасады.

А. Алтайда кейіпкер жанын қинаған қамау ойдың бейнеленуі, сезімнің көрінісі «құм толқынына» ұқсатылған: «Құм уысына іліккен тоқымдай жер тебінгідей күйге түскен. Құлан жортпас құм ішін паналаған миллиондаған тасбақа атаулы таздың басындай тақырға жалынып, тәңіріне сыйынар!.. Қайдағы-жайдағы ойлар қамап алған. Адам ойы да бірін-бірі бастырмалата қуған қатпар-қатпар құм толқыны іспеттес». Осындағы тартыс – рухсыздықтан сақтандыруға арналған.

Қараңыз: «Құм жұтқан өлке қозғалыста. Дөңкиген дөңестер сынапша сырғып, беткейлер беті сұр жыландай сумаңдап, құла тасқын құм көшуі күшіне енген. Ұланғайыр құмның жүзі күңгірт. Ымырт». А. Алтайдың «шөл қысқан» табиғатының көркемдік астарлы сөз бейнелілігінің айтары мол.

Құмды даланың ең болмаса тіршілік етер тасбақасы бар, ал шопанға қайран қылар көмек жоқ: «Тамыз бойы тамшы тамбаған құм іші өртеніп, қиыршық біткен күйіп тұр. Жылан қабығын қақтар аптап машина терезесінен жүз қариды». Жазушы бұл жерде М. Байғұттың «Өлімнен қашқан респонденті» секілді адамдардың бір-біріне қарайласуға да шамасы болмай кеткенін ишаралаған. Әңгіме тартысы – «Алтау араз болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» ұлағатына құрылған.

Жазушының суреттеген: «Қараң-құраң ергенек, дүзгін, сексеуіл өскен түз қанын ішіне тарта сұлық жатыр. Бедірейген безбүйрек өлкені кезіп келе жатқан жеңіл машинаның алған беті алыс қыстақ»,- деп суреттелетін тұс әңгіменің шиеленісін байқатады және өлшеусіз таршылық қысқан ел адамдарын астарлай алған. Ал, әңгіме шешімі шөлдеген тағы жануарлардың (киіктің) адамға көмек күтіп келуін баяндаудан көрінеді: « – Кеше құдық басына олар тағы келді. Қап-қара жәудіреген көздерін көргенімде Гүлсім елестеп кетті... Су берейін десем, бензін аз. Кейінгі жылдары Гүлсім су құйып жаман үйреткен, менен де су сұрап телміріп тұрғандары. Моторды от алдыруға дәтім бармады, ертең сусыз өлеміз ғой. Совхоздағылар бізді ұмытқалы қашан? Қырылып қалсаң да бәрібір. Оттың ортасында қалдым ...».

Аталған әңгіменің аясында қазақ халқының кезеңді тарихы ғана көрініс бермейді, сонымен қатар шыдамдылықтың, қиындықта кездесетін адами мінез-құлықтың айнасы ашылады. Балаларын анасыз қалса да жеткізем, жетілдірем деп күнкөріс жасауға ұмтылған Әке мен құлқынның құлына айналған пысықай «күнкөріс иесі» қатар беріледі. Әңгіменің көркем уыттылығы соңғы дәрменмен жанталасқан кейіпкер ой-тізгініне жинақталып өрілген.

Алдыңғы қатарлы қазақ әңгімелерінің әлемдік әдеби үрдістің жалғастыққа (контексіне) енуі тек қана шығарманың тәуір айқындаулар, теңеулерімен немесе «жақсы» деп шектелумен бағаланбайтыны анық. Жақсы қаламгердің тамаша туындысы бейнелі ойлаудың тек-тамырын дұрыс анықтағаннан соң дүниеге келері хақ.

«Психологизм – көркем шығармадағы өмір шындығының басты бір кепілі – психология да, соны жеткізу амал-тәсілдерінің жиынтығы немесе мұраттық-көркемдік шығармашылық феномен психологизм».

Кез келген мәдениет құбылысы секілді психологизм де белгілі бір тарихи кезеңде қалыптасып, ұзақ даму жолынан өтті. Ш. Әдібаеваның диссертациялық еңбегінде Ежелгі Грек елінде психологизмнің бастамасы, XVΙΙΙ-XIX ғасырларда ғылыми- сыншылық бағыты Т. Блэкуэлл, И. Гердер, Ф. Шеллинг, Р. Вагнер, Ф. Ницщеде, XX ғасырда мифологиялық сын дамып Дж. Фрейзер, К. Юнг, З. Фрейд, Э. Кассирер, Л. Леви-Брюль, К. Леви-Стросс, Р. Барттарда ізденіс болғаны атап айтылған. Психологиялық бейнелеу құралдары көптеген көркемдік тәсілдермен байытылып, ішкі өмірдің заңдылықтарын тереңнен танып, меңгерді. Сөйтіп, өзінің көркемділік құндылығын, маңызын арттырады.

Әдебиет теориясынан білуімізше: «Психологиялық талдау – психологизм ұғымының екінші сыңары. Бірақ айырмашылық та бар. Психологизм әдебиеттің теңдік белгісі, ойлау типінде жатса, психологиялық талдау саналы әрекет, мақсат иесіне, яғни авторға меңзейді. Психологизм – істің нәтижесі, объективті құрылыс та, психологиялық талдау істің бастауы, барысы, шығармашылық процесс. Әдетте психологиялық талдау авторлық суреттеу, ішкі монолог, кескіндеу, табиғатты сипаттау, диалог тәрізді баяндау жүйесіндегі көркемдік амал әрі компоненттер арқылы жүзеге асады».

Ауыз әдебиеті ғасырлар бойы адамзат баласын тамаша адамгершілік қасиеттерімен тәрбиелеуге қызмет етіп келген. Осы көне әдебиетіміздегі психологиялық талдау (ғашықтық сезім, батыр кейіпкерлердің күйініш-сүйініші, толғанысы, ел-жұртының көңіл-күйлері т. б.) баяндаушының көзқарасы, әңгімесі ретінде баяндалса, прозадағы психологизмнің, яғни ішкі дүниені бейнелеу тәсілдері мен түрлері, авторлық психологиялық баяндау, психологиялық деталь, психологиялық пейзаж көркемдік ойлау жүйеміздегі жетістіктер. Жазушыларымыздың жеке қаламгерлік, суреткерлік шеберлігіне қарай түрленіп, күрделеніп отыруы заңды. Бұл тақырып жөнінде қазақ жазушылары да, орыс классиктері өз үлестерін қосты.

Психологиялық талдау өнері бір мың тоғыз жүз алпысыншы-жетпісінші жылдардан бастап зерттеліне бастаған. Орыс зерттеушілері Л. Я. Гинзбург, В. А. Зайцев, А. Нинов, Ц. Вольпе, А. Лосев, С. Аверинцев т. б., ал қазақ әдебиеттану ғылымында Ш. Елеукенов, Т. Сыдықов, З. Бисенғали, Б. Майтанов, Г. Пірәлиева, Б. Жетпісбаева сынды тағы басқа ғалымдардың және В. Савельеваның, Е. Лулудованың еңбектерінен байқалады.

Т. Сыдықов: «Психологиялық талдау адам жанының тұңғиығына батыл барлау жасауға мүмкіндік береді»,- десе, оның сөз етілуі, сол өнердің қазіргі қазақ әңгімелерінде терең тамыр тартқанына куәлік етеді.

Әлем әдебиетінде он сегізінші ғасырда Лоренс Стерннің «Тристам Шенди, джентельменнің өмірі мен пікірлері» романынан басталған проза жанрындағы психологиялық талдау өнері қазақ әдебиетінде Ж. Аймауытовтың «Ақбілегімен», М. Әуезов әңгімелерімен, орта буын жазушыларының бірегейі Ғ. Мүсіреповпен танылды.

Ғ. Мүсірепов «Сөз жоқ, соның іздері» әңгімесінде бір әйелдің тағдырын берумен зұлмат жылдарды әшкерелеген, сонымен қатар жазықсыз жазаланған әріптес ақын-жазушыларға арнаған шығармасы: «Қазір Жантастың өзі де жоқ. Алтай поэмасы да жоқ. Ана бір жылдары екеуі бірге тұтқындалып кетті. Жантас «барса келместен» қайта алмай, біржола жоғалды да, еңбектері енді ғана басылғалы жатыр». Осы жолдар ақталуды күтіп жатырған мұралардың жариялануына мұрындық болды. Бұл – жазушының психологиялық талдау өнерін паш еткен әңгімесі.

Аналар бейнесін сомдаған Ғ. Мүсіреповтің Нәзікені ана, жар, адал адам, дос ретінде өз ерекшелігімен көрінуімен құнды. Кейіпкердің ішкі дүниесінің тазалығы мына тұстан көрінеді: «…Нәзікен үлкен бір ақ теректі айналып, алыстаңқырап өтті. Мен бәрі бір көрдім: екі мас ақ терекке иықтарын сүйеп қойып, қарама-қарсы шүмектеткен екен».

Нәзікен – «Гаитанинін» із кесе іздеп жүріп те намысын жоғалтпауға тырысқан, үміт оты жетелеген азамат әйел бейнесі. Трагедиялық сәт (күйеуінің «жау» деп ұсталып кетуі) жағдайынан кейін кейіпкердің психологиялық күйі балалары үшін жақсыға сендіру үмітіне ауысқанын байқай бастайсыз: «Нәзікен өтірік айта үйге кірді: – Жангөбек-ай, тап бір қар жауған күні қонаққа шақырып, үсті-басымызды қарашы, малмаңдай болғанын,- деді».

Нәзікен бейнесі мына талпынысымен-ақ жаңа бейне болуға тұрарлық: «…адал жан етіп өсірермін деген қызын алдау қасіреті, сендіре алмау қасіреті». Кейіпкердің жан дүниесі өтірікке қас, сондықтан шындық нәрсені жасыру ол үшін «қасірет». Әңгімеде көркемделген жайт кейіпкер тағдырының мағынасыз өмір тәртібін мәнді етуге себеп болған оқиға төңірегінде құрылған. Ғабит Мүсірепов мұны былайша бейнелеп берген: «Теректің түбіндегі іздер суға қарық болыпты да, одан әрі қарай ақ қар жамылған асфальтқа тым баттиып түсіпті». Мұндағы асфальттағы із – жаңа заман. Жаңаның өткенді жақсы-жаманымен қоса қопаруы.

Нәзікен, Жангөбек, Айдарбек, Сәулеш көңіл-күйлерін құбылту арқылы кейіпкерлердің жүйелі дамып, тұтас тұлға құрау үдесінен шыққаны әңгіменің шешіміне әкеп соққан. Ол шешім – сан жылдар батылы жетпей қойған Нәзікеннің сатқын жолдас, беделсіз күйеуден кетуі: «Сәулештің әкесі еді, жүзім төмен ғой»,- деген ойдан арылып, кесім жасауы. Әңгіменің сюжет байланыстары қаншалықты қарапайым болса, шарықтау шегі де соншалықты қалыпты: «Мен тез орнымнан тұрып шығып кеттім. Ешқайсысымен қоштасқаным да жоқ. Нәзікеннің жалғыз қалғанын екінші рет көргендей болып кеттім». Алайда Нәзікенді психологиялық сергелдеңнен алып шығар толықтырушы екі кейіпкер бар. Ол Айдарбек пен Жангөбек. Қараңыз: (Айдарбектің мастық сөзі) «Ойнама. Мен сені ит жеккенге тағы бір жіберіп алуға шамам келеді. Түсінесің ғой?»- жауапсыз сөйлесуі (Жангөбектің үндемеуі) Нәзікеннің жан ашуын тырнап алғандай баяндалған. Қарапайым әрі күрделі. В. Шукшиннің «әрбір нағыз жазушы, әрине психолог, бірақ өзі науқас»,- деуінде үлкен мән жатыр. Ғ. Мүсірепов әрбір кейіпкерінің «сыздауығы» мен «ем-домын» жатық тілмен, ойлы суреттеумен дүниеге әкелген. Нәзікен үшін Айдарбекті үйіне жеткізуге көмектескен Жангөбек «ит жеккенге тағы бір айдату» туралы сөз болғанда шыдамының шарт кеткенін байқатса, Сәулеш үшін аяушылықты сезіммен бас құрап отырған Нәзікенге Жангөбектің «қайтпастай кетуі», «қан исі бар, азап үні бар үйден» біржола кетуге белді бекем байлауына ілік болады. Дәлеліміз, Ш. Елеукенов пікірі: «Психологиялық талдау –бұл нақтылы жағдайдағы жан дүниенің суреттемесі ғана емес, ең бастысы – оның түп-төркінін зерделеу, туындау себебін және ықпалдық жағдайлар арқылы қандай да болмасын сезім мен ойды дамыту».

Жазушылар кейіпкер психологиясын бейнелеуде көркемдік тәсілдерді байыта қолданып, ішкі өмірдің заңдылықтарын тереңнен танып білуге, рухани құндылығын, көңіл-күйін, оның себеп-салдарын жан-жақты талдап зерттеуге талпыныс жасайды.

Себебі, көркем шығарма арқылы кез келген адам сан мыңдаған кейіпкердің шаттығы мен қуанышын, сан қилы өмір белестеріне көз жеткізіп, кейіпкерді психологиялық тұрғыдан бейнелеудің негізінде анық талдау жасай алады. Сондықтан жазушы кейіпкердің ой әлемін, көңіл-күйін, мінез-құлқын барлық жағынан жеке тұлға ретінде даралай отырып, кейіпкер мінезінің ерекшелік сыр-сипатын көркемдік тұрғыдан ашуға ұмтылады. Яғни шығарма бойында кейіпкердің көңіл-күйі, жан дүниесіне үңілу арқылы терең бойлап шығармаға арқау етіп алады.

Кейіпкердің психологиясын бейнелеуде Ә. Кекілбаевтің «Аш бөрі» әңгімесінен ұтымды көріністерді кездеседі.

Соқтықпалы да соқпақты өмір кешкен жолаушы, әрі күйші Құрманғазы. Сібірге айдалудан туған жеріне, кіндік тамған туған еліне оралу сәтіндегі мұңлы күйі және елде жүргендегі болған оқиғалары (елестері), атап айтсақ, көк бөрі қуып, туған елдегі жолдастары, естен кетпес сағынышы, елестері психологиялық тәсілмен баяндалған.

Әңгіме өзегінде Құрманғазының елде жүргендегі көк бөрі қуудағы елесі, елес сюжетіндегі жолдастары, кейіпкер көңілімен үндес аш бөрі баян етілген. Ә. Кекілбаев әңгіменің қиюында Құрманғазыға айтқызып:

«Аш бөрі, жүрген жерім қанды майдан,

Шыққан жоқ атқан аңым терең сайдан.

Қазақта талай қатын ұл туғанмен,

Дәл мендей ұл табатын қатын қайдан»,- деп үйлесім жасап психологиялық талдау (кейіпкер толғанысы) қолдануы тақырып пен мұратын анықтатады.

Әңгімеде жазушы кейіпкер психологиясын бейнелеуде кейіпкердің өзімен-өзін, өткен өмірін ғана емес, табиғаттың оғаш құбылыстарын қарама-қарсылықта кіріктіре қалаған. В. Г. Белинскийдің: «Әдебиеттің айрықша мінезіне тән құбылысқа қарама-қарсылықтың жарқ етуі»,- деген пікірі әңгімемен ұштастырылса, психологиялық тұрпат пен табиғат ұтымдылығынан әңгіме табысы танылады: «Сібірдің тымырсық аязы жарық жалғанның бар дыбысын жұтып жібергендей. Елеңдетер бірдеңесі болсайшы. Қарқ-қарқ еткен қарғасы да жоқ. Ағаш барақтың қабырғаларындағы шұрқ тесік саңылаулар да сарнамайды. Жел жоқ. Шәңкілдеген жандармдар таңның атысы, күннің батысы ауыз жаппайды. Бірақ, мұндағы жұрттың оған да еті өліп болған».

Жазушының кейіпкерді жан-жақты бейнелеуінде қара домбыра ұлттық өрнегі сәтті суреттелген. Кейіпкердің қара домбыра тарту үстіндегі көріністерін, құдайы қонақ болған үй-ішінің күйшіге деген ілтипатты көзқарастарын бейнелеу тұсы да көп жайды бекітеді: «Таң атқаннан тізгін ұстап, ісініп алған саусақтары икемге әлі келмей жатыр. Үй-іші енді домбыраға қарапты. Мұртты қара шалқалап жатқан жерінен, құс жастығын шынтақтап қырын аударылып түсті. Бәйбіше дастарқан жинала бере, қолына қоңыр топатайын алып, шәйнекте қалған жылы судан құйып, тұз салып, нан илеуге оңтайланып еді ...шай құйған келіншек алдына түскен жаулығының ұшын кейін серіпкен болып, аласы мол нұрлы жанарымен күйшінің жүзін бір шарпып өтті»,- жазушының күй құдіретін, күйші құдіретін білдіргісі келген көркем ойларын жинақтаған.

Л. Гинзбургтің: «психологиялық прозаның басы күтпеген маңыздылықтан басталады, кенеттен болатын болмыспен тоқталып қалмайды ... белгісіздік пен күткен жағдай арасындағы арпалыс – өнердің басты шарттарының бірі – әдеби кейіпкердің ішкі дүниесіндегі арпалыс. Ортаның күткеніндей өндірушілік әлеуметтік орны анықтайды»,- деген пікірі негізінен әңгіменің көркемдік қуатын екшелесек: «Осында келген соң жасап алған қарағай домбырасы бұрышта тұр. Қолына көп алмайды. Бірақ оған қараса, сыбыс-сыбдыры жоқ мына өлі дүние серпіліп, көкірегіне үн қозғайды, көмескі тартқан көп елестер қайта тіріледі». Кейіпкердің «етіне көк тырнағын шанши салған елестері» ішкі сезімі мен өлі аяздың өзіне жан бітірген. Яғни, жазушы дерексіз заттың жандану тәсілін қолданған.

Кейіпкердің ішкі сағыныш күйі, елестерінің өзі табиғат құбылыстарымен қанаттасады. Автор кейіпкердің еркіндікте өскен, бостандықта ғана қанатын қаға алатын қырандай мінез табиғатын тап басып, шынайы табиғат еркіндігі, тамаша тыныш әуездерімен қатар бейнелей берген: «Осындай табиғат суреті мен кейіпкердің жол үстіндегі туған жаймақоңыр әуез түсті. Ұзын-ұзын салалы перне бойынан қармалап жүріп, ақыры тапты. Әншейіндегідей қыжыртып қаққан жоқ. Үн балқып шықты. Баппен басталған бала әуез баппен өрлеп келеді. Ұйықтай қоймаған тентек немереге кәрі әже айтатын көй-гөйдей жаныңды жайбарақаттыққа шақыратын қоңыр әуез. Құлағыңды құнықтырып, көкірегіңді күмбірлетіп барады. Аспан ашық, маңайын құлпырып гүл-гүл жайнаған әсем күнде алыс жолға шыққандайсың. Төңірегіңнен тек рахат көріп, тек ләззат табасың».

Жазушы кейіпкердің жабығыңқы көңіл-күйіне көретін түсін де серіктес еткен. Г. Пірәлиева: «Бертін келе психологизмнің «техникалық жағы» жан-жақты дами бастады. Мәселен, ішкі әлемді бейнелеу тәсілдері мен түрлері, авторлық психологиялық баяндау, психологиялық деталь, түс көру тәсілдері оны жору-жоралғыларының көптеген композициялық түрлері, психологиялық пейзаж, кейіпкердің сезімдік көңіл-күйін табиғатпен теңестіре суреттеу қолданыла бастады»,- деген болса, Ә. Кекілбаев әңгімесіндегі сипаты: «Анада осындай бір кештен кейін түс көріпті. Өзінің үйінің көлеңке беті. Анасы айран құйып беріп отыр. Айран ашытқан қос құлақты емен күбі шелектің өңез иісі шығады. Қасына Қази келіпті. Маңдайындағы жалбыраған кішкене кекілін тұмсығына апарып еді. Ыңғай жалаңбас жүретін баланың басы күн иістеніп күңсіп кетіпті. «Құлыным-ай»,- деп бауырына қыспақ боп, ұмтылып еді, үстіне жамылып жатқан қара тоны сусып түсті. Тұла бойы оқыс шімірігіп, көзін ашты. Түсіп кеткен тонын ап, қайта жамылды. Қара тонның сауыс-сауыс жағасынан күңірсік тер иісі шығады екен.

Содан соң көкірегіне сағыныш ұйып, ылғи мең-зең күйде жүреді». Автор жолаушы кейіпкерінің ой-қиял тұманына сағынышты түс мұңын қосақтау арқылы Құрманғазы тағдырының ащылығын қоюлата түскен.

Әңгіменің енді бір тұсында күйшінің өзі елтіген, шым-шым сіңіп, шымырлата тараған тәтті әуез бейнеленеді. Жазушы кейіпкер табиғатына сай әсерлі әуездің өзін кейіпкерге өрімдей әсерлі суреттеген. Әуез бен күй күйшіге айналып, бірігіп кеткендей өнерлілік сырын байқаттырады: «Өне бойыңа шым-шым сіңіп, шымырлата тараған тәтті әуез өне бойына сіңдіргендігімен қоса, тамшылап таусылып, сылқ құлаған қара домбыраның» өзінен кейіпкердің жан дүниелілік құбылысын аңдатады. Осыны Л. Гинзбургше түйіндесек: «... кейіпкердің әдеті – іс-әрекетті жүзеге асыруында, сюжет желісінің кез-келген қатысымында, болған оқиғаға араласуына және тіпті кез-келген жан күйзелісінің ауысуынан жинақталады».

Күйшінің түскен үйіндегі адамдардың көңіл-күйі, тыныс-тіршілігі болашақ кейіпкер армандаған тыныштық жағдайымен қабат өрлеген. Әңгіме мұраты да осыдан байқалады. Кейіпкердің басындағы бір түрлі көңілсіздігін тура қарым-қатынасты үй-іші көрінісі сейілткен, тыныш тіршілік: «Нән ошаққа нығыздана жайғасқан тай қазаннан бір әдемі бу ұшады. Сол иіс, таңатқалы жаққан оттың табы жайылып, үй-іші бір түрлі көңілді көрінеді. Күбірсіген тыныш тірліктің иіс лебі»,- психологиялық баяндау тәсілі, кейіпкердің күткен жан тілегі.

Яғни, Л. Гинзбургтің: «Тұлға бірнеше «бөлекше адамға» жіктелінеді (Юнгтің терминологиясы бойынша), және қиял тереңіндегі құмарлық сыртқы әлеуметтендірілген дербестенуге әкеледі де өз кезегінде тұлғаның ішкі әлемінен бөлектенеді»,- деген пікірі бойынша кейіпкердің ішкі сезімі белгілі өзіндік терең ойлы сезімге толы болуын көрсетеді. Қанша кейіпкер болса, ол кейіпкерлер жеке өзіндік ішкі сезіммен ерекшеленеді. Сол сияқты әңгіменің: «Өне бойына шым-шым сіңіп, шымырлата тараған тәтті әуез сорғалап келіп, ақыры там-тұмдап тамшылап таусылды»,- делінген тұсы жоғарыдағы Л. Гинзбургтің пікірінше «бөлшектенген» кейіпкердің «ішкі сезіміне сіңген әуездің» психологиялық бейнелеу тұрғысын айқын көрсетіп тұр.

Әңгіме бойында жазушы кейіпкерді бірде жолаушы, бірде күйші адам бейнесінде береді. Әр жерде ойы мен ішкі сезімін, жан сезімінен туған ойларын, жолаушылап барған үй ішінің алдында күй орындау қимылы барысының психологиялық сәтінен күйші бейнесі толықтырылған:

«– Жаңағы күйдің аты не?- деген ақ шалдың сауалына:

– Алатау,- деп асыға жауап берді, домбырасының құлағын қайта бұрап жатып».

Күйшінің құбылмалы көңілі мен күннің батуында бір тұтастықтың бар екендігін байқауға болады: «Күйші көзі боталап көкжиекке қарап еді, даланы қан-жоса қып батып бара жатқан күнді көрді».

«Психологиялық талдау өзіндік мақсат емес, адамның рухани өмірінің бар қиындығын суреттеу құралы»,- деп Ш. Елеукеновтің айтқанындай Ә. Кекілбаевтің әңгімелерінде кейіпкерді психологиялық тұрғыдан бейнелеу адам руханиятымен негізделген.

Ә. Кекілбаевтің психологиялық талдау тәсілдерін өрнектеген әңгімесі, әсіресе кейіпкердің ішкі жан дүниесімен ақтарыла берілген сезімдері мен табиғи құбылыстарды жандандырулары арқылы берілген.

Сол сияқты Қ. Жүсіптің: «...табиғатты бейнелеудегі ізденістерін сараптасақ, шеберліктің сан қырлы өрнектерін кездестіреміз. Соның бірі – табиғатқа орталық қаһарманның, көзімен қарау үлгілері»,- деген пікірін ескерсек, Ә. Кекілбаевтің Құрманғазысы табиғатты «өз көзімен меншіктеген».

Әдебиетте, әңгіме жанрында өнер адамдары туралы түрлі сипатты туындылар баршылық. Алайда, Ә. Кекілбаевтің Құрманғазысы ұлттық өрнекте, сонымен қатар кейіпкер көңілі мен табиғатты егіз еткен психологиялық бейне ретінде қалыптастырған өзіндік суреткерлік ізденістің нәтижесі.

Сыншы Сағат Әшімбаевтің Ә. Кекілбаевқа кезінде: «...Оның объектісінде яғни тақырыптық шеңберінде қиын-қыстау, қысылшаң шақ, кірпіктерде қан қатқан алапат соғыс уақытындағы шалғай шеттегі қарапайым өмір шындықтары, адамдар арасындағы достық қарым-қатынас, бауырмалдық жарқын қасиеттер сөз болады...»,- деп берілген пікірі жас прозашыға берілген байыпты баға болатын.

Тағы бір бағалауды атай кетсек, 1967 жылы жазылған Асқар Сүлейменовтің «Әбіштің қоңыр даласы» мақаласы. Мақала ұсынылғанмен, сол кезде басылмаған. Алғаш 1999 жылы жарияланып, көпшілік енді таныс болуда. Онда: «...Айтып отырғаным пластмассадай өлі, жалтырақ сөйлемдердің ара-арасына қан жылап қыстырылып жүретін мақал-мәтелдерден қол көтерген байырғылық – суреткер көкірекке ана сүтімен дарыған байырғылық. ... Байырғылықтан ада жазушы, жасанды тіркестер арқылы қолтаңба иеленгенмен, ұлттық сөз ұлттық өнердің – сес пен қазынаның – арнасында эсперанто жылғашық, шұбарлық боп ұғылмақ. Байырғылықтан ада жазушының ең жұтынған деген шығармасының өзі саусақтан туған күй сияқты»,- делінген. Кекілбаев әңгімелері адамдар есімімен, өмір кешкен жер атауларымен қазақ емес – өмір түйсігімен қазақ екендігін, Кекілбаевтің байырғылыққа – кәсіби өнердің күре тамырына – ынтықтығы деп айтылған Сүлейменов пікірі маңызын ешқашан жоғалтқан емес. Кекілбаев «сөйлеміне арналы өзеннің табан ағыны іспеттес қосымша мән, тыныс тастайды». Әп дегеннен оқушыға күрделі көрінетіні осыдан болса керек, Кекілбайұлының ойлы кейіпкерлерінің ішкі сенімі, оқушысын ойландырып барып ұқтыруы – шығармашылық ұраны болғанын білу, Сүлейменов пікірін өз мәнінде толық қуаттау.

«...Сөздің ғана емес, сөзбен салынған суреттің астын аударып, астарын түсіне білу керек. «Абай» оқушысын сонда ғана қызықтыра алады»,- деп М. О. Әуезовтің өз шығармасына берген пікірі секілді Кекілбаевтің әңгімелерінің астарлы терең қабаттарына бойлай білу керек. Мұнымен қатар Ә. Кекілбаевтің әңгімелерін көңіл беріп, ұйып, сеніп оқу үшін инфантилизмнен (ересек адамнан байқалатын психикалық балалық қиял) саналы түрде арылу керек. Ә. Кекілбаев қазақ халқының кемелденген, үлгілі, жоғары сапалы ауыз әдебиетімен, аға буын жазушылар үлгісін өнеге ала отырып, дара стилі психологиялық талдау тәсілдерін меңгерумен айрықшаланды. Пікірімізді шығармаларын талдай көз жеткізсек, дәлелді болар.

«Жүнді барақ» әңгімесі бұрын еш жерде жарияланбаған, қолжазбада жазылған уақыты 1963 жыл деп көрсетілген (жазушының 1999 жылы «Өлке» баспасынан басылған он екі томдық шығармалар жинағының бірінші томында алғаш рет жарияланған). Өмірінің соңы трагедияға айналуы жұмбаққа тән, кейіпкер Ажардың өзге түгілі өзі түсініп болмас тағдырмен бетпе-бет жалғыз қалғандағы кімге, нақты айтсақ, неге (жүнді барақ аюға) сүйеніп тіршілік етуі баяндалады.

Соғыс уақыты. Майдандағы Текестен қара қағаз келіп, хат тасушы Сабыр ақсақалдың: «...Ажар десе ажар. Екі беті қызыл алмадай албырайды да тұрады. Көзі тостағандай. Көргеннің көзінің жауын алып жайраңдап жүрер еді. Бейбақ боп қалғанын әлі білмейді... Үйреншікті әдетіне басып, жүрексіне тіл қатып: «Қайнаға, біздің үйдің кісінен хат жоқ па екен?»- десе, бұл не демекші ...»,- деп келетін тұсымен әңгіменің шырқау шегі: «...Кәрім екеш Кәрім де бұған жуымайды. Қобыраған шашы, қара мүйізденіп жарылып-жарылып кеткен үсті-басы – бәрі де жұртты шошытатын болса керек...»,- суреткерлік көзқарасын тұспалдап, психологиялық тұрғыда жеткізудің психологиялық портреттеу тәсілін қалаған.

Адам бейнесін жасаудағы таптаурын белгіліліктен (каноннан) гөрі кейіпкердің мінез-құлқын айшықтаудың, Ажар жұмбағын диалектикалық қайшылығымен жеткізудің жаңа тәсілін, психологиялық әңгіменің жаңа пішінін тудырған. «Жүнді барақ» әңгімесінің ерекшелігі – адам құбылысының нәзіктігін, тіршілігін сипаттаудың жаңа түрі деп қарауға болатындығы.

Жазушы психологиялық талдаудың мына түрін: тұрмыстық жағдаяттың драмалық сипатта болуына қалам күшін төккен, аяқталуы керек ой жиі ықшамдалып отырылған. «Жүнді барақ» әңгімесінің сюжеттік реттілігі бір-біріне жігі білінбей жымдасқан тұтастық. Суреттелген жәйттің бәрі қисынды, қажетті детальдар жиынтығы, авторлық шегіністері әсерлі. Аталып айтса, әңгімедегі батар күннің «таяқ жеген қатынның көзіндей талаурауын» Сабырдың «жүрегінің дір ете қалу» көзқарасымен қабылдаймыз. Қаралы хабар хабаршысындай «аспан әлем тапырықтанып кеткенге» дейінгі «кішкене қыстақты шошытатындай естіген сұмдықтары» (Күншенің түсі, аюлардың Ахметшені тас лақтырып мерт қылуы, оның себебі Ахметше сауыншыны қобыраған маймақ аяқтан арашалап қалуы, аюдың сиыршы Ахметшеге өшігуі...) әңгіменің ең керекті философиялық нюанстарынан құралған. Әңгіме оқылып біткенде еріксіз сұрақ қойылады: аю не үшін әйелдерді «қолтығынан сүйрелеп» әкеткен және Ажардың жаз шыққанша апанда қалайша тірі қалуы десек, екіншісі оқыс оқиғадан кейін қайтып оралған «тас мүсін» Ажардың он жасар қызы Бәтестің өлімі, өзінен шошына қашқан ұлы Кәрімнің, күйеуі Текестің хабарсыздығы тебірентпегенде... аюдың атып әкелінген жүнді барақ терісі ... «әнеу күнгі аюдың терісін құшақтай құлауына» әкеліп соғуы неліктен деп ойлану ...

Бұдан туындар түйін – жекелеген Ажар бейнесі арқылы тұрмыстық хал-ахуалды әлеуметтік жағдаятпен жалғастықта, психологиялық бірлікте суреттеу тәсілі ойлантуға мәжбүр еткенін, екі сұраққа сан жауап, тағдыр-талайы өксікке толған Ажардың айналасын зерттесек (отбасы, көршісі, туысы, аңшы Аманқұл) таныла бастайды. Жазушының түпкі мұраты – фашизмді айыптау. Дәлелдей түссек, ашық түрде фашизм сөз етілмесе де, соғыста төгілген қан арқылы емес, жан-дүниедегі салқындық, адамның адамға мейірі болмауын тірек ете «бейжайлылықтан», рухсыздықтан арылтуға мазмұн құрып, мұрат тұтқан. Яғни, осы «бейжайлылық» ұлғая келе эгоизм, одан әрі фашизмге бір-ақ қадам қалдырады.

Бұған қоса, Жазушылық көріпкелдік түйсігімен болашаққа бойлағанында кереметке кез боламыз. Ол – жалғыздық. Елден жырақтау емес, кемеліне келіп оңашалану. Абай, Шәкәрім, М. Әуезов, ...О. Бөкейлерден анық көрінген осы құбылыс Кекілбаевтің кейіпкерлерінен, әсіресе осы Ажардан танылды. Сондықтан талдау бір жақты түсінікпен тоқталынбайды. Қазіргі психологияның жетістіктерінің бірін осындай кейіпкерлер толық ашады, яғни кемеліне келген адам бәріне қанағатпен қарайды. Сырт көзге Жалғызсырау секілді білінеді. Себебі, әдебиеттануда: «Трагедиялық жағдай – қоғамдық өмірде шиелініскен қайшылыққа толы, кейіпкердің арасындағы ешбір ымыраға келмейтін қарама-қарсылықты, бітпес күрес-тартыс, қақтығыстар. ...жеке адамдардың талас-тартысы әлеуметтік өмірдің қайшылықтарымен тамырлас келіп, дәуірдің, заманның сиқын танытады»,- деп түсіндіріледі. Жазушының көркем ойында сол уақыттағы және үміт етіп күткен замана бейнесі Ажар арқылы аталған пікір негізінде түйінделеді.

Осының бәрін ескерсек, А. П. Чеховтың «Каштанкасы», Д. Лондонның «Ақ азуы» әр түрлі адам тағдырын аң арқылы елестетсе, М. Әуезовтің «Көксерегі» секілді Тәуелсіздік, Еркіндік, Бірлік тұғырын көтерген «Жүнді барақ» әңгімесі де кемелденген, үлгілі көркем шығармаға лайық. Негізінде, А. Кемелбаева пікірі орнықты айтылған: «Әдебиетте аң бейнесін сомдау барлық жазушылардың асыл арманы, бірақ оны ұғыну оңай емес, аң бейнесін ашу тіптен қиын, хайуанаттар әлемінің өз философиясы мен таным-зердесі өткізбейтін асу тәрізді. Дүниежүзілік әдебиетте осы асудан өткен жазушылар нағыз суреткерлер». Ендеше, қазақ ұзақ әңгімесі «Көксеректің» мәртебесіндей қазақ әдебиетін ғана емес, сонымен қатар әлем әдебиетін көркейтуде кем түспейтін тағы бір әңгіме туған.

Жазушы үрей, қорқыныш күйін қараңғы апан, ызғырған жел сипатында емес суықтық түрінде: «...Сол бір жапырақ қағаз жүрек тұсын қаралай мұздатып келе жатқанда құдайдың күні одан сайын қу шұнақтанып қоя берді...»,- психологиялық табиғатпен көркемделген Әбіш Кекілбаев стилінде психологиялық тәсілдері ішкі сөйлетулер мен кескін-келбеттік мінездемеде қоса өріліп отырады.

Ажардың психологиялық кескіндемесінде тұрпат, кескінмен қатар, көзқарас айрықша міндет атқарады:«...Егер бас артық киіміңіз болса, лақтырып жіберіңізші. Шығуға ұялып тұрмын,- деді біреу үңгірдің түбінен». Ал, өзімен-өзі арпалысқан, қиналған жан сезімін сыртқы көріністе берілген: «...Оң жақ босағада жападан жалғыз отырады да қояды. Баяғы абысын-ажынның ешбірі маңына жоламайды. Осы отырғаны отырған. Мынау төрт қабырға мен кең әлемнің бір жапырақ үзігін ғана көзіне тосқан сығырайма терезе. Содан басқа қаймықпай көз салары да жоқ»,- құр баяндау мәнінде (терезе Ажар мен кейіпкерлердің арасын ашқан) тұрмағандығын киім сұрауы мен жынданды деп қол-аяғын байлап апанға тастағанда: «...Бүйткенше өлтірсеңдерші, жұртым-ау»,- деп аңырауы, Ажардың түйсіктен біржола адаспағандығына нұсқайды. Меңіреу қылған – елдің «немқұрайдылығы». Тіпті: «Ажар жынданып кетіпті, Кәрімді қылғындырып жатқан жерінен Жаңыл кемпір үстінен шығып, әзер айырып алыпты»,- деген хабар дүңк-дүңк етеді»,- деудің алдында қаһарманның қайғысының зорайған тұсын суреттейді: «...Ажар орнынан көтеріле беріп еді, бала бақырып сыртқа қашты. Бұл қуып жетіп ұстай алды. Кәрім тулап бұлқынып жүр. Кенет Ажар пәлен уақыттан бері ұмыт болған ашуға мініп, Кәрімді жақтан шапалақпен тартып-тартып қалды. Сол арада үйге Жаңыл кемпір кіріп келді». Ажардың «қылғындырмағанын» психологиялық баяндауды қолдана айдан-анық білдіртеді. Кейіпкерінің ашулануының себебі, ананың баласымен екеуара сөйлесу оқиғасына байланысты. Кекілбаев сол сюжетті ұтымды құрып түсінікті ету арқылы Ажардың «түсініксіз» психологиясын талдап көрсетуге сәтті қадам жасаған.

Ажардың психологиялық кескін-келбеті толық ашылу үшін аңшы Аманқұлды ұмытпаған жөн. Аманқұл: «...Бір кездегі албырап тұратын жүзі үсік шалған алмадай бүрісіп қалған мүскінге мүсіркей қарады. Ешкіммен ісі жоқ енжар жанарынан күдерін үзіп, бірте-бірте тіпті маңайына баруды да қойған» Сабыр ақсақалдай «сен тимесең, мен тимен» емес. Жазушының сөйлемін сөйлетсек психологиялық күйінішті байқайсыз: «...Аманқұл аңнан болдыртып қайтты. Екі көзі қызарып, бет-алды күлгін тартып, қабағы салбырап кетіпті...» Бұл – Ажар өлімімен кездескеннен кейінгі аңшы бейнесі. Әңгіме нүктесін қою үшін ойлануға мәжбүр боласың, түсінгің келеді: аю атып әкелгенге де мәз-мейрам болған жұрт, Ажардың алғашқы тірі қалғанына неге соншалықты шынайы қуанбады?.. Адамнан емес аңнан жақсылық, қайырымдылық (тірі қалуы) сезінді ме екен Ажар ...әлде жыртқыштық тек аңның ғана тән белгісі болмас «жыртқыш бейнесіндегі» адам жүнді барақ «фашизм» дегенді ұғынуға түрткі ме?

Бұған қоса, аю бейнесін славяндық тотем десек, жазушының ой түкпірінен орыс отаршылдығынан босап, әйелдер санасын түзейтін (Желтоқсаншы қыздарымыз...) күш бар деген үнін қабылдаймыз. Ажар өзі өліп жатса да халқын аман алып қалатын аналар ерлігінің (кезінде жариялануға ұсынылмауы осыған саяды) жалғасты, бірақ жұмбақты түрі. Мұны аюдың тек әйелдерді ғана алып кете берулерінен негіз етіп дәйектеуге болады. Ұлт ұйтқысы – аналарға, зиялыларға жасалған көш шабуылының бір түрі осылай жүріп жатыр деген Ә. Кекілбаевтің күрескерлік қаруы.

Бейне шешімі оңай шағылатын жаңғақтай болса, жазушы мұраты шешілмес те еді. Жалпы әдебиеттегі аю бейнесі туралы мынадай пікір бар: «Жазушы дүниетанымы мен қиялына ең алдымен табиғи түрде әсер еткен М. Әуезовтің шығармашылық тұғырнамасын айқындауда мол үлес атқарған қазақ фольклорындағы инсанияттық (нравственность, М. Әуезовтің сөзі) ой жүйесі екені аңғарылады. Жазушы ғылыми зерттеулерінде көне ертегілердегі діни, мифтік, тотемдік негіздің күштілігіне мән береді. «Ақ қасқыр», «күйеу қасқыр», «Сырттандар» туралы ауызекі әңгімелердің түпкі танымдық сипатына тоқталады. «Сондай ескі Иран елінде арыстанды кие тұту, ескі Индияда жайын, бұқаны қастерлеу, Алтай-Сібір елдерінің кейбірінде аюды қастерлеу дағдысы туған»,- дейді Б. Майтанов. Сонымен қатар кейінгі әдебиетте аю мен әйел тағдырын оқиға желісінің тірегі еткен жазушы Асқар Алтайдың туындысы бар. Онда: «... Бірақ хайуанды беймәлім бір жай өзіне сиқырлай тартып, тұра жөнелуге тежеп қалған. Ол – әйел затының тұттай жалаңаш тәні-тін.

Айқоңырды құдіретті күш ұстап қалды да, біртіндеп өз ырқына бағындырып та алды. Алғашқы сәттегі аппақ адам денесіне деген таңырқау, қызықтау сезімінен соң тәнін иіткен, жұлын-жүйесін қыздырып, ағзасын қоздырған әлде бір аңсау сезімге бой алдыртқан. ...Тіпті, кеше қыз бұлақ басынан аттанысымен, соңынан иіс ала бұл да жөнеген»,- деп келетін «аюша» ойлау жазушы қолданатын шығармашылық тәсілдің шексіздігін байқатады. Әдебиет қисынында бұл былай түсіндіріледі: «Көркем шығармада сөзбен сомдалған кез келген құбылысты (көбінесе әдеби қаһарман бейнесін) бейне деп атайды».

Ш. Мұртаза – соғыс тақырыбын көтерген жазушылардың бірі. Ш. Мұртаза шын жазушылық қабілетімен дүниенің тылсым дірілін бүкіл табиғатымен қабылдайтын әңгімеші. Әңгімелерінде қуанышты көзімен көріп, жан күйзелісін көкірегімен сезетінін байқатқан. Жазушы-әңгімеші ретінде қиналған адам бейнесінің мұқалмас қайрат-қажырын, рухани жылуын аңғарта алған. Жазушының жауапкершілігі – қашан да жаны жаралыларға сүйеніш-рухы болу парызын ақтаған. 1970 жылы жазылған «Тілсіз қоңырау» әңгімесі де соғыс зардабының таусылмас қиянатынан хабардар етеді.

Жеңіске 25 жыл ...Жалғызын соғыста жоғалтқан Медеу қарт пен кемпірі. «Кебенек киген келеді» үміті сөнуге айналғанда аталас немересі Серік «үміт болмыстан да өміршең» ақиқатын «жылауықтығымен-ақ» нанымды суреттеген. Себебі, талай тұяқсыз қалған қарттар бауырлап бала асырап, шаңырақ кеңейткені шындық құбылыс болатын. Әңгімедегі психологиялық баяндау: «... Медеу қарт ала арқанмен теңді тарта буғанда, Шынаркүл: – Ақырын-ей, байғұс-ай, арқанды үзесің бе»,- деп берілуінен қарт атаның сәбиден үміт күткен, болашағына қайрат жинаған, «тілсіз қоңырау» жылы жүрек дүрсіліне құлақ тігеміз. Автор өзіндік мінез қалыптастыруға мүмкіндік беретін кейіпкердің психологиялық құбылыстарын әсерлі бейнелеген.

Аян Нысаналин: «...Ш. Мұртазаның «Ақсай мен Көксай» атты адам жанын толқынысқа түсіретін әңгімесі бар. ...Автор қаһарманының рухани биіктеуін, есеюін қадағалайды, кереметтің және даңқтың басталуына итермелейді, адам жанының тұңғиығынан және табиғаттың табиғилығынан жарқын бастаулардың мүмкіндігін іздейді… Бұл әңгімеде, Ш. Мұртазаның басқа да шығармалары секілді, авторлық қатысулар тән …Содан келіп нанымдылық, баяндау, өмірде болатын жағдайлардың шынайылығы, және мінез-құлқы қалыптасқан кейіпкерлердің айшығы көрінеді… Басқа көркем кітапта жазылса да «Ақсай мен Көксай» әңгімесінде «Интернат наны» және «1941 жылғы келіншек» белгілері байқалады. Солай бола тұра автор тіліндегі қобалжулар маңыздырақ және мазмұндырақ бола бастаған»,- пікірін «Ақсай мен Көксай» (1973) әңгімесінің:«...Бұ сағыныш дегенде дауа болсашы. Өлген аруақтар да жақындарын сағынып жатады екен ғой»,- делінетін эпизодтық көрініс сезімдік сәт суретін психологиялық талдау арқылы құрылымдық мақсатта қолданып, Барысханның бауырларына сағынышына қайталай оралып отыруына ұласқан.

Әңгіме құнын жоғалтпасы белгілі, себебі, өмірдің өзі тудырған шығарма. А. М. Горькийдің А. Е. Добровольскийге айтқанындай: «...ойлап табудан гөрі, өмір оқиғаларға бай және анағұрлым қайғылы».

Әдебиеттің негізгі міндеті – көркемдік тәрбие, өмірді көркем шындыққа шақтап шығармашылық ету. Жазушы Ш. Мұртаза соғыс жылдарындағы өмір шындығының сыртқы бейнесіне емес, өмір сүрушінің (адамның) ішкі әлеміне (Барысхан, Арзы, Сусар, Нұралы) үңілген. Шәрбан бейнесінің психологиялық талдауын А. Нысаналин пікірі дәлелдей түспек: «...өткір жаңашылдықтың сезілуі, өмір құбылыстарын үздіксіз зерттеу, адамның тұлғалануына тереңдеу – қазақ романистикасы басынан өткеріп жатқан жаңару белгісі. Ш. Мұртазаның шығармаларын қайта оқығанда осыған тағы да көз жетеді».

Н. М. Шанский: «Жаңа әдебиет көнені көлеңкелейді, уақыт өткен сайын артқа қарау керек. Алдыңғыларды ұмытпағанда ғана, біз өз ерекшелігімізді сақтай аламыз»,- деп өз пікірін білдірген. Қазақ әдебиетінде аға буын жазушылардың ізін баса, өзіндік мәнерін, қазақ әңгімесінде лиризм мен психологизм табиғатын толық көрсете алған жазушы – Т. Жармағамбетов. 1964 жылы «Отамалы» атты әңгімесі дүниеге келген, сонда қазақ халқының тарихи даму кезеңдерін бейнелеу тәсілінде ежелгі аңыз-әңгімелерді өрімдей, өз заманының көкейтесті мәселелерін қозғай алатындай етіп көркемдей жазған. Ә. Кекілбаевта, О. Бөкейде айрықша орын алған, осы жазушылардың суреткерлік шеберліктерін пайымдау-талдаулардың бір арнасы прозадағы лиризм мен психологизмнің көрінуі болса, «Отамалыны» да сыршыл, толғанысы мол тамаша туынды деп қабылдау дұрыс. Көркем әңгіме поэтикасына байланысты М. Әуезов: «Прозаиктердің поэзияға мүлде қатынасы жоқ па екен? Сол прозаның өзінде тегі, поэзия аз ба екен? Сіздер іздейтін сан сезімдер поэзиясы, бейнелі образды сөздер, ырғақты, шешен де шебер сөз құрамдары, теңеулер, өрнектер аз ба прозада? Еміренген сезім мен тебіренген сырлар ретінде: табиғат, махаббат, тағы талай арман-дат прозада болмай ма екен?» - деген. Жазушы Т. Жармағамбетовтің «Отамалысының» осындай «арман-даты» кейіпкерін, оның «еміренген сезім мен тебіренген сырлар ретінде» көріне алу, көрсете алу ізденісінде байқалады. Бір сәттілігі әңгіме дер уақытында «Отамалы» кітабының алғысөзінде оң бағасын алып, аталып өткен: «…Халық қасіреті – халық өнерінің әуені, аңыз сарыны жалаң қайталанып қана қойған жоқ, бүкіл бір дәуірдің бетпақ жүзін бір аударып тастаған адамгершілік атынан ауыр үкім оқыған телегей-теңіз сырға айналып кетті. …Бүкіл шығарма тұнып тұрған ой, образ».

Жазушы Т. Жармағамбетов Отамалы қойшының 50 жастағы тіршілігін өз пенделік іс-әрекеті, мінез-құлқы қалыптасқан қалпында, яғни кейіпкер мінез-құлқының даму психологиясын табиғи дамытқан. «Психологиялық талдау – адам жан дүниесіндегі барынша шынайы қасиеттерді терең ашып, көрсету құралы»,- деп Б. Майтанов түйіндегендей Жармағамбетов шағын проза жанрының лаконизм сипатын, авторлық мұратын, тақырыптың ашылу мақсатын осы арнаға, тәсілге әкеліп тоғыстырған. Әңгімеде кейіпкер келбеті Жапан бай мен әйеліне, қыздарына ғана анық берілсе: «Төрде қара мұртты біреу зереңге мұртын малып шұбат ішіп отыр. Отамалыны көргенмен, көңіл аударған жоқ, жамбастап жатып сораптап жұта берді.

Әлгі адам сусынын ішіп болғанша, Отамалы тыныш отырды»,- бұл Отамалының өте сабырлы жан екендігін дәлелдейтін штрих. Жазушы қимыл, ішкі ой арқылы, яғни кейіпкер психологиясын бейнелеу астарында имани, таза жан, өмірдің ыстық-суығына шыныққан, бес күндік боранды да жеңуге рухы жеткен қайратты кісі бейнесін көз алдыңа еріксіз елестеттіреді. Бақыласаңыз, кейіпкердің жас мөлшері де кескін-кейпі де арнайы суреттелмей-ақ өз-өзінен әрбір жеке детальдар, психологиялық сәттер арқылы Отамалы кейпін, тұрпатын құрауға көп көмекші болады. Айтпағымыз, жазушы тұрпат арқылы жан-дүниесін ашу тәсілінен гөрі, жан-дүниесін байқата келбеттендіруге ұмтылған.

Қимыл – кейіпкер мінездемесі. Отамалы қойшыда көбіне бас шайқау, күбірлеу, іштен ойлану, ішкі сөйлетуден басталып, ширыққан тұсы үндемес қойшының боранды күнгі жан айқайымен дамытылады. Бір қарағанда жуас секілді көрінген кейіпкеріміз, бірте-бірте тым сабырлы екендігін дәлелдейді. Жазушының ұтқан тұсы, елеусіздеу етіп, әңгіме желісінде осы көнбістіктің де себебін аша кетеді: «…Қаншама ауылдармен қатар отырып, қаншама қасына сүрме жаққан, қолына сыңғыр білезік таққан қыздармен кездескенімен, Отамалы малы жоқ болғандықтан үндемеді. Сөйтіп жүріп елудің үстіне шығып та кетті»- десе, әрі жалғыздығын ғана емес, «сұлулардың көз құрты» болғандығын, яғни бозбала кезіндегі тартымдылығын, «қыз жақтаған» дейтіндей ой тастайды. Бұдан кейіпкер тұрпаты жанама түрде толыға түскен. Жазушы Т. Жармағамбетов кейіпкері мен тақырыбы аттас әңгімесінде Отамалыны жалғыз еді дей тұра, «жақындарын» да байыптаттырады: «…Ол кең даланың етене баласы еді. Ол қайғырғанда қарлығаштар маңайлап ұшып жұбатқандай болатын. Ол жадырағанда күн де күліп, нұрын шашатын. Төбелері, өзендер, қырқа-сайлар, жусан, қияқ, дала гүлі – мұның әкесі де, шешесі де, сүйген жары да еді»,- деген деталь, әсіресе ол деп қайта-қайта айқындау айтпақ ойды көркем жеткізіп тұр.

Жазушының «ол» деген сөзді көбірек қолдануын: «Ошаққа басын беріп ол ойланып отыр. Қиыншылық кездерінде ылғи осылай отыратын»,- табиғатпен «етене жандай» түсінісуі де, яғни баласы «әке-шешесін» түсінгеніндей, аялағанындай етілуі ұтымды тәсіл ретінде қабылданды: «Күн шапыраштанып, қып-қызыл болып батып бара жатыр екен. Көзін қысыңқырай оған біраз қарады. Ішінен бірдемелерді айтып күбірледі. Басын шайқады… Ол басын тағы шайқады».

Қимыл – автор тәсілінде табиғатпен сөйлесу құралы, кейде ішкі сөйлесіммен жалғасып кетеді: «Күн айтып еді ғой»,- автор мұнымен қатар табиғатты да қимылда көрсетеді: «Жұлдыздардың бәрі самсап тұр. Бірақ Отамалыға тұрыстары ұнамайды. Шеттерінен қалшылдап, дірілдеп, бір аяғымен секеңдеп тұрған сияқты»,- бұнымен қатар табиғат арқылы Отамалының өзі туралы не ойлайтынын тұспалдату тәсілі де сәтті қиюласқан: «Жұлдыздарға да қиын-ау, жап-жалаңаш,- деп ойлады Отамалы бір мезет…– бірақ олар көп қой».

Кейіпкерді жарлылығы мен жалғыздығы толғандырады, әрі автор Отамалы жалғыздығы басқадан гөрі өзін қатты ойландыратынын түйсінтеді. Отамалы бейнесінен «қолы қысқа, қысқа жіп күрмеуге келмейтін», тегінде ойлы, ақылды отбасы иесін байқағандаймыз. Жазушы Отамалыға тән жақсы қасиеттердің төгілуін иті, саулықтарымен қарым-қатынасынан сездірте, соларға арналған мейірімнен кейіпкердің шын болмысын айқындата, таныта түскен. Қажырлылығын қасқырмен шайқаста бөліп алып айрықшаламай-ақ қиюластыра түскен, байқаңыз: «…Отты көздер боранды жарып, жанынан зулап өте берген мезгілде ол салмақты таяқты бір-ақ сілтеді. Дала шырағы төңкеріліп түсті. Отамалы жалма-жан беліндегі пышағын суырып алып, кеуде тұсынан бір бойлатып жіберді де, оның көзіне қарап еді, оты сөніп үлгірген екен»,- автор баяндауындағы «дала шырағы» (қасқыр), «оты сөну» (қасқырдың өлуі) секілді өте келісімді суреттелсе, «бір бойлатып жіберу» кейіпкер күшін, батылдығын, не нәрсені де салқынқанды қабылдайтын қажыр иесі екенін бекіте түседі. Осы қасиеті оны табиғат қолайсыздығын біле тұра, Жапан байдың парықсыздығына көніп қойларын түнгі өріске әкету әрекетін ақтап алғандай екен.

Кейіпкер – аңыз сюжетінде жасалынғандықтан болар, көбіне екінші, үшінші жақта сөйлеседі және көркемдік қырын әрлей түскен, яғни Отамалы жалғыздығы кейіпкер диалогы арқылы ашыла түскен. Ертегілік сипат (аңыз бойынша құрылғаны) диалогта сақталынған:

«– Отамалыға қалың тон керек.

– Отамалыға көктем беріледі.

– Отамалыға тамақ керек.

– Отамалыға жылы түн берілді…

– Отамалыға жақсы ат керек.

– Отамалыға екі аяқ, бір таяқ берілді»

Сол тәрізді: «– Отамалы түнде қойларды өріске шығармайды. Отамалы қойларды күндіз жаяды,- деді

– Отамалыға мың жұлдыз берілді…».

Міне, өзін қандай тауқымет күткенін күнілгері болжаған кейіпкеріміз: «– Ошақ, сау бол,- деді. Сосын белін қаттырақ тартып буды да, далаға шықты»,- делінетін деталь байқатқандай қажырлылық бірте-бірте дамытылған.

Жазушы ізденісінің тағы бір қыры – суреттеу тәсілдерінен анық көрінеді. Т. Жармағамбетовте табиғатқа, оның ішінде желге жан бітіріп ерекшелентеді: «Жел шекпеннің етегін көтеріп, бөз көйлекті дүрілдетіп, Отамалының бүйірінен өтіп кетті», «Жел күшін жинағандай ыңырана бастады», «Артта кейбір жерлерде қарайып қалып жатқан құмалақтарды жел әуелі бытыратып алады да, кейін қармен көмеді», «Жел енді қара тілдерін жалақтатып, Отамалының тізесін, бетін, шекпенін, етігінің қонышын жалап келеді. Қазір өзі би, өзі құдай. Сонысына масаттанғандай кейде сықылықтап күледі. Сосын ашу шақырып, барпылдап ала жөнеледі. Енді бірде қаһарлана қорқытқысы келгендей әр түрлі үнге салады…

Бәрін жасап, бәрін игеріп, бағындырып тұр. Тек күші келмейтін бір заты – қараңғылық». Жалпы «жіңішке жыландай улы тісін» батырып жүрген Жел, кейіпкердің кемелденген (еуропалық, тургеневтік, әуезовтік тәсіл) үлгілерінен кем соқпайды. Кейіптеу кейіпкер тудырған деуімізге болады, себебі әңгіме композиясында бірегей суреттелетіні де «көкек айы қаңтарға айналуының» басты айыпкері де – жел.

Жазушы Т. Жармағамбетов «Отамалыда» кейіпкерінің көңіл-күйіндегі нүктелерді тап басу үшін оған сезім мен күрескерлік сыпатын анықтататын дәйек пен жағдаятты психологиялық талдаудың синтетикалық тәсілін қолданған. Сондықтан бұл әңгіме халық ауыз әдебиеті, әсіресе аңыздық проза үлгілерін пайдаланған шағын жанрдың өзгеше бір, дәстүрі бар туындысы. Әңгіме түйіні – Жапан секілділерге сабақ. Шыңғыс Айтматовтың көркем ойында мынадай жолдар бар болатын: «Адамдар мынаны білуі тиіс, ақырзаман дегеніміз өзіміздің жамандықты үзбей жинауымыз, біздің әрекетіміз бен ойымыз, және адамдардың генетикалық таңбалануына (код) сіңуі, бұл дағдарысты жақындатады. Және күркіреп жай түскенде бәрі де кеш болады…». Бұл туынды – әлемді тек Отамалылар сақтайды, жан тазалығының жаршысы ретінде ізгілікті ұмытпауды ескертеді, имани қалыпқа бағытталуымен құнды. Қазақ әңгіме жанрында Т. Ахтановтың 1959 жылы жазылған «Алыстан жеткен сарын» әңгіме көркемдігінде адам психологиясындағы өзімшілдік психологиясы тек жалқыға емес жалпыға зияны тиетіні келтірілгенін тағылымдай салыстырсақ, «Отамалыдағы» тақырыптың ашылу дәйектемесі Т. Жармағамбетовте Жапан өзімшілдігінен сабақталады.

Жазушы Т. Жармағамбетов «Уақыт» әңгімесінде қуаныш, сағыныш, қайғы деген ұғымдарды түсіндіруде кейіпкер өміріндегі ең ұмытылмас сәт бөлшегі әңгіме құрылымына ұйтқы болып тұр. Жалпы жазушыда көркем оймен суреттеген тұстардан «дүние салды» деген сөзді тура айтпай Ыбраштың психологиялық халімен берілгенін дәлелдеуге болады: «Таңертеңгі күн сүйген жар басы мен ар жағындағы кең жазыққа-итсигектер мен теріскендер, бүркіттер мен қаңбақтар дүниесіне кетті. Арқасын, шекесін күн күйдіріп, аяғын ұсақ тастар тілгілегеніне қарамастан, даланы кезіп жүріп, бойындағы бар шерін тарқатып ұзақ жылады... іңір түсе іздеген аттылар қарақұс сияқты қалқиып отырған жерінен тауып алып, ауылға ... аудандағы балалар үйіне жөнелтті... Дәрігер болды...».

Әңгіме жанрының кейіпкері жазушы қиялында қалай туындайды? Жазушы қиялының алмас қамалы болмайды. Соның бірі – көңіл-күйді тереңнен тану. Қазақ әңгімелерінің кейіпкерлерінің бір сәтпен барлығын қамти алатын сырының бірі осында.

Б. Нұржекеұлының өнер туралы, өнер адамдары туралы жазылған әңгімелерінің қатарын ертеректе жазған «Авторсыз сұлулық» (1965), «Күй толғақ» (1966), «Жастық жыл құсы емес» (1969) атты әңгімелерімен толықтыруға болады. Мұнда жазушы ақын, суретші, күйші бойындағы шабытты шақтарды, сол сияқты өнерді қастерлеу қасиеті жайында сөз еткен.

«Авторсыз сұлулық» әңгімесі көлемі шап-шағын болғанына қарамай, танымы мол дүние. Кейіпкерлері – студент жастар: Мәдіғали, баяндаушы, Төкен, Әбен. Әңгіменің бар оқиғасы: «алақандай ашықхаттың сыртында соншалық сиқыр тұр дегенге... сене қоймас» бірінші жақтан баяндаушы кейіпкердің сенбек түгілі «өнер тұтқынына» айналуы әдемі тізбектелген. Қарапайым ғана сюжет, қарапайым кейіпкерлер автор өрнегіне түскенде түрленіп ажарланады. Нұржекеұлы кейіпкер мінез-құлқындағы түзілісті авторлық баяндау арқылы ұтымды түзген. Терең тартыс, кейіпкердің жан-дүниесінде қабат-қабат иірім болмағанымен әдеби кезең үшін өзіне лайық бір мың тоғыз жүз алпыс-жетпісінші жылдардың әлеуметтік тарих бояуын, жастар бейнесін қалдыруымен маңызды.

Мәдіғали – әсершіл, ақкөңіл, бауырмал, жомарт жан. Қараңыз: «Мәдіғалида өң қалмапты. Үрейдің, ұйытқыған қобалжу, ынтық пен күдіктің қым-қиғаш іздері түсіп, бет-жүзі айран-ботқа». Осыншама күйге түсірген не жағдай? Оған жауап: «жарқ еткенде, жанарымды қарып жібергендей ... жабайы қызғалдақ» суреті екеніне сендіреді. Төкен, Әбен әрекеттері осыған жетелейді. Әңгіме табиғи жазылған, тақырып, образ, сюжет жазушы мұратымен тоғыса келіп көркем туындыға айналған. Нұржекеұлында да өнер, өнердегі құдірет, өнерлі адам туралы қозғағанда тақырып әлеуметтік өмірден, ортадан бөлек оқшауланбауы түсінікті. Назарыңызға: «Киоскіге жұрт көш құлаш кезекке тұрыпты... Топтың ішіне тұмсығы батпау... Кезекте тұрғандар көлденеңдегенді көрсе, жабыла жеп қоятын»,- баяндаулары түскенде бірнеше мәселені аңғарасыз. Біріншісі, кеңес кезеңіндегі «дефицит» («қат»), тапшылықтың көрінісі қылаң берсе, екіншісі, рухани өресі биік жастар тұлғасы заман тынысынан хабардар етеді. «...Жоғын тапқандай, жаңағы гүлге жабылса, ... Ер мойнында қыл арқан шірімес, қишы осыныңды»,- деп қызға құр қол қайтпауды ойлаған Төкен көңілін жықпаған Мәдіғали «Адам жасаған нәрсені адамға қимау ұят шығар. Алсаң, ал»,- мәрттігінен автор мұратын тануға ұмтылғанымызда сыйластық, құрметтеу ұғымы танылды. Нақтырақ айтсақ, өнерді сыйлау, өнерпазды құрметтеу, жолдасты қадірлеу, қызды аялау ұлттық болмысымыздағы дәстүр екеніне көңіл аудару. Ендеше, Мәдіғалилар дәстүрлі бейнелер жалғасы, айырмашылығы – CC ғасырдың екінші жартысындағы заман келбеті өрнектелген. Ғарыш заманы жастарының бейнесі.

«Жасалған гүлге жүз таң қалса да, жасаған адам кім екен деп бір есіне алмауы» адам өзімен емес, ісімен даңқты боларына ойтүрткі ниетті қозғаған.

Шешімге келуі шынайы: «Сурет емес, тірі гүл. Тіпті, гүлдің тырс еткен дыбысын естіп қалатындай күдіктенесің. Қан қызыл шоқ сәл сілкісең, көз жастай үзіліп кетпек тәрізді. Еппен ұстап қызғалдақты көзіме жақындаттым. Әлдебір үлбіреген ерін. Еңкейіп келе жатқандай...». Шарықтау шегіндегі жазушының әдемілікті суреттеуге төккен кестелі сөзі, айшықты ойы әңгіменің шырайына айналғандай екен: «шөкімдей бүр, қауызы жоқ, әлі бүтін, жарылмаған ... Гүл бүрі – кәдімгі бұлшық ет, иілген сабақ – аумаған серіппелі сіңір, көбелектің қонған екпінін қайтарып барып қайта атылатындай қасарып қайысады. Қайсар бұтақ қайта серіпкенде, көбелекті де көкке лақтырып, қауызын да жарып жіберетін сияқты.

«...Тұла бойыңды сергектік билеп, жұлқынып, бір ауырды сен де сілкіп, жарқ етіп, жарық дүниені таң еткің келеді. Тұйық жігерің тулап кетеді-ау? Сұмдық титтей сурет таудай күйіңді тасытады». Әңгіме бітімі саз-әуенге толы. Шағын әңгімеге жазушы айтпағы сыйдырылған. Нұржекеұлы кейіпкердің жан сырына әдемілікті қабылдау қуанышын беру тәсіліне бейімделген. Сонысымен де әңгіме кейіпкері құнды. Ел болашағы – жастар, сондықтан студенттердің өмірінен жазылған жайттың техника заманының студенттеріне өнегесі мол. Бүгінгі жастарға 1960 жылдардан бергі кезең шындығын, қазақтың болашақ зиялы қауымының рухани тазалығын көркем паш ете алған. Ағалар мектебінен сыр шертетіндігімен бұл әңгіме қазақ әдебиеті тарихында өз орны бар шығарма.

Аталған әңгіме өнерге табыну мен өнерпазға деген таңданысты өрнектесе, келесі әңгімеде өнерді сүю адамды сүюден басталатыны баяндалады. «Күй толғақ» бір қарағанда балаң махаббат тақырыбы десек те, үңіле түссек махаббаттан өнер құралатыны, махаббат шабытты қуаттандыратыны сарапталады. Біріне-бірі жалғас қос сюжетте «...ұлылық болмас, бірақ ұлы сезімнің уық шаншар толғағы» кестеленген.

Бозбала Манаптың сезім күйіне түсуі, қуанышы өнеріне әсер етеді. Қара домбыра бес жасынан әкеден қалған мұрасы болатын. Алғашқы күйі сүйіспеншіліктен туындады:«Дәл қазір бала жігіттің кеудесінде қат-қабат сезім: елесі көз алдынан кетпей ананы аңсайды; сағыныш, ынта әкеге де ағыл-тегіл. Айналадан шым-шым аулақтап барады». Жазушы Манапты қыз жанында – әзілқой, батыл, тапқыр етіп көрсетсе, қара домбырамен оңаша қалғанда» жан түкпірі күн шуағындай мейірбан. Пішіні де маңғаз. Бас-аяғы белгісіз бір саз жігіт зердесінде сағымдай сәуленеді»,- деп өнер жақсыдан шарапатқа, көңілділікке жетелейтінін бағамдатады. Десек те, жазушы дүниеге келер күй машақатын аңдатқызған: «Бес саусақ жоғары-төмен жеңіл ырғып, тәтті әуезді төгіп-төгіп жіберді де, көп ұзамай қайта кібіртіктеді. Сол сәт Манаптың да қабақ қыртысы қоюланып, ет-бауыры домбыра ішегімен бірге ширатылды. ...Өстіп ол ұзақ қас қарайғанға дейін арпалысты. ...Өзімен-өзі болып күйден өзгеге мүлде керең...». Әдемі, мөлдір, сыпайы махаббат Манап өз кезегінде ықыласты ыстық күмбір күйді тудырды деп сендірсе, Нұржекеұлының «Жастық жыл құсы емес» әңгімесінде махаббат қасіреті де, нақтырақ айтсақ жауапсыз махаббат ақындыққа ой түзеген кейіпкеріміз Қалидың Зияшына арнаған мұң өлеңдеріне куә етеді. Сайып келгенде, өнер сүюден, сүйсінуден ғана жарыққа шығады.

Нұржекеұлында тақырып пен мұрат бірін-бірі айқындай түскен. «Өз жастығына жоқтау айтты» делінетін әңгіме түйініндегі Зияштың өкініші авторда дәлелденген:«…көбі көбік ауыз, көз құрты тойғанша аспандағы айды алып берем дейді,сонан соң ғой сабасына түсіп, жылы сөзге де жарытпайды» деген күйеуінің үйленер алдындағы уәде секілді сыры үмітті ақтамады. Ғазиздің өзі де жылы сөз айтып жарытпауы, қызғаныш кеселі Зияшпен арасын суытуы айналып келгенде жазушыда істің басы сүйіспеншіліктен басталмауына негізделеді:«…ой ойлап әуреленгенше, істің аяқ асты шешілгені» үш күнде сынаудан тез сыйлауға көшіп, той жасағаны түзелмейтін қателік бастауы болғанын баяндайды.

Әңгіме жастар туралы, сезім туралы, өнерлі жігіт адамгершілігі туралы, қала берсе өнер мен сұлулық ел аузында, жұрт назарында үнемі қалыс қалмайтынын түсіндіруге бағытталған:«…Сырт көзге жәбірсіз, елеусіз нәрсе сияқтандырып өсекті нәшімен айтуға әйелдер шебер. Жала деп жабыса кетуге де келмейді, өтірік екенін дәлелдеуге де болмайды, олардың сөзі тұп-тура қара қылды қақ жарған әділеттей». Сюжет арасындағы байланыс нанымдылығы сонша Қасымханның үйіндегі қоштасу кеші Қали мен Зияштың алғашқы да соңғы сөйлесуіне, Ғазиз бен Зияштың қатты шарпысуына да себеп болады.

«Мен оқырманның жазушыдан да мәдениетті, сезімтал болғандығын қалаймын. Өйткені айтудан ұғу қиын»,- деп Нұржекеұлының оқырманына жазған пікірі қазақ әңгімелерінің махаббат тақырыбын байыптауға жетелейді. «Бейтаныс әйелдің құпиясы» деп аталатын 24 әңгімесі жинақталған кітабында 1965 жылдан 2001 жылға дейінгі жазушылық іздері көрінеді. «Сағынғаным-ай» (1966) атты әңгімесінде автор:«…ұққаным – махаббат ұстаз да екен: құмарлы қызығы, сарғайтқан сағынышы, ауыр мұңы адамды әр саққа үйретеді»,- деп баяндайды. Жалпы қазақ әдебиетінде ежелден мойындаған махаббат тақырыбы Аллаға сүйіспеншіліктен тарап, оны шын сүю арқылы арқылы өзіңді де, өзгені де бағалай алатыныңды нақтылайды. Нұржекеұлында Жүсіп Баласағұннан, Абайдан, Әуезовтен, Мүсіреповтен келе жатқан дәстүр өзінше бір өрнегімен келісім тапқан. Дәстүрлілігі – махаббат әлеуметтік мәселелермен қатар қозғалатындығы, өзгешелігі – Нұржекеұлы махаббат тақырыбын үлкен сезімді бейнелей отырып, тарих сабақтарымен өнерлі адамдар тағылымында, өнер құдіретін көрсетумен қатар жаза білуі. Аталған әңгімеде қарапайым ғана кейіпкер Ержан діні мықтылығынан бәрін жеңіп шығады: онда сүйгені Көкеніне деген сезім анасына деген құрметтен басталып, Раяны аялап сыйлау, өзіне-өзі сын көзбен қараумен біріктіріледі. Он бес жасар Ержанды жиырма бестегі Ержан он жылдық өмір тарихымен таразылайды. Кейіпкер болмысы жасанды емес, оның жолдастарының өсегіне құлақ түрері де, кішігірім қызғанышы да бар, бірақ оның бәрін сенім мен сүюге әкеп түйгенде махаббат тазалығы жеңеді. Ержан ғана емес Көкеннің де ыстық ықыласы қарапайым баяндалады «Көкен де, әйтеуір, каникул сайын кітап дегеніңді көшіріп әкеледі, жарты жүгі менің қамым». Б. Жетпісбаева пікіріндегі:«Кіші жанрдың құрылымы шығарманың мазмұндық деңгейіне берілетін басымдылықтан құралады»,- демекші, жазушы кейіпкері жанрлық табиғатында көріне алған.

Соңғы жылдары көне көркем дүниелерді жалпылама зерттеуден гөрі ондағы көркемдік компоненттерге, оның жеке жанрларын жан-жақты талдау жасау күрделі зерттеу жұмыстары қолға алына бастады.

Г. Пірәлиеваның көне әдебиеттегі психологиялық талдау өнері туралы зерттеуі көңілге қонарлық. Онда фольклорлық жанрлардағы оқиғаның құрап тұрған ой иірімдері, салаларға себеп болып тұрған психологиялық үрдістер ізденісі айрықша.

ХХ ғасырдың орта шенінде, нақтырақ айтсақ бір мың тоғыз жүз елу-алпысыншы жылдарда шын мәніндегі психологиялық талдау өнері өмірге келіп, бүгінгі күрделі психологиялық талдау өнерінің көркемдік компоненттері болып табылатын монолог, диалог, психологиялық портрет, пейзаж, психологиялық талдау, түс көру тәсілдері мен оны жору, жансыз табиғат объектісін сөйлету оған сыр ашу, мимика (сыртқы денедегі қимыл қозғалыс, іс-әрекеттегі құбылыстар), жест, (бет жүздегі сезімдік өзгерістер), психологиялық үрдістер әсерінен туындайтын тұла бойдағы ерікті және еріксіз (безсознательность) жүзеге асатын түрлі эмоциялық құбылыстар т. б. көркемдік тәсілдер пайда болды.

Қызықтыратыны – төл әдебиетіміздегі тарихи-генетикалық психологиялық талдау өнерінің, яғни әдеби әдістер әлемінің салыстырылып зерттелуі. Фольклордағы, эпостық жырлардағы қолданылған тәсілдер тек қана этнографиялық таным түсінік қана емес, кейіпкердің бейнесін ашуға айтарлықтай қызмет атқарған түрлік тәсіл деген Г. Пірәлиева пікірі қуатталады.

Г. Белая: «...прозашылар мақсат және адам өмірі туралы пайымдауларында жалпы қазіргі психологиялық прозаның бағдары – адам және оны қоршаған әлемге қарай бағытталады. Психологиялық талдаудың басты пішіні – мінез-құлықтың пайымын зерттеу, әлеуметтік-психологиялық тұсын бейнелеу»,- деген Г. А. Белая пікірі талдауды дәлелдей түспек.

Көркем шығармадан түс көру тәсілі мен оны жору жоралғыларының кейіпкерді таныту тұрғысындағы қызметіне назар салынғанда:

... – Әкем еді Қыдырбай,

Қуарып жүзі солыпты,

Нағыз мұңды болыпты.

Әкем жүр ошақтың қасында,

Жерде жатыр басында.

Түс көрдім жаман осындай,

Ақарудай анамыз

Аяғында шарықты,

Құрым қалпақ басында,

Тия алмай жүр көздің жасын да.

Қайғысы болды-ау осындай

Ақ Құртқадай алғаным,

Болыпты қатты арманым...

Егізім еді Хансұлу,

Ат артына мініпті.

Шұғадан жабылған

Туырлығын қарасам,

Тоқымдыққа тіліпті.

Үйде тұрған қазынаны

Жабыла қалмақ киіпті... - деген жыр қарастырылды.

Мұндағы түс болар оқиғаны болжату тірегі, ал оны кейіпкердің жору сипаты туғандарының қамы мен амандығы бәрінен артық екенін көрсететін деталь. Қобыланды батырдың жүрек сезімталдығын аңғартады. Түс көру тәсілі табиғи, әдеби пішін тұрғысынан да нанымды әрі сюжеттік динамикалық дамуына дәнекер болып, кейіпкердің көңіл-күйін, іс-әрекетін психологиялық тұрғыдан жетілдіріп отыр.

Түс көру тәсілін Оралхан Бөкейдің «Қамшыгер» әңгімесіндегі суреттемелерден, жазушы-әңгімешінің өзіндік өрнегінен байқалуына зер салдық: «Керегеде салбырап ілулі тұрған бұзау тіс он екі өрім қамшының ұшынан сүт ағып тұр...? Сүт тамшысы тұп-тура төрде жатқан көз ұясына құйылады...

Іргесіндегі албырап, таң алдындағы тәтті ұйқы меңдеп, тітіркеніп-ақ жатқан әйеліне осы ғажайып айтпақ боп бұрылайын деп еді, шегелеп тастағандай аунай алмады... Қамшы ұшынан шыққан әлгі сүт әлі де толастамаған. Енді көз шарасынан құлдилап ерінге тамшылай бастады... Не де болса дәмін татып көрейін деп еді, қып-қышқыл қан дәмі таңдайына тақ ете қалды. Адамның қаны ма, малдың қаны ма, айыра алған жоқ. Өне бойы мұздап салды. Селк етіп бір қатты сасқан шошыспен көзін ашқанда, уықты қуалай бетіне тамған суды сезді».

Мұндағы түс көру тәсілі иірімдерге толы. Әңгіме экспозициясы түстің болжамы секілді басталады: «Ай астында: қан жылап жетімсіреген қараша үй қалды: қара жамылған әйелдің мұңдықты басы қалды.

Ай астында: Марғауланып ер мен елдің осыншама еркелігін, осыншама қасіретін мамырстан кеудесін сыйғызып, қазақтың күреңселі даласы жатты». Ал әңгіме шешімінде осы экспозицияға тағы бір философиялық түйін жалғасады. Қараңыз: «...Бірақ осы аңғал-саңғал Алтай тауында өткен уақиғаның бәрі де баяғының садағасы еді...».

Батырлар жырындағы қайсарлық, портреттік, психологиялық детальдар, мимика О. Бөкей әңгімесіндегі батыр бейнесінде былай берілген: «...Атаңның аузын ұрайын. Өзі уақ боп сынған-ау, мыжғыласам күтір-күтір етед,- деп қарқ-қарқ күлетін. Ауырсынып отырғанын қаншама білдірмейін, сездірмейін деп сүйекке қарысса да, жазаң маңдайына шағаланың қанатындай сызат түсіп, тері бұршақ-бұршақ сорғалайтын. Шалдар есіктен шыға бере, ес-түссіз талып қалушы еді-ау».

Көне мұра шығармаларындағы кейіпкерлердің күйініш-сүйініші де «Қамшыгер» әңгімесінде көркемдік-композициялық бірлікте көрінді. Салыстырайық:

Ажалым жетіп осыдан

Өліп кетсем орным жоқ ...

... Қиын екен жалғыздық

Жабығып қатты жыладым ...

Бұл Қамбар батырдың жабыққан бейнесі болса, әңгімедегі Садақбай батыр мұңы былайша суреттеледі: «...Бір төбенің шаңын бір төбеге қосқан нар кескен жылдарын есіне алғаны ма, екі ауылдың арасын қиқулатып, бұлғақсыз асауды құр-құрлатқан жиырма бесім, қайдасың деді ме, тіршіліктің мынау қолындағы қамшының сабындай келте, сабындай жылпылдақтығын әрі ермен шөптегі ащылығын ойлады ма, құйрық-жалсыз жалғыздығын енді ғана сезді ме... Ол ішек-қарны ақтарыла, қатты ... аса қысастықпен еңкілдеп жылап жіберді». Байқасаңыз, осы кейіпкердің жан күйзелісі көп нүктелер арқылы дараланып тұр. Бұдан әрі Садақбай қамшыгердің дүниеден озуын айшықты штрих байқатады:

«Машырықтан сарғайып таң атып келеді...».

Әңгіменің шарықтау шегі Садақбайдың жұдырығында қамшысының білемдеп ұстаған күйінде қатып қалуымен беріледі. Бұдан көп ғасыр бұрын әдеби нұсқада табиғи түрде батырлардың өлім азасын дәл бейнелесе, бүгінгі көркем әңгімедегі өлім азасы ащы шындықпен қоса өрілген: «...Жұмылған жұдырықтың түбіне тақалған тұсынан кесіп, қамшының былайғы жағын алайық деп еді. Қамқа рұқсатын берген жоқ.

– Артында қалған баласы бар ма, қамшы ұстау қатынның ісі емес. Жан досы ғой, бірге әкетсін өзімен,- деді.

– Шариғаттың заңы бұзылып, Садақбайдың қамшысы ақыретке өзімен бірге оралды».

С. Шарабасов Оралхан Бөкейдің «Қамшыгер» әңгімесінде ауыз әдебиеті шығармаға мұраттық салмақ жамап, әңгіменің сюжетінде түс көру және оны жорыту, әдет-ғұрып, мұң-шер, қоштасу, яғни әңгіме құрылымындағы фольклорлық сарынды орынды байқаған.

Көркем әңгімедегі шынайы шындыққа негізделген психологиялық талдау тәсілі адам сыпатын жан-жақты ашып, оның жан дүниесінің қыртыс-қабаттарын толық қамтуды талап етеді.

Грек халқының ұлы философы Аристотель жан мен тәннің бірлігі хақында: «Меніңше жанының барлық құбылысы тәнмен байланысты: наразылық, момындық, үрей, қайғыға ортақтасу, ерлік, қуаныш, махаббат пен жек көру сезімдерін дене де бастан кешіреді»,- деп пайымдайды.

Демек, адамның психологиялық портретінде тұлға-тұрпат, кейіп-кескінмен қатар, іс-әрекет, көзқарас, қимыл-қозғалыс ерекше міндет атқарады. Бір жағынан, ол кейіпкердің бой-тұлғасындағы, бет-ажарындағы, яғни сыртқы келбетіндегі психофизикалық өзгерістерді көрсетсе, екінші жағынан кейіпкердің рухани ішкі жан дүниесінің сыртқы көрінісін нақтылай түседі. Сол себепті, көркем шығармада статистикалық адам тұрпаты жат құбылыс. Қ. Алпысбаев: «...әр көркем шығарма өзінше жеке әлем, әр қаламгер өзіндік ұстамы мен ерекшеленетін қайталанбас тұлға»,- деп ой түйеді.

Оралхан Бөкей «Ардақ» әңгімесінде өз кейіпкерлерінің жеке тұрмыстағы әдет-дағдыларын нақты бейнелейді. Жазушы кейіпкерлері туралы екінші бір жазушы пікір айтқанда шындыққа жақындайтынын пайымдасақ: «...кейіпкерлері жан тазалығымен, өркениеттің тасжүрек есепқой қыспағына көнбеген табиғи жаратылысқа адалдығымен ерекшеленер еді ... адам баласын ең жаман әлсіздігі мен қылығы үшін де ақтап алғысы келеді. Әдетте бұл қасиет үлкен суреткерлерге тән қасиет...»,- А. Кемелбаева деп айтуы Оралхан Бөкейге жазушы көзімен үңілуімізге көмек болды.

Әңгімедегі Ардақ образы әсерлі шыққан: «Уақыт дегенің пенденің уысында тұрған ба, кеше ғана айқайлап жарық дүниені аңсай алқынып жайған, ертеңгі күнге талпынған Ардақ он бестен асып, он алтыға иек артты. Ал он алты жас қыз үшін нағыз көктемнің көріктеп бір құлпыратын шағы іспетті ғой».

Әдеби психологизм кейіпкердің өмір тәртібінің қарама-қайшылығынан басталады дегенді ескергендей әп-әсем Ардақтың бір кемшілігі бар: «Бір үйдің ұлы да, қызы да өзі боп, тым-тым ерке шалықтап өскен Ардақтың тілі де шолжың еді. Қаншама ысылдаса да «р-ға» тілі келмей, әке-шешесінің дымын құртты. Тіпті ата-анасы осы жалғыз қаріпті көп-көп қауіп санап, бойшаң тартып, соқталана өсіп келе жатқан сүп-сүйкімді қыздың бар бақытын жоқ ететіндей шошынатын».

Әңгімеде Ардақ кескіндемесін сана әлеміне тікелей қатысты суреттейді: жан қозғалысының қараңғы қалтарыстарын, жүректің нәзік дірілін, бір тоқтамға келе алмай, өзімен-өзі арпалысып қиналғанын, яғни жан-сезім құбылыстарын сыртқы көріністерімен қоса қабат бейнелеу өте ұтымды. Автор осы тәсілді Ардақты бейнелегенде шебер пайдаланады: «Шалабайдың ұлы Ардақпен тез табысты. Бірін-бірі қуып жасырынбақ ойнаған Ардақ: – «Ыстықтап кеттім, Алмас, суға түсейік»,- деген соң екеуі бірдей тырдай жалаңаш шешініп, көлге шомылды. Көлге шомылып жүріп осынау қаршадай қара ұлдан адамдар әйел-еркек болып екіге бөлінетінін, өзінің – қыз, Алмастың – ұл екенін түсінген... Алмас әкесіне: сақауланып сөйлейтінін, тіпті өзінің қыз екенін білмейтінін айтып қойды».

Бас кейіпкер Ардақ әр түрлі сыртқы жағдайлардың және ішкі толғаныстардың нәтижесінде үнемі өзгеріп, дамып отырады. Қараңыз: «Жігіт үріп ауызға салғандай қыздың аса сұлу бітіміне таңырқай қарап, тамсанып отыр. Әсіресе, жұп-жұмыр аппақ мойны анау бұйра қою қара шашпен қамзол жағасын қосып жатқан алтын мойнақ секілді. «Аққудың көгілдіріндей екен?» - деді ішінен.

Ардақ жастық базардың дәуреніне аттап өтіп, аналықтың қауызына бірден оранды: «Мінсіз ақ бетіне сепкіл қаптап, мұрнының үстіне ноқта пайда болды. Балтыры мен қара саны да жуандап, дамбығып жеткен. Өте көңілсіз, салғырт».

«Неге екенін білмеймін,- деді бір күні шешесіне,– өлгім келеді».

Оралхан жазушы табиғатқа тіл бітіру арқылы әңгіменің түйінін береді: «Сәбидің дүниеге келу мінін өз мойнына алған Марқакөл: «Әкең менмін» деп, тебірене күбірлеп жатыр».

Әңгімеде торы шолақ ат иесімен бірдей көңіл-күй кешеді: «Мал-екеш мал да жалғыздықтан құлазиды екен-ау. Обалың жер қойнына итше ырылдасып кіретін адамдарда шығар...».

Жазушы алда болған оқиғаны болжату мақсатында табиғатты сезім иесі ретінде суреттейді: «Марқакөл Ардақты тұнжырап, томаға-тұйық қарсы алды. Өкпелеп жатыр. Беті қара барқынданып көрінбейді».

Психолог жазушы тағдыр тәлкегіне ұшыраған Ардақтың соққысын жалғыздықта деп ұғынтады: «– Есің барда еліңді тап,- деген араздасып жатқан кемпір. Біздікі әншейін битке өкпелеп, тонымызды отқа салу екен. Кең дүниенің кемшілігі болмай тұрмайды. Басқа тепсе де жұртыңның қасында жүрсең, басың ауырып, балтырың сыздағандай болса, қол ұшын беруге жарады».

Оралхан Бөкей әңгімелерінде психологиялық талдау өнерін толық байқатқан, нағыз психолог жазушы. Б. Ыбырайымов: «Оралхан Бөкеев шығармаларындағы психологиялық шалымды жітілік, болмыспен, жеке адамның байланысы, көкейтесті күрделі мәселелер тереңіне ұмтылу ... атап айта кетерліктей»,- деп атап айтқан.

Зиялылықтың тектік бір белгісі өзіне-өзі немесе ісіне көңілі толмау болып табылады. Өзіне-өзі мақсат қойып қарау арқылы ішкі дүниесін бекітеді. Жазушы О. Бөкейдің шынайы өмірдегі өзін-өзі қамшылауы біртіндеп кейіпкерлерінен көріне бастайды.

«Сөз жоқ, соның іздерінде» көтерілген мәселе Асқар Алтайдың «Дода» әңгімесінде жалғасын тапқан. «Асыра сілтеу» қабатында, әсіресе жүрекке ауыр түскен қалпын бейнелеуді қарастырған: «...Көкке кеме ұшқан көктем еді. Әйтеуір, аядай Ақшиде үлкен жиын болған. ...Ал соның артынша ауылда түйе мен жылқы жинау науқаны басталды емес пе. Науқан кезінде ғой «кәнтөжін» атанғаны». Ғарышты игеріп адам санасының бір саты жоғарылап жатқан кезеңінде де ауыл қашанда халықтың өмір қорегі болатынын ескермеген солақай саясаттың зардабын баяндаған. Жазушы қазақтың жаны малымен бірге мәңгілікке ұштасқанын психологиялық баяндаумен келтіреді.

Қараңыз: «...– Мал құлағы саңырау... Үндемейтін момын – мал ғана қалғаны ғой. Мен мал емеспін. Мені көкпарға салған көксеркедей талай алмайсыңдар»,- деу қашанда жігерді жанына серік еткен қазақ қасиетін көрсетеді...

Желжорғаға жолата қоймаспын. Беретіндерің бере беріңдер, көнетіндерің көне беріңдер... Ей, келімсек сұмпайылар, қашпаңдар! Желжорғамды өлігімді аттап аларсыңдар... Ө-лі-гім-ді ...

Қазір мына көкпарға салып жүргені сол- алпыс бірде қалған Желжорғаның тұқымы»,- деп халықтың 1932 жылы, 1937 жылы бір көрген тауқыметінің ұшқыны тағы қайталанғанын келер ұрпақ «Доданың» көркем мұратынан зерделейді. Кейіпкердің монологы – оның психологиялық жан айқайын құрап тұр.

Жазушы бейнелеуіндегі: «Додадан көкпарды құтқарғандай алып шығуын шықты-ау, бірақ аттың басын қайда бұрмақ?.. Көз алдында – тұңғиық тартқан Ертіс, ту сыртында – талап жердей топ-тобымен андыздаған аттылар. Бос бүйірге бұлт етпес шығып кетпес үшін олар да қос қанатын кең жая алқымдап келеді.

«Алдың су, артың ну...» деген осы-ау деп ойлады ол. Мына додадан бөлініп шығу оңай болмас... Қай жағыңа қайырылсаң да қанталапай. Қандай амал бар?»- деп баяндалу көш басшының зияткерлігі мен қорғанышың берік болсын тілектен туған. Кейіпкердің көп мықты шабандоздың ішінен суырылып шығатыны, сөйте тұра не істерін білмеуі осыны байқатады. Қазақ халқының басынан өткен тарихтың психологиялық табиғатын тап басады.

Сонымен қатар, аман алып шығар амалдардың нағызы – Жазушы өнері және жоғарыда талданған әңгімелердің бәрін түйістіретін «нүкте» деп толықтыруға болады.

А. Алтайдың «Балақ бау» әңгімесінде айтылған жайттың себеп-салдарына үңілтеді:«...Бүгін де Есбол қартты өткен-кеткен өмілдіріктеп алған. Өткенге оралу – өзіңді тану, өзгені тану. Өткеннің бәрі өкініш емес. Кешегің арқылы бүгініңді түсінетінің белгілі». Бұдан авторлық көзқарас та байқалады.

Ғ. Мүсіреповтің «Сөз жоқ, соның іздері» әңгімесіндегі қиыншылық тағдыр тоғысында кездескен екі «достың» бірінің таңдауы қандай болғанын білеміз. Ал, «Балақ баудағы» екі достың достығының сызаты жоқ: «Кеше ғана осы бір самалмен Ербол екеуі бірге тыныстап еді-ау! Бүгін ол – «жау». Ел аман, жұрт тынышта қайдағы жау?! Диверсия... диверсия ұйымдастырғалы жүр. Кіммен? Айдалада мал баққан мұнымен бе? Қырғыздар мен қазақтар ... жо-жо... атама аузың күйгір! Қылған қылмыс, жазған жазығы жоқтығына ақ бас Алатау, қара бас қыраны куәгер». Кейіпкердің іштей таусыла ойланатын тұстары осыны дәлелдейді.

Небір заман өзгерсе де өзгермеген бір жайт келеңсіз құбылыс, жала жабу, өзі ұнатпаған адамына қастық қылу екеніне жазушы ерекше мән берген: «Бар пәле колхоз председателінен келген. Бәріне кінәлі сол! Председатель түлкі терісін сұраған екен. Ербол бермей, екеуі ит жемегенді жесіпті деп, көрші отырған шопан айтып еді. Жел тұрмаса, шөп басы қимылдамайды... Бәрінен де әлгі үшеуінің Ербол жайлы қайдағы-жайдағыны қиыстырып соғатынын қарашы! Жоқтан бар жасап, жауырдан жаба тоқуға шебер-ақ. Қалай да «жау» деген жаланы жабу, тіліңді тістетіп отырып таңу. Әйтпесе бұл екеуінің өмірлері өзектес, тағдырлары тамырлас». Жазушы адамды тереңнен тануға жетелейді. Кейіпкердің сана-сезімі естігендері мен көргендерін сарапқа салып тұр. Бұл да жазушы қолданған психологиялық талдау өнерінің бірі.

Жайшылықта болмашы болып көрінетін нәрселердің бәрі кейбір пиғылы нашар адамдардың қаруы боларына назар аудартады: «Саятшылыққа үйренді. Табиғат бойынан рахат тауып, ләззат алдырған саятшылықты өнер тұтып, қыстың көзі қырауда салбурынды мұрат етті. Ол кезде Ербол басына саяткерлік сақина болар деп кім ойлаған?..».

Жазушы айтар түйін мынадай: «Балақ бауынан бір айырылған құс бағынан айырылған құс. Тегінен айырылып, тұғырынан таяды деуші еді нарынқолдық марқұм ағайыны». Халқын тұғырынан тайдырмайтын өнер туындылары, оның ішінде тез тарайтын әңгімелері барда Қазақ халқы бағынан тая қоймас деп жарқын үмітке жетелейтін, соған ұмтылдыратын сезім оянады.

А. Мұқышеваның «Қазақ әдебиетіндегі тұлпарлар бейнесі. (Өмір шындығы. Кейіпкер тағдыры. Көркемдік мұрат)» атты диссертациялық еңбегінде Ғ. Мүсіреповтің «Бошайдың үш қарасы», «Аттың сыны», Т. Әлімқұловтың «Тұлпардың тағдыры», «Телқоңыр», «Қош бол, Абсент», А. Сүлейменовтің «Адасқақ», С. Бақбергеновтің «Ат жалында», «Көк бие», С. Бегалиннің «Сұрапылда», «Керкиік», Ж. Кәрменовтің «Теңбілкөк», Б. Соқпақбаевтың «Бурыл ат» әңгімелері қарастырылған. Осындай дәстүрді ұстанған А. Алтайдың «Қараштың қарасы» әңгімесі жануарлар әлемі арқылы шынайы өмір күйіне жақындататын жазушылық шеберлік мектебінің лайықты үзеңгілесі деп бағамдалады: «Кезінде қырғыз-қазақтың көкпар тартқан додасына да түсіп, бәйгенің басын бермеген Ұланжал қартайып, қағажу көріп қалам деді ме?..».

А. Алтайдың тұлпарының бір айрықшылығы күні өтіп, қартая бастаған тұсқа сәйкес келеді: «Дүние – жалған... Жанарының алды қараңғы тарта түсті. Өліараның түнінде терлеп келіп су ішкен сүйегі асыл Ұланжал торғай жұтқан жыландай қыл тамағының бөбежік безі бауырсақтай бұлтиып, тынысы тарылған сайын талмаусырап ұзақ тұрды. Ісінген бөбежік тыныс жолын да жапты. Тышқаншақ тиіп, жанары аунаған лақса айғыр қос тізесі бүгіле беріп, жай түскен қарағайдай омырыла құлады. Құлаған бетте төрт аяғын жанталаса сермеді».

Адамша ойлап, адамша әрекет еткен жылқы-кейіпкер еріксіз жіберілген алыс соғыс өткен жолдардан туған жеріне оралып, ең қызықтыратыны жүрген жолдарын өзі танып келу ерлігі болатын. Мына тұста Ұланжалдың өзіне ыстық жерлерге жақындағандағы соңғы күш-қайратын жұмсау әрекеті бейнеленген: «Сол бір сәт кәрі айғырдың аржағында, белгісіз бір тылсым өңірі бозғылт тұман оранды ... онда Қарқара биігінің басын ала Қара ат сұлбасы баяу ғана шауып бара жатты. Қара ат әуеде баяу қалқып барады... Ұланжал да соған қарай ышқына ұмтылды. Қолтығына қанат біткендей, денесінің құрыс-тұрысы жазылып, көкке көтеріле берді... Көк жүзінде жұлдыздар ғана төбеден төнген».

Аталған әңгімеде қазақы таным, қиял, әсем теңеулер орынды келісім тапқан. Автор мұратына жетуге жетелейді. Тағы бір ойдың ұшқыны еріксіз келіп мазалайды: «Қолда бардың қадірі жоқ» деп өкінбес үшін шығармашыл адамдардың жай-күйі Ұланжалға ұқсамауы керек...

А. Алтайдың «Кер азу» әңгімесі – өнер, өнерпаздық туралы сыр шерткен тағы бір көрікті ойдың кемелі. Жазушы құлай берілген ыстық ықылас сезіліп тұрады: «...Қандай күй шертіп отырғаны тек көкірегіндегі күмбірлеген бөлекше саздың ырқымен екенін аңдаған. Құдіретті күйдің сезімді шарпып, жүректі қармаған салқын сазы өткен өмір елесінен хабар беріп, қилы-қилы кезеңнің қобығынан құйын тудырып, қара дауыл соқтырғандай солықтап, аш бөрідей ішін тарта ұлып, кер заман үнін жеткізген.

...Күйге еліткен қария қу шанақтың үнін санамен емес, жүректің нәзік қылымен қабылдап отыр. Өткен дүние елесі санада жаңғырығып, қайта тіріліп, құбылып көрініс табуда...». Бүгінгі күннің бейнетінің қабатында халық басынан өткерген ашаршылық сөзге тиек етіле (Т. Жармағанбетов бейнелеген Ыбраш тағдырында бала көңілі шертілсе...) қарт көңілдің жан-дүниесі кілтін ашады: «...Хадиша шешесін сол отыз екінің жазында жетімдер үйінің сыртында қоштасқаннан кейін қайтіп көрген жоқ. Бейшара ана бір жерде аштан бұралып өлген шығар!.. Жетімдер үйінде де жас балалар топалаң тигендей қырылған. Үмітәлі жасы үлкендігінен ғана тірі қалды. Әйтеуір құдай қақты! Әйтпегенде, бұл да сол аштан өлген балалардай, ат шана үстіне тиеліп жалаңаш күйде Іленің ұйығына тоғытылып, балық жемі болар еді. Қаншама сәби кебінсіз кетті десеңші!.. Есеп жоқ. Күніне екі шана өлік кететін. Әл-қуаты бар үлкен балалардың арасында өзі де талай тиеген. Немістің кірешіндей торкөздеп салып, шананың үстін жас денемен көтеруші еді. Ой, дүние-ай десеңші!.. Соғыста да адам баласы олай қырылғанын Үмітәлі көрген емес». Жазушы кейіпкер көңіл толқынысының шеңберінде ақтаңдақтар жылына оралады, ащы шындық өнер, өнерпаз табиғатымен көмкеріліп сыр жаяды: «Бәрінен де, өзінің «Би күйімен» астындағы атын билеткен Өркен күйшінің домбыра шертісінен мүлде бөлек, тым озық Нарбураның қағысынан көзін ала алмай, перне қуалаған саусақ қимылына зердесі жетпей қиналған еді. Өркеннен де Үмітәлі көп дүние үйрене алмай қалған болатын. Оны да өкімет көп көргендей, 37- жылы ұстап әкеткен.

...– Зердең жақсы екен,- деген Нарбура. – Күйді ақылмен ғана емес, жүрекпен де шерту керек. Бірақ санаңда көкірегіңде күмбірлеген күйдің сәулесі бір сәт үзілмесін. Ақылмен шертілген күй ғана – мәңгілік... Ал, жүректегі бұлқынған сезім қылауы күн сәулесіндей дірілдеп, санаға жетіп жату қажет. Сонда ғана бар дүние ақылмен жаңғырығып, жүрекпен сезімге қозғау салмақ...». Сонымен қатар шын мұраны құрмет тұтқан көкірек көзі ояу азаматтың пейіліне сендіртеді: «Дәулескер күйші болу үшін, күйдің қырындысына дейін қозғап толғау үшін де күй тарихын білу қажет. Күй – тек көңіл толқыны, сезім шарпысы емес, онда тұнып тұрған тағдыр, томырық дүние, қайғылы шер болады. Күйші құдіреті – осы тереңде жатқан ұлы сезімді шайқап, тысқа ақтара білуінде...».

Бауыр етінен жаралған баласынан қапыда айрылған әке қайғысын бейнелеу үстінде А. Алтайдың шеберлігінің көрінетін тұсы мынадай: «Үмітәлі қарттың өз қолымен Алатаудың ақ самырсынынан қалақтай қылып қана ойып берген, көлеңкеге кептіріліп, жосаға шомылып, буына қызара қаныққан қызыл домбыра шешен-ақ болатын. Кет-Бұғаның «Ұлы сарынын» Бейбітжаны айнытпай-ақ ойнаушы еді. Қандай қиын иір-қиыр перне алмасуынан жаңылыспаушы еді... шек қағып, шанақ шертіп, саға қуалаған кенжесі Кет-Бұғаның көпке беймәлім күйін ұзақ уақыт үйренсе де, өзімен бірге бақиға ала кетті.

.... Кер... кер... заман «Кер азу» күйін қабір басында дүниеге келтірген шерлі күйші жас жуған жүзін бұра берді». Ата дәстүрін қастерлеу мен О. Бөкейде бейнеленген Садақбайдың қамшысының қоса көмілуіне ұқсас Бейбітжанның домбырасының бірге серік болсын деп қасына қойылуы символдық белгіні дәстүрге айналдырғандары, қоғамның кертартпалығына қарсылық үндерін тыңдатқан жазушы амалы. Жазушының әңгімелерінде шым-шытырық оқиғаға айнала алатын тартыстар, барынша кейіпкердің сезім, ішкі дүниелік қақтығыстарына айналған. Көркемдік шешімге әуезовтік табиғатты қолдану тәсілімен келсе де өзінше сонылық психологиялық қақтығыста табылады. Кейіпкерінің бүтін тұлғасының (сөзі, қимылы, әрекеті, ойы т. б.) атқарар маңызы көріктеуіш құралдар қызметімен ашылған. Қазақ ауылының бейнесін беретін жаңа қыр ашылған. Домбыраны қоса көмуі үлкен мәнге ие. Өнер тағдыры шешіліп, содан ғана соңғы үміті қиылып тұрған жоқ. Ауылдан шығып «тау қопаратын» түрлі батылдық мен таланттық «Бейбітжандай» орта жолда тоқтамаса, ауыл жастары бұрынғыдай халқының жүрегі болса деген арман жатыр.

Т. Жомартбаевтың «Қыз көрелігіндегі», кейін прозада өрісі кеңейген Ш. Айтматов әдістері, олар қолданған аңыздық сюжет үлгілерінің құрылымы қазақ әңгімелерінде кейінгі буын жазушысы А. Кемелбаеваның шығармашылық лабораториясынан байқалды.

Кейіпкер бейнесін аталған үлгіде көркемдеу А. Кемелбаеваның аңыз әңгімелерінде көрініс тапқан. Соның ішінде «Қоңырқаз» әңгімесінде жазушы адам мен табиғат арасындағы байланыстарды сабақтастыра, олардың адамға қалай әсер еткендігін суреттейді.

Әңгіменің экспозициясы әп дегеннен болашақ істің нышанын байқатқан. Ананың перзент күтуімен байланысты өзгерісі (табиғатқа деген құмарлығы, одан өзі жақсы сезініп, әсер алуы) Қоңырқаздың келешек өміріне әсерін тигізбей қоймайды. Ішкі сезімі: «Көлдерден құмары қанып, құрбанын шалып, рахаттанып оралады. Кейде жеңгесі сөзге сараң Қаршығаның көзі мұнарланып, түлкі алған бүркіттей қамданып, алай-түлей сезімін айтпаса да ұғып, онысын ауық-ауық жұтатын бал қымыздың буынан деп жорамалдап жүрді»,- деп бейнеленеді.

Қоңырқаздың дүниеге келуінің өзі ерекшелеу (жазушы табиғат құстарын алаңдатып мазалағандай етуі): «Қоңырқаз қаңқылдап түндікке үңілгісі келгендей шаңырақты бауырлап ұшып, ұзақ сапарға жөнеп берді. Керуен тартуды түйелі қазаққа үйреткен тырналар алақандай Адам тұрағының төбесінде құрметпен төңкеріліп, тыраулап олар кетті».

Сәбидің дүниеге келуі кезінде, сол жерді тырналардың айналып ұшумен қабаттастыра беру тәсілі психологиялық табиғаттың бір көрінісі және ол ұлттық өрнекпен көмкерілген.

В. Зайцевтің: «Табиғатты жылжымалы қалпында жеткізу көрушінің психологиялық нәзіктігінде, оның тірі диалектикасы қарапайымдылыққа бекітілген және сонымен қатар ғажайыптығы бейне-сөздерге сыйымды»,- делінетін тұжырым Кемелбаева шығармаларының дүниеге келу тәсіл қолданымдарын аңғартады. Бұл жөнінде Б. Әбдешев пікіріне сүйенсек болады: «Психологиялық талдау өнері әр ақын-жазушыда әртүрлі қырымен көрінеді. Өйткені, әдеби психологизм кейіпкердің өмір тәртібінің қарама қайшылығынан басталады». А. Кемелбаева психологиялық талдау өнерін құс-адам әкелуімен көрсеткен.

Жазушы А. Кемелбаеваның «Космос» әңгімесінде: «...Аққудың көгілдірі құсаған, аршыған жұмыртқадай аппақ Елена Троянская анасынан іңгәлап нәресте болып тумаған. Әкесі көрсеқызар Зевс құдай Леда сұлумен аққу кейпінде кездескеннен соң, ұрпағына жұмыртқа күйінде жаралу бұйырды»,- деп жанр табиғатына лайықталған автор толғанысы десек те, кейіпкердің өзін-өзі талдауы десек те жарасатын психологиялық орта арқылы баяндау тәсілінен тамаша жаңа өзгерісті бойына жинаған әңгіме дүниеге келген.

Ары қарай назар салыңыз: «...Бағзыда ергежейлілер тайпасы пигмейлер тырна деген құс баласына ерекше өш болыпты. Қошқар мен текені, я күркетауықты ат қылып мініп алып, тырналардың жұмыртқасын ұрлап, я шағып құрту үшін ергежейлілер жорық бастаған. Жауынан қорғанған тырналар содан соң көшпенді жыл құсына айналды ма екен? Түйелі қазаққа керуен тартуды үйреткен солар еді»,- деп келістіруінде жазушының ой ағымы ұлттық өрнекке еріксіз соғып, өзгелердің рухани дүниесін сипаттаса да өзіміздің таным бағамымызға қарай лайықтатқан. Тағы да: «...Тоғыз жолдың торабында қара сиырдың сүті мен қара тауықтың жұмыртқасын іздеген бөтеннен безінген момын мен едім. Тауық тұрып, қораз жұмыртқалайды, онда түлен түрткені»,- деген кейіпкер сырының көркемдігі шығыстық ізді бағдарлатады. Жазушының психологизмді танытатын құралдарының бұдан әрі кейіпкер жанындағы заттық психологиялық орта тәсілімен қиюластырған: «... Жұмыртқадай шайқалған уыз дүниенің түбі ойран боларына сенгісі жоқ данышпан ойдан құса шеккен соң, жалбарынып Жаратушысын мойындады. ... Айдалада ақ отау, аузы мұрны жоқ отау. Менің еншім сол. Дүние де бір күмбез іспетті, шыр айналсаң да бейнесін тани алмайсың. Арғымақ ат жалында, төрт түлік мал соңында күн көрген баяғы ата-бабамның ақ жұмбағын мен жасырып сақтасам деймін»,- деу қазақ жанына жақын байлам.

Әңгіменің: «Тұнығы лайланбасыншы, қаймағы бұзылмасыншы. Жауабынан бұрын сұрағы көркемірек болған соң, көркемдікке сызат түспесе екен деп зар илегенім есімде»,- деген шешімінен өнер туралы толғанысы, оған деген құрмет пен аялау тілегі танылады. Әңгіме – жазушының жан дауасын іздеген және руханият азаттығын аңсаған үнін аңғартады. Қараңыз: «...Қаңбақ мінез, кейде тым бекзада көңіл-күйді сараң тұрмыс өктем билей алмай қор болады. Пейілсізді ырқына көндіру, ақпақұлақты үйрете қою оңай емес»,- деп баяндалған көркем ойдың астары әр адамды өз бетінше талдау жасауға ұмтылдыруымен сәтті, көркемділік талаптың деңгейінен шыққан.

Жұмыртқа сатып алып уызын шайқап алудан басталған сюжет желісі қарапайым көрінгенімен, көркем мазмұны тереңдікті қамтыған. Жазушы суреттелігі: «Жіпсіз байлану – сәуленің алтын тұзағы, күн нұрымен шалмалау»- деп те, «...тоңазыған күміс жұмыртқа – Ай, міне, ыстық жұлдыз, алтын жұмыртқа – Күн»,- деп те өзіне тарта түседі.

Ә. Әзиев: «Әңгіме – сюжет арқауы қиындау құрылатын, өмір құбылыстарын ықшамдап түйгенімен, оған терең мағыналы мұрат сыйғызып, болмысты сатылатып дамытатын икемді пішін»,- деп бекіткен. А. Кемелбаеваның «Күміс инелер» атты әңгімесі пішіні жағынан, көркемдігі жағынан сәтті жазылған. Кемелбаеваның кейіпкерінің түсі бұған дейінгі түс көру, оны жорудан бөлегірек. Қараңыз: «Түсімде бір уыс ине тауыппын. Кәдімгі ине емес. Ай нұрының сынығы тәрізді сыңғырлаған күміс инелер екен, көзі шағылысып, жалт-жұлт етеді. Еңкейіп, қалтама емес, туфлиімді шешіп, табаныма салыппын. Аяңдап келемін. Аяғымның асты бір уыс ине, біреуі жұмсақ етке кіріп кетсе, қан тамырын жыралай ағып, күміс жебедей ыстық жүрекке қадалса ажалымнан бұрын өлем ғой деп ойлаймын. Ұйқыда жатсам Қорқыт бабам құсап өлімді ұмыту бұйырмапты. Адам өз еркін түсінде де билеп-төстей алғанын сопылар тәуір көреді»,- деген жазушының көркем ойы түс көру тәсілінің жалғасы десек те, жаңарған түрі деп атау орынды. Кейіпкердің жасырын дүниесі, өзіне ғана тән меншіктілігі (түсі) әңгіме дәйектемесі болған. Жан дүниенің әрекетін сипаттау арқылы кейіпкерді жаңа биіктікте таныту суреттелігі біріккен.

Байқағанымыз, қисындағы сюжет желісі тұрғысынан қарасақ – кейіпкердің жан жылулығы динамикасын психологиялық талдау өнері көрсеткен. Назар салайық: «Оянған соң күміс инелердің сиқыр әсемдігіне таңдандым. Түс үлбіреп, көбігі тарқап ыдырап кетсе, ой сұйылып, бөлек отау тігеді. Шөптің басындай салмағы жоқ мөлдір көркемдік»,- делінетін психологиялық түс көру, оны өңінде жалғастыра қиялдау үрдісі тізбегінен кейіпкердің толыққанды бейнесі ашылған. Әңгімеде көркемдік айналымға түскен түс адамның сана-сезіміне тереңірек бойлатады.

Қазақы болмыс пен ұлттық психологиялық иірім кіріге жымдасқан суреттеуге назар салыңыз: «Қолым бір қалт еткенде: Аллаға сиынудан, күн мен айды сүюден, кітапқа құмартудан, жұлдызға телміруден, әңгіме тыңдаудан, мұң мен қападан, ойын-күлкіден, жалғыздық үрейден, шаттықтан, бақыттан, шабыт шаруадан босаған бір сәт кішкентай ерке қыздарыма оюлап, маржан моншақтар әшекейлеп, сәнді тақия тігіп берер ме едім». Өнер туралы, өнерпаздар туралы, олардың жанкешті еңбегі жайында айтылған. Бір кейіпкердің бір сәтіне жиналған сезімнің бір күйі емес, түрлі күйі бейнеленуі өнермен «ауырған» өнерпаздың басында ғана болатынын мойындаттырады. Әңгіме түйіні ойымызды дәлелдей түскен: «Күміс инелермен шабақтап маржан теріп». Өнер туралы ой толғаған жазушы А. Кемелбаеваның көркем әңгімесі Р. Ролланның мына бір пікірін еске түсіреді: «Толстой әңгімелері, ондағы халықтық-ертегілік оқиғалы бейнелілік жемістілік, шынайы өмірмен, тұрмыстық маңызды, түбірлі мәселелермен келіскені сондай, бізді ойлануға мәжбүр етті». Оның жоғарыдағы тұжырымы шығармалар жинағында берілген және: «Бұл әңгімелер –, өзінің тектілігі жағынан дара, қазіргі өнерде оларды салыстырарымыз жоқ. Олар өнерден жоғары»,- деген түйінмен бекітілген.

Жалпы, жоғарыда айтылып өткендей қазақ әңгімелерінде жазушылар табиғатты адам кейпіне ендіру, тілсіздерге тіл бітірту тағы басқа психологиялық бөлшектерді (элемент) әдемі қолданған. Психологиялық талдау өнерінің кейіптеумен өрімделетін осындай психологиялық бөлшекті жазушы Ә. Орынбаева шығармашылығы байқатты.

«Автордан басқа баяндаушының атынан айтылуы немесе кейбір тұстарда болған жағдайлар шығармадағы кейіпкердің көзімен көрген қалпында алынып, соның ұғым-түсінігі арқылы берілуі»,- қисыны негізінде және Б. Майлиннің «Шұғаның белгісі» әңгімесіндегі Қасымжаны секілді кейіпкердің баяндауымен өрбитін туынды талдау нысанына алынды. Кіріспесі ұқсас жазушы Әсия Орынбаеваның «Қадишаның қара тасы» әңгімесіндегі осылай баяндалу әдебиет қисынында тұжырымдалған: «Әңгімеде кейде баяндаушының (авторлық «Мен») бейнесі айқын көрінеді. Оның өзі оқиғаға тікелей қатысты болуы мүмкін». Қараңыз: «Аяқ астынан Оңтүстік өлкесіне жолым түсті. Көз тоқтатып қарар көркі жоқ, шетсіз-шексіз сарғыш бояулы құмды өңір екен келген жеріміз. Жеңіл машина дала жолымен жібекке үйкелген үтіктей сусып келеді. ...– Экологияның бұзылғандығы ғой,- деп бұрышта отырған жасамыс кісі төрелік айтты. – Қазір адамдар аңға айналып жатқанда, аңдар да өз табиғатын сақтап қалды ғой дейсіңдер ме?..»- деп жазушы бейнелеген дала портреті мен кейіпкер диалогынан әлеуметтік экология қозғалғаны байқалады. Жазушы өнерінің басты ұстанымы – әңгіменің тап-тұйнақтай жинақы да жүйелі, оқиғалардың орналасуы жағынан теңдесу үйлесімділігі дер едік. Түп-тамыры әдебиеттің шығу тегінен шығатын аталған көркемдік ұстаным қазақ жазушыларында әрдайым қоғам мен табиғаттың өзара қабаттасуы мен қайшылығынан туындайды. Әлеуметтік экологияның Ә. Орынбаевадағы айқын белгісінің бірі – Қадиша шындығын кең әрі толыққанды суреттеудегі дәлдігі. Жазушы соның нәтижесінде кейіпкер ақиқатының мәні туралы қорытынды шығартады. Жазушы адамдарды жақсылыққа жетелеу үшін, еліктеуге болатын идеалдық образдар арқылы емес, тіршіліктің олар туралы шындығын айтып беру арқылы түйін жасауға ұмтылдырған.

Жазушы оқырманын: «...– Әне, Қадишаның қара тасы,- деп қалды оның келіншегі.

– Ол неткен тас? Жолдан да, ауылдан да бірдей қашықтықта қалып бара жатқан шөккен түйедей тасқа бәріміз жапырласа қарадық.

– Қадиша деген келініміз осы тастың астына түсіп өлген,- деді бұрышта отырған жолаушы. Ол қайтып астына түскен? Жай жатқан тасты кім көтерген? Ол жағы әлі күнге жұмбақ ...

– Міне қызық! «Шұғаның белгісі» мыннан шықты ғой ...»,- деген әңгімелесу арқылы оқиғаға жетелейді де кейіпкер мен психологиялық деталь болып табылатын қара тасты жазушы елеусіздеу етіп баяндаушының сұхбатына ендіреді. Ә. Орынбаева кейіпкердің ішкі әлемін ашып қана қоймай, сонымен қатар оны қоршаған айнала дүние заты, яғни қара тасты да қызмет еткізе жазған. Болмашы детальдың да септігі елеулі болатыны әңгімеде дәлелденеді.

Ә. Орынбаева Қадиша шындығын айқындау үшін фантастика, символика, гротеск бейнелеу құралдарын қолданады.

Тастың Қадишаға айналасындағылардан гөрі қалай жақын тартқаны, қалай күш бергені жұмбақталған. Десек те, қара тас негізінен Адам Ата мен Хауа ананың балаларының бірінің жаулық танытушы алғашқы құралы екендігін түсінсек, өлім т.б. зұлымдықты ишаралауға (мысалы, Інжілде Каин әрекеті, «окаянный» ұғымының А. Жақсылықовтың «Поющие камни» романында көрінуі) жазушының мүмкіндігі болған. Өйткені, тастың ауырлығы сонша, он жігіт жабылып әрең аударған, ал, Қадиша болса, жалғыз өзі көтеріп, астына түсіп, өз тағдырына өзі себепкер болып, дүниеден көз жұмған. Бірақ, бір қызығы денесін еш мылжаламаған. Бұдан көркем әңгімеде Қадиша өмірінің түрлі өмір тұстарының тоғысын кішкене детальмен бере алған жазушы талантын байқаймыз. Себебі, мұнда әлеуметтік, философиялық, психологиялық арналар реализмге келіп тірелген. Жазушы Қадишаны осылай жұмбақ өліммен бейнелей отырып, оның бойынан жақсылық сәулесін іздегенін байқаймыз. Басқа жазушыларда Қадиша мен Белжанның бір қарағанда құмарлық секілді көрінетін ғашықтығы аямай сынға ұшыраған. Ал, Ә. Орынбаева оған қорғансыздың (өгей шешенің Қадишаға ыстық ықыласы болмауынан басталған жар таңдаудағы қателіктері т. б.), ғашық әйелдің (Белжанның артынан өзін өлімге бойұсындыруы) сезімімен қарап, толғанған. Жаны бірге қосақталған сүйіспеншілік қазақ оқырманына Баяннан, Жібектен таныс. Бірақ Қадишаның Баян мен Жібектей дәріптейтін махаббат аңызы болмаса да, жаны күйген сезімі жағынан бірдей екендігіне жазушы қаламы мойын бұрғызады. Ғашықтығы тағдырының осылай үзілуіне әкеледі: «Бар күшін салып тасты көтере бастаған. Оң білегіндегі қолдың табын тағы сезді. Ол бұған көмектесіп жатқандай».

Құпиялы сыр бүккен Қадишаның психологиялық көңіл-күйі жай тасқа емес қара тасқа бағындырылған, әрі тас жанды кісі секілденіп бейнеленеді: «Ауыл шетінде өңкиіп көрінетін қара тас қана өзін түсінетін секілденіп, мұны тартады да тұрады. Бұған алыстан көзін сүзіп, сол жақтан біреу қарайтын секілді, жон арқасына қадалған көздің сұғын сезінеді». Сол тастың астындағы жыландардың өзі Қадишаның ішкі сезімін түсінгендей, оған аянышты сезіммен қарайды: «Бәрі жапырлай бастарын көтеріп, бір зауалды сезіп, қосыла шуылдап жылайтындай». Яғни, жазушы адам өмірінде кездесе бермейтін психологиялық жағдайды кейіпкеріне қолданды.

Қандай шығармалар болсын, өзінің құндылығын оқырман жүрегінен орын табуымен жоғарылатады. Шығармадағы кейіпкердің көңіл-күйі, ішкі-сезімі жалпы табиғат құбылыстарымен біте қайнасып жатуы, шындық өмірдің өзіндей сезінтсе ғана оқырман қабылдайды. Ал жазушы Ә. Орынбаева әңгімелерін оқысаңыз, қазіргі замандастарын толғандыратын мәселелер төңірегінен табылып, оқырман көңілін бірден баурап алады. Жазушы әңгімелерінде әсіресе психологизм танылады. Жазушы «адам пиғылынан табады» дегендей Белжанның дүниеден өтер алдындағы Қадиша білегінде қалдырған алақан табын бейнелеу құралына айналдыруы осыны көрсетеді. Ә. Орынбаева кейіпкердің ішкі-сезім, көңіл-күйін үнемі табиғат құбылыстарына сабақтастыра береді. Жазушының «Жоқтау» әңгімесінде Ғазизаның сырласы, жұбанышы, кәдімгі тілсіз жаратылған табиғат дүниесі – Аққайың болатын. Қараңыз: «Әдеттегідей кезекті «шайқастан» кейін есікті тарс ұрып шыға жөнелген. Көрші-қолаңға барып шағыну, енесін жамандап «ішін босату» әдетінде жоқ. Есік алдындағы қалың тоғай ғана панасы. Жер-Ана перзенті, өзі әйел затындай сезініп, әзәзіл ашудан арылуға, бойына қуат жинауға тырысады. Сонда жан дүниесінен бір шапағатты нұр құйылып, қордаланған ашу-ызаның жалаң табанына қара жерге шымырлай өтіп жатқанын анық сезінеді.

– Шындығында, қос құрбыдай жарасады екенсіңдер,- деді бір қоңыр дауыс. Самарқау ғана көзін ашқан. Көрші үйге келіп жатқан қалалық құда екен». Жазушы аққайыңмен адамша мұңдасу-сырласу әрекеттері арқылы Ғазизаның адамгершілігі, адалдығы, инабаттылығы, ақылдылығын байыптаттырады. Ол қандай қиыншылық жағдай болса да, ашу үстінде болса да, өзін-өзі тоқтата біліп, бар қайғы-шерін осы бір аққайыңға ғана білдіріп, ішіндегі барлық ауырпалықты, аққайың арқылы жеңілдетіп, тыныштық күйіне қайта келіп, өзіне-өзі психологиялық қуат беретін, жақсы сезінетін. Тілсіз табиғатпен сырласудан жаны аршылып қалатын қасиет кез-келген адам бойында кездесе бермейтін психологиялық өзгешелік, бұрынғы әңгіме жанрында кейіпкерлерді бейнелеуде аз қозғалған бір ерекшелік (қорқынышты шағында қайыңды пана көрген Аймауытовтың Ақбілегін есептегенде). Әңгіме туралы С. Сақтағанов пікірінде: «Жоқтау» деген әңгімені алалықшы. Әңгімеде, негізінен, келін мен ене арасындағы қарым-қатынасты шебер жеткізе біліпті»,- делінген.

Кейіпкердің қай қадамы болмасын табиғатпен қосақталған. «Қос қайың» әңгімесінде Тәнәй мен Қайыркеннің сағынышын білдіру немесе сағынышын басу белгісі – жұлдыздармен сырласумен өрнектелген болатын, тіпті олар жұлдызға қарап, бір-біріне деген ғашықтық сезімдерін білдіретін:

«– Тәнәй, анау Жетіқарақшыны көресің бе, соның әнеу бір кішкентайын мен сенің атыңмен атаймын бұдан былай.

– Өйткені ол үнемі мұңайып тұрады. Әскерде екі жыл бойы мен тек жұлдызға қарап, саған деген сағынышымды ақтардым». Адам емес, аспан дүниелерімен әрекетте болуы кейіпкердің психологиялық ішкі-сезімінің жаратылысын білдіреді.

Қ. Жанұзақованың: «Жазушының әр кейіпкері – өзінше бір әлем. Негізгі конфликт оқиғаның сыртқы сюжеттік тінінде емес, адам болмысының қиын да күрделі проблемаларын шешуге тырысқан кейіпкердің ішкі коллизиясында дамиды»,- пікіріне сүйенер болсақ мына нақтылықты да ескергеніміз жөн, яғни Е. Аманшаев пікірімен келіссек: «Әрбір әдеби һәм әлеуметтік құбылыс қайнар көзін ажыратып, сонда ғана тарихи сабақтастық дәрежесіне жетіп, бүгінгі күннен даму жолын айқындағанда ғана толық қанды құбылыс атанбақ. Тек жалғасын табады». Ендеше, жазушылардың психологиялық талдауға қайта айналып, әр қырынан келуі заңдылық.

Ә. Орынбаеваның шығармасы – «Қос қайың» әңгімесі ғашықтық сезімі қосарланған «қос қайыңмен» кестеленеді. Махаббаттың куәсі – қос қайың. Кейіпкер басынан өткен қайғы-мұңын, қайың астында жұлдызбен бөлісіп, әсерленген: «Сол жұлдыз демеу болмағанда бүгін мен бүйтіп сенімен қоштасып та тұрмас едім. Айтпады деме, менсіз жерде сен дәл сол жұлдыз сияқты жалғызсырауымен өтесің. Өмір бойы осы жұлдызға көзің түскен сайын мені есіңе алатын боласың».

«Қос қайың» аты – әңгіменің психологиялық көркем бөлігі. Жазушы әңгімелерінен байқағанымыздай әлеуметтік ортаны бейнелей отырып, кейіпкерлерін табиғат дүниесімен байланыстыру тәсілі жетілген, Ә. Орынбаеваға барынша сіңіп орныққан. Осы тұста З. Қабдоловтың: «Пейзаж – проза мәдениетіне фактор. «Қорғансыздың күніне» дейінгі қазақ прозасында аспан, жер, ай, күн суреттеулері жалаң»,- деген пікірін атап өту орынды. Ендеше, М. Әуезов ізін салған көркемдеу үлгісіне өзінше қалып өрнектеген жаңа жазушысы арқылы да қазақ әдебиеті өркендей түспек деген тұжырымдамыз. Аталған әңгімеде ғашықтар тағдыры қос қайыңның тағдырына ұқсас. Жазушының тағдыр тәлкегін қайыңмен, жұлдызбен сабақтастыра бере алған көркем шындығы. С. Сақтағановтың ой-пікірі соған жетелейді: «Әсия Орынбаеваның бір ерекшелігі, интимдік-ішкі жағдайларды мейлінше батыл әрі өтімді жазады екен. Қай әңгімесін алып қарамаңыз, өмірдің өзіндей зейіл, шыншыл». Сондықтан, жазушы дүниеге әкелген жаңа туынды қазақ әңгімелеріндегі сонылық әдеби мінездемелерді де қоса әкелген.

Ж. Аймауытов, М. Әуезовтерден басталған психологиялық проза дәстүрі қандай десек, шығармаларында кейіпкерлердің психологиялық әрекеттерін аңғартуда кейінгі жазушылар қалыс қалмаған. Ә. Орынбаева әңгімелерінде психологизм әрекеті табиғат мінез-құлқы арқылы жандандырылған. Б. Майтановтың ой-пікірімен толықтыра кетсек: «Психологизмнің негізгі қызметі – өмірлік шындық пен көркем шындықтың жанды тамырластығын сақтау. Бұл ретте осы құбылыстың ішкі салалары есебінде даралау мен жинақтау, ұлттық, жалпыхалықтық, дерек пен қиялдап қосу, автор бейнесі, шығарманың заттық құрылымы іспетті түрлі мәселелердің өзара ықпал, әсері мен табиғи синтезін атау керек». Кейіпкердің әрекеті, қуаныш, сүйініш, күйініші психологизм әрекетімен ұштасқан.

Психологизм жөніндегі пікірлерді жинақтасақ: орыс жазушылары мен ғалымдарында Л. Н. Толстой, Н. Г. Чернышевский, А. Нинов, А. Н. Веселовский, Л. Н. Выготский, М. М. Бахтин, Л. Гинзбург, С. Бочаровтар болса, қазақ жазушылары мен ғалымдарынан М. Әуезов, Ә. Кекілбаев, З. Қабдолов, С. Қирабаев, Т. Кәкішев, Р. Бердібай, З. Ахметов, Р. Нұрғали, С. Қасқабасов, Ш. Елеукенов, Т. Сыздықов, С. Негимов, Т. Рахымжанов, Ж. Дәдебаев, З. Бисенғали, Б. Майтанов, Қ. Әбдезұлы, А. Жақсылықов, А. Ісімақова, Б. Жетпісбаева, Г. Пірәлиевалар түйін жасауға мүмкіндік тудырады. Жазушы Ә. Орынбаеваның «Қоштасу алтыбақаны» және «Естен кетпес елес» әңгімелерінен психологиялық талдаудың түрлі қырларын осы түйін, пікірлер негізінде бағаланды.

«Қоштасу алтыбақаны» әңгімесінің экспозициясы «Сырттан қарағанда тып-тыныш өмір кешіп, бұйығып қана жатқандай» деп түйрей өтіп басталады. Жібектің басындағы қым-қиғаш оқиғалар тереңдік құпиялылығымен көрсетілген. Жазушы жасөспірім қыз баланың көңіл қалтарысын әдемі келтірген: «Сөйтіп, қыздарды жымың-жымың күлдіріп, өштерін алып, сырбаз жігітті өзіме ғашық қылып қойдым. Айтан болса бір бұрышта үнсіз отыр, қабағы түсіп кеткен ... Ойыннан от шығарын қайдан білейін. Таңертең тұрсам, Айтан түнде ауылға келіп жатқан қонақ қыздардың біреуін алып қашып, үйленіп алыпты. Ішім өртеніп, жынданып кете жаздадым». Табиғатпен дос ретінде сыр бөлісетін Жібек, томаға-тұйық типті адамдардың қалпын береді. Жазушының: «Ән біткенде, әнмен бірге Жібектің көңілді қалпы да жоғалып, жабырқау тартып, үнсіз қалды. Кенет көзі Бақыттың арт жағынан қылт-қылт көрінген ойға түсті. Жаңа туған қылдырықтай ай шексіз аспан аясында соншалықты қорғансыз, аянышты болып көрінді. «Мен сияқты ...»,- деп күбірледі қыз көзіне жас үйіріліп – мен енді кімге керекпін? Не үшін өмір сүрмекпін ?» - өрнегі дәлелдейді.

Нақтылай түссек З. Қабдолов: «Бұл ретте, көркем шығармаларда суреттелетін табиғат көріністерін, яки табиғатты да әншейін бір уақытпен кеңістіктің дерегі ретінде даралап қарамай, адам бейнесін толықтыра түсетін тәсіл. Өйткені адамның сыры мен сезімінен, өмір тіршілігі мен көңіл-күйінен тыс ешқандай табиғат болуы мүмкін емес»,- деп түйіндеген. Әңгіменің оқиға желісі Жібектің ішкі-тылсым дүниесінде болып жатқан арпалыстармен ұштаса өрлейді: «Күні бойы сан-санаққа жүгіріп даң қылған көңілінің шешімі табылғандай Жібек қайта ширақты. Бар күшін салып, арқанды шірене тебінді. Зырқырай әйелеген алтыбақан ағаш басынан да асып бара жатқандай». Тұйық жанды қинаған ой басылып қалмай жарыққа шығуы үшін ай көп қызмет еткен: «Ай көрдім, аман көрдім ... Әйтеуір Айтанға керегім жоқ екен ...

Жас бұлдыратқан көзіне қылдырықтай ай шыркөбелек ойнап жерге құлап түскендей көрінді. Жер мен аспан мидай араласып барды ...». Жібек қиялы ( айдың жерге құлап түскендей болып елестеуі) – қазіргі сәттегі өмірімен өзектес. Дамытыла баяндауына назар салсақ: «Биікке шығып алған жаны былқ-сылқ еткен жансыз денесінің әуелеп барып жерге бырш етіп бүктетіле түскенін, ашық қалған көзінің қарашығында қылдырықтай ай бейнесі дірілдеп барып тұна қалғанына дейін анық көріп тұрғандай болды...»,- деп көркемделген.

Жібек ойындағы ай психологиялық пейзажды белгілеген. Өз құпиясына көмілмей, ішкі сырына бостандық беруі кейіпкер тағдырына түбегейлі өзгеріс әкеледі.

Бұған дейінгі қамау ойдан аршылуы – кейіпкердің сәтті қадамдарына бастаса, өзіне-өзінің көңілі толуы қиын күрмеудің шешімін орнықты етті. Әңгіме тақырыбы (қоштасу) осы мұратқа лайықталған: «өзіңді-өзің жеңе біл». Әңгіменің шешімінде: «Е, пақырлар-ай» деп мүсіркей күбірлескен ауыл оразасын ашпастан екі үйге кезек кіріп, «Құтты болсын!» айтуға асықты»,- деп автор кейіпкерінің психологиясы арқылы шынайылықты нанымды қабылдатады. Жазушының тәсілі жалпы әңгімелерінде көрініс тауып отырады, атап айтсақ, Ә. Орынбаеваның «Естен кетпес елес» әңгімесі де психологиялық детальмен өрнектелген. Г. Пірәлиева: «Кейіпкер жан дүниесіндегі толқу реніш, күйініш, шаттық, қуаныш, абыржу ...Яғни, эмоциялық сезімдер, психологиялық процестер, диалог, авторлық баяндау, сипаттау тәсілдерінен бөлек ішкі сөздер ағымымен де беріледі. Шынайы жасалған ішкі монолог кейіпкердің жан дүниесіне оқырманды терең бойлатады, сонымен бірге толқытады, тебірентеді»,- деп талдау жасаған. Демек, ішкі сөйлесулермен Ә. Орынбаева әңгімесі толқыта алған.

Кейіпкердің ішкі әлемін, оның мінез-құлқын танып білуде психологиялық талдау зор рөл атқарады. Әңгіменің экспозициясынан-ақ психологиялық талдаудың бір көрінісі – ішкі сөйлесуді байқаймыз: «Бетін аяусыз айғыздаған әжімнің әрбір сызығында салқын мұң, терең ой тұнып жатқандай. Бір нүктеге қадалған жанары талды ма, шаршаған адамша демін тереңнен ала көзін жұмып еді, әжім тарауларын қуалай сырғанаған жас тамшылары әппақ сақалына барып жоғалып жатты». Қарттың қиындық көргенін «аяусыз айғыздаған әжім» бірден аңғартып тұрғандай. Жай ғана әжім емес – уайым-мұң, өкініш ізін өрнектеген психологиялық деталь. Т. Сыдықов «Психологиялық талдау және характер» мақаласында: «Адамның ішкі дүниесі тылсым сырға бай. Психологиялық талдау адам жанының тұнғиығына батыл барлау жасауға мүмкіндік береді. Әр адам өз алдына кішігірім материк іспетті. Сол материктің сыртқы рельефін көзбен шолу жеткіліксіз, оның астында не қазына, не сыр жатқанын білгіміз келеді. Әр адам өз алдына материк»,- деп пікір айтады.

Ә. Орынбаеваның кейіпкер Ғали қарты адамдар арасында өмір сүріп, жан баласына көңіл қойнауын ашпауы, оның өз әлемі бар екенін білдіреді. Кейіпкер әңгіменің өнбойында кінәлілік сезімінен арыла алмайды. Ғали қарттың мүжілетін сыры өзіне аян болатын: «Көз алдында айдаладағы тозығы жеткен қараша үй, ішін тарта гуілдеген жел, азынаған боран, ашық қалған есіктен саулаған қар, мейірімсіз әке жүрегін ертпекке жанталасқандай шырқыраған бала дауысы дәл қасынан шыққандай құлағында тұр». Оқиға желісі Ғали қарттың психологиялық ой-сезімінен басталып, кейін келе оқиғаның не себепті болғандығы жайлы өрбиді: «...Ол кезде Ғали жиырмадан жаңа асқан жас жігіт болатын. Қарғыс атқыр жоқшылық-ай десеңші: Жастайынан ішсе тамағы тоймай, кисе киімге жарымай, кедейлік тауқыметін тартып өсті». Кедейлік, жоқшылық кейіпкер тағдырына әсерін тигізбей қоймайды. Әңгіме Ғали қарт, Қарағыз сұлу және сәби Құрманның тағдырының қатыгез қиыншылық белестерін суреттейді.

Жазушы кейіпкерін: «Күні бойы қой соңында жүргенде ойлайтын ұлының тәтті қылықтары, кескіні көз алдында тұрады да қояды. Жүрегі еріп кете жаздап, кешті батыра алмай әлекке түседі сонсын. Не керек, екі дүниеде қайта оралмас мейірлі шаттық бар еді бойында»,- деп қалыпты әкелік мейірім мінездемесімен таныстырады. Бұл – Ғали қарттың қуанышты сәттері, көңіл-күйінің көтеріңкі болған кездері. Тамаша күйден қызғаныштың «қара тырнағына» қалай түскенін Ғали аңғара алмай қалады. Мұның себебі: «Құрманның аумаған әлгі анау ... соның өзі. Ол өзі менің ата жауым екенін білесің, баламды баққызып қойдым деп ертең екеуімізді қоса келеке етіп күледі әлі». Өз баласына өзі сезіктене қаратқан жайт былай бейнеленген: «Әлгі бір әзірде байдың соңынан жүрегі суылдап, үрейлене ерген Ғали әлденеге тас бекінген адамша, жауар бұлттай түнеріп қайтты». Өсек сөздің күші туралы жазушы былай баяндаған: «Құлағында бай айтқан сұмдық сыр ызыңдағанда, тұла бойындағы ыстық қаны қата қалғандай, мұздап сала береді де, бейкүнә сәбиге көзі түскенде жігері құм болып, әлі құрығандай дәрменсіз күй кешеді». Байдың айтқан «улы жылан сөзі» Ғалидың ішкі-әлеміне «уын» жаймай қоймады. Л. Н. Гинзбургтің пікірінше: «толыққанды тарихи мінез-құлық қалыптастырған кейіпкердің сонымен бірге психологиялық орны белгіленеді, яғни ол өмір сахнасында тұлға ретінде ойын көрсетуі тиіс».

Кейіпкердің сергелдең күйін толықтыратындай психологиялық табиғат суреті келісті бейнеленген: «Түс қайта ұйытқи соғар жынды боран көтерілді... Ғали шарасыз кейіпте дағдарып отыр. Алдында ішін тарта гуілдеген жел, елді нағыз азынаған азалы үнге басыпты. Ит ұлып, ішін тарта солықтап бала жылағандай ма, бір мезет аңыраған әйел зарына ұқсап кететіндей... Екпінді жел дем алғызбай беттен ұрғылап, ішке қуып тықты». Табиғат құбылысын жазушы кейіпкер жан-дүниесімен сабақтастыра берген. Табиғатпен қатар бейнелеуде психологизмнің бір (табиғат) қырын танытады. Табиғатпен теңестіре суреттеуге Г. Пірәлиева мынадай пікір келтіреді: «...психологиялық пейзаж, кейіпкердің сезімдік көңіл-күйін табиғатпен суреттеу қолданыла бастады». Ойымызды нақтылай кетсек, әңгіменің оқиға желісі өз әрекетінің тауқыметін тартқан Ғали қарттың қайғы-мұңымен астасып, психологиялық ішкі-сезімін анық танытқан. Әңгіменің тақырыбы «Естен кетпес елес» болуы да тегін емес. Әңгіме қарттың психологиялық көңіл-күйінен басталып, аяқталады. «Елес» қарттың ішкі-сезімінде кетпестей дақ болып қалған өкініш.

Аязда қатып қалған періште сәбидің жан-дәрмен арпалысқан қиналысы әке сезіміне ұзақ уақыттан соң әсер етеді. Кейіннен сондай аязда ұшып өлген келіншектің үсігенін көргенде кейіпкер Ғалидың жүректен кетпес өкініші «қыста ауру, жазда сау» аласұруға ұласады: «Түн қараңғылығын жамылған қарақшы құсап, моладай шошайып тұрған өз үйіне ұрлана басып кіргенінде, қайран сәбидің тырдай жалаңаш құйтымдай денесін жартылай қар көміп те үлгірген екен. Жан беру оңай ма, шыбындай жаны ұшып кеткенше жанталасып, далаға еңбектеп бірнеше мәрте шығып-кірген ізі сайрап жатыр. Киімдерін неге шешіп тастағанына ол кезде түсінбеп еді, кейін жасы ұлғая келе ұқты. Ауылдас бір келіншек күйеуімен ренжісіп, көз аштырмас жынды боранда үйінен шығып кеткен екен. Бір апта өткенде іш көйлекпен ғана жатқан өлігін тауып алған адамдардың ішінде өзі де болған. Сонда білді, үсіне бастаған адамның денесі қызып, бір жапырақ киімнің өзін ауырсынып, жұлып тастай береді екен. Сол оқиға мұның қара қотырланып жазыла бастағандай болған жарасының аузын жұлып ашып, зар қақсатты да қойды».

Көркем әңгімедегі Қарағыз бейнесі қазақ әйелінің төзімділік, намысты, сабырлылық қалпын «мыңыншы» қайтара дәлелдеген. Ана үшін сүйген перзентінің, онымен қоса күйеуінің: «Әсіресе ұп-ұсақ сүт тістерін жарқыратып, сықылықтап кеп күлгенде, Ғали бетіндегі күйесімен қоса жұтып жіберердей жалап-жұқтап, өліп қала жаздайды»,- деп емірене жүріп жамандыққа қиюы кешірілмес күнә екендігіне бас ұрғызады. Сондықтан да: «Қайран Қарағыз! Бала өлімінің себебін сезген тәрізді. Сыр берген жоқ бірақ... Содан үн-түнсіз, тас-түйін қалпы жүрді де қойды. Бұған көз астымен үрке қарайтындай»,- деп баяндау арқылы кейіпкердің психологиялық көңілін қарапайым түсіндіреді. Ә. Орынбаеваның әңгімелері негізінен психологиялық қабаттардан құрылған. Әңгіменің жанрлық табысы, кейіпкердің жан-дүниесінің ашыла түсуі өмірмен тығыз байланыстырыла суреттелуінде. Табиғи өмірдегі шынайы шындықты көркем шындықта бейнелеп, оқырманын баурап алатын Ә. Орынбаева әңгімелері пішіні жағынан психологиялық әңгімелердің қатарын құрайды.

Бұған қосымша, бұрынғы әдебиетте психологиялық қатарластық айшығы мол, бұл қазақ әңгімеші-жазушыларының өздері зерттеген кейіпкерлерін бейнелеуінде стильдік құбылыс ретінде психологиялық талдау өнері басым болу заңдылығына ықпал еткен.

Көп ойды жинақтай келе, алдымен жазушыларымыздың шығармашылықтары психологиялық талдау өнерінде бір үлгіде жүйеленбей, әр жазушыда әр түрлі қырымен ерекше сипат алғанын көрсеттік. Әдебиет зерттеушісі А. Байтұрсынов XX ғасыр басындағы шығармалардың жазылу шеберлігіне: «... Өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық сияқты нәрселердің мән-мағынасы турасындағы толғаулардың күйі де сұқтаныс табына кіреді. Сұқтандыратын нәрселердің көбі-ақ тек сұқтандырып қоймай, адамды ойландырады, қиялдандырады. Сондықтан түбіріндегі толғаулардың көбі таза болмай, пайымдамалау, ойламалдау болып келеді»,- деп ой-тұжырым айтқан болса, кейінгі жазушылардың да бұл басты қағидасы болған.

Қазақ әңгімелерінде аңыздық сюжетті пайдалану – психологиялық талдау өнерінің жетістігі.

Психологиялық талдау өнері әрбір жазушының стилін айқындауға мүмкіндік береді.

Қазақ әңгімелерінде психологиялық талдау өнерінің меңгерілуі жекелеген жазушыларда мынадай даралықпен көрінген:

Ғ. Мүсірепов психологиялық баяндау мен психологиялық портрет шеберлігін психологиялық пейзажбен жымдастыру арқылы қазақ әдебиетінің мұралық қоры қатарын толықтырған. Қазақ психологиялық әңгімесінің тууы суреткердің психолог жазушы екендігін тағы бір дәлелдеген.

Т. Жармағамбетов әңгімелерінде психологиялық деталь өзгеше орын алады. Жазушының халық ауыз әдебиеті үлгілерін пайдалану арқылы психологиялық талдаудың синтетикалық тәсілін аға буын мен кейінгі буынды жалғастырушы «көпірі» деп санауға болады;

Ә. Кекілбаев әңгімелерінің ой-шешімі қарапайым да күрделі немесе күрделі де қарапайым болып қалыптасуы психологиялық талдау өнерінің дұрыс іріктелуінен туған;

Ш. Мұртаза әңгімелерінде соғыс тақырыбы терең де психологиялық өрнегімен өрнектелген. Жаңа бейне психологиялық сезім құбылмалылығын бейнелеуден туындаған. Қиын тағдырлы кейіпкерлердің «жарасы мен дауасы» психологиялық толғаныстар арқылы көркемделген;

О. Бөкей әңгімелерінде психологиялық талдаудың түс көру, оны жору-жоралғыларымен қатар, пейзаж тәсілдері, кейіпкер жалғыздығы, кейіпкердің өзіне-өзі қанағаттанбауы бөлектеніп тұрады.

Ә. Орынбаева әңгімелерінде табиғи ішкі әлемді психологиялық толғаныспен, табиғат құбылыстары мен адам қарым-қатынасының ерекше сипатын астастыра беруі де, қуанғанда ғана емес қиналғанда да табиғаттан дос табатын кейіпкерлері – жазушының ерекше қыры, психологиялық талдау өнерінің (онтологиялық кейіпкер жалғастығының түрлілігі) жазушыдағы шеберлік тәсілі. Ең қадап айтарымыз – әлем әдебиетіндегі трагедиялық кейіпкерлерден кем соқпайтын, өзін-өзі іштей мүжитін Ғали қарт.

А. Кемелбаева әңгімелерінің «төл таңбасында» қазақ ұлтына тән болмыс, қазақы салт-дәстүр, бабалар ырым-жоралғысы қатар сипатталады. Сонымен қатар алдыңғы буын әңгімеші-жазушылардың (Т. Жармағамбетов, О. Бөкей) ертегілік, мифтік сюжетпен әңгіме құру дәстүрін дара ерекшелігімен (психологиялық талдау өнерімен) ұштастырған.

Аталған жазушылардың негізгі ортақ ерекшеліктер қатарына психологизмнің тұрақталғаны және лирикалық, мәселелік, астарлы символдық, әлеуметтік талдауды толық меңгергені баса айтылады.

Бақылау сұрақтары

  1. «Сөз жоқ, соның іздері» атты әңгімесінің тартысы қалай құрылған?
  2. Қазақ әңгімесінде бейнеленген кейіпкерлер арқылы өмірдегі адамның лайықты өз орны мен қызметіне, оның жан дүниесіне қалай көңіл бөлінгенін анықта.
  3. Қазақ әңгімелерінде байқалған психологиялық талдау өнерінің бастау көздерін атап көрсет?
  4. Талдау нысанындағы қазақ жазушыларының негізгі ортақ ерекшеліктерін жинақта.
  5. Қазіргі қазақ әңгімелеріндегі тартыс пен психологизмнің модернизмі қандай?

Рефераттар тақырыбы

  1. А. Байтұрсыновтың «Әдебиеттанытқыш» еңбегіндегі әңгіме жанрының жіктелісі.
  2. Жазушы ерекшелігі – портрет жасау (қазақ әңгімелері бойынша).
  3. Қазақ әңгімесіндегі кейіпкердің адамгершілік проблемасы.
  4. Қазақ әңгімелеріндегі халық аңыздары мен көркемдік шешім.
  5. Әңгіме – әсем жанр (З. Қабдол бойынша).
  6. Қазақ әңгімесіндегі психологиялық портреттеу.
  7. Қазақ әңгімесіндегі психологиялық талдау өнері.
  8. «Шығарма арқауы – шындық» (Н. Ғабдуллин бойынша қазақ әңгімелерінің талдауына шолу).
  9. Қазақ әңгімелеріндегі тартыс табиғаты.
  10. «Талант, талғам, тағдыр» (Х. Әдібаев монографиясы бойынша).
  11. С. Мұратбеков – әңгіме шебері.
  12. Р. Сыздықтың қазақ әңгімелері жайындағы пікірлері («Сөз құдіреті» еңбегі бойынша).
  13. А. Ісімақованың қазақ әңгімелері туралы пікірлері («Қазақ көркем прозасы» еңбегі бойынша).
  14. Г. Елеукенованың қазақ әңгімесі туралы пікірлері (фил. ғыл. докторлық еңбегі бойынша).
  15. Б. Нұржекеұлының «Кәріс қыз» әңгімесінің композициясы.