1 Қазақ әңгімелерінің жанрлық сипаты


Әңгіме әрқашан заманның өзгерісіне ілесе, толқытқан мәселелерді қозғай алатын қасиетімен ерекше. Бүгінгі күннің өзекті оқиғасы суреттеледі. Сонымен бірге, әңгіме қоғамдық мәселелерді дер кезінде көтере білуі керек.

Әңгіме қиып алынған секілді бір ғана оқиғаға мүмкіндігі бар, сондықтан оның кейіпкерлері мүлдем шектеулі болады.

Қысқалылық көркемдігінің талабы басты қаһарманға жауапкершілік жүктейді: көңіл-күйі, демі, лебі көркем бөлшекке, астарлы ойға айнала алатындай етіп, барлық сәті көрінуі тиіс. Қиялдың ұшқырлығы, сөз саптаудың келісімді орнықтылығы, замандастар көкейінен шығар мәселе таба білу – жазушы өнері. Сонымен қатар алдыңғы әдебиеттің көркемдік биіктігінен кем түспейтіндей талғамда жазып шығу қабілеті болмайынша әңгіме жазу мүмкін емес.

Әңгіме жанрының қысқа жазылуын адамның суреттеуге лайық жеке жағдайын әлеуметтік мәселеге барлау жасайтындай етіп құрылып, ұштасатындай ету – суреткердің ғана қаламынан дүниеге келерін мойындаттырады.

Көркем әдебиеттің шыңы – көркем бейнелері. Сондықтан, алдымен көркем бейнелер туралы сөз болады: әңгімеде әдебиет жанрындағыдай, алдымен тұлға сипаты көрінеді. Бірлі-жарым кейіпкер әрекеті, оның өмірі мен тағдыры арқылы көркем дүние жасалатыны – әңгіменің жанрлық ерекшелігі.

Қазақ әңгімелерінде жазушылар жаңа ғасырдағы қазақ қоғамының тағдыры тақырыбына ана-әйел-қайраткерді, өнер адамдарын, зиялыларды, тағдыры ерекше жандар мен қарапайым еңбек адамдарының болмысын танытуды басты тірек еткен.

Қазақ прозасындағы Ахмет бейнесінен басталған зиялы қауым өкілінің кейінгі қазақ әңгімелерінде жалғас дәстүрі сөз етіледі. Сөзбен сурет салған қазақ суреткерлерінде дәуір тынысын беретін, қалпын танытатын айрықша терең суреттеулер дүниеге келді.

Қазақ әңгімелерінде Дәуір бейнесі бір мәселе төңірегіндегі композициялық құрылым бүтіндігімен жасалынған.

Қазақ әңгімелері туралы сөз ету үшін бастауын, сонымен қатар әдебиеттің шеберлік мектебін ұмытпауымыз қажет. Дәуір шындығын әр қырынан бейнелейтін әңгімелерде қазақ елінің жай-күйі, тұрмыс-тірлігінің барынша айқын көрсетілуі жазушыларымыздың күрделі жанрды жетілдірудегі мақсатты, шығармашылық ізденістерін көрсетеді. Соның бірі – кейіпкер-жануарлар әлемі арқылы әңгіме жанрын табысты ету. Нақтырақ айтылса, Ғ. Мүсіреповтің Көкқасқа балығы, Ә. Кекілбаевтің жүнді барағы, О. Бөкейдің Бурасы, А. Алтайдың Ұланжалы, А.Кемелбаеваның «Жан иесіндегі» мысық т. б. атауға болады. Өйткені, ертегі кейіпкерлері осындай кейіпкерлердің бастауында тұр.

Қазақ көркем прозасының даму тарихында халық мұралары мен даналарынан үлгі алу, рухани алмасулар легі жазушыдан-жазушыға ауысып, толастамаған. Мысалы, әріге көз салсақ ғұн дәуірінен сақталған «Дың сұлу» аңызы қазақ әдебиетінің шығу тарихындағы көркем ойдың жетістігін байқатуымен қатар ұлт ұйтқысы әйел тағдырын өзекті мәселе етіп көтерген кейінгі әдебиеттегі, оның ішінде әңгіме жанрындағы авторлық мұраттың тек-тамырына үңілтеді. М. Әуезов көркем әңгімелерді байытудың бір жолы – ежелден келе жатқан қазақ өнері мен әдебиетінің біріне-бірінің ықпалдасуы деп атаған. Мұның түйіні: әңгіме жанрының көркемдік бастауларына назар салдыртса, екіншіден – қазақ әңгімелерінің қазіргі жай- күйіне тоқталуда бағыт болады.

Қазақ прозасының қалыптасу кезеңіне, әдебиеттану ғылымында қалыптасқан көзқарас бойынша, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезі жатады. Ауыз әдебиетіндегі прозалық шығармаларды арнайы зерттеген С. Қасқабасов, З. Бисенғалиев, Е. Жанпейісов т.б. ғалымдар өз зерттеулерінде ортақ төл сөз, монолог түрлерінің бұл кездегі әңгімелерде мүлде кездеспейтінін анықтаған. Зерттеушілер авторлық баяндау, кейіпкер тілінің көркемделуі жайлы ізденіс жасаған. Суреттеудің осындай алғашқы үлгілерде көріне бастағанын айқындайтын дәлелді еңбектері – кейінгі зерттеушілердің көркем проза тілінің қалыптасу жолындағы табысы мен кемшіліктерін тануына жол болған. Қазіргі прозашылардың шығармасын салыстыра-сараптауға мүмкіндік тудыруымен құнды. Қазақ әңгімесінің жанрлық сипатын толық түсінуде көркем әдебиет стилистикасын зерттеген осындай еңбектердің мәні зор. Соны қадам кейінгі қазақ әңгімеші-жазушыларынан дәстүр жалғастығын тапты. Майлин әңгімесінің қалыпты түсініктегі кейіпкерлерін кейінгі жазушылардың бүтіннің ішінде екіге жарылған кейіпкерлерінен ерекшелігін анықтауда «сөйлеу, сөйлетуді» ұғыну маңызды деп санаймыз. Бұған қоса, жаңа заман кейіпкерлерінің сәтті сомдалғандарына қарасақ: «құсалы, бейсаналы, жартыкеш саналы». Бұлай бейнеленуі де Майлин шығармашылығынан өзгеше. Оның себебі, кейінгілердегі әдеби түрткі мүлдем басқа, көбінесе архитип бейне арқылы, дара өзгешелік жасау арқылы көтерген мәселесіне назар аудартқан.

Сол сияқты, қазақ әңгімесіндегі жанрлық қалыптасу тұрғысын сөз еткенде зерттеушілер классикалық әңгіме «Шолпанның күнәсіне» тоқталмай кетпейді. А. Ісімақова: «Қазақ әдебиетінде санның емес сапаның тәжірибесі жоғары екеніне көз жеткізуге болатын дәлелділік бар. Бұған М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» атты әңгімесі куә. Жазушы көлемі шағын әңгіме жанрында шынайы көркем таңғажайып дүние жасаған»,- деп пікір білдірген.

Қараңыз: «...бірін-бірі қуалап ай соңынан ай озды, бірін-бірі жетелеп жыл соңынан жыл озды, не керек, Шолпанның «бала болмасын» деген ойы бекігеннен бекіді»,- деп келетін ертегілік баяндаулар қаһарманның шуақты, бақытты санаған күндерінде де, кейіннен осы ісіне өкінгенінде де: «... Осы түннен былай қарай Шолпанның бар тілегі бала болды. Жатса да, тұрса да, ояу болса да, ұйықтаса да: «Жасаған-ау, бала бере көр!» деген тілекті не аузы, не жүрегі айтушы еді. Бірақ бірін-бірі қуалап ай соңынан ай озды, тілей-тілей тілек тозды. Соға-соға жүрек тозды, тілек тозды, жүрек тозды: өмір озды»,- қайталанып баяндалып отырады.

«Бала үшін қандай ессіздік істемеді есті Шолпан» – суреткердің бар айтпағы осыған бағындырылған. Яғни, жақсылық жасаймын деген әрекет – ниет иесінің өзіне шоқпар болып тиюін барынша көркем тілмен жеткізген жазушы шындығы. Сол байқалған ақындық шеберліктің қара сөзге көшкендегі жазушылық суреткерлікке ұштасуы әңгіме жанрының түрленуіне қызмет еткен.

Поэзиясындағыдай әңгіме жанрының ажарын ашып тұрған бір тәсіл Шолпан есімін соңғы қайталауда қолдануы. Кейіпкердің ішкі көңілінің әр сәтінде және әңгіменің құпиясы мен шешімі осы амалмен анықталады.

«Бала туса, күйеуімен екеуінің ортасында бір тікенек өсетіндей»,- деп жүруінің себебі бар ма?! Бар екен: «...Нұржанның балаларының ісін, олардың тәтті қылықтарын әңгімелеп айта бастады. Уһілемей, күрсінбей, «біздің баламыз жоқ-ау» деген уайым да айтпай, қайта күле-күле сөйледі». Үш жыл бойына өз тілегін дұрыс санауы – Сәрсенбайдан. Қараңыз: «...баласыз өмір – бос өмір деген сөзді басқа талай адамдардан естіді, бірақ жаны сүйген жарынан естіген жоқ. Ғашық адамға құранның аяты қасиетті емес, жарының сөзі қасиетті...».

Махаббаты үшін, жарын жанындай сүйгендігі үшін азабы басталады: «...Шолпан жүрегіндегі жараны ешкімге ашқан жоқ. Ашқанмен, олар ұғар ма еді? Тегінде адамның жүрек сырын шеттің ұғуы мүмкін нәрсе емес қой. Теңіз терең емес, адамның жаны терең. Су түбінде жатқан зат жел толқытса ғана шықпақ. Ой түбінде жатқан сыр шер толқытса да шықпақ емес. Шықса, шер мен сырдың көлеңкесі, сәулесі ғана шықпақ. Дүниеде адамнан қиын жұмбақ жоқ. Адам – шешуі жоқ жұмбақ. Шешуі деп атауға болатын болса, адамның шешуі жалғыз өлім. ...не керек, жақын, жаттың ортасында жалғыз болды. Бітеу жара болды, жалғыз өртенді, жалғыз жылады, дүниеден безді, сопы болды. Бала сұрады, қалайда бала болмады», «... Бірақ бірін-бірі жетелеп жыл соңынан жыл озды. Баладан белгі болмады. Шолпан тілеуден талмады. Көзінде жас қалмады. Дүниеден безді. Пірәдар болды, әулиеге ат айтты, қорасанға қой айтты»,- деген психологиялық иірімдердің өрнектелуі батырлар жырын да, Қорқытты да, жалғыздығы мен дүниеден баз кешуі адамдарға жақсылық тілеу ниетінен туындаған Иассауиды да, зарлануы Асан Қайғыны да еске түсіреді. М. Жұмабаев шеберлігі – әңгіменің өн бойынан дәстүр сілемін, жаңалықты да қабат ұштастыра алған. Дәлелдейік: «тілегі қабыл болмады – Тәңірден тәуелі қайтты, өмір шіркін ескен желдей озып барады. Өмір – бір құрулы машина».

Әңгіменің «Шолпанның күнәсі» аталуының мәні ерекше. Келіншектің кінәлі ғана емес, күнәлі болуы мынадан: «жасағанның жазуы шығар, іштегі баланың атасы болғандықтан, Әзімбаймен араны үзуге тиіс емес те шығар. Күнә да емес шығар. Сәрсенбай некелі ері болса, Әзімбай – баласының атасы: Жасаған өзі кешірер».

Суреткердің адам көңіл-күйінің қалтарысын терең білетіндігі және ол көркем әңгімеде Шолпан әрекетін авторлық баяндаулармен толықтырғанда танылады: «...жалпы жаратылыста да, адамның өмірінде де, адамның ойында да, өзгерістің даярлығы болмаса, дәл өзі ұзақ созылып барып болмақ емес. Өзгеріс қашан да кенет болмақ. Екі ай, үш ай, күз дейміз. Сонда күздің келгенін адам екі-үш айда сезіп жүрмейді. Бір-ақ уақытта, айталық, бір-ақ түнде әжімді жүзі жылауық күздің келгенін сезіп қалады». Табиғатты бейнелеу арқылы кейіпкердің ісіне дәйектеме құрған, нақтырақ айтылса Шолпанның шешім қабылдау сезімі мен күздің түсуі символдық белгіге айналған.

Жоғарыда аталған тәсіл алмасулар Мағжан Жұмабаевтың әңгімесінен және кейінгі рухани тамыры көгеріп-көктеуге бет алған қазақ әңгіме жанрынан табылып жатқандықтан, ой таразысымен мөлшерлеп салыстырулар жасалса, ұтпаса, ұтылмайды. М. Әуезовтің: «Әрбір даму үстіндегі әдебиет шеберлігі ілгерілеп, үдей түседі де, өзінен бұрынғы дәстүрдің бар жақсысын пайдалана отырып, соған тың жаңалықтар, игі үлгілер қосып, үдете өсіре береді»,- деуі де осыдан. М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсіндегі» әйел табиғаты, қарым-қатынас туралы: «...Құшақтағанда, Сәрсенбайдың қабырғаларын бір-біріне қабыстырғандай қысып құшақтайтын болды. Аузынан Сәрсенбайдың бетіне от жібергендей құшырланып, жалындап сүйетін болды...»,- көркем ойлары жалғасын тапты. Кейінгі жазушылардан Б. Нұржекеұлы шығармашылығына көбірек тән.

Сонымен, әңгіме – көркем мүмкіндігі бай жанр. Проза жанрының өз тарихы, даму жолдары бар және оның өмірге келуі, қалыптасуы әр ел әдебиетінде әрқилы. Жалпы әлем әдебиеті қисынында «әңгіме» термині өз құқығын 1830 жылдан бастап алған болатын. А. Байтұрсынов «Әдебиет танытқышында» ұсақ әңгіме деп бөліп атаған.

Ғалымдар еңбегіндегі тоқтамдар және З. Қ. Бисенғалидың өткен ғасыр басындағы қазақ әңгімелерінің алғашқы қадамдарын толыққанды талдағаны, «Айқап», «Садақ» секілді қазақ баспасөзінің бұл жанрдың қанаттануына мүмкіншілік тудырғанын дәлелдегені мынадай түйінге әкелді: қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанрыны ертегілерімізден, Ыбырай Алтынсарин шығармаларында, аударма әңгімелерінде байқалды, С. Дөнентаев, С. Шәріпов, С. Ерубаев әңгімелері әңгіме-очерктік сипат деп бағаланады. Публицистикалық сипаттан арылып, көркемдік қуатқа бой түзеген әңгімелер (Б. Майлин, М. Әуезов, М. Жұмабаев, Ғ. Мүсірепов, М. Иманжанов т.б.) жанрдың дамуына теңеледі. Алпыс-сексенінші және кейінгі жылдарда С. Мұратбеков, М. Мағауин, Д. Исабеков, Т. Әбдіков, Т. Нұрмағамбетов, Қ. Қазиев, Т. Жармағамбетов, Ш. Мұртаза, Ә. Кекілбаев, Ж. Молдағалиев, О. Бөкей, М. Байғұт, Б. Нұржекеұлы т.б. әңгімелері көркемдік-типологиялық дәстүр жалғастығын байқата, психологиялық және лирика-философиялық бағытымен өзгешеленеді. Сонымен қатар «Қазақ әдебиетіндегі» әңгімелері арқылы есімдері танымал А. Алтай, Т. Шапай, Н. Ораз, А. Кемелбаева, Ә. Орынбаева жоғарыдағы жазушылардың лайықты ізбасарлары ретінде танылады.

Т. Нұртазин әңгіме – жауынгер, барлаушы, жалынды жанр дей келе, күнделікті өмір тынысын көркем баяндайтынына тоқталған. Бұған қоса әңгімені оқу үшін көп уақыт керек емес (Эдгар По пікіріндегідей). Қазақ әңгімесі әдеби басылымдар арқылы тараған. Сондықтан да мына нәрсені ескеруіміз қажет: 1960 жылдар кезеңінде уақыт талабымен, саясатымен баспасөз қазақтың ділі, салт-сана, ғұрып-әдептерін ұмыттыруға арнаған жалған ұрандармен уландырғанымен, екінші жағынан «Қазақ әдебиеті» т.б. басылымдарда жарияланған әңгімелер рухани азық болды деп саналуы тиіс. Қоғамдық сананы айықтыруға қазақ әңгімелерінің күші, мәні өте қажет етілді. Сондықтан сол кезең жазушылары үшін ұлттық ділді сақтай отырып, қысқалық, ойлылық, көркемдік ұштағанымен ұштасқан көркем әңгіме жазу сын болды. Ата дәстүрінің аманаты, Ұрпақ алдындағы жауапкершілігі тұрды. Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Ғабит Мүсіреповтердің шеберлік мектебінің тағылымын алған жазушылар сол шығармашылық талаптан көріне білді.

Б. Майлин 1920-30 жылдары әңгіме жанрының негізін қалады. Күні бүгінге дейін халықтың көкейінен дөп шыққан сырлы, шыншыл әңгімелері қызыға оқылады. Бұл көркем туындылар уақыт сыны, көркемдік талабынан өтіп, қазақ халқының ұлттық мінезін таныту шеберлігі тұрғысынан кейінгі қаламдас әріптестеріне әрқашан үлгі болмақ: «... қазақ әңгімелерінің аса көркем үлгілері Б. Майлиннің өзгеше мұрасынан танылатын»,- М. Әуезов мұны қазақ әдебиетіне енген әңгіменің жаңа үлгісі ретінде атап отыр.

1960 жылдардың өзіне тән рухани мәдениетінің бір белгісі: оқырмандар күнделікті өмірді көркем өнерден, кейіпкерлерден танып, үлгі тұтқан. Бейімбет Майлин, Мұқтар Әуезов, Мағжан Жұмабаев кейіпкерлері Шұға, Ғазиза, Шолпандар жазмышына қайғырта егілткен әңгімелердей туынды күтті. Өз тағдырларын, шырмаулы заманның келбетін суреттейтін, адаса жүріп жол тапқан замандастар бейнесі сомдалуы керек болатын. Соның нәтижесінде басқаларды айтпағанда, Ғ. Мүсіреповтің Нәзікені, Т. Жармағамбетовтің Отамалысы, Ыбрашы, Жаны, Малдыбайы, Ш. Мұртазаның Хадишасы, Айшасы, Шәрбаны, Жанары, Барысханы, Ә. Кекілбаевтің Ажары, Құрманғазысы, Торғыны, Ж. Молдағалиевтің Жебесі, Тумырзасы, Балшықбайы, Бәлтені тағы басқасы, О. Бөкейдің Садақбайы, Ардағы, Б. Нұржекеұлының Зияшы, Күләші, Нэлесі, М. Байғұттың Өзбекқалиы, Әдебиетшісі, Ә. Орынбаеваның Қадишасы, Ғалиы, Жібегі, А. Кемелбаеваның Қоңырқазы, Айбегі дүниеге келді. Кейіпкерлер – жемісті шығармашылықтың көрсеткіші болатын.

Повесть, романды жетілдіретін ізденіс әңгіме жанрына да тән. Ізденіс пішін төңірегінде де болуда. Зерттеу нәтижесінде, әңгіме жанрының бір тақырыбына арналған бірнеше жазушы-әңгімешінің әрқайсысының өзіндік қолтаңбасын көруге болады. Мысалы, соғыс тақырыбы делік, Ғ. Мүсіреповте «Жапон балладасы» әңгімесі, Әбіш Кекілбаевта «Жүнді барақ» әңгімесі, Шерхан Мұртазада «Сол бір күз» әңгімесі, тағы басқа болып жалғастыра беруге болады. Ғ. Мүсіреповтің аталған әңгімесі соғыс тақырыбына халықаралық дәрежеде үлес қосуымен қатар, сатиралық әдіспен (қазақтың халықтық мысқылының шебер шенеуін «Этнографиялық әңгіме», «Қос шалқар» т. б. әңгімелерінен көрсетсе, мұнда дамыта түскен) жазу мәнері көрінеді. Осында авторлар бір жанр төңірегінде бір тақырыпта еңбек еткен және ең тамашасы бұл әңгімелерді зерттеу-талдау арқылы Ғ. Мүсірепов, Ә. Кекілбаев, Ш. Мұртаза әңгімеші-жазушылардың шығармашылық табысын тануға мүмкіндік туады.

Әңгіме жанрының біртіндеп толысып, толығуы – заңдылық. Бұл жерде З. Қабдоловтың «әңгіменің жанрлық табиғаты құбылмалы» деген пікірінің зерделі айтылғанын атап өту керек. Себебі, әңгіме жанрының табиғаты – шығармашылық ойдың, сергек сезімнің, ұшқыр қиялдың ұштасуына тәуелді болады. Ал, сіңісті қағидаларды өзгеріске әкелетін жайт – жазушы шеберлігі екендігі әдебиетшілерге аян. Бұдан келіп шығатын түйін: әңгіменің табиғатын тап басып айтқан анықтамалар мен оның жанрлық ерекшеліктерін айқындайтын қисындар осындай әдеби ілгерілеулердің нәтижесінде үнемі жаңаланып отыруы тиіс.

Жалпы әңгіменің түрлерін шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Сыпатына қарай: әзіл, романтикалық, реалистік, қызықты оқиғалы. Тақырыбына қарай: философиялық, тарихи, автобиографиялық, сатиралық, психологиялық, символдық, көңіл-күй (лирикалық), фантастикалық. Жанрлық: әңгіме-очерк, әңгіме-монолог, қысқа әңгіме (этюд), аңыз әңгіме т.б.

М. Әуезовтің «Қорғансыздың күнінен» нәр алған модернистік бағыттағы философиялық әңгімелер қазақ әдебиетінің жаңа бір кірпіші болып қалана бастады: Т. Жармағамбетовтің «Отамалысы», О. Бөкейдің «Қамшыгері», А.Кемелбаеваның «Қоңырқазысы».

«Көксеректің» лайықты ізбасары «Өмір жорығы», «Қыран жырын» символмен бейнеленген философиялық әңгімелер деп атаймыз. Ғ. Мүсіреповтің аталған шығармаларымен қатар «Жапон балладалары» мен «Сөз жоқ, соның іздері» символдық әңгімелердің тынысын ашты десек те болады. Т. Жармағамбетовтің «Қарала сиыры» мен О. Бөкейдің «Кербұғы», «Бурасы» осыны дәлелдейді. Мұны А. Алтайдың «Балақ бау», «Кер азу», «Дода», «Қараштың қарасымен» толықтырамыз. Мұнымен қоса қорғансыздар тақырыбы Д. Лондон, М. Горький туындыларында және М. Әуезовтің «Қорғансыздың күні», «Жетім», С. Дөнентаевтің «Көркемтай», Қ. Кемеңгеровтің «Момынтай», «Жетім қыз» әңгімелері жоғарыда аталған жазушыларға үлгі болғаны және ең негізгі нысанасы екеніне көз жеткізуге болады. Оның себебіне үңілсек – адамның құқылығы, тыныш өмірі тіршілігі, еркіндігі ғана шынайы бақыттың өзегі екендігі өрнектелген.

М. Әуезовтің туындыларынан және Ж. Аймауытовтың «Елесінен» бастау алған психологиялық әңгімелер қатарын Ә. Кекілбаевтің «Жүнді барақ», «Аш бөрі», Ш. Мұртазаның «Алтын тікен», С. Мұратбековтің «Біреу», О. Бөкейдің «Жасын», Т. Әбдіктің «Оң қол» (фантастикалық белгісі де бар), А. Кемелбаеваның «Жан иесі», Ә. Орынбаеваның «Естен кетпес елесі», «Қадишаның қара тасы» жалғастырған.

М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсінде» еркін қолданған айшықтау тәсілдерінің тамаша үйлесімі келіскен лирикалық бағыт кейінгі әңгімелерден де байқалды: Б. Нұржекеұлының «Кәріс қызы», М. Байғұттың «Әдебиет пәнінің періштесі», Қ. Қазиевтің «Олар екеу, мен жалғызы».

Әңгіме-монологтың бір түрі Т. Жармағамбетовтің «Жан», «Уақытында», Ш. Мұртазаның «Шағалалар мен қаңғыбастарында» көрінген.

Философиялық әңгімелердің бір қыры Ғ. Мүсіреповтің «Жапон балладаларында», Ә. Кекілбаевтің «Ең бақытты күнінде», Ш. Мұртазаның «Бір нәзік сәуле», «Ақсай мен Көксай», «Сол бір күз», «Тілсіз қоңырауында», Ж. Молдағалиевтің «Жебе мерген», «Жез қоңырауында», О. Бөкейдің «Ардағында», Б. Нұржекеұлының «Күләштің соңғы көктемінде», М. Байғұттың «Уран ұрған», «Өлімнен қашқан респондентінде» және А. Алтайдың «Алтай новелласы», «Тасбақаның тақырында» кең ашылған.

Әзіл әңгімелер тобына Ғ. Мүсіреповтің «Тарғыл қауын», Ж. Молдағалиевтің «Алғашқы миллиард күні» т.б. жатады.

Сатиралық белгісі басымдау танылған әңгімелер қатарына Ж. Молдағалиевтің «Ревизор», «Отау үйде», М. Байғұттың «Бір дорба дипломы» жатады. Қазақ әңгімелерінің сатиралық тақырыптары өзінше бөлек зерделеуді қажет етеді: М. Байғұттың «Бейшара», «Ақпандағы мысықтар», Л. Омарованың «Қырық бестегі қыз», «Ақтайлақ», «Түз адамы» т.б. туындыларының өзі қазақ әңгімелерінің кейінгі тақырыптық бағытын көрсетеді.

Реалистік әңгімелер қатарында Ж. Молдағалиевтің «Бес ана», «Әке жүрегі», «Менің апам», «Қарсы алу» және Б. Нұржекеұлының «Жастық жыл құсы емес», «Авторсыз сұлулық», «Ойыннан от шығады», «Үрейі» қарастырылды.

Қысқа әңгімелер немесе этюд Т. Шапайдың «Үйдің иесі», А. Кемелбаеваның «Космос», «Күміс инелерінде» өзіндік бағытын байқатқан.

Ал, аңыз әңгімелердің жөні бір бөлек. Ж. Дүйсенбаеваның «Ә. Кекілбаев прозасы. Халықтық аңыздар және көркемдік шешім» атты кандидаттық диссертациясында аңыздарды пайдалану арқылы автордың кейіпкер тұлғасын сомдауы мен мінездемесін берудегі шеберлігі дәлелді пайымдалған. Ж. Дүйсенбаеваның Ш. Айтматов, Ә. Кекілбаев үшін мифтік әлем көркемдік қана емес, көркемдік мұраттық құрал деген пікірінің жаны бар. Қазіргі қарастырып отырған әңгімелердің бірқатарында аңыз дерегі мен шындық өмір дерегін кіріктіре пайдалану арқылы жазушының айтайын деген негізгі шешімі анықталған. Атап айтсақ, Т. Жармағамбетовтің «Отамалысы», А. Кемелбаеваның «Қоңырқазысы», Ә. Орынбаеваның «Қадишаның қара тасы» осыны айғақтайды. Жоғарыда, аталған әңгімелердің модернистік дәстүрі, философиялық, психологиялық сипаты аталды. Бұдан шығар қорытынды: әңгіме сипаты үнемі бір белгімен тұрмайды, оны әр қырынан тануға мүмкіндік бар. Мұны жаңа реализм бағытында жазылған туындылар деп санадық. Қ. Жанұзақованың зерттеуінде бұл құбылыс «қос желілі туындылар» деп берілген.

Нақтырақ айтсақ, көркем мәтіннің композициялық құрылымын анықтау бірінші міндетіміз болса, келесі міндет – үнемі мазмұн мен көркем пішіннің жаңалығына зер салу.

Әңгімелерді циклды, жинақ немесе жазушы қалауы бойынша триптих (Ш. Мұртазада, Ә. Кекілбаевта т.б.) жасау да композицияны түрлентуге әкеліп соғады. С.Қасқабасов: «Сөз жоқ, әр жанрдың қалыптасқан, тұрақталған белгілері болады. Ол көп жағдайда шығарманың композициясында, сюжеттік құрылымында, баяндау пішіні мен көркемдеу құралдарында сақталады»,- деуі Чеховша айтқанда, әңгіме құрылысында сюжет желісі, баяндау айрықшылығы, кейіпкерлерді даралауда тепе-теңдік ырғағы сақталу және өте таныс көркем мәтіннің өзін оқи келе жаңа қырларын тануға мүмкіндік, Қабдоловша түйіп ескерсек, әңгіме – әсем жанр екендігі мен жазушы-әңгімешіге берілген талап биігінен шығу сыны тұрады.

«Әңгіме көркемдік қиюы оңайшылықпен табылмайтын қиын жанр»,- деген сыншы С. Әшімбаев. Келісуге болады. Сыншы пікірінде әңгіме жанрының табиғаты былай түсіндіріледі: «Әңгіме жазу да жеке дауыста ән салуға ұқсас өнер. Адам көзінің еш нәрсені жасыра алмайтыны сияқты, әңгіме жанрында да жазушы жетістігі мен кемістігін жасыра алмайды».

Жалпы алғанда, әдебиетші, сыншылардың әңгіме жанрын, жазушы-әңгімешілердің табысын айрықшалауда «әсем әуен», «ән», «жеке дауысты ән» түсініктемесі жасалуынан жанр табиғатын аша түскендей пікір түйіледі. Байымдасақ: әңгіме – жазушы жан айқайының әуенді тербелісі, шығармашылық өмірінің тұғыры. Бұл жөнінде Ә. Кекілбаев былай деген: «әдебиетті адамдар басынан өткен шытырман шырғалаң драмалар асырайды. Суреткердің өзімсінетін етене аумағында тағылымды тақсыреттер мен тебіренткен қымбат қасиеттер неғұрлым көп болған сайын, оның шығармаларының адам баурағыш тартымдылығы мен сезім түршіктіргіш психологиялық өткірлігі, әлеумет танытқыштық ойлылығы да солғұрлым мықты бола түсетіндей».

Қазақ әңгімелерінде оқиғаның драмалық белгісі жинақталып, көркемдене түскен. Бұл жөнінде қазақ әдебиетшілерімен қатар И. Крамов, П. Ульяшовтар көзқарасы назарға алынды.

Сонымен бірге ескергеніміз жанрлар теориясы бізге қандай да бір көркем туындаға «әңгіме» деген жапсырма беру үшін қажет емес. Міндет – шығарманы талдап тану барысында жазушының қалыптасқан жанрлық көркемдік сипаттарды қалай қолдана білгендігі мен өзінің жаңадан не қосқанын танып-білу үшін керек.

Прозаның шағын жанрын дамыту кезіндегі жазушылардың шығармашылық лабораториясының тақырыптары көбінесе қоғам айнасы бола білді. Өйткені, жазушының шығармашылығы өмір сүрген ортамен байланысты жоққа шығармайды. Бұған қоса, жазушыны қызықтыратын құндылық та ескеріледі. Жазушы сол байқаған нәрсесіне «жан» береді, қайтадан бейнелеу арқылы екінші өмір сыйлайды. Сан қилы тағдыр болатыны сияқты тақырып та сансыз. Сөз өнерін бағалай алатын жазушы, тақырып көздегенде айтылар көркем ой мен көркем суретті арнайылап таңдайды. Себебі, адам өмірінің түпсіз сыры өзіне беймәлім болғанымен, бақылаушы ретінде жазушы жүрегіне жақын келеді. Жазушы әңгімелерінің тақырыбы осылай шығармашылықпен ойлаудан туындайды.

Проза жанрының қалыптасуынан бастап әңгімелердің тақырыптарының ізімен қарастырсақ, шынайы өмір деңгейлес көріністі анықтай аламыз. Х. Н. Садықовтың пікірімен нақтылай түссек: «... шығарма тақырыбы – бұл, шартты түрде айтқанда, өмірдің өзі, шынайы әрекеті, жазушыны қоршаған әлем және оның шығармасының негізгі өмірлік діңгегі». Мәселен, қазақ әйелінің әлеуметтік жағдайы, теңсіздігі, қоғам арасындағы тартыс, отаршылдық, ағарту т.б. тақырыптары дер кезінде көтерілді. Мұнымен қатар адам жан-дүниесіне үңілген терең де мазмұнды психологиялық мәселелерді қамтитын тақырыптар кең құлаш жайды. «Қаралы сұлу», «Оқыған азамат», «Шолпанның күнәсі», «Қорғансыздың күні», «Кінәмшіл бойжеткен» классикалық шығармаларға айналды. Қазақ қоғамының ғасыр басында және одан кейінгі кешкен түрлі жағдайы мен оқиғалары «Бәти», «Елес», «Күлпаш», «Қара бақсы» әңгімелерінің тақырыптарына өзек болды. Мұнымен қоса «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» сатира бағытындағы сол заманғы қоғамды әшкерелейтін әңгімелер бір төбе. Зерттеушілер еңбектерінде бұлар аталып көрсетілді.

М. Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесінде өмір шындығының контрасты күйінде Ғазиза трагедиясы мен Ақандардың «өмір сүру мақсаты» деңгейінде суреттелуі – әлеуметтік теңсіздікті аңғартқан. Аяусыздыққа қарсы ұмтылдыруы – ұлтты оятып «Оян, қазақ» деп ұрандаумен бірдей дәрежеде. Сондықтан, қазақ әңгімелерінің тақырыптары табиғаттың, кейіпкердің алай-түлей сан қырлы жан дүниесі арқылы өрнектелген. «Қорғансыздың күні» Б. Майтановтың тұжырымдауынша қазақ әңгімесіндегі модернистік бағытты көрсетеді. Жақып қыстауын – мекеншағын (хронотоп) атай келе, М. Әуезов кейіпкеріне тығырықтан шығудың жолын іздетпейді, себебі таусылмас өмір қайшылығына қарсы тұрмай-ақ жеңімпаз еткен деп дәлелдейді.

Қазақ әңгімелеріндегі модернистік дәстүр О. Бөкей әңгімелеріндегі жатсыну, А. Алтайдың «Алтай новелласындағы» меңіреулік, А. Кемелбаеваның «Қоңырқазындағы» Хорланның адамдардан безініп періштелікке ұмтылуы, Ә. Орынбаеваның «Қадишаның қара тасындағы» кейіпкердің өлімнен пана табуынан анықталды. Б. Майтановтың М. Әуезовтің «Қорғансыздың күнінен» пайымдаған тосын, тың дүниетаным мен көркемдік арна модернизм – қазіргі қазақ әңгімелерінде түрліше, бірінде барынша ашық, бірінде білінбей (мекеншақтық белгіге жинақталып) өз сүрлеуіне түскен. Ғазиза қорғаған ар-намыс мәселесі, трагедиялық жағдайы – ұлт рухын паш етсе, аталған жазушылардың кейіпкерлері де тұрмыстың күйбеңінен бөлек оқшау тіршілік етеді. Бұл әңгімелерге кезегінде тоқталатын боламыз.

«Қорғансыздың күніндей» ғасырдың ұлы оқиғалары қаншама болса, әңгіме жанрының тақырыптары да соншама дейтіндей.

Ғ. Мүсіреповтің әңгімелері «Ер ана», «Ақлима», «Ашынған ана», «Адамның анасы», «Өлімді жеңген ана» ел басына ауыр күн түскен жылдардағы ана қаһармандығы десек, «Айгүл қойшының бір күні», «Автобиографиялық әңгіме» әңгімелері жаңа заман келбетінен хабар береді. Ал, жазушының талдау нысанамыздағы 1960 жылдан кейін жазылған «Өмір жорығы», «Қыран жыры» әңгімелері көтерген тақырыптар адам бойындағы жамандықтан арылып, жақсылыққа ұмтылдыратын, сан сауалға жауап іздегенімен құнды. Бұл әңгімелерде халық мүддесі, қиянат пен парықсыздыққа қарсылық және әділет жолында күресуші қаһармандары, күрес жолындағы адамдық пен арамдық, жақсылық пен жамандық т.б. баяндалады. Жазушы Ғ. Мүсіреповтің әңгімелерінде дені түгелдей заман ағымы қамтылды. Жоғарыда айтылған тақырыптарға енген тың жаңа өзгерістер – қазақ қоғамының тіршілік-тынысын, болашақты болжай білуін байқатады.

«Өмір жорығы» әңгімесі Ғ. Мүсіреповтің адамтану мен тағдыр құпиясын білмекке ұмтылдыратын көркем ойы. Таланты ерекше суреткерлердің кейіпкерлері аң ба, балық па, қыран ба, тағы басқа болсын адам бейнесін келістіре көркем суреттеу шеберлігі шыңдалмаса төмендемеген. Қазақ жаны ертегіге сусындап өскен және бәрінің де киесі бар деп ұққан тәлім орны өзінше бөлек. Ендеше, қазақ жазушысының Көкқасқа балығы сөйлеуден бұрын ойлай алатынына, ойлаудан туған ақылды іс-әрекетіне таң қалмайсыз. Таң қалатын жайыңыз – тіршілік жағынан келгенде өмір сүру арпалысы адам деп те, құс деп те, балық деп те бөлінбейтіні. Осылай әр туындыдан жазушы еңбегінің нәтижесінде көз жеткізгенде ғана дана қазақтың кие деген ұғымы шын мәнінде қабылданады.

Әңгіме барды базарлай алмайтын ұрпаққа, әсіресе кеңес заманында дүбәра күйде жалтақтап өскен қазіргі кейбір үлкендерімізге (немересіне бесік жырын айта алмайтын әжеге, ертегі түгіл ақылы өзіне жетпей жататын тоқығаны аз аталарды ескердік) арнап жазылғандай. Ұрпақ тәрбиесі, ұлт келешегі қандай болу керек десең – «Өмір жорығы» шамшырағың болмақ. Қараңыз: «...Күн көрістің бақай қимыл, баяу қозғалыстарын, қапы қалтарысын аңдитын дағдылы бой тасаларын біржола ұмытқандай, оқшау орғып әдейі көзге түседі»,- деген бейнелілік қашан да болсын заман күн тәртібінен түскен емес. Тағы назар салыңыз: «...Теңіз қарнын семсердей тілгілеп жүрген жалғыз өзі ғана емес екенін Көкқасқа енді абайлады. Өзімен ата-тегі бір Азат-мая нәсілінің естияр еркектері түгел түгел құтырынып, теңіз астын олар да дүрліктіріп жүр екен... Үлкен жорыққа жолдан қосыла кетпек болып, жол тосып жүрген жалқау-жампоз қырт еркектер де бар екен ...Ойлағандары өз қамы, өз құлқыны. ...Ата-тегі басқа, аран ауыз – кер азулар да көш-қон қарбаласын аңдып, жем іздеп, жол тосып жүр. Бұл олардың қашанғы әдеттері, өңкей кер азу жем басарлар осындай қарбалас кезінде қарындарын оңай толтырып, қабырғаларын жауып қалады. Ең қатерлі жаулар да осылар. Аузына іліксең, тірідей қылғып жібереді, қабағын да шытпайды. Көкқасқа бұлардан ығысқан жоқ. Қанды ауыздар тобын қақ ортасынан найзағайдай жарып өтті. Құлқын тырбаңмен жүргендер найзағайды қалай ұстап алсын, ауыздарын ашқан бойы қала берді. Аты балық атанғанымен сүліктей жіңішке, қылыштай ұзын Миного дейтін залымдар да тосқауылда жүр екен»,- деуі қазақ халқының шиырлы тағдырын, тосқауылдарын, жеңістерін, жеңілістерін паш етеді.

Дәлелдейік, Сәбит Мұқановқа жазған хатында Ғ. Мүсірепов: «... ұнатпайтыным: алған теманың өзінен басқа, ешқайда бұрылмайтын әдет»,- деп ағынан жарыла отырып айтқан дәлелді түйіні әдебиеттегі ұстаздығына еріксіз назар аудартады. Әңгіме жанрының қыр-сырын кеңінен зерттеп жүрген С. Шарабасов мұны былай бағалайды: «... Сырты қарапайым көрінгенімен Ғ. Мүсірепов – ішті, көп қырлы, жұмбақ қаламгер. ...Әдебиетке ғашық, саясатқа сақ. Әр сөзін жүз толғанып, мың ойланып, айтқанынан айтпағанын көп, сөйлегенінен мегзегені мен астары мол ой-толғаныстар болып шығады». Сол сияқты: «...Алған тақырыбыңды, оқиғаңды неден бастау, қалай жаю, қалай қиыстыру, қалай түюдің жолдары бар. Құр құрастыра берген, үйлестіре берген сөз өлең де болмайды, әңгіме де болмайды. Бальзак, Толстой, Горькийлер суретшілігінің үстіне үлкен шебер: әңгімені тоқсан құбылтып, өзгертіп, жайып, араластырып, аяғында бар мәселені ұсақ бөлшектеріне дейін бір жерге әкеліп түйіп тастағанда барлық оқиға-кесек болып шыға келеді... Үйренетін нәрселеріңіздің ұшы-қиыры жоқ»,- деп өз пікірін ұсынады. Қараңыз: «...Кірпияз Жапония, алыс Африкадағы Алжир, Гвинея, Сенегал, Нигерия, ұлы паң Рим, көптілді Дели, жұмбақ Индонезия сияқты тағы көп шет елдерде Ғабит Мүсіреповтің «Ана» циклі, «Жапон балладасы» триптихі, «Қазақ қалпында» психологиялық ұштағаны, «Сөз жоқ, соның іздері» саяси әңгімесі, «Этнографиялық», «Автобиографиялық» диалогия әңгімелері, «Өмір жорығы», «Қыран жыры» анималистік хикаялары, «Жеңілген Есрафил», «Ер Қаптағай», «Ана жыры» мифологиялық үштік әңгімелері әлі ықыласпен оқылуда»,- деген С. Шарабасовтың тұжырымды ойы әлемдік көркем әңгімелердің қатарын толықтыратын межені, әрі қазақ жазушысын биіктетуден қазақ әңгімелерінің мәртебесін және сол арқылы қазақ әдебиетінің жетістігін белгілетеді.

Қазақтық болмыс айтылған уақытта мінез, ұстаным назарда болуы тиіс. Әсіресе, қазақ халқының әділдігі көрінетін тұс – өткір әжуаны тәрбиелі бағытта қабылдауы, орындауы. Бұл қағида біздің әдебиетімізде қалыптасқан. Ғ. Мүсіреповтің әңгімелерінің әдеби тәсілінде әжуалау шығарма мұратын әдемі өрнектеуге жетелейді. Сондықтан суреткердің «Жапон балладасы» циклындағы әңгімелерінің соғыс тақырыбы «күлдіре отырып» жылатады. «Арқаның әңгімесі» шындықты батыра отырып, келекелеу арқылы бос мақтан, өзгеден өзін артық санауды аямай түйреп өткен, «халық құдайдың екінші аты» қағидасын үйреткен тәлімді шығармасы. Қараңыз: «...Мен өзімше, бір-екі күн ессіз болған сияқтанамын. Бірақ, Америка институтының адамдары, әсіресе бір соғыс докторы маған екі ай бойы ұрысып жүріпті.

– Не деген қырсық адам, арқасының қалай күйгенін, бомба жарылған эпицентрден қанша жерде күйгенін неге тезірек айтпайды?! Соғыс ғылымы үшін оның қандай маңызы барлығын түсінбей ме екен! Жоқ, ол жақсы түсінеді. Қасақана айтпайды. Намыстанған болады, қорланған болады!.. Елің жеңіліп, тізе бүгіп, бас иген шақта мұныкі қай қорлану екен? Елің бас иді, ақымақ жапон, императорың бас иді, күнің бас иді!..». Мұндай бейнелеу құралдарында психологиялық жағдай, дауыс ырғағы, ой мен сезім молынан кездеседі: «Қазақ прозашылары да бірінші жақтан әңгімелеудің бүкіл стильдік ерекшеліктерін егжей-тегжейлі танып дамытумен бірге оның түрлі әдеби тәсілдерін де өздерінің табиғи таланттарының рухымен, шеберлік даралықтарымен, шығармашылық ізденулерімен жетілдіре түсті. Бірінші жақтан әңгімелеудің жаңаша тәсілдері, дәлірегі, жаңаша белесі қазақ прозасы үшін тың құбылыс болғандықтан сол кездері әдеби өмірде, жазушылар мен сыншылар арасында айырықша қозғалыс, ірі пікір талас тудырғаны да белгілі»,- деген болатын Г. Пірәлиева. Соғыс осындай санасыздардың «ойынынан басталатынын» ескерткен: «...Біздің екі қалаға американецтар атом бомбасын тастаған,- деп бір тоқтады. – Неге? – Шыдаммен тыңдаңыз демедім бе? Тәжірибе жасаған көрінеді. Алғашқысы тәжірибе, екіншісі тәжірибенің дұрыс екендігін біржола анықтау ...Ә? Ол туралы екі жорамал бар. Жапония жеңіліп тізе бүксе де оның аржағында біржола бұқтырып тастау болса керек ...Одан соң, одақтастарының өзін де ықтырып алу... Соғыс арты қашан да бірдемені бөлісу, соғыс атын әрірек апарып арқандаумен аяқталатын әдеті бар емес пе... Жұрт аузындағы жорамалдар осы».

Суреткер жазушы кейіпкеріне өмірдің жақсы-жаманын «арқалату» мақсатында емес, кейіпкердің жан-дүниесіндегі сапырылыспен қараған. Әңгіменің мәні – әрбір адам қиындықпен кездескенде жеңіп шығуды, құндылықтың сырын түсініп қана қоймай, сол үшін күресе білу насихаты. Кейіпкерінің ауыр жағдайын суреттеген юморлық тәсілін байқаңыз: «... Есім кіргеннен кейін ақ халат киген доктордан неге жатқанымды сұрадым.

Арқаң Жапонияның географиялық картасындай,- деді ол. – Оң жақ жауырыныңа Хоккайдо аралын салыпты... Ұлы Хонсю түгелімен оң жақ жоныңда... Мықыныңда Симоносеки қылтасы... Саныңда Кюсю... құдайға шүкіршілік ет. Осының бәрі сол жағыңда болса, оянуың қиын болатын еді.

Мен мұны неше айдан кейін сұрадым, оны да білмеймін. Талай күндер әлденені сұрағым келіп, сұрауға тілім келмей жатқаны есімде.

Келер жолы доктор менің арқамды мақтаңқырай суреттеді: – Арқаң енді айта қалғандай!.. Бедерлі де бұдырлы... Фудзиама тауы да, Асахи тауы да бар. Тюгоку, Кюсю жоталары да бар. Хиросима, Нагасаки қалалары да өз орындарында... Соғыс уақытында шыққан бедерлі карталардың ішінде бұдан әдемісі аз болар...». Әсіресе: «...Арқамды он алты рет жаматтым. Бір елдің бедерлі географиясын арқалап жүре беру ауыр болды. ... тілдіріп алам да жаматам, тілдіріп алам да жаматам... терісін тіліп алған жерлерде жаңа жаралар пайда болады...». Мүсіреповтің жаны да, тәні де жаралы кейіпкерінің шыдамы беріктігін бағалай бастайсыз: «Қазір мен ақ қанды адаммын. Қызыл қан азая-азая сарқылып келеді. Жиырма жыл жасау үшін де аз арпалысқаным жоқ. Әлі де алысып көремін ...

Жасым әлі қырыққа жеткен жоқ. Кейде үйленгім келеді. Қиқы-шойқы, шалажансар бір мүгедік туып жүрсе қайтерміз?

Тегінде, доктор дұрыс айтқан болар. Еркекше шыдау керек болатын шығар...». Суреткердің таланты қарапайым баяндаудың қалтарысына азаматтық ойды өрнектей алған шеберлігінен шыққан. Шағын әңгіме эпикалық кеңдікті қамти алған. Кейіпкердің баяндаулары сезімнің сырлы сөйлесулері сипатында көркемделген. Г. Пірәлиева пікірімен бекіте түссек: «...алпысыншы жылдары бүкіл ұлттық әдебиеттерде бой көрсеткен бұл сапалық өзгеріс әсіресе характердің еркін өсу мәселесін кеңінен өрістетуімен қатар бірінші жақтан әңгімелеудің субъективті тәсілдерін жетілдіруді іздестіре бастады. Оларды әсіресе Батыста көп тараған тәсіл- ішкі монолог пен «сана ағымы» техникалары қатты қызықтырды».

Жеке адам тағдыры арқылы, жеке адамның жүрек жарасы арқылы бүкіл жапон халқының, қала берді бейбітшілікті қалайтын барлық ұлттардың соғысқа қарсылық үні мен жиренішін бағамдаймыз. Жапон халқының өмірінен толғаған әңгімесі қазақ әдебиетінің ұлттық кескінінде көркемделіп, сонымен қатар әлем әдебиетінің азаматтық тақырыбына нәр берді. Бастан-аяқ ирониялық стильмен бейнелей отырып жаралы кейіпкердің портретінен елдік пен ездікті ашады. Даңғойлықтың, әсіресе ел басқарушының кішкентай қателігінің өзі халық үшін қымбатқа түсетінін қатты айыптаған. Ғ. Мүсірепов келемежделетін өмір құбылыстарын дәл тауып жаза білген.

«Жапон балладасының» құрылымдық ұйымдастырылуы астарлы ойға сүйеніп, әңгіменің мұраттық мазмұнын тереңдете түскен, кіші прозаның жанрлық кеңдігін сапалы жаңартқан. Әрбір цикл сөйлетулері, сұмдық қатігез трагедияның түрлі шегін жалаңаштағанымен, бірін-бірі толықтырып, біртұтас суретке құралады, яғни біріге түскен. Адам басына тілемейтін азап, шектен тыс қайғы, өмір апаты – адамның қарсылықты әрекетін жинақтайды. Және оның жолына адамның қолымен жасалған қорғаныш керек»,- деген Б. Жетпісбаева пікірі талдауды бекіте түседі және де «Көпқырлылық, мазмұндылық – жылжымалы қасиет, символ-әңгіме жанрының тініне тән, басқа икемді әдебиет пішіндерінен осындай айырмашылығы бар»,- деген пікіріне де толық қосыламыз. Трагедияның өзін «күлдіре отырып кінәлау» тәсілімен бейнелеу кейінгі жазушыларға тиісті ықпалын бере алған. Мысалы, Ж. Молдағалиев әңгімелеріндегі өмірдің кейбір сорақылығын, тіпті трагедиялық жағдаяттарға жеткен мәселелерді Мүсіреповтік «комизм» тәсілінің көмегімен тапқырлық таныта бейнелей алғанын әңгімелерін талдау уақытында дәлелдедік. Күле білу шеберлігі қазақтың қанында бар болғандықтан қазақ жазушыларына жұғыстылығы таң қалдырмайды.

Ұлттық сипат десек, оған алдымен ұлттық мінез, ұлттық психология, ұлттық дәстүр, ұлт тілі құрамдас болып жинақталатынын ғылымда дәлелденгені жазушылардың бейнелеу құралдарындағы суреттілік стилін тану жұмысымызда көмегін тигізді. Қазақ әдебиетіне тән ерекшелік жазушылар шеберлігінен құралған. Жалпы халықтарды біріктіретін психология бар да, сол сияқты оларды бір-бірінен ажырататын ұлттық мінез бен ұлттық дәстүр бар. Ғалым-суреткер М. О. Әуезов «Манас жырының» поэтика-сөздік амалдары» зерттеуінде мұны былай түсіндіреді: «... Күлкілі ету, нақтылы тақырыпты жан-жақты ашу, жарықтандыру амалы, дінге қатысты бірнеше сәтте көрсетілгені кездеседі... комизмді мұсылмандар жылдам сезеді ...». Басқа әдебиеттен айырмашылық, тіпті шеберлік мектебі «майдан тартқан қылдай» жүйеленуі керек. Әлем әдебиетіндегі трагокомедия жанрының қалыптасуына осындай ұшқын әсері және әр ел әдебиетінің ұлттық болмысы толықтыра дамыта бастаған.

Әңгіме жанрының тақырыптарының толығуы жастар жайына қатысты ой-дүниелерді, жастар бойындағы оң өзгерістерді дәріптей түсіп, сонымен қатар дәстүрді қастерлеу мәселелері шешілді. Көбіне отбасы тағдыры: махаббат, әке мен ананың бала тәрбиесіне дәрменсіздігі әдеби көкжиекке көтерілді. Қазақ әңгімелерінде адам санасының «елу жылда ел жаңа» бағытымен жалғасуы психологиялық тақырыптарды жаңалай түскен. Ғасыр басындағы шығармашылық тәсіл жалғастығын байқататын белгі ретінде жазушы Ғ. Мүсірепов аударма әңгімелердің пайдасын ескерді және қазақ әңгімелері қатарын байытудың бір жолы деп қараған.

Өнерпаздар тақырыбындағы Ж. Аймауытовтың «Әнші» әңгімесінен басталған (прозада «Абай жолы») тақырып, Ғ. Мүсіреповте «Атақты әнші Майра» әңгімесімен жалғасты. Шығармашыл адамдар жайындағы Т. Ахтановтың «Алғашқы ән», «Қызғаныш», «Күй аңызы», Т. Әлімқұловтың «Сарыжайлау», Т. Ақшолақовтың «Топайкөк», А. Сатаевтың «Кісен ашқан», Н. Әбуталиевтің «Байеке әнші», Т. Қажыбаевтың «Теміртас», С. Нарымбетовтің «Тентек» әңгімелері қатарын кейіннен Б. Нұржекеұлының заман өзгерісімен қабат өрілген тақырыптағы әңгімелері толықтырды. Сондықтан, қазақ әңгімелерінің 1960 жылдардан кейінгі тақырыптарында қазақ халқының қастерлісі өнер, өнерпаздар турасына қарай ойысуымен, зиялылық тақырыптарының көкейтестілігімен ерекшеленеді.

1960 жылдан кейін дүниеге келген әңгімелер М. Әуезов, Б. Майлин дәстүрінің тақырыптық жалғастығында көрінгенімен ауыл мәселесі әр жазушыда әрқилы қырынан байқалды. Бір ерекшелігі ауыл тақырыбы ауқымдана бастады: соғыс зардабы, жесірлер мен жетімдер мәселесі, қоғам санасындағы жаңалық (Т. Ахтановтың «Көкқұтан» әңгімесі) «ауыл» тақырыбының аясында ашылды. Орыс әдебиетінде де «ауыл тақырыбын суреттеушілер» дейтін тұс 1960 жылдардан кейінгі уақытқа жатады.

1960 жылдан кейінгі уақытқа жүгінсек, орыс әдебиеті мен одақтас елдер әдебиетін қатар қарастыру орынды.

С. Мұратбековтің «Күсен-Күсекесі» еңбек адамының, соншама ақкөңіл адамдар тағдырын бейнелеуімен ерекшеленді. Әдемілігі сонша таптық тақырыптың таптаурын болған тұсы өзгеше пайымдалады. Қарапайым еңбек адамының «бұрқыратып» еңбекақы алу төңірегінен басталатын оқиғалар тізбегінің өзі С. Мұратбековте басқаша қырынан танылады. Күсеннің портретінен қой соңындағы ауыр бейнеттің таусылмас мехнатын көргендей боламыз: «Кішкене шегір көздері әлі де қызарып жасаурап тұр. Күреңітіп тотыққан жүзі ұйқыдан тұрғандікі болар, сәл ісіңкі. Тырнақтары сынған, кейі мүжілген, барбиған жуан саусақтарымен көзін уқалап, сүртіп, онан тақырға өскен тікенектей тікірейіп өсіп кеткен иегіндегі бес-алты сақалын, мұртын сипап қояды». Жазушы қойшының салақтығын бақылатып отыр деуден гөрі, әйелі екеуінің жан баққан тірлігінің қиындығына нұсқаған ишарасы деп қабылдадық. Қараңыз: «Қырынып алса болар еді,- деген ой келеді, бірақ жылы су жоқ,- жарайды, түсте шайға келгенде қырынармын». Шай үшін қайнатылған су болғандықтан жылы суға қолы жетіп қалады. Бір қарағанда елеусіз секілді болғанмен, ескертпе көп. Шопанның «бұрқыратып алатын ақысына» тұрмайтын бейнеті сөз етілген. Кейінгі әңгімелерде бұл заман өзгерісіне қарай ащы шындықпен айтылған жайтты, А. Алтайдың «Тасбақаның тақырындағы» шопанынан байқадық.

С. Мұратбеков қазақ әңгімесінің көркем деңгейін жоғарылатуға үлесін қосқан. Қарапайым еңбек адамдарының тағдыры арқылы әлеуметтік зор мәселелерді түбінен зерделеткен, кейінгі толқын жазушылар шығармашылығына үлгі болған. Әңгіме қазіргі күнде де өзектілігін жоғалтпаған. Жемқорларды аямай әшкерелеген тұсы: «Мойындарына ақша мінген адамдардың өстіп шопандардан жылу жинайтын әдеті. Басқалардай емес шопан деген жылуға жомарт халық. Әсіресе, қолдарымен ұстамаған ақшаға жомарт»,- шопандарды есепшісі де, басқасы да «иемденгенін» байқайсыз. Жазушы қоғамдағы «іріңді» мәселелерді көтерген.

Қазақ әңгімелері негізінен қиын да жан-жақты қарым-қатынастан өткен кейіпкер арқылы әлеуметтік-қоғамдық ортаның қандай екенін танытқан.

С. Мұратбековтің «Күсен-Күсекесінде» табиғат бейнесі өзінше бір дүние: «Біртіндеп күн шыға бастады, сығалап шеті көрінді дегенше төңіректі жалқын нұрға орайды. Қызғылт сәулесі көз жетер жердегі бүкіл кең даланы бір-ақ жалап өтеді, тек ойдым-ояттарға ғана әзірге бояуы тимейді. Әлгінде ғана боз қырау боп жатқан қалың шық лезде жым-жылас жоғалады». Күсеннің дарқан көңіліндей күн де түгел төңірекке мейірімін мол төге түскен. Осындай тәсіл қазақ әңгімешілерінде ізденісте деп айтуға болады. Кейінгі әңгімелерде мінездеме құрауға көмекші болудан қаһарманмен теңдес кейіпкер-табиғат бейнелілігінде көріне бастады.

Қазақ әңгімелеріндегі кейіпкерлер тұлғалық жағынан табиғатпен егіз жұптастырылған. Әсіресе, бұлт пен қардың табиғи қалпы айшықтау тәсілінің қабатында суреттеуде ұтымды пайдаланылған. Атап айтсақ, Т. Жармағамбетовтің Желі мен жыртық бұлты, О. Бөкейдің Мамыркөлі, Ә. Орынбаеваның қара тасы, А. Кемелбаеваның аққу-бойжеткені т.б. Қазақ әңгімелері, яғни ауыз әдебиетінің табиғатты кіріктіру арқылы образ туындату тәсілі жағынан даралық көркемдікте алдыңғы әдебиеттен кем қалмаған. Кейіпкер мінез-құлқы табиғатпен, табиғатқа тән құбылыс бейнеге телінуі – жазушы мұратын ашудағы басты бейнелеу құралы болып қалыптасқан тәсіл.

Жаңалық – бұрынғы бар тамаша дәстүрді меңгеруден, игеруден басталды. Ғ. Мүсірепов: «Тақырып кейде таудан құлардай, кейде өрге ұшардай ойлантады»- десе, шығармаға тақырып таңдау – символ-әңгіме тууына түрткі әрекет екені көбірек көзге түсуде (Б. Жетпісбаеваның символ-әңгіме зерттемесі негізінде және Мақпал Оразбектің ғылыми мақалаларында символдық образдар туралы пікір айтылған).

Б. Майлин әңгімелерінің тақырыптарында Н. Гогольдің, А. Чеховтің, М. Горькийдің, татар жазушысы Ғ. Ибрагимовтың ықпалы болды және Ғ. Мүсірепов Чехов, Горький, Мопассан, М. Әуезов, Б. Майлин шығармашылығынан дәстүр қабылдады деген академик М. Қаратаев пікірі кейінгі жазушылардың Мүсірепов мектебінен тәлім алды деген пікірімізді салмақтай түседі. Әңгіме жанрында еңбегі еленген жазушыларымыз Т. Жармағамбетов, Ш. Мұртаза, Ә. Кекілбаев, Ж. Молдағалиев, Т. Ахтанов, С. Мұратбеков, Ә. Тарази, О. Бөкей, Т. Әбдік, М. Мағауин, Ә. Сараев, Т. Әлімқұлов, Ш. Құмарова, М. Әбдіқалықов, Д. Досжанов, Қ. Жұмаділов, А. Алтай, М. Байғұт, Ә. Орынбаева, А. Кемелбаевалардың әдеби үрдісте жанр мен тақырыптың дамуына үлестері мол. Талант иелерінің ізденісінен үнемі ұлттық топырақтың және әлемдік әдеби стилдің, тақырыптың, жанрдың өрісі аңдалды. Әр жазушыдағы жаңа стиль ілгері басудан, көне дәуірге қайта оралудан тұрады. Жете айтсақ, үлгі тұтқан бір жазушының шығармашылығының өзінде бірнеше қабатты өнер тағылымы жатады. Ал, ол мәдениет көне дәуірден басталған сөз өнеріне соқпай қоймайды. Әрбір әңгіме қозғаған тақырыбына сәйкес дәуір, заман сипатымен, қоғам мүшелерінің психологиялық таным дүниесімен байланысқан.

Т. Әбдіктің «Оң қол» әңгімесі көптеген жазушыларға ой салды. Фантастикалық қыры: «оң қол басқа қулық ойлап тапты. Ол Алманың көзі ілінісімен байлаудан жұлқынып, дамылсыз ырғап, оята бастайды». Жазушы кейіпкердің өз санасынан тыс ниетін іс-әрекетке көшіру үшін дерексізді деректендіру тәсілін қолданған, оң қолды бұйрық орындаушы етіп жандандырған. Алманың оң қолы шынымен де өлтірді ме екен деген ой басыңнан кетпей қояды. Жазушы трагедияның себебіне үңілтеді: «өзін-өзі өлтіру ниеті қыздың миында бар деген сөз. Бірақ ол ниет кімнің ниеті, қайдан келген. Алманың бүкіл өткен өмірін, мінез-құлқын, адамдардан қарым-қатынасын зерттей келіп, мұны өз басынан туған ниет деуге себеп таба алмадым. Бұл қалайда қанмен, тұқым қуалап келген ниет. Науқастың шешесі, иә әкесі, иә әкесінің әкесі бір кезде өзін-өзі өлтірмек болған. Енді олар әлдебір құпия заңдылықпен Алманың санасында тұрып, өздерін-өздері өлтіргілері келеді. Бірақ олардың өздері жоқ. Санасының иесі – қыз өлуге тиісті». Мұсылман халқында өзіне қол салған денені жерге аруламай береді. Шариғатқа сәйкес келмейді деп түсіндіретін жайтты Т. Әбдік суреткерлік қиялымен өрнектеген. Жазушы жақсылықтың да, жамандықтың да жеті атаға кететін заңдылығына қайта оралтады. Психиатриялық аурухана құпиясын жария еткен алғашқы әңгімелердің бірі – «Оң қол» болатын. Қазіргі кезде таңсық емес құбылыс: «ішкі тұлғаның екіге жарылуы деп атайды. Психопатологияның бір түрі. Яғни бір дененің ішінде екі түрлі «жан иесінің» кезектесіп, не қатар өмір сүруі. Мұның бәрі мидың шешілмей жатқан жұмбақтары ғой...»,- деп баяндалған. Жазушының «дәрігердің әңгімесі» деп айдар тағуының өзі оқырман сеніміне кіріп, оқып-білгенінен ғибрат алуға көмектесе түскен. Т. Әбдік дәрігер монологы арқылы жалпы адамзаттық мәселелерге тоқталады: «Олардың ешкімге ешқандай зияны жоқ. Егер дүниедегі бар зиянкестікті тексерер болсақ, солардың бәрін жындылар емес, сау адамдар жасаған ғой». Сол сияқты қазақтың діліне сіңген туыстық-бауырластықтың мәні қаншалықты күш екеніне назар аудартады: «Дүниедегі ең қиын зат жалғыздық қой. Төңірегіңде іштегі қайғың мен қуанышыңды өзіңмен бөлісе алатын жан серік адамдар барда тірліктің де, өлімнің де бір мағынасы болуы хақ. ... сенің өлімнен қашып, тіршілікке ынтығуыңның өзі сол тіршіліктің мағынасы барын дәлелдейді». Өркениетті елдердің бақуатты адамдарының көпшілігінде байқалған психологиялық жалғызсыраудың төркініне Т. Әбдік осы әңгімесінде нүкте қойған. Тағы бір ерекшелеп талдай түсу керек тұс – жазушы үшін рухани байлық бәрінен жоғары тұрады. Қараңыз: «Алма бойындағы рухани жалғыздық та осыған ұқсас бірдеңе еді. Мен Алманың жалғыздықтан құлазыған көңіліне қалай да олай жалғыз қарасын болып енгім келді». Жазушы әңгімесінің адамдарға рухани демеу боларына көңіл сенеді.

Кейінірек А. Кемелбаевада «Жан иесі» секілді әңгіме тақырыбы сана мен қиял құпиялығы меңдеген пішіні бөлек кейіпкерді, әдеби мінезді әкелді. Әдебиеттануда: «Әдеби мінез – кейіпкердің мінез бітімі, адам бойына, психологиясына, қимыл әрекеттеріне тән сан түрлі қасиеттердің бірігіп, біте қайнаған тұтастығын танытатын мінез-құлық өзгешілігі»,- деп тұжырымдалған.

Қазақ әңгімелері XX ғасырда өмір сүрген адамдар (кәсіп иелері, өнерпаздар, мінез иелері, зиялы ұлт өкілдері т.б.) бейнесінде көрінген.

Әңгіме тақырыптарының сәтті ашылуының бір сыры – жазушыларымыздың оқырман психологиясын дұрыс танып, соған қызмет жасап еңбек етуі. Әңгіме жанрында тарихи тұлғалардың пайда болуының өзі де осыдан болса керек.

Әңгімелер туындаған кезеңдерге қайта үңілсек: алпысыншы жылдары кеңес әдебиеті тұлғаның өзін-өзі бағалауы секілді көкейтесті, маңызды мәселені қойды. Осы ұмтылысы жалпы әлемдік үрдістермен сәйкес келетін. Және бұл мәселе соғыс аяқталғаннан кейінгі он-он бес жыл өткен соң өзектілікке айналды (Л. Лазарев пікірі). Қасіреті жүректе мәңгілікке жан ауырта қалып қойған, зұлмат тарихтың маңызды бір сабағы аршылуы керек болатын. Сондықтан жазушыдан сол оқиғалардың суреттемесі ғана емес, адам атына лайықты кім деген сұраққа жауап күтілді. Атап айтсақ, мұндай әңгімелердің қатарына (Т. Ахтановтың «Жоғалған дос», «Тауап» әңгімелері мен т. б. жазушылардың әңгімелері қарастырылғандықтан қайталамауды ескердік) «Жүнді барақ», «Ақсай мен Көксай», «Интернат наны» т. б. Сонымен қатар Отан тағдыры поэзияда жаңа сипат алған болатын, мұның да әсері болмай қалмады. Себебі, көптеген жазушыларымыздың шығармашылық жолдары өлең жазудан басталғаны белгілі. Ал, жетпісінші жылдардың прозасындағы сипат – әр әңгіменің мұраттық-көркемдік деңгейінен бастап, жеке сөйлемдердің қолданылуының әсер етуі зерттеу нысанасы болған.

«Әлемдік әдебиеттанудағы жаңа үрдіске сүйенген зерттеулерде көркем шығарманы «мәтін» деп қарауға ойысу басым. Осы тұрғыдан оны пайымдау және қабылдау өзекті саналады. Автор және оқырман, кейіпкер, автор тұлғасының астарлы, көп мәнді поэтикалық бітімі, адресат, көркем деталь, таңбалар жүйесі және символ мәселелеріне көбірек көңіл бөлінеді»,- Т. Тоқбергеновтің пікірі бізге сілтеме талдау жолын нұсқады. Бұған жазушы Т. Жармағамбетовтің «Отамалы» әңгімесінің тақырыбы дәлел болады. Қазақтың тұрмыс-салт жырларындағы сыңсу мен жоқтау өлеңдерінің өзі ішкі сөз (внутренний монолог) тәсілінің қазақ ауыз әдебиетіне жат еместігін көрсетеді. Тәсіл – жанр тоғысында сөйлету арқылы көрінген. Әңгіме тақырыптарының ішкі сөйлетуге бейімделіп бүтіндік құрауы бұрында бар амалдарды пайдаланудың түрленуін аңдатады.

Тағы бір ескергеніміз, М. Әуезовтің мына бір тұжырымы болды: «...Әңгіме жанрына ықшамдылық жарасады. Соның өзінде етек жеңнің қысқалығы емес, бойға шақ қонымды болуы керек...». Қазақ әңгімелерін талдауда мақсатқа жетудегі бір міндеттің санатында қолдандық. Бұдан айтпағымыз тақырып деталға, деталь тақырыпқа айналуы табиғи жанрлық қалыпты тудырады.

Қазақ әңгімелеріндегі тақырып өз замандастарына арналады. Өткені мен бүгінгісі, болашағы туралы толғансын мейлі, айналып келгенде философиялық көзқарасты замананың қазіргі өмір сүру қалпын танисыз. Басты тақырып – Адам мен қоғам осыдан туындайды. Проза жанры қалыптасқан уақытқа бағытталсаңыз – әйел тағдыры. Одан кейін соғыс тақырыбы, ауыл тақырыбы, құндылықты бағалай білуге ұмтылдыру. Оған себеп – жазушы дүниетанымы. Жазушы дүниетанымы орта мен қоғамға тікілей байланысты. Жазушы ізденісі, мақсаты замани, әдеби бағыттан жетіледі. Көркем шығарма оқуға, өнер деп тануға дағдыланған оқырман сыны және ғылыми түсініктің де әңгіме тақырыптарының аясының кеңеюіне, түрленуіне әсері болды. Жазушылар шынайы тағдырды философияға, психологиялық иірімдермен бөлей баяндайтын мұрат пен пішін төңірегінде ойланды. Өйткені, К. Ахметов пікірінше: «...әдеби туындының пішіндік (стиль, жанр, композиция, көркем тіл, ырғақ), мазмұндық (тақырып, фабула, конфликт, характерлер, жағдайлар, көркем идея, тенденция) немесе мазмұндық-пішіндік (сюжет) көріністері болып табылатын түрлі бөлшектері, жекелеген жақтары пішін мен мазмұнның біртұтас күйдегі шындығы болып табылады».

Көркем ойға еркіндік беретін күрделі, астарлы әңгімелер саяси-әлеуметтік тұрмысты танудан пайда болды. 1960 жылдардан кейінгі дәуірде қажеттілік көбіне шынайы руханиятта жатты, яғни тіл тағдыры, одан әрі баба тарихына үзілмес «байлау жіп» жасау, тегі мықты әдебиетке барынша оралу мұқтаждығынан туды. Әңгімелер жазылып қана қоймай, қалың көпшілікке XX ғасыр басындағыдай қарқынмен тарауы да қажет болатын. Сонда ғана қазақ әңгімелері өзінің қоғамдық сананы сілкіндіру қызметіне араласатынын жазушылар дұрыс түсінді. Сезімшілдік, сыршылдық, реализм, романтизм аталған қажеттіліктерден жаңа түр болып қазақ әдебиетіне қосылып, бағаланды. Қазақ жазушылары көркем ойды қысқа мерзімде қабылдайтын ерекшелігіне сай әңгіме жанрына жүгінді. Бұған қазақ әдебиетінде М. Әуезов әңгімелерінің тақырыптық мазмұны мен көркемдік мұраты дәлел. «Оқығандарынан» білімді жастардың парасаты да биік болса деген көркем дүниетанымын тақырыпқа қазық еткенін танисыз. Өзімшілдік тақырыбын жиренте жазғаны сондай кейінгі әңгіме шеберлері шығармашылық үрдісте тақырыптық ізденісте алып жүр.

Қазақ әңгімелерінің тақырыбы әрқашан тарихи қайта көркемделеді. Ол дегеніміз – жақсылық, әділдік, имандылық, ерлік, қонақжайлық т. б. қазақы қасиеттеріміздің тегі бар дегенге оралу. Әңгіме жанрының локанизмділігі де, яғни қисындық тұрғыдан тақырыпқа қатыссыз элементтер болмау керегі жазушыларымызды пішін төңірегінде тақырыптық ізденіс жасауына итермелеген. Сондықтан да тақырыптық мазмұнды топтастыра алғанымызбен әдіс т. б. әңгіме көркем өрнектерін бірыңғайлы ете алмаймыз, мүмкін де емес (...З. Бисенғалидың Ақбілек образын Гамлеттік түйінмен беруі, дәстүрлі әйел теңдігі тақырыбының өзі қазақ қыздарының теңіне ұмтылуы ғана емес, қоғамдық еңбекке көз тігуі деген пікірі ой тастап қызықтырды).

Қазақ әңгімелерінің пішіні көп қырлы болып келеді. Әңгіме тақырыбы бір мәселелі болады. Әдеби кезеңдердің сәйкестігіне қарай әңгіме тақырыптары жалпы түрде Ұлы Отан соғысы, өнер, кәсіп иелері тіршілігі, мәңгілік тақырыптар: махаббат, жастық дәурен, өткенге үңілу тағылымы т.б. болып қалыптасқан. Қазақ әңгімелерінде әрбір жазушыда дәстүрлі ұлт ұйтқысы аналар тақырыбы, әйелдер тақырыбы кең қамтылған. Аталған тақырыптар өмір қозғалысына икемделетіндіктен сол қоғамда өмір сүретін адамдар туралы да таным береді. Тақырыптың түрленуі мен жаңалығы жазушының белесін, ал жазушы белесі ұлттың болашағына болжал жасатады.

Әңгімелері аталып, талданған жазушыларымыздың негізгі суреткерлік стилі – әңгімедегі лирико-психологиялық әуезге бағыттала тәсіл таңдауы. Әсіресе кейіпкерлерінің сырласу әрекетін қамтитын, әрі жан дүниесінің түкпірінде жатқан психологиялық иірімдерін шым-шымдап тағдыр хикаяларымен ұштастыратын жазушылық тәсілдері сәтті болған. Алпысыншы және одан кейінгі туындаған қазақ әңгімелерінің көркемдік айшығы кейде тіпті бір-біріне мүлде ұқсамайтындай да болып көрінеді. Жазушылар шынайы дүниенің ескерусіз жатқан тұсын бейнелеп, адамгершілік сипатындағы көркем ойға жетуінде жазушының қиял-ой елегі табиғи секілденіп нақтылыққа дөп түскен. Сондықтан, мұндай әңгімелердің стильдік ерекшелігі – көркемдік бейнелеудің түрліше тәсілдерін синтездей алу шеберлігіне ден қойғаны көрініп тұрады және де әр жазушының өзіндік жазушылық көзқарасы даралана бастаған. Мысалы, жазушы Б. Нұржекеұлының «Ойыннан от шығады» деп аталған қысқа жазылған әңгімесі дәлел.

Бір отбасының екі баласы: екі жарым жасар Кәлила мен одан сәл ересектеу Бағжан. Балалы үй базар дегендей Кәлиланың думандығы – әжесінің, әкесінің, анасының дауыстары мен қылықтарын айнытпай салуы. Ал Бағжанның әуестігі қарындасын машинадан да, мысықтан да, ит, есектен де, құмырсқадан да қорқыту, сөйтіп: «ересектігін ...дәлелдегеніне ...дән риза» ойын таңдап алған. Жазушының баяндауындағы: «...Қой, қорқытпа, өзге ойының құрып қалды ма?- деп құлақ етін жейді. Олар өйтті екен деп қыруар қызық, арзан рахаттан Бағжан құр алақан қайтіп қалсын, қорқытқаннын қоймайды да, не оған тоймайды да. ... Солардың ішінде Кәлиланың сұмдық қорқатыны – самолет. Одан үрейлендіруге Бағжан да епті:

– ойбай, Кәлила, көтеріп кетеді!- дейді өзі де әбден абыржыған боп»,- деген әңгіме басталымы қазақ халқының ертеден айтып келе жатқан «жақсы сөз жарым ырыс» немесе автор назарын тіккен «ойыннан от шығуы» нақылының тек тағылымдық жағын ғана емес кейіпкер психологиясының табиғатына, яғни бала сезімінің әсершіл екендігіне, нәзіктігіне, сезім дүниесінің қалай қалыптасатынынына мән бергізеді. Бұл ересектер прозасындағы бала бейнесі десек те үлкендерге сабақ болатын тәлім ретінде көркемделген. Бір қарағанда қарапайым баяндалған секілді көрінетін Нұржекеұлы әңгімесі бірте-бірте көркем бояуының қанықтығын анықтата бастайды. Қараңыз: «... Тағы бір күннің тапа-тал түс кезі. Аптап ыстық, қапырық ауа, тымырсық. Кәлила қора төңірегіндегі бір тұтам көлеңкеге қуыршағы екеуі әрең сыйып отыр. Алаңсыз, өзімен-өзі әлек, қуыршақ қызын он киіндіріп, он шешіндірген шығар»,- деуі толғаныс. Ойын ретінде болсын қуыршақты киіндіріп отыруға көңіл бөлген Кәлила ғұрлы болмаған «алаңсыз» ата-ананы айыптайды.

Жазушы өз заманының кеселі – жауапсыздық, түсінбеушілік деп есептеген. Дәлеліміз: «... ойланыңқырап тұрып,- құбыжықтарды айтып, біздің қазақ баланы қорқытып ойнағанды қызық көреді. Мынау, міне, сондайдың зардабы. Қаш деп үрейлендірмей, «ол – самолет, ұшады, қонады, қандай жақсы, әдемі, оны да адам айдайды»,- деп құлағына құя берген бала бүйтіп қорықпайды. Дананың ақылы баланың ойынынан басталады, ойын да үлкен тәрбие. Ойнау үшін де ойлану керек»,- деп дәрігер кейіпкерінің ата-анаға берген ақыл-кеңесі арқылы жазушының көкірек күйі тыңдалады.

«Ойынның да өстіп адам ғұмырына ақау салатынын кеш ұққанына опығатын» Бағжанның жай-күйі де мәз емес: «Жаланы ұшқышқа жауып, жұрт мұны жұбатқансиды». Бір үйдің екі баласының осы оқиғадан соң жаны ауыра бастады: «...Сақ-сақ күліп, саңқылдап сөйлеп, бір өзі бүкіл үйді базар қып жүретін бала қазір бес бөліп, бір сөздің басын зорға құрап айтады. Иегі дірілдеп, тілі күрмеліп, үн шығаруының өзі өлердей азап. Ол тіл қата алмай тұтыға бастағанда, үй ішіндегілердің ішек-бауыры бірге бұратылады. Бағжанның азабы бәрінен зор». Нұржекеұлы мұны: «...Кінәсін ұғынған сайын өкініш пен ұят у ішкендей есеңгіретеді»,- деп лирикалық өрнекпен нақыштайды. Әңгіме шешімі: «Күбірлеп, кішкентай қарындасынан кешірім сұрайды. Барлық адамға: «Абайлап ойнаңдар!»- деп айқайлап тұрып айтқысы келеді»,- деп Бағжан монологымен түйінделеді. Жазушының «Үрей» деп аталатын қысқа әңгімесінде аталған бағыттың бастамасын көресіз. Мұнда да ойын балаларының оқиғасы бейнеленеді.

Жазушы әңгіме сюжетін сапырылысқан оқиға құрылымынан гөрі кейіпкердің өзімен-өзі оңашалануына лайықтаған және автор ойымен кейіпкерінің іс-әрекеті бірыңғайланған. Нұржекеұлы қорқыныш сезімін адам психологиясының тереңдігімен, оған қоса қарапайым тыныста жеткізе алған. Жайдақ суда сүңги алмаған балалар терең иірім іздеп, су бойлай жүгіріп жүріп достары Әлкеннен көз жазып қалады. Жазушы балалардың ойын арқылы өмір сүруге бейімделетініне нандырады: «... Әлкен алысқа ұзап, озып кеткен. Терең жерді жеке өзі табуға үміттенген. Ол қалың шіліктің ортасынан көлшікке ұқсас керемет иірім тапты. Қуанғанынан киімдерін шешіп жіберіп, қарғып қабаққа шықты. Енді секірейін дегенде, су беті шалп ете қалды. Әлкен сескеніп тоқтады. Қалың шілік қас қақпай қарап қалған жыртқышқа ұқсайды, иірімде бір пәле жатқандай. Қанша батырсынғанмен, қасында серіктері болмаған соң, әлденеге кезігіп қалатындай көрінді».

Бала түгіл үлкенге айтар «Сақтансаң сақтармын» ұлағатын тәрбиелік сипатта, ынтымақ-бірлікті уағыздай отырып баяндаған: «Тұрып-тұрып достарына қарай жүгіре жөнелді. Жолдастарымен жапырлай кеп түспесе, үрейлі иірім жалғыз өзін жұтып қоятын сияқтанды». Сонымен қатар әрекет психологиясын табиғи бейнелей алған.

Жазушы өмір шындығын өзіне дейінгі әдебиет мектебі үлгісінде авторлық қиялмен іріктеп-таңдап, зерделеп, байқаған-білгенін жинақтап керегінше толғамдап, халықтық дәстүрге жақындата түскен. Ал, өзіндік мәнері сол алпысыншы жылдардан кейінгі елдің елеусіздеу тұсын замандастар, замана қалпымен өрнектей алғаны, бала мен қоғам тәлімінде жұртшылыққа сабақ болды. Бұл балалар өмірінен жазылғанмен мұраттық нысаны – ересектерді сақтандыру шарасы секілді құрылған әңгіме. Жазушыға тән штрихта (кейіпкер дүниесінің жан құйылысы) психологиялық дәлдік байқалады.

Қазақ әдебиетінде бала мінезі арқылы, бала әрекеті арқылы қоғам шындығын көрсететін жазушымыз С. Дөнентаев дәстүрінің әдемі жалғасы Б. Нұржекеұлында бар. Нұржекеұлының жазушылық тәсілінде әлеуметтік жайт Бағжан, Әлкен әрекеттері нәтижесінде қозғалған және ол замана өзгерісін байыптататын ұтымды қабат. Әлеуметтік қалыпта ой түю балалардың елеусіздеу тек балалық деп қарауға болатындай ойынынан басталып, әрі қарай азамат ретінде қалыптасатын өмір мектебінің қажетті тәрбиелік мәселелері қарастырылған. Әр кезеңде әдебиеттің заманына қарай көтерер жүгі, өзекті мәселелері болады. 1960 жылдардан кейінгі ерекшелік ретінде жазушылардың мән берген көркем мазмұнын мәңгүрттіктен сақтандыру, арылту деп қарастырсақ, бұл олардың болашақ ұрпақ тәрбиесіне алаңдаушылығын байқатады.

Єњгіме шеберлігі жазушылардың жан-жақты жаңалыққа бейімделуінен байќалады. Мұны Бақытжан Майтановтың: «Тоталитарлық кезең ыдырауынан соң ТМД кеңістігі қазіргі қазақ жазушыларының көркем эпистемологиялық дискурстарына жағымды әсер етті. Олардың әңгімелері, повестері, романдары адамзат құндылығын айрықшалаған шындықтың шынайы және жылдам ағымына ілескендіктерін байқатты, сонымен қатар осындай және басқа қайта қабылдаулар елеусіз сіңе түсті; тәртіпке келе бастаған жалпылық өлшемі қабылданды, яғни тұлғаның қысымға ұшыраған өзіндік ерекшелігі ескерілді; дәстүрлі сюжеттік-композициялық сызбадан құтылу мүмкіндігі туды...»,- пікірі нақтылайды.

Жазушы Алтай Асқар «Қараштың қарасы» әңгімесінде жүйрік атты саналы адамның қабілетімен тең қасиетімен танытады: «қашаудай тұяқтарымен жазаңдағы салалы күреңшені кесіп, тамырлы шымды ойып» соғыс болған жерден туған ауылына қайтып келеді. Ұланжалдың үйірі мен иесін, жерін сағынған ыстық ықыласы табиғат көріністерінің айрықша көріктенген елесімен қатар алынған: «барқыттай жұмсақ жазаң жүзін жапқан көк шалғын үкідей иіліп қалып жатыр. Тамам заманнан бері өңін бермей көкпеңбек болып жататын Мыңжылқы мен Қарқара өңірі үйір-үйір жылқы қыста тебіндеп, жазда жусап жатқанда құты қашып, шөбі сұйылған емес». Соғыстан қайтқан жауынгердей Ұланжал өзінің құлын-тай болып өскен ауылына жақындаған сайын тәтті елестерге көміле түседі. Тау өз ерекшелігімен, сұлулық көркімен есінде сақталғаны бауыр басқан ата-мекеніне деген сағынышын үдете түскен: «...қысы-жазы өңін бермейтін Хан Тәңірінің қыран ғана шолған мұзартты үшкіл басы айғырдың өткір көзіне оқта-текте шағыла жалт етіп, тым алыста тұлғалана түскен еді». Көркем теңеудің өрнектеліп құбылуы, бояуын ажарлап отыру – А. Алтайға тән: «Мыңжылқының Хан Тәңіріге қарай құлаған көкпеңбек төсті, жас сұлудың жанарындай жылт-жылт еткен қалың шықты, мың түрлі шөпті жайлауы», «сәбидің еңбегіндей былқылдап жататын Қараштың сазы». Мұндай суреттеулер А. Алтайды қаламдас замандастарының шығармаларынан ерекшелей түскен. Көркем тұрпат әңгіме жанрының тіректі құрылымы. Жазушы бейнелеген жылқы адам психологиясын берудегі, олардың іс-әрекетіндегі, мінезіндегі, «сөйлеуіндегі», өзінше дара, қайталанбаған бітім-болмысты байқатады. Яғни, көркемдік ізденіс – адам мен тұлпар қатынасының бейнеленуі қазақтың жанымен кіріктіріліп, адам мен адам қарым-қатысындай етіп ұсынғанынан анық көрінеді. Адамгершілік қалпы, отаншыл жылы жүрек моралі тамаша ашылған.

Дара стиль – автордың көркем шығармасының стилі мен оның дүниетанымының арасындағы қарым-қатынасты қамтиды. Әдебиет – дүниетанымның бастауы. Соның бір тарауы қысқа әңгімелер, олардың көлемі қандай шектеулі болса да, мүмкіндігі шексіз.

Көркем туындыға айналған авторлық дүниетаным, көркемдік көзқарас көлемінің шағындығына қарамастан адамзат қоғамына лайық ірі ой, мұрат көтере білгендігін жазушы мұраты дәлелдейді. Қазақ әңгімеші-жазушыларының ортақ мұраты: адамның азғантай ғана бақыты – жан мейірі, жүрек жылуын барлық құндылықтан жоғары қою арқылы, оқырманын мейірімді ету.

Атап талдасақ, Т. Шапайдың «Үйдің иесі» әңгімесі кейіпкерлердің ертегілік сипатындағы кейіптелген дүние-мүліктің ашу-ызасын жағымпаздықтың характерін ашу үшін пайдаланған, жиналыс ашып «үйдің иесі» өздері екенін мойындатып, жаңа үй іздеуіне мәжбүр етуі бірнеше әдеби тәсілдің синкретизмін байқатады. Мұнымен қатар, қарапайым шыбынды да қоғамды жайлаған жұмыссыздық халді суреттеуге келгенде кейіпкерге айналдыра алғанын білеміз.

Қазақ әңгімелерінің шығармашылық табысы мен қысқа әңгімелердегі тақырып таңдау, мазмұнға тосын тәсілін ғасырлар бойы тоғысқан ізденуден туғаны, үндестігі салыстырылды. Ал, Ш. Әдібаеваның диссертациялық еңбегінде метаморфозалық зооморфтық образдар қасқыр, түлкі, құмырсқаның орны айтылған. Аталған шыбынның орны осыған келеді.

Бүгінгі оқырман тамаша жазылған қысқа әңгімеден рухани қорек алады. Жоғарыдағы әңгімелер бабалар тағылымының қазақ әңгімелеріндегі әдеби байланысын, имандылықты бейнелеу тұрғысын көрсетеді.

Мұнымен қоса зерттеу міндетін шешу тұрғысынан:

«Қазақ әдебиетіндегі отыз, қырық, елу, алпысыншы жылдар – социалистік реализм әдісінің толық билік еткен кезеңі. Аталған кезеңнің әдебиеті бүтіндей дәстүрлі діни факторге бағындырылды. Жетпісінші жылдары қазақ әдебиеті, барлық кеңес әдебиеті секілді, қалыпты идеологиялық әдіс қалдығынан арылып, өзгерістер үрдісін бастады. Әдебиетте ХХ ғасыр әлем әдебиетінің тәжірибесі ескерілді, қазақ жазушылары шығармашылығындағы жетпіс-сексенінші жылдардың стилдік жаңалықтарына мифке оралу құбылыстары, романтикалық, рухани-философиялық ізденістер жатады»,- деген А. Жақсылықов пікірі ескерілді.

Қазақ әдебиетінің прозасының ғана емес, поэзиясының да даму бағыты қазақ әңгімелеріне әсерін тигізді. Мысалы, Қасым Аманжоловтың «Дариға сол қызының» жаңашылдығы ел қорғау тақырыбы махаббат тақырыбымен көмкерілуінде болса, ол өз кезегінде соғыс тақырыбының басқа жанрларда да осылай айшықталуына жол сала алған:

... Бір нәзік сәуле күлімдеп еді,

Сұрапыл соғыс соқты да бұзды ...

Сапырды дауыл, тебіренді теңіз,

Тулады толқын, шайқалды шың-құз.

Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз,

Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!

Қазақ әңгімелерінде соғыс тақырыбының махаббат иірімінде берілуі – Ә. Кекілбаевта «Ең бақытты күн» әңгімесіндегі Торғыны.

Поззиялық шығармалардың прозаға әсеріне тереңдей түссек және әдебиетіміздің көне дәуірдегі тамырына назар салсақ, жазылған дүние лирикалық болсын, эпикалық болсын автордың психологиялық күйіне бағыныштылығын байқатады.

Қазақ әңгімелерінің шымыр да тартымды болу дәрежесі 1960 жылдардан кейінгі жазылған әңгімелердің орталық діңгегі етіп Ғ. Мүсірепов стилінде қарастырылса, жазылған көркемдік ойға, суреттелетін жайға жазушының қатынасы көп маңыз атқарған. Мазмұнды ой авторлық монологтар, түсініктер, лирикалық шегіністер тәсілдері арқылы беріледі. Автордың мәнеріндегі әжуа, кекесін, мысқыл тура мағынасындағыдан гөрі ішкі астарлы мағынада, жазушының азаматтық көзқарасын кіріктіре бейнелеу дәстүрге айналған.

Ғ. Мүсіреповтің қазақ әдебиетінің дәстүрлі мектебімен қатар аударма еңбектердің және әлем әдебиетінің тағылымын, амал-тәсілін үйрену қажет (А. Кемелбаева әңгімелерінің көркемдік мазмұны Батыс әдебиетімен таныс жазушының қиялының ұшталуы мен қазақы ойлау дүниесінің өзгеше қырына үңілуімізге әкеледі) деген пікірінің жаны бар. Осы негізде мына жазушыларға назар аудардық: Э. По, Р. Тагор, Л. Стерн, Т. Манн, ақыннан Э. Юнг.

Осы тұста бұл жазушылардың әлемдік әдебиетпен еркін таныстығын ескерсек, алдымен американдық жазушы Эдгар Поның «Лигейя» новелласындағы айшықты әсем өрнектерді шебер пайдалану қолтаңбасын көреміз.

Жазушылар әңгімелерінің тақырыбы американ әдебиетінде де, қазақ әдебиетінде де мистификациялық әдісті қолдану арқылы ашылды және қоғамдағы адамдардың пәк, мөлдірлікті қастерлеуге үндеуі біріктіреді.

Э. По әлем әдебиетіне қылмысты оқиғалар тақырыбы арқылы детективтік жанрды (Конан Дойль, Кристи т.б. жалғастырушылар болды) әкелді, сол сияқты Поның қазына іздеушілік тақырыбы М. Твен, Фолкнер шығармашылығынан кең орын алуына әсер еткен. Әсіресе, «Ашерлер әулетінің құлдырауы», «Вильям Вильсон» әңгімелері тақырып таңдаудағы жазушы әрекеті кейіпкердің портреттік бейнесін, психологиялық бейнесінің күрделі қырының құпиясына барлау жасай алғандығы нәтижесінде орындалған. Бұдан айтпағымыз, кейінгі қазақ әңгімелерінің әлемдік контекстен шыға алатынын салыстырмалы сипатпен, әдеби әдіспен дәлелдеуге мүмкіндік бар.

Үнді әдебиетінде әңгіме жанрының негізін салушы – Р. Тагор. Ол дәстүрлі тақырыптарды жаңғыртқан және аңыздық, мифологиялық кейіпкерлерін замандастары бейнесімен ұштастыра бейнелеген. Р. Тагордың «Күйреу» атты (орысшадан аударған С. Шаймерденов) психологиялық романының басты кейіпкері Сушиланың (бақытсыз деген мағына) есімін таңдауда бақытсыз тағдырымен байланыстырған. Комоланың Нолинакхасының әрекеті әйел бақытын қорғаудан үнді дәстүрінің әлеуметтік қырына көз тіккізеді.

Бұған қоса әлем әдебиетін қазақшаға аудару тәжірибесі де өз нәтижесін берді. Р. Тагордың 1960 жылы С. Шаймерденов аударған «Алтын сағым» әңгімелер жинағының көркемдік тәсілінен жазушылар көп тәлім алды, әсіресе Тагордың әлеуметтік мәселеге көңіл қоюы әсер етті. Үндістан жазушысының «Судья» атты әңгімесі көтерген қыз тағдырының мүлт кеткен бір қателігі оның өмірлік қарғыс таңбасы болатынын, бұған кінәлі алдымен оның ең жақын деп санаған адамы екенін әшкерелеген талайсыз тағдыр мәселесі кейінгі қазақ әңгімелерінде бой көрсеткен. Нақтырақ, Ш. Мұртазаның «Шағалалар мен қаңғыбастар» деп аталатын әңгімесі Тагордың Кхироның жеке тағдыры арқылы әділетсіздіктің тамырын аңдатқанындай, Ш. Мұртаза «...Жаңыл десе – атына лайық жалған дүниеде жаңылысып жүрген міскін қызды» сөз ете отырып ата дәстүрге жат қылық пен соның себебіне үңілтеді. Қазақ әңгімелеріндегі бейне арқылы әлеуметтік тартысты көркемдеу қазақ әдебиетіндегі авторлық ізденістің жетістігін байқатады. Ш. Мұртазаның кейіпкерлері кім? Қараңыз: «Қорап қопарушылардың кепиеттері тірі әруақ. Беті-бастары кір, ісіңкі, сақал-мұрттары өскен, шаштары қобыраған, көздері қып-қызыл». Бұл жұмыстан, қой бағудан шаршап-шалдығып жүрген Күсеннен мүлдем бөлек. Керісінше, еңбек етуге құлқы жоқ, бәрін тағдырдың талайсыздығына тіреп қойған кәсіп иелері, солардың қатарында өмірдің таяғын жеп алданғандар қатары т. б. Әсіресе, қалалық өмірдің өмір ағысына тән, адамдар жирене қарап өте шығатын күнделікті қайталанатын көз алдыңдағы көрініс иесі. Жазушының зерттеушілік қабілеті аталған қоғам мәселесін сөз етуге арналған. Ш. Мұртазаның «қаңғыбас» кейіпкерлері өзіне-өзі қас болуы жағынан Т. Әбдіктің «Оң қолындағы» Алманың жағдайынан да мүшкіл халде деп санадық. Қараңыз: «Несібелерін жиып-теріп алған соң, қаңғыбастар алысқа ұзамай-ақ, қаз-қатар тізілген гараждардың артындағы ағаштардың көлеңкесіне барып жайғасады. Сол жерде тапқан-таянғандарын дорбаларынан шығарып, ортаға үйіп, тамақтана бастады.

Мыж-тыжы шыққан газет дастарқанның үстінде не жоқ дейсің – бәрі бар. Тұздалған помидордың мыжылған қалдығы, жартысы тістелген жартыкеш қияр, қабығы қабат-қабат болса да солыңқыраған пияз, қатқан нанның неше түрі, жартылай күйіп кеткен кәуап, көгістеніп кеткен мәнті. Осының бәрінің үстінен шоқиып қарап тұрған бір бөтелке заһар арақ...». Бұл кейіпкерлердің адам атына лайықты не ойында, не әрекетінде, не тамақтануында еш жақындық жоқ. Бұл да адамның әлі құпиялы психологиясындағы біз үшін беймәлім нәрсе деп қабылдадық. Әйтпесе, осындай жағдайда өмір сүру екінің бірінің қолынан келе қоймас. Жазушы Жаңыл арқылы осылай болу қайдан пайда болатынына назар аудартады. Ана болу құрметінің орнына аяқ асты болып, перзентінің қоқысқа бұйыруы бір ғана жас қыздың кінәсі еместігіне көзің жете бастайды. Ш. Мұртазаның: «Дүние-әлем шексіз де түпсіз. Ал әлгі не өлі екені белгісіз, не тірі екені белгісіз шарана көтерген жеті шағала осы шексіз де түпсіз әлемнің қай түкпіріне қарай кетті? Кім біледі?

Оны тек бір Алла ғана біледі. Алланың тапсырмасын мүлтіксіз орындаған жеті шағала- Жеті періште ғана біледі»,- деп баяндауы ғасырлар бойы мұндай келеңсіздікке жол бермеген ұлттық тәлім-тәрбиенің оралуына үміттенуі деп түсіндік.

Жазушы Эдгар Поның 64 әңгімесін («Алтын қоңыз» әңгімелер жинағы) таразылай келе замандасы Джеймс Рассел Лоуэлл: «Эдгар По өзіне тән екі қабілетті, сирек мүмкіндікте ғана қосылатын болса да, тамаша кіріктіре алды: оқырманның ақыл-есіне құпиялы көлеңкелермен әсер ету күші және толықтай жайып салу өнері, бөлшектердің бәрі, тіпті шаш жинағыш та, түйме де суреттелмей қалмайды»,- дегенін ескерсек, американ әдебиетінің ұлттық, сол халыққа ғана тән белгілері суреттелгені, үлгі аларлықтай мәнері байымдалады. Қараңыз, Э. Поның (аударған Бекмырза Баймаханов) «Лигейя» әңгімесінде басты кейіпкердің келбетін суреттеуде американдық ойлау, яғни детализация бірден назар қаратады: «...мен оның аса қымбат піл сүйегінің түсімен бәсекелесетін өңін, мейлінше мінсіз дәлдігін, самайға ойысар сәттегі сәл дөңдігін, ақырында, Гомердің «сүмбіл» деген керемет теңеуінің мәнін ұғуға мүмкіндік беретін табиғатынан бұйра болып жаратылған мақпалдай қолаң шашына сұқтана қараймын. Мен пістедей мұрнына көз тастаймын – мұндай сұлулықты менің тек ежелгі Жөһиттердің теңгелерінде ғана көргенім бар. Кәдімгі көргенде көз тұнарлық керім сұлулық, сәл құс тұмсыққа ишарат, еркіндіктің куәсіндей үйлесімді қос танау. Мен оймақтай аузына аңтарыламын. Ол шынында да құдіреттің күшімен ерекше жаралған – иілген, үлбіреген үстіңгі ерні, кілегейдей мөлтілдеген төменгі ерні, езудегі шұқыры шырайының құбылысымен ашық аспандай мұңсыз көңілмен айрықша бір рахаттана ақсия күлген сәттер де маржандай тістерінің жарқылы қасиетті күн сәулесінің нұрынан асып түсетін-ді. Мен оның иегінің бітісін зерттеп көрдім, оны тек Аполлон құдай афондықтың ұлына, Клеоменге түсінде ғана көрсеткен белгілерге-гректер айрықша қастерлейтін үйлесімді нәзік, асқақ белгілерге ұқсас деп таптым ...Қарақат көзі жалт етіп қарағанда шоқтай жанады, оны ерекше эбен (жылы жақта өсетін ерекше сымбатты ағаш) ағашындай самсаған ұзын кірпіктері қаумалап тұрады, сәл иілген қастары қап-қара. Алайда бұл көздерден мен байқаған «өзгешелік» олардың шарадай үлкендігінде де, олардың түрінде, олардың жалт-жұлт еткен түсінде де емес, ерекшелікті сол көз жанарларының ішкі сыршылдығынан іздеу керек еді»,- деген бейнелеу тәсілі ұлттық ойлау қалпында берілгені даусыз.

Әлем әдебиетінің жоғарыдағыдай сипаттауынан еш кем емес қыз бейнесі Т. Жармағамбетовтің «Жан» әңгімесінде былай сипатталады: «Туыстары қалада өскен, қала тәртібімен тәрбиеленген нәзік бір қыз еді. Көрікті, көрікті болғанда да, искусствоның тамаша бір шығармасы дерлік жан еді. Ол жүрген жерде ерніне күлкі үйірмей, оның бетіне бір қарап, шипалы жанарының отынан бір ұшқын алмай қалғысы келмейтін жігіт жоқ еді. Оның бетіне қараудың өзі де көрген жанды рақаттандырып тастаушы еді. Кейде жігіттер әлгінің бетіне бір қарап құмарын қандырып кету үшін ғана келетін. Шаштары сондай нәзік, бейне желден тоқып істеп қойғандай әсерлі еді, бет пішіні мыңдаған скульпторлардың жүздеген жылдар бойы жабыла ойып, жаңа ғана халыққа тартқан қасиеті де тамаша өнері сияқты еді. Жүзінен есіп тұратын нәзіктік, үлбірлік самалына шек жоқ еді». Дала жазушысы таңғажайып әдемілікті, инабаттылықты суреттегенде жел самалын таңдаған.

Қазақ әңгімелерінің де басты көркемдік жетістігі – қазақы бітім-болмысты кейіпкерлер болуы. Оған қоса Э. Поның «Элеонора» әңгімесіндегі екі ғашық тағдырының тауқыметі Элеонораның көз жұмуымен аяқталатыны сияқты қазақ жазушысы Ә. Орынбаеваның «Қос қайыңындағыдай», «Хадишаның қара тасындай» сенгіш, пәк адам, оның ішінде махаббатқа есі кеткен әйелдің жан дүниесі өте сезімтал, нәзік болатынына көңіл сендіртуге жазушылар еңбек ете алған.

Томас Манның «Венециядағы өлім» т. б. новелласында көтерілген өнер мәселесін Ә. Кекілбаев, Б. Нұржекеұлы, А. Алтайда өрнектелген қазақ өнері мен өнерпаздары табиғатымен салыстыра қарасақ, әлеуметтік қалып пен ортаны бейнелеудегі жаңа ой-байлам, психологиялық талдаудың иірімделуі тұсын зерделеуге ұмтылдырады.

Тіпті жазушылар қолданған кейбір стильдік бірлік тұтастай шығармада болмаса да көркем ой бөлшегінде кездеседі. Мысалы, Лоренс Стерннің, яғни он сегізінші ғасырдағы Батыс Европа әдебиетіндегі көркемдік бағыты қазақ әдебиетінен де табылады. «Иорик, Шендилер» секілді чудактар келбетіне айызы қана рахаттанып қалады, әрі көңіл түкпіріне қалтарыс ешнәрсе сақтамай, рухани қуаттанатыны бір төбе: «...Күн сайын, нақтырақ айтқанда, әкем он жыл бойына бір топсаны жөндеу үшін шешім қабылдады – бірақ әлі күнге дейін жөнделген жоқ: – бізден басқа, ешбір үйде, бір сағатқа болса да қалдырмас еді, және бәрінен бұрын таңқаларлығы, әкем қызыл сөзденіп, бұдан бұрын, мұндай нәрсені, дәл есіктің топсасындай көп айтпап еді. Солай ол, дүниеде болған ақымақтықтың зорына қалатын: әкемнің қызылсөзділігі және оның әрекеттері мәңгі-бақи бір-біріне сай болмайтын. Ылғи, қонақ бөлменің есігі айқара ашылғанда – намысын үш тамшы май мен балғаны қатты ұрып мәңгіге сақтап қалудың орнына, оның философиясы мен ұстанымы құрбан болатын». Оның «Шенди-безрассудный» қалпының өзі қатал өмірге икемсіз аңқаулығын сүйкімсізден гөрі сүйікті ете түскен.

Қазақ әдебиетінде Майлин кейіпкерлері мен Ж. Молдағалиевтің Тумырзасы т.б. сияқты «қожанасырлар» халық ауыз әдебиетінен нәр алғандығымен қатар, стиль ұқсастығы әлем әдебиетіненің қалам қуатынан тарала алған деген шешімге әкелді. Әдебиетшілер Стерннің кейбір жайттарды жұмбақтау амалын (Дженни кім? Сүйген қалыңдығы ма, әлде өз қызы ма ажыратуға күш салғызатыны), Тристрамның баяндауларына мән беру, назар аударту тәсілін толықтай жаңашылдық деп қарайды. Әдебиетімізде Ж. Аймауытовтың Ақбілегінің баласының жеңгесінің «құрсағында өсіп жатуы» мен кейінгі кездесуде «көзін құртып» жоғалтқанға санап жүріп аяқ асты «осы менің балам емес пе?» деп өзіне жақындату тәсілі осыған ұқсас: «– Жеңеше-ау! Осы Ескендір мен сияқты емес пе?- деді.

Ұрқия күліп жіберді.

– Сен сияқты болса, сенен туған шығар!- деді.

– Рас айтасың ба, жеңеше?-деген соң, Ұрқия шынын айтты. Ішіне үрген қарын тығып, өтірік буаз болғанын, Ақбілектің баласын бауырына салғанын бәрін, сыр қылды.

– Ақбілек қуанып кетті.

– Ескендір, бері келші!- деп тағы шақырып алып: – Құлыным-ау!- деп бауырына қысып, құшырланып тағы сүйді. – Өлтіретін бала емес екен-ау! Жақсы қыпсың ғой, жеңеше!-деп Ұрқияны сүйді. Аналық сезім Ақбілектің жүрегін қорғасындай балқытты.

– Мен кісі қанын жүктедім бе деп жүруші ем. Жеңешетай-ай! Мен шын бақытты екем ғой! Оқуға жараған соң өзіме бересің ғой?- деді.

– Берейін,- деді Ұрқия».

Кейіпкердің ойында болғанымен баяндалмауы жұмбақтықты көрсетеді. Ж. Аймауытов Ұрқияның жеңгесі ретінде баланы асырап алуын көп жайып жазбаған (Стерн тәсілі секілді...): «...Ұрқия өзі бала көтермесе де, бала көтерген әйелдердің жерік болғанда қайтетінін біледі ғой. ...Сөйтіп жүргенде, бір күні отырып, Ұрқия: – Шырайлым-ау! Мен де екі қабат болдым білем, сарымсаққа зауқым шабады, менің де жүрегім лоблып, құсатын болдым...- деді». Одан әрі: «...Дегенмен де Ұрқияның екі қабаттығы анық болуға айналды. Бір-екі айдан кейін іші де білініп қалды». Тағы қараңыз: «... Ақбілек құрға асыларда, Ұрқия артынан құшақтап, сүйемелеп еді, кемпір: – Ойбай, сен былай тұр! өзің шермеңдеп жүріп, жазым боларсың!- деп жолатпады...»,- бұл сырды ешкім де тіпті Көркембай кемпірдің білмеуі және «жоғалған» баланың қалайша Ұрқиянікі болып кетуін көп ежіктелмейтін тәсілмен баяндағаны байқалады.

Бірақ ашып жайып қарапайымдандырылмаса да, баланың асырап алынуы жазушы стилінде таңырқау-таңданыс баяндауларында қамтылған: «...Ұрқияның емшегінен сүт шықпай, баласын аштан өлтіріп ала жаздап, ақырында жас балалы көрші қатынға емізетін бопты. Бұрын бала таппаған әйелден сүт шықпайтыны да болады екен...». Бұл тәсіл Аймауытовтан тәжірибе алмасқан кейінгі жазушыларға тырнақтай болса да өз әсерін берген. Дәлеліміз: «... Марқакөлдің суы балдай. Марқакөлдің суын ішіп, отын жеген сары қарын, тұтам емшек жануардың бауырынан сүт сорғалап, сүт емес-ау құт сорғалап көнек-көнек лықылдайды ...

Марқакөлдің жиегінде Мамырбайдың Ақбілегі, жас Балташтың сүйген жары Ескендірін құшып, сүйіп, бала болып, көп әйелден дана болып, кеудесіне бағы сыймай, кемерінен аса шыпылдайды»,- деп Ж. Аймауытов келістіре суреттеген, Ақбілекті еркелете алған Марқакөл мен Марқакөлге бала болып кіріп, ана болып шығатын Оралхан Бөкейдің Ардағында ілік-жалғау жоқ емес. Оралхан жазушының: «Сәбидің дүниеге келу мінін өз мойнына алған Марқакөл...»,- деп табиғатты жандандыруы арқылы Ардақты аялата білуі осының айғағы. Кейінгі жазушыларымыздың Ж. Аймауытовтан үйрене түсер тамаша тәсілдік-психоаналитикалық тағылымы мынада: Ақбілек баласын «жоғалтқанда» ана болуға дайын емес, «орыстың» баласы екендігіне қоса некесіздігі қосылып нәрестесін іздемеуі аналық сезімінің оянбауынан. Ал жылдар өте келе ана болуға дайын Ақбілек психологиясы Ұрқияның баласынан өз бейнесін іздей бастайды.

Зерттеу обьектіміздегі Ә. Кекілбаевтің кейіпкері Ажар психологиясының жұмбақталатын әрекетіндегі жазушылық ізденісі осы бағыттағы стильдің даму үрдісіне жол сілтейді. Сонымен қатар, ағылшын әдебиетіндегі психологиялық талдаудың айрықшалануы Э. Юнгтің ақындық табысында әйел, соғыс тақырыптарын бейнелілікпен бейнелеуінің көркемдік сапалары Гетенің «Вертеріне», Байронға, орыс әдебиетінде А. С. Пушкинге, олардан Ж. Аймауытовқа ауысқан деген пайым әдебиетші қауымға таныс. Қазіргі қазақ әдебиетінде, оның ішінде қазақ әңгімелеріне Ж. Аймауытовтың психологиялық талдауы өнері тиімді ықпалын, тәжірибесін көрсеткенін ескерсек, жіптің ұшы аталған шығармашыл тұлғаларға баратыны анық.

Б. Кәрібаева өзінің «Мәдениеттің түп атасы – әдебиет» деген сұхбатында: «Евразияның Уақыт өзі ұсынған саяси картасын ...мәдени, ішкі психология негізін Әуезов әзірледі»,- деуі көп мәнді білдіреді. Қазақ әңгімелерінің көркемділік, суреттілік стилі дараланып, содан барып ұлттық және әлем әдебиетінің тұтастық бірлігіне айналуына мол мүмкіндігі бар.

Бір назар аударарлығы – батыс әдебиетінде ұлттық болмыс көбінесе тылсым дүние туралы қиял қабатымен (А. Кемелбаеваның «Қоңырқаз» әңгімесінің кейіпкерінің ішкі құпиялы әлеміне, яғни өз-өзіне үңілуінде сәл де болса ұқсастық таптық) өрнектелсе, қазақ жазушыларында қазақтық болмыс-бітім кәдімгі қарапайым өмір қағидаларына ден қою ой ұшқырлығымен ұштасады. Қараңыз: «...Жөргегіңнен иісің сіңбеген соң суық бауыр тартып, жатсынып, көл шошытты ма сені, Қоңырқаз, әлде бітімің бөлек, шоқтығың биік болған соң елсінбей, жерден безіндің бе, Қоңырқаз?!». Кемелбаеваның Қаршығасының некесіз туған сәбиінің «жерік асы» да соншалықты таңқаларлық болатын: «...Көлдерге жаяу жалғыз кетіп қалатын Қаршығаның жабайы құс жұмыртқаларына өлердей құмартып, аяғы ауырлығына қарамай жүзіп іздеп, жыл құстары толтырып тастаған ұяларды үптеп, жұмыртқа ұрлап жеп жүргені қойшы мен әйелінің үш ұйықтаса түсіне кірмес еді. Жеңсік ас дегбірін алып, ақылдан айырған әйел әр ұядан екі жұмыртқа алып, табанда шикідей жұтып жүрді. Қаз-үйректің, бірқазанның, қызғыштың жұмыртқасын түсінен танитын. Қанат біткеннің аруы – аққудың бірнеше мәйегі көгілдірге айналмай жатып адамзатқа жем болды. Көлдерден құмары қанып, құрбанын шалып рахаттанып оралады». Немесе: «... Жалғыз мысықтың қарғысы қырық кісіге жүк болады деуші еді. Ендігәрі жәндікті жәбірлегеніңді көргенше, қара жерге кірейін,- деп едәуір таусылды»,- деп айтылуы ертеден келе жатырған нанымымызға байланысты оқиғаға үңіле қаратып, бұрылтады.

Бұл әңгімесін А. Кемелбаева «Ганс Христиан Андерсен рухына» арнаған екен. Әдебиет ғылымында: «Арнау – әдеби шығарманың басында берілетін, сол шығарманың кімге, қандай уақиғаға байланысты екенін көрсететін автордың сөзі ...өз шығармасын сый ғып тартатыны айтылады. Шығарманы тыңдаушыларға, оқырмандарға арнау сөзбен бастау қазақ әдебиетінде әріден келе жатқан дәстүр».

Әлбетте әрнәрсенің өз түйіні болады, әдебиетте ертегі қалпындай бас алмай оқып шығып даналық дегенді түсіне түсуге сеп болатын осындай әңгіме қазынасын қосқан жазушыға риза боласың. Жазушылардың тағдыр атты тылсым дүние табиғатын суреткерлік қабілетімен, оны өзгелерден дара тануы қасиетімен ерекшеленіп отыруы заңды деп жатады. Әңгімелерді алғаш оқығанда жазушы тәсілін, шығарма бітімінің қиюын санамалап жатудан гөрі тұнып, елтіп, әсерленіп отырып қалатының даусыз. Кемелбаеваларға үлгі болған әдебиет туындылары көп десек те суреткер Ғ. Мүсірепов стилі қайта ойға келе береді. Ол – қоғамдағы жанды жараны түбінен аршу тәсілі. Дәл осындағы «қанды ірің» – жалғызбасты мүгедек балалы әйел, оған қоса өнері орта жолдан қиылған әнші тағдыры. Кейіпкерді кісікиік еткен мәселе көтерілген. Әңгіменің өрімінде аңыз желісі шарттылықсыз біткен: «...Әйел өзін тағдырға мойынсұнып тыныш ұстайды. Тек көктем мен күзде жыл құстары келіп-кетіп жүрген алмағайып қасиетті шақта базары тайған үйіне жоламай, ұзақты күндер аспанға телміріп, көкжиекке тесіліп көп қарайды»,- деп нақты ойландырады. Жазушы А. Кемелбаеваның өмір суретін көп мағыналы көркемдік қасиетпен талғаған өзіндік стилі. Жазушыларымызды жаны мүгедек, тәні сау кейіпкерлерді бейнелеу арқылы адамдардың қоғамдағы өзгерісіне және бұғауланған сананың босауына жол көрсету жасағаны, А. Кемелбаеваның жаны сау, тәні мүгедек кейіпкер Қоңырқазы періштелік қасиет сирек белгі, адамдардың адамына ғана лайықты-ау деген жазушының ішкі ойынан хабар береді.

Зерттеу бағытында, сана әлемі кәдімгі адамдардан өзгерек келген кейіпкерлер туралы әдебиетімізде көп қарастырылмаған. Атап айтсақ, «Қаралы сұлудағы» – Қаракөз және «Елес» әңгімесінің кейіпкері. Одан кейінгі – Біржан сал бейнесі. Біржан салдың өмірінің соңғы кезеңін беретін «Теміртас, Асыл, Ақық» өлеңдерінің тууына байланысты жазылған көркем шығармалар. Өз кезегімізде осы кейіпкерлердің қатарын терең құпиясымен қызықтырған Ә. Кекілбаевтің «Жүнді барағындағы» Ажарды, А. Кемелбаеваның «Қоңырқазындағы» Қоңырқазды, «Жан иесіндегі» мысық асыраушы әйелді әрқайсысын бөлек бейнелі дара кейіпкерлер дей тұрсақ та ортақтастыратын тұсы барын жоққа шығара алмаймыз. Ол – сана әлемінің түсініксіздігі. Зерделей қарасақ М. Әуезовтің «Көксерегіндегі» шығармашылық тәсіл, яғни аңдардан гөрі адамдардың бір-бірінен бөтенсуі Ғазиза, Қаракөзден басталған Ажар, Қоңырқаздарға ұласқан кейінгі кейіпкерлердің дүниеге келу әдеби тәсілінің жолын аша түскен.

Мұнда М. Әуезовтің адамзаттық мәңгілік мәселелердің басын қосып жымдастыруын бағалататын шеберлік мектебі тұр.

Суреткердің ой-көрік ұстаханасының әлемдік әдебиеттегі озық көркем дүниелермен деңгейлес-иықтас екендігін әркез танып білуден жалыққан емеспіз. Қазақ әңгімелерінің санына қарай сапасы да айтып ауызға толтырарлықтай болуы әуезовтік көркемдік тәсіл – Адам мен Тіршілік дүниесінің бір бүтіндігі қалыптасқан тамаша дәстүр жалғастығы барынан.

Бастапқы тегін (жанрлық қалпын) сақтай отырып, әңгіме жанры тақырыптық, пішіндік, көркемдеу құралдары жағынан үнемі даму үстіндегі әдеби үрдістер жүріп жатыр деуге болады. Жалпы қазақ әңгімесі, оның ішінде 1960 жылдардан кейінгі жазылған әңгімелер өз дәуірінің тынысын береді, дәуір кейіпкерлерін бейнелейді. Қазақ әңгімесінің көркем мазмұнында қазақ қоғамының әлеуметтік сипаты суреттеледі. Сондықтан бұл әр кез әңгіме жанры әдебиетші ғалымдардың, әдеби сыншылардың назарынан тыс қалып көрген емес. Сондықтан әрбір жаңа әңгіме жаңалығы, табысы мен кемшілігі үнемі сарапталып отырған. Қазақ әңгімесінің көркемдігі, қоғамдық мәні 1960 жылдан кейінгі әдебиеттің әлеуметтік-тарихтық белгісін қарастырады. Қазақ әңгімесі дәстүрлі пішінді жаңа мазмұнмен өрнектелген. Көркемдеу жолдарында халықтық дәстүрдің түрленуі байқалады. Бұл жеке қазақ әңгімесіне тән құбылыстар. Қазақ әңгімесінде жалпылама тәлім оқиғасымен өрілген бейнелілік пен мұраттылық ұштастығы бірнеше тынысты көркем ойлы болуы басым келген. Мысалы, кейіпкерді ойлату, сөйлету ерекшеліктері Ш. Мұртазада, Ә. Кекілбаевта, О. Бөкейде, М. Байғұтта өзіндік мәнер қалыптастырған. Әлем әдебиеті әңгімелерінен қазақ әңгімесінің өзгешелік тұстары осы әлеуметтік өмір көрінісінен келіп шығады: 1937 жыл зұлматы, екінші дүниежүзілік соғыс зардабы, ұлттық құндылықтардың құрбандығы т. б. Әлем әдебиетінің әңгімелерімен салыстырсақ әсіресе, қазақ әңгімесінің көркем мазмұнындағы әлеуметтік өмір көрінісі – ұлттық ерекшеліктермен кіріккен түрде суреттеледі. Қазақ жазушысының ұлтжандылыққа рухани жақындату жолындағы әдеби шеберліктері түрлі кейіпкерлер мен қазақ көркем тарихын дүниеге әкелді. Бір ғана мысалы, орыстандыру саясаты болмаса, «Балшықбайлар», «Оксаналар» т. б. да кейіпкер ретінде танылмас еді. Қазақ әңгімесінің әлем әдебиетіндегі әңгімелерден тағы бір айырмашылығы осы тұста шығады: қазақ халқының әлеуметтік тағдыры. Әлемдік тұрғыдан гөрі қазақ жазушысы алдымен күнделікті тіршілік жағдайынан-ақ тамаша көркем мазмұн құрай алған.

Қазақ әңгімелерінің суреттілігін, әлеуметтік өмір сипатын сөз ету үшін, оның жазылған уақытымен санасу керек.

Ғ. Мүсіреповтің «Сөз жоқ, соның іздері» әңгімесі алғаш рет «Қазақ әдебиеті» газетінің 1962 жылғы 5 қазанындағы санында басылып шықты. 1965 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Белдерде» атты кітабында жарияланды.

Әңгіме композициясына Нәзікеннің талай жылдардағы тіршілігі тірек етіле отырып, 1937 жыл тудырған, өрбіткен ащы шындық суреттелінеді. Бір қарағанда әңгіме экспозициясы жазушыда «жатар алдындағы желпініс» секілді, өмір шындығындағы көрініс түрінде бейнеленгенмен, байқай білсек көркемдік шеберлігін тануымызға ықпал еткен. Ой түйсеңіз: «дабыр-дұбырға толы мазаң шақ аяқталып», «ешкім сені қағып та кетпейді, бұралқы-бейпіл сөздер де естімейсің» деталын сыр түйген, ой бүккен суреттемелер деп ұғуға болады. Жазушының айтпағы дәуір тынысының өзгерісі, яғни: «Тау қойнындағы қаланың еспесін шағын тынық ауасы да осы кезде тазара бастайды»,- деген бірінші жақтан әңгімелеуші кейіпкерінің ішкі қуанышы қоса сыйыстырылған.

Жалпы әңгімеге тереңірек үңіле түссек қажетсіз делінетіндей, әңгіме тұтастығына қатыссыз сөйлем жоқ. Қараңыз: «Күнделікті әдетім бойынша қарсымыздағы бақшаға келсем, сескене қоярлық бейсауат адам байқалмайды. Қала бастығы қатал деген қауесет тарай қоймаса да, заң қаталдығына сүйсініп, әдетте, жүретін жерлерімнен ұзаңқырап та кеттім»,- деуі әңгіменің мұратына жетелесе, «…қоқыр-соқырды да жаңа жауған таза қар жаба кетіпті. Бақшаның тап осындай таза бір шағы адамның бойын ғана емес, ойын да тазартып қайтарады: тазалық-тазалыққа, настық-настыққа шақырады да»,- деп сипатталатын табиғат көрінісі (1937-1962 жж.) жиырма бес жылдық тарихтың оң өзгерісін байқатқандай. «Түгел түлей қоймаған күзгі бақша жапырақ қанаттарын су-су сілкілеп, ауаны тез тазартыпты» деген табиғат суретінің де өзіндік үлесі бар, жазушы үрей басылды, сана айықты, ізгі қадам Сәулештерден басталады дегенді айтпақ болған. Ескере кетер жайт, Ғабит жазушының стильдік ерекшелігі – «түлей қоймаған күзгі бақша жапырақ». Түлеу – ауыстыра орнына келу, көбіне жан-жануарға қолданылады. Ендеше, үзілген жапырақ бүршік атып, қайта түсуі түлеу үрдісін орындағандай, сөз қолданысы Мүсіреповтің ой жеткізудегі стильдік өзіндігі.

Орыс жазушысы, әңгіме шебері Василий Шукшиннің жұмыс жазбаларындағы пікірінде: «…Ең бастысы (негізгі ойды, қуанышты, қайғыны, қиналысты) бөліп алудың қажеті жоқ, оны қалыптағы мәселемен қатар берген жөн. Бірақ, бере білу абзал. Аңқаулана жұмыс істеу керек»,- деуімен осы әңгімені пайымдау-талдау ұқсас келгендей. Бұдан айтпағымыз, Ғ. Мүсіреповтің қалыпты күнделікті тұрмысты бейнелеуін ұғыну – белгілі ой-тұжырыммен тура келген. Ол Олжас Сүлейменовтің: «…тіл туындатушылар суреткер болған, олардың басты шығармасы – сөзді бейнелі ойлау жүйесіне қаныққанда ғана, ақындық тілін игергенде ғана толық ұғуға болады»,- деуі. Қараңыз: «Біз ішімізден ғана бас изестік». Салмақтасаңыз, «ішінен бас изеу» Ғабит жазушының стильдік жаңалығы. «Үндемедік» деп айтқысы келгенді солай ұқтырады да, қосымша «келіспейміз» деген мағынаға әкеліп тұр. Себебі, ойдың (ішімізден ) қабатында қимыл әрекеті (бас изедік ) жүрмейді.

Ұстап әкетуші екі жігітке берілген тұрпат есте қаларлықтай жиренішті суреттелген: «Бірінің оң жақ бетінің томпағынан бастап миықтығына дейін ығы-жығы безеу – әдейі басылған қара таңба ма дерсің. Екіншісінің бетіне қарап, адам жүзінен ешбір ізгі сана-сезімнің саңлауы байқалмайтынына таңқалғандайсың». Әрбір ең сүйкімсіз адамның да өз жақыны болады, бірақ оның «ығы-жығы безеу бетті» болып бейнеленуі сол жақындарына жақындатар жіпті үзгендей әсер қалдырады. Суреткер Ғ. Мүсірепов: «Бұл екеуі өз қызметтерінің елдік мәніне біржола түсіне алмай қойған Шыңғыс хан заманында тамұққа алынып, қазір содан шығып келіп тұрғандай, тым жат еді»,- деп үкім шығарған. Жазушы стилінде сарказм басым және «тамұқ» деген сөз жаңа бір мағынаға ие болғандай. Дәлелдейік: шашы қырылған басқа жас теріні жапсырып ақыл-ойы, есінен, тегінен адастыратын мәңгүрттену үрдісі өткен соң өз ділі, тілін ұмытатын соқыр сезім жетегіндегі құлдарға айналғандығын тарихтан білетін әрбір қазақ осылай түсінуі керек. Сонда «тамұқ» тек қана азап оты мағынасында емес, «мәңгүрт» мағынасына жақындау, оны суреткердің «тым жат еді» белгісімен тиянақтауға болады.

Жазушы Ғ. Мүсірепов осылай мәңгүрттер ғана өз халқының аяулыларына зиян шектірді дегенді байыптатып, қазақ атты халықтың күншіл мінезіне бола бүкіл ұлтқа қара жағылмауын көздеген. Қай ұлттың болмасын күншілі болады, сондықтан 1937 жылдың қасіреті мәңгүрттердің ісі деп қарауымыз орынды. Күншілдік бүгінде де бар Ақтаңдақтың тарихта болуы нас саясат пен күншілдік біріккенде болмақ, сақтаныңдар демекші сөз зергері. Мас Айдарбек, сатқын Айдарбектің далада қалмай өз отбасына жеткізілуі көзқарасымызды дәлелдей түседі. Дәлелімізді: «Қаламгердің тек қана өзіне тән рухани-ұждандық табиғаты, оқшау стилі, дара ой, сезім бітімі, су төгілмес шеберлігі»,- деп өте дұрыс айтылған Б. Майтанов пікірі бекіте түскен.

Жалпы сол жылдары әдебиетке келген қаламгерлердің өзіндік ерекшеліктері болуымен қатар ортақ ұқсастықтары байқалады.

Ол – әңгімелеріндегі кейіпкер есімдерінің қайта қайталануы. Мысалы, Әбіш Кекілбаевта «Ажар» есімі болса, Шерхан Мұртазада – «Хадиша». Кейіпкерлерінің мінез-құлықтары түрліше болғанмен, мұңы ортақ, соғыстан ері қайтпаған жесірлер, қара шаңырақ иесіз болғандығымен ұқсас. Есім қайталау көркем бейне жасаудағы жазушының ұстанымы немесе тәсілі. Екі жазушының әңгімелерінің мұраттық-тақырыптық мазмұны ортақ болғанмен, көркемдік шешім, көтерілген мәселелер бір-біріне ұқсамайды.

Ш. Мұртазаның «Бір нәзік сәуле» әңгімесіндегі «...Лимон түсті сары көбелек бұлардан озып та кетпей, қалып та қоймай, қаптайласып, қалт-құлт етіп ұшты да отырды, анасын іздеген адамға жол көрсетіп, серік болғысы келгендей» қолданысы ой-сезім үндестігіне құрылған, көркем мазмұнның үйлесімі. Әңгіменің осы композициялық құрылымына Б. Наурызбаев «Валя жүрегіндегі үмітпен үндесуі» пікірін білдірсе, өз тарапымыздан торығу сағынышын сары түс символында, «лимон түсті сары» – сағынышқа дәру болу астарында көркемделгенін айтамыз.

Ә. Кекілбаев пен Ш. Мұртаза әдебиетке өз қолтаңбасымен келіп, әңгімелерінде оқиғаның орындалу техникасын жетілдіріп, композиция құрудың жаңа әдіс-тәсіліне көңіл бөліп, психологиялық талдау мен логикалық дәйектеменің жаңа түрлерін ұсынғанын талдап-зерттеу, назар аударту, әңгіме жанрының түрленуіне (психологиялық әңгіме т. б.) жазушы стилі әсер еткенін жеткізу – мақсат болатын.

Ш. Мұртаза баяндау тәсілін көркемдік тәсіл психологиялық талдаумен кіріктірген (кейіпкердің жан дүниесіне үңіле, оны тіршілік тынысымен қатынаста бейнелеуі т.б.) авторлық көзқарас ұстанған. Бір қарағанда адамгершілік салмағы жеңілдеу көрінетін «кішкене» оқиғалардың терең түбін зерделету, өмір мен адам болмысын тануға жетекші болары ақиқат. Жалпы, 1920-сыншы жылдар ішінде-ақ қазақ әдебиетінде романтикалық, тұрмыстық, реалистік, юмористік, сатиралық, психологиялық әңгімелер өріс алып, Б. Майлин, М. Әуезов, С. Шәріпов, Е. Бекенов, Ғ. Мүсіреповтер еңбектенсе, 1960-ыншы жылдарда әдебиетке келген Ш. Мұртаза, Ә. Кекілбаев әңгіме жанрында психологиялық талдауды (тақырып бір, стильдік қолданыстары мен шешімдері өзгеше бояумен суреткерліктерін нақтылаған...) одан әрі шығармашылық табыста орындады.

«Әңгіме жанры бір ғана көңіл-күйдің, эмоцияның, бір мұраттың жемісі»,- деп өз пікірін білдірген А. Кемелбаева. Сондықтан әңгіме жанрындағы кейіпкердің де ерекшелігі болатыны мәлім, яғни «сегіз қырлы, бір сырлы» болып туындамасына амалы жоқ. Әңгіме кейіпкерінің ойы да, сезімі де, келбеті де көркем мазмұнға, көркем мұратқа қызмет етеді. Қазақ әңгімелерінің кейіпкерлері ұзақ дамудан өткен. Теңелер биігі бар деуге болатындықтан Тобық Жармағамбетовтің «Қарала сиыр» әңгімесінде ғасыр басында дүниеге келген С. Торайғыровтың «Ауырмай есімнен жаңылғаным» әңгімесімен дәстүрлік байланысы бар деп қатар алып қарасақ, қазақ қоғамының тарихынан сыр шертетін әдеби жаңа бейнелерді – Кедей бейнелері үндестігін тануға мүмкіндік аламыз. Сұлтанмахмұтта да, Т. Жармағамбетовте де бейнелеудің боямасыз тартысқа, өмірдің өз заңдылығына құрылғаны ерекше назар аудартады.

Әдебиет теориясында ойдың ыңғайлы жеткізілуі әсерлілікке, ал ол ажарлау, құбылту тәсілдерінің жазушыдағы тапқыр тұстарына үңілтеді. Көркем бейне оқырман есінде сақталуы үшін Л. Толстойдың: «Бәрінен маңыздысы, алдымен үлкен теңдік айқындалуы тиіс, содан соң іштен кішігірім қарым-қатынастар белгіленеді, шексіз өңдеуге мүмкіндік болады»,- деген пікірі дәлелімізді толықтыра түседі. Айтпағымыз, қазақ әңгімелеріндегі кедей бейнесі әрбір ширек немесе жарты ғасыр өткен соң заманына, кейіпкердің салт-санасының өзгеруіне байланысты түрліше сипатталса да шарасыздық кедей бейнесін уақыт алшақтығына қарамастан бір арнаға еріксіз тоғыстырады. Жазушының мұраты осы ащы шындық – әлеуметтік теңсіздік сырына өз үнін қосу, өзі өмір сүрген замандастарын бейнелеу. Нақтыласақ, «Кедейлік ер екенсің мені жеңсең» деп жырлаған ақын Қобылан Бөрібайұлынан бастап, С. Торайғыровта әдемі өрнегі қалыптасқан Кедей бейнесі Т. Жармағамбетовте -– Малдыбай, М. Байғұтта – респондент болып жалғасқан.

Т. Жармағамбетовте Сұлтанмахмұт бейнелеген кедейлерді толықтай тану арқылы Малдыбай бейнесі көркем уақыт тұтастығымен қатар көркем шындықта, типтік даралықта тұр. Жазушы тәсілінде Малдыбай монологтары үлкен роль атқарады және тарихи бейнелердің Бейімбеттен, Сұлтанмахмұттан өзгерек күнделікті өз отбасы қалпында жазылған кедей өміртанымы. Т. Жармағамбетовті өзіне дейінгі стиль айшықтарына үндестіретін тағы бір нәрсе Абайдың реалистік эстетикасын дәстүрге айналдыруы. Абайдың «Қараша желіндегі»: «Байда мейір, жалшыда пейіл де жоқ» реализмі Сұлтанмахмұтта бар бояуымен суреттелген. Т. Жармағамбетовтің әңгіме жанрындағы сатиралық, реалистік тәсілдері, оқиғаның ішкі дауыс реңкі (кекесін) мен бірінші жақта баяндалуы автордың түпкі ойына бойлауға, көркем әңгімедегі мағыналық бейне үндестігін табуымызға бағыт болды. Салыстырып байқайық: «…Омырауы ашылған, етек жайылып кеткен, жайдақ атқа мініп, алдымнан қарсы шықты. Ес жоқ, түс жоқ, кеудесімен жер соққандай»,- делініп ащы сатиралық тәсілден туған саңырау Жүсіп пен «…Малдыбай деген атын да тағдыр әншейін мазақтап қоя салған сияқты»,- деп әлсіздеу басталған мысқыл: «…Нем кетті,- деп мырс етті Малдыбай,– көгеріп кеткен жерлерімді қас қылғанда ертең тап өзіңнің майыңды жағып жазып алам ғой»,- деп ұлғайтылғаны жазушыларда ішкі дауыс кекесін арқылы бейне жасау әдісін көрсетеді, бұл жөнінде З. Ахметов: «…көркем шығармалардың негізгі мағынасы оқиғалар мен деректердің жасырын мәнін ашу қабілеті, көрнекті түрде әлеуметтік және психологиялық әрекет алғышарттарын және қаһармандардың іс-қимылдарын көрсету. Бірінші орынға жан дүниені, ішкі толқынысты суреттеу шықты»,- деген болатын. Осы тұрғыдан келгенде кедейшілік, одан туындайтын ықтиярсыз іс-әрекет қандай кәсіп иесі болмасын, қандай уақыт бедері болмасын жазушыға бейне жасау тәсілінде ішкі жан дүниесін ашып салу міндетін жүктеуі әдеби жалғастықты көрсетеді.

Қай жанрда жазылмасын тарихи кезең кейіпкерлері жаңа талпыныспен түрліше тағдыр суретімен берілетіні белгілі. Поэзиядан басталған лирикалық жалшы кейіпкер, прозада, Т. Жармағамбетовте қолына ақысы тиіп, теңдікке жеткендей болса да, ол теңдікке жеткен себептің өзі пайдасыз малдан құтылу мақсатынан жалшы Малдыбайға берілген, сол қарала сиыр мал болып емес, ажалына себепші болатыны баяндалады. Жазушы композициялық құрылымды екшеп, өткеннің елегіне салғаны байқалады. Сондықтан да Сұлтанмахмұт әсері бар.

Т. Жармағамбетовте қазақ кедейі өз мұңы төңірегінде, өз трагедиясымен баяндалған екінің бірінде болмайтын тағдырды суреттесе де басыңқы айтар ой, түйін, «кілт» бірыңғайлы. Дәлелдей түссек: «…Мына бір бұлт қой қора сияқты созылыңқы екен. Ішіндегілері мал болуы мүмкін. …қарала сиырға қанат бітіп, менің соңымнан қуа жөнелсе. Мен бұлттарға қарай ұшар едім. …Әлгі қалқып өткен қой қоралардың ішінен керегімше мал аралар едім»,- өзіне алғаш рет тиесілі болған малдың ауыр мүйіз соққысынан кейінгі «қашып құтылу арманы» осылай баяндалады. Байымдасаңыз, арман-қиялындағы бұлттағы қой секілді көріністің өзін алсам деп емес «аралар едім» деп аңсату кедей психологиясын аңдатады. Әңгімедегі пейзаждық көріністегі бұлт Малдыбайдың бейнесін толықтыра алған. Кедей көңілімен септес бұлты да «жыртық». Жазушының экспозициясы да Сұлтанмахмұт құрылымына ұқсайды, «мүйізі шүберекпен оралған» қарала сиыр әңгіменің болжамына ұқсайды.

Екі жазушының да әңгіме тіліндегі поэтикалық белгі тарихи бейне жасауында көрінеді, яғни некелесу рәсімі, кейіпкердің бейнеленуі (кейіпкер сыны, қадір-қасиеті, сипаты ұлттық таныммен берілген және суреттеп отырған кезең жағдайында, қазақы тіршілікке дәл түсінікті мінез-құлық). Байқағанымыздай, Малдыбай бейнесін жасауда Кедей дегенді баса көрсету мақсатымен жеке сөздер мен тіркестерді көркемдік пен әсерлілік ыңғайында қолданған: «Әйелімен екеуінің қолынан құрық пен көген, күрек пен шелек кетпесе де, өздерінің желісіне қотыр бұзау, я тышқақ лақ байланбаған болатын». Аталып айтса, осы бейнелі сипат (құрық, күрек) ХХ ғасыр басындағы тарихи кейіпкерді көркем сөзде келтірудің ізденісі.

Сұлтанмахмұт ашық көтерген әлеуметтік мәселе «Қарала сиыр» әңгімесінің авторында өзінше түйін түйдірте елеусіздеу етіліп Малдыбайдың ішкі монологына кіріккен: «… Мына бір бұлт адамға ұқсас-ақ: мынау екі көзі, мына желбірегені шаш, мына бір шығып тұрғаны иегі, анау аузы, … Қалай өзі марқұм Масабекке ұқсай ма? Масабек демекші, ол бейшара өткен күзде далада суыққа ұшып өлді-ау… Оны елеп, көмген де ешкім болмады, бай баласы өлігін көріпті ғой. Қасындағы жалшысы айтыпты. Бірақ өлгеніне көп болған екен деп, ауылға алып келуге жиіркеніпті…». Тобық Жармағамбетовтің шеберлігінің бір қырын монолог тәсілінде, кейіпкерлерін шешенсітпей, қарапайым еңбек адамының дүниетанымында баяндалуынан танимыз.

Шынайы дүниенің қарапайым сюжеті, қиысқан фабуласымен әдемі сөз қолданысына түскені жазушы әңгімесін келісті еткен. Т. Жармағамбетов өзіне дейінгі дәстүрді үлгі етуімен қатар, қазақ кедейінің бейнесін қарапайым қалыпта, мұң-сыр қабаттарында бейнелеуімен авторлық даралықта ерекшелене алған.

Байқағанымыз, Т. Жармағамбетов тағы бір туындысы «Отамалы» әңгімесінің структуралық бітімін аңыз желісінде құрастыруымен бірге кейіпкер Отамалы мен таңдаған оқиғаның сюжеттік негізінде өзіндік суреткерлік өрнегін байқата білген. Негізгі тақырыбы – имандылық, ой тазалығы, ізгілік, ал суреттелетін толғаныстар, оған себепші дүлей табиғат пен ақ қар бетінде тастай қатқан жас қошақандар, тағы басқасы айқындаушы фон. Алайда бұл фон Отамалымен деңгейлес кейіпкер, табиғаттың өзі қаһарманмен қатар жүре алатын образ түрінде «сөйлетілген». Байқап-байымдағанымызды А. Ісімақова пікірімен тұжырымдай түссек: «Стиль – жазушының даралығынан тәуелсіз, әдейі ойластырылған құрастыру емес. Мамандардың пікірінше, стиль өңделінеді, тәрбиленеді, дамытылады, нақтылықтан, мәдениеттен, алдыңғылардан, өзі көтерген мәселеден өзінше «оқиды». Т. Жармағамбетов фольклорлық шығармалардағы көркемдік ойлау тәсіліне бойлай алғандығынан Отамалы бейнесінің ерекше өрнектілігі есте қалады. Жазушы кейіпкері Отамалының үнсіз жүріп, ішкі ойлау әрекеті арқылы жан дүниенің толғанысын психологиялық кідіріспен бейнелеуге ұмтылған. Себебі, Г. Пірәлиева пікірінше: «Психологиялық пауза кейіпкердің сезімдік-эмоциялық көңіл-күйін дәл, нанымды және үлкен шеберлікпен бейнелейтін көркемдік құрал». Бұған дейін кейіпкердің үнсіз қалуының қазақ әңгімесіндегі көркемдік мәніне Г. Балтабаева О. Бөкейдің «Қамшыгерінде» тоқталған және оны жеке адам, ұлттық бейне тұрғысынан бағалаған.

Т. Жармағамбетовтің ендігі бір шығармасы «Уақыт» әңгімесі кейіпкердің ойға шомылу сәттеріне құрылған, бірқалыпты көрінгенімен, шешімінде дабылды белгі (подтекст) байқалады. Ғылыми дәлелге жүгінсек Жармағамбетов стилінде әлемдік жазушылардан кем емес соқталы із көрінеді, бұған теориялық негізді Т. Мотылева берген: «Бұл икемді, жылдам – шынайы терең ақталған – ішкі сөз пішінінің ауысымы дәл Хемингуэйге тән, оның стилдік жаңашылдығы. ... Толстой, бірінші болып ішкі сөзді жасады – сөйлету және екеуара пішінінде – кейіпкерлері күрделі адамгершілік ізденістер, өзін-өзі бағалау, өзін-өзі сынау, өзін-өзі қорыту амалымен ашылған». Аталған пікір Жармағамбетов стилінде сақталынған, бір Ыбраш арқылы саяси да, әлеуметтік те, философиялық та ой түйіндеген. Түйіндеуге мәжбүр ету құралы – Ыбраш диалогтарын монологтарымен алмастыра әңгіме мұратын айқындаттыруы.

Жалпы диалогтің қолдану шеберлігі жөнінде М. Әуезов, Б. Кенжебаев, Е. Ысмайылов, Т. Нұртазин, С. Қирабаев, М. Қаратаев, З. Ахметов, М. Дүйсенов, Т. Кәкішев, Ш. Елеукенов, Р. Нұрғали, Ө. Күмісбаев, Ж. Дәдебаев, С. Әшімханов, Ж. Тілепов, Қ. Әбдезұлы, З. Бисенғали, Б. Майтанов, Б. Әбдіғазиұлы, Т. Есембеков, С. Негимов, Т. Рақымжанов, А. Ісімақова, Б. Омаров еңбектерінде және Ш. Әбішеваның «Ж. Аймауытов прозасында диалогті қолдану шеберлігі» атты диссертациясында талданады. Диалог-мінездеу, диалог-деталь, полилог туралы осындай жинақталған пікірлер зерттеу нысанамыздағы жазушылардан бағамдалды. Т. Жармағамбетовтің диалогті қолдану шеберлігінде – диалог-мінездеу басым. «Отамалысы» кейіпкердің өзімен-өзі күбірлесуінен мінездеме құрайды. «Уақытындағы» Ыбрашы екеуара сөйлесумен қатар жүрек түкпірінде қалып қойған көкейіндегі бала Ыбраш сағыныш әлдиімен тілдесуінен өз болмысын танытқан. Т. Жармағамбетовтің қай әңгімесін алып қарасаңыз да диалог-мінездеу арқылы кейіпкер бейнеленеді.

Бір байқағанымыз, Т. Жармағамбетовте С. Дөнентаевтің «Көркемтайын» еске түсірерлік сәттер бар. Бірақ Ыбраш туыссыз тұл жетім қалса да «қарақұс құсап қалқиып» жігерлілік танытса, Көркемтай нәзік сезім иесі болғанда да боркеміктікке жақындау кейіпкер етілген. Салыстыра талдап көз жеткізсек екі кейіпкердің, екі жетімнің, екі уақыт өзгеріс әрекеттерінің, жазушы мұратының орындылығы шығады.

Жазушы Т. Жармағамбетов – кейіпкер көңіл-күйін, болмаса алда болар істі болжатуда табиғат сүреңін шебер пайдалана алған, қолданған және әдебиет алыптарының дәстүрін дамытушы.

Қоғамдық сананы аршу, рухтандыру, сақтандыру қазақ әңгімелерінде Ғ. Мүсіреповтен кейінгі жазушыларда дәстүр жалғастығының әдемі келісімін тапқан. Соның бірі – жазушы А. Алтай.

Әңгіменің рухани әлемі, көркемдігі, мазмұн жаңалығы жазушы Алтайға тән стильдік ізденісімен көрінеді.

Әңгіме тақырыбы А. Алтайдың терең байыптап жазып жүрген шығармашылық лабораториясында орныққан. Қазақ халқының маңдайына жазған зұлмат жылдар қасіреті жөнінде басқа әңгімелері де өзіндік шеберлікпен өрнектелген еді. Бұл әңгімесі сол тақырыпты тіпті басқаша қырдан сөз етеді. «Халық жауын аулау» ісі қазақы кәсіпке баулынған, бұғанасы қатпаған орыс баласы әрекетімен және сол жылдардың өміразығымен тағдырын байлаған кейіпкер Евстафий-Егор-Жагордың оқиғасынан тұрады. Кейіпкері: «...іштен тынғалы қашан? Ішіне қан қатқалы қашан?! Жас кезінде күйінген баяғы бір істеріне бұл күнде сүйінген кержақ – орыс қой. Сібірдің кәрі аюындай селт етпес, секем алмас күйі өтер де кетер. Енді көп қалған жоқ қой»,- деп ойланады. Жазушының кейіпкерге сөйлетіп «күйінген, сүйінген» тебіренісіне автордың айтып жеткізем деген «толғауы» сіңген.

Жазушы кейіпкерінің тағдыры арқылы адамның көңіл түкпірінің сарайы ашылады. Сондықтан, кейіпкердің жан тебіренісі, қуаныш-қайғысы оқырман көңіл-күйіне әсер етеді. Б. Майтанов былай дейді: «Әрбір туынды онда бейнеленетін өмір суреттерінің толымдылығы және шынайылығымен бағалануға тиіс. Көркемдік – шынайылық болса, оны ұғындыратын әрі ұғатын адамдар жалпы үрдістерден өзге жеке сезімдік әуендерді тыңдауға бейім».

Әңгімедегі психологизм табиғаты, кейіпкер әлемінде болатын күйінішті жалғызсырау, тырнаның «траулауына» оралып отырады. Яғни: «...көркем прозадағы психологизмнің арнайы бейнелеу құралдарын жеке-дара бөліп алып, олардың кейіпкер психологиясын талдаудағы көркемдік қызметін айқындау бүгінгі ұлттық әдебиеттану ғылымындағы күрделі тақырып»,- деп айтылатын Г. Пірәлиева пікірі «Кержақтың керін» басқа әңгімелерден ерекшелігін қисындық тұрғыдан мойындаттырады. Әңгімедегі терең таным кейіпкер шалдың психологиясы арқылы танылады: «Бозбала күннен берекесін алып, бетінен қаққан со бір сұғанақ та суық сезім осындай оңаша қалған сәтте ойын ойран-топан ететін. Сырт көзге тыныш тірлік кешкен қарияның ішінде ит өліп жатқанын жат жұрты қазағы бар, өз жұрты орысы бар қайдан білсін... Білмегені де жөн».

Кейіпкердің көңіл-күйі (ішкі монолог, зіл басқан ойы мен өз-өзін жұбатуы) және дене кемістігі әңгіме құрылымының ең маңызды бөлшегі десек те болады. Әңгімедегі негізгі оқиға «таскерең тыныштықта өзен иіріміне қармақ салған» көкпеңбек қос шырағынан басқа бұл дүниемен байланысы жоқ «құлағы көрдей керең тартқан, тіл-аузы тас байланған» шалдың ауыр ойынан өрбиді. Әңгіме сізге ауыртпалықтан жеңілген тірі мүскін адамдар туралы сөз етеді: «...жұртқа жұмбақ ұры ой, жанға жат сұм сезім уысында ұстап, сүліктей сорып-ақ келеді. Сыртқа шығаруға тәуекелі жеткен емес. Құдай да қыбын келтіріп, тілін тартып, құлағын бітеп тастаған. Ал ел білсе бетіне түкіріп, безініп кетері хақ». Адамды адам жау санаған кезең жасамыстардан гөрі жас өспірімдерге оңай болмағаны аталған әңгіменің тағылымдық та, психологиялық та жетістігі болып табылады. Жазушы сенімсіздік пен қатігездік тудырған психология өзгешерек болатынын түсіндіруге ұмтылған: «...– Олар халық жаулары ғана емес, ішінде Отанын сатқан опасыздар да, кісі өлтірген қауіпті рецидивистер де, соғысқа бармай қашқан дезиртерлер де бар. Немістерден де қауіпті бұлар...». Бұл – «поекты» екі есе алам деп жергілікті жерді түгел тіміскілеп «қашқынды» табуға ынталанған баланың тыңдаған «ақылы». Бұған қоса қашқындардың «он екі мүшесінің бірін жеткізу» бұйрығы екі етпей орындалып отырғаны былай тұрсын, өліктерді қорлау әрекетінің сорақылығы да жас баланың көзінше жасалса да, ол көмектен бас тартпады. Сондықтан жазушы кейіннен соғыс кеміс еткен мүгедектігін аз жаза, ауыр жаза оның жалғыздықта өзін-өзі мүжу зауалымен келетінін ұқтырады.

Әңгіменің ең сәтті тұсы баланы аң аулауға, із кесуге баулыған Сағымның «трудармиядан» қашып жүріп Жагордың оғынан мерт болардағы тілдесуінен соңғы көңіл-күй: «Егордың да санасы суына отырып қалды. Әлгіндегі булыққан өксік те, буынған өкініш те ғайып болды... Бойы жеңілдеп, жазықсыз төгілген қанға деген аяныш сезімі сап тиылды». Жазушы екі сезімнің қатар ұштасуы арқылы адам болмысының қатпар- қалтарысына бойлатады.

Тырналардың терістікке қарай тыраулауы кейіпкердің айықпас сұрғылт шеменімен бүтіндік құраған. Дәлеліміз: «Пейзаж сюжетке байланыссыз, бөлек нәрсе емес, әңгіме кейіпкерлердің көңіл күйінен кезіккен жағдайдан туады»,- деген Б. Наурызбаев пікірі болып табылады.

Кейіпкер әлемі өзгерістен гөрі тұйықталып қалумен шектелген. Жазушы мұнда тылсым сырлар секілді, адам жаны мен құпиясы толық ашылмағанын дәлелдеген. Оқырман жүрегіне «...Мезгіл – байсал күздің «бәйбіше жазы» шынайылықпен жеткен.

Қ. Ергөбековтің: «Бұрын кейіпкер іргелі қоғамдық-әлеуметтік оқиғаларға араласу арқылы ірі тұлғаланса, назардағы шығармаларда жаны нәзік лирикалық кейіпкер өмірдің елеусіз майда құбылыстарының өзін қалт жібермей қадағалайды, тіршіліктің мөлтек көрінісінен ірі, салмақты ойлар түйеді. Кейіпкер жанына үңілу, кейіпкер сырын ашу авторларда әр түрлі»,- пікіріндей, біздіңше А. Алтайдың да кейіпкер жанына үңілуі тым терең болуымен қатар, соның нәтижесінде әрі қатал үкімдеген.

«Көркем туындының атауынан бастап, пролог, абзацтар, тараулардың қиысуы, оқиға жүйелерін баяндау, бейнелеу, суреттеу элементтері, пролог, эпиграф, авторлық шегіністер, т.б. мәртебелі композицияға қызмет етеді. Осы ретте ұлттық прозамыздағы сан тарап ізденістер таусылған емес»,- деген Б. Майтанов пікірі туралыққа жетелейді. Қараңыз: «...кәнтөжін қылған «керман» соғысының арқасында адам атаулының ащы даусы мен тұщы тілін естімес мылқау кепке түскен. Оған да тәуба! Әйтпесе, әлде кіммен әңгіме үстінде ырғасам деп, қызыл тілдің кесірін көрер ме еді, есесі кетер ме еді ... Қайтер еді?! Оның аяғы немен тынар еді?!»- деп ақталатын кейіпкер ойы фабула құрау ізденісінің бір қыры. Әңгіме кейіпкерінің мүгедектік себебін және «зіл басқан көңілсіздікті» желімдеп тұр. Тартысуға да болмайтын, таласуға да болмайтын, олай бола қалу барлық адамның мінезіне бұйырмағанын, алайда адалынан өмір сүру тыныш көңілді қамтамасыз ететінін түсіндіреді. Аталған әңгімеде кейіпкер сезімнен гөрі тіршілік жанталасында ашыла түскен. Бұл – адам сезімінің ішкі дүниесінде болатын күнәлі ойдың астасуы арқылы берілген.

А. Алтайда әуезовтік тәсілдің басқа қыры, яғни ар-намысты сатып адам бола алмайсың дегенді әрекет еткізіп барып, өкіндіріп мелшитеді. Кейіпкерді ең қинайтыны – қайтып түзетер еш амалдың жоқтығы. Біздіңше, жазушының қазіргі нарық заманындағы сананы түзетуге әрекеті – «Егор өкінішінен» сабақталған.

Әдебиет теориясында: «Бейнелеу құралдары – әдебиетте көбінесе бұл ұғым сөз қолдану тәсілдері, бейнелі сөздер, мысалы, жалпы түрде құбылту деп аталатын метафора, метанимия, әсірелеу, тұспалдау, астарлау, теңеу, эпитет және стильдік айшықтар, дыбыстық қайталамалар деген мағынада қолданылады... Кейіпкерлерді мінездеу, сөйлету, келбет жасау, табиғат көріністерін суреттеу, уақиғаны әртүрлі өрістету – осының бәрінде бейнелеу тәсілдері қолданылады»- делінсе, бұл «Кержақтың кері» әңгімесінде іс-әрекетке, көңіл-күйге қарай түрліше толысып отырған: «Толқыны тереңге батқан иірім», «жар жалаған көктемгі лай судың шылпылын», «таңғы тұман тарқамай жатып естілетін сол бір көктемдегі тырнаның даусы», «кешкі апақ-сапақта ат құлағы көрінбес алас-күлес», «ойдағыдай емес, тау басындағы таза қар көз қарықтырып, саф ауа ми зеңдіреді екен», «көкек айы келсе де басына бұлт түнейтін Құзғынды-Жайдақтың мол қарының мұрты да бұзылмапты».

Көркемдік ойлау – жазушының зейіні, сезімі, есте сақтау жады, естігендері мен көргендерін көңілге тоқығандарынан туған шығармашылық қабілет.

Манап Хасеновтың «Иса Байзақовтың ақындығы мен стильдік ерекшелігі» атты еңбегінде: «Суреткер шеберлігінің өзі де осы стиль мәселесімен тікілей байланысты. Стильдің мағынасы өте кең, оны бірер белгі, жекелеген шарттылықтарымен ашу қиын. Стиль, ең алдымен, бүкіл әдебиетте бағыт-бағдарын аңғартса, екінші жағынан, суреткердің өзіндік қалам мәнерін, шеберлік тәсілдерін айқындайды»,- дей келе мына мәселеге ерекше мән береді: «шығарманы басынан аяғына дейін сыдыртып өтіп, мазмұны мен ондағы кейіпкерлердің іс-әрекеттерін тізіп шығуымен шеберлік те, стиль де ашылмақ емес»,- деген ескертпе жасайды. Зерттейтін жазушы әңгімелерімен толық танысып, оның жазылу тарихын білудің өзі зерделі пайымға, жетік танымға жеткізеді. Осы бағытта талдау нысанамыздағы жазушылардың өзіндік стиліне зер саламыз.

С. Ерубаевта байқалған лирикалық проза ұшқыны Мұқан Иманжановтың әдеби тәсіліне ауысты, 1950 жылдары қазақ әңгіме жанрына лиризмді әкелді. «Қызыл гүл», студент қыз Шолпан туралы «Қыз сыры» (1941) әңгімелері мен «Жастық» (1948) атты алғашқы әңгімелер жинағы арқылы таныс жазушы зерттеушілер назарынан тыс қалмады. «Таныс қыз» (1951) әңгімелер жинағы және осы тақырыптас әңгімеде кейіпкер Раушан-Рауза студенттің, әрі еңбекке араласып Социалистік Еңбек Ері атанған қазақ қызының жаңа бейнесі жасалынған. Оның жаны мен қалауы түгел бақыланып: «майданда солдат, еңбекте батыр қазақ қызының»,- сыпайылығына, мәдениеттілігіне сүйсінген жазушы сыры бейнеленген. М. Иманжановтың жазған әңгімелері көп емес болса да балалар әдебиетіне қосқан үлесі мол. «Сапардың тәжірибесі» әңгімесінде бала тәрбиесі, оның ұжымдық түрі беріліп, әсерлі бейнеленген. Осындай әңгіме қатарын кейін Б. Нұржекеұлы жалғастырған. Мұнда жіберілген ағаттық қадамның іс-әрекет арқылы мойындалуы ашылған. «Жол үстінде» әңгімесінде бала Сағиттың болмысын ашатын ерекше мінезі бейнеленген. М. Иманжанов аударма мәселесіне мән берген. Л. Пантелеевтің «Уәде», К. Ушинскийдің шағын әңгімелерін, түрік жазушысы Махмуд Маколдың «Балалар», «Балалар қалай күнелтеді», «Мектептен айрылдық» әңгімелерін аударып, әр кейіпкердің өз сөз саптауы болуы керектігіне назар салған. А. Чехов, М. Горький шығармашылығы ықпал еткен.

Өз дәуірі адамдарының ізгі қасиетін шебер де шынайы суреттей білген: «Коммунизм мүйісі» (1951) әңгімесі оқушы Мұраттың адалдығына қуануы, «Талап» әңгімесінде бес кластық білімі бар Кеңес арқылы «оқусыз ешбір өнер, қолға түспейтінін, талаптың бәрі оқуға келіп сабақтасатынын» меңзеген автор пайымы берілген. «Бөбек» әңгімесінде «жаңа сәби талап пен сәби өнерінің сезім балы» суреттеледі. «Сенім» әңгімесінде Зұлқия арқылы депутат бейнесі ашылады, су маманы ретінде қазақ қызы меңгерген мамандық аталады. «Кішкентай көрші» әңгімесінде Гүлсара арқылы, «Кондуктор» (1952) әңгімесінде тәрбиеге қатысты аналар көзқарасы мен кондуктор әйелдің бейнесі берілген. «Үй» (1954) әңгімесінде суретші бейнесі, дала тіршілігін сүйе білу бастауы бейнеленеді. «Қорқақ» әңгімесінде Едик, Руфик, Коля арқылы бала кезден басталатын мінез, сыналар сын туралы, «Бес» әңгімесі аға вожатый бейнесі және қисық мінезді түзеуге болатынын тәлімдегенін байқаймыз. Аталған әдеби дәстүр С. Мұратбеков әңгімелерінде көрінсе, ол әңгімелер өз кезегінде Н. Ораздың әңгімелерінде лиризмді жаңғыртуынан байқалды.

Әдеби жолын М. Иманжанов ашқан Нәсіреддин Сералиевтің «Бор», «Түйме», «Райхан», «Ақмаралдың өтініші», «Торы ат», «Мейірімді қыз», «Тәртіпсіз лақ», «Жаңғалақ» әңгімелерінде әже тәрбиесі, үйренгенін көрсетпекші болып ынталанған бала көңілі, сегіз жасар қыздың музыка үйренуі мен лебізін Шәмшінің әнімен жеткізуі жазылған. Бала қылығының шынайылығы, бала тілі балдығы берілген. «Кішкене үйшілер» (1952) әңгімесі Пионер журналында басылды, «Ұшталмаған қарындаш» жинағы шықты. Оның «Намыс» (1959), «Қара лақ пен ақ лақ» (1961), «Әңгелек» (1964), «Қаңтар» (1971) жинақтары балдырғандарға арналған болатын.

С. Мұратбековтің «Ата» әңгімесінде Бекең шалдың Баған баласы министрдің қызын алып ғылым кандидаты бола тұра өз әкесінен қорынып төрт жылға дейін үйленгенін айтпағаны (Ж. Молдағалиев әңгімесіндегідей) қазақ қоғамына ендеп кіре бастаған жөнсіз салт-сананы көрсеткен. «Қыран құс көк жүзін шарлап кетті» әңгімесі кейінгі әңгімелердегі ұлыларды ұлықтау сюжеттік құрылымдарына үлгі болған. Үрміз қарттың көненің қастерлісі қобыз, қыран құс балапаны мен М. Әуезовпен кездесуін қастер тұтуы, кейіпкер дүниесі арқылы «Абай жолының» құндылығы, осының бәрі «жазушыға деген махаббаттың белгісі» ретінде суреттеледі. «Жанболат» әңгімесі жетімнің жетілгені және екі бауырдың өзара туыстық қарым-қатысы бейнеленеді. Еңбекшіл жастың жаңа техникаға үйренуі айтылады. «Қызғаныш», «Қысқы кеш» әңгімелерінде жесір тағдыры шертіледі. «Кәментоғай» әңгімесі еңбекқор әкенің бала мен жиен-немерелеріне ықыласы, автордың кейіпкеріне сүйсінісі, табынуы бейнеленген. «Таңғы шық» әңгімесінде суреткер дүкенші Тұраштың болашағына үмітпен, жақсылықпен қарауына өзгелердің қуанышы сеп болғанын, адам көңілінің көтерілуіне көп нәрсенің керегі жоқтығы, ықылас-ниеттің өзі-ақ жетіп жататынын байымдаттырады. «Ананың арманы» әңгімесі ене-келін, немере тәрбиесінің «жамандықты жасырып, жақсылықты асыратын» тұсына үңілтеді. 1970 жылдардағы қазақ әңгімесінің үлгі-қалпын – «Отау үй» әңгімесі береді. Тұрмыс құрғанына жыл толған Тана мен Ұзақ арқылы уақытша реніштің кесірінен ата-енеден бөлек шығып жеке үй болудың қызықтығы мен қиындығы болатынын ұғындырып, ақыл тоқтаттыратын күш берген. «Көктемгі егіс кезінде» әңгімесінде қазақ қызының тракторға отыруы, ондағы қиыншылықтар суреттелсе, «Махаббат» әңгімесінде Әсия қыздың жар таңдауы беріледі. «Үскірік» әңгімесіндегі Қайрақ пен Дәнеш арасындағы достық жібі үзілгендігі, ер мінезді Дәнештің шындықты көрге ала кеткені, Қайрақтың өмір бойғы өкініші – сыйластыққа шақыратын тура жол болып саналады. «Өлең» әңгімесінде Райымбек пен Дариғаның өз махаббаты үшін күресуі бейнеленгенмен, автордың айтпағы – бақытты да, сорды да кейде өзің қондырып, өзің ұшырасың деу еді. «Табылмаған мекен» әңгімесінде бригадир Өмірбайдың тағдыры, бұйырмысына берілген үш-төрт неке, сол арқылы қазақ отбасы мәселесінің тағы бір қыры табиғи қаралған.

«Алтын сауытты батыр» әңгімесінде Ақжамал бейнесі арқылы ұлттық құндылықтың елеске айналмауын ескертеді, кейін О. Бөкейде, Т. Әбдікте, Ә. Орынбаевада, А. Кемелбаевада байқалған сана әлемі екіге жарылған ерекше кейіпкерлер қоғам бағытына назар аудару тәсілі ретінде қолданылған. «Бәйдібектің базары» әңгімесінде маскүнемділік қор болудың анық белгісі екеніне көз жеткізеді. Бәйдібектің апталап ішіп ел кезіп кететіні сондай, тұңғыш ұлы Тұрашының жерлеуінен бейхабар болатыны және жазушы мұндай қасіреттің түпкі себебін бақылауға ынта қойған. «Қызыл іңір» әңгімесінде кітапханашы шал Ерекеңнің «қызыл іңір» налысы символды берілген, «Көрші үйдің қызы», «Күнсұлу» әңгімесінде адамның жан сұлулығы меңзеледі, «Жолайрықта» символдық әңгімесі қазақ қоғамындағы 1991 жылғы жолайрықты бейнелейді: «байлар да жылайды» деп сол заманның тынысын береді. «Күнімайдың күндері-ай» әңгімесіндегі кейіпкер келіннің қайраттылық көрсетуі, шаңы бұрқыраған Шайырқұмына деген сағынышы мен Білісбектің ешнәрсені жасыра алмас көңілі – ауыл адамдарының психологиясы суреттелген. «Әпкем, жездем және мен» әңгімесі өте көңіл толқытарлық туынды. Туыстық қатынастардың арасындағы өзара түсінісу – шын қымбаттылық белгісі.

Т. Нұрмағамбетовте психологиялық әңгімелер толық ашылған. «Қараой» әңгімесі кешірілмес сатқындық табиғатын ашқан. Махамбет батырдың аяр туысы Ықыластың алдауына түсіп өлім құшуы және баласы Нұрсұлтанның, әйелі Әуестің қарым-қатысы психологиялық тұрғыда бейнеленеді. «Сары жайлау» әңгімесі Тәттімбет күйші жалғыздыққа қарай бойұсынуы, үйленсе де Сарықызға ғашық болуы, күйдің дүниеге келу машахаты мен ләззаты суреттеледі. «Қаралы қобыз» әңгімесі қобызшы Ықыластың қиын тағдыры, кейіпкеріне: «Қара қобыз үкісі желбіреп, теңгесі саудырлап, немереден шөбереге, шөбереден шөпшекке, ұрпақтан ұрпаққа ауысатынын ойлаған жоқ»,- деп ойлатқан, ұмытылмайтын дәстүр беріктігіне жазушы осылай келген. «Көк қаршыға» әңгімесі Ақан сері әні «Көкжендетті» шырқаған Шауқар мен Шорақазының жапан далада кездесуіне құрылған. «Төре-қараға қор болған қайран елім»,- деуінде ел басқарғандардың құр лауазымға ие болып атадан келе жатқан ел билігінің құлдырағанын, оның да өнер екеніне жетелеген пайым бар. «Көкейкесті» әңгімесі Сәкен жазушының келбетін, бір күйдің тарихы аясында өмірінің қияметтерімен қатар қозғайды. «Жиендік», «Уайдай» әңгімелері өнер туындылары жайлы бейнеленсе, «Волга-реченька» әңгімесі, журналист пен жолаушының музыка жөніндегі сұхбатынан тұрады, «Сары сыбызғы» әңгімесінен сыбызғы үнінен желпілдеген туырлық, сықырлаған шаңырақ, сыбдырлаған қалың тал т. б. естілгендей болады, «Кертолғау» дәйекті әңгімесінде этнографқа «Кертолғау» күйінің құдіретін, оны балбыратып тарту да үлкен өнер екеніне көз жеткіздіртеді. «Құлқын» әңгімесі қаршадайынан парасат қумай әсер қуып өскен композитор «болыс-екеңнің» кім екенін бейнелейді, дүниеқоңыздығынан жирентеді. «Махаббат күйігі» әңгімесі құлқынның құлы болған, оңай олжаға қызыққандардың оқиғасын бейнелейді. «Телқоңыр» (1970) әңгімесі Сүгір күйшінің күй тартуы арқылы көк биеге қоңыр құлынның телінуі суреттеледі. Қазақтың мал бағу, күту мәдениеті беріледі. «Қарақұлақ» (1968) аңыз аралас әңгімесінде ноқай әкенің қатыгездігі сипатталады. «Қос күйші» әңгімесінде өнерге жақын жүретін ғылыми қызметкер Таңсықбай Боранбаев пен домбыраны керемет жатық тартатын генерал Асқаров есімін иеленген бас агроном бейнесі берілген.

М. Мағауиннің диалогты қолдану шеберлігі әлемдік әдебиеттен кем түспеген, мысалы Э. Хемингуэйдің шығармаларының белгілерін көресіз. «Кешқұрым», «Әйел махаббаты» (1961) әңгімелерінде Жұмағұл шалдың өміріне соғыс салған жара өрнектелген, екінші әңгімеде бүгінгінің Мәжнүні бейнеленеді. «Жаңылысу» (1961) әңгімесінде жазушы үндемес Омарбайдың ұлды болған қуанышын бейнелеп отырып, адам құпиясының қалтарысына өзі бойлатпаса ешкім кіре алмасына сендіртеді. «Қияндағы қыстау» (1968) әңгімесінде Көкдауыл итті ертіп Едігенің арқар атқан «өмір күресі» баяндалады. «Сентябрьде» (1968) әңгімесінде зейнеткердің өмір тарихы арқылы қазақ халқының жалпы сипаты бейнеленеді: соғыс жалмаған үш ұлынан кейін көрген ұл-қызы, кеңестік тыныс, байлығы шіріген министр құдалар мен орысша тәрбиеленген келін, ұлттық дәстүрдің сақталмауы, ең қиыны: «шүлдірлеген немерені өзіміздікі дей алмай жүрміз»,- деп ұлт тілі ұрпақ тілінен ажырап бара жатырған әрекетке тосқауыл іздеген. «Түнгі қонақтар» (1969) әңгімесінде Ақлима ананы бейнелеу арқылы әзәзіл-шайтанның азғыруына түскен жанның бейнесін толықтыратын Тоқметті, дастарханға арақ ала жүгіретін аналардың ойланбай жүргенін жеткізген. «Өткінші» (1969) әңгімесінің негізгі мұраты – дұрысы ұлттық тамырдан ажырамау,– әсіресе табиғат суреттемелері көп көмек еткен, найзағай жасынымен ес жиғызатыны тамаша берілген. «Шаңқа» (1970) әңгімесінде баланың сүйкімді де пәк шағында барлық жақсылықтың нәрі сіңірілуі тиіс деген тұжырым бекітілген. «Күтпеген кездесу» (1971) әңгімесі мінез құбылыстарының бейнеленіп берілуімен маңызды. «Тарпаң» (1972) әңгімесінде бос үміттің көңілге қонбайтындығы жақсы ашылып берілген. «Иесіз» (1972) әңгімесінде үйінен адасып қалған канден арқылы жаттың жақынға айналуы сирек екеніне ишара жасайды. «Тұлымханның бақыты» (1973) әңгімесі ер адамдардың ұсақталуы мен жар адалдығына деген ұлы кіршіксіздік жоғала бастап, сананы тұрмыс билегенді бейнелеген. «Архив хикаясы» (1973) әңгімесінің бұрынғы аты «Мұрагер» деп аталған. Сембек аспиранттың қорғау тақырыбын терең зерттеймін деп мұрағат материалы жаңалығымен он жылын мұрағатшы Сәметпен өткізуі, соның ықпалынан шыға алмауы арқылы зиялылыққа ұмтылған жандардың өзгеге зияны болмаса да өзіне жасаған қатыгездігі, оларды айрықшалайтын өзімшілдік психологиясы танылады. Баяндаушы кейіпкердің аталған Сембектің кебін кимеу үшін әңгіме жазып, докторлық ғылыми жұмыстан бас тартуының да астарлы мәні бар. «Менің балаларымның туысқан ағасы» (1973) әңгімесі баланың қажет тілегін уақытында орындамаса оның да өкініші болатынын, бала жанының тұнықтығын білдіртеді. «Шеше» (1977) әңгімесі асырап алған ұлдың анасына деген адалдығы, дүние кезек қарымтаны көрсетеді. «Көк кептер» (1977) әңгімесі «әке қадірін, әкелік парызды» баяндайды. «Ер Тарғын» (1977) әңгімесі ауыз әдебиетінен келе жатқан Тарғын мен Ақжүніс сұлудың батырлық жырын прозамен берген: «Ер арманы – халқының қажетіне жарау. Тұлпар кетсе – тұяғы қалады».

Жазушы «балалар» арқылы, осындай біртіндеп ене бастаған дәстүрсіздікті тежеуге, оған соңғы нүкте қоюға болады деп сенеді. Дұрыс тәрбиелей алсаң, немерелер арқылы қайтадан ұлттық дәстүр қалпына оралуы тиіс деген арманы «Әже» (1983), «Биік үйдегі Бөрібасар» (1984) әңгімелерінен көрінеді. «Жындыбас» (1984) әңгімесінде адамдардың «өмірмен ойнауға болмайтыны, қас-қағым сәт екені» бақыланады. «Алтын тіс» (1988) әңгімесінде сырттай оқитын студенттер білімі, басқалардың надандық құрбаны болып шықпасына жол бермеу нысаналанады. «Тәртіпті азамат» (1988) әңгімесі пайда тигізудің де шектеулі өлшемі болу керектігін түсіндіреді. «Оң мен сол» (1990) әңгімесінде Мүсіреповтік «із» тәсілінің әдемі жалғастығын айтуға болады: «аппақ қарға түсетін оң мен солды айыртатын алғашқы таңбадан басталатыны»,- бала аяқ киімінің оңы мен солын тауып алғанымен есейе келе өз бағытының қайда бұрыларына қиналатынын астарлы етіп жазған. «Пұркоралдың көк аты» (1990) әңгімесінде жазушы: «арың мен иманың нені қаласа, сонымен бол. Атасының сөзі етіп иа Алла тура жолға»,- «тіл шыққаннан демі үзілгенше» бабалар салған жолдан таймауды мансұқ еткен. «Қант пен ірімшік» (1990) әңгімесінде соғыс уақытындағы таршылықтың бір белгісі қант еді деп келіп: «ата-баба тағамынан қол үзу – ауру сырқауға бастайтын, қараңғы көрге апаратын нағыз қайыршылық деп білгейсің»,- деп ащы шындықты анық айтқан. «Құлаққа талас» (1990) әңгімесі, Әскержанның шұнақ құлақты алмай әділдік іздеп шырылдауы еркелікпен қатар негізі әріде екеніне мән бергізеді: «қазақта ең сыйлы адам – бала. Ал баланың бәрі бірдей тең. Теңдік үшін таласыпты». «Климмен күрес» (1990) әңгімесінде: «Күрессең жеңу мұрат па. Дәл олай емесін уақыт өте келе аңдаймыз. Үнемі жеңу мүмкін емес, бірақ өз өміріңіндегі ең үлкен күрестен жеңілген адам – бақытсыз екен, арманда кетеді»,- деп ой қорытады. «Абақтыда өлген Уан атам» (1990) әңгімесі жеті атасын жаттап алған баланың өмірден кейінгі өлім кезін елестетуі, алланың барына сенуі: «бабаларымның кім болғанын білу, аталарымның қандай ғұмыр кешкенін естіген соң өзімнің кім болуымды білдім, бірті-бірте аңғардым»,- деуі ұрпаққа қажет жаңаша пайым түрткісі болған. «Тассудан өткен қашқындар» (1990) әңгімесі бірін-бірі күндеген қылықтың кешірімі жоқтығын, зауал барын бейнелейді. «Әскержанның ағасы» (1990) әңгімесінде соғыста шейіт кеткендіктен ағасы бола тұра аға мейірімін, өлсе өлігін көре алмаған талай қазақ отбасының тағдыры беріледі. «Ең әділ сайлау» (1990) әңгімесі жазықсыз жалалы болғандар, қудалану тақырыбының бір қыры – адамды адам жау көру өз ішіңнен шығатынына нандыртады. «Гимн» (1990) әңгімесі өз елдігін аңсаған дала қазағының өміріне балта шапқан, үндемеуге үйреткен тағдыры беріледі. Мектеп балаларының «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсағанды айтуы» – Тәуелсіздіктің жақындағанын білдіретін болашақ болжамы. «Шығырық» (1989) әңгімесі тап жауы жаласымен өз елінде еркін жүре алмай өз моласын ата-баба жерінен аңсаған Шығыршық шал туралы бала естелігі етіп беріледі. «Әбдіғаппар сері» (1989) әңгімесінде дала өмірінің мәдениетін жойылтуға әкелген қысымшылық, Ақан серілерді аңсауы – жазушының ақты ақ, қараны қара деп нақ айтқан көзқарасын білдіреді. «Ақжалға кеткен Сейіттің баласы» (1988) әңгімесінде желтоқсан оқиғасының шет-жағасы бала Алик диалогынан көрінеді. «Коммунистік реализм» (1992) әңгімесінде: «қабырғамыз қаусаса да, омыртқамыз үзілмей шықтық. Мұрын тесілгені, құлақ кесілгені, ми шайқалғаны ештеңе емес – алтын бастың садағасы»,- деп сақтансаң сақтармын принципімен өмір сүру қиындығы, жазушы тәубасы ескерілген.

М. Мағауиннің «Тамыздан кейінгі әңгімелерінде» әдеби тәсілдердің бәрі кірген. Соғыстан кейінгі станиншілдіктің зардабы көрсетіледі. Бала Мадияр мектеп кітапханасынан «Гулливердің саяхаттарын», «Дон Кихот», «Гоголь, Толстой, Тургеневтердің шығармаларын» оқып, жүрегіндегі берішін басады. Кінәсізді кінәлі етіп көрсеткен көркем тарихты жазған: «Оң қолдың кінәсі – сол қолды атқанында емес, арыз-ғұрыз жазып, азаматтың обалына қалғанында деп еді атам».

С. Мұратбеков әңгімелерінің лиризмі Қарауылбек Қазиевте сабақтасқан деуімізге болады. Қ. Қазиевтің «Олар екеу, мен жалғыз» әңгімесінде балаң махаббат сыры шертіледі: «ертегідей болған түн өтіп кеткеніне, сол жұлдызды түнмен бірге қимасын жоғалтқаны» суреттеледі, «Ақ бантик» балалықтың пәк белгісі ақ бантикпен қоштасу: «найзағай жазулары жалтылдап, түн жаңбырының тамшылары» қыз сезімінің бұлқынысымен дөп келеді. «Найзағайлы түн» әңгімесінде Көрпеш қыздың Қайсармен, құрбысы Шараппен арасындағы қарым-қатынастар, қыздың жүректілігі мен ашықтығы бейнеленген. «Бәйшешекті жыл» әңгімесінде қазақы дәстүрде тәрбиеленген Қайыржанның алғашқы сезімі бейнеленеді.

Лиризмнің М. Иманжановтан С. Мұратбековке одан Н. Оразға жалғасқанын, сол сияқты Н. Оразда С. Ерубаевтің формалық құбылтулары М. Мағауиннен ауысып, ықпалы болған деуімізге болады. Н. Ораздың «Қайыршының жұлдызы» әңгімесі адам жанының рухани азғындалғаны, актер дарынының байлыққа бола құлдырауы беріледі. Баяндау тәсілі – курортқа келген кейіпкер келіншек әңгімесімен шебер үйлескен. «Аяқталмаған ертегі» әңгімесінде тауқымет қажытқан әйелдің өткен өміріне, көңіл қалтарысына үңілуі, сезімнің қартаймайтыны суреттеледі. «Бақыт құсы» әңгімесінде өмірде адасып жүрген Айгүлдің Маймақ секілді лауазымды қызметтегі кісінің ойыншығына айналғанын, өтемі дача мен машина болғаны баяндалады. «Сиқырлы көл» әңгімесі сырты сұлу, іші қуыс Айсұлудың курорттық жүрісін әшкерелейді. «Сақалды қыз» әңгімесін жазушы суретші күнделігі арқылы суреттеген. Үміттің тағдыры: «жаратылысқа ешкім қарсы тұра алмайды. Қарсылықтың бәрі де – қиял. Шайтанның ойыны»,- деуімен шешілген. «Ақ тырналардың уыты» әңгімесінде әке Ақмырзаның арақ кеселінен: «балаларының ақ тырналарға айналуынан кейін ес жиюы» айтылады. «Қоңыр шәлі» әңгімесі аңдаусызда қайғылы өлімге ұшыраған бес жасар Жөкентай тағдыры суреттеледі. Анасының қоңыр шәлісін апарамын деген ықыласы – бала бар нәрсені баққыш келетінін байқатады, балдырған психологиясы тура берілген.

Тұрсынжан Шапайдың «Айна сарай» әңгімесі қазіргі әңгімелердің қалпын береді, метафоралық бейнелеу, көркемдік синкретизм, кейіпкердің өзін-өзі талдауы – әдеби әдістердің біршамасы тоғысқан.

«Қазақпен саудаласуында» көршісі қазақ бола қалса қазақша үйретуге жанын салған ұлтжанды кейіпкердің бейнесі беріледі. Аталған сабақтастықты өз зерттеуіміздегі жазушы әңгімелерінен танып-байқасақ көбіне мына тұстар талданады.

Қазақ әңгімесінде 1960 жылдардан кейінгі уақыт пен замандастары тағдырын өзек еткен, шынайы нәзік иіріммен нәрленген мәңгілік мұра қалдырған жазушы Т. Жармағамбетов туралы: «...рухани мәдениетімізді байытқан суреткер – жазушының әдебиетіміз кеңістігінен айқындалар орны, өзіндік ерекшелігі әлі күнге дейін жан-жақты, жете зерттеліп, ғылыми зерделене қоймағаны өкінішті-ақ»,- деп автордың «Отамалы» атты кітабының алғы сөзінде берілген.

Қазақ әдебиетінде қазақ поэзиясында көп жырланған денсаулық мәселесі жазушының «Жан» әңгімесінде жаңғыртылған десек болады. Қазақ әңгімесінде спортшы бейнесінің алғаш көрінуі ерекшелігі және өлімді жеңген өмір жайлы лирикалық туынды ретінде танылды.

Т. Жармағамбетовтің Жан атты кейіпкері «дүние жұмбақтарының алтын кілтін тауып, планета есігін, кеңістік есігін иықпен итеріп ашқысы келді». Бірақ олай болмады: «қырдағы қызыл қызғалдақтай гүлдеп, раушанша шешек атып тұр еді. ...бәрінен не пайда? Қазір ауру. Қарын рагі. ...жаздың тамаша әсем күнінде қырда тұрған қызыл қызғалдақ пен әтір иісті раушанды қара дауыл, суық бұршақ бір секундта таптап өтті. Қызғалдақ жоқ болды, раушан семді. Өмірге кеудеден оқ тиді»,- деген суреттеулер келісімді келген көркемдіктің жалғасы, әрі лирикалы прозаны байқатады.

Өзінің төрт айлық қана өмірі қалғанын жаңа ғана естіген жиырма бес жасар жігіттің көңіл-күйі былайша бейнеленген: «Жел жоқ. Түтіндер, тәтті түтіндер көкке өрлейді ...Маңай толған өмір. Қаз-қатар тізілген үйлер созылады. Күн қараңғыланып, терезелерден сәуле жылтырай бастады. Әр терезеде әр өмір. Әр есіктің ар жағында әр тағдыр ...Міне, бір үйдің есігінің алдында бала жылап тұр... Шешесі оған кейи түсіп, одан сайын ұрады. Бала қаттырақ жылайды. Бұрын мұндайды көргенде шыдап тұра алмайтын, ең болмаса, іштей назаланып болатын Жан мына құбылысқа селт еткен де жоқ. Енді оған бәрібір сияқты». Тіршілік тәттілігі кейіпкердің өз өміріне ойша оралуынан көрінеді: «Кенет оның есіне барлық өткен өмірі орала кетті. Бұдан жиырма бес жыл бұрын туған екен. Ес білгелі он шақты жыл өтіпті. Содан бері, қарап тұрса, оған ештеңе кедергі келтірмепті. Оған ешнәрсе қиын сияқты көрінбейтін. Бәрі де өз-өзінен толқып, еріп келіп тұратын. Тек аздап күш жұмсасаң болғаны. Өмір дегенің өзі жақсы подшипникке орнатылғын нәрсе дейтін ол бұрын».

Т. Жармағамбетовтің кейіпкер Жаны денсаулықтың қадірін сағыммен салыстырады: «Иә, өткен өмір. Сол бір шақтар неткен тәтті, неткен қызық еді. Бейне дүние көгілдір бір бояуға малынып алынғандай көркем де, өмір сүру көңілді де көрінетін».

Кейіпкердің басы шырғалаңға түскенде ішкі дүниесіндегі таным сыртқа шығады: «Ол, асылы, сөзге онша үйір болмайтын, сондықтан да ештеңе демейтін немесе иығын бір қайқаң еткізіп, сәл күлімсірейтін де қоятын. «Екі аяқты этажерка» деп атайтын олар оның білімінің көптігіне таңғалып. Тағы бір тамаша қасиеті – оған жат ешкім жоқ еді. Ол ешкімге қатты сөз айтпайтын. Кім болса, ол болсын, адамдардың бәрі де оған белгісіз бір құпия да тамаша, ізгі жандар болып көрінетін». Жазушы кейіпкер мінездемесін көркемдей отырып жазушы өнеріне де тоқталады: «...соңғы кезде әдеби шығармаларды көп оқумен шұғылданып еді. Баяғыдан бері, ондаған ғасырлардан бері тек осы жансыз әріп күйінде сақталып келген неше дана сөздердің жылылығын сезді. Ой ойлауға, болашаққа көз жіберуге үйренді. Табиғатты түсінуге тырысты. Жазушылар, ақындар туралы көп оқыды. Оқығанда да, әншейін беттерді бірінің соңынан бірін сытырлата ашып, уақиғаның қызығына ғана түсіп кетіп оқыған жоқ, әрбір сырлы сөзді сылай, сипай оқыды. Әрбір сөйлемнің астында әрбір жазушының төгілген тері мен көз жасын көре оқыды».

Көркемдіктің бір қыры кейіпкердің білімге деген ұмтылысын бейнелеу тұсынан көрінеді: «Астарлы, образды сөздер оның көзінен қағыс қала алмады. Әрбір астарлы сөзге қуана сүйініп, іштей таңғалып, қызыға қабылдап отырды. Классиктерді өте құмарланып оқыды. Олардың шығармаларын оқи отырып, бейне маңайы жұпарға толып, самал жұтып отырғандай я лаулаған жалынның ортасында отырғандай сезінетін болды. Әрбір құпия әріптің астарын сөгіп қарап, әрбір сөздің қақпағын ашып көріп отырды».

Қазақ әңгімесіндегі «із» бұл жолы кейіпкердің толғанысына тереңірек сіңген: «Мынау бір тұрған тастың үстінде менен әлденеше ондаған жылдар бұрын бөтен біреу де осылай демалып тұрған шығар-ау, осы таста, бәлки, әлгі адамның жүз жылдық ізі де жатқан шығар, кім білсін. Бұл жерлерді талай іздер шарлаған шығар. Енді сол іздің иелері орнын балаларына, олар өздерінің балаларына тастап кеткен, шынында да, өмір деген бір ағын су деген дұрыс-ау». Көз жанарын жасқа шылаудың бейнеленуі былайша жеткізілген: «... кесімін естігенде айқайлап та жіберген жоқ, көзіне жас та алған жоқ, бірақ көзінің жарқ етіп, екі бетінің ду ете қалғанына қарағанда, бір нажағай жүректі өртеп кеткенін айыру қиын емес еді. Ол қопарылыс барлық сай-сүйегін бытырлата қиратып, ет бауырын мыңдаған өткір алмастармен турап өтіп еді, тек аман қалған сыртқы түрі әлгі төгіліп кетейін деп тұрған миллиондаған ұсақ бөлшектерді ұстап тұрған қапшық сияқты болып қалған-ды».

Жазушы әңгімесінде ұлттық өрнек дәстүрі кейіпкер ойына келіп қонақтаған: «...өзінің өмір жолы аттың тұсауынан да қысқа екен. Тіпті ештеңе істей де алмапты».

Тіпті табиғат бейнесі де соншалықты сезімді, иірімді: «Құмдағы кішкене төбешіктер де оңтүстік жағындағы қар көрпесін көтере тастап, төсектен бір саны шығып жатқан арулардай жайбарақат қалғиды». Жазушының суреттеуіндегі «әуенді» сипат та өзгешерек: «Мыңдаған, миллиондаған дыбыстар – гүлдердің шайқалуы, құстардың шиқылы, жәндіктердің қыбыры, желдің ызыңы – жаз мелодиясын шертеді. Аспан да, жер де, ауа да осы бір дыбыстарға – табиғаттың шипалы музыкасына елтіп, салтанатты да белгісіз дірілмен балбырайды...». Міне, поэзия оқығандай әсерде қалдыратын лирикалық әсері мол әңгіменің кейіпкер қуанышымен бітетін шешімі де романтикалық. Қарын рагі ауруын жеңуі, сауығуы – өшпес, өлмес өнер құдіретін тірек еткен кейіпкердің ғана емес шығармашылықтың мәңгілігін паш еткен жазушының көркем қиялы.

Жазушы М. Байғұт дәстүрлі «елеусіз» адамдар тағдыры арқылы, оның «Денсаулық – зор байлық» мәселесінің адамзат болып күресетін жаңашылдығымен көркемдей алған. Ол – «Уран ұрған» әңгімесі.

Әңгіменің көтерген тақырыбы – Ел амандығы, жер амандығы, дені сау ұрпақтың өркен жаюы. Жазушының өз сөйлеміне кезек берсек: «Оқыс оқиғалар мен қылмыстарды былай қойғанда, адам өлімі жиілей бастаған. Осы жылдың ортасында, Бағдат сержанттық мектепті бітіріп келердің алдында Құдайқұлов дейтін солдат асылып өліпті. Осында жерленген екен, Бағдат барып көрді ғой. Бейіт дейтін бейіт те жоқ көрінеді. Жеті-сегіз төмпешік бар, төбелерінде жұлдыздар жамырып тұр деуге келмес, айдалада аңырап тұр».

Әңгіме кіріспесінде: «Күн күлтілдеп, ісініп шықты»,- дейтін бейнелеу көркемдігінің өзіндік мол қыры бар, айтар ойдың жиынтығы қайта айналып осыған тіреледі. Себебі, зардаптың білінбей келіп бықпырттай тиіп жатуы М. Байғұттың «күніне» де әсер еткен. Өйткені: «Бұл төңіректің бәрі сау емес, жер астында қат-қат қазбалар жатыр. Еліміздің қорғаныс қуатын арттыратын аса қымбат қазыналар ғой баяғы. Амандау жер сирек, аман жер жоқ бұл маңайда. Тәуіп бәрін біліп отыр. Баланың ауруы жоқ дей алмайды екен. Алдай алмайды, қауіпсіз де дей алмас. Алдын алмаса, асқынар».

Өлім-жітімнің басты себебі мынада: «– Уран ұрған?- деді тәуіп үшінші рет. Өзіне-өзі. Бағдаттың тұла бойы қалтырап-дірілдеп қоя берді. Ураны несі, ұрғаны несі? Не сұмдықты айтып отыр?! Жабық аймақ, жұмбақ нысаналарда жүргендері рас. Бәрі уақытша, бәрі өлшемді, бәрі мөлшерлі деуші еді ғой бұларға ... Денсаулыққа ешқандай зияны жоқ деп жұбататындары жалған болғаны ма сонда?!».

Жазушы мұнымен қоса халық тағдырын қозғайды: «– Жаңағы түсі суық әскери адам неге келді деп, неге ғана сұрамайсың қазағым?!- деді еңірей боздаған Аксен шал кенет. ... Б-біздің мына қарғыс атқан қараша ауыл жер бетінен жоғалады. Солай болуы тиіс екен. Бір айдың ішінде бұл маңайдан қарамызды батыруымыз керек енді! Қаласақ, қаладан үй-жай беріледі. Қаламасақ, бас ауған жаққа жол ашық. Қаржы төленеді. Жаңағы әскери адам осыны айтып, қол қойдырып әкетті, қазағым қалқам ... Барар жер, басар тауымыз жоқ. Сол қаласына барып, тастай батып, судай сіңерміз, сірә». «Қарғыс» атқан болуы мынадан: «Жер бетінен жоғалып бітуге жақын, жүз қаралы ғана жаны бар, өздерін қашанғы бір көне халықтың тамтығы деседі екен. Әйтеуір бұлардың бие сауатынын, жылқының етін жейтінін біліпті Дабыл». Жазушы дәстүрлі ауыл тақырыбының өзекті мәселелерін кейіпкер олған тәуіп шал Аксен арқылы көркемдейді. «Қазақтардың қанша екенін естігенде Аксен Алексеевичтің көзі жасаурап, бақытты халық екенсіңдер деп, балаша қуануы де ем еді». М. Байғұт аталған әңгімесінде ұлт тағдырының тамыры неде жатқанына назар аудартады.

Жазушы көтерген мәселелердің көкейкестілігі мен көркемдігі жағынан М. Байғұттың «Әдебиет пәнінің періштесі» әңгімесі де атап айтарлық. Өнер тақырыбын сөз еткен әңгімелердің, өнерпаздар туралы толғанудың дәстүрлілігі «Әдебиет пәнінің періштесінде» өз жаңашылдығымен танылады. Әңгімеде Ұлыларымыз туралы элегия сыр шертеді. М. Әуезовтің әкелі-балалы Абайы мен Құнанбайы секілді әңгіме жанрында да екеуара сұхбаттан тәлім болар тамаша дүние жасалған. Қараңыз: «Ахметтерді Ахметтерше оқытатын мұғалім қажеттірек екенін сезінемін, ол үшін аспирант, кандидат, доктор болудың қажеті шамалы да шығар,- дедім мен. – Байтұрсынұлы шынайылап зерделетер, зерлетер адамдар жазатындардан гөрі де қажеттірек секілді, қалай қарайсыз мұныма?». Сіз тызылдаңқыраған күйіңізден айығыңқырап, күлімдеп қарауға көштіңіз. «Мені мұқатып мәз болғаныңнан айналайын»,- дедіңіз. Сіз бен біз кей-кейде ғана осылай сөйлесіп алатын едік, әке». Бұған қоса А. Ісімақованың пікірінде, жетпісінші жылдардың әдебиетінің баяндау тәсіліне иландыру, ішкі сөйлеу сөзі басым екендігі, замандастарына тыңдарман ретінде, түсінігі мол оқырман ретінде қарағаны айтылады. А. Ісімақова мұндай тәсілді қолданған жазушылардың қатарында М. Құлкенов, Ж. Қорғасбеков, Р. Мұқанова, А. Алтайды атаса, өз тарапымыздан М. Байғұтты атаймыз.

Замандастарының тынысы мен тіршілігін, ойы мен өресін әйгілеген М. Байғұттың көркемдік қиялы осы әңгімелесу сипатынан кең көрінеді. Қараңыз: «Жүсіпбек мекен еткен үйде тұрып жатқандардың Аймауытұлы туралы түк білмейтініне емес, білмекке ұмтылмайтынына қамығып, құсаланған шығармын». Әңгіменің жанрлық сипатын сақтай отыра көп ойдың жетекшісі болған: «Шәкәрім қажы ақталмай тұрып-ақ, тіпті мына мен де, сіздің сүйікті келініңіз де тумай тұрып-ақ, оның әнін әлдеқайдан, әлдекімнен үйреніп, жеке-даралау бас қосуларда дірілге буып, ділімен беріліп айтып жүреді екен».

Жазушы Б. Нұржекеұлының «Жастық жыл құсы емес» әңгімесіне таңдаған тақырыбы әдеби-философиялық биіктіктен көрінген. Авторда тамаша түзілген тұжырымды философиялық ой бар, астарлы мұрат осыдан танылғандай: «...Ой-сана он қайтара биіктегенмен, өткен өмірді енді қайтара алмайсың. Қан құссаң да қайта оралмас дәурен ол ... Мұңмен, адамда сирек болатын тәтті бір үмітсіздікпен Қалиға қимай қарады». Жазушы стиліндегі «тәтті бір үмітсіздік» оқырманына көп мағынаны бір қауызға сыйдырғандай әсер етеді, себебі келіншек Зияш: «он қайтара оқыған шығар, әр сөздің астарынан өзі сәулеленіп тұрғандай, ... өзі жайлы аузынан жақсы бір сөз шыққанын тілейді, үміттенеді»,- әрекетінде бейнеленсе, қыз Зияш: «...Ақындығы ма әлде жігіттік желігі ме, өлең жазатыны бар. Жас қой деп есіркейтін болар, онысын аудандық газет жиі-жиі басып тұрады»,- деп бағалатуынан жігіт бағасы келіншек үшін өнерімен өлшеніп қана қоймай, екеуіндегі дәнекер жол ендігі жерде өлең ғана болып қалғанына ишаралайды.

Жазушы кейіпкерлері, олардың тағдырлары қазіргі жеке өмірімізге, қоғамымызға оралуға мәжбүр етеді. Себебі, Нұржекеұлы әңгімелеріндегі әрбір оқиға бүгінгі күннің шындығы болғанымен, ерекшелік тәсілі жағынан сипаттықтан арылып толық зерттеуден өткен адам-кейіпкер, кейіпкер-адам тұлғасындағы байланысты қамтитын ой-пайым психологиясын құраған.

Жазушылар Ә. Кекілбаевтің «Жүнді барақ», Т. Әбдіктің «Оң қол», О. Бөкейдің «Жасын» әңгімелеріндегі кейіпкерлердің болмысы, жұмбақтылық халі табиғатта ашылмағаны секілді біржақты ашып шешім қабылдау да қиынырақ. Бірақ та бұл әңгімелердің қатары ой ағымының тоғысуынан бекитін біріккен мұратқа апарады. Тағылымы – Абай айтқан қара сөздерден туындайды. Тамшыдан («Елес» әңгімесі) теңізге айналуға бет бұрған аталған қазақ әңгімелеріндегі психологиялық талдау өнері туралы айтқан Г. Пірәлиева пікірі осыған дәлел: «... психологиялық прозаның («Ақбілек», «Қартқожа» романдары, «Күнікейдің жазығы» повесі) сюжеттік композициялық құрылысындағы басты қақтығыс кейіпкерлердің ішкі ой-сана қайшылығы, олардың рухани күресі негізінде жүзеге асырылады. ... Ж. Аймауытов осы шығармалары арқылы әдебиетке екіге бөлінген «егіз-кейіпкер» деген әдеби образды әкеледі. Адамның өзге түгілі өзіне де беймәлім жұмбақ сыры мол. Оны кейіпкердің ішкі монологы да, көңіл-күйі де көрсете алмайды. Ол көбіне шекаралық шақ аралығындағы (сандырықтау, есеңгіреу, өлім мен өмір, өң мен түс т.б.) рационалдық бақылауда ғана көрінеді».

Жазушылар бейнелеген мұндай кейіпкерлер оқшаулығы арқылы жалқының заңдылығынан жұртшылыққа жалпылық белгісін танытуға бет бұрғызады. Қазақ әңгімелерінің сана әлемі беймәлім кейіпкерлері толыққан үстіне толыға түскен, әрине жазушылық таным көкжиегі басқаша.

Қазақ халқы ұлт ретінде қалыптасып, дамығанынан бері талассыз айқын нәрсе – шығармашыл адамдар ұлттың ірі тұлғасы екендігі. Жазушылық өнердің дамуы дегеніміз – қазақтың өркендеуі. Жазушы табысы – қазақтың бүгіні мен ертеңінің табыстары.

Бақылау сұрақтары

  1. Қазақ әңгімесінің проза жанрындағы повесть, романнан өзгешелігі қандай?
  2. Әңгіме жанрының көркемділік сипатының Абай стилімен сабақтасуы деген мәселені қалай түсінесің?
  3. Әңгіме тақырыбы аталымындағы жеке кейіпкер, тарихи қаһарман арқылы халық тарихы ашылуына назар аудар.
  4. Қазіргі нақты өзекті мәселе тақырыбы аясында аңыздық элементтердің қолданылуы – көркемдік мұраттық құралдың амалын дамытқан ба?
  5. Қазақ әңгімесінде түс көру тәсілі әңгімеші-жазушылардың оқшау өрнектерін байыптатқан ба?

Рефераттар тақырыбы

  1. Қазіргі қазақ әңгімесіндегі жанр құбылысы.
  2. Қазіргі қазақ әңгімелерінің тақырыбы.
  3. Қазақ әңгімесіндегі табиғат және адам концепциясы.
  4. Диалог – жазушы шеберлігі (қазақ әңгімелері бойынша)
  5. Халық фольклоры мен әңгіме арасындағы әдеби байланыс.
  6. Қазіргі қазақ әңгімесіндегі әлеуметтік талдау.
  7. Характер және жаңа көркемдік ізденістер (қазақ әңгімесі бойынша).
  8. Т. Жармағамбетовтің «Отамалы» әңгімесінің көркемдік әдісі.
  9. Қазақ әңгімесіндегі көркем уақыт пен көркем кеңістік.
  10. М. Байғұттың «Өлімнен қашқан респондент» әңгімесінің көркемдігі.
  11. Ж. Молдағалиев әңгімелерінің кейіпкерлері.
  12. Қысқа әңгімелер табиғаты («Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған әңгімелер бойынша)
  13. Ш. Мұртазаның әңгімелері (жазу стилі)
  14. 1980-1990 жылдар әдебиетіндегі қазақ әңгімесінің кейіпкерлері (зиялылар бейнесі).
  15. Қазіргі қазақ әңгімелеріндегі заман шындығы.