Бұл оқу құралы «Негізгі музыкалық аспап» пәні бойынша «Музыкалық білім» мамандығының студент-пианисін фортепианода бастапқы сатыда ойнауды оқытуға арналады.
Негізгі музыкалық аспап – фортепиано – бітірушілері «Мектепте музыка мұғалімі» біліктілігін алатын музыкалық-педагогикалық факультеттердің оқу жоспарындағы бейінді арнайы циклдің негізгі пәні.
Негізгі музыкалық аспап курсының мақсаты – музыкалық аспапта ойнаудың негізгі дағдыларын меңгерген, тиісті құралдардың көмегімен көркем шығармалардың мазмұнын жеткізе білетін, педагогикалық және концерттік репертуары бойынша өзіндік жұмыс жасаудың қажетті дағдыларын игерген, практикалық орындаушылық педагогикалық қызметке дайын, жоғары білімді музыканттарды тәрбиелеу.
Аталмыш оқу құралында өткен жылдардағы Ғазиза Жұбанова, Аида Исакова сияқты қазақстандық композиторлардың, сондай-ақ шығармашылық және композиторлық қызметімен белсенді түрде айналысатын қазіргі заманғы авторлардың шығармалары ұсынылған.
Аспапта ойнауды ұлттық музыка репертуарында оқытудың маңыздылығын ерекше атап өткен жөн. Жасыратыны жоқ, осы уақытқа дейін музыкалық мектептердің, колледж және жоғары оқу орындарының оқытушылары фортепианода ойнауды оқытуда ресейлік және шетелдік оқу құралдары мен хрестоматияларын қолданып келеді.
Осыған орай, авторлар қазақ фортепианолық музыкасын насихаттау мақсатында Қазақстан композиторларының фортепианолық пьесаларын оқыта отырып, фортепианода ойнау дағдылары мен орындаушылық біліктерін меңгертіп, дамытуға талпыныс жасап отыр.
Оқу құралы педагогика және музыка колледжілері мен жоғары оқу орындарының музыкалық білім беру бөлімдерінің студенттеріне және оқытушыларына ұсынылады.