5 Дәстүрлі әндердің халықтық педагогика тұрғысындағы тағылымдық мүмкіндігі


Мемлекеттің соны стратагиялық ұстанымы – «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде:

- бірінші, білім беру, қазақ халқының тарихы жайында Қытай, Египет, Ресей, Өзбекстан және т.б. алыс және жақын шет елдерден жәдігерлер мен мұрағаттарды табу;

- екінші, еліміздегі және кейбір шет елдердегі қазақтың тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру;

- үшінші, қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерін, ұлттық әдебиет пен өткен ғасырлардағы жазуларымызды зерттеп, кітаптар шығару;

- төртінші, қол жетпеген ең үздік әлемдік классикалық шығармаларды қазақ тіліне аудару жұмыстары жүзеге асырылады.

Осы «Мәдени мұра» бағдарламасының стратегиялық ұстанымына арқау болатын дәстүрлі ән негізінде этномәдени тәрбие беруде «Халық педагогикасына» – халықтың ғасырлар бойы өріс алып, жинақталған тәжірибесін жан-жақты бағамдаудың берері мол. Халықтық педагогика тәрбиеге орай халықтың ақыл-тәрбиесі, халық педагогикасын зерттегенде халық ауыз єдебиетініњ шығармаларын, этнографиялық материалдарын, халықтық тәрбие дәстүрлерін, халықтық ойындарды, отбасы тәрбиесінің тәжірибелерін т.б. тірек етпеу мүмкін емес. Халықтық педагогика халықтың өз аузынан таралды. Аталған тақырыпты зерттеу барысында ұлттардың санасындағы қалыптасқан салт-дєстүрлер халықтық педагогика ілімі негізінде этнопедагогика нысанында қоғамдық ұстанымдарға сай µзгерістерге ұшырауы дүниетану заңдылығынан туындайды. Халықтық педагогиканы, ата-бабаларымыздың бай мұрасын зерттеу, бізге жеткен салт-дәстүрлерді, тұтас өнегелерді оқыту-үйрету үдерісінде пәнаралық байланыстарды, қоғамдық, әдеби және мәдени, мемлекеттік және кәсіби мерекелер, жәрмеңкелер, кәсіби және басқа әртүрлі тақырыптағы акциялар, аукциондар сияқты іс-шараларды қазіргі заманға сай мазмұндап ұйымдастыру адамзат құндылығы деңгейінде білім алып және тәрбиеленуге қол жеткізеді.

Халықтық педагогиканыњ негізі халықтық тәлім-тәрбие, өнеге, адамгершілік сезім, достық, ынтымақтық, төзімділік, байсалдылық мұрасы тұрғысында құрылады. Халықтық педагогиканың негізгі мақсаты - ұлттық рухани деңгейі биік, іскер, қабілетті, иманды, әдепті адам тәрбиелеу.

Ғалымдар зерттеу жұмыстарына сүйеніп, халықтық тәрбиенің негіздемесі күрделі үдеріс, оның басты амалдарын ғасырлар бойы жинақталған халықтық өміртану қағидалары мен тәжірибелерінен туындайтын дәстүр-дағдылар және әдістерден іздестіру анағұрлым тиімді екенін айтып та, жазып та жүр. Жеке тұлғаның ақыл-ойын ширататын халықтық педагогиканың негізгі нысандарын заманауи оқыту-тәрбиелеу қызметіне енгізудің нәтижесінде оқу мен тәрбие жұмысының күнделікті аса маңызды міндеттерін қамтитын: ақыл-ой, адамгершілік, қоршаған ортаны қамқорлыққа алу (жерді, суды, ауаны ластандырудан қорғау, аумақтың экологиялық ахуалын тұрақтандыру), физиологиялық және еңбек сүйгіштік сияқты әртүрлі аспектілердің адамдар санасына орнығу үдерістері жүзеге асырылады. Жасұрпақтың көруі, тануы және оның ойлау-түйіндеуі дүниетанымдық қабілетін өркендейді. Халықтық тәрбие ата-бабаларымыздың табиғатты тануы, жіті пайымдауы негізінде қалыптасқандығын өмір тәжірибесі көрсетіп отыр. Табиғат - адам мәдениетін өркендетудің қайнар бұлағы. Табиғатты сезінудің, онымен қауышудың нәтижесінде мәдениеттің нақты нышандары айқындалады.

Этнопедагогика ұғымы халықтық педагогика ұғымының мәнін толық ашпайды. Этнос үлкен халықтың арасындағы ұлт өкілдері. Мұндай ұлт өкілдерінде қалыптасқан педагогикалық талаптар жан-жақты қарастырылмайды. Этнопедагогика халықтық педагогиканың құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады.

Этнопедагогика – балаларды, этникалық топтарды тәрбиелеу мен білім берудің отбасы, ру, тайпа, ұлт пен ұлыстардың моральдық-этникалық және эстетикалық құндылықтарының ежелден жинақталуы – эмпирикалық тәжірибесі жайлы ғылым. ұлттар мен ұлыстардың өмір сүру дәстүрлері мен салт, әдет-ғұрып, ырым-жоралғыларының қазақ халқында бәріне бірдей санасында тұрақталып қалған тәлім-тәрбиесі. Этнопедагогика – тұлғаны заңдылық сипаты бар әдет-ғұрып, салт-дәстүрге бейімдеуге, әртүрлі әлеуметтік бірлестіктердің қарым-қатынасының құндылықтарынан үйренуге, ұлттық тәрбие ісіндегі жетістіктерді нақты жағдайда пайдалануға бейімдейтін көп салалы білімдердің ғылыми негізі.

Ауыз әдебиетінде, халықтың салт-дәстүрлерінде, балалар ойындарында сақталып келген халықтық тәрбие – халық ділін байыту жолындағы іздену, тану үдерістерін қамтамасыз етудің ғылыми нысанасы.

Мәдениет – адамның қалыптасуының және шығармашылығының өркендеу шыңы. Мәдениеті жоғары болмаса адамның адамзат құндылығын иеленуіне мүмкіндігі жоқ. Қоғамдағы біліктілік адамзат жаратылысындағы аса бай білім мен тәрбиені меңгере білуді қажет етеді. Еңбек, тұрмыс, сондай-ақ, берік сақталған адамдардың арасындағы дәстүрлі қарым-қатынастар жоғары мәдениетке және адамзат құндылықтарынан тыс қалмауға бейімдейді және оларды жан-жақты меңгеруге жеткізеді. Бұл процестердің бәрі мектептерде, жоғары оқу орындарында және жалпы қоғамда білімдендірудің стандартына сай дифференцияланған модельдердің жасалуы нәтижесінде іске асады.

Әр ұлттың, халықтың өзіндік ерекшелігі бар. Отырықшылар және көшпенділер немесе осы екеуін қатарынан басынан өткеретін халықтардың да әу бастан «ұлт», «халық» деген мәртебеге ие болғанға дейінгі сана-сезімдері сәбилік дәуірден бірте-бірте есею үдерістеріне өтеді. Сол себепті сонау ықылым заманнан отқа, суға, жерге табыну дағдысы бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Адам баласының таным деңгейі бірден өркениеттілікке жетпегені тарихи деректемелерден белгілі. Осындай іс-әрекет шегіне қатысты әр ұлттың әнұраны, елтаңбасы қалыптасып, қоғамдық формациялар өзгеріске ұшырағанда, олардың сапасы да басқаға ауысады. Бірақ, негізгі ұлттық сипаттағы ежелден қалыптасып келген дәстүрлер жалғасын тауып отырады. Мәселен, пырақтың қанаты (елтаңба), тудың көгілдірлігі, күннің нұры мен шаңырақтың үндестігі де сонау заманнан бергі дәстүрдегі нысандар болып келеді. Ұлттың танымдық деңгейі – оның ұлттық психологияны қалыптастыруға бірден-бір себепші. Халықтық педагогиканың арнасы кең. Барлық ғасырлар бойы бүгінгі күнге дейін өшпей келген салт, дәстүр, ырымдар мен жоралғы, ғұрыптардың барлығын ғылыми негіздемеге салғанда, ол өзінің ауқымын ықшамдайтын дәрежеде болады. Сөйтіп, халық педагогикасының нысанында этнопедагогика ілімі туады. Дүниетанымдық пайым алдымен өмір сүру тәжірибесінде сыннан өту арқылы сараланады.

Педагогикалық мәдениет халықтар арасында өмірге қатысты болып келеді. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету. Өзінен дәрежесі жоғары адамдармен санасу, оларға тағзым жасау. Қыз бала мен ер бала тәрбиесінің екі түрлі болуы және т.б. атап өткен орынды. Этнопедагогика – халықтық педагогиканың сабақтастық қағидасынан сараланған ғылым деп түйін жасауға негіз бар.

Этнопедагогикалық мәдениет – этнопедагогикалық өнер білім, адам қарым-қатынасының үлгі-өнегесі және технологиясы.

Қорыта келгенде, мәдениет арқылы этностың тарихи, мекендік, мемлекеттік, экономикалық, әлеуметтік, өнер-этнографиялық болмыс бейнесі көрініс табады және кез-келген мәдениетті қоғам осы талаптардың мүлтіксіз жүзеге асу тетіктерін заң жүзінде қамтамасыз етуі керек;

Мәдениет өндіріс пен қоғамдық сананың, білім мен тәрбиенің, ғылым мен өнердің белгілі сатыдағы даму дәрежесін бейнелейді;

Педагогикалық мәдениет адам қызметінің тәсілі мен нәтижесі арқылы көрініс табады.

Этнопедагогиканың бастауына үңілу, зерделеу әр заманда барлық халықтарға тән дәстүр болған. Олай болса, қазақ этнопедагогикасының ғылымын дамыту қоғамда этнопедагогиканың адамгершілікке тәрбиелеу әлеуетін зерттеу қажеттігінен туындап отыр. Этнопедагогика демократия мен адамгершіліктің феномені ретінде өнерге тәрбиелеудің теориясын және технологиясын байытуға қабілетті.

Биосфера, ноосфера, биоинформацияның шаруашылыққа, өндірістік қатынасқа, кәсіпкерлікке, тұрмыстық хал-ахуалға, мәдениет пен рухани мұраларға, адамгершілікті қасиеттерге, халықтық тәрбиенің мазмұнына, құралдарын таңдауына және адамдардың салалық өзара қарым-қатынасына, қызметіне ықпалының бүгінгі таңдағы этнопедагогика ғылымына қосатын үлесі зор. Аталған заңдылықтардың әр халықта әртүрлі мәнде құрылуы, әр тектес ұлттар мен ұлыстар арасында бір-бірінен ерекшеленуі, оқшаулануы этнопедагогика ілімі негізінде айшықталады. «Этнос», «ұлт», «ұлыс», «ұлттық топ» ұғымдары жоғарыдағы заңдылықтар негізіне құрылған.

Этнопедагогиканың ерекшеліктері: педагогикалық білім беруде этникалық арнайы өзгешеліктерін ескеру. Қазақ этнопедагогикасы – бірегей: қазақ этникалық тәрбиесінің ерекшелігі, нақты этноәлеуметтік жағдайдағы тарихи қалып.

Әрбір халықтың өзіне тән тәрбие жүйесін құру: тілдің әртүрлі болуына, ұлттық сипатына, ұлттық санаға, дәстүрге, салтқа, дінге сай орайластырылады. Қазақ этнопедагогикасы қазақтың халықтық педагогикасын зерттейді. Қазақ этнопедагогикасының объектісі: ұлттық және тұрмыстық дәстүрі, этнопедагогикалық мәдениет.

Қазақ педагогикасының пәні – қазақтың этникалық тәрбиесі – адам өмірінің соңына дейін үзіліссіз жүретін үдеріс. Нәтижесі: этникалық құндылықтарды меңгеру, оның этноәлеуметтік алатын рөлі, этникалық нормасы, этникалық сананың қалыптасуы, өз халқына, оның тарихына, тіліне, мәдениетіне, өнеріне сүйіспеншілігі.

Қазақ этнопедагогикасының мақсаттары мен міндеттері: педагогика ғылым жүйесіндегі қазақ этнопедагогикасының орнын айқындау мен қазақ этникалық тәрбиесінің ерекшелігін зерттейді, тәрбиеге этноұлттық тұрғыда келудің мәнін ашып, ұлттық мінез-құлық, ұлттық сананы қалыптастырудың ерекшелігін зерделейді.

Негізгі қызметі: танымдық; ата-баба тәрбиесі заңдылығының мәні, халықтық педагогика тәжірибесіне талдау және сипаттау, мақсаттары, әдіс-тәсілдері және т.б.; ұлттық дүниетанымын, ұлттық ділін қалыптастыру; елжандылыққа, қазақ халқының тарихы мен тіліне деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу; ұлттық мәдени құндылықтар негізіне тәрбиелеу. Отбасындағы этникалық жағымды тәжірибелерді дәріптеу; қазақ халқының өзіне тән тұрмыстық дәстүрін сақтау.

Жалпы ғылыми әдістері: талдау, жинақтау, жалпылау, жалқылау, аналогын табу, жаңа өзгерістерге бейімделу, салыстыру, бақылау, өлшеу.

Қорыта келгенде, қазақ этнопедагогика ғылымы халықтық педагогиканың бүгінгі күнге дейінгі сараланған нысаны. Ол нысан белгілі бір заңдылықтар мен қағидаларға жүгінеді.

Этнопедагогика ілімінің пайда болуына бірден-бір мол материал қазақ халқының ежелгі дәуірден бүгінгіге дейінгі жинақталған тәлім мен тәрбиеге, білім мен ғылымға қатысты дәстүрлері, салты, ғұрпы, ырым-жоралғылары болмақ.

Этнопедагогиканың көзін нұсқалы түрде табу үшін фольклор мен ауыз әдебиеті нысандарын жіті талдап, ішінен дәстүрді, салт-ғұрыпты, ырымдар мен жоралғыларды, тыйым сөздерді жеке-жеке саралап, оның бірнеше нұсқасын салыстырып, өте ұқсас түрін заңдастыру бүгінгі зерттеушілердің алға қойған мақсаты.

Әрине, мұндай жұмыстар, ғылыми-зерттеу еңбектер жүргізіліп келеді. Десек те, этнопедагогиканың көзін тұрақты, түбегейлі тұрғыда ғылыми негіз ретінде алу болашақ өмірге де тапсырыс.

«Тәрбие», «Дәстүр» ұғымдарында өзара байланыс, ұқсастық бар. Бұл түсініктердің негізінде белгілі бір ақпарат бейнеленген, олар оқу орындары, отбасы және қоғам арқылы санаға жетеді. Солай дегенмен дәстүрде тұрақтылық бар. Бірақ, дәстүр тұрақтылығы қоғамдағы, өмірдегі ерекешеліктерге орай заманауи жағдайда басқа ұлттардың, тұтас елдің дәстүрлеріндегі ұқсастыққа байланысты байып, дамып отырады. Барлық елдерде ұлттық дәстүрлер халықтардың адамгершілік және эстетикалық құндылықтары ретінде ұрпақтан ұрпаққа жетіп келеді. Дәстүр рухани және материалдық құндылық, салт және кітаптар арқылы ұзақ сақталады.

Қазақ халқының педагогикасының ғасырлар бойы қалыптасуы зерттеліп келді. Қазақ халқының ішкі этникалық құрылымы: 7 ата, жүздер, ру, ақсақалдардың, шамандардың, бақсылардың, ақын-жыраулардың, сал-серілердің рөлі, би-шешендердің, ақсақалдардың үкіміне, ақыл-кеңесіне қалтықсыз бағыну. Ең негізгі мінез-құлық: қан туыстығының сезімі, бірлік және туыстық бірауыздылық; біріне-бірінің қамқорлығы, үлкен адамдарды сыйлау, құрметтеу, ата-баба рухын қадірлеу, дәстүрді сақтау – этнопедагогиканың қайнар көзі.

Бұның бәрі халықтық психологияда көрініс тауып, этнопсихологияда зерттеледі. Этнопсихология – адамдардың психикалық, этникалық ерекшеліктерін, ұлттық мінез-құлқын, ұлттық сезім мен санасын, ұлттық таптаурынды және т.б. зерттейтін ғылым.

Ұлттық психология мынандай құрамдардан тұрады: ұлттық мінез, балаларға сүйіспеншілік, кеңпейілділік, еңбексүйгіштік, қонақжайлылық т.б.

Ұлттық мінез-құлық – халықтың тарихи тәжірибесінде қалыптасқан дағды және әдеттер жиынтығы; барлық қасиет сапалардың бірлігі (барлық адамға тән) және барлық халықтың қасиет сапаларының ерекшелігі. Ұлттық сана – «біз, олар» деген ұғымды түсіну, адамдар қауымдастығындағы өзінің орнын түйсінуі, өз ұлтының шығу тегін білу және оған деген сүйіспеншілігі, оның жетістіктерін қадірлеу, әртүрлі тілдердің жалпы тілдің, халық шығармашылығының қайдан шыққанын білу және т.б.

Ұлттық қызығушылық пен қажеттілікті (өз ұлтының қызығушылығына оң көзқарас) мойындау; ұлттық тағамға, табиғатқа, ат қоюдың дәстүрін ескеру.

Ұлттық салт-дәстүрлер – тұрмыстық норма, әлеуметтік, мәдени тұрақтылық болып табылады. Ұлттық сезім – халықтың қажеттілігіне құбылыстар мен заттардың қарым-қатынасының үйлесушілігі, үйлеспеушілігі;

Ана тіліне сүйіспеншілік; адамгершілік, эстетикалық, интеллектуалды сезімдердің қосындысынан тұрады. Этнопедагогиканың тірегінің негізі – этнопсихология. Ұлттық психология халықтың ділін анықтайды. Ұлттық психологияның тарихи өзгерістерге ұшырап отыратындығы байқалады.

«Мәдениет» деген ұғым белгілі бір халықтың ұлттық сипатына қатысты дара, ұжымдық іс-әрекетті жүзеге асырудың сұрыпталған барлық құралдарының жүйесін білдіреді. Оны төмендегі жіктемемен айқындауға болады:

1) Заттық мәдениет – зат-нәрсе, қару, киім, тамақ, сән, құрылыс, өсімдіктер;

2) Рухани мәдениет – білім, адамгершілік, дәстүр, құқықтық норма, халық шығармашылығы, діни сенімдер, адамның миына әсер ететін түрлі ақпараттар;

3) Мәдениет – түрлі социумдардың ділдік негізі, оның өзіндік эквиваленті. Мәдениет – жалпы халықтарға, этникалық топтарға ортақтықты бөліп алушы нысана.

Этномәдени тәрбиесі адамдардың бойына ізгілікті қабілет сеуіп, әртүрлі халықтардың мәдени сәйкестілігін аңғару, сақтау мәдениетін арттыруға септігін тигізеді.

Әлем қауымдастығында адамды өмір бойы өзін-өзі тәрбиелеу және тәрбиелену тенденциясы саралану үрдісінде төмендегілер ескеріледі.

Тәрбие мәселелерін жүзеге асыруда бала-бақшалар, мектептен тыс мекемелер, ұйымдар, мектептер мен жоғары оқу орындарындағы сабақтастық дәстүріне төмендегі жіктемелердің мәні зор;

- адамның өмір бойы өзін-өзі тәрбиелеу үрдісі;

- адамның әлеуметтік, өзара іс-әрекеттік, техникалық, табиғаттық және әлемдік қарым-қатынастағы тәжірибесін ұдайы байыту арқылы қажеттіліктерін өтеу.

Тәрбиенің мұндай түрі әрбір адамның планетарлық ойлауын дамытып, азаматтық қауымдастықтың өткеніне, бүгінгісіне және болашағына қатысты болатынын сезіндіреді.

Тәрбие жүйесі – белгілі бір әлеуметтік құрылым шеңберінде өзара байланыстық мақсаттың және тәрбие үдерістерін ұйымдастыру ұстанымдары мен оларды қабылдау кезеңдерін жүзеге асырудың (отбасы, мектеп, жоғары оқу орындары, мемлекет) және әлеуметтік тапсырысты орындау логикасының жиынтығы.

Кез-келген тәрбие жүйесі нақты қоғамның бейқам болмайтын және өзінің мәнін сақтап тұрған деңгейде жалғасады. Сондықтан, ол нақты-тарихи сипатта болады.

Тәрбие үдерісі елгезек, ұшқыр, сондай-ақ, кезеңдік сипаты бар олардың басты құралу жүйесі мына төмендегідей:

- дене тәрбиесі, мінезді қалыптастыру, ерікті дамтыту;

- адамгершілік тәрбиесі және жақсы үлгіде оқыту;

- еңбек тәрбиесі;

- білім алушының теориялық та, практикалық та сипаты бар құштарлығын және мүддесін дамыту.

Тәрбиенің сапалы амалы ретінде еңбек, орта және өсіп келе жатқан адамның айналасы алынады. Бұл жүйе тәрбиеленушінің өзіндік ерекшеліктерін және жеке тұлғасын дамытуға, адамның даралығының қалыптасуына бақылау жасауға бағытталған.

Этникалық мәдениет – халықтар мәдениетінің жиынтығы, күнделікті өмірлік іс-әрекетіне қатыстылығын (Қазақ елінің табиғатқа ыңғайланып, онымен үйлесімдікті өмір сүруі, оны қорғауы) іске асыратын нысан.

Әр ұлттың мәдениеті оның жеріне, географиясына, ортасына, әлеуметіне, дәстүріне, қоғамына, өзіндік сана-сезім өрістеріне қатысты дамиды. Қазақ халқының мәдениеті өзінің кәсібі мен шаруашылығының заңдылықтарына қарай өркендеп келеді.

Мәдениет өзінің кең мағынасында бір ұрпақтың келесі ұрпаққа жолдаған өмір сүру тәсілі болғандықтан, осы жалғастықты, мұрагерлікті жүзеге асыратын салт-дәстүрлер жүйесі ретінде күннен-күнге, жылдан-жылға, ғасырдан-ғасырға сабақтасып келеді.

Бірақ, ол өзінің барлық көлемі мен ауқымын өзгертіп, қоғам өзгерістеріне қарай бейімделіп, екшеліп, сұрыпталып отырады.

Қорыта келгенде, этникалық мәдениет ықылым заманнан жинақталған мәдени тоғындардың сұрыпталып, замана өзгерістеріне қарай ұшталып отыруымен құнды.

Мәдениэтникалық білім беру кеңістігі әр қоғамда әртүрлі дамиды. Мемлекеттік білім беруге қамқорлығы мәдени мәртебенің деңгейіне қатысты жүзеге асып отырады. Оның көрінісін мынадай деректемелерден көреміз: 1) Білім беру дағдарысы (80 ж.). 2) Қазақстан Республикасындағы этноұлттық жағдаяттар. 3) 30-жылдардағы ұлттық мектептердің жойылуы. 4) Ұлттық тілді білмеушілік, 5) Жатсыну, 6) Кез келген ұлттардың өмірлік тәжірибесінің бірегейлігі. 7) Білім берудің көпмәдениеттілік тәжірибесі. 8) Эвроцентризм мәселелері.

Жіктемемен берілген 8 мәселе этномәдени білімді таза күйінде жүзеге асыруға үлкен кедергі келтіріп келеді.

Ұлттық тіл және этникалық мәдениет білімі – үйлесімді дамудың негізгі бөлімі дей отырып, этномәдени білімінің мәні айқындалынуы көзделеді. Білім берудің әлемдік деңгейіндегі жалпыадамзаттық құндылықтар дәстүрі мен ұлттық тәлім-тәрбиенің жүйесін қалыптастыру ұдайы этномәдениетке үстемдік етеді.

Тәрбие берудің қазіргі заманға тән талабы өзге мәдениетті тану, онымен өзін байыта түсу секілді іс-әрекетпен байланысты. Мәдениеттердің өзара ұштастығы, әсері жағдайында ғана әрбір жекеленген мәдениеттердің үдерістері мен ерекшеліктері айқын толыға береді. Этномәдени тәрбие оқыту мен тәрбие жүйесінің жай ғана бөлшегі емес, мәдени және тілдік саналуандық идеяға негізделген техникалық және ақпараттық жарақтанудың әлемдік деңгейін дәстүрлі мәдени құндылықтармен үйлестіретін оқыту мен тәрбиенің ұлттық жүйесін құру дегенді білдіреді.

Мектеп жасына дейінгі балаларды бүкіләлемдік тәрбиелеу міндеттеріне ынталандыру және оларды тұлғалық мәдени тілдік қажеттілігін қанағаттандыру төмендегі іс-әрекет арқылы жүзеге асады:

- барлық адамдардың теңдігі мен құқысына сый-құрмет көрсету;

- бүкіл әлем балаларымен қауымдастық, ынтымақтық сезімде болу;

- күш пен биліктен басқа мүдделерді көздеу;

- сұхбатқа қатысушыны ұғу мен оның қарым-қатынасқа түсе алу іскерлігі, қайшылыққа келген тұсты әміршілдікпен, зорлықпен шешпеу;

- өзінің мәдени дәстүрлерін түсінудің дағдысы, басқаларды құрметтеу, ескішіл ағымнан сақтану;

- этномәдени білім – бұл білім моделі, ұлттық мәдениет пен тілінің және өзіндік этнотоптың тұрмыстық жағдайлары мен басқа халықтардың мәдениетін меңгерудің бағдары кеңейді.

Қорыта келгенде, этномәдени білім алдымен ұлттық сипатта дамып, содан кейін 14 жастан әрі әр ұлттың, әлемдік халықтардың мәдениетін меңгеруге ұмтылдырады. 14 жасқа дейін әр ұлт өкілінің баласы өзінің ана тілінде этникалық мәдени дүниетанымын өркендетуге міндетті.

Бүгінгі таңда қазақ халық педагогикасындағы дәстүрлі әндер арқылы тәрбие берудің ұлттық сананы қалыптастыруға, эстетикалық тұрғыдан кәмалатқа жетілуінің басымдылығын қамтамасыз ету қажеттілігі туындап отыр.

Ұлттық сананың бір құрамы этномәдени тәрбие беру бүгінгі таңда қайта жаңғырту үдерісінен өтіп отыр. Сөйтіп, әлеуметтік-мәдени бағыттағы өзгерістерге сәйкес жоғары сынып оқушыларын эстетикалық талғамға тәрбиелеудің және этномәдени білімдендірудің концептуалдық негізіне байланысты бірнеше педагогикалық тірек, субстанция болатын ұғымдардың мәні айқындалды: теория, генезис, прагматика, мәдениет, өнер, білімдендіру, оқыту, тәрбиелеу, эстетикалық талғам, парадигма, принцип, заңдылық, стратегия.

Теория грек сөзінен алынған tyecorio (энциклопедиялық, философиялық сөздіктерде) байқау, зерттеу, сонымен қатар ұлттық сана-сезімді, эстетикалық талғамды айқындайтын, жинақтайтын дүниетаным, мұраттар жүйесі деп көрсетіледі.

Генезис – дәстүрлі әннің өнердің шығу тарихы.

Прагматика – дәстүрлі әннің ізгілікті өнегесін іс-әрекетке қосу.

Мәдениет – дәстүрлі әннен үлгі алуы.

Өнер – дәстүрлі әнге қатысты нысандарды іріктеу.

Қағида – дәстүрлі ән арқылы тәрбие берудегі жүйеленген, сабақтастық принциптерді қолдану.

Жоғарыдағы ұғымдар этномәдени тәрбие берудің негізіне бағдар жасауға қозғаушы күш.

ХХІ ғасырға аяқ басқан Қазақстан Республикасы мәдениет саласында күрделі тарихи бетбұрыстар мен түбірлі қоғамдық жаңарулар мен жаңғырулар тұсында өмір сүріп отыр. Осы ретте қазақ халқының мәдени мұрасының өнер саласындағы дамудың тарихи сипатын айқындап берерлік бірқатар ғылыми еңбектер жарық көрді.

Мәдени мұраның бір құрамы дәстүрлі ән қоғамдағы алатын белгілері, тәрбиелік мүмкіндіктері ашылып, жаңа әдіснамалық бағытпен мектептен тыс жұмыстардың белсенділік ұстанымда ұйымдасуына жаңа жағдай жасалып отыр. Осының негізінде өнер саласынан жасөспірімдердің біліктілігін оятудың инновациялық технологиялық негіздердің туу себептерін айқындап алу және оны зерттеушілерімізде эстетикалық ұтымды тәрбие үдерісіне жаңа ғылыми-педагогикалық дүниетаныммен қарауды ойластырдық.

Этикалық тәлімге әл-Фараби адам баласының өмірде кездесетін жамандығы мен жақсылығының айырмашылығын ажырата алуға мүмкіндік береді деген тұжырым жасаған. Өнер иелерін түсіну, оның жалпы құнын ұғыну адамды мейірбандыққа бөлейді дегені – жұмысымыздың басымдығы. Сөйтіп, әл-Фарабидің өнер туралы трактатында мейірбандық ұғым басымдық орында болып келеді. Данышпанның бұл еңбегінде этика үш бірлікте ұсынылады:

1) Білім; 2) Мейірбандық; 3. Сұлулық.

Эстетика туралы әл-Фарабидің теориялық ой-тұжырымдары «Риторика», «Поэзия өнерінің каноны туралы трактат», «Поэзия өнері туралы» т.б. Әсіресе, әл-Фараби өзінің «Музыка туралы үлкен кітап» атты сүбелі еңбегінде «Музыка ғылымының» мәселелеріне ғана арналмай, музыканың эстетикалық-теориялық қағидаларын шешуге бағытталған. Музыка – әуез құдіретімен адамның көңіл-хошын жоғары деңгейге көтеріп, оның дімкәс, ауру халін салауатты өмірге ауыстыруға көмегінің барлығын баса көрсетеді. Адам баласының музыка шығару қабілеті, дарындылығы дәрежесінің әртүрлі сатысын көрсетіп береді, адамның жан дүниесіне жақсы, жаман әсер ететін музыкалық жанрларға тоқталады. Өнерді әл-Фараби көркемдік адамның денесі, жаны, рухани жан дүниесінің адамгершілік сұлулығын көрсететін белгі деп санайды. Көркемдікті түсінуді данышпан адам баласы өзінің жасампаз еңбексүйгіштік қасиетімен қолы жетеді деп есептейді. Мұнымен бірге әл-Фараби қайырымды, мейірбан жандардың жәрдеміне сүйену арқылы сондай көркемдік қабілетке ынталанады дегенді ұсынады. Жалпы өнерге қол жеткізудің өзі – іске, қимылға, белсенділікке ұмтылып, қиыншылықты, өмір жолындағы бөгеттерді жеңе білу деп түсіндіреді. Өнердің өзі тек рухы биік тұлғаға жетілдіріп қоймай, оның заттық мәселелерде де молшылыққа ие болатыны жайлы да атап өтеді. Өнер жасау іс-әрекетінде халықтар достығының, интеграциялық одақтардың берер жемісі ерекше екеніне де тоқталады. Өнер ілімін зердесімен саралап зерттеген әл-Фараби Бақытқа, Құтқа, Дәулетке, Берекеге жетудің төте жолы деп пайымдаған.

Қорыта айтсақ, әл - Фараби өзінің ғылыми еңбектерінде өнерге жан-жақты анықтама беріп, оның құрылысына талдау жасап, өнерлі адамның ұтары не дегенге жоғарыдағыдай баға береді.

Абай Құнанбаев өзінің өлеңдері мен қара сөздерінде өнер туралы соны пікірлер айтқан. Мәселен: Құр айғай бақырған, Құлаққа ән бе екен? Өнерсіз шатылған, Кісіге сән бе екен? – деген өлең жолдарын қара сөзге аударудың жөні жоқ қой дей отырып, өнер туралы данышпандық ішкі ой-пікірін түсіну қиын емес. Сол секілді: «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар //Жас балаша көңілді жақсы уатар // Әннің де естісі бар, есері бар // Тыңдаушысының құлағын кесері бар //» деген жолдардан барлық әннің өнер кеңістігінен орын ала бермейтініне тоқталады. Абай Құнанбаев аталған өнерге қатысты талап пен оның белгілі бір шарттарының бар екенін айқын аңғарта отырып, осы аталған ой-тұжырымдарының қорытындысын мына түзілімде ұсынады: «Ақылдының сөзіндей ойлы, күйлі // Тыңдағанда көңілдің өсері бар». Анықтап айтсақ, адамның көңілі өнермен өседі дегенді ұсынған дана ақынның бұл ой өрілімінен өнер сүйер қауымның өзіне күш-қуат рухани нәр алары белгілі болады. Халқымыз: «Талапты ескермесе, ол жоғалып кетеді. Өнерді күнде тексеру керек». Өнерге қаскүнемдік келтірер залалды мінез-құлық: мақтаншақтық, пайдакүнемдік, жеңілдік, салғырттық. Өнердің ең биіктігін қамтамасыз ететін сезім деген пайымды ұстанады.

Халқымыз барша күйкі тіршіліктің бұғауынан бір сәт өзін ажыратып, көңіл-күйге, рухани медеу, сүйеніш әкелер жоғары әуезді, пафосты жырлармен еңсе көтерер ән келгенде жұбаныш табар күндерді тосатын. Өйткені, өнер арқылы жігер-қуат, нұрын себер арқалы өлең – жырлар кейбір қасиетті сәттерге жарық сәуле шапағатын себеді. Сондықтан қазақ халқы әншілерге өздерінің ең дәмді тағамдарын, сыйға тартар жоралғыларын сақтап, жол түсіп, келе қалғанда сол рәсімдерін орнымен атқаруға жанын салатын.

Тәуелсіздікке ие болғаннан бергі уақытта мәдени мұрадан Қазақстан мемлекеті жаңа белеске, сапалық деңгейге жетілді. Алайда бұл белес өткен уақыттағы өнермен анықталады, соның ішінде зерттелмеген нысан дәстүрлі ән қоғам өзгерістеріне ықпалының болғанын анық байқауға болады.

Мұнымен бірге еліктеме мағынасында қолданылады дегенді қоса дәйектейді. Біздің байқауымызша, қазақта ән айт дегеннен гөрі, белсенді лексикалық қорда «ән сал» деген тіркес көбірек қолданылады. Ақындық өнер мен ән салу қатарынан дамытылып, тыңдармандарын баурап алу басымдық рөлде болған. Нәтижесінде, әншілік өнері әсерлі болып келген. Сөйтіп, әншіге тән әрекет өлең жырлаймын делінбей, ән шырқаймын деген мәнде қолданылады. Зерделеу барысында әннің өздеріне тән стильдік ерекшеліктері аңғарылды.

Көне дәуірдегі ақындық дәстүрде ән деген айтылмыш тарихи деректер болмағанымен өнердің бұл түрінің генезисі сонау тұрмыс-салт жырларының бір құрамды бөлігі екендігі, оның және өнер тармағына бертін бөлініп шыққанына ешкім шүбә келтірмесе керек. Керісіншe, Орта Азия, орыс, Сібір, орта ғасырдағы Европа, көне шығыс тарихында ақындық салтта дәстүрлі ән қатар болғандығы мәлім.

Өнердің тәрбиелілік мүмкіндігін зерделеуге жол жабық болғаны кешегі тоталитарлық жүйеде оған, төмендегідей пікірлердің қалыптасуына байланысты. Осыған орай мына бір түйінді қорытынды пайымдауларды ұсынамыз:

Қарап отырғанымыздай, сыныптан тыс оқыту үдерісінде  жасөспірімдердің мектеп көлеміндегі алған біліктілігін кешегі өткен мәдени мұра қорымен толықтыруға аталғандай бағалар, кешегі кеңестік дәуірде өнердің біліми-ғылыми сипатын төмендетуге бірден-бір қырсықты тұжырым қалыптасып қалған көзқарас кедергі келтіріп отырды.

Қорыта келгенде, дәстүрлі әндердің халықтық педагогика тұрғысындағы тағылымдық мүмкіндігі мол екендігі байқалды. Жасөспірімдерді этномәдени білімге баулуда  дәстүрлі әндердің алар орны ерекше. Бұл орайда, біздер ақын мен ән орындаушы тұлға арасындағы байланыс тыңдарман көңілінен шығу тұрғысында құнды екенін аңғардық. Оның өзі тыңдармандардың қоғам және әлеуметтік жағдайлардағы қалыптанған этномәдени талаптар сыңайында жүзеге асырылатынын байқадық.

 

5.1 Дәстүрлі әндердің шығу тарихы және оның алатын орны

 

Этникалық мәдениетте онтологиялық сарын басым болып келеді. Оны басты себебі дала, сахарадағы адамның табиғатқа деген, оның тылсым күшіне деген дүниетанымы, болмыстық деңгейі өркендеп отырған. Жалпы алғанда, қазақ этносының жырларында бас қаһарманы – тәңірден тілеп алған жалғыз ұл. Оның өзін де әке, шешесі діңкелеп қартайған кезде және баласыздықтың зардабы өткен кезде барып көреді. Кейбір жырларды әулие-әнбиелерге түнеп, бала солардың шапағатымен дүниеге келеді. Олар кейде Баба Түкті шашты Әзиз, кейде Ғайып ерен Қырық шілтендер. Бұл – әрідегі көк тәңір, берідегі ислам нанымдарының нышаны.

Этностық код әуез әуеніне негізделеді. Осының бәрі дерлік әнмен өріліп, жыр өрнегімен айтылады. Жырдың басқа жанрлардан басқа тек өзіне тән сарыны болады. Батырлық дәстүрді насихаттаушы осы жырлар. Ерекше нақышпен айтылатын барлық жырлардың ортақ оқиғасы төмендегідей:

1) болашақ батырдың шешесі, кейде аюдың, кейде айдаһардың етіне, кейде жолбарыстың жүрегіне жерік болады;

2) батыр ұл дүниеге келгеннен-ақ, басқа балалардан ерекше көзге түсер қасиеттері кездеседі. Бала айлап емес, күндеп өседі. Ат жалын тартып мінгесін-ақ, ол елін жаудан қорғауын арман етеді;

3) батырлардың бәрі өзінің батырлығын жасынан танытады. Халқын басқа елдердің шабуылынан аман сақтауды негізгі мақсат тұтады. Жолда қанша қиыншылық көрсе де төзіп, ақыры жеңіп тынады. Кездескен бөгеттерден кейде өжет ерлігімен, кейде айласымен, тіпті, тәжірибелі жандардың көмегімен де құтылады. Қиындыққа мойып, жасып қалмай, тез шабуылға әзірленеді;

4) әуезбен айтылатын бұл жырлардың қазақ халқына тән кодының бір пернесі – елдік мәселесі. Анықтап айтсақ, құлаққа жағымды әуезбен патриоттық тілек-мүдде мәністері тыңдармандардың жүрегіне, сезімдеріне оң әсерін тигізеді. «Елдің күші – бірлігінде» деген этностық код басымдық мәнде;

5) өз елін терең сүю мотиві жыр өрілімінде ерекше сезіммен айтылады. Психологиялық жағынан басқа халықтарда кездеспейтін үдемелету үрдісі аңғарылады;

6) ұлттық нақыштың бір сипаты – батырлар жырындағы әйелдер мәселесі. Көбінесе, батырлардың ерліктері үйлену, немесе жау алып кеткен әйелдерін іздеумен тікелей байланысты. Батырлар жырында жар іздеу мәселесі ғашықтықтан туған мотив емес, отбасын құру амалы іспетті болып келеді. Отбасын құрудың басты мақсаты – келешекке батырдың өзіндей, не өзінен асып түсетін ұрпақ қалдыру тілегіне келіп тіреледі. Қобыландыдан: Бөгенбай, Киікбай; Алпамыстан: Жәдігер; Тарғыннан: Әжігерей, Айтқожа т.б. Бұлардың кейбірі ерлігін әкесінен де асырып жібереді;

7) қазақ халқының кодын айқындайтын тағы бір ерекшелігі – батырлар жырында кездесетін жорыққа мінетін аттарының айрықша бапталып күтілуі. Олардың сұлулығы, қуса жетіп (әні шапшаң ырғақпен айтылады), қашса озатын жүйріктігі, жуан-жуас беріктігі шебер сурет реңімен келеді. Кей тұста тәңірлік наным нышаны аттарда ерекше қасиеттер дарытып, әр нәрсені күні бұрын болжағыштық ес бітіріп сипаттайды. Жалпы қысылғанда қанат бітетін дәрежеде бейнеленеді. Жырларда жақсы атқа көп орын беріліп, оларды әр жағынан алып, батырмен қоса дәріптеп жырлайтыны байқалады;

8) қазақ халқының онтологиялық кодын айқындай түсерлік тағы бір белгісі – батырлар жырындағы аңшылық. Мәселен, Қамбар батырдың негізгі кәсібі аңшылық болып сипатталады. Бұндай құбылыстан әрісінде халықтың бастау кәсібі, күн көріс қамы аңшылық болғаны даусыз.

Қорыта келгенде, қазақ халқының ХV ғасырда Алтын Орда құлаған соң құралған Ноғайлы деп аталған хандық тұсындағы Қыпшақ, Қаңлы, Қоңырат, Үйсін, Арғын, Найман, Алшын руларының батырлары жайлы ауызша-жазбаша шыққан жырлардың әуездік сарыны адамның әлем тану іскерлігіне бағытталған. Сондықтан бұл нысанды онтология аспектісіне жатқызуды біздер орынды деп есептеп, сал-серілік өнер барлық өнердің даму шегінің өркендеуінен туған бөлігі деген қорытынды жасауға мүмкіндік алдық. Оның алғашқы әдіснамасы онтологиялық деңгей екені айқындалды.

Бұдан шығар қорытынды – әр биоәлеуметтік әлемтану үдерісінде өзінше жинақталған біліми-ғылыми сипаты, түсінігі бар дегенге саяды. Сал-серілік дәуірдің өнер мектебінің педагогикасында сонау ХV ғасырдан ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін, өрлеу кезіне дейін қамтылған уақыт пен кеңістік аралығындағы ән, музыка, жыр және тағы басқа салалардағы танымал тұлғалардың өзінше әлемге көзқарасын аңғарудың мүмкіндігі байқалды. Әр өнер иесінің әлем қабылдау деңгейі бір-біріне ұқсамайтындығы – гносеологиялық деңгейдің өкілі екенінің айғағы. Сол себепті ойлау, тану, іс-әрекеті өнер мектебінің педагогикасында әлемді түйсіну шама-шарқына орай дамытылады дегенді дәйектейді. Егер, әлемтану іс-әрекетінде рухани құндылықтарды әлемтану үдерісіне қабыстырып сана-сезімге жинақтай алса, әр биоәлеумет өнер саласының айтайын деген ішкі мұратын авторлардай түсінері сөзсіз. Өкінішке орай, әр адам өзінің жеке басының танымдық өрісін басқалардан биік қойып отыратындықтан (Единица кеткенде, не болады өңкей нөл...               А. Құнанбаев), өнер саласының кереметтерін ұға алмайтын деңгейде қалады. Өнер мектебінің сан-салалы жанрларының әрісінен бергі заманға дейінгі алатын орны, әлемтануға көмегі ерекше екеніне тоқталу артық. Әлемтану өнер кеңістігінде әрбір жеке тұлғаның әлеуметтік өміріне жағымды әсер етеді. Өнер мектебінің педагогикалық әдіснамасын көбінесе ескі өмірден осы заманға әкелер тарихи желінің куәсі ретінде ауыз әдебиеті жанрларынан іздеген орынды. Алдыңғы онтологиялық деңгейдегі өзіндік этностың коды бар екеніне көзіміз жеткен сияқты. Сол секілді гносеологиялық деңгейде де халықтың тек өзіне тән коды жеке тұлғалардың ішкі қабылдау мүмкіндіктеріне бағынышты екендігі анықталды. Мұнымен бірге халықтық сипат арқылы сол халықтың білімі, өнері, тарихы, діні, нанымы, тәлім-тәрбие нышандары байқалатыны зерттеу барысында аңғарылды. Халықтық сипат өзінің бойына толып жатқан сипатты сыйғызып жататыны, дәуір тынысын танытатыны гносеологиялық деңгейге қозғаушы күш екені де белгілі болды. Жырмен айтылатын шығармалардың шығуы мен дамуынан тарихи ақиқаттар да байқалып отырады. Сол дәуірдегі тарихи шындықтардың көмескі болса да сілемдерден көрініс табылады. Әрине, аталған жырларды тудырушылар, бірақ олардың аттары бимәлім тұлғалар өздерінің әлемтану үдерісінің шама-шарқымен жырларды өмірге әкелгені белгілі. Міне, осы нысаналы ішкі қалыпты гносеологиялық деңгей дейміз. Танымдарының тағылым деңгейі.

Қазақ ауыз әдебиетінде этностық поэмалармен қатар сүйіспендік, махаббат тақырыбына арналған поэма-жырлар да аз емес. Оған жататын шығармалар: «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу», «Қыз Жібек», «Күлше қыз – Назымбек», «Мақпал қыз», «Айман-Шолпан». Аталған лиро-эпикалық шығармалардың ішінде ел арасына әнімен, жыр мақамымен көп тарағаны: «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу», «Айман-Шолпан». Бұл шығармалардың басты тақырыбы – бірін-бірі риясыз сүйетін екі жастың арасындағы ыстық махаббаты. Оқиғаның барлық құрылым жүйесі сүйіспендік мәселесіне бағындырылады. Лиро-эпикалық шығармаларда тұрмысқа қатысты автордың және оны кейінгі елге таратушы тұлғаның әлемге қатысты түсінігі анық байқалады. Жырды құрастырған автордың әлемге жеке түсінігін мына бір құбылыстардан аңғару қиын емес: Қыз Жібектің сән-салтанаты, «кісі бойы кроваты», «күймелі арба», «кигені атлас, қырмызы) және т.б. Көркем шығарма әуезімен жырланғанда тыңдармандардың ой-сезімдерін қай бағытқа жетектеу, қандай іс-әрекетті құптау, не даттау ол сол адамның әлемтану амалының деңгейіне тікелей байланысты. Бұл гносеологиялық деңгейдің нақтылы көрінісі. Аталған дастанды құрастырушы тыңдарманның екі жастың қосыла алмау себеп – салдарын іздеуге, одан адамға аяныш сезім тудыруға бағыттайды. Қоғам қандай сипатқа құрылса, лиро-эпикалық жырларды да сондай өлшеммен таниды. Ғашықтық жырларда әуез сарыны батырлар жырларынан ерекше сазды, аяныш сезім тудыруға шақталған болып келеді. Төлегеннің трагизмге дейінгі кезеңде алты қазбен қоштасып, ата-анасын, інісін еске түсіретін элегиялық көңілдің қайғы шерін аңғартатын монологін, жаны нәзік адам екенін кез-келген адам түсінсе, гносеологиялық деңгейдің түзулігін аңғарады. Ғашықтыққа екі адамды байлап, оның кедергілерін тек адамдар арасынан емес, табиғат бөгеттерінен келтіріледі. Барлық кедергілерден жеңіске жеткізер тұсы- махаббатқа беріктігі, шын сүюшілігі, бас бостандығын іздеуі, сұлулығы, ақылдылығы, керекті жерлерде қайраттылығы. Лиро-эпос жырын гносеологиялық деңгейде танудың алғы шарты оның батырлар жырынан ерекшелігі. Батырлар жыры Отанды сүю, Отан қорғау тұрғысында жырланса, ал лиро-эпикалық жырлар тұрмыс-салтқа көп тоқталып, соны шебер түрде көрсете алушылық байқалады.

Жырлардың ішіндегі лиро-эпикалық жырларды ажыратудың басымдық көрсеткіштері төмендегідей:

1) жыршылардың ауыл-ауылды аралап, шарлап жүріп ғашықтық дастандарды жыр етуі және халықтың тұрмысын жырға арқау ретінде өлеңге қосуы;

2) «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заманды» көксейтін сарында болып келуі;

3) халықтың мұң-шерін, қалың бұқараның арман-тілегін атадан балаға жеткізуші ілгерішіл мұраттардың ұсынылуы;

4) жыршылық дәстүрден шежіре желісінің өріліп берілуі;

5) жыршыны ентелей түсіп тыңдаған жұрттың сілтідей тынып, тыңдауы, оны қос шекті домбырамен айтуы;

6) тыңдармандардың жыршы сарынына ілесіп, оны қошаметтеп толассыз қолдап отыруы;

7) жырдың әрдайым асқақ, ақылгөй, таза, әсем ырғақтың неше алуан қасиетін бойына жинай алатын қуатының әсер етуі;

8) жырлардың тұтасымен халық меншігінің болуы.

Қорыта келгенде, жырларды тану іс-әрекеті өзіңді қоршаған әлемді түйсінумен бара-бар. Міне, осындай қатысымдық үдерісте рухани қуат берерлік этностық салт-дәстүрлер ешбір сырттан әшекейлеусіз нұсқалы сипатта елес береді. Әлем туралы түсінік ақиқатты мәнде қабылдануын біздер гносеологиялық деңгей демекпіз. Үшінші аксиологиялық деңгей болып табылады. Өнер мектебінің педагогикасында аталған деңгейдің алатын орны айрықша. Бұл деңгейлікте әлем туралы сурет, түсінік адамның өзін қоршаған табиғаттың тұрмыстық ерекшелігін қалыптастыру үдерісін сезінуі, ұғуы. Соның нәтижесінде әр адамның, жалпы бір этностың мәдени-әлеуметтік орта құрып, өздеріне тән әлем жасап, оның нысаналы және құлықты (субъектілі) мәдени қарым-қатынас құруына жетекшілік рөлінің болуымен көрінеді. Сөйтіп, жыршылар әлемінің сөз өнері мен әуез өнерінің қосындысынан «Өнерпаз халықпыз» деген тұжырым шығары сөзсіз. Әр халықтың тек өзінің кодына тән, шығармашылық қабілетіне орай құлықтылық белсенділігі сол этносқа ғана тиесілі әлем жасап береді. Өнер мектебінің мұншама құндылығынан әлем жағдайының шынайы бет ажары айқындалып, этностың мәдени-өнер мектебінің қызметі әсер ететін қалыпқа жетіледі.

Этнос құрамындағы әр биоәлеумет өзінің жырлардан алған, сал-серілердің толғау жырлары мен өлеңдерінен алған ішкі эстетикалық құндылықтары, жағымды қуат сезімдері рухани шабытқа, оңтайлы тебіреніске келтіреді. Сөйтіп, тән мен жанына өнер кеңістігінен нәр алып, өзін ғарыштық кеңістікте жүргендей өршіл өмірсүйгіштік бағдарға бағыттайды. «мен өнерлімін, таланттымын» деген тұжырымын өмір тәжірибесінде тиімді қолдануға құлшыныс пайда болады.

Көптеген этностық құрам өкілдеріне еріктілік деген ұғым түсініксіз, немесе оның мәні бұрмаланып қолданылып жүргені байқалады. Семантикалық вакуум – этномәдени кеңістігінде өзін жайлы, рахатты сезімге бөлей алатындай қалыпты құра білу үдерісі. Оның бір айғағы – айтып отырған өнер педагогикасының кез-келген жанрын бүгінгі, ХХІ ғасырдың қазақ халқының өкілдеріне тыңдатсақ, семантикалық вакуум өз міндетін атқара алмасына көзіміз жетеді. Мұның өзі адамның керекті жерінде, оның жаны өнер көздерінен, ғылым тетіктерінен қажетті қуат алуларына тікелей бағынысты. Міне, осы тепе-теңдік заңдылығының бұзылуынан адам, бүкіл бір халық өнер мектебінен құр қалып, өршіл, өмірсүйгіштік қабілет орнықтырудың орнына, өмір сүргісі келмейтін күй кешеді. Әуез, музыка, сөз құдіреті адам жанына дауа болып, оның ғарышпен байланыс жасауына, өзінің өмірде Бақыт құсын табуына, маңызды рөлін белгілеуге көп көмегін тигізеді. Бұл - еңбектеген баладан қартайған қарияға дейінгі субъектілердің қажетті рухани нәрі.

Б. И. Қарақұлов, ән әлемінің симметриялық жүйесін,                  В. Т. Мещеряков үйлесім және үйлесімділікпен даму, мифология мен онтология қатысы жайлы, В. И. Вернадский ғылыми пайым планетарлы құбылысқа тең, Б. Д. Кокумбаева тұрмыстық-салт және қазақ халқының лирикалық өлеңдерінің арасындағы байланыс, қоғамдағы дәстүрлі әннің атқаратын рөлінің қызметі, дәстүрлі әннің ритуальды-магиялық қызметі секілді ғылыми еңбектерде жалпы музыка өнері туралы соны тұжырымдар мен түйіндер түйген. Бірақ, дәстүрлі ән мектебі туралы арнаулы зерттеу еңбектердің, түбегейлі ғылыми ізденістегі зерделі жұмыстардың сирек кездесетіні, тіпті кездескен жағдайда оның тек бір екі орайлы ой, айшықтарымен аяқталып отыратыны байқалды. Мұнымен бірге Мұқан Төлебаевтың да музыка әлеміне қосқан үлесін зерттеген ғалым Ж. Ә. Төлебаеваның еңбегін атап өту орынды болмақ. Ғалым М. Төлебаевтың өнер туралы дүниетанымын қалыптастырған әлеуметтік жағдайларды атап өтеді. Өнертанушы тұлғаның педагогикалық және шығармашылық жолын айқындап, оған сипаттама береді. Сөйтіп, М. Төлебаевтың музыкалық-педагогикалық мұрасының басты шарттарына тоқталады.

Ж. Таубалдиева музыка арқылы оқушылардың ізгілікті дүниетанымын қалыптастыруды айқындап берген. Бұл еңбекте де «Әбу Насыр әл-Фараби өнер кеңістігі жайлы әдіснама мен әдістеме ілімдерінің тығыз байланыста екендігі анықталған. Ғаламдағы екінші Ұстаздың ғылыми кредосы болмыстың бастамасына сай келу қағидасының басымдық мәні ашылған. Әл-Фараби ілімінің теориялық білімінің негізгі қоры – өмірде бар заттар мен құбылыстар, білімпаз олардың «қалай және қайдан шыққанын» білуден бастау керек деп атауы. Өнер мектебінде ойлау, өзінің түсінігін тексеру, әуенді сазды зерттеу, оның мағынасын ұғу секілді ұғымдар тіректік рөл атқаратынына да тоқталған. Зерттеуші аталған музыка өнеріндегі ғылыми негіздің бүгінгі өнер мектебіне де жат еместігін баса айтып өтеді. Оны төмендегі түзіліммен көрсетеді:

- Халықтың музыкалық практикасынан туындайтын ұстанымдар. Бұл ұстанымдарды индукция әдісін қолданып шығаруға болады. Олардан қорытынды салдарлар шығарылуы үшін дедукцияның қажеттілігі ескеріледі. Қазақша ұғымға түсірсек, индукция – жалқылау, дедукция – жалпылау. Жырлардың композициялық құрылым-жүйесін жеке-жеке түсініп, оны тұтастыққа алсақ, Ж.Таубальдиеваның айтып отырған тұжырымы пайда болады.

- Өнердің халыққа қажеттілігі және оның адам жанына дауасының дәрежесі;

- Әл-Фарабидің ұсынысындағы екі форманы негізгі нысанаға алу:

1) Зерек шәкірттерге сараланып алынған музыка;

2) Орта оқушыларға арналған репродукциялық білім теориясының нысандары көрнектілік, техникалық жабдықтар.

Сөйтіп, Ж. Таубальдиева музыкалық іс-әрекеттің ерекшеліктерін ескеріп, қалыптастырудың құрылымына төмендегідей құралдардың жиынтығын ұсынады:

1) Эмоционалдық-мотивациялық;

2) Мазмұндық;

3) Мінез-құлықтық.

Аталған музыкалық іс-әрекеттің ерекшеліктерін ескеріп, оқушы бойындағы өнерді дамыта отырып қалыптастырар құрылымдардың 3 түрлі құралдарына өзінше сипаттама береді:

Эмоционалды-мотивациялық құрам-музыкалы педагогикалық іс-әрекеттердің маңызды құбылыстарын түсіну, тану, ұғыну, ынта-ықылас қою. Музыкалық білім алу арқылы ізгілікті көзқарасын, дүниетанымын қалыптастыру. Оған қолайлы жағдай жағымды өнер өрісінің таралымын туғызу. Мазмұндық құрам – қойған мақсат – оқушыларды музыка арқылы танымдақ музыкалық әрекет қабілетіне дамыта отырып, музыкалық теорияның және оның практикалық жағынан ұғынып түсінуге, талғам сезімдерін арттыра отырып, әдістемелік бағыт алады. Сезімталдық, жауаптылық, адалдық, қамқорлық, ой елегінен өткізушілік, шығармашылық, сараптамалық ой көздерін, сезімдерін арттыру. Мінез-құлықтың құралы – музыка сабағында вокальдік, хормен ән айту, тыңдау, дидактикалық ойындар арқылы шығармашылық қабілеттілігін дамыту. Жеке тұлғаның музыка арқылы іс-әрекеттегі белсенділігін көтеру. Сөйтіп,                 Ж. Таубальдиева «Оқушылардың музыка арқылы гумандық қасиетін қалыптастырудың құрылымдық моделін» ұсынады.

Ж. Таубальдиеваның «Оқушылардың музыка арқылы гумандық қасиетін қалыптастырудың құрылымдық моделі»:

Кесте 5.1

Құрамдары

Өлшемдері

Көрсеткіштері

 

Эмоционалдық-мотивациялық

Әнді сезіммен шын күйінде қабылдау, сөзбен әуен үйлесімі арқылы әдемілікті тану. Шығарманы тарихи-әлеуметтік өмірмен өнер байланысына көз жеткізе отырып ізгілікке баулу

Музыка арқылы табиғат, өсімдік әлемімен, жан-жануарлар дүниесімен, музыкалық шығармаларға, музыка арқылы айналадағы адамдармен, әлеуметтік ортамен қарым-қатынасқа түсу

Мазмұндық

Әннің көркемдік ерекшелігін, музыкалық құрылымын аша білу, пән құрылымын оймен тани білу

Музыка арқылы табиғат көрінісі, құбылыс маңыздылығы мен ерекшеліктері ұғылып, орта тану, есту, эмоционалдық сезімге бөлену, экологиялық танымның жағымды тұстарын сезіну. Өнер арқылы жалпы адамзаттық құндылықтарға жетілу.

Мінез-құлықтық

Әнді есте сақтауға, қайта тыңдауға белсенділік көрсету. Әдептілікке, ұстамдылыққа, мейірімділіке, құлшыныстылыққа бағдарлау

Өзінің халықтық музыкасын құрметтеу, гумандық, патриоттық қасиетті дарыту

 

Қорыта келгенде, дәстүрлі ән арқылы тәрбие берудің тарихы ежелгі дәуірден басталған. Өкінішке орай, ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі бұл мәселенің сабақтастығы көрсетілмегені жайлы белгілі бір түйін жасау қиын. Дәстүрлі ән арқылы тәрбие беру амалын жүзеге асыру үшін қазақ халқы арнаулы мектеп ашпаса да, оның орнын ел-жұрт, орта ауыстырып отырған. Дәстүрлі ән табиғат аясынан өздеріне рухани нәр алуы, табиғаттың бір бөлігі ретінде өздерін сезінуі онтологиялық деңгейге жеткізген.

Сол секілді қоршаған ортасына, әлеуметтік сипатқа ақиқатты тұрғыда ән шығару, күй арнау, қойылымдар құру және т.б. амалдар арқылы танымдық тағылымдар түйінделіп отырған. Бұндай іс-әрекет дәстүрлі әндерді гносеологиялық деңгейге бағдарлаған.

Өзінің өнеріне ортадағы болып жатқан құндылықтардан қуат алуы және жамандықтан бойларын сақтауы сияқты амалдар сал-серілердің аксиологиялық деңгейге ұмтылуына қолайлы жағдай туғызған.

Көріп отырғанымыздай, дәстүрлі ән арқылы этномәдени тәрбие берудің теориялық негізіне қатысты біздер тарихшы-философтардың және өнертану ғалымдардың еңбектеріне талдау жасап өттік. Талдау барысында байқағанымыз, дәстүрлі ән жайлы оның этномәдени тәрбие берудегі тарихы туралы уәжді, ғылыми тұжырымды кездестіру қиын. Дәстүрлі ән арқылы тәрбие берудің тарихына көз жүгіртсек, біздер бұл материалдардан кезеңге бөлгендікті немесе оның ғылыми негізін жасаған құрылымды даяр күйінде қолданылмағаны анық екендігін пайымдаймыз.

Бүгінгі күні дәстүрлі этномәдениеттің құндылықтарын танып білу, оның даму қағидаларын ұғыну адамзаттың тыныс тіршілігіндегі ең керекті тарихи құбылыстар.

Этномәдениет адамзаттың тыныс тіршілігінің мән-мағынасын, абырой-атағын, жеткен шыңын, жетер қиялын, пайымды идеалын, әр құбылыстың өзіндік бастау тарихын көрсетеді. Этномәдениеттің бүгінгі ахуалын әлемдік мәдени-рухани қағидалардан тысқары қарастыра алмаймыз. Қазіргі әлемдік мәдениетте оның ізгілік яғни рухани адамгершілік мазмұн позициясын зерделесек, тығырыққа тіреліп, өгейсіну мәдениеті қалыптасып отырғаны шындық. Өйткені, адам өз айнала-дүниесін ғана емес, өз-өзі яғни өз болмыс мазмұнын да жатсынып, мәдени жалған құндылықтарды шын құндылықтан ажырата алмай күн кешуде. Ал нақтырақ келсек, біздегі мәдениет, оның ішінде, әсіресе, ұлттық мәдениеттің бүгінгі жағдайы және ұлттық мәдениеттің «құлдырауы» туралы әңгімелердің естілуі әлеуметтік экономикалық дамуымыздың құрылымындағы өзгерістерімен және батыс мәдениеті құндылықтарына бет бұрыспен тікелей байланысты. Бұл орайда бірнеше факторды атауға болады. 1 ; Батыс үлгісіндегі көпшілік мәдениет тағыны. 2 – Біздің идеологиялық тұжырымдамамыздың әлі түзілмегені. Көпшілік мәдениет тасқынын сараптаусыз қабыл алушылықтың байқалуы. Идеологиялық тұжырымдамамыздың әлі түзілмегенін ең алдымен этномәдени даму тұжырымдамамыздың жоқтығынан деу керек.

Бүгінде дүниежүзінде өрбіген саяси оқиғалар мен әлеуметтік үдерістердің күні ертең қандай нәтиже берері өркениетті елдердің назарынан тыс қалмауда. Саясатта, экономикада, мәдениет пен идеологияда жекелеген ұлттар мен халықтар, мемлекеттер арасында бейбіт қатар өмір сүру қағидасы сақтала ма? Әлде ол өзгеріске ұшырай ма? Дүниежүзі елдерінің бір-бірімен келешектегі қарым-қатынасы және өзара ықпалдастығы қандай өлшемдермен анықталатын болады? Міне, осы тектес сауалдарға ХХІ ғасырға қадам басқан өркениетті қоғамның интеллектуалды өкілдері ерекше көңіл бөліп келеді. Ұлы өзгерістер мен қоғамдық дағдарыстар тұсында кез-келген халық өзінің мәдениеті мен өркениетінің өркендеу барысына, оның тарихи тағдырына мән беріп ой тоғытқаны орынды, өйткені дүние жүзінде өркениеттің дамуы мен олардың өзара бәсекелесуі қоғамның, мемлекеттің, жеке адамның өмірі мен тұрмысына жаңалықтың жаңа лебін әкеліп, жаңаша әлеуметтік ахуал қалыптастыруы ықтимал. Өткен тарихсыз болашақ тұл екені белгілі. Ұрпақ тәрбиесі ертеңді күтпейді.

Бізге қажеті – жаны да, қаны да қазақы, халықтың тілі мен дінін, тарихы мен салт-дәстүрін бойына ана сүтімен бірге сіңірген, туған жерін түлетуді, егеменді елінің еңсесін көтеруді азаматтық парызым деп ұғатын ұрпақ тәрбиелеу.

1995 жылы Ж. Наурызбай Қазақстан Республикасының Білім министрлігі оқушыларға мәдени-этникалық білім беруді жүзеге асырудың әдістемелік негізін жасау бағдарын зерделеген. «Жалпы білім беретін мектептер тұжырымдамасы», «Арнаулы орта білім тұжырымдамасы», «Жалпы білім беретін мектеп оқушыларын еңбекке оқыту мен тәрбиелеу тұжырымдамасы» т.б. бағдарламалар ғылыми негізделгенін, олардың тәжірибеде сыннан өткенін саралап өтеді. Жалпы этномәдени тәрбие беру іс-әрекетіне Қазақстан Республикасының ғалым-ұстаздарының қосқан ұлттық біліми-ғылыми құндылықтарын түгел қамтып, оған өзіндік тұжырым жасағаны біздердің де зерттеу еңбегімізге сүйеніш демекпіз.

Еңбегіміздегі тірек ұғым «этномәдениетке» Ж. Наурызбай төмендегідей тұжырым жасайды:

Мәдени-этникалық білім беру мақсатын жүзеге асыру үшін, яғни жан-жақты мәдениетті тұлғаны қалыптастыру үшін мемлекеттік құрылымдардан айтарлықтай күш-жігерді, оның ішінде ұйымдастыру, қаржыландыру және басқа мәселелерді қажет ететін мәдени-этникалық білім беру кеңістігін құру керек. Бұл – шексіз-шетсіз жұмыс. Бірақ, олардың ішінен мән-мағынасы мен маңызына қарай заңдарды жетілдіру, ұйымдастыру, үйлестіру және бақылау; қаржыландыру мен материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету; кадрлар даярлау; ана тілінде оқыту; оқулық шығару; тіл қуатын арттыру және тіл мәдениетін көтеру; басқа ұлт тілдерін дамыту, шаралары нағыз көкейкесті шаралар болып табылады.

Дәстүрлі ән арқылы этномәдени тәрбие беру іс-әрекетке арнайы пайымдарды біздер Ж. Наурызбай еңбегінен кездестіре алмаймыз. Бірақ, жалпы «этномәдени тәрбие беру» ұғымына ғылыми негіздеме жасағаны анық. Біздер де сол негіздемеге сүйеніп, бұл мәселенің көкейкестілігінің өткір екеніне көзіміз жетті.

Тұжырымдаманың басты мақсаты – дәстүрлі ән арқылы этномәдени тәрбие беру іс-әрекетінің ғылыми негізін құру.

Міндеттері – жалпы білім беретін мектептердегі білім мазмұнын пайдалану; сыныптан тыс өтілетін іс-шаралардың мүмкіндігін ашу; тұжырымдаманың өзіндік құрылымын жасау; ондағы басымдықта қолданылатын нысандарды іріктеу.

Дәстүрлі ән арқылы этномәдени білім беру жалпы білім ауқымында көп нұсқалы және бейімділікті өркендетуге, гуманитарлық бағдар жасауға, олардың білім мазмұны арқылы ұлттық тәрбие мен білімді ғылыми негізде тұтас қабылдауына жол ашу. Бұл орайда дәстүрлі ән болашақта 10-сынып оқушыларына білім мазмұнының бір нысаны сапасында қабылданары сөзсіз. Алдымен бұл мәселені шешу үшін не көздейді? – деген сауалға жауап берген орынды.

Қазақ этнопедагогикасындағы қазақ халық философиясының рөлі зор.

Философия (дүниетаным) – адамдардың қоғамға, қоғамдағы өзінің орнына, әлемге көзқарастар жүйесі. Философияның басқа ғылымнан ерекшелігі: әлемге өзінің қатысы, өзіндік бағасы, оның нормасы мен мұраты т.б. (субъективті таным-түсінігі).

Халықтық философия – халықтық астрономияны, медицинаны, кеңістік пен уақытты қабылдауды, тыйым және сенімді, дүниетаныды қамтиды.

Халықтық философия – ұлттық сана-сезімге бағдарланған көзқарасты анықтаушы; жүйеленбеген, стихиялы түрде халықтың әлемжасаушы білімінің жиынтығы.

Қазақ халық философиясының кейбір элементтеріне тоқталайық:

- уақыт пен кеңістіктің байланысы (ұзақ, алыс-жақын);

- табиғат өзгерістерінің адамдарға әсері (жыл мезгілдеріне сипаттама);

- тыйымдық ырымдар (қоғамға, адамға, табиғатқа байланысты), үлкен адамның жолын кеспе, қазған жерді ашық тастап кетпе т.б.

- ұлттық астрономия. Ай күнтізбесі – 12 ай. Астрономиялық ырым.

- шамандық. От – тазалықтың күші. Бабалар аруағына табыну;

- жасқа жыныстық талаптар. 15-16 жастағылардың жауынгерлік парызын өтеу. Қорыта айтқанда, философия – ғылымдардағы зерттеудің әдіс-тәсілдерін жинақтаушы, этностық болмыс-бітіміне байланысты мәселелердің басын біріктіруші. Халықтың қарапайым дүниетанымының келе-келе белгілі бір ғылымның тірек көздеріне сүйену арқылы жаңаша (қоғамына қарай) тұжырым жасаудан этнопедагогика философиясы құрылған. Әлем туралы, болмыс жайлы көзқарастар жылдардан жылдарға ауысу кезеңінде іріктеліп отырады.

Мәдени-этникалық тәрбие беру кеңістігі әр қоғамда әртүрлі дамиды. Мемлекеттік білім беруге қамқорлығы мәдени мәртебенің деңгейіне қатысты жүзеге асып отырады. Оның көрінісін мынадай деректемелерден көреміз: 1) Білім беру дағдарысы (80 ж.). 2) Қазақстан Республикасындағы этноұлттық жағдаяттар. 3) 30-жылдардағы ұлттық мектептердің жойылуы. 4) Ұлттық тілді білмеушілік, 5) Жатсыну, 6) Кез-келген ұлттардың өмірлік тәжірибесінің бірегейлігі. 7) Білім берудің көпмәдениеттілік тәжірибесі. 8) Эвроцентризм мәселелері.

Жіктемемен берілген 8 мәселе этномәдени тәрбиені таза күйінде жүзеге асыруға үлкен кедергі келтіріп келеді.

Ұлттық тіл және этникалық мәдениет тәлімі – үйлесімді дамудың негізгі бөлімі дей отырып, этномәдени тәрбиенің мәні айқындалынуы көзделеді. Тәрбие берудің әлемдік деңгейіндегі жалпыадамзаттық құндылықтар дәстүрі мен ұлттық тәлім-тәрбиенің жүйесін қалыптастыру ұдайы этномәдениетке үстемдік етеді.

Тәрбие берудің қазіргі заманға тән талабы өзге мәдениетті тану, онымен өзін байыта түсу секілді іс-әрекетпен байланысты. Мәдениеттердің өзара ұштастығы, әсері жағдайында ғана әрбір жекеленген мәдениеттердің принциптері мен ерекшеліктері айқын толыға береді. Этномәдени білім оқыту мен тәрбие жүйесінің жай ғана бөлшегі емес, мәдени және тілдік саналуандық идеяға негізделген техникалық және ақпараттық жарақтанудың әлемдік деңгейін дәстүрлі мәдени құндылықтармен үйлестіретін оқыту мен тәрбиенің ұлттық жүйесін құру дегенді білдіреді.

Оқушыларды бүкіләлемдік тәрбиелеу міндеттеріне ынталандыру және оларды тұлғалық мәдени тілдік қажеттілігін қанағаттандыру төмендегі іс-әрекет арқылы жүзеге асады:

- барлық адамдардың теңдігі мен құқығына сый-құрмет көрсету;

- бүкіл әлем балаларымен одақтық, ынтымақтық сезімде болу;

- күш пен биліктен басқа мүдделерді көздеу;

- сұхбатқа қатысушыны ұғу мен оның қарым-қатынасқа түсе алу іскерлігі, қайшылыққа келген тұсты әміршілдікпен, зорлықпен шешпеу;

- өзінің мәдени дәстүрлерін түсінудің дағдысы, басқаларды құрметтеу, ескішіл ағымнан сақтану;

- этномәдени тәрбие – бұл білім моделі, ұлттық мәдениет пен тілінің және өзіндік этнотоптың тұрмыстық жағдайлары мен басқа халықтардың мәдениетін меңгерудің бағдарының кеңеюі.

Қорыта келгенде, этномәдени тәрбие алдымен ұлттық сипатта дамып, содан кейін 14 жастан әрі әр ұлттың, әлемдік халықтардың мәдениетін меңгеруге ұмтылдырады. 14 жасқа дейін әр ұлт өкілінің баласы өзінің ана тілінде этникалық мәдени дүниетанымын өркендетуге міндетті.

Этномәдени тәрбие берудің негізгі қағидалары халықтық педагогикамен сәйкес келеді. Десек те, халықтық педагогикада ең бастысы сабақтастық қағида екенін ескерген орынды. Әр ұлттың өзіне тән тәрбие беру негізінің қаланатыны белгілі. Олай болса, әр халықтың тәрбие беру үдерістерінің әдіснамалық негіздері және мақсаттары мен міндеттерін айқындаумен қатар, этномәдени тәрбие берудің мазмұны арқылы ізгілікке тәрбиелеудің қағидалары тәжірибенің іс-әрекетіне ендірілген. Мұнда әр тұлғаның этномәдени тәрбие алуына мүмкіндіктер туып, жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның өркениетті елдер қатарына қосылуына алдымен ұлттық сипат ұялатар қағидалары төмендегі түзілімдер болып есептеледі:

1) Адамды сүю қағидасы. Әрбір жеке адамды құрметтеу, жеке психологиялық, интеллектуалдық өзіндік ерекшеліктерін, сонымен қатар, денсаулығын, жағдайын білу, оның дұрыс дамып жетілуіне қамқорлық жасау, гуманистік идея негізінде этномәдени тәрбие алу құқығын қорғау, жан-жақты жарасымды дамуына жағдай туғызу адамды сүйе білу қағидасының негізіне алынады;

2) Табиғатпен үйлесімділік қағидасы. Бұл қағида адам табиғаттың бір құрамды бөлігі ретінде, оның дамуына биологиялық, психологиялық, экологиялық ықпал жасау қажетті орта болатынын көрсетеді;

3) Мәдени сәйкестілік (лайықтылық, үйлесімділік) қағидасы. Бұл қағида жеке тұлғаның дамуына арнайы біліми, мәдени ортаның болуын талап етеді. Этномәдениеттің (тіл, өнер, дін, діл, тұрмыс т.б.) бірлігін және дүниежүзілік өркениеттің ұлттық және жалпыадамзаттық мәдениет жетістігінің өзара бір-біріне ықпал жасау және бірін-бірі рухани байыту мүмкіндіктерін, жеке тұлғаның адамгершілік тұрғыда өзін-өзі дамытудағы ең күшті құрал екенін білдіреді;

4) Тұтастық қағидасы. Бұл жеке тұлғаның этностық болмысының әлеуметтік, адамгершілік, жалпы мәдени және кәсіби құзыреттілігінің ұдайы дамуының бірлігімен сипатталады. Әрбір адамды өзіндік дербестілікке, өзіндік ерекшелікке бағдарлап, қоғамдағы әлеуметтік іс-әрекеттерді өзара кіріктіруді, интеграциялауды қарастырады. Осыған байланысты бүгінгі Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанда білім берудің мемлекеттік және мемлекеттік емес білім берудің әр түрі құрылып, болашақ ұрпақтың барлық мүмкіндіктерін қанағаттандыру көзделеді;

5) Үзіліссіздік – ұдайы дамушылықты жүзеге асыру қағидасы. Мұнда әэтномәдени тұлғаның әлеуметтік-педагогикалық жүйе үдерісінің бірізділік және сабақтастығын іске асыруы бағамдалады. Жеке тұлға өзінің интеллектуалды әлеуетінің ұдайы дамып отыратындығын қазіргі және болашақтың табыстарына сәйкес бағалай алады, қоғамдағы жеке тұлға мен мемлекеттің бір-бірімен тығыз үндестігін қамтамасыз етуге ынталы болады;

6) Ізгілікті адамгершілікті тәрбиеге шығармашылықпен қарау қағидасы. Бұл педагогикалық үдірістің гуманизациялануына ықпал жасайды. Жеке тұлғаның әрбір өмір кезеңдерін, іс-әрекетінің барысында және оның жалпы өмірінің дамуы, шығармашылық әлеуетінің деңгейіне, кәсібилігіне қарай толығып отыруы, оның жалпы қабілеттерінің өнімді нәтижеге бағдарлануына мүмкіндік туғызады;

7) Ұрпақтар сабақтастығы қағидасы. Аға ұрпақ пен болашақ ұрпақтың арасында ешқандай байланыс болмаған жағдайда әрбір жаңа ұрпақ өткен мұраны, дәстүрлерді, орын алған жетістікті білмесе, оны сақтамаса қоғамның алға дамуы мүмкін еместігі ақиқат. Осыған байланысты жаңа ұрпақ бұрынғының құндылығын сақтап, болашаққа жеткізіп, жаңа жаңалықтармен байытып, дамытып отырады. Бұл сабақтастықта ұрпақтар бірлігінде халықтар дәстүрінің өміршеңдігі нақтыланып, жаңа ұрпаққа тәрбие беру арқылы жаңа қарым-қатынастардың өзгешеліктері айқындалып, жеке тұлғаның тұлғалық қалыптасуына негіз болады;

8) Шәкірттердің өз құрбыларымен және педагогтарымен өзара қарым-қатынастық, тұлғалық бейне қағидасы.

Соңғы ондаған жылдар ішінде педагогикалық-психологиялық зерттеулер білім беру арқылы тәрбиелеу оқушылардың жас өзгешелігін ескерумен қатар, олардың жеке тұлғалық дербес те дара ерекшеліктерін, мінездемелерін білу, есепке алынуы өте маңызды екені басты нысанада болғанын дәлелдейді.

Тұлғаның этномәдени сұранымының қоғамдағы басымдығы туралы ереже қабылдау - әр тұлғаның біліктілігін заңдастыруға басты себеп.

Қоғамдағы этномәдени келісімді қамтамасыз ету негізінде мемлекеттік саясатты іске асыру басты нысанада екені ескеріледі.

Мәдениетті жаһандандыру жағдаятын құндылық ретінде тәжірибеге ендіру әр халықтың ғылыми тапқырлығына бағынысты.

Білімді мәдени үйлесімділік институты ретінде қабылдауды, ұлттың өзіне тән тұрмысын дамытуды, сақтауды жүзеге асыру әр ұлт ауқымында қарастырылады.

Көп ұлтты мәдени қондырманы тұтастық кешенде шешуге ынталы екені байқалады. Бұл ұлттық нақышты толық қамти алмайды. Сондықтан көпұлтты мәдени құндылықтар этностық дәрежеде іске асырылды.

 

5.2 Ш.Қалдаяқов әндерінің саяси-қоғамдық мәні, оның патриоттық тәрбиеге тигізер ықпалы

 

ХХ ғасырдың орта шенінде Қазақстан елінің қазақтары, жасөспірімдері Ш. Қалдаяқовтың әндерін өмір салтының тұғыры іспетті қабылдады.

Қоғамдық-саяси мән тұрғысында Ш. Қалдаяқов әндерін жіктесек, туған жерге, елге, Отанға, Жер-Анаға, табиғатқа деген іңкәр, нақтылап айтсақ, «Сыр сұлуы», «Мойынқұмда», «Ақ ерке-Ақ жайық», «Арыс жағасында», «Отырардағы той», және т. б.                                Ш. Қалдаяқовтың патриоттық сезімге баулитын өлеңдері жаңа қоғам өзгерістеріндегі де ішкі өмірсүйгіштік белсенділікті арттыруға мүмкіндік жасап келеді. Аталған әндердің бүгінгі күнге де атқарар рөлінің зор екенінен аңғару қиын емес. Дәстүрлі ән – болашақтық нағыз патриоттары болу сезімін өркендетудің қозғаушы күші.

Дәстүрлі әнмен патриоттық тәрбиенің детермендігін нығайтудың бірқатар себептерін атап өтуге болады. Алдымен әнннің маңызын тереңдету және Отанды жаңа жағдайларға байланысты қорғауға, оның намысын алға ұстануға жасөспірімдерді тәрбиелеудің мүмкіндігі мол.

Детермендік (ағыл. – табиғатта және қоғамда кездесетін оқиға, құбылыстарды, оның ішінде адамның еркі мен мінезінің өзара байланыстылығының себептерін, себептестігінің заңдылығын зерттейтін ілім).

Жаңа қоғамның дамуындағы ең маңызды нәтиже – оның барысында қалыптасқан жаңа адам. Яки, бостандықты жеңіп алып, оны деген бір ауыр күрестерде қорғай білген, өзінің күш-қуатын аямай, барлық қиындықтарға төтеп беріп, болашақты құра білген, барлық сын-сынақтардан өтіп, өзі адам танымастай болып жаңарған. Өзінің бұрынғы қасиеттеріне саяси мұраттылықты қосып, өмір сүрудің тәжірибелерінен қуат алып, өзінің жеке басының мәдениетін, білімін іс-әрекетте кәдеге жарататын мәреде көріне алатын адам. Бұл – адам, болашақтың нағыз патриоты болумен бірге, ізбасар интернационалист болған және болады да.

Өткенге көз жүгіртсек, мұндай адамды бұрынғы партия тәрбиелеуте мақсат қойған. Коммунистік партия революциялық-қайта құру қызметін маркстік-лениндік идеяға негіздеп, саяси сана-сезімнің ең үлгілі өмір тәжірибелерін тірек етіп, қалыптасуына тәрбиеледі. Коммунистік құрылысты құру үшін өздерінің революция кезіндегі ерлік істерін үлгі тұтуға патриоттық қуат арқылы жол ашып, коммунистік мораль көзқарасын әр адамға заң ретінде міндеттеді.

Бүгінгі таңда бұл құндылықтар өз мәнін жойды. Себебі ұлттық патриотизм ескерусіз қалған еді.

Патриоттық тәрбиенің детермендігін нығайтудың бірқатар себептерін атап өтуге болады, ең алдымен, оның маңызын тереңдету және Отанды жаңа жағдайларға байланысты қорғауды алға дамыту міндеттерін күрделілендіру көзделеді. Патриоттық тәрбиенің теориялық сипаттамасын ғалымдар өмірдегі қажеттілік тұрғысынан қарау және әр адамның маңызды өмір сүруі үшін патриотизмге қызығушылық құлқын ояту мақсатында саралайды. Қай халықтың болмасын мемлекет тарапынан ғалымдардың назарын патриоттық тәрбиені зерттеуде ең ұтымды, тиімді жолдарын таба білуге бағыттап және саяси жұмыстың өмір тіршілігінің тынысынан алшақ кетпей, сапалы жүргізілуімен жалпы тәрбие ісіндегі құрама әдіс-амалдардың әдіснамалық соның ішінде, патриоттық тәрбиенің өз мәнінде жүзеге асуын қадағалап отыру бағдарланады.

Патриоттық тәрбиенің негізгі мақсаты – жеке тұлғаның, әлеуметтік топтың патриоттық іс-әрекетті саналы түрде меңгеріп алудағы талпынысын айқындайтын саяси-моральдық, кәсіптік, психологиялық, дене шынықтыру сапаны қалыптастыру.

Патриоттық іс-әрекеттер – деп біздер, әлеуметтік-ұнасымдық сарыны мен елінің озықтық салт-дәстүрлерінің тарихи заңдылықтарын қорғауға бағытталған жеке тұлғаның және әлеуметтік топтың кез-келген әрекеттерін түсінеміз. Отанның озықтық, жалпы адам баласының ілгерішіл критерийіне жеке тұлғаның, әлеуметтік топ әрекетінің тарихи нысаналарға, қоғамның ілгерілеуіне, өзінің өмір сүріп отырған ортасына, дәуірінің ұстанған бағдарына сәйкестілігі жатады. Патриоттық әрекет сонда ғана сыртқа нышан беру деңгейінде қалып қоймай, патриоттық сананың «өлшемі», «межесі» және тәрбиелеуші факторы болып қабылданады.

Ал патриоттық сана-сезім болса, ол – Отан құндылығы көрінісінің нәтижесі, өткендегі өмір сүрген ата-баба санасының қажеттілігі мен ұмтылысынан, құлшынысынан туған озықтық салт-дәстүрлерді адамдардың санасындағы қажеттілігі мен қызығушылығы арқылы қабылдау. Патриоттық сананың өзіндік құрылымы рухани біліктіліктің интеграциясынан тұрады, ол «жазықтық кесіндісін», қоғамдық сананың барлық түрлерінің диалектикалық өрісін танытады, бұларға Отанның ілгерішіл-қорғанысы, ілгерішіл-қайта құру белгілері жатады.

Патриоттық тәрбие барысында саяси сенімділік, Отанға сүйіспеншілік, тәуелсіз өмір сүріп жатқан елдерге ынтымақтастық, жалпыхалықтық намыскерлік, ел тағдырының болашағы үшін жауапкершілік, экономикалық даму қарқынын тездетуге үлес қосуға ниеттестік, ғылыми, саяси-моральдық және туған жерін қорғау мақсатындағы әскери әзірлік, Отанын саяси, идеологиялық қауіптерден сақтауға бағыттылық, арам ниеттегі ішкі және сыртқы жауларға төзбеушілік тәрізді мінез-құлық қалыптасады, дамиды. Сонда даму өрісінің басты тірегі - патриоттық тәрбие дей отырып, дамудың өзі патриотизмсіз жүзеге аспайтынын мойыңдаған жөн.

Еңбекшілердің патриоттық тәрбиесінің экономикалық негізін құдіретті өндірістік күштер, өндірістік қатынастардың дамуы және тәрбие жұмысының материалды-техникалық базасы құрайды. Тәрбиенің әлеуметтік-саяси негізі - қоғамдық, мемлекеттік құрылыс, әлеуметтік - саяси және идеологиялық қоғамның, армия мен халықтың бірлігі, мемлекет ішіндегі әртүрлі партиялардың бір-бірімен үйлесімділігі, тәуелсіз мемлекеттер арасыңдағы өзара түсінушілігі, жеке халықтардың халықтық педагогика қағидасындағы патриотизмі мен халықаралық интернационализмі. Патриоттық тәрбиенің идеялық-теориялық, әдіснамалық негізіне барлық тәрбие жұмысы жатады.

Патриоттық тәрбие педагогика, психология, әскери ілімдердің негізгі жағдайларына сүйеніп, тұлғалық болмысты дамытудың озық пішінін анықтауға жол ашады. Мұнымен бірге, аталған қасиеттерді тандаудың тиімді принциптері мен қажетті әдістері және жұмыстың түрлерін сұрыптауға мүмкіндік береді. Патриоттық тәрбие тарихи ғылымдарды, әсіресе, Қазақстан Республикасының және Ұлы Отан соғысының тарихын, туысқан елдер халықтарының және олардың қорғаныс күштерінің жауынгерлік, революциялық, еңбек дәстүрлерін меңгеру арқылы жүзеге асады. Мәселен, академик М. Қозыбай тегінің қазақ жерінде ХҮІ ғасырдың аяғынан 1916 жылға дейін 300-ге жуық ұлт-азаттық көтерілістердің өрбігені жөніндегі деректері оқулықтарға енгізілуі қажет. Сонда ғана халқымыздың зар заманы, «Ақтабан шұбырынды», Жоңғар шапқыншылықтары, Ресей патшалығының отарлау саясаты жасөспірімдерге белгілі болып, болашақтағы ел амандығын, қауіпсіздігін, тәуелсіздігін тұрақтандыру, нығайту сияқты патриоттық әрекеттер дамытылмақ. Мұнымен бірге, өткендегі халқымыздың еңбек, революция, ерлік дәстүрлерін, бұрынғы Қарулы Күштердің алатын орнын, салмағын жасөспірімдерге отбасы, мектеп, қоғамдық орталар арқылы саналарына жеткізуді қамтамасыз ету көзделеді.

Патриоттық сананың қалыптасу қағиданың мазмұнын адамдар санасындағы Отан құндылығының көрінісі анықтайды.

Патриоттық тәрбие Отан құндылығын танудың тікелей және жанама түріндегі көрінісінен басталады. Жүргізілген тәрбие жұмысының барысында біздің қол жеткен сүбелі табыстарымыз бен көрсеткіштеріміздің тереңдігін ашудың маңызы зор. Әсіресе, ол адамның мәртебелі өмір сүруін, бұл саланы жүзеге асырудағы мемлекетіміздің ілгерішіл саясатын, Қорғаныс Күштерінің функциясын, теориялық насихат бағдарын, ұстанған мұраттылығын, Отанды қорғаудың жолдарын, сыртқы, ішкі жаудың қастандық әрекеттерінің алдын алуын қамтамасыз етеді.

Патриоттық тәрбиенің барлық жүйесі жоғарыда аталған білімдерді өмірде қолданғанда ғана салтанатты, дамыған ел адамдарын қалыптастыра алады. Мұнымен бірге, патриоттық тәрбие парасаттылық пен терең ойлылыққа негізделеді. Халық даналығы бұған былай деп баға берген:

Бас-басыңа би болсаң,

Мана тауға сыймассың.

Бір данаға жол берсең,

Жанған отқа күймессің.

Байқасақ, көзсіз ерлікке ұрынбас үшін, патриоттық тәрбиенің дұрыс болуы үшін алдымен адамның іс-әрекетін барлық сәттерде ақыл-парасаты билеуі керек. Патриотизмге анықтаманы                       Б. Момышұлы тілімен айтсақ, былай болып келеді: «Патриотизм Отанға деген сүйіспеншілік, жеке адамның амансаулығы қоғамдық-мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, өзінің мемлекетке тәуелді екеніңді, мемлекетті нығайту дегеніміз жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм дегеніміз мемлекет деген ұғымды, оны жеке адаммен барлық жағынан өткенімен, бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатынасын біріктіреді.

Отанға деген сүйіспеншілік қана соғыс кезіндегі өлімді моральдық тұрғыдан ақтап, соғыс ісінің адамгершілік негізі бола алады...».

Патриоттық сана-сезімді қалыптастыруда сондай-ақ, кіші және үлкен орталардың ролі ерекше. Үлкен ортаға жататындар: өндіріс тәсілі, өндірістік қатынас, өндіргіш күш, қоғамдық сана, қоғамдық-саяси мекемелер, жеке топтардың өмірге ыңғайы, Отан үшін еңбек, жалпы бұқаралық информациялық мекемелер, әдебиет, өнер, мәдениет. Кіші ортаға жататындар: қарым-қатынас жасайтын ұжым, отбасы, әр түрлі мақсаттағы топтар. Кіші орта патриоттық тәрбиенің өткендегі Отанының құндылығын меңгеруге бағдар жасауы керек. Мұнымен бірге Елін қорғаудың озық идеялары мен қорғанудың даму өрісін меңгеріп, өзіне тән жүйені Отанының берер бағасымен салыстыруы қажет. Сонда ғана патриоттық тәрбие өзінше дами алады. Ол өздігінен күрделі мақсаттарға жетуге, бірауыздылық пен тұтастыққа өзін-өзі басқаруға, белсенділікке, даму жүйесіне, тәрбиенің құрама амал-тәсілдерінің мазмұнын игеруге бағдар жасамақ. Тәрбиенің құрама әдіс-тәсілдерінің патриоттық тәрбие мазмұнын айқындауға етер ықпалы мол.

Патриоттық іс-әрекет, тәрбиеленушінің білімі мен бағалауын түпкілікті жеке басының сеніміне айналдырудан, патриоттық тәртіпті қалыптастырудан, мемлекеттің әскери күшін дамытуға әзірліктен, Қарулы Күштер қатарында қызмет етуден, қолына қару алып, өз Отанын жаудан қорғаудан, жаңа бетбұрыстарға ықыластықтан туады.

Патриоттық тәрбие жүйесінің ерекшелігі патриоттық сана мен барлық тәрбие жүйелерін анықтауда болып келеді.

Патриоттық тәрбиедегі патриоттық сананың мықты бір ерекшелігі саяси-идеясыз, адамгершіліксіз, құқысыз, эстетикалық, еңбек т.б. тәрбиенің құрама әдіс-амалдарынсыз және олардан тыс өмір сүре алмайтындығында. Әсіресе, белгілі әлеуметтік – саяси бағыттылық өз Отанын қорғау ісін дамытуға, ішкі әзірлікті және қабілетті қалыптастыруға ықпал етеді.

Сөйтіп, патриоттық тәрбие барлық тәрбие бағыттарында жүзеге асады. Патриоттық тәрбиенің, сананың нәтижесі Отан басына қиын іс түскен сәттерде нышан береді. Отанның қорғанысы мен нығаюы үшін ізгі еңбектерге, озықтық салт-дәстүрлерге әрекеттендіріп, осының салдарынан тәрбиелеуші факторға айналады.

Патриоттық тәрбиенің жүйесі басқа да факторлар мен тығыз байланыста қамтылады: біріншіден, нысананың тұтастығы, жеке тұлғаның тәрбиесі; екіншіден, қоғамдық тіршілік көздерінің бір-бірімен байланысы, отбасының, мектептің, жоғары оқу орындарының, еңбектегі, армиядағы ұжымдардың патриоттық тәрбиеге бағыттылығы мен қатысы; үшіншіден, негізгі принциптердің бірлігі және тәрбиенің жалпы заңдылықтары; төртіншіден, патриоттық тәрбиенің жалпы тәрбие жүйесімен қабысуы, жеке тұлғалардың жан-жақты қалыптасуы.

Патриоттық тәрбие қағидасының өзі біршама өздігінше барлық күрделі белгілері бар қоғамдық-саяси әрекеттің жүйесіне ие болады.

Біріншіден, оның элементтер арасындағы өзара байланыстылығының белгілі құрылымы болады. Патриоттық тәрбиенің жүйесі кез-келген әлеуметтік жүйелердің жалпы элементтерінің 4 негізгі тобын құрайды. Бұған жататындар: а) заттық элементтер (материалдық құндылық, бұларды дамыту және қорғау керек. Әскери-патриоттық тәрбиенің материалдық құралы); ә) іс жүргізу элементі (жеке тұлғалардың, топтардың, партиялардың әрекеттері, оның түрлері мен әдістері); б) Отанның рухани, әлеуметтік құндылығы, патриоттық идея, мақсат, міндет, заңдар, патриоттық тәрбиенің принциптері; в) адамшылық элемент (құлық, тәрбие жүйесіндегі ұстанған нысана). Бұл элементтердің болуы мен өзара байланысы патриоттық тәрбие жүйесі құрылымының беріктігі мен оның біршама өз бетінше дамуын оның құрамдас бөлігінің өзара әрекет тәсілі ретінде айқындап, элементтер тұтастығы мен жаңа жүйенің сапалылығы ретінде анықтайды.

Екіншіден, патриоттық тәрбие жүйесіне әр адамның өзіндік белсенділігі тән. Бұл атқарар қызметіне байланысты нышандар сыртқа өз көрінісін береді. Осыған байланысты жоғарыда келтірілген ұсақ элементтер мен жүйелер барлық жүйелердің өзгеруіне ықпал етеді. Элементтер мен жүйелер іс-әрекетте үйлестіру мен қатаң бағынуды жүзеге асырады.

Үшіншіден, патриоттық тәрбие объекті мен субъектіні өздігінен басқару жүйесіне негізделеді. Басқару механихзмі белгілі құрал мен әдіс-амалдармен ықпал етеді. Аталған жүйенің өзі саналы басқаруға бағынуы жөн. Бұл стихиялы әрекеттен сақтандырып, тұтастықпен жүйелердің ұтымды дамуына мүмкіндік береді. Сол себепті басқару іс-әрекетінде отырғандардың білімді, рухани байлығы даму өрісіне негізделген адамдар болуы көзделеді.

Төртіншіден, патриоттық тәрбие кеңістік пен уақытта даму өрісіне бағытталады. Даму өткенді қорытуға, бүгінгінің негізіне, болашақтың болжамына сүйенеді.

Бесіншіден, патриоттық тәрбие жеке дара өмір сүре алмайды, табиғи және әлеуметтік жүйелердің басқа жүйелерімен байланысы негізінде болып келеді.

Патриоттық тәрбиенің мазмұны іс-тәжірибеде принциптермен байланысты жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда педагогикалық еңбектерде бірқатар принциптер бар. Оларды былай жүйелеуге болады:

– Жалпыға бірдей принциптер. Бұл патриоттық тәрбие жұмысының теориялық, тәжірибелік әрекеттеріне ең қажеттісі болып табылады (жан-жақты және тарихи принципі т.б.).

– Тәрбие үдерісіне жалпы қағиданың атқарар орны ерекше (мақсаттылық; еңбекте тәрбиелеу; ұжымға тәрбиелеу; жеке және әртүрлі қатынас жасау; ізгілікті істерге сүйену принциптері т.б.).

Ерекше принциптер. Олар тек қана патриоттық тәрбие процесінде қолданылады (патриоттық және адамгершілік тәрбиелердің сәйкестілігі; эмоцияға әсер ету; тәрбиелеушінің жеке бас үлгісі принциптері т.б.).

Әлбетте, тәрбиенің жалпыға бірдей және жалпы қағидалары патриоттық тәрбие әрекетін жүзеге асыруда басшылыққа алынады. Дей тұрғанмен, солармен қатар қолданылатын патриоттық тәрбиенің тікелей талдауынан туындайтын және осы процестің өзіндік ерекшелігіне себепші болатын да принциптер жоқ емес.

Ал тәрбиенің құрама әдіс-тәсілдерінің принциптеріне келетін болсақ, бұл принциптерді саралауға және оның жүйесін жасауға байланысты қалыптасқан тұрақты пікір жоқ. Тек В. Г. Байкованың,    Л. Н. Пономаревтың тағы басқа ғалымдардың құрама әдіс-тәсілдердің принциптерін тәрбиеге негіздеу талпыныстарын атауға болады. Мәселен, Л. Н. Пономарев тарихилық, жүйелілік, негізгі дегенді бөліп алу, тепе-теңдік, мазмұн мен түр бірлігі, үздіксіздік, тәрбиенің жалпы бір-біріне ықпалы сияқты принциптерді қарастырады.

Біздің пікірімізше, құрама амал-тәсіл, патриоттық тәрбиені ұйымдастыру мен жүргізудің жоғары деңгейі болып табылады. Және бұл сапа принциптер жүйесінің ары қарай дамуын қажет етеді.

Бұл тұрғыда А. С. Миловидов, П. Е. Сапегин,                               А. Л. Симоновтардың және басқа да авторлардың ұсынған принциптерін құптауға тұрарлық демекпіз. Олар тәрбиенің құрама амал-тәсілдері (комплексный подход) мазмұнының анықтамалары (патриоттық тәрбиенің революциялық, соғыс, еңбек дәстүрлері негізінде қалыптасу мен даму принципі; патриоттық және интернационалдық тәрбиенің бірлігіндегі принцип); тәрбиедегі құрама әдіс-тәсілдердің ұйымдастыру - басқару принципі (патриоттық тәрбиенің жоспарына мақсаттылық принципі, барлық қалыптасу кезеңіне ішінара келісім арқылы ықпал ету; еңбек жолындағы кәсіп ететін жасөспірімдерден бастап, барша жұртшылықты іс-әрекетте тұтастай патриоттық тәрбиемен қамту); құрама әдіс-тәсілдердің әдіснамалық принципі (патриоттық тәрбие түрлерінің үйлесімдік принципі; оның мазмұн құралдары; жеке тұлғаға даралық және дифференцивтік ықпал ету принципі; ауызбірлік принципі; тәрбиелеу нысанасына өзара үйлесімділік пен тәжірибелік, теориялық бір-бірінен озат идеяларға ортақтастық принципі; оқу әрекетінде және оқудан бос уақыттарда тәрбиенің ықпалы мақсаттылыққа құрылу принципі).

Жоғарыда сараланған принциптер бір-бірін толықтырып отыр, бәрінің де патриоттық тәрбиені жүзеге асыруда маңызы зор.

Патриоттық тәрбиені жүзеге асыруда тиімді тәрбиенің ықпалы оның қиындық деңгейінің шама-шарқына тәуелді болып келуіне байланысты екенін естен бір сәт шығармаған дұрыс.

Бұл аталған принциптерді біздер де толығымен қоштаймыз. Сонымен бірге бүгінгі заман өзгерістеріне байланысты қойылып отырған талаптарға қатысты олардың қатарына халықтық принципті жеке дара саралап енгізуді жөн көрдік.

Кезінде орыс педагогы К. Д. Ушинский бұл принциптің бала тәрбиесіне өте қажетті екенін дәлелдеп берген. К. Д. Ушинский халықтық дегенде халықтың өзіндік табиғи дамуындағы Менін сақтап қалуы және оның іс-әрекеттегі қоғамдық-экономикалық деңгейін үнемі, үздіксіз дамытудағы қабілеті деп ұқты. «Халық халықсыз – дене жансыз, яғни жат денедегі басқа халықтың құлдырау мен құру заңдылығына бас тігуі» – деген К. Д. Ушинский. Халықтық – әр халықтың өзінің жасаған тәлімі; оның нәтижесі тарихи дамуында. «Біз үшін туған тұлға - біздің халықтығымыз, ... бәріміздің басымызды қосатын тәрбиедегі бұрынғы ата-баба саралаған игі дәстүрлердің бізге жеткен нәрі, бұл баршамызға мықты, тарихи, баянды өмір береді. Тұрақсыз, эфермендік тірліктен халықтық тәрбие біздерді құтқарады». Тарихи дамуда халық өзінің Менін, халықтығын мойындайды, халықтың тарихы белгілі мәнде саналылық процесі «халықтық мазмұнда жасырын келіп, тарихи тығырық, қайшылық, дағдарыс сәттерінде көрініс береді». Халықтық қандай анықтамамен айқындалады немесе халықтық тәрбиенің бағыты қандай өрісте болады?

Халықтық тәрбиенің алға дамуы оның өткендегі ұлттық санасымен тығыз байланысты. Мұнымен бірге, бүгінгісі және болашағы. Бұл сана халықтың рухани, әлеуметтік-тұрмыстық қажеттілігі мен тарихтағы табиғи даму деңгейіне бағынады.

«Барлық халық өзінің әдебиетінде, өлеңінен бастап, мақал- мәтелдеріне дейін, ертегіден драма мен романға дейін адамның қандай болуы керек деген жеке түсінігінің сенімінде көрініс береді. Ол өзінің бар жақсы рухани қасиеттерімен әсемдеп, әдемілеп мұраттық деңгейде сипаттайды» – деген К. Д. Ушинский.

К. Д. Ушинский әр халықтың тілін қорғап, оның өз ана тілінде сөйлеуге толық құқысының бар екендігіне, ана тілінің құдіретті күш сенімділігіне, өзіне дейінгі қоғамдық ой-тұжырымдарды саралай отырып, мынандай баға берген: «Өмірден адам өткенімен, ол жасаған сөз халық тілінің мәңгілік сарқылмас қазынасы болып қалады; өйткені, әрбір сөзі, іс-әрекетінің нәтижесі, сол арқылы сөзде  халықтың тарихы бейнеленген».

Жоғарыда көрсетілген анықтамалардан, көрнекті ғалымның педагогикалық тұжырымынан халықтың тек психологиялық, педагогикалық категорияларын аңғармаймыз, мұнымен бірге туған елінің қоғамдық-экономикалық өзіне тән материалдық-экономикалық, әлеуметтік-саяси, мәдени-ағартушылық мақсатын өмірде жетістікке жеткізу үшін жиған әдіс-амалдарды байқаймыз.

К. Д. Ушинскийдің бұл сөзі қазақ халқына да тікелей байланысты. Қазақ халқының да бала тәрбиесінде өзінің қалыптасқан салт-дәстүрлері бар. Олар да балаға талап қоя білген.

Халықтық педагогиканың жалпы тәрбиедегі әдіс-құрал, тәсілдерін өзінің ғылыми еңбегінде педагогика ғылымының докторы, профессор С. А. Ұзақбаева жан-жақты терең ашып көрсеткен: «Өз тіршілігінің сан ғасырлық тарихының ішінде қазақ халқы тәрбиесінің өзіне тән эмпиризмдік (сезімдік қабылдау) тәжірибесін, жеткіншек ұрпаққа адамгершілік тәрбие берудің өзіндік әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін жинақтады. Оларда бұқараның жасампаз, шығармашылық тәжірибесі, азды-көпті орнықты қағидалар, қоғамдық мінез-құлық нормалары мен принциптері топтастырылған. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, тарихи-географиялық жағдайларының көшпелі өмір салтының өзіндік ерекшелігіне сәйкес жеткіншек ұрпақты тәрбиелеуге, атап айтқанда, адамгершілік, тәрбие беруге деген өзіне тән ерекше талаптары қалыптасты.

Тарихи, этнографиялық көздерді және ауызекі халық шығармашылығын зерттеу, осы проблема жөніндегі педагогикалық зерттеулермен танысу, тәрбиенің халықтық дәстүрлеріне талдау жасау қазақ халқы тәрбие процесінде балаларға ізгі көзқарас, балалар мен қыздар тәрбиесіне саралап қарау, жас ерекшеліктерін ескеріп отыру, ойын-сауық, еңбек процесінде балаларға адамгершілік тәрбие беру, ұлттық мәдениетке, ана тіліне, туған жерге аялап қарау, балаларды еңбекке, ән-күйге, қолөнерге ерте баулу секілді мәселелерге қатты көңіл бөліп отырған деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

Халықтық педагогикада отбасы ішіндегі қатынастардың өзіндік ерекшелігі ретінде, біріншіден, балаларға деген мейірімділік, екіншіден белгілі бір дәрежеде өктемдік орын алды. Ата-аналарды, үлкендерді, туыстық байланыстарды терең құрметтейтін ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер үлкендердің беделін қамтамасыз етті. Сондықтан тәрбиедегі қаталдық пен талапшылдық – халықтық педагогиканың негізі...

...Қазақтың халықтық педагогикасында адамгершілік тәрбие үлкендердің, ата-аналардың жеке басының жақсы істерін үлгі ету тәрбиеге «ұят», «намыс», «ар» ұғымдарын кең пайдалана отырып сендіру, үйрету, жаттықтыру, көтермелеу, мадақтау, жазалау әдістерімен жүзеге асырылып отырылды...

...Балаларды еңбекке тәрбиелей отырып, ата-аналар оларды тек өзі үшін ғана емес, жалпы игілік үшін еңбек етуге, еңбекке құрметпен қарауға, еңбек процесінің әсемдігін, эстетикалық қуаныш-ләззәтін сезініп, түсіне білуге үйретті. Сонымен бірге, еңбекке бұлай араластыру көркемдік, азаматтық көзқарастарды, нанымдарды ерте сіңіруге, халықтың мәдени және адамгершілік мұрасына қамқор көзқарасты қалыптастыруға жәрдемдесті.

Қазақтың халықтық педагогикасында және балалар мен жастарға эстетикалық тәрбие берудің күнделікті практикасында педагогикалық ықпал етудің толып жатқан тәсілдері қолданылды және қазір де жиі қолданылады. Бұл - балаларға қайырымды, ілтипатты қатынас жасау, адамгершілік сезімдерін ояту, жанама ықпал жасау, моральдық қолдау, өзіне деген сенімін нығайту, сенім арту, жауапты да қызықты іс-әрекетке тарту, реніш, наразылық білдіру немесе ащулану, айыптау, бұйыру, еркелете кінә арту, жалған енжарлық көрсету.

Халықтың, әсіресе балаларға жас кезінен сенім артып, жауапты да қызықты іс-әрекетке тартуы, олардың ерте есеюіне, ел өміріне батыл араласуына септігін тигізді. Мысалы, 4 жасында өзінің ерен зеректілігімен, ойлылығымен елді қайран қалдырған Шорман 13 жасында Баянауыл округінің биі атанған....

Бүгінгі таңдағы психология-педагогика ғылымдары саласында жарық көрген еңбектерге талдау жасау патриоттық тәрбиенің әрдайым зерттеу нысанасы болғандығын дәлелдейді.

Патриотизм тәрбиесінің әр саласының үзіліссіз байланыста болу қажеттілігі жайында кезінде М. И. Калинин, Н. К. Крупская,               А. В. Луначарский, А. С. Макаренко баса көрсеткен. Патриоттық тәрбиенің көптеген саласы кеңес үкіметі жылдары ғалым-педагогтардың, философтардың, тарихшылардың (П. Н. Федосеев,    Г. Н. Волков, Г. Н. Филонов және т.б.) еңбектерінде зерттелген.

Н. К. Гончаровтың, М. А. Даниловтың, И. С. Марынконың,       Э. И. Моносзонның, М. Н. Скаткинның және т.б. жалпыпедагогикалық еңбектерінде патриоттық тәрбиенің мәні мен теориялық әдістемесі және эмпирикалық зерттеу проблемалары қарастырылған.

Ғалым-психологтар Б. Г. Ананьев, Л. И. Божович,                          Л. С. Выготский, А. Н. Леонтьев және тағы басқалардың жұмыстары патриот – оқушы психологиясын айқындауға ықпал етеді.

Мұнымен бірге сабақтан тыс уақыттардағы оқушылардың, жасөспірімдердің тәрбиесін В. И. Кожокарь, И. С. Прус,                      К. И. Степакина тәрізді авторлар зерттеген.

Б. З. Вульфов, С. В. Дармодехин, А. В. Иващенко,                       З. В. Коваленко, В. В. Лебединский, М. М. Поташкин,                           В. М. Тырышкин, С. Е. Хозе, С. Н. Чистякова, Б. Е. Ширвиндт,          М. М. Ященко және т.б. еңбектерінде комсомолдардың мектеп өміріндегі патриоттық тәрбие аспектісі зерделеніп, адамгершілік белсенділігінің қалыптасуы теориялық және тарихи аспектіде қарастырылып, комсомол қызметіндегі тәрбие жүйесі айқындалды.

Мектеп қабырғасындағы комсомолдардың патриоттық және интернационалдық тәрбиесіне 30 жыл бұрын жазылған                        В. А. Сластёнин еңбегін атап өткен орынды.

Патриоттық тәрбиенің жүйесіне Л. Т. Рудченко талдау жасаған.

Бір қатар ғалымдар (К. Ш. Ахияров, М. И. Богатов,                      Л. Я. Бондарев, А. Ю. Гордин, И. И. Зарецкая, Т. П. Иванченко,         П. П. Костенков, Н. П. Майорова, Н. Н. Остапенко,                             Ю. П. Сокольников, В. И. Ширинский т.б.) оқушылардың еңбек тәрбиесінің ерекше жүйесін тұтастықта зерттеген                                  И. Д. Чернышенконың ғылыми еңбегінің орны бөлек.

П. Р. Тутов, Н. П. Булатов, С. И. Гореславский, К. А. Иванович, А. Г. Дубов, А. А. Шибанов, Д. А. Эпштейн т.б. өздерінің зерттеулерінде оқушылардың еңбек қызметін политехникалы оқу жүйесінде зерделеген.

Бұлардың зерттеу жұмыстарының тұжырым-түйіндері жалпыбілім беретін мектептердің еңбек, демалыс лагерлеріне негізгі бағдар болды. К. Н. Волков, И. Ф. Гончаров, Н. Г. Ничкало,                 А. Н. Тубельский аталған лагерлердің ұжымдарының қалыптасуы мен еңбек барысындағы коммунистік көзқарасын ұйымдастыруын педагогтық ауқымда қарастырды. Мұнымен бірге патриоттық сана мен оқушылардың еңбектегі іс-әрекеттерінің тәртібін өмір талабына сай қалыптасып, даму барысының көкейкестілігі кейбір ғана еңбектерде зерттелген.

Қазақстан ауқымында бірқатар ғалымдар бұл мәселеге біраз зерттеу еңбектерін арнаған. Олар К. Құнантаева, А. Ильтенбаев,        С. Ешимханов пионерлер мен комсомол ұйымдарының еңбектегі және білім алудағы достық ынтымақтастығының адамгершілік аспектісін, жасөспірімдерді патриотизмге баулудың негізін совет патриотизмнің рухына және оның өткендегі революциялық, еңбек дәстүрлерінің үлгілеріне көңіл бөлген, патриоттық тәрбиені Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік дәстүрінің негізінде алған. Бұл зерттеулерде оқушылардың сабақтан тыс іс-әрекеттерінде патриоттық тәрбие жалпылама қамтылған.

И. Меликованың зерттеу еңбегінде интернационалдық тәрбиенің теориялық, тәжірибелік даму заңдылықтары сараланған. Әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктің өзі интернационалдық тәрбие арқылы жүзеге асатыны басты назарда болған. Соның ішінде оқушылардың сабақтан тыс уақыттарда іс-әрекеті арқылы интернационалдық тәлім жүйесін құрама әдіс-амалдарын меңгеруге бағдар жасалған.

С. Нұрмұқашева патриоттық тәрбиенің тек әскери аспектісін басты нысанаға алған. Оның құрамына, түріне, әдіс-амалдарына тоқталып, 60-80 жылдар аралығындағы әскери-патриоттық тәрбиеге талдау жүргізген.

Ал, С. А. Ұзақбаева болса халықтық педагогиканы мектептегі оқу-тәрбиелеу жүйесінің әдіснамалық негізі ретінде зерттеген. Халықтық педагогиканың тарихи-географиялық тынысын ашып, эстетикалық тәрбие берудің теориялық негізін ғылыми дәрежеде айқындап, оның түрін, құралын, әдіс-тәсілдерін саралап берген.

Тақырыбы мүлдем басқа болса да, С. А. Ұзақбаеваның диссертациясы, біздерге, интернационализм мен патриотизм мәселесін халықтық педагогика негізінде жан-жақты ашып талдауда теориялық тұрғыда тұжырым жасауда аталған еңбек үлкен септігін тигізді.

Алайда, осы жоғарыда аталған еңбектерде Қазақстанның майдангер жазушыларының шығармалары арқылы оқушылардың патриоттық түсінігі мен тәрбнесін қалыптастыру, дамыту мәселесі педагогикалық тұрғыда зерттелмеген. Сөзіміз дәлелді болуы үшін біздер өз зерттеуімізде ең алдымен бұл проблеманың бұрын-соңды жалпы көркем-әдеби шығармалары арқылы қалай шешімін тауып келгендігіне талдау беруді жөн көрдік.

Егемен елдің ертеңі сенімді де серпінді дамуы үшін ұлттық белгілердің, әсіресе атадан балаға мұра болып келген ерлік дәстүрі, патриоттық тәрбие өрісті жолда, қамқорлық аясында болғаны қажет. Патриоттық тәрбие өрісі – халықтың қымбат қазынасы, сол елдің рухани, тарихи, мәдени дәулеті мен әділетінің қайнар көзі. Ендеше, анасын, тілін, елін, халқын, Отанын сүю мәселесі – сол халықтың тұрмыс - тірлігін, кескін-келбетін қоса жас ұрпақтың дүниетанымын дамытып, келешекке оң бағыт береді. Ең негізгісі – отбасынан, мектеп – ұядан туған тіл мен әдебиетті жан-жақты меңгеріп, өмір мен еңбекте еркін қолданған ұл-қыздар келешекте де ел мүддесін қорғап, іс тетігін табатын шешуші тұлғаға айналатыны анық. Алайда, патриоттық тәлім тек қазақ тілінің тұғыры биік болуы үшін емес, мұнымен бірге халықтың тарихын, мәдениетін, тұрмыс-дәстүрін таза жүрек, көңілімен сезінуі сөйтіп оны қорғауға тірек болуы керек.

Бұл мақсатты жүзеге асыратын пән-мектептегі әдебиет. Әдебиет патриоттық және интернационалдық тәрбиенің жекелеген оқушының бойына даруына бағдар жасайды. Әр адамның мақсат-мүддесіне ұлттық сана басшылық етеді. Олай болса, патриоттық тәрбиеге жетекшілік жүргізетін халық. Әдебиет халқымыздың өзара қарым-қатынасының әртүрлі сәттері мен кездеріндегі ерлік істерін, патриоттық - интернационалдық нышандарын оқырман назарына баян етеді. Ерлік, патриоттық іс-әрекет тек соғыс уақытында байқалады десек, қателесеміз. Әдебиеттегі барлық тақырып, уақиға иірімдері анасын, тілін, адамды сүюге, табиғатты сүюге, Отанын қадірлеуге, қорғауға, өзін қоршаған ортасын қастерлеуте мүмкіндік жасайды. Десек те, ерліктің, патриоттық тәрбиенің заңдылығын терең ашатын, оның ішкі, сыртқы жүйелерін, қасиетін, тармақтарын саралай алуға бағдар беретін көркем шығармалардың орны ерекше.

Міне, осы шешімі қиын талап мектеп өмірінде қалай екен? Бұл сұрақтың жауабын табу мақсатында 1930 жылдан бүгінгі күнте дейін жарық көріп келе жаткан «Халық мұғалімі», «Қазақстан мектебі» журналы мен «Қазақстан мектебі» газетінен оқу заңдары, тұжырымдамалары, бағдарламалары сараланып, ой-қорытындылар тізілді.

Қазақ халқы ежелден өзге ұлттармен мәдени-тарихи, экономикалық байланыста болғаны, сонау көне дәуірден басталғаны баршаға мәлім. Олай болса, мұның патриоттық тәрбиеге де әсері бар. Атап айтқанда, қазақ халқының өміріне, тұрмыс-әрекетіне, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріне, көзқарасына, нәсіліне т.б. өзгерістер енбеуі мүмкін емес. Сондықтан мектеп құжаттары мен бағдарлама-оқулықтарына талдау-жинақтау әдісімен кейбір тарихи факторларға тоқталып өтеміз. Зерттеу барысында патриоттық тәрбиеге мүмкіндігі бар мектеп бағдарламасындағы көркем шығармалардың бәріне тоқталып өту мүмкін болмағандықтан, патриоттық тәрбиенің салалары мен категориясын қамтитын, ел басына күн туғанда қиын сәттерден шығу жолында халқымыздың тәлімінен нәр алған нағыз патриоттар бейнесі сомдалған шығармаларға сүйенеміз.

1930 жылға дейін қазақ халқы өзінің басынан талай-талай зар заманның тауқыметін тартып, жер бетінен құрып кету қаупінде де болған. Мектеп бағдарламасының Одақтың заңдарына бодан болу себебінің бір ұшы осымен байланысты. Қазақ халқының табиғи түрде патриоттық тәлімінің басқа халықтардың дәстүрімен байланысының дами түсуін, тіпті кейбір уақыттарда патриот деген сөздің лексикалық құрамынан алынып қалуын қазақ жеріндегі жиі-жиі болып тұрған тарихи оқиғалардың қырсығынан іздеген жөн. Мәселен,                       М. Қ. Қозыбай тегінің дерегі бойынша қазақ жерінде ХҮІ ғасырдың аяғынан 1916 жылға дейін 300-ге жуық ұлт-азаттық көтерілістер өрбіді. Бұл ойдың дәлелін педагогика ғылымының докторы, профессор С. А. Ұзақбаеваның еңбегінен табамыз: «Мұндай көтерілістер қазақтың ұлан-байтақ жеріне, сарқылмас бай қазынасына көз алартушыларға қарсылық ретінде туып отырды. Туған жерді, елді, қорғауға қазақтың халық педагогикасынан нәр алған, ата дәстүрінен сусындаған ақылды да, айбынды халық перзенттері – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Абылай, Бөгенбай, Наурызбай, Есет, Қабанбай, Жәнібек, Олжабай, Райымбектер шықты». Ел басына дүркін-дүркін қара түнек орнаса да мойымаған ата-бабамыз ғұн, сақ, сәмби, жужан, қыпшақ, оғыз заманынан бергі мәдени мұралар мен патриоттық тәлімді бүгінгі күнге дейін жеткізді. Патриотизм ел басқарушының саяси бағдарына қатысты. Бұл қағидамен Жүсіп Баласағұнидың «Құтты білігінен» танысамыз. Ел билеуші хан «ит» болса, қарамағындағылар «итше» үреді, ал «арыстан» болса, «арыстанша» айбарланады деп, адам бойындағы қасиеттердің қандай мазмұнда болу керектігіне тоқталады. Сөзімізді дәлелдеу үшін мысал келтіріп өтейік:

- Біл, арыстан басшы болса иттерге,

Арыстандай күркірер көп иттер де!

- Арыстандар басы болса ит бір күн,

Арыстан да жасар еді ит тірлік!

- Олар серке, қой ішінде бастаған,

Бастаса қой түзу жолдан қашпаған.

Басында ақыл-ой, парасаты, бойында намысы жоқ адамнан ешқашан патриоттық іс-әрекет шықпайды. Сондықтан патриоттық сезім адамның дамымаған, дамыған деңгейіне тығыз байланысты. Ж.Баласағұни адам табиғатынан (ноосферадан) есті, ессіз жаралатынына назар аударады:

Ессіздерді саясатпен бұрған жөн,

Естілерге құрмет жасап тұрған жөн – десе, Абай өзінің шығармаларында Баласағұни ойына сүйеніп, адамның Отанын сүюі ана сүтімен дарыған толықтығы мен кәмалаттылығына тікелей қатысты деген. Ақын өзінің 38-қара сөзінде адамның даму өрісінің 8 биорефлекторына (сегіз қырлы, бір сырлы) ғылыми тұжырым берген. Абай шығыс философтары әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни т.б. кемеңгерлері мен батыс философтары Платон, Аристотель, Спиноза т.б. ғылыми философиялық ой-қорытындыларын түйсініп, меңгеріп, ақындық өнерін пайдалана отырып, халқының санасына жеткізген. Бүгінде Абайды тек демократ деп тану жетімсіз, философ, Ақылдың ақыны деңгейін ашу – басты мақсат. Яғни, Абай ақын болуды мақсат етпеген, бірақ халқының патриоттық, ұлтаралық дәстүрін шығыс, батыс, жалпы әлемдік озықтық идеялармен байыта өзінше ой толғанысын баян ету үшін ақын болған. Егер біз Абайдың 38-қара сөзіне зер салсақ, онда патриот болу үшін адамда толықтық, дамығандық бағыт болуының керектігін ұғамыз. Бұл қара сөзінде кәмалат (жетісу) болу барысында адамның өн бойында 300-ден аса асыл қасиеттердің компоненттері аталады. Осы 300-ден астам асыл қасиетті тізгінмен ұстайтын діңгек – жоғарыда атап өткен 8 биорефлектор. Халық педагогикасында – сегіз қырлы, бір сырлы дейтін сөз тіркесі – осының көрінісі.

Қорыта келгенде, Әннің құзыретін қара сөзбен талдау арқылы айқындау мүмкін емес.

Сол себепті Ш.Қалдаяқовтың патриоттық әндері саяси-қоғамдық мұраттарға негіз болатынын ғылыми-тағылымдық тұрғыда ашып өттік. Патриоттық сезімі ән арқылы оянған жасұрпақ безбүйректіктен, Отанын шетелдерге айырбастаудан, ұлттық рухани құндылықтарды басқа ұлттардыкімен алмастырудан бойын аулақ ұстары сөзсіз. Мұнымен біздер халықаралық ассимиляциядан немесе жаһанданудан автономды өмір сүр демейміз. Керісінше жаһандану кеңістігіне де ұлттық құндылықтарды өз үлесіміз ретінде қосуға бастамашыл болудың бастапқы сатысы ол өз Есіңді, Отаныңды сүюден басталатынын ескертеміз.