3.1 Қазақ этнопедагогикасының қағидалары, дәстүрлері


Этнопедагогика  ұғымы - этникалық белгілі бір ұлттың білім мен тәрбие үдерісінің өркендеуін  зерттейтін педагогика ғылымының жаңа саласы. Жалпы педагогиканың өрлеуін халықтық дәстүрлерімен қабыстыра  зерделеу эмпирикалық тұрғыда іске асып келеді. Бұл орайда, этнопедагогика нысана қызығушылық туғызып қана қоймайды, сондай-ақ, тарихи - педагогикалық зерттеулердің нәтижелірін саралап, ғылыми педагогикалық теориялардың өмірге икемділігін екшеп, оларды келешекте зерттеудің қажетті екендігін тексерудің амалы. Сонымен қатар этнопедагогика – өзіндік ішкі тарихи педагогикалық даму заңдылықтарына ие. Осыған орай, оларды жалпы және даралық тәртіптегі құрам құрайтынын; жалпы заңдылық этностық тәрбиенің қоғамдық болмыс, өмір, қоғамдағы өндірістік қатынастардың дамуы, оның қайта құрылуына тәуелділігімен анықтаса; даралық заңдылық этнопедагогиканың ұлттық «адамшылық»,  «табиғаттың ізгілікті  тұрғыдан қорғалуын», «генофондты сақтау» және оның «табиғи дамуын» қамтамасыз етуге қабілеттілігінде екенін көрсету – басты міндет.

Этнопедагогиканың халыққа білім беру саласында тәрбиенің ізгілікті  ұстанымын  саралау үдерісімен  байланысты өткір мәселелер өзіне және оның шешілу жолдарына толық  негіздеме құру түсіндірме беру арқылы шешілуіне жағдай туғызылады.

Этнопедагогиканы алдымен оқу-тәрбие үдерісіне кеңінен енгізудің негізгі жолы өткен кезеңдерде қисынсыз алынып тасталған халықтық және табиғатпен үйлесімділік этнопедагогикалық қағидалар арқылы екендігі анықталды.  Тәжірибеден  жиналған  халықтық этнопедагогика даналығы халықтық тәрбие құралдарын толық пайдаланған жағдайда этнопедагогика ғылымын байытуға; халыққа білім беруді жаңартуды жүзеге асыруға; отбасы, балабақша, кәсіби оқу орындары  ұлттық сипаттағы тәрбие проблемаларын шешудегі одағын нығайтуға елеулі үлес қосатын бастау болып келді.

Этнопедагогикадағы бала денсаулығы мен денесінің жетілуі жөніндегі қамқорлық, ақыл-ой, мен еңбекке дайындық, саналы адамгершілік эстетикалық тұрғыда бағыттау, мінез құлықты реттеу, өзін- өзі тәрбиелеу мен қайта тәрбиелеу, яғни тұлға қалыптастырудың бүкіл бастамашыл бағыттарын қамтитын аса бай фактілермен танысу болашақ мамандарды оқылатын материалға қызығушылығын арттырады.

Құрылымында этнопедагогика элементтері бар немесе өзге өлшем мен көрініс беретін сабақтар жобаларын сабақтан тыс жұмыс түрлерін дайындап, өткізу; этнопедагогикалық тақырыптарды үйірмелер жұмыстарының бағдарламаларына енгізу, этнопедагогикалық факультативтар ұйымдастыру, халық педагогтарының шығармалары бойынша сынып сабақтары циклін ұйымдастыру, тарихи этнопедагогикалық тақырыптамалар бойынша оқушылар үшін кештер дайындау, арнайы этнопедагогикалық газеттер, хабарламалар ұйымдастыру және өткізу әдістемелері жайлы бірізділікпен этнопедагогика материалдарымен жұмыс істеуге баулудың мәні ерекше.

Бүгінгі қалыптасқан белгілі ғылыми теориялық заңдары бар педагогика ғылымы өмірге келгенше  адамзат тәрбие ісімен айналысып бақты . Оның қағазға түспеген, бірақ халық жадында мәңгі сақталып, ұрпақтан ұрпаққа ғасырлар бойы ауызша нақыл ақыл, өсиет өнеге, қағида болып тарап келген білім білік, тәлім тәрбие беру тағлымдары бар. Ол халықтық педагогика деп аталады.

Тарихи педагогикалық әдебиеттерде соңғы уақытта «Халық педагогикасы» деген ұғымды зерттеушілер бір-біріне қарама-қайшы төрт тұрғыдан қарастырып жүр.

Олардың біріншілері: халықтың санасына тән рухани құбылыс деп қараса; екіншілері: әр халықтың педагогикалық тәжірибесі; ал үшіншілері: халықтың педагогикалық ойлары мен іс әрекеттерінің бірлігі, төртіншілері: халық тәрбиесі туралы оқылым деп қарайды.

Халық педагогикасының теориялық негіздерін зерттеуші ғалым Е. Л. Христова халық педагогикасын «халықтың таптық педагогикалық санасы» деп қарастырады.

Зерттеуші педагог Г. С. Виноградов халық педагогикасын халықтың педагогикалық мәдениетінің құрамдас бөлігі ретінде қарастырып, оны «білім мен дағдылар жиынтығы» деген пікірді құптаған.

Халық педагогикасымен ұзақ жылдар бойы айналысып, келелі үлес қосқан көрнекті ғалым Г. Н. Волков педагогикалық әдебиеттерге тұңғыш рет «этнопедагогика» деген ұғымды енгізген. «Этнопедагогика халықтың жас ұрпақты тәрбиелеу тәжірибесі туралы, олардың педагогикалық көзқарастары туралы ғылым».

Халықтық тәрбиенің түрлі аспектілері сөз болған бірқатар зерттеулерде халықтық педагогика білімдерінің жиынтығы ішінде, әсіресе, патриоттық тенденциялардың, отбасы тәрбиесі және адамгершілік жайлы қағидалардың, эстетикалық, еңбек және ақыл ой мәселелеріне қатысты түсініктердің орнын бөліп атайды.

Халықтық педагогика білімдері кешенді және синтетикалық сипатта деп бағалауға әбден болады. Себебі аса ауқымды педагогикалық мәліметті қабылдап, оны жадында сақтау және келер ұрпаққа дәлме-дәл жеткізе алу үшін ойды жинақтап айтудың тиімді жолдары мен түрлері қарастырылған.

Халықтық педагогика салт дәстүр, жол жора, қонақ күту рәсімдері, ел жұрт, ру тайпа, қала берді бүкіл халықтық қарым қатынастан берік орын алған тәлім тәрбиенің түрі, адам мінезі, іс әрекетін қалыптастырудың белгілі нормасы болып табылады.

Халқымыз ғасырлар бойы өз ұрпағын адамгершілікке, елжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеп келеді, бұл ілімнің өзәне тән қағидалары бар:

Мазмұндық қағидасы этнопедагогиканың зерттеу әдістері жиі сөз болған жекелеген авторлар еңбектерінде әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер халықтық сенімдер, ойындар мен ойыншықтар жөніндегі этнографиялық материалдардың халықтық тәлім-тәрбие мазмұнын ашып көрсетудегі маңыздылығы атап көрсетіледі.

Теорияны негізге алу қағидасы этнопедагогика кең тағылымдық қорытындылауды талап ететін проблемалармен қатар, фактілік материалдарды жинақтау, тереңдеп зерттеу мен талдауды қажет ететін жекелеген мәселелер. Оның алдында шешілуі ең қиын алдымен педагогика мен этнографияға мәнді жәрдемін тигізетін көкейкесті мәселені нұсқалы анықтау.

Диалектикалық қағидасы этнопедагогика іліміне сүйене отыра этнопедагогика ұдайы мұрагер болу жаңару және жаңаны тудыру процесінде өмір сүретін қозғалысты жүйе. Мұнымен байланысты этнопедагогикада жаңа құбылыстардың пайда болуы және алға басуы, XX ғасырдың басына дейінгі және одан кейінгі кезеңдерді этностық педагогиканың даму тенденцияларын ашып көрсетуге мәселелік екені аңғарылады.

Тарихилық қағидасы этнопедагогика білімдерін қолдануда  рухсыздыққа, ұлтты жоққа шығаруға, тарихи ессіздікке нақты тосқауыл қояды, балалар мен жасөспірімдерге халықтық құндылықтар мен дәстүрлер, ұлттық мәдениет мұрагерлері ретіндегі адамзаттық борышын жете түсінуге , оларды өзінің ата аналары, өткен ұрпақ , бүтін халық ісін жалғастыруға үйретуге көмектеседі.

Жүйелілік  қағидасы этнопедагогиканың негізі халықтық екенін ескеріп,  педагогика тәрбие қоғамдық құбылыстың бірінен өзгесіне заңды ілесіп отыруы, яғни мінез- құлықтың табиғи формасы ретінде алға шығады .  Оның қалыптасуының қазіргі жағдайда халықтық педагогиканың әрекет ету аясын анықтау, оның бүгінгі тәрбие мен өзара байланысын айқындау аса маңызды.

Метаметодикалық қағидасы этнопедагогиканың практикаға жол табуы ол қазіргі педагогикалық теорияны жан-жақты қолданғанда ғана мүмкін. Сонымен бір мезгілде этнопедагогиканың көптеген қоғамдық , гуманитарлық және психологиялық ғылымдардың өзара ықпал ету шеңберіне енуінің қағидалы тұрғыда мәні бар. Бұл этнопедагогикалық материал мен бастаулары елеулі кеңейтеді, оны үлкен тарихи тәжірибесі бар ғылымдар әдіснама негіздерімен қаруландырады және сонысымен де аса кең теориялық қорытындылаулар үшін қолайлы жағдайлар туғызады.

Әлеуметік зерттелу қағидасы этнопедагогикалық ізденістерді этносоциологиялық зерттеулердің құрамды бөлігі ретінде қарастыру жемісті болып көрінеді. Кез келген ғылым секілді этнопедагогикаға да теориялық тереңдікпен ұштасатын кеңістік керек, мұның өзі эмпирикадан тек теориялық қорытындылауларға көшкен жағдайда ғана мүмкін болады.

Эмпирикалық зерттеу халықтық педагогика нысандарын жүйелеу тұрғысында жүргізіледі. Өйткені, халықтық педагогика тәжірибедегі жинақталған дәстүр, салт, ырым, жол-жоралғы т.б. болып табылады.

Халықтық салт-дәстүрлер ғасырлар бойы белгілі бір формацияда өмір сүрген адамдар санасында тұрақталып қалған рухани-мәдени қарым-қатынастың кейінгі ұрпаққа қалдырған мақсаттылыққа  қуат берер іс-әрекеттерінің жиналған құндылығы, «құндылық», «аксиология»» деген ұғымға не болды. Халықтық педагогиканың бұл ғылыми негізіне жатады және оның тәрбие құралы. Салт-дәстүрдің индикаторы- ұрпақтан ұрпаққа сабақтастық қағидасымен жалғасып келуін қамтамасыз етер нысан. Салтты дәстүрден ажыратудың көрсеткіштері:

1 Дәстүр –  халықтың  қалыптасқан іс-әрекеттері мен қызмет жүйесі.

2 Дәстүр – сан ғасырлар бойы белгілі бір халықтың әлеуметтік жағдайына байланысты  қажеттігін іске асыруына қызмет еткен амалы.

3 Дәстүр –  қазақ халқының үш жүзіне бірдей кең ауқымда тараған іс-әрекеттер жүйесі.

4  Дәстүр –  халықтың   белгілі бір жағдайға байланысты туындаған мұқтажын өтеуге қатысты іс-әрекеті.

Салт – бұл өте ежелгі дәуірден бері санадан өшпей келген үдеріс. Тарихи  қағидаға сүйенеді. Қоғамдық формацияның мүддесіне қарай өте сирек өзгеріске түсіп, ұрпақтан –ұрпаққа қызмет етіп келген нысан. Қазақ халқының салты бала дүниеге келгенінен бастап тәрбиелеу мәселесін шешуге бағытталған. Мұның өзін психология, педагогика, дидактика, философия, әлеметтану, мәдениет секілді метаметодика шоғырында пайдалануға болатыны зерттеушілердің бірқатар еңбектерінде дәлелденген.

Бала тәрбиесіне байланысты салттың білімнің сабақтастық қағидасы төмендегідей:

  • кәсіби көзғарасты тәрбиелеуге қатысты салт;
  • үйлену мен үй болуға байланысты салт;
  • той және мерекеге байланысты салт;
  • адамның фәниден бақилыққа байланысты салт.

Әрбір білім модулінің атауы болатындай салт туралы тәрбие  берудің біліми атаулары бар. Олар: шілдерхана, сүйінші, балаға ат қою, бесікке салу, қырқынан шығару, тілін дамыту, тұсау кесу, атқа мінгізу, сүндет тойы.

Шілдерхана» бала дүниеге келгенде үй-ішінің, туыстардың, көрші-көлеңдердің  тойлауы.

Әке мен ана, ата мен әже, ер бала  мен қыз бала тәрбиесі, олардың атқарар рөлі, алатын орны айқындалып отырады.  Мұнымен бірге балаға ат қою, бесік тойы, тұсау кесер, атқа мінгізу тойы, балаға өз шежересін үйрету секілді түзілімнің тәрбиелілік қарымы ерекше. Ырымдар, тоқым қағу, бала асырап алу, амандасу, тыйым сөздер, қыз ұзату, құда түсу, жаушы жіберу, есік көрсету секілділердің де мәні айтарлықтай.

Бесіктің тәрбиелілік мәні әлі күнге дейін жойылған жоқ. Оның құрылысының өзі көшпелілікке де отырықшылыққа да ыңғайлы. Құрылысы: белағаш, бөген, жақтау, шабақ, сабау, жорға, жөргек, жастық, көрпе, кепіл, тартпа, бау, түбеқ, шүмек, жабу.

Туыстық қарым –қатынасқа қатысты атаулар: құда, құдағи, ата, ене, абысын-ажын, бажа, бөле, жиен, жезде, балдыз, құда бала, құдаша, қайын сіңлі, нағашы, нағашы ата, нағашы әже, немере аға, немере әпке, шөбере, қарындас, жұбайлар, қайын жұрт, құданың құдасы.

Құдаласуға қатысты атаулар: бел құда, бесік құда, қарсы құда, жаңаша құда.

Ұлттық тәрбие отбасында халықтық педагогика арқылы жүргізіледі. Қазақ отбасындағы тәрбие  баланың ана құрсағында болған сәтінен басталып, оның балиғат жасына дейін, жігіттік, бой жету секілді кезеңдерін қамтиды.

Ерте заманда: «Он үш жасында ер бала отау иесі» деген  тұжырым үстем болған.  Бүгінгі таңда бұл көзқарас мүлдем өзгеріп, отыз бес  жасқа дейін отау құрмайтын жастар басымдықта екені байқалады. 

Әкенің рөлі базистік деңгейде, яғни ол отбасының  экономикалық  хал-ахуалын ұдайы арттырушы, кіріс пен шығысты  табысқа қарай жұмсалуын реттеуші, қамқоршы, ақылшы, үлгі-өнегеге тірек болушы, ұстаз, тәрбиеші.

Этнопедагогикада бала тәрбиесінде қалыптасқан жүйе бар. Ол жүйе ата –әже – әке – ана – бала – немере.

Ана - отағасысының тапқан кіріс-табысын  шама шарқына қарай үй шаруасының қажетіне жаратушы.

Ана - балаларының ең жақын досы, кеңесшісі, тәлімгері, жол сілтеушісі.

Аталар мен әжелер - немерелерінің паналары, жанашыр ақылмандары, жан-жүйесін түсінетін психологтары, ең ізгілікті тәлімге бағдар беруші көсемдері. Немерелер көбінесе ата-әжелерінің бауырында өсіп келген.

Ізгілікті ұстанымның рухын орнықтырған  ата-әжелер тек оңтайлы  бағамға немерелерін бағыттауды мақсат тұтқан. Немерелерінің шыдамды, төзімді, сабырлы, ұстамды болуларына сәйкес еңбек ету мәселесін шешуді алдын ала қарастырған. Немерелерінің өнерлі, еңбекқор, жан-жақты, тілінен бал тамған, мінезі жайдары, қыз балалары елгезек, ұлдары сергек, парасаты мол болуына қам жасаған.

Қазақ – көне дәуірден бастау алатын күрделі де бай тарихы, сан қырлы мәдениеті, өзіндік игі ғұрып – дәстүрі бар, этнографиялық ахуалы әр қилы, пейілі өзінің байтақ даласындай кең де қонақжай халық. Халқымыздың бітім болмысын зерттеген этнограф ғалымдардың атап өткеніндей, қазақ – жайшылықта тәубешіл, жаугершілікте тәуекелшіл, зерделі де ойшыл, сабырлы да төзімді, шыдамды да жомарт, елгезек те еліктегіш, кеңпейіл де кішіпейіл, ерегескенмен ерегесетін, доспен дос бола алатын, әділдікті бағалай білетін халық. Қаз дауысты Қазыбек бидің сөзімен айтқанда: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт – береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм – тұзды ақтай білген елміз» - деген.

Қазақстан – ұлан – байтақ территориясы бар әлемдегі ең үлкен тоғыз мемлекеттің бірі. Жоңғар шапқыншылығынан бұрын қазақтар ең көп санды түркі халқы болған. «Қазақ көп пе, масақ көп пе» деген түрікмен мәтелі осыны меңзейді. Халықтың өз ата – қонысында азшылыққа айналуы – қазақтар секілді өз тарихында әлденеше рет жойқын қасіретке ұшырап, тағдырдан көп теперіш көрген елде ғана болатын жәйт. Кең – байтақ атамекеннің әрбір қарыс сүйемін сан ғасыр бойы ата – бабамыз сыртқы жаудан сом білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қан төгісіп, жан берісіп қорғап, ұлтжандылық, отансүйгіштік рухын бойға сіңіруді келер ұрпаққа аманаттаған. Алайда тіршілік тезінен өткен, жастарды ұлттық үрдіске тәрбиелеуде маңызы бар көптеген дәстүр жойылып кеткен. Өмірдегі бар сүреңсіздік, адам бойына көлеңке түсіретін бүкіл жаманшылық атаулы ата салтына, елдік дәстүріне солқылдақтықтан екені белгілі болып отыр. Ұлттық тәрбиеден қағажу қалып бара жатқан жастардың отаншылдық сезіміне де кесірі тиетінін өмір дәлелдеп береді. «Ата салтың – халықтық қалпың» дегендей, өз жұртының қадір – қасиетінен мәлімет беретін ғұрып қасиетпен, оған мейлінше құрметпен қарау – ұлтымызға, елдігімізге сын. Тыңдар құлаққа, көрер көзге, сезінер жүрекке танымал, басқа елдерде жоқ дәстүр өрнектері, ортақ мұралары, тұрмыс – тіршілігіндегі керемет салт – ғұрпы мақтаныш сезімін тудырып, жұртшылықты жалпы отаншылық пен елжандылыққа тәрбиелеуде маңызды міндет атқармақ. Қазақ халқының рухани тіршілігінде, қарттарды құрметтеу, үлкендерді сыйлау, балаларға жанашырлық, жастарға қамқорлық ету, ата – ананы ардақтау, әйелдерді аялау ізгі дәстүрге айналған. «Қасқа қатал, досқа адал болу» - қазақ халқының негізгі мінез – құлқы. Қазақ халқында тым ертеден келе жатқан көптеген әдет – ғұрыптары бар.

«Ерулік». Көшпелі қазақ халқы көші – қонды аса келелі іс санады, көшу – қазақтар үшін салтанат есептелді. Қазақ санасында көше алмай жұрттан қалудан үлкен қорлық жоқ, қазақ қауымы көшкен күні – еруде кимейтін жақсы киімдерін киеді, көштегі жүк артқан түйеге кілем – кілше, сырмақтарын оң бетін сыртына қаратып жауып салтанат етеді. Еру отырған ауылдар жанына келіп қонған ауылды жабыла қарсы алып, «қоныс жайлы болсын» айтып, олардың жүгін түсірісіп, үйін тігіседі және «ерулік» апарады. Бұл ерулікке дастарқан көтеріп, шай апару, сабалап қымыз апару, тіпті қой сойып апару істері де болады. Бұл көшіп, шаршап келген туыс – жұрағаттарына жасалған сый – құрмет және қамқорлық еді. Бұл істер ағайын арасында «еруге қару» ретінде алма – кезек болып отырады. Мұны қазақтар «ағайын берекесі» деп атайды.

«Үме» яки «Асар». Қазақ арасында ертеден келе жатқан салттардың бірі – «үме» яки «асар салу» деп аталады. Бұл салт бойынша, көпшілік күш біріктіріп, бір – бірінің жұмысына қолқабыс көрсетеді. Қауырт күш жұмсауды талап ететін жұмыс кезінде, яғни қой тоғыту, қой қырқу, жүн сабап, киіз басу, үй көтеру, жылқы күзеп, тай таңбалау, бие байлау, соғым сою, егін ору, шөп шабу және жинау, үй – жай, той жасау, ас беру, өлім ұзату және т.б. істерде ауылдастар мен руластар жабыла жұмылып, бұл істерді істеп келеді. Үй қожасы осы көмекке келіп, қолқабыс істегендерді тамақпен сыйлайды, асар салғанда көбінесе мал сойылады, бірақ қолқабыс істеушілер істеген жұмысына ақы алмайды. Бұл қарапайым малшылар арасында өзара көмектің бір түрі, яғни еруге – қару жолмен алма – кезек болып отырады. Бұл «асарға» ат салыспаған адам өз басына іс түскенде басқалардың көмегінен құр қалады. «Үме» яки «Асар» қазақ арасында өзара көмектің бір түрі болып дәстүрде мәңгі қалады.

«Жылу жәрдем». Қазақ арасында өзара көмектің осы бір түрі тым ерте кездегі рулық қауым құрылысынан бері келе жатқан әдет – ғұрыптарға жатады. Бұл әдет – ғұрып бойынша: табиғи апатқа – жұтқа, өртке, селге т.б. да дүлей күш кесіріне кенеттен кездесіп, мал – мүлкінен, баспанасынан айрылып, күн көрісі қиынға соққан адам өзінің туыстары мен руластарынан жылу – жәрдем сұрайды. Бұған ағайын – туған – туыстары мен руластары түгел көмектесіп, жылу – жәрдем жинап береді, одан ешкім де бас тартпайды. Бұл «жұртшылық жәрдемі» деп аталады. Қазақтың байырғы салты бойынша, мүлде панасыз қалған жетім – жесірлерді және қарайтын адамы жоқ, салт басты қарттар мен мүгедектерге ағайын туғандары яки руластары асырап, бағып – қағуға міндетті болған. Халық бұқарасы ішінде мұндай көмектің өмір сүруі қазақ қоғамында қайыршылардың болмауына игі әсер етіп отырды.

«Той – мереке, тағы басқа жол – жосындар». Мал шаруашылығымен шұғылданған көшпелі қазақ өмірінде жаздың үш ай жайлауы «өмірдің жаннаты» есептеледі. Гүл – бәйшешекке бөленіп, масатыдай құлпырған жасыл жайлау үсті мал тойынып, ақ молайып, бие байланып, елдің жұмыстан қолы босап сергіген кезі болады. Қыс қысымын көріп келген қазақтар жаз жайлауда жадырап жазылып, барлық той – томалақ, ойын сауық, сән салтанатын осы жайлауда өткізген. Қазақтың «қыс қысыл, жаз жазыл» деген сөзі осы өмірден туған. Қазақтар үшін «той» тек той жасаушы жеке отбасының қуанышы ғана емес, тіпті бір тайпа елдің ортақ мерекесі болып есептеледі. Сол үшін, бір отбасы той жасаса, оның ағайын – туған жұрағаттары, тіпті бүкіл бір тайпа ел түгел аттанысқа келіп, үйлерін апарып тігіп, биелерін байлап, астарын әзірлесіп, қонақ күтіп той жұмысын атқарады. Қазақ өміріндегі ұлылы – кішілі той – томалақ пен ырым – кәделердің түрлері де сан алуан. Қазақ өмірінің әрбір белесі тойсыз, өлеңсіз өтпейді. Қазақ тойлары «тойбастар» жырымен және шашумен басталады.

«Қалжа мен шілдехана тойы». Бір баланың дүниеге келуі тек сол бала туған отбасының қуанышы ғана емес, күллі ауыл аймақтың ортақ қуанышы. Әсіресе ұл баланың тууын қазақтар қатты қастерлеп, «ұл туғанға күн туады» дейді. Байырғы қазақ салты бойынша, бала туған күні сол отбасында той басталып, «қалжа» сойылып, маңайдағы абысын – ажын, тағы басқа әйелдер жиналып, «баланың бауы берік болсын» айтып құттықтайды. Ал кешке қыз – бозбала жиналып, түні бойы ән салып, домбыра шертіп, өлең айтып «шілдехана» күзетеді, түрлі ойын – сауық кейде өткізеді.

«Бесік тойы». Жаңа туған балаға ат қойып, оны алғаш бесікке бөлеу жорасы «бесік тойы» деп аталады. Бұған көбіне сол төңіректегі әйелдер шақырылады. Келген әйелдер балаға арнап шашу, көйлек – көншек, моншақ, үкі, т.б. тойлықтар әкеледі. Ат қойылатын баланың оң құлағына үш рет, сол құлағына үш рет «сенің атың.....» деп айтады. Ұрпақ өсірген үбірлі – шүбірлі қадірмен әйел бір – екі келіншектің көмегімен бесікті жабдықтайды.

Сәбидің әжесі не шешесі түбектің тесігінен балаларға тәтті бауырсақ үлестіреді. Онан соң әлгі баланы тұңғыш рет бесікке бөлейді. Тойға жиналғандар дастарқаннан дәм татып, баланың өмірі ұзақ, бауы берік, бақытты болуын тілеп бата беріп тарасады.

«Баланы атқа мінгізу». Қазақ балалары бес жасынан бастап атқа салт мінуге жаттығады. Ата – аналары баланың алғаш атқа мінуін қуаныш етіп, той жасайды. Атқа мінетін бала жаңа киім киіп, басына үкі тағып, «ашамай» деп аталатын екі қасы «Х» түрінде айшықталып жасалған ерге мініп, туған – туысқандары мен руластарын аралайды. Туыстары оған шашу шашып, айыл - өмілдірік, құйысқан, жырым – шеттік, шыбыртқы – қамшы сияқты ер – тұмандарын байғазыға береді. Көшпелі тұрмыстың қажетіне сай, қазақта адам баласына бірден ер – тоқым болады. Қазақ ішінде ат – көлік табу оңай, ер – тұман табу қиын. Өйткені қазақтың өмірінің көбі ат үстінде өтеді. Қазақтар «ер атымен, құс қанатымен» деп, атты ер адамның қанаты есептейді. Атқа мінудің алдыңғы шарты ер – тоқым, атқа жайдақ мінуді жаяушылықтан жаман көреді. Сондықтан «ат табылады, ер табылмайды» дейді.

«Сүндет тойы». Ислам дінінің жол – жосығы бойынша қазақтар ұл баланы бес жаста яки жеті жаста сүндетке отырғызады. Осыған байланысты той жасалады. Той қарсаңында сүндеттелетін баланы басына және екі иығына үкі тағып атқа мінгізіп, жақын туыстары мен жұрағаттарын аралатады. Барған жеріндегі туыстары шашу шашып құттықтайды. Балаға үкі қадайды, кепеш кигізеді, әл – ауқатына сай лақ, қозы, құлын сияқты жас төлдің бірін ен салып береді. Қазақ арасындағы бала сүннеттеу ісін осы кәсіппен шұғылданатын «қожалар» жүргізеді. Бұл қожаларды қазақ қауымы «Мұхаммед пайғамбардың әулеті» деп ардақтайды. Баланы сүндетке отырғызу төркіні ислам дінінен келген, кейін келе бұл ұлттық ғұрып - әдетке айналған. Баланың сүндет тойын, халық іс жүзінде оның қара құлақ болып, қатарға қосылуының алғашқы бір белесін тойлау деп санаған.

«Қыз ұзату және келін түсіру дәстүрі». Қазақтың қыз ұзату және келін түсіру дәстүрі толып жатқан той – томалақ, ырым – кәделері арқылы болады. Бұлардың бәрі жалғасып, жұртқа түсінікті салтқа айналған. Ең алдымен қыз айттыратын жақ қыздың ата – анасына кісі салып, құдалық сөйлеседі. Құдалық сөйлесіп, келісімге келген соң, күйеу жақ қалыңдық жаққа өлтірі (қоржын) апарады. Осы жолы «өлтірі тойы» өткізіледі. Бұл күні ақ сойылып, ақ бата жасалады. Қалыңдық ұзатылып барған соң, келін түсіру тойы жасалып, жаңа түскен келін қайын атасының үйіне енгізіледі. Осы кезде сабына қызыл – жасыл әлем байлаған қамшы ұстаған бір жігіт келіннің бетін ашады. «Беташар» жыры арқылы жаңа түскен келін жиылған жұртқа таныстырылады, келінге ақыл – насихат айтылады, әзіл – қалжың араластырып, жұртты күлдіріп отырады, келін ата – енесіне, қайынағаларына сәлем етеді. Үлкен үйдің отына май салады, май құйылған от лап етіп жанғанда, отырғандар; «От – ана, Май ана, жарылқа!» деп сыйынады. Бұл қазақтардың ислам дініне кіруден бұрынғы отқа табынатын кезінен қалған ырымдардың бірі екені даусыз. «Неке қию» салты осы келін түскен тойда өткізіледі, некені молла қияды.

«Өлең той». Өлең той бұл күйеудің қайнына ұрын барған тойына қосылып өткізілетін «түнгі той». Күйеу жақ «өлең кәде» аталатын тай, құлын тәрізді бір малды ала барады, бұл кәдені алған үй күйеу мен құдаларды, тойға жиналғандардың бір бөлігін шақырып, мал сойып қонақасы беріп, «өлең той» өткізеді. Кеш батқаннан таң атқанша осы ауылда ақындар айтысы болады. Бұл тойға жиналған жастар домбыра шертіп, ән айтып, би билеп, сауық – сайран жасайды. Өлең тойға қатысушылардың көпшілігі жастар болады. Қазақ өміріндегі той – мерекелерде көптеген ойындар өткізіледі. Бұл ойындардың көпшілігі ашық далада, ат үстінде ойналатын спорттық сипаттағы ойындар. Олар: «мүше алып қашу», «Қыз қуар», «Көкпар тарту», «Теңге алу», «Жамбы ату», «Ат шаптыру», «Ат қарғыту», «Жорға салу», «Аударыспақ ойнау», т.б.

Қазақ халқының көнеден келе жатқан салт – дәстүрлері, ырымдары өте көп. Қазақ «қазақ» деген атын осы кезге дейін қазақи салт - дәстүрлерімен, ырымдарымен, той – мереке, тағы басқа да жол – жосындарымен талай елді таң қалдырып келеді. Ата- бабамыздың қалдырған асыл мұрасын қадірлеп, жоғалғанды жаңғыртып, қайта жаңартатын ендігі болашақ ұрпақтың өз қолында. Қасиетті қазақ халқының салт-дәстүрлері өте көп. Соның ішінде қазіргі жастар біле бермейтіндеріне қысқаша тоқталсақ. Ұлдың төбе шашын ұзарта өсіріп, моншақ араластыра өріп қою. Оның аты – айдар. Бұл ғұрып негізінен, тіл – көзден сақтау үшін ер балаларға жасалады. Кенесарының інісі Наурызбай батырдың ұзын айдары болғаны тарихтан белгілі. Ақсарбас атау. Адамдар қауіп-қатерге ұшырағанында «Аллаһ Тағала мені осы қиындықтан құтқара гөр! Ақсарбас!» деп құдайы атайтын болған. Мұндай жағдайда «Ақсарбас!» деп үш рет айқайлаған. Сосын қауіп-қатерден аман қалғанында әлгі адам ауыл аймағын шақырып құдайы берген. Ақсарбасқа шалынатын малдар: бозқасқа (қой), көкқасқа (жылқы), қызыл-қасқа (сиыр). Адам ақсар-бас атағанда қай малын айтса, соны құдайыға союға тиіс.

Ақ құйып шығару. Халқымызда: «Үйге кірген жыланға да ақ құйып шығарады» деген мәтел бар. Қазақтың ақ деп атайтыны: сүт, қымыз, шұбат, айран. Қалың өрт келіп қалғанында алдынан ақ шашады, үйге жылан кіріп кеткенінде басына сүт не айран құйып үйден шығарып барып өлтіреді. Бұл қазақтың үйіне келген жауына да жамандық жасамайтын ұлттық мінезінен шыққан әдет.

Ат тергеу. Ол – адамды сыйлауға арналған ізеттілік әдет-ғұрып. Ұлттық болмыс бойынша әйелдер атасына, қайнағасына, қайнысына, қайын-сіңілісіне атын атамау үшін қосымша ат қояды. Мұны ат тергеу деп атайды. Мұндайда қойылатын аттардың кейбірі мынандай: «Мырза қайнаға», «бай атам», «би аға», «тентегім», «еркежан», «шебер шешей», «ақ әже», «сырғалым», «шашбаулым». Жеңгелері қайныларына әзілдеп, бойлары тапал болса «сұңғақтым», жайбасар болса «жүйрігім» деп те ат қояды. Ер адамдар да өзінен үлкендерді Мәке, Сәке деп құрметтейді.

Анттасу. Жаудан кек қайтару үшін, адамдар бір-біріне деген адалдықтан айнымау үшін, еларалық тату келісімді сақтау үшін ант айтатын салт-дәстүр бар. Халық антын бұзған адамды «Ант атқан» деп жек көріп, «Уа, айтылған ант, серттескен уәде, алысқан қол қайда?»» - деп, кінәласады.

Араша түсу. Дауласқан, жанжалдасқан адамдарға басу айтып, ажырату, сабасына түсіру – араша түсу деп аталады. Бұрындары мұндай жанжалда ауылдың, елдің абыройлы абызы «Араша!» Араша! деп айқайлап, от шыққалы тұрған ортаға барып, ағайынға араша түскен.

Арыздасу. Бұл фәнидегі (өмірдегі) тататын дәм-тұзы таусылып, өмірден өтіп бара жатқан ғаріп отбасымен, туған-туыстарымен, көрші-көлем, дос-жарандарымен соңғы рет тілдесіп, хош айтысады. Мұны арыздасу деп атайды. Арыздасуда бақилық болғалы жатқан пенде біліп, білмей жасаған қателік, күнә, кінәлары үшін жиналғандардан, олар одан кешірім сұрайды.

Асар жасау. Үй салу, қой қырқу, тай таңбалау, киіз басу, егін ору, шөп шабу тәрізді қауырт жұмыстарды көптің күш-қайратымен, көмегімен тез атқару үшін ру басының, үй иесінің ауылдастарын, туған-туыстарын шақырып, бірлесе қимылдауын асар жасау деп атайды. Оның екінші атауы – үме, серне. Үй иесі жәрдемдесуге келгендерге тамақ дайындап, сый-құрметін көрсетеді. Асарға келгендер атқарған жұмысына, көмегіне ақы алмайды.

Асату. Оны С.Мұқанов өзінің «Халық мұрасы» деген кітабында кең насихаттап жазған. Дастарқан басында ет жеп отырғандар тоғая бастағанында, төрде отырған ақсақал қалған етті қолымен қонақтарға, жас балаларға асатады. Бұрындары ауыл балалары ет асаймыз деп қонақ келген үйдің қасында жүретініді.

Ат тұлдау. Ер адам қайтыс болғанында мініп жүрген атының жал-құйрығын күзеп, оны бос жібереді де, өлген адамның жылында сол атты әкеліп сояды. Бұл дәстүрді ат тұлдау деп атайды. Аунату,  қазақтар үйіне келіп қонақ болған, қонып кеткен адамдардың отырған, жатқан жеріне «баламыз осы атасына тартсын, бойына осы атасының қасиеттері қонсын» деп балаларын аунатып алатын болған. Елге, ағайынға сыйлы азамат кіндік қаны тамған туған жері не келгенінде халық, туған-туыстары, дос жарандары оны сол жердің топырағына аунатып алған. Шыңғыс Айтматов үйіне Мұхтар Әуезов келгенінде, ол отырған орындыққа ұлын аунатып алған көрінеді.

Ауыз тию. Алыс сапарға аттанарда сол адам ауылындағы немесе әулетіндегі үлкен үйге кіріп дәм татып, жолға шыққан. Сонда ол «Осы қара шаңырақтың киесі қолдайды» деп сенген. Отбасы тамақтанып отырғанда дастарқан үстіне келген адам ондағы дәмнен ауыз тиюге тиіс. Әсіресе, таңғы астан ауыз тимеуге болмайды. Астан ауыз тию - үй иелерінің қонаққа, қонақтың дастарқандағы асқа деген ыстық ықыласының бір белгісі болып саналады.

Аузына түкірту. Бұл – қазақтардың ертеден келе жатқан ырымы. Олар батырлар мен билерге, ақындарға, тағы да басқа атақты адамдарға баласының аузына түкіртіп алатын болған. Түкіргенде оның ырымы ғана жасалады. Бұл ырым баламыз сондай адамға ұқсап, өнегелі болсын дегеннен туған. Баласының аузына бір адамға түкіртсе, жеткілікті.

Аяғына жығылу. Кешірім сұраудың ең үлкен, кішіреюдің ең ауыр түрі – осы ғұрып. Оны орындағанда айыпты адам жанына абыройлы, қадірлі кісілерді ертіп алып, тиісті адамның үйіне рұқсат сұрап кіріп, кешірім сұрайды. Айыбы үлкен болса, айыпкер өзі кінәлі болған адамның аяғына жығылып, оны құшақтаған қалпы жылап, кешірім сұрап, жалынған. «Аяғына жығылу» - әрі ғұрып, әрі жазаның бір түрі.

Байғазы беру. Үлкеннің кішіге, яғни балаға беретін сыйы. Жас ұл-қыз, бойжеткен, бозбала жаңа киім кигенде, жаңа зат алғанда аға, апа, ата-әжесінен, туған-туыстарынан оған байғазы сұрайды. Олар байғазыға ақша, мал, мүлік, әйтеуір бір зат беріп, құтты болсын айтады.

Базарлық әкелу. Алыс сапарға шыққан, қыдырып қайтқан, сауда жасап келген адамдар туған-туысқандарына, көрші-көлемдеріне, дос-жарандарына ірілі-ұсақты сыйлықтар әкеліп береді. Мұны базарлық деп атайды. Ол жақсы көргеннің, сыйлағанның белгісі.

Бастаңғы жасау. Үйдегі үлкендер жолаушылап кеткенінде қалған жастар өздері бас қосып (келіндер, абысындар, күйеулер, балдыздар болып), немесе замандастарын шақырып ойын-суық өткізеді, әңгіме-дүкен құрады, әр түрлі дәмді тағамдар жасап ішеді. Бұл әдет-ғұрыпты бастаңғы жасау деп атайды.

Бәсіре атау. Ежелгі әдет-ғұрыптардың бірі. Ата-анасы баласына арнап жас төлге ен салады да оны «бәсіре» деп атайды. Бәсіре аталған төл өскен соң сол баланың қажетіне, тойына жаратылады. Оны ен салып, малды таңбалаумен шатастырмау қажет.

Босаға майлау. Жастар шаңырақ құрғанында немесе біреу жаңа үй алғанында жақын туған-туыстары келіп жаңа үйдің босағасына май жағу салтын жасайды. Ол осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ниеттен туған. Босағасын майлаған адамға шаңырақ иелері кәде береді.

Ен салу. Малдың құлағын тіліп, немесе оны ойып белгі – ен салады. Ол малын табу, жоғалып, басқа малдармен араласып кетсе тану үшін жасалады. Енді әр құлақтың алды-артына алмастыра салу арқылы мынандай түрлерін жасайды: тілік ен, бұрыш ен, кез ен, қиық ен, құмырсқа ен, тесік ен, кесік ен, т.б.

Енші беру. Ата-анасы баласы балалы болғаннан кейін «енді өз күндерін өздері көре алады» деген сенімге келіп, отау тігіп, бөлек шығарады. Сонда малынан – мал, мүлкінен – мүлік бөліп береді, ыдыс-аяқ сыйлайды. Оған келіннің төркінінен келген дүниесі қосылып, жас жұбайлар жеке шаңырақ болып шыға келеді. Мұны енші беру деп атайды. Ата-анасы қайтыс болса, олардың малы мен дүние-мүлкі қалған ағасы інісіне еншібас беруге тиіс. Әке орнында әке болып отырған ағасының ата-анасынан қалған мұраны бауырына басып алып, оның бар рахаты мен қызығын өзінің ғана көруі – тасбауырлық. Ондай аға кейін інісі өз бетінше күн көріп, бақ-дәулетке ие болғанында «Інім маған, балаларыма қараспайды» деп күңкілдемеуге тиіс. Кейбір ата-ана балаларының енші басын алдын-ала бөліп, атап қояды. Ерулік беру, ауылға басқа жақтан бір үй көшіп келсе, бауырларының бірі туған-туыстарына жапсарлас келіп қонса, көрші-көлемі немесе жақындары жаңа үйге «ерулік» деп ас пісіреді, табақ тартып, қонақасы береді. Бұл салтты ерулік деп атайды. Осылайша қазақтар танысын, танымасын бір-бірін бөтенсімей, өз ортасына тарта білген.

Жол беру. Қазақта үлкен адам келе жатқанында алдын кесіп өтпейді, оған жол береді, үйге кіргенінде орнынан тұрып төрге отырғызады. Аң аулағанда да жасы үлкен адам бірінші болып оқ шығарады, олжаның алғашқысын иемденеді. Алыстан келген қонаққа да, қызметі мен шені үлкен адамдарға да әр істе жол береді. Мұның бәрі қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрыптарындағы этикалық жоралғы болып саналады.

Жылу жинау. Бір бақытсыздыққа ұшырағанында, үй мүлкі, малынан айырылғанында ауыл тұрғындары, көрші-көлемі, туған-туыстары мал, дүние, ақшалай көмек көрсетеді. Мұны олардың ортасынан бір адам

 ұйымдастырады. Бұл жәрдем – жылу жинау деп аталады. Арам жолмен шығынға ұшырағандарға жылу жиналмайды. Олар: дүние-мүлкін қартаға салып ұтқызып жібергендер, зинақорлыққа салғандар, ішіп құртқандар, қоғамның, мемлекеттің дүние-мүлкін жеп қойғандар. Жұмалық, бұрындары дәріс алып жүрген шәкірттері жұма күні молдасына сыбағаға ет, қымыз, май, құрт әкелетін болған. Оны халық жұмалық деп атап кеткен.

Көрімдік беру. Нәрестелі болғанында, келін түсіргенінде «құтты болсын» айта келгендерден сәбиді, келінді көрсетпей тұрып «көрімдігін бермесеңдер көрсетпейміз» деп кәдесін сұрайды. Қыз ұзатыларда ұл жағынан келген құдаларға болашақ келіндерінің жасауын көрсетіп те көрімдік сұрайтын әдет-ғұрып бар. Қазір жоғары оқу орнын бітіріп диплом алған жастар да туған-туыстарынан көрімдік сұрап жатады.

Көрісу. Қазақ салты бойынша сағынысып кездескен адамдар бір-бірімен құшақтасып амандасады, кісі қайтыс болғанында құшақтасып жыласады, қыз ұзатылғанда да қимастықпен қоштасып, жылайды. Мұны көрісу деп атайды.

Көгентүп беру. Малды адамдар жақын туған-туыстарының кішкентай баласына бұзауларының, құлындарының, қозыларының, лақтарының, боталарының бірін атайды. Бұл көгентүп беру. Атаған көгентүбін кейін бермей кету - өнегесіздік, дүние-қоңыздық. 

Қайырлы болсын айту. Бала туғанда, келін түсіргенде, тағы да басқа үлкен қуаныштарға ие болғанында туған-туыстары, көрші көлемі келіп «қайырлы болсын» деп құттықтайды. Ол – қазақтың қуанышты бірге бөлісетін ізгі салты. Адамдар қайырлы болсын айтпағандарға ренжиді де.

Қазан шегелеу. Жақын туыс, әзіл-қалжыңы жарасқан адамдардың үйіне екі-үш адам бірге барып: «Осы үйдің қазанын шегелей келдік» дейді. Бұл олардың түстеніп, ет жеуге келгендігі. Үй иесі оған әзілмен жауап қайтарып: «Жақсы болды, қазан шегелейтін адам таба алмай отыр едік» деп қонақжайлық танытады, әйелі ет асып қонақасы береді.

Қалау айту. Біреудің жақсы малына, мүлкіне көңілі кеткен адам сол үйдің иесіне немесе әйеліне, баласына соған лайықты бағалы бір тарту әкеліп, әлгі дүниені, жануарды «менің қалауым осы» деп сұрайды. Кейде үй иесі мұндай сыйлы, жөн-жоралғысымен келген қонаққа өзі сөз салып: «Бұл үйден қалаған бір заттың бар ма? Қалауыңызды айтыңыз» деп сұрап, қалаған затын сыйлайды.

Қонақ кәде айту. Үй иесі қонағына «Қонақ кәде айта отырыңыз», - деп қолқа салатын болған. Ол - өлең айтыңыз, күй тартыңыз, өнер көрсетіңіз, деген тілек, қонақтың өнерін, қабілетін сынау, көңілді отыру. Сол себепті қазақтар баласын жастайынан ән айту, күй тарту тәрізді өнерге баулыған. Өйткені қонақкәде айта алмай қалу – ыңғайсыз жағдай.

Қорықтық құю. Ол – емдік ғұрып. Ауырған адамның төбесінің үстіне (басына тигізбей) май құйылған табаны әкеліп, екінші бір ыдыста қорытылған сұйық (ыстық) қорғасынды оның үстіне құйып кеп жібереді. Сонда «шар» етіп кішкене қорғасын сұйығы бір бейне қалпына түседі. Емші соған қарап ауруға «Сіз иттен немесе адамнан, жыланнан қорыққансыз» дегендей болжам айтып, ауруды жазылатынына сендіреді.  Мойнына бұршақ салу, ертеде баласы жоқ адамдар мойнына көгеннің бұр шағын салып Аллаһ Тағаладан перзент сұрап жалбарынған, жылаған. Мойынға бұршақты бала тілегенде ғана салады.

Салауат айту. Ол – Аллаһты, Пайғамбарды мадақтап айтылатын дұға. Оны намаздың соңында зор ынта-ықыласпен оқиды. Сауға сұрау, бұрындары қылмысы үшін бір адам ауыр жазаға, өлімге бұйырылғанында өте беделді кісілер барып оның жазасын жеңілдетуді, кешіруді сұраған. Сөзі өтсе айыптаушы жақ та, билер де ондай адамдардың өтінішін орындаған. Мұны сауға сұрау деп атайды. Сауғаға жазасы сұрап алынған адам да жолынан жығылмай құн, шығын төлеген, екі жақты бітістіруге күш салған. 

Сауын айту. Бір ауылда, елде үлкен ас, үлкен той болатын болса, алдын-ала (бірнеше ай, бір жыл бұрын) жан-жаққа хабар жіберіліп, адамдарды соған шақырады. Бұл сауын айту. Яғни, әр жүз, әр ру мұндай асқа қымызын, малын ала келіп, батыр, балуан, ақын, әнші, күйшілерімен өнер көрсетіп, бәйгеге жүйрік аттарын қосып, астың, тойдың жақсы өтуіне жан-жақты қолдау көрсетеді. Жиынға қымыз әкелгендердің ыдысына сойылған малдың жіліктерін салып жібереді. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» кітабында: «Мырза өз әкесі Өсекеңе ас берем деп, Көкшетауға сауын айтып, елді жиды ғой» деген сөздер бар. 

Сүйінші сұрау. Өте қуанышты хабарды жеткізуші адам ол үйге «Сүйінші, сүйінші!», - деп кіреді. Бұл сөз тосынан естілсе де үй ішіндегілерді шошындырмай, қайта қуантады. Сол кезде үй иесі: «Қалағаныңызды алыңыз» дейді немесе ол риза болатындай бір жақсы сыйлық береді. Сүйінші алудың сөкеттігі жоқ. 

Сәлемдеме. Біреу арқылы беріп жіберілген затты сәлемдеме деп атайды. Сәлемдемеге жіберілетін заттар: сыбаға, ақша, көйлек-көншек, орамал (бір ұшына сақина, білезік байланған). Сәлемдеме жолаушының жүгін ауырлатпай тындай болуға тиіс. Алыстағы адамдар бір-біріне таныстары арқылы ауызша сәлем, өтініштерін де жолдайды. Сірге мөлдіретер. Бие ағытар күні берілген қымызды - «Сірге мөлдіретер» деп атайды. Оған ауылдың ақсақалдары, әжелер, ел ағалары шақырылады. Сүйек жаңғырту. Бұрындары құда-құдағи болған жақтар қайтадан қыз алысып, қыз берісіп құдалықты одан әрі жалғастырса, оны сүйек жаңғырту дейді. Бұл салт қыз бен жігіттің келісімімен қазір де жасалып жүр.

Той малы (дәстүр). «Жүз жылқы той малына кетіпті» (М.Ж.Көпеев). Келін алуға келген қадірлі құдалар ел дәстүр салты бойынша сән салтанатымен, жөн жосығымен келіп түседі. Бұл жолдың кәде жоралары да көп болады. Соның ішінде ең басты кәдесінің бірі осы топқа арнайы әкелген « той малы» деп аталатын жолды дәстүр. Бұған әр құда өз дәулеті мен шамасына қарай жылқы немесе бірнеше қой әкеледі. Күйеудің абырой, беделі осы кәдеге де байланысты болады. Бұған қымбат мата, бұйым, жеміс, қант, шәй да қосылады. Әкелген мал арқылы құдалар қыз әкесінен, атасынан немесе сол ауылдағы жолы үлкен ақсақалдан бата тілейді. Батадан кейін әлгі мал сойылып, тойға жиналғандар одан ауыз тиеді. Той малы толымсыз болса қыз жеңгелері құдалардың бетіне басады. Сондықтан да «той малының» мүшесі түгел әрі семіз болуы қатты қадағаланады.

Дәмету. «Дәметкен сары майдан кеудең құрсын» (халық өлеңі). Дәметудің әр түрі бар.  Ал ырымда жас келіншектердің дәметуінің жөні бөлек. Жас балалар мен келіндер ата енелері қонақтан келсе, олардан тәтті дәмететтін әдеті бар. Әсіресе, балалы жас келіндер дәметсе оның меселін қайтаруға болмайды. Өйткені, дәметіп отырып ойындағысы болмаса оның емшегі ісіп кетеді. Бұл өмір шындығы. Ал үлкен кісілер, аналар, әжелер жас келіншегі бар үйге дәметіп қалар деп қашанда қалтасына дәм тұзын сала жүреді. Бұл әркім ескере жүретін ескіден келе жатқан ырым.

 «Қалың мал» (дәстүр, кәде). «Мен ат тон айыбымен қалың мал қайтартпақшы болдым ғой» (С.Көбеев). Құда түсу рәсімі келісілген соң дала заңы бойынша күйеу жағы «қалың мал» төлеуге тиіс. Бұл қазақ, қазақ болғалы бұлжымаған ежелгі дәстүр. Оның мөлшері құдалардың дәрежесі мен дәулетіне байланысты екі жақ келісе отырып шешеді. «Бұрынғы кедейлер арасындағы қалың мал мөлшері бес алты малмен тынса, ірі байлар арасында екі жүз, бес жүз, мың жылқыға дейін жеткен. Би мен байлар, хан мен төрелер арасында қалың мал үстіне «бес жақсы» деп аталатын бес түйеге қосып бір «жетім қыз (күң), «аяқ жақсы» деп беретін үш түйеге қоса бір «еркек жетім» (құл) бергендігі кейбір деректер арқылы белгілі. Қалың малдың «қырық жеті», « отыз жетінің бүтіні», «отыз жеті», «отыз жетінің жартысы», «жақсылы отыз жеті», « жиырма жеті», « он жеті», «домалақ қалың мал», «домалақ бата» сияқты түрлері болған. Мұның сыртында той мал, сүт ақы, күйеу апаратын ілу, өлі тірі апаратын, тағы басқа көптеген бағалы кәде, жоралар да болады. Бұған кеңес үкіметі кезінде «қызды малға сату» деп қара күйе жағылып келді. Ал шындығында қыздың жасауы «қалың мал» мөлшерінен кем болмаған. Демек, бұрынғы дала заңында бұл ескерілген сияқты. Әрине «қалың мал» құдалардың дәулетіне байланысты болған. Бұл істе әркім өз шама шарқына қарай белгілеген. Бұрынғы заманда «қалың мал» байлық пен мырзалықтың дәрежесін әйгілейтін көріністің айғағы болғаны шындық. ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде Кіші жүзде Байсақал мен Орта жүзде Сапақ құда болған. Сонда Байсақалдың қызының «қалың малы» бес жүз жылқы болған. Үш жүз жылқы қара малы, жүз жылқы үйге кіргізер, жүз жылқы той малына кетіпті (М.Ж.Көпеев).

Күйеуаяқ (ғұрып). Жігіт қалыңдығын алғаннан кейін әдеп бойынша енесін қошаметпен өз үйіне апарып салады. Ата енесі күйеу баласына ірі мал атайды. Мұны «күйеуаяқ» дейді.

Түйемұрындық (ғұрып). Ұзатылып жатқан келіншек көшінің жолында отырған ауылдың адамдары (жастары, әйелдері) керуен атының ноқтасынан, не түйесінің бұйдасынан ұстап тұрып сұрайтын кәдесі. Қыз анасы оларға кәдесін жасайды, кәде алған риза болып, бақыт тілеп батасын беріп, жол болсын айтады.

 «Қыз қашар» (дәстүр). «Былайша қыз қашар дәстүрін өткізетін үйді «болыс үй» дейтін көрінеді». (Х.Арғынбаев). Күйеудің келуін «ұрын келу» десе, қыздың атастырылған күйеуін көруі «қыз қашар» дейді. Бұл «ұрын тойы» өтетін күні болады. «Ұрын той» жастар үшін көңілді, думанды тойлардың бірі. Бұған жас жеңгелер мен жастар қатынасады. Күйеуден алынатын «қол ұстатар», «шаш сипатар», «қыз құшақтар», «арқа жатар», «көрпе қимылдатар» тағы сол сияқты кәделер осы жолы беріледі. Екі жастың бірін бірі көріп, тілдесуі де осы тойда болады. Екеуі де бірін бірі ұнатып, қалыңдық жігітке қыз белгісі орамалын және оның іні қарындастарына да түрлі сыйлықтар береді. Күйеу ұрын барғаннан кейін құдалық бұзылатын болса қазақ заңында өте ауыр іс. Үлкен дауға кетеді. Күйеу себепсіз бас тартса бұрынғы берілген мал қайтарылмайды және айып салынады. Батаны қыз жағы бұзатын болса қалың мал толық қайтарылады әрі айып төлейді.

 «Құйрық бауыр» (салт). «Құйрық бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе» (мәтел). Бұл құдалық дәстүр рәсімі болғанмен ұлт салт дәстүрінде орны бөлек жай. Екі жақ келісіп құда болған жағдайда оларға «құйрық бауыр» арнаулы сый әкеледі. Әкелуші әйел «бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болыңдар» деп тілек білдіреді. Одан барлық құдалар ауыз тиеді. Құйрық бауыр қазақ дәстүрінде құда болудың заңды белгісі құжат болып бекітілген. Құдалық дәстүр және оған сәйкес әдет ғұрыптар әдетте әзіл қалжыңсыз, ойын сауықсыз өтпейтіндігі әркімге белгілі. Сондай ақ осы «Құйрық бауыр» салтында да қалжың өлеңдер мен қағытпалар да айтылмай қалмайды. Астана қаласында қостанайлық Сәмкен Омаров пен көкшетаулық Қуантай Әблмәжінұлының құдалығында «құйрық бауыр» ұсынғанда Қанапия қызы Орынбасар құдағи осы қазақы салттың ажарын мынадай өлеңмен өрнектей түсті. Осы құдаларға қарап, былай деп әндетті: Құда, құда дейсің ау, әй, Құйрық бауыр жейсің ау, әй, Құйрық бауыр жемесең, Несіне құда дейсің ау, әй. Үлкен құда, бас құда, Кіші құда, жас құда, Құйрық бауыр әкелдім, Ауызыңды аш, құда. Үлкен құда ардақты ай, Кіші құда салмақты ай, Құйрық бауыр асатам, Тістеп алма бармақты ай. Үлкен құда әнекей ау Кіші құда мінекей ау. Құйрық бауыр асаттым, Кәделерің кәнекей ау! Әр елде, әр ауылда әр салт дәстүрдің осындай өзіндік әуендері мен ән жырлары да болған. Ауыз әдебиетіндегі тұрмыс салт жырлардың мұндай үлгілерінің көпшілігі ұмытылуға айналған. Дегенмен ел ішінен оның бірнеше жақсы түрлерін әлі де табуға болады.

Балдыз қалың. Кейде қалыңдық қайтыс болатын жайлар кездеседі. Мұндайда қалың малын төлеген болса, онда сол үйдің екінші қызын алуға құқы бар. Егер ер жігіт қалыңдығына ұрын барып, ол үйдің басқа қызы болмаса төлеген малдың жартысы қайтарылады. Егер бұрынғы қалыңдығына ұрын барған күйеу енді балдызын алатын болса, онда бұрынғының үстіне «балдыз қалың» төлеуге тиіс. Оған түйе бастатқан бір тоғыз қосылады. Күйеу бұрынғы қалыңдығына ұрын келмеген болса «балдыз қалың» төленбейді.

Күйеу киімі (салт). «Әкесі күйеу, шешесі қалыңдық болмаған ба?» деп бізді мінейді. Ки! деп аттанар жерде Абайға жаңағы күйеу міндетті түрде «күйеу киімін» киюге тиіс. Алдынан шыққан жеңгелер мен жас қыз келіншектер күйеуді киімінен танып алады. Сондықтан күйеу басқа жігіттерден салт бойынша ерекше киінеді. Бөркіне үкі тағып, қызыл шапан, биік өкше етік киеді. Бөркін көзіне түсіріп төмен қарап, кішілік көрсетіп тұрмаса айып төлейді немесе сөзге, күлкіге ұшырайды. Сол бетімен қыз келіншектердің ортасына түскен күйеу небір азапты әзіл қалжыңға төзеді. Оның мінген атын «күйеу атымен күл тасы» дегендей ауыл балалары мініп алып қызыққа бөленеді. Бұл да ауыл салты.

 «Қынаменде» (дәстүр). «Қынаменде, жар жар мен беташар бар, өлеңсіз солар қызық бола ма гүл?» (Абай). Бұл да ұлттық ғұрыпымызда салтанатты да, көңілді кештің бірі. Құда түсіп, уәде пісіп, қалың мал төлеген соң күйеудің атастырған қалыңдығын алғаш рет көруге келген тойы «қынаменде» деп аталады. Шығыс халықтарында «қынаменде» кеші қыз абыройының тазалығын білдіру үшін қалыңдықпен бірге болған күннің ертеңіне де өткізіледі. Ән, күй, би қатар жүргізілетіндіктен «қынаменде» жас жұбайлардың шаттық кешіне, жастардың махаббат мұратына жету символына айналған. Бұл да дәстүрге бай еліміздің тәрбиелік ережесінің бір саласы. Күйеудің бұл жолы әр жерде әртүрлі аталатынын да айта кеткен жөн. Мұны кей жер «қалыңдық ойнау» дейді, кей жерде «ұрын келу» дейді. «Бір күні күйеу байғұс ұрын келді, Қисайтып жаман бөркін қырын келді» (Н.Ахметбеков). Қазақ үшін әсіресе жеңгелер мен жастар үшін бұл да бір той десе де болады. Болашақ күйеу қыз ауылына өзінше «көрінбеген» болып, бірақ қараңғы түсе салтанатпен, жолдас жораларымен келеді. Мұны « есік көру» көбінесе «ұрын келу» деп айтады. Күйеу осы жолы өзінің болашақ жарын көріп танысып білісіп, тілдесіп көңілін демдейді. Әрине «ұрын келудің де кәде жоралары аз емес. «Сені күтіп жүгіреміз деп ентігіп қалдық» деп «ентікпе» сұрап жеңгелері келеді, «балдыз көрімдік» деп тағы біреулері келеді, тағы да сол сияқты. «Ұрын той» өткізіліп күйеуге және оның жолдастарына құрмет көрсетіліп, сый тартылып, олар еліне қайтады. Құда түскенмен, келісім жасалғанмен күйеудің қыз ауылына «ұрыннан» бұрын келуге хақы жоқ. Егер келе қалса қыздың туыс туғандары (аға інілері) қазақ әдет ғұрпын бұзғаны, тәртіпсіздігі үшін оны сабап жіберетін заң тағы бар. Демек, құда түсумен бірге оның тәрбиелік ереже қағидалары тәрбиелік ғұрыптары әдеп пен тәртіпті талап етеді. Күйеу кәделері мен ырымдары тағы бар. Олар мынандай: ұрын келу, есік ашар, ентікпе, балдыз көрімдік, күйеу табақ, сүт ақы, жігіт түйе, атбайлар, босаға аттар, сәукеле байғазы, жеңгетай, шымылдық байлар, отау жабар, кереге көтерер, уық шаншар, түндік жабар, үзік жабар, туырлық жабар, мойын тастау, ілу, қыз қашар, шашу, қыз көтерер, арқа жатар қалыңдық ойнау, қол ұстатар, шаш сипатар, көрпе қимылдатар, ит ырылдатар, «кемпір өлді», бақан салар, күйеу аттандырар, т.б.

Өңір салу (дәстүр). Отқа шақырумен (кей жерлерде «үй көрсету» немесе «есік ашар» дейді) бірге болып жататын ендігі бір кәде өңір салу. Мұнда ылғи бәйбішелер келеді. Ниеттері келінге шашу шашып, құтты болсын айту. Шашудың сыртында өңір әкеледі. Өңір киім, бұйым деп ең құрығанда терме бау немесе жас төсекті басқалар басынбасын деп бүркіт тұяғы, үкі сықылдылар іледі. Бұлардың бәрі отау үйге қажетті, өңін ашатын нәрселер. Келін түскен үй бұлардың күтеді. Келіннің қоржынындағы аспен бірге келген бұлдардан (мата деген сөз) алады. Бұл да өңір (Ахмет Жүнісұлы). Өңір салу жас шаңыраққа көрсетілген құрмет және жәрдем десе де болады. Мұны соңғы кездерде үлкен адамдардың өзі естен шығарып бара жатқаны өкінішті ақ.

Шаңырақ көтеру (салт). Жас отаудың алғаш рет шаңырағын көтерудің өзі қазақ үшін тағы бір қызықты, ерекше сәт. Мұны қазақ салт дәстүрін жетік білетін белгілі этнограф жазушы Ахмет Жүнісұлы былай деп жазған: «.... қазақта отаудың шаңырағын албаты адам көтермейді. Бұған баласы көп, кәрі күйеу керек. Оны қос атпен болса да алғызады. Ыңғайлы жер болып, отау өте үлкен болса кәрі күйеу шаңырақты аттың үстінде тұрып көтереді. Бұл еңбегіне ол не ат мінеді, не түйе жетектейді. Бұған малды отауды көтерткен жақ береді. (А.Жүнісов «фәниден бақиға дейін»). Әдетте киіз үйдің шаңырағын ер адамдар көтереді. Ал, жас отаудың шаңырағын кәрі күйеуге көтертуде үлкен мән, ырым бар. Өйткені «жасы үлкен күйеу» қашанда елге сыйлы және тілектес адам, және күйеу қартайған сайын жұртына қадыры, сыйы арта түседі. Қазақ елі осы жолдан әлі айрылған жоқ. Кәрі күйеу келсе, ауылдың үлкен кішісі, еркек әйелі онымен бір қағыспай, қажаспай қалмайды. Оның шаңырақ көтеруінде де осындай терең сыйластық бар.

 «Шаңырақ түйе» (дәстүр). Ұзатылып келе жатқан қыздың және оның жанындағы әйелдердің (шешесі, жеңгесі, сіңлісі, т.б.) мініп келе жатқан көлігі «шаңырқа түйе» деп аталады, және ол келін үшін ыстық қасиетті мал болып саналады. Бұған жолшыбай кездескен немесе бөтен адам мінбейді. Егер міне қалса оны көрген жұрт « пәленше келіннің шаңырақ түйесіне» мініп келді деп келемеждеген. Ертедегі салт бойынша көште үлкен шаңырақ жеке түйеге артылып, алдымен жүреді екен. Оған адам мінбейді, атпен жетелейді, «шаңырақ түйе» деген сөз осыдан шыққан.

Итаяғына салу (дәстүр, ырым). Жас келіншек бір ауылға қыдырып барғанда, не есік көруге шақырғанда әйелдер не үлкен әжелер оған «итаяғына» сал деп сақина, күміс, жүзік сияқты заттар береді. «Итаяғына салу» деген келіншек босанып баланы шаранасынан жуатын суға яғни «шілде суына» әлгіндей күміс жүзік, сақина, күміс түйме сияқты заттарды ыдысқа салып жіберіп, нәрестені жуады. Жуып болғаннан кейін әлгі заттарды сол жердегі әйелдер ырым қылып бөлісіп алып, мәз мейрам болып тарасады. Қапқа салар Қалыңдығын алуға келген күйеу барлық жол жоралғыларымен яғни құдалық кәделерімен, үлкендерге арналған сый сияпатымен, той малымен келеді. Той басталды. Қыз өз үйінен аттанар алдында оның әкесі барлық құдаларға киіт кигізеді. Күйеу баласына да сыйлық береді. Бірақ ол киіт емес «қапқа салар» деп аталады. Ол бағалы киім, қымбат ер тоқым, жігіт жарақтары немесе мал болуы мүмкін. Әрине, бұл қайын атаның дәулеті мен мырзалығына, абырой беделіне сай жасалатын жолды дәстүр.

Ау жар (салт, айтыс). Ұзатылып бара жатқан қыздың «сыңсуы», «қоштасуы» ұлттық тәрбие мектебінің тамаша үлгісі. Алтын ұяны, туған ел жұрттан бөліну, жат босаға аттау оңай іс емес. Осының бәрін тәжірибелі де тәрбиелі халық жылай жүріп ән, жыр түрінде шеберлікпен үйлестіріп жасай білген. Тағы бір қызығы қыз жылап қоштасқанмен ол қайғы емес қуаныш, қимастық сәтінің де белгісі. Дегенмен қыз ауылының қыздары мен жігіттерінің де қимастық көңілдері де көрінбей қалмайды. Олар «жар жардан» кейін де өлең жырды үстемелей жүріп айтыс түріндегі «ау жарды» тағы бастай жөнеледі. Мұнда да ізгі тілектестік, достық көңіл, жаңа бақыт жолында жақсы ниет көрінеді. Оның сөзі де, әні де көркем, ойнақы айтылады. Ол біресе «ау жар», біресе «ай ау», біресе, «бике ау», біресе «үкі ау» деп те айтыла береді. Олардың мынадай үлгілері бар: Буынғаным беліме кісен бе еді, ау жар ау, Бекем бусам белімнен түсер ме еді, ау жар ау, Әкең барып шешеңді ап келмесе, ау жар ау, Мұндай азап басыңа түсер ме еді, ау жар ау! Мінген де атың боз ғана, бике ау, Күйеуің сенің боз бала, бике ау. Өксігің сенің басылмас, бике ау, Әлдилеп бала сүйгенше, бике ау. Мінген де атым жиренше, үкі ау, Тықыршып тұрар мінгенше, үкі ау, Қыз көңілі басылмас, үкі ау, Әлдилеп бөпе сүйгенше, үкі ау! Кеттің, кеттің деуші едің, кеттім, апа ай ау, Ерттеп қойған атыңа жеттім, апа ай ау, Шымылдығын желпе сал, көрсін апам, ай ау, Көзінің жасын қойнына, төксін апам, ай ау! Бұл жырдың бәрінде де әдеп, өнеге, тәлім тәрбие, халықтық салт сана мектебінің тамаша үлгісі жатыр.

Сыңсу (салт). «Халқымызда тұрмыс салт жырларының ең көп тарағандарының бірі сыңсу». Ұзатылған қыз өз босағасынан аттанар алдында ағайын туғандарын аралайды. Былайша айтқанда қоштасады (Бірақ бұл дәстүрлі қоштасу емес). Жеңгесін ертіп ағайындарын аралап жүрген қыз жәй жүрмейді. Ол өзінің балалық дәуренінің, оң жақта бұлғақтап өскен бақытты күндерінің өткендігін, аяулы ата анасының, туысқандарының өзін мәпелеп өсірудегі еңбегін өлеңмен айта жүріп өксиді. Ондай өлең жырды сыңсу дейді. Базардан келген құйысқан Тарамай шашым ұйысқан. Келіп кетіп жүріңдер, Сағындырмай туысқан деп өзінің өтінішін де айта жүреді. Қыздың сыңсуы жарасымды әрі тәрбиелік мәні бар салтанатты салт. Бұл адамгершілік, әдептілік жағынан алғанда да өте орынды дәстүр. Өйткені балалық күндерден ағайын ортасынан бөлініп кету оңай іс емес. Ал қазақтың қазіргі қыздары бұл дәстүрдің алтын арқауын үзді десе де болады. Өйткені ауыл, үй аралап сыңсу, жылау түгілі, оң жақтан аттанарда күліп, қуанып жүргендерін де көз көрді. Бұл ұлттық тәрбие мен ұлттық мәдениеттің ұмытылғандығынан деп танимыз.

Үй көрсету (дәстүр). Жаңа түскен келінді туыс туған, көрші көлем, ілік жекжаттар «үй көрсетуге» (шығыс жақ «отқа шақыру» дейді» яғни есік ашарға шақырады. Мұның мағынасы келін отбасымен танысып, үйге келіп жүрсін деген сөз. Бұл үйге келін құр қол бармайды, кәде жорасымен барады. Мұны « ілу» дейді. Бұл мәселені шақырған үйдің дәрежесіне (үлкен, кіші деген мағынада) келіннің енесі шешуі керек. Мұнымен бірге келінді шақырған үйлер келіннің мінез құлқын, жүріс тұрысын яғни әдеп, тәртібін байқап сынап отыратыны да бар. Мұны болашақ келіндер ескере жүруі керек. Өйткені аталған дәстүр әлі жалғасып келе жатыр.

Қоштасу (салт). Ұзатылатын қыз өз үйінен аттанар алдында өзінің ата анасымен, аға інісімен, сіңлісі, жақын жуықтарымен қоштасу жырын айтады.

әуеден ұшқан бұлдырық,

Құбыладан соққан ызғырық.

 Жатқа кетіп барамын

Жаратқан соң қыз қылып,

Атасы жақсы құл болмас,

Анасы жақсы күң болмас.

Оң жақтан кетіп барамын.

Қыз еркелеп ұл болмас, деп өзінің жат жұрттық болып жаратылғанын жырға қосады.

Ең соңында: Жанымдағы қыным ау,

Сіңлілер мен інім ау.

Жыл айналып келгенше,

Қош аман бол күнім ау, деп бауырларымен қоштасады. Мұнда «жыл айналып келгенше» деген сөздің мағынасы бар. Өйткені дәстүр бойынша ұзатылған қыз жыл толмай өз үйіне бара алмайды. Қоштасу қазақ халқының бауырмалдық, әншілік, айтқыштық қабілетін көрсететін тұрмыс салт жырларының ішінде көркем де көрнекті дәстүр. Қоштасу жыры соңынан қыздың жеңгелері мен серіктері:

Жылама, бикем, жылама,

Көзіңнің жасын бұлама.

Ұл болып тусаң әуелден,

Сені мұндай қыла ма?

Деп оған жұбату айтып, келешегіне жақсы тілек білдіреді. Салт жырларының тәрбиелік маңызы зор. Мұнда ұлттық дәстүр, халықтық қағида, ағайын туыстық қимас сезім, алдағы арман бәрі бәрі де бар. Қоштасу, жұбату жыры сонысымен құнды.

 «Қыз ұзату» (салт, той). «Ұлын ұяға, қызын қияға қондыру» ата ананың тілегі әрі парызы. Соның ішінде қыз ұзату үлкен той, думан әрі қызық. Бұл күні ата ана қуанады, әрі жылайды. Қуанатыны қыз өсірді және оны құтты жеріне қондыруы, жылайтыны әрине қимастық көңілі. Қызды алуға құда (тақ санмен) бес не жеті кейде одан да көп адам келеді. Мұның ішінде бас құда, құдалар және күйеу жолдас болады. Солтүстік және Орталық Қазақстанда тек ер адамдар барады. Құдалар әдетте кешкілік баруы керек. Мұнда ойын сауық, құдалық рәсімдер мен кәде жоралар жасалады. Жақын адамдар құданы үйіне шақырады. Ұзатылатын қызды дәстүр бойынша таң ата, күн шыға жөнелтеді. Оның алдында қыз «Қоштасу жырын», жастар «Жар жар», «Ау жар», «Аушадияр» айтылады

Сәукеле кигізу (салт). «Қара мақпал сәукеле, шашың басар жар жар ау» (жар жар). Өмірде қазақ салт дәстүрлерінің түрлері көп. Соның ішінде қалыңдыққа сәукеле кигізудің орны бір бөлек. Себебі сәукеле әйел киімдерінің ішіндегі ең асылы ғана емес, оның жұбайлық өміріндегі елеулі кезінің естен кетпес ыстық сәті. Ол бұлғақтап өскен оң жақтағы және ақ босаға аттар арасындағы қимас та қызықты кездің ескерткіші. Бұл аз болса келіншекке сәукеле кигізудің өзі бір ерекше салтанат. Бұған құда құдағилар шақырылады. Шашу шашылады. Ақ бата арналады. Сәукеле байғазысының бағасы да олқы болмайды. Сәукелелі келіншек ажарлы да базарлы көрінеді. Оны жұрттың бәрі көруге ынтық. Оның көрімдігі де соған лайық болу керек. Жас отау, сәукелелі келіншек, ойын сауық, көңілді күлкі жаңа өмірдің бақыт есігін ашқандай әсер етеді. Сәукеле туралы бірер сөз. Сәукеле келіншек киімі. Ол бас киім ғана емес қазақ сән салтанатының, салт дәстүрінің мәдениеті мен шеберліктің озық үлгісі, өнер туындысы. «Алтынмен апталып, күміспен күптеліп» дегендей, ол інжу маржан, гауһар, лағыл, жақұт сияқты асыл тастар тізбегімен әрленіп, әшекейленеді. Негізі мақпал, барқыт сияқты қымбат маталардан тігіліп, бұлғын, құндыз терілерімен жиектеліп, оқамен оюланып, түрлі түсті моншақтармен шашақталып, көркем жіптермен кестеленіп, алдыңғы жағы көзді тастармен қапталып, түрлі тағым, алтын, күміс теңгелермен безендіріледі, төбесіне үкі тағылады. Көрсе көздің жауын алатын осы бұйым тек келіншек сәні ғана емес, той салтанаты мен құдалар беделін де көтере түсетін ерекше көрініс! ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген Кіші жүздің Байсақал атты байының қызының сәукелесін Кенесары ханның ағасы Саржан төре бес жүз байталға бағалаған.

Отау көтеру (салт). «Көтерілген отауың құтты болып, ұзақ жасап ішінде сүйсін жарың» (Қыз Жібек). Ұлтымыздың мәдениетінде «отау көтердің» деген сөз бар. Ол «үйлендің, жұпты болдың» деген мағынаны білдіреді. Демек, үйленумен бірге отау көтеруге тиіс. Әдетте ұлы үйленетін, қызы тұрмысқа шығатын ата ана алдымен отау дайындайды. Қыз жасауына отау қосыла берілетін. Отау жас отбасының бақыт шаңырағы болып саналатындықтан оны барынша әсемдеп, әдемілеп, толық жабдықтап әзірлеу аз шаруа емес. Оған көрші көлем, жақын туыс, нағашы жиендер тегіс араласады. Кесе аяқтан бастап үй киізіне дейін әкеледі. Сөйтіп бүкіл ауыл болып отау көтеру әрі қызық, әрі міндетті іс. Отау алғаш тігілгенде оны құрметті әрі елге сыйлы аналар бастайды. Шаңырақты да бақанға ақ мата байлап, ел ағалары көтереді. Отқа май құйылады, «босаға майлау» жасалады. Алғашқы дастархан жайылып, оған мол тағам жасалады. Кіргендер шашу шашып, «құтты болсын», «іші жанға, сырты малға толсын» деген тілекпен қуанышын білдіреді. Жақын туыстар отауға көрімдік әкеліп, мал атайды, бағалы мүліктер сыйлайды. Жас отау әке үйінің оң жағына тігіледі. Бұл үйге жасы үлкендер шақырусыз кірмейді. Ал жастар мен балалар қызықтап, осы отауды төңіректейді. Ауылдастар мен жанашырлар жас отау түтінінің түзу шығуын, жаңа үйленгендердің тұрмыс тіршілігін сырттай бақылап, келінге баға беріп отырады. Жас келін ерте тұрып өз үйінің ғана емес, жанындағы іргелес үйлердің де түндігін ашуы оның әдептілігі мен мәдениеттілігін білдіреді.

Атбайлар (салт). Мұның да екі түрі бар. Жас отаудың шаңырағы көтерілген соң ағайын туыстар оған шашу шашып, «керегесі кең болсын», «босағасы берік болсын» деген тілек айтады. Байғазы береді. Ет жақыны босағаға жылқы байлайды. Мұның аты «атбайлар». «Атбайлардың» екінші түрі кәде. Құда құдағилар келгенде немесе күйеу қалыңдығын алуға келгенде олардың жеңгелері алдынан шығып түсіріп алып, атын байлайды. Бұл «атбайлар» деп аталатын той салты. Оған арнайы кәде беріледі. Ол кәдеден тағы бір әйел тәбәрік сұрайды.

Аушадияр (дәстүр). Үйлену тойы кезінде айтылатын дәстүрлі өлең, жыр,  және жәй өлең емес, өзіндік айтылар әні, ерекше ұлттық тәрбиелік маңызы бар. Көркем шығармашылықпен айтылатын той көркі, салтанат сән, өнегелі өнер. Мұны іздеп тауып, өмірге әкелген көп жасағыр жазушы Уахап Қыдырханов екен. Аушадияр жырының үлгілерін шетелдегі қазақтар сақтап, бізге жеткізген. Шынын айту керек бұл қазіргі Қазақстан елінде айтылмайды, халық жадынан мүлде шығып кетіп ұмыт қалған. Аушадияр үйлену тойы үстінде айтылады. Аушадияр бір болар, Жаманның көңілі кір болар. Ата анасын сыйлаған, Ақ шалмалы би болар. Аушадияр екі дер, Ержеткеннің еркі дер, Омырауы толған он түйме, Қыз баланың көркі дер... Аушадияр төрт болар, Қыздың қойны өрт болар. Екі жақсы қосылса, Өле өлгенше серт болар. Жыр жаңа қосылған жастарға арналады. Мұнда ақыл, үлгі, өнеге, тәлім тәрбие туралы толғауды санамалап айтудың халықтық таза бай дәстүрі бар. Ұлтымыздың ұлағатты әдет салтының бұл түрін өмірге енгізетін болсақ мәдени қазынамыз да, өнеріміз де өсе түсер еді.

Есік ашар (дәстүр). Күйеу жігіт келіншегін алып, үйлену тойы өткен соң келісілген уақытта өзі қатарлас жас жігіттермен ата енесінің үйіне келеді. Мұны халық әдебиетінде күйеудің алғаш яғни есік аша келуі дейді. Демек бұл жауапкершілігі мол, бұрын ел жұрт көрмеген күйеуді сынайтын келіс. Күйеу бұл жолы да кәде жорасымен, әдет салтымен келеді. Әзілқой жеңгелердің сын мініне де шыдайды. Ретін тауып жауап та бере алады. Ойын тойсыз, әзіл қалжыңсыз отырмайтын қазақ ауылы үшін күйеудің есік аша келуі де көңілді мерекеден кем болмайды. Мұнда да үлкен кіші бір жасап қалады.

Жасау(салт). «Көрсін деп жиылған жұрт тамашасын, жасауын таудай қылып үйгізді енді»! (Наурызбай Қаншайым). Ұзатылған қызға берілетін дүние мүлік «жасау» деп аталады. Халық қыздың жасауына аса зор көңіл бөліп, «жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді!» деген. Небір жақсы бұйым, сәукеле, кілем, текемет, ыдыс- аяқ, төсек орын, киім-кешек, әсем-әшекейлі тағымдар қыздарға берілетін болған. Ауқатты адамдар ақ отау тігіп ұзатқан. Жасауды қыздың еншісі десе де болады.

 «Жігіт түйе» (дәстүр). Құдалық, отау көтеру дәстүрінде қыз өсірген ата-ана еңбегі де елеусіз қалмаған. Той үстінде күйеу жігіт енесіне «сүт ақы» сыйын ұсынса, атасына «жігіт түйе» деген сый әкеледі. Бұған міндетті түрде түйе («жігіт түйе» деген сөз осыдан шыққан), жағалы киім немесе қымбат бұйымдар, ер тұрман әкеледі. Атасы риза болған жағдайда қол жайып, батасын береді. Сүт ақы. Қыз ұзату тойы мерзімін қалыңдық ауылы құдаларымен келісе отырып белгілейді. Бұл тойға күйеу бас құда бастаған құдалар тобымен және өнерлі күйеу жолдастарымен келеді. Мұнда құдалық кәделері өте көп. Соның ішіндегі жолы бөлек, қымбат кәделердің үлкені «сүт ақы» деп аталады. Бұл қыздың анасына тартылатын сыйлық. Бұған анасы бата береді.

 «Өлі тірі» (дәтүр). Екі жақ келісімі нығайған соң күйеу жағынан құдаларына бір білікті адамды бас етіп «өлі тірі» яғни кәделі мал жылқы жіберіледі. «Өлі тірі» деген өлі мен тірі арасында адалмыз, құдай қосқан құдалығымыз ақиқат» деген ұлттық ұлағатты ұғымды білдіреді. Бұл үлкен кәделі әрі маңызы жол жоралғы, құдалық бекіді деген сөз. «Өлі тірі өткен соң өлген күйеу жатпайды» деп бұдан кейін күйеу қалыңдығына «ұрын» баруына жол ашылады.

Жолдық (дәстүр). «Қайным, жолдығымды ұмытпа, толымды болсын, деді жеңгесі Қаным күле сөйлеп» (ел аузынан). Алғашқы неке түні жігіт пен жас келінді жеке бөлмеге кіргізіп өздеріне төсек салып алаңсыз, жайлы жатуына жағдай жасайтын әйел әдетте жігіттің жеңгесі болады. Ол жастарға бақыт тілеумен бірге, әзіл қалжыңын араластыра жүріп, алғашқы төсек ләззатының жөн жосығын, әдет ғұрпын түсіндіреді. Ертеңіне келіннің пәктігіне де осы жеңге куәлік береді. Мұндай сәт әдепті, үлгілі, үлкен кіші бірдей сыйлайтын, бала шағалы келіндерге ғана тапсырылады. Бұл күн жұптық, некелік өмірдің ұмытылмас сәттерінің бірі. Сондықтан бұл түнді көңілді әрі жайлы өткізудің орны мүлде бөлек. Бұл күтіп, қайнысының жылы төсектен тұрған сәтін күтіп тұрып, « ерініңді жібіттім, қойыныңды жылыттым, енді жолдығымды бер» деп назданады. Жөн білетін қайнысы жеңгесі риза болатындай «жолдығын» беріп, ерлі зайыптының алғашқы таңын күліп қарсы алады. «Жолдықтың» жолы бөлек. Сондықтан оған аталатын кәде де толымды әрі бағалы болады.

Беташар (дәстүр). «Уә әлеумет! Енді беташар тыңдайық!». Жаңа түскен келінді «беташар» дәстүрі жасалмай ешкім көре алмайды. Оны көру үшін әдейі «беташар» жасалады. Оған тойға жиналған туыс туғандар тегіс қатынасады. Жас келіннің екі жағында екі көргенді келіндері тұрады. Мұнда «Беташар» жыры айтыла отырып, келінге оның атасы, енесі, оның басқа туыстары таныстырылып, келін оларға сәлем жасайды. Сәлем жасаған адамдар «көрімдік» береді. Бет ашатын жігіт ән жырды желдірте, көңілді көтере жыр төгуі керек.

Келін келді көріңіз,

Көрімдігін беріңіз.

Анау мынау демеңіз,

Түсін айтып қойыңыз, деп бастаған әнші жігіт жас келіннің аталған жақындарына лайық әзіл қалжыңдарын араластыра «көрімдік» сұрап, жұртты көңілді күлкіге қарқ қылады. «Беташар» тойдың басы әрі сәні, жас келіннің жаңа өмірге бет алғанын білдіретін қызықты, салтанатты, ажарлы дәстүрлердің бірі.

Қыз көші (салт). Құда аттандырар кәдесі жасалғаннан кейін ұзатылған қыз шешесі, жеңгесі, жас іні, сіңлілермен бірге көлікке отырып жолға шығады. Қыз артта қалғандарға қарамауы керек. Құдалар алға түседі. Одан кейін шаңырақ түйе (қыз көші) жүреді. Тойшы жігіттер көш соңынан әсем киініп ән-күймен ереді. Былайша айтқанда көште ерекше салтанатты жарасымдылық болады. Қыз ауылынан бір көш жер шыққанша мұны «қыз көші» деп атайды. Одан әрі асқаннан кейін «келіншек көші» дейді. Келіншек көшінің келе жатқанын білетін жолдағы ауыл қыз-келіншектері, жастары «келіншек көшін» тоқтатып «түйемұрындық» алып, батасын беріп, «жол болсын» айтып шығарып салады. Жарысқазан Жарысқазан (ырым). Әйелдер босанар сәтте басқа әйелдер қазанға жеңіл желпі тамақ істеп оны босанатын әйелден бұрын пісірмек болып «жарысады». Халық ұғымы бойынша туатын бала «жарысқазанға» қатысып, одан бұрын өмірге келуге тырысады деп түсінген.

Жар жар (ғұрып). Ұзатылған қыз тойында қыз жігіттер тобы кететін қыздың көңілін аулап, баратын жағында да осындай жақсы жайлар болатынын өлеңмен айтысады. Сонымен бірге олар қыздың бақытты, елге сыйлы болуына тілектестік білдіреді. Мұның бәрі өлеңмен айтылатындқтан «Жар жар» қызықты болып естіледі. Мысалы: «Жар жарды» жігіт былай бастайды: Алып келген базардан, Қара насыр, жар жар ау Қара мақпал сәукеле, Шашың басар, жар жар ау! Мұнда әкем қалды деп, Қам жемеңіз, жар жар ау Жақсы болса қайны атаң, Орнын басар, жар жар ау! Қыз былай деп жауап қайтарады: Есік алды қара су, Майдан болсын, жар жар ау. Ақ жүзімді көргендей, Айнам болсын жар жар ау. Қайын атасы бар дейді ау, Осы қазақ, жар жар ау Айналайын әкемдей, Қайдан болсын, жар жар ау!

 

Студенттердің   білімдерін бақылауға арналған сұрақтар:

1.Халақтық еңбек дәстүрлеріне анықтама беріңіз.

2.Еңбекке баулу жолдарын  анықтаңыз.

3.Еңбек тәрбиесінің әдістеріне анықтама беріңіз: түсіндіру, әрекет түрлерін көрсету, жаттығу, өсиет, мадақтау, тыйым т.б.

 

Әдебиеттер:

1.Виноградов Г.С. Народная педагогика.- Иркутск , 1926

  1. Кожахметова К.Ж. Казахская этнопедагогик: Методология, теория, практика.- Алматы: Ғылым, 1998.

3е. Этнопедагогика.А-1999ж

  1. Ә. Табылдиев.Халық тағылымы. А-1992
  2. Ғаббасов С. Халық педагогикасының негіздері Алматы, 1995 ж.
  3. К.Б.Жарықбаев. Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы А-І994

баулу.