Өзінің грамматикалық құрлымы жағынан латын тілі синтетикалық немесе флективтік типке жатады. Яғни, құрылымы аналитикалық тип болып келетін тілдерден айырмашылығы жұрнақ және жалғау (флексия) қосу арқылы әрбір сөздің грамматикалық тұлғасын өзгертеді. Сөздердің құрамы негізінен түбір, жұрнақ және жалғаудан тұрады. Егер сөздердің құрамынан бір дыбысты алып тастаса, онда бұл сөздер не басқа мағанаға ие болады, не мағанасыз, әлдеқандай бір түсініксіз сөзге айналады.
Түбір сөз – сөздердің ешқандай тұлғалық бөлшектерге бөлінбей-тін түпкі, негізгі қазығы, ұйтқысы, жаңа сөз жасаудың мағаналы бөл-шегі. Егер түбір өздігінен ешқандай қосымшасыз жеке тұрып, белгілі бір мағанаға ие болса, оны негізгі түбір деп атайды.
Егер түбірге қосымша қосылып, жаңадан түбір сөз жасалса, онда оны туынды түбір деп атайды. Ал осы туынды түбірден әр қарай тағы да екінші бір сөз жасалса, онда мұны туынды сөз деп атайды.
Сондай-ақ, сөздердің бірігуі, қосарлануы, тіркесуі (құрама), қыс-қартылуы арқылы жасалған сөздер күрделі сөздер делінеді. Тек қана түбірдің өзінен болған сөздер мен түбірге жұрнақ жалғану арқылы жасалған туынды түбірлер және туынды сөздер жалаң сөздер деп аталады.
Ғылыми грамматикада жеке түбір сөздерді, сөздің мағаналы бөл-шегін негізгі морфема дейді де, қосымшаны көмекші морфема деп атайды.
Түбір сөзден кейін тұрған сөз бөлшектерін қосымша дейміз, ал түбір мен қосымшадан тұрған сөзді қосымшалы сөз дейміз.
Қосымша жұрнақ және жалғау болып екіге бөлінеді.
Жеке сөздердің түбіріне жалғанып, бірде жаңа мағаналы сөз, бірде жалғанған сөздерінің формасын ғана өзгертетін сөз бөлшегін жұрнақ дейміз.
Өзінің жалғанған сөзінен жаңа мағаналы сөз тудыратын жұрнақ сөз тудырушы жұрнақ деп аталады. Жалғанған сөзінің алғашқы негізгі мағанасын өзгертпей, оған тек сәл ғана үстеме мағана беретін жұрнақтың түрі сөз түрлендіріші жұрнақ делінеді.
Жұрнақ сөз тудыратын, оны түрлендіретін сөз бөлшегі болған-дықтан, үнемі түбірден кейін, жалғаулардан бұрын келеді.
Жалғау – жалғанған сөзін екінші бір сөзбен қарым-қатынасқа түсіріп, оларды өзара байланыстырып, жалғастырып және жалғанған сөзіне азын-аулақ үстеме мағана беріп тұратын грамматикалық тұлға.
Басқаша айтқанда, жалғау өзінің тура мағанасына сәйкес, сөз бен сөзді бір-бірімен ұластырушы қызметін атқарады. Жалғаулар да жұрнақтар сияқты дербес, жеке мағанада жұмсалмайды, өйткені бұлар да сөзден тыс жеке қолданылмайды. Жалғаудың бірнеше түрі бар.
Олар – көптік, септік, тәуелдік және жіктік жалғаулар. Осы жалғаудың әрқайсысының өзіне тән формалары (көрсеткіштері) мен грамматикалық қызметтері бар.