1 Кіріспе дәріс
1.1 «Еуропа мен Американың жаңа тарихы» курсының кезеңге бөлінуі.
1.2 Әлемдік тарихтың аталмыш кезеңінің негізгі мазмұны.
Жаңа уақыт адамзат тарихында маңызды орын алады. Бұл кезеңде жаңа қоғамдық құрылыс қалыптасты, ол құрылыс Еуропа мен Американың көптеген елдерінде әлі күнге дейін сақталып отыр.
«Жаңа уақыт» тарихи ғылымда орта ғасырлар мен қазіргі заман кезеңдерінің аралығындағы Батыс Еуропа тарихындағы кезеңді белгілейтін аралық болып табылады. Бұл кезең XVI ғасырдан бастап 1918 жылға (Бірінші дүниежүзілік соғыстың соңы) дейінгі уақыт аралығын алады және капитализмнің немесе еуропалық индустриалды (өндірістік) өркениеттің пайда болуына, қалыптасуына сәйкес келеді.
«Жаңа уақыт» түсінігі Қайта өрлеу дәуірінде пайда болды. Гуманисттер ең алғаш рет тарихты үш кезеңге: ежелгі, орта және жаңа деп бөлу идеясын ұсынды. Француз ағартушылары осы терминді айналысқа енгізді. Еуропа тарихындағы жаңа кезеңді ағартушылар мен философтар Ренессанс кезеңіндегі мәдениеттің, ғылымның гүлденуімен байланыстырады. Бұл түсінік Еуропа мен Америкада парламенттік құрылыстың қалыптасу кезеңі кезінде қоғамдық келісім теориясы негізінде меншік бостандығы, адам құқықтары, жаңа мемлекеттік құрылыс туралы жаңа идеялар қалыптасу кезеңінде нақтыланған еді. Бұл кезеңде тарихи үрдістегі адамның ролі, оның мемлекетке шіркеуге, адамға деген көзқарасы өзгерді. Мәдениет, білім беру, тұрмыс-салт, мінезі, әдет-құлықтары, жүріс-тұрысы маңызды өзгерістерге ұшырады.
Кезеңге бөлу мәселесі өткен кездегі, қазіргі заманғы тарихшылардың арасында қызу пікірталас тудырады. «Жаңа және қазіргі заманғы тарих» журналының беттерінде осы мәселе бойынша ресейлік танымал ғалымдардың мақалалары жарияланған болатын. Ғылыми кезеңге объективті түрде бөлу үшін кезеңге бөлудің критерийлерін анықтаған дұрыс. Зерттеушілер кезеңге бөлудің негізіне ойлау жүйесінің өзгеруі, рухани салада, мәдениетте, техниканың дамуындағы, қоғамдық өндіріс технологияларындағы өзгерістер, Американың ашылуы, сонымен бірге географиялық фактор тәрізді жайттарды негізге алуды ұсынады. Макс Вебер жаңа уақыттың басын батыс еуропалық протестантизм таратқан «капиталисттік рухпен» байланыстырады.
Соңғы онжылдықта тарихты дәуірлерге бөлудің жаңа негіздері ұсынылды. Француздық «Аннал» мектебінің өкілдері дәуірлерге бөлу түрлі құрылымдардың (демографиялық, экономикалық конъюнктуралардың динамикасы, көпшілік сана) үздіксіз ұзақ үрдістерін бөлу негізінде құрылу тиіс деп есептейді. Тарихтың сандық сипаттамасы және олардың негізінде әлемдік тарихи үрдісті дәуірлерге бөлу ұсынылды. Жаңа бағытқа өркениеттік көзқарасты жатқызуға болады. Ғылыми әдебиетте өркениеттің бірнеше анықтамасы, оның ішінде «еуропалық өркениет», «америкалық өркениет», «орыс өркениеті» сияқты типтері бар. Өндірістік күштердің даму деңгейі, тұрмыстық мәдениеттің ортақтығы, өмір сапасы мұның негізі болып табылады. «Өркениет» түсінігі аталмыш қоғамның көрсеткіштерінің барлық кешенін анықтайды. Өркениет – бұл жеке елдің, ортақ тағдырмен байланысқан елдер тобының және жалпытарихи үрдістің ырғағының мәдени-тарихи, этникалық, діни, экономикалық-географиялық ерекшіліктері.
Өркениетті бағыттың міндеті адамның өткенді, қазіргі кезді және болашақты зерттейтін зерттеушілік бағдарламалардың ортасыда тұруында болып табылады. Адамзат тарихында өркениеттің келесі негізгі түрлерін ажыратады: ежелгі шығыс (Ежелгі Египет, Месопотамия, Ежелгі Қытай, Ежелгі Үндістан, және т.б.), антикалық, аграрлық (ортағасырлық), индустриалды (еуропалық), ресейлік. Өркениеттік көзқарас адамзаттың дәуірден дәуірге қозғалысы кезінде рухани, қоғамдық бастаулардың алдыңғы қатарда тұруын, адамдарды жаңа білім алуға, қоршаға ортаны өзгертуге, өндірісті жүзеге асыруға материалдық игіліктер мен қызметтерді айырбастауға, өндірістің нәтижелері мен әдістерін алмастыруға әлеуметтік-саяси және мемлекеттік қарым-қатынастардың, құқық нормаларының түрлерін ауыстыруға ұмтылдыратын саналы қажеттіліктердің басымдылығынан тұрады.
Өркениет категориясы адамның дамуының көлемді суретін көрсетуге, ішкі және формааралық қайшылықтарды ашуға көрсетуге мүмкіндік береді. Өркениет материалдық және рухани мәдениеттің белгілі бір деңгейі ғана емес, сонымен бірге кеңістік пен уақыт шекарасымен шектеулі даму баспалдағы ретінде де қарастырылады.
Кеңес тарихнамасы тарихты дәуірлерге бөлу негізіне формациялық қағидаларды қойды. Барлық тарих кезеңге бөлінді. Формациялық көзқарастың өзінің артықшылықтарымен қатар кемшіліктері де бар. Тарихи үрдіс бірізділікке душар, экономикалық үрдістерге байлануымен, ғылымның жаңа жетістіктеріне деген сезінушіліктің әлсіздігімен идеологиялық диктатпен, жаратылыстану ғылымдары мен тарихи ғылымдардың арасындағы жүйелі байланыстың үзілуімен ерекшеленеді.
Студенттерге формациялық және өркениеттік қағидаттарды біріктіру нұсқасы ұсынылады, бұл Еуропа мен Американың дамуы туралы кең түсінік алуға, жаңа тарих мәселелерін қарастырудағы олқылықтардың орнын толтыруға, жаңа тарих кезінде қалыптасып, Еуропа мен Америкада әлі күнге шейін сақталған рухани даму, тұрмыстың, мінез-құлықтардың, салт-дәстүрлерге көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді.
Жаңа тарихтың бірінші кезеңі XVI ғасырдан 1815 жылға дейін уақыт аралығын қарауды ұсынады. XVI ғасыр – XVII ғасырдың бірінші жартысы (Ағылшын революциясына дейін) географиялық түсінік қана емес, сонымен бірге Еуропаның нарықтық «капиталистік» шаруашылық моделінің генезисінің қайырылмас үрдісі жүретін өзара байланысқан бүтіндік ретінде қаралады. Бұл адамдардың өскен қажеттіліктерін қанағаттандыра алмауы, жаңа идеяларды, жаңалықтарды қабылдамауы салдарынан аграрлық қоғамның тиімділігінің төмендеуінен және өркениеттердің ауысуының алғышарттарының жинақталуының жасырын кезеңі. XVII ғасырдағы ағылшын революциясы ескі аграрлық қоғамның дамуындағы дағдарысты анықтап берді. Қайшылықтар шарықтау шегіне жетіп, ескі механизмдердің оларды шешуге қауқарсыздығы байқалды. XVII ғасырдың екінші жартысы – XVIII ғасырдың бірінші жартысында Еуропада аграрлық және капиталистік шаруашылық модельдерінің арасында салыстырмалы тепе-теңдік байқалғанымен, ол тепе-теңдік Америкалық және Француз революцияларының барысында күйреуге ұшырайды. Мануфактуралық өндіріс негізінде саяси құрылымның жаңа формалары құрылды, Еуропаның рухани өмірінде терең әрі қайталанбас өзгерістер орын алды. Бұл үрдістер қайта оралмас ескі қоғамның қарсылығы жағдайында жүріп жатты.
Әрбір тарихи дәуір түрлі – заттық, этнографиялық, ауызша және жазбаша ескерткіштерде көрініс табады. Сәулет ескерткіштері, тұрмыстық заттар, теңгелер, түпнұсқа заңнамалық актілер, грамоталар, заңды құжаттар тарихи ақпараттың көзі болып табылады. Дереккөздер тарихшы жұмыс істейтін «шикізат» ретінде жүреді, тарихшы материалды өңдеуі, яғни онда сақталған ақпаратты алып, оның сапасын, толықтығын және дұрыстығын тексереді.
Жаңа кезең тарихы бойынша дереккөздер алдыңғы тарихи кезеңдерге қарағанда анағұрлым көп түрлі болып келеді. Дереккөздердің көптігінің себебі бұл кезеңнің адамзат өміріне орасан зор жаңалықтар әкелуінен көруге болады. Тарих қозғалысы жылдам ырғақпен жүре бастады. Саяси күрес жаңа сипат алды, кітап басу ісі, баспасөз, кейінірек радио, теледидар тәрізді жаңалықтар осы күрестің қызметіне жұмылдырылды.
Саяси күрес күрделі әрі көп түрлі бола бастады. Тұрғындардың сауаттылық деңгейінің сапасы жақсарды. Мемлекеттік іс жүргізу дами бастады. Бұл кезеңге жазбаша әсіресе баспалық материалдың көп болуы тән.
Мемлекеттің қызметіне байланысты материалдар – заңнамалық актілер, парламент құжаттары, әкімшілік және сот-тергеу органдарының құжаттары, статистика мәліметтері, ресми дипломатиялық құжаттама, саяси партиялар мен көпшілік қоғамдық қозғалыстардың құжаттары, мерзімді баспасөз, мемуарлық дереккөздер (естеліктер мен күнделіктер), эпистолярлық материалдар, көркем шығармашылық туындылары – жаңа тарих кезеңінің негізгі дереккөздері.
Жаңа уақыттың басталу шегін көп жағдайда XVI ғасыр деп алынады, алайда көптеген ғалымдар Ортағасырлар XVIII ғасырға дейін Француз революциясының, ХІХ ғасырдағы өндірістік төңкерістің және ХХ ғасырдағы ұлы өзгерістердің алдында жойылды және біз әлі де орта ғасырлардың соңғы материалдық және зияткерлік қалдықтарының арасында өмір сүреміз деп есептейді. XVI ғасырда Еуропада осы өңірді ерекше өркениет еуропалық түріне ерекшелеген және басқа Шығыстың, Азия, Африка және Ресей өркениеттерінен ерекшеленетін өркениет түрін қалыптастырған ерекше тұрмыс, мәдениет, салт-дәстүрлер, көзқарастар, өндіріс тәсілдері, еңбек құралдары қалыптаса бастады. Еуропадағы жаңа шаруашылық моделін К.Маркс Еуропада Батыс Рим империясының V ғасырдағы күйреуінен басталған феодалдық өндіріс әдістерінен айыру үшін капитализм деп атады. Феодализм өзара байланысқан қоғамдық институттардың күрделі жүйесін құрайды. Оның негізін аграрлы экономика – жер өңдеу, мал өсіру және түрлі кәсіптердің жиынтығы құрайды. Шаруашылық көбінесе натуралды болды, яғни адамдар нарықтың көмегіне жүгінбей өмірге қажетті заттарды өздері жасап алды. Сауда, түрлі кәсіптер және нарыққа бағытталған басқа да қызмет түрлері XI–XV ғасырларға дейін сақталып әрі дамып келді. Алайда олар экономиканың екінші кезектегі секторы болып қалды. Шаруашылықта ірі жер меншіктері басты орында болды. Шаруалар көп жағдайда өздерінің жер телімдерінің жалгері болып, жер иесіне жер меншігі, құқықтық және жеке бағынышта болды, алайда олар өз шаруашылығын жеке жүргізді, бұл олардың құлдардан басты айырмашылығы еді, әрі феодалдық қарым-қатынас жүйесінде маңызды саяси фактор болып табылды. Бұл жүйе үшін өндірісшінің тұлғасына зомбылық көрсету, оның құқықтарын шектеу, оның тағдырына, тіпті өміріне жеке билік жүргізу тән болып келеді.
XVI ғасыр – XVII ғасырдың бірінші жартысында Еуропада ортағасырлық қоғам бұзылып, оның орнына ерекше еуропалық немесе капиталистік шаруашылық моделі қалыптасты. Бұл мәдениет үшін кейбір ғалымдардың пайымдауынша еуропалық қоғам мен мәдениеттің мұрагерлігін сақтаған антикалық полистен жеткен қоғамның индустриалды моделі, христиандықтың рухани бағдарлары, қала коммуналарының дәстүрлері тән болып келеді.
Бірте-бірте Еуропада индустриалды өркениетке өту кезеңінде аса байқалған меншік бостандығы мен еңбексүйгіштік тәрізді полистік генотип компоненттері қалыптаса бастады. Полистік жүйе тұлғаның абыройына, оның таңдау бостандығына құрметпен қарайтын азат меншік иелерінің, азаматтардың қауымдастығынан тұрады. Ал бұл өз кезегінде, еуропалық мәдениетте белгілі сипаттардың қалыптасуына және басымдыққа ие болуына әкелді. Жеке тұлға мен оның мүдделері басты орында болды.
XVI ғасырдың екінші жартысы және XVII ғасырдың алғашқы онжылдықтары – бұл кейінгі Қайта өрлеу кезеңі. Бұл кезде орын алған ғылыми революция тәжірибелік білімнің негізін қалады. Коперниктің (1473–1543 жж.) кезінде жинақталған астрономиялық бақылауларды жинақтаған Галилей (1564–1642 жж.) және Кеплердің (1571–1630 жж.) жаңалықтары жаңа механика мен астрономияның негізін қалады. Еуропаның рухани өміріндегі жаңа тенденциялардың қалыптасуы Қайта өрлеу дәуірімен, адамға, оның табиғатына деген жаңа көзқаратың пайда болуымен байланысты. Табиғатты зерттеудің жаңа тәсілі – эксперимент әдісі пайда болды: Коперник математиканың көмегімен ғаламшарлардың қозғалыс жолын анықтаса, Кеплер осы жолды нақыт есептеп шықты, Галилей телескоп арқылы Айға зерттеу жүргізді.
Жаңа жаратылыстану мен әлемді тануды анықтауда танымның жаңа әдісін құрған француз ойшылы Рене Декарт (1596–1650 жж.) басты роль атқарды. Ғылыми революцияның аяқталуын Исаак Ньютонмен (1643–1727 жж.) байланыстырады. Нәтижесінде табиғат және оның заңдары қоғамның әлемдік дүниетанымының негізіне айналды. Енді бәрін, адамды да табиғатқа жатқыза бастады. Табиғат заңдары қоғамның барлығына тарала бастады. Әлеуметтік жүйеге механика заңдарына сәйкес, ең алдымен «элементтер» мен «күштерді» бөліп, сараптама жүргізді.
Қайта өрлеу және жаңа уақыт гуманизмі келесідей құндылықтарды: тұлғаға деген құрмет, табиғи икемділік пен күшке сену, адамның табиғи қажеттіліктерін қанағаттандыруға деген құқықтары, жердегі өмірдің қызықтары, бостандық құқығы басты орынға қойды.
XVI – XVII ғғ. рухани өмірі алуан түрлі болды, алайда адамдардың санасы бұрынғыша діндарлық кейіпте қалды. Барлық саладағы өзгерістер шіркеудің бөлінуіне әкеп соқтырды. XVI ғасырға дейін христиандық екі салаға – католиктік және православиелік болып бөлінді. XVI ғасырдан бастап католиктік дін өзара қарулы күрес жүргізген бірқатар протестанттық бағытқа бөлінді. Шіркеу бұл бөліністі тұлғаның діни бостандығының қалыптасуының негізін қалаған әр адамның сеніміне деген жеке құқығын тану арқылы жеңді. Құдай дінбасылардың жеке меншігі болудан қалып, әр адамның игілігіне айналды. Құдай мен адамның арасында тікелей байланыс қалыптасты. Киелі кітап әркім үшін қолжетімді болды (орыс үйлерінде икона қоятын бұрыштар немесе неміс үйлерінде библия тұратын бұрыштар құрылды).
Храм да өзінің бастапқы ролінен айырыла бастады. Протестант сенімінде ол жай ғана адамдар жиналатын орын болды. Екінші жағынан протестантизм өзінің доктриналарына сай келмейтін ойларды жою арқылы діни санаға шабуылды күшейтті. Протестанттық шіркеу серуендерді, діни кітаптарды оқуға тыйым салу арқылы халықтық мәдениетке шабуылды күшейтті. Иезуиттік орден құрып, инквизицияны күшейткен католиктік шіркеу де одан қалыспады.
Рухани өмірде жаңа мен ескі өмір қатар сүрді. Жаңа ол жаңа сенімдердің пайда болуы, ал ескі осы үрдісті қорқыту мен алдау арқылы тежеу болды.
Қоғамның сословиелік ұйымдасуы да дағдарысқа ұшырады. Экономикалық гүлдену қоғамдық өмірдің күрделінуіне әкеп соқтырды. Дворяндар мен діндарлармен қатар діни ортаға жақын зияткерлік элитаны бірітірген, университеттің заң және философиялық факультетінің бітірушілерінен және бай, саяси буржуазиядан құралған жаңа күшті қоғамдық топ пайда болды.
Батысеуропалық қоғам ортағасырлық тәртіп қажетке жарамай қалған күрделі саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени азгерістерге ұшырады. Оларды жеке реформалар жолымен жаңарту талпыныстары да түкке жарамай қалды. Дәстүрлі сословиелік қоғам мен сословиелік артықшылықтарға «Бостандық, теңдік, бауырластық» ұраны қарсы қойылды. Барлық үш түсінік антикалық ой-санадан бастау алады: бостандық талабы мен теңдік идеясы афиндық философия мектебі, ал бауырластық идеясы – стоиктер мектебі.
XV ғасырдың аяғына дейін тарихи үрдіс параметрлерінің көпшілігі бойынша Шығыс елдерінен (Қытайдан) артта қалған еуропалық өркениет бір жүзжылдық ішінде көп көрсеткіш бойынша оларды басып озды. Мұның басты себебі, Еуропаның өндірістің интенсивті әдісі – ақшалай-тауарлы қатынастарға көшуге дайын болуында еді. Ал, Еуропаға оқ-дәріні (сонымен қатар, мылтықты) магнитті ине, жібекті жасау технологиясы және басқа да жаңалықтарды сыйлаған елдер осы кезеңде мұндай бетбұрыс жасауға дайын болмай шықты.
Жаңа өркениеттің қалыптасуының маңызды шарты нарықтың ауылшаруашылық өндірісін жетілдіру және өнеркәсіпті дамыту болды. Бұл өз кезегінде тез әрі ірі табыс беретін мемлекеттің бақылауында дамитын салаға, негізінен саудаға құятын үлкен капиталды құруға мүмкіндік берді. Елге шетел валютасын тиімді сауда айналымы арқылы маңызды экспорттық салаларды тез дамытуға септігін тигізді.
Бұл жағдайда Батыс Еуропада кәсіптік өндіріспен бәсекелестікке түскен мануфактура ісі тез дами бастады. Мануфактуралар кәсіптік өндіріс техникасындағы жетістіктер және еңбек бөлінісінің негізінде қол жетімді болды. Мануфактуралық өндіріс бос жұмыс қолдары мен мен нақты капиталдың жинақталуын қажет етеді. Алайда, Англиядан басқа елдерде бұл үрдістің өзіндік белгілері болды және баяу дамыды. Өндірістің жаңа әдісінің пайда болуы қоғамның әлеуметтік құрылымын күрделендіре түсті.
Географиялық жағдаймен байланыстағы тарихи алғышарттар қоғамның өмірінің басты белгісі болатын еуропалық өркениеттің жағдайын анықтап берді. Мемлекеттік ішкі және сыртқы саясатында меншік иесін игілікті ететін жер меншігі емес, «адамды аздыратын ақшалай капитал» басты роль атқарды.
XVII ғасырдың ортасына қарай Голландия үлгілі капиталистік ел, «капитализм мектебі» болды. Нидерланд революциясы жаңа салт-дәстүрдің интенсивті қалыптасу үрдісіне тікелей әсер етті. Ауыл шаурашылығында өз тауарын нарыққа шығаратын жер иесі немесе жер үлесінің жалгері басты роль атқарды. Өндірісте капиталисттік кооперация немесе мануфактура маңызды роль атқарды. Қоластында шеберханада немесе өз үйінде жұмыс істейтін жалдамалы жұмысшылары бар мануфактурашы-көпестің тұлғасы бұл елдегі өнеркәсіптік өндірісті ұйымдастырудың негізгі формаларын көрсетті.
Олардың қатарына бір шетіне өз қолында халықаралық сауданың басты бөлігін өз уысында ұстаған көпестерді, кеме иелерін және халықаралық дәрежедегі қаржы иелерін, сонымен бірге аса көп емес, алайда саяси ықпалды – жер иелерін қойсақ, екінші шетінде ауылдық және қалалық қарапайым жұртты (батырақтар, теңізшілер, жүкшілер) қоямыз. Қоғамның әлеуметтік-экономикалық стратификациясы осындай еді.
XVII ғ. 40-шы жылдарындағы аграрлық өркениеттен өндірістік өркениетке көшу үрдісі қайталанбас. Голландияда, кейін Англияда буржуазиялық өркениеттің жаңа саяси жүйенің құрылуы Еуропадағы әскери-саяси күштердің орналасуына жаңа элемент енгізді.
Әдебиет [1–6].