2.1 Революцияның алғышарттары мен себептері.
2.2 Пуританизм, оның ролі және революциядағы маңызы.
2.3Пресвитериандар және олардың Ағылшын революциясындағы орны. «Ұлы ремонстрация».
2.4 Саяси топтар: индепенденттер, левеллерлер.
2.5 Ағылшын революциясының тарихи маңызы.
Жаңа заман тарихының басындағы Англияның маңызды оқиғасы 1640-1660 жылдардағы Ағылшын революциясы болып табылады. Шын мәнісінде, біз қазір «революция» деп атайтын құбылысты әр түрлі кезеңдегі тарихшылар әр түрлі бағалайды. Мысалы, 1640-1660 жж. оқиғалардың куәгері әрі қатысушысы және осы оқиғалар туралы көп томдық еңбектің авторы - граф Кларендон болған оқиғаны «ұлы бүлік» деп атаған еді.
ХIХ ғ. Виг тарихшылары Т. Маколей, С. Гардинер, Ч. Ферс бірінші орынға контитуциялық шиеленісті басты орынға қоятын «пуритандық революция» концепциясын енгізді. Кеңестік тарихнама марксистік тұрғыдан шиеленісті феодализмге жойқын соққы берген баға берді.
Өз өмірінің көп уақытын XVII ғасырдағы ағылшын тарихы бойынша еңбектер жазуға арнаған ағылшын тарихшысы Кр. Хилл бұл кезеңді «революция ғасыры» деп атап, ағылшын қоғамын ғасыр соңында қазіргі саяси институттарға жақын құрылымдарды құруға әкелген экономикалық, әлеуметтік, саяси, діни, идеялық және мәдени өзгерістерді біріктіріп қараған еді.
XVII ғасырдың басында Англия аграрлық ел болды, алайда елде күрделі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жүріп жатты. Тығырыққа тірелген (соғысты ары қарай жалғастыру үшін қомақты қаражат қажет еді) Карл, Страффордтың кеңесі бойынша 1640 жылғы 13 сәуірде парламентті шақырды. Ол өзіне қажетті субсидияларды тез арада алатынына сенімді болды.
Король үшін парламенттің оған ақша берудің орнына оның жасаған қысастықтарын, сонымен бірге Тауэр қамалында қаза тапқан Дж. Элиот туралы есіне салатынын күтпеп еді.
Оппозицияның алғы шебінде өздерін «қалаулы» ретінде санайтын фанатик-пуритандар тұрған еді. 1630 жж. қарай пуританизм жаңаша дін жоралғыларын жүргізу ғана емес еді, бұл кезде пуритандық өмір салты мен пуритандық субмәдениет қалыптасқан еді, барлық саяси мәселелер осы көзқарас тұрғысынан қаралатын еді. Осылайша саяси пуританизм қалыптасты. Осы жағдайда Карл І бесінші мамыр күні парламентті таратып жіберді. Ең аз уақыт жұмыс істеген парламент тарихқа «Қысқа парламент» деген атпен енді.
Король соғысты жалғастыру үшін күш жинай алмады, Страффорд ұсынған Шотландиядағы соғыс үшін ирланд әскерлерін қолдану идеясы үрей туғызып, Англияның астанасы Лондондағы жағдайды тіпті шиеленістіріп жіберді.
Корольдің өз армиясында тәртіпсіздіктер басталып, солдаттар «Рим папасына бүйрегі бұрды» деген айыппен офицерлерін дарға аса бастады. Жағдай бақылаудан шығып кетті, ал генерал Лесли бастаған шотланд армиясы король әскерінің қарсылығын жойып, Солтүстік Англияға басып кірді. Осы жағдайда Карл І парламентті шақыруға мәжбүр болды. Жаңадан шақырылған парламент өз жұмысын 1640 жылғы 3 қарашада бастап, 13 жыл бойы қызмет етті. Осы үшін ол халық арасында «Ұзақ парламент» деген атауға ие болды. Отандық тарихшылардың көбінің еңбектерінде Ұзақ парламентті шақыру революцияның басталуы деп саналады.
Осыған дейін бірнеше ай бұрын өзін-өзі көрсете білген адамдар революцияның көсемдеріне айналды. Олардың ұстанған радикалды діни ағымдары (епископатты жою – тамыр мен бұтақтар туралы петиция) ғана емес, саяси бағдарламалары да болды. Олар парламенттің жай ғана салық жинайтын орган болғанын қаламады. 15 ақпанда Карл І Үшжылдық актіге қол қоюға мәжбүр болды. Ұзақ парламент Страффорд пен Лодты қамауға алу туралы шешім қабылдады. Страффорд өзінің лордтар палатасының алдында сотқа тартылатынын және оның Ирландиядағы қызметі туралы білетін қарсыластары кінәсін оңай дәлелдеп, айыптаушы үкім шығаратынын алдын ала білді. Шынымен де, айыптау үкімін шығару үшін сот процесін ұйымастырушылар процедураны формалды түрде өзгертуге барды. Осылай ғана олар «Қара Томды» өлім жазасына кесуге мүмкіндік алды.
Үкімді бекіту үшін корольдің қолы керек болды. 1 мамырда Карл бұл үкімге өзінің ешқашан қол қоймайтыны туралы мәлімдеді. Лондонда бассыздықтар басталды: халық тобыры жек көрінішті тиран Томды дарға асуды талап етті. Дәл осы кезде қантөгістің боларын сезген Страффорд корольге өзі хат жазып, үкімді бекітуді сұрады. 10 мамыр күні Карл көз жасын төге отырып, үкімге қол қойды.
Дәл осы күні король Ұзақ парламентті таратпау туралы актіге қол қойды. 12 мамыр күні Страффордтың басы алынды. Лод өлім жазасын өзінің Тауэр қамалындағы зынданынан көріп тұрды. Ол корольдің сатқындығын кешірмеді және өзінің күнделігінде «король ұлылыққа қалай жетудің жолдарын білмеді, сондықтан ұлы бола алмады» деп жазды.
Кейінірек Лод та Страффордың тағдырын қайталады. Алайда, Страффордты өлімге қиған корольдің өзі де өз сатқындығын кешіре алмады. Сегіз жылдан кейін эшафотқа шыққан Карл І өзінің өлімін сенімді қызметкерін сатқаны үшін оған құдайдың берген жазасы деп түсінді.
1641 жылдың жазында король ковентаторлармен келіссөздер жүргізу үшін Шотландияға атанды. Бұл Ұзақ паралмент көсемдерінің сезімін тудырды. Сонымен бірге, дәл осы тұста Ирландияда католиктік лозунгпен басталған көтеріліс кезінде мыңдаған протестанттар құрбан болды. Көтеріліс Лондонда жалпы қастандықтың бір бөлшегі ретінде қарастырылды. Король қараша айында Лондонға оралғанда оған Ирландиядағы өлімдер туралы өтірік-шыны аралас хабарлар келіп түсе бастады. Осы жағдайда көптеген жарыссөздерден кейін аз ғана дауыспен (159 жақтаушы, 148 қарсы) парламент «Ұлы ремонстрацияны» қабылдады.
Жалпы алғанда бұл құжат корольдің билігін шектеу үшін қабылданды. Мәселенің өткірлігін Ирландиядағы көтерілісті басу үшін баратын қарулы күштерді кім басқару керектігі туралы сұрақ шиеленістірді.
1641 жылғы қараша-желтоқсан айларында Лондонда роялистер мен парламент отрядтарының арасындағы қақтығыстар жиіліеп кетті. Дәл осы кезде «кавалерлер» мен «домалақбастылар» деген азаматтық соғыстағы қарсылас партиялардың символына айналған лақап аттар пайда болды. 1642 жылғы 4 қаңтарда король оппозиция көсемдерін тура қауымдар палатасында тұтқындауға әрекет жасады. Бұл әрекет жүзеге аспады парламент өзінің король сарайындағы шпиондары арқылы бұл туралы алдын ала біліп отырды.
Корольдің парламентке жеке күзетпен келуі парламенттің құқықтарын бұзу ретінде есептелді. Корольдің кінәлілерді шығарып беру туралы талабына спикер У. Ленталл бұған дейін 1629 жылы айтылған: «Мен мұнда жиналған мәртебелі адамдардың нұсқауынан басқа сөз айтардай көретін көзім мен сөйлейтін тілім жоқ» деп жауап берді. Парламентарийлердің алдында король жай ғана тиран емес, әлсіз тиран ретінде көрінді. Король бұл спикердің сөзіне «Менің құстардың ұшып кеткенін көретін көзім бар», – деп жауап қайтарды. Лондон халқы парламент көсемдерін ашықтан-ашық қолдады.
Қарулы қақтығыстың басталуы күмән тудырмады. Король Лондонды тастап, өз жақтастарын оған қосылуға шақырды. Парламент жасаған «Он тоғыз ұсыныс» корольге қойылған ультиматум есепті еді.
1642 жылғы тамызда Карл I Ноттингем қаласында король штандартын көтеріп, парламентке қарсы соғыс бастағаны туралы хабарлады. Корольдің елдің солтүстігінде мықты бекіністері болды, парламент болса, оңтүстік-шығыстағы жағдайы жақсы еді.
Алайда, ағылшын революциясы отбасы арасындағы жанжалдар мен бөліністердің куәгері болды. Ең бастысы пуритандар діни сенімі бойынша парламенттің жақтастары екендігі даусыз еді. Кейбір санақтар бойынша азаматтық соғыста қаза болғандардың саны Англия халқының сол кездегі тұрғындарының көп пайызын құраған еді, бұл сан бірінші дүниежүзілік соғыстағы саннан да асып кетті.
Азаматтық соғысты екі кезеңге бөлуге болады: бірінші кезең - 1642–1646 жж. және екінші кезең – 1646-1648 жж. Бірінші кезеңде кавалерлердің басымдығы айқын болды. Эджгилл түбіндегі (1642 жылғы қазан айы) роялистердің жеңісінен кейін Лондондағы парламентке үлкен қауіп төнді, бұл кезде корольдің басты бекінісі Оксфорд қалашығында еді.
Кеңестік зерттеушілер парламент әскерлерінің жеңілісінің басты себептері пресвитериандардың компромистік саясатынан іздеді. Мұны бас қолбасшы граф Эссекстің орынбасары граф Манчестер «Біз корольді 99 рет жеңсек те, ол король болып қалады, ал біз бір рет жеңілсек, бізді дарға асады, біздің ұрпақтарымыз құлдарға айналады» деген сөздермен білдірді.
Тек қана шотландықтармен келісімге келу ғана парламенттің жағдайын жақсартып, роялистердің халін мүшкілдендіріп жіберді. Азаматтық соғыстағы шешуші кезең О. Кромвельдің басшылығымен жүзеге асқан әскери реформадан басталды. 1643 жылы ол өздерінің мықтылығы мен жанкештілігі үшін «темірбөксерлілер» деген лақап атқа ие болған отряд құрды.
Осы негізде әскери жарғымен бекітілген мықты тәртіп, жоғары әскери рух беретін радикалды пуритандық фанатизм басты белгілері болған «жаңа үлгідегі» әскер құрылды. Сонымен бірге, басшы офицерлік құрамға дворяндық тектен шыққан ғана емес, қарапайым адамдар да сайлана бастады. Осылайша парламент армиясының полковниктерінің қатарында ат айдаушы Прайд, теңізші Рейнсборо, етікші Хъюсон және басқалар пайда болды.
1644 ж. елдің солтүстігіндегі әскери қимылдар шешуші сипатта болды. Бұл жерде роялистердің басты күштері, ең бастысы корольдің жиені принц Руперт басқарған атты әскер шоғырланды.
Екінші шілде күні соғыс кезіндегі король резиденцияларының бірі Йорк қаласынан бірнеше шақырым жердегі Марстон-Мур аймағында маңызды шайқас өтті. Шайқасқа қатысушылардың саны жағынан бұл ұрыс азаматтық соғыстың ең сұрапылы еді. Шайқасқа парламент жағынан 27 мың жауынгер, ал король жақтан 18 мың сарбаз шайқасты, сонымен бірге екі жақтан да 7 мыңдай атты әскер болды. Ұрыс даласында жалпы алғанда 6 мың адам өлігі қалды. Шайқастың басында роялистер үстемдік танытқанымен, шайқастың шешуші кезеңінде парламент әскерінің сол қанатындағы Кромвельдің отрядтары жеңіске жетті.
Кромвельдің өзі жарақаттанығанына қарамастан қарсыластарының сол қанатына шабуылдап, жеңіске жетті. Марстон-Мурдағы шайқас Кромвельдің әскери дарынының ашылуына түрткі болды. Ол өзінің жеңісін Құдайдың оған жақтасқанындай көрді. Бірнеше аптадан кейін Иорк қаласы домалақбастыларға қақпасын ашты.
1644 жылдың соңына қарай парламент Англия мен Уэльстегі 57 графтықтың 37-ін, сонымен бірге Бристоль, Эксетер және Честер қалаларынан басқа барлық басты қалалар мен маңызды стратегиялық пунктерді өз бақылауына алды. Дегенмен де корольдің әскери және саяси күші әлі де болса мығым еді.
Дәл осы кезде граф Манчестер өзінің 99 жеңіс туралы сөзін айтқанда Кромвель оған тез арада: «Олай болса, біз неге бірінші болып қолымызға қару алдық?» деген сауал тастады. Армияның пресвиетриандық басшылығы мен шешуші соғысты жақтаушы индепенденттердің арасындағы қайшылықтар парламенттің саясат пен армияны «бөлу» туралы шешім шығаруына әкеп соқтырды. Өз мүддесінен бас тарту билліне сәйкес парламенттегілер әскери лауазымдардан бас тартты, жаңа үлгідегі армияның бас қолбасшысы болып Т. Ферфакс тағайындалды. Т. Ферфакс, генералдардың ішінен саяси нейтралитет ұстанған жалғыз адам еді. Кромвель палатадағы орнын сақтай отырып, оның орынбасары болды.
1645 жылы Англиядағы соғыс барысында Карл І жеңіліске ұшырағаны анық болды, алайда ол Ирландиядан келетін көмекке және Шотландияда король туының астында ковенанторларға қарсы соғысып жатқан маркиз Монтроздың қолдауына үміттенген еді. Корольдің басқа амалы да қалмаған еді.
Ол парламент ұсынған шарттар бойынша бітімге келіп, өзіне ұнамсыз шіркеуді пресвитериандық құрылымына жол беруге келісуі тиіс еді.
Принц Руперт роялистердің көпшілігі шоғырланған және генерал Горингтің әскері орналасқан елдің оңтүстік-батысында соғысты ары қарай жалғастыруды ұсынды.
Үшінші жағдайда солтүстікке жылжып, маркиз Монтроздың әскерімен қосылу болды. Король дәл осы шешімді қабылдады. Оның әскері солтүстік-шығысқа жылжыды. 1645 жылғы 14 маусым күні Нейзби атты жерде шешуші шайқас өтті. Корольдің әскері Ферфакс пен Кромвельдің әскерінен екі есе аз еді.
Шайқас 2-3 сағатқа созылды. Корольдің әскері жеңіліске ұшырап, төрт мың адам тұтқынға түсті, барлық қару-жарақ пен зеңбіректер, сонымен бірге корольдің барлық қазынасы мен ресми және жеке хаттары сақталған көлік жеңген жақтың қолына түсті. Көп кешікпей Лэнгпорт деген жерде (Сомерсет графтығы) генерал Горингті жеңді. Азаматтық соғыс парламенттің түбегейлі жеңісімен аяқталды.
1646 жылдың сәуір айында Карл І киімін ауыстырып, Оксфордтан қашып шығады. Ол шотландықтармен келімсімге келмек болып, солтүстікке бағыт алады. Оның үміті ақталмады. Шотландықтар корольді ағылшын парламентіне 400 мың фунт стерлингке сатып жіберді (Карл «Мені арзан бағаға сатып алды», – деген еді).
Бірінші азаматтық соғыс тыныштық әкелмеді. Керісінше, бұл жолы пресвитериандық парламент пен индепенденттер басқарған армияның арасында жаңа азаматтық соғыстың басталу қаупі туды.
Парламент өзіне қауіп төндірген армияны таратқысы келді, алайда өзінің ақшасын алғысы келген және идеологиялық себептерді сылтау қылған солдаттар мен офицерлер армияны таратуға қарсы болды. Армиядағы радикалдар парламенттен гөрі өздерін халықтың мүддесін жақтаушылар деп санады.
1647 жылғы маусым айында Корнет Джойс бастаған солдаттар Нортхэмптоншир қалашығының маңындағы Holmby House деген жерде корольді тұтқынға алды. Парламент төлеуге тиісті қаражатты қолына алған әскер барлық жағынан парламентке тәуелсіз болды. Олардың қолында ақшалай қаражат, әскери күш және король болды. Бұған дейін еш жерде болмаған әскери кеңес құрылды. Оның құрамына тек офицерлер ғана емес, әр полктен сайланған солдаттар да кірді.
2 тамыз күні Ферфакстың әскері Лондонға басып кірді. Әскери билік корольмен арадағы келісімнің жаңа жұмсақ түрін ұсынды. Бұл құжат «Ұсыныстардың бөлімдері» деген атауға ие болды.
Тарихшылардың кейбіреулері оны индепенденттердің конституциясының бір нұсқасы ретінде қарастырды.
Армияның төменгі буынында Дж. Лильберн көсемі болған левеллерлер (теңестірушілер) партиясының көзқарастары басымдыққа ие болды. Олар 1647 жылы Англияда корольсіз және дінбасыларсыз мемлекеттік құрылымды орнықтыруды ұсынған «Халықтық келісімнің» бірінші редакциясын құрастырып шығарды.
1647 жылдың қараша айында Карл I Уайт аралында жасырынып, өзінің жақтастарымен кездесуге мүмкіндік алды. Оған келушілердің арасында жаңа армияның құдіреттілігіне қорқынышпен қараған шотландықтар да болды.
Ковенантты мойындау шарты бойынша олар шотланд армиясын король билігін қалпына келтіру үшін жіберуге әзір еді.
1647 жылдың соңына қарай Англияның кейбір өңірлерінде роялистік толқулар басталды. Бұл оқиғалар екінші азаматтық соғыс атауына ие болды. Оның үш ошағын атайды. Ең біріншілері Оңтүстік Англия мен Уэльс еді. Алайда, соғыстың себебі корольдің тұлғасы емес, Аяз Ата еді.
Мұның мәнісі мынада еді, пуритандық билік барлық халықтық мерекелерге тыйым салды. Ол мерекелердің ішінде Рождество мерекесі де бар еді. Бұл күні саудагерлерге сауда қылуға, ал қарапайым халыққа жұмыс істетуге бұйрық беру оңай шаруа болмады. Халық қарсы шығып, бірқатар қалаларда бүлік басталды. Дәл осындай себеппен Англияның шығысындағы Кент графтығының тұрғындары да көтеріліске шықты.
Т. Ферфакс пен Г. Айртон көтерілісті аяусыз басып-жаншыды, алайда инсургенттердің Эссекске кетіп қалды. Ондағы көтеріліс тағы біраз айға созылды. Оңтүстіктегі көтерілісті Кромвель басты. Көтерілістің соңғы бекінісі Уэльстегі Пемброк қамалы ұзақ қоршаудан кейін 1648 жылғы шілде айында қақпасын ашты.
Жеңілгендерге жеңілдік берген бірінші азаматтық соғыстан айырмашылығы Кромвель ендігі жерде өзінің солдаттарының жүгенсіздігі мен қатыгездіктеріне көз жұма қарады. Көтерілістің үшінші ошағы ағылшын-ирланд роялистері шотландықтармен бірігіп бас көтерген солтүстік Англия еді. Кромвель Уэльстегі жеңістен кейін дереу арада осы жерге жетіп, 1648 жылғы 17 және 18 тамыз күндері алдымен Престон, сосын Уинвикте жеңіске жетті. Осымен екінші азаматтық соғыс аяқталды.
Енді ең басты саяси мәселе корольдің тағдырына байланысты мәселе болды.
1648 жылғы көктемде парламент Англия корольмен, лордтармен және қауымдармен басқарылатын ел болсын деген резолюция қабылдаған еді. Тіпті қыркүйек айында Уайт аралына парламенттің депутациясы барған еді, алайда келіссөздер еш нәтиже бермеді.
Алайда, индепенденттердің көсемдерінің мінезі өте құбылмалы еді. Г. Айртонның ықпалымен Кромвель бұрын барлық кінә Карлдың жанындағы «қанды қол адамдарға» аударса, ендігі жерде корольдің өзін қанішер деп таныды.
Алайда желтоқсан айының өзінде Кромвель корольді өлтіруге шешім қабылдаған адамдарды сатқындар деп бағалады. Айртон болса, корольдің қашқындығы мен екінші азаматтық соғыс онымен келіссөз жүргізудің мағынасыздығын алға тартты.
Армияның басқа қолбасшылары қобалжулы еді: тек қана қараша айында «Ұсыныстардың бөлімдерінің жаңа нұсқасы негізінде Карлмен жүргізілген келісімдер нәтижесіз аяқталған соң Ферфакс Айртон жазған, корольді соттап, монархияны жою туралы ұсыныс енгізген Ремонстрация талаптарымен келісті.
6 желтоқсан күні парламентті «Прайдтық тазалау» басталды да пресвитериандар қуғындауға ұшырады. Осылай армия төңкеріс жасады, ендігі жерде Вестминстерде қазіргі тарихшылар «құйыршық» деп атаған парламенттің қалдығы жұмыс істеді. Осы кезде корольді соттау үшін құрамына 135 адам тағайындалған Жоғары трибунал құрылды, трибуналға сайланғандардың көпшілігі оған қатысудан бас тартты.
Сотта Карл өзін асқақ ұстады және өзіне тағылған барлық айыптады мойындамады. Сот оны «тиран, сатқын және мемлекеттің жауы» ретінде басын шабу туралы үкім шығарды. 1649 жылғы 30 қаңтар күні Уайтхолл сарайының алдында көпшілік халықтың көзінше корольдің басы кесілді.
Карл I жазалауы индепенденттердің монархиядан бас тартып, республика деп аталатын мемлекеттік құрылымды жақтайтынының көрінісі еді. Қауымдар палатасы өзін елдегі жоғары билік деп жариялады.
Лордтар палатасын және король лауазымын жою туралы заңдар қабылданды. Индепенденттер республикасы тұсында (1649–1653) басты рольді биліктің атқарушы органы ретінде қызмет еткен Мемлекеттік кеңес атқарды. 1649 жылғы 19 мамыр күні жаңа мемлекет ресми түрде жарияланды.
Карл I жазалау роялистерддің жазбаларын тудырса, Кромвельдің жаңа тәртібі де ол елге саяси тұрақтылық орнатады деп сенгендердің арасынан қолдау тапты. Кромвельдің ең басты міндеті Ирландияны бағындыру еді. Кромвель де, оның армиясы да 1641 жылғы ирланд көтерілісінің қатыгездіктері туралы пуритандар таратқан алып-қашпа сөздерге имандай сенді және бұл оның саясатына өз ықпалын тигізді. Ирландия 1652 жылы бағындырылды.
Көтеріліске қатысы бар ирландиялық жер иеленушілердің көпшілігі жерінен айырылды, ол жерлер ағылшын қожайындардың қолына тиді. Басқа жеңістеріне қарағанда Ирландиядағы соғыс Кромвельді Англияның пуритандық батырына айналдырды. Сонымен бірге ағылшын-ирландық қарым-қатынастарын ұзақ жылдарға шиеленістіріп жіберді.
Индепенденттердің әскери саясатының басқа бағыты Шотландиямен арадағы соғыс еді. Шотландтық парламент корольдің жазаға тартылуын айыптап, оның баласы өздерінің королі Карл ІІ деп жариялады. Осы тау руларының бірінің көсемі Монтроз бастаған роялистердің көтерілісі жеңіліске ұшырап, Монтроздың өзі өлім жазасына кесілді. 1650 жылғы қыркүйекте Кромвель Денбар атты жерде шотландтық қолбасшы Леслиді жеңді.
1651 жылы соғыс ары қарай жалғасты, Карл ІІ Солтүстік Англияға басып кірді. Алайда 1651 жылғы қыркүйекте ағылшындар Вустер маңында шешуші жеңіске жетіп, Карл қашып құтылды. Өзінің сенімді роялист серіктерінің арқасында ол Кромвельдің жауынгерлерінің қудалауынан құтылып, аралдан қашып шықты.
Бұл жайында халық арасында Карлдың емен ағашының қуысына тығылып қалғаны туралы аңыз-әңгіме бар. Мұндай керемет құтылу туралы әңгімелер роялистердің арасында эмигранттарға аса қажет әдемі аңыз тудырды. Бұл жағдай тіпті халық дәстүрлеріне де енді: ағылшын пабтарының арасында кең тараған атау «Корольдік емен», оның маңдайшасында Карл ІІ қара торы өңі көрінеді. Шотландияны бағындыруды Кромвельдің жақтасы генерал Манктің тұсында аяқталды.
Жаңа тәртіп Англияның сауда мүдделерін қорғады. 1650 және 1651 жылғы навигациялық актілер елге шет ел тауарларын кіргізуді шектеді, бұл әсіресе «теңіз саудасы» арқылы байып отырған Голландияның экономикасына зор нұқсан келтірді. Мұның соңы 1652-1654 жж. Ағылшын-голланд теңіз соғысына әкеп соқтырды. Тарихнамада бұл соғыс ХVII–ХVIII ғғ. Алғашқы сауда соғысы ретінде қаралды. Соғыс ағылшындар мен голландықтардың да протестант болғанына қарамастан жүргізілді. Бұл жерде экономикалық фактор діни фактордан маңыздырақ еді.
Англияның теңіздегі жеңісі Голландияның экономикалық және саяси позицияларын әлсіретіп, Англияның теңіздегі үстемдігіне әкеп соқтырды. Португалиямен жүргізілген соғыстың нәтижесінде бұл ел Англияға экономикалық және саяси кіріптарлыққа душар болды.
1653 жылы Кромвель мен оның тобының күшейгені соншалық, олар енді парламенттегі «құйыршықты» менсінбеді. 1653 жылғы сәуірде Кромвель парламенттегі құйыршықты қуып шығып, ол туралы «ешбір төбет маңқ етпеді» деп жариялады. Жаңа өкілдік орган – Кіші парламентті құру талпынысы сәтсіздікке ұшырады.
Абыройлы әрі тіл алғыш парламент құру мүмкін болмады: индепендеттерді радикалды депутаттар жиі мазалап тұрды. Желтоқсан айында Кіші парламент өзін-өзі таратып жіберді де Англияның жаңа конституциясы - «Басқару құралы» қабылданды. Елде жаңа саяси тәртіп – протекторат (1653–1659) орнықты. Англия ресми түрде республика болғанымен барлық билік лорд-протектор болып жарияланған О. Кромвельдің қолына тиді.
Кромвель жеке-дара билікке ұмтылды ма? Бұл мәселе тарихшылар арасында үлкен дау туындаған еді. Кромвельдің өзі көп рет оның бұндай ойға келін жорамалдағандардың пікірін қате деп санады. Оның қарсыластары болса, Кромвель көзі тірісінде шексіз билікке ие болған барып тұрған екі жүзді сұрқия деп жариялады. Кромвель мемлекеттік өмірлік басшысы болып тағайындалғанымен, 1657 жылы өзінің жақтастары Мемлекеттік кеңес ұсынған Оливер І деген есіммен король болып тағайындалуға қарсы шықты. Сонымен бірге ол өзіне мұрагер тағайындау туралы құқығын алуға келісті.
Протекторат жылдары Мемлекеттік кеңес сақталып қалды, сонымен бірге лорд-протектордың бір палаталы парламент шақыруға құқығы болды. Жаңа режим әскери диктатура сипатында болды. Бұның басты сипаты 1655 жылғы әкімшілік реформа кезінде елді 11 округке бөліп, оларды басқаруға Кромвельдің өзі оларға шексіз билік беріп отырған генерал-майорлар қойылғанда белгілі болды.
Алайда нақты жағдайда бұл лауазымдық тұлғалар жергілікті жерлердегі констебльдер мен әлемдік судьяларға арқа сүйегені белгілі. Генерал-майорлардың құзыреттілігіне тек қана салық жинау мен бүліктерді болдырмау ғана емес, адамдардың мінез-құлықтарын қадағалау да жүктелді. Карнавалдар, маскарадтар әтештер төбелесі, бәйге сияқты ойындарға тыйым салынды.
Ішімдік сататын ойындар қатаң бақылауға алынды. Ол жерлерде құмар ойындарға тыйым салынды. Он екі жасқа дейінгі балалар нашар сөз айтса, дүреге жығылды. Некесіз құмарлық үшін үш ай түрмеге қамауға алынды, ерлі-зайыптылар арасындағы опасыздық үшін 1650 жылғы заң бойынша тіпті өлім жазасы тағайындалды. Гендер тарихшылары бұл жерде екі жақты стандартқа назар аударады. Некедегі әйелдер опасыздық жасаса, үйленген ер адамдардың мұндай қылығы жай ғана құмарлық деп есептелді.
«Қайта оралу» тенденциясы ретінде парламентте лордтар палатасын қалыпына келтіру болып саналады.
Протекторат жылдары Англияның халықаралық дәрежесі өсе түсті. Испания мен Франция сияқты державалар өз арасындағы соғыс кезінде Кромвельді өзіне серік ретінде тартуға тырысты.
Мысалы, католиктік Испания жаңа тәртіпті ресми мойындаған алғашқы ел болды. Дегенмен де Кромвель өзінің саяси серігі ретінде Францияны таңдады. Бұл оған Испанияның отарларына өзіне үлес алу үшін қажет еді. 1655 жылы адмирал Блейк басқарған ағылшын эскадрасы Вест-Үнді ағылшындардың форпостына айналған Ямайка аралын басып алды.
Оливер Кромвель 1658 жылғы 6-шы қыркүйекте өзінің Вустердегі жеңісінің мерей жылы кезінде қайтыс болды. Кромвель қайтыс болған түні орасан күшті дауыл жүріп өтті. Халық арасында бұл протектордың жанын алуға келген әзәзілдің сойқаны деген қауесет тарады. Ол протекторға жеті жыл билік құруға мүмкіндік берді де оның жанын алып кетті деп айтылды. Жаңа протектор болып Кромвельдің ұлы Роберт тағайындалды. Ол мемлекеттік басқару ісіне мүлдем қызықпады.
Бірнеше айдан кейін ол отставкаға кетіп, ресми билік 1653 жылы Кромвель парламенттен қуып шыққан «құйыршықтың» қолына тиді. Осы саяси тұрақсыздық кезеңін кей кезде «екінші ағылшын республикасы» деп атайды. Бәрін де армия шешті. Армия топтарының арасындағы кереғарлық күшейді.
Ол топтардың бірін «әулиелер» қатарына жататын, яғни пуритан генерал Ламберт басқарды. Ынсапты позицияны ұстанған генерал Монк бұл шайқаста жеңіске жетті. Оның көмегімен Карл ІІ ағылшын тағына отырды.
1660 жылғы Стюарттардың реставрациясын ағылшын революциясының соңы деп есептеледі.
Әдебиет [4–5,7–15].