3.1 Революцияның қарсаңындағы Францияның әлеуметтік-экономикалық жағдайы. Бас штаттарды шақыру, Ұлттық жиналыстың жұмысы.
3.2 1793 жылғы 31 мамыр-2 маусымдағы көтеріліс және якобиншілердің билікке келуі.
3.3 Революциялық диктатураның орнауы, оның аппараты, революциялық террордың жүйесі.
3.4 Термидориандық төңкеріс: себептері, сипаты, қатысушылары.
3.5 1795 жылғы конституция. Директория режимі (оның ішкі және сыртқы саясатының сипаты).
3.6 Ұлы француз революциясының нәтижесі, маңызы және сабақтары.
1788–1789 жж. Францияда қоғамдық-саяси дағадарыс басталған еді. Революцияның басталу себептері өнеркәсіп пен саудадағы дағдарыс, 1788 жылғы құрғақшылық, Людовик XVI (1754-1793 жж.) сарайының ысырапшылдық шығындарының салдарынан мемлекеттік қазынаның күйреуі («Мемлекет – бұл мен» деген қанатты сөзі) емес еді. Бүкіл елді жаулаған наразылықтың себебі сол кезде үстемдік құрған феодалдық-абсолюттік жүйенің елдің экономикалық, әлеуметтік және саяси дамуының міндеттеріне сәйкес келмеуінде еді. Франция халқының 99 %-ға жуығын үшінші сословие құрады, қалған 1 % - мәртебелі сословие – дворяндар мен дінбасылар еді. Үшінші сословие таптық құрамы жағынан түрлі болып келді. Оның құрамына буржуазия, шаруалар, қала жұмысшылары, қолөнершілер, кедейлер болды. Үшінші сословиенің барлық өкілдерін олардың саяси құқықтарының болмауы және сол кездегі тәртіпті өзгертуге деген құлшынысы біріктіретін еді. Олардың бәрі де феодалдық-абсолюттік монархияның қысымына шыдай алмайтын еді.
Бірнеше сәтсіз талпыныстан кейін король 175 жыл қатарынан жиналмаған Бас штаттарды – үш сословиенің де жиналысын шақыруға мәжбүр болды. Король және оның маңайындағылар Бас штаттардың көмегімен қоғамдық пікірді бәсеңдетіп, қазынаны толтыруға қажетті қаражат жинап алғысы келді. Үшінші сословие бас штаттардың шақырылуынан елде үлкен саяси өзгерістер болуынан үміттенген еді. Бас штаттардың жұмысының алғашқы күндерінен-ақ үшінші сословие мен алдыңғы екі сословиенің арасында отырыстар мен дауыс беру тәртібі бойынша дау-дамай туындаған еді. 17 маусым күні үшінші сословиенің жиналысы өзін Ұлттық жиналыс, ал 9 шілде күні Құрылтай жиналысы деп жариялады. Бұл олардың елде жаңа қоғамдық тәртіп пен оның конституциялық негіздерін құруға деген шешімді білдірді. Король бұл актіні мойындамады.
Версаль мен Парижге корольге берілген әскерлер жинала бастады. 14 шілденің таңына қарай астананың басым бөлігі көтеріліске шыққан халықтың қолында болды. 1789 жылғы 14 шілде күні қолына қару алған топ Бастилия атты қамал-түрмедегі тұтқындарды босатты. Осы күн Ұлы француз революциясының бастауы болды. Екі аптаның ішінде бұрынғы тәртіп түгелдей жойылды. Король билігін революциялық-буржуазиялық әкімшілік алмастырды, Ұлттық гвардия құрыла бастады.
Таптық мүдделердің алшақтығына қарамастан буржуазия, шаруалар және қала кедейлері ортақ мақсатқа жұмыла білді. Қозғалысты буржуазия басқарды. Осы ортақ ұмтылыстың нәтижесі Құрылтай жиналысының 26 тамыз күні адам мен азаматтың құқықтарының Декларациясында көрінді. Декларацияда адам мен азаматтың тұлға бостандығы, сөз бостандығы, ар-ұждан бостандығы, қауіпсіздігі мен қанауға қарсылығы сияқты құқықтары бекітілді. Жеке меншік қорғалатын болды, шіркеудің меншігі халықтікі деп жарияланды. Құрылтай жиналысы корольдікті 83 департаментке бөлетін жаңа әкімшілік құрылысын бекітті, дворяндық пен дінбасылардың барлық лауазымдарын, феодалдық кіріптарлықты, сословиелік мәртебелерді жойды. Кәсіпкерлік бостандығын жариялады. Бұл құжаттардың қабылдануы феодалдық-абсолюттік патшалықтың соңының белгісі еді.
Алайда революция барысында жаңа мемлекеттік құрылыс құрудағы күреске түскен саяси күштердің арақатынасы өзгерді.
Ұлы француз революциясының тарихын үш кезеңге бөледі (кейбір тарихшылар төрт кезеңді атайды):
- бірінші – 1779 жылғы 14 шілде – 1792 жылғы 10 тамыз;
- екінші – 1792 жылғы 10 тамыз – 1793 жылғы 2 маусым;
- үшінші, революцияның жоғары кезеңі – 1793 жылғы 2 маусым – 1794 жылғы 27–28 шілде.
Революцияның бірінш кезеңінде ірі буржуазия мен либерал дворяндар билікке келді. Олар конституциялық монархияны жақтады. Олардың арасында басты рольді маркиз де Лафайет, А. Барнав, ағайынды Ламеттер болды.
1791 жылғы қыркүйекте Людовик XVI Құрылтай жиналысы құрастырған конституцияға қол қойды, осыдан кейін елде конституциялық монархия орнады, Құрылтай жиналысы тарап, Заң шығару жиналысы жұмыс істей бастады.
Елдегі қоғамдық толқулар революциялық Франция мен Еуропаның монархиялық державаларының арасындағы қарым-қатынасты шиеленістіріп жіберді. Австрия мен Пруссия өзара одақ құрып, Франциядағы монархия мен Еуропа державаларындағы қауіпсіздікке қатер төндіретін жайттарға тосқауыл қоятыны туралы мәлімдеді. Интервенция қаупі Францияның оларға қарсы бірінші болып, соғыс жариялауға мәжбүрледі.
Соғыс француз әскерлері үшін бірінші күннен бастап-ақ сәтсіз басталды. Майдан даласындағы ауыр жағдайға байланысты Заң шығарушы жиналыс «Отанымызға қауіп төнді» деген ұран тастады. 1792 жылғы көктемде жас сапер капитан, ақын және сазгер Клод Жозеф Руже де Лиль шабыт үстінде бір түннің ішінде француз халқының ұлттық әнұранына айналған «Марсельезаны» айтып шықты.
1792 жылғы 10 тамыз күні Париж коммунасы бастаған халық көтерілісі бой көтерді. Революцияның екінші кезеңі басталды. Париж коммунасы осы кезеңде париждік қалалық өзін өзі басқару органына айналды, ал 1793–1794 жж. революциялық биліктің органына айналды. Оны П. Г. Шометт, Ж. Р. Эбер және басқалар басқарды. Коммуна көптеген монархиялық газеттерді жауып тастады. Комунна бұрынғы министрлерді қамауға алды, мүліктік цензті 21 жасқа толған барлық ер адамдар сайлау құқығына ие болды.
Коммунаның басқаруымен парижандар король отырған Тюильри сарайына шабуыл жасауға дайындалды. Король шабуылдың басталуын күтпей отбасымен бірге сарайды тастап, Заң шығарушы жиналысқа келді.
Қаруланған халық Тюильри сарайын басып алды. Заң шығару жиналысы корольді биліктен тайдыру және жаңа басқарушы орган – Ұлттық конвентті сайлау туралы қаулы қабылдады. 1792 жылғы 11 тамыз күні Францияда монархия түбегейлі жойылды.
«10 тамыз қылмыскерлерін» (корольдің жақтастарын) соттау Заң шығару жиналысы Төтенше трибуналды құрды.
20 қыркүйек күні екі бірдей маңызды оқиға орын алды. Француз әскерлері Вальми түбіндегі шайқаста қарсыластарына орасан соққы берді. Дәл сол күні Парижде жаңа революциялық Жиналыс – Конвент құрылды.
Революцияның осы кезеңінде саяси басқару республикалық сауда-өнеркәсіп және жер иеленуші буржуазияның мүддесін қорғайтын жирондистер партиясының қолына көшті Жирондистердің көсемдері Ж. П. Бриссо, П. В. Верньо, Ж. А. Кондорсе еді. Олардың Конвентте депутаттардың басым бөлігін және Жиналыстың оң қанатты құрады. Олардың қарсыластары сол қанаттағы якобиншілер болды. Олардың арасында М. Робеспьер, Ж. Ж. Дантон, Ж. П. Марат бар еді. Якобиншілер шаруалар мен кедейлермен одаққа біріккен революциялық-демократиялық буржуазияның мүддесін қорғады.
Якобиншілер мен жирондистердің арасында күрес басталды. Жирондисттер революцияның нәтижесімен қанағаттандырылған еді, олар корольді жазалауға және революцияның ары қарай өрлеуіне қарсы болды.
Якобиншілер керісінше революциялық қозғалысты ары қарай дамытуға бар күштерін салды. Осыған қарамастан Конвентте екі декрет бір ауыздан қабылданды: меншіктің қол тигізбеу туралы және монархияны жойып, Республиканы құру туралы.
21 қыркүйекте Францияда Республика орнады (Бірінші Республика). «Бостандық, теңдік және бауырластық» сөздері Республиканың ұранына айналды.
Тұтқынға алынған Людовик XVI тағдыры бәрін де толғандырды. Конвент оны соттау туралы шешім қабылдады. 1793 жылғы 14 қаңтар күні Конвенттегі 749 депутаттың 387-і корольді өлім жазасына кесу туралы үкімді жақтап дауыс берді. Конвент депутаттарының бірі Барер өзінің дауыс беруін «Бұл процесс қоғамдық қауіпсіздік актісі немесе қоғамдық қауіпсіздік іс-шарасы...» 21 қаңтар күні Людовик XVI басы кесілді, 1793 жылғы қазан айында патша Мария-Антуанетта да гильотинада көз жұмды.
Людовик XVI өлім жазасын кесу атифранцуздық коалицияның кеңеюіне себеп болды, оған Англия мен Испания енді. Сыртқы майдандағы сәтсіздіктер, елдегі экономикалық қиындықтар, салықтардың өсуі – мұның бәрі жирондистердің беделінің түсуіне әкеп соқтырды. Елде толқулар басталды, өлімдер мен бүліктер басталды, ал 1793 жылғы 31 мамыр – 2 маусым күндері халық көтерілісі басталды.
Осы оқиғадан бастап, революцияның үшінші кезеңі басталды. Билік қалалық тұрғындар мен шаруаларға арқа сүйеген радикал буржуазияның қолына көшті. Дәл осы кезде халықтың билікке үлкен әсер етті.
Революцияны құтқару үшін якобиншілер елде төтенше жағдай енгізді – елде якобиндік диктатура орнады.
Якобиншілер мемлекеттік билікті орталықтандыруды қолға алды. Конвент жоғары заң шығарушы орган болып қалды. Робеспьер бастаған қоғамдық құтқару Комитеті - 11 адамнан тұратын үкімет Ковентке бағынышты болды.
Контрреволюциямен күресу үшін құрылған Конвенттің қоғамдық қауіпсіздік комитеті күшейтілді, революциялық трибуналдардың жұмысы белсендірілді.
Жаңа үкіметтің жағдайы қиындай түсті. Соғыс жүріп жатты. Францияның көптеген департаменттерінде, әсіресе, Вандеяда бүліктер жүріп жатты.
1793 жылдың жазында жас дворян қыз Шарлотта Корде Маратты өлтірді, бұл кейінгі саяси оқиғалардың барысына әсер етті.
1793 жылдың жазында Конвент жаңа конституцияны қабылдады, оған сәйкес Франция біртұтас ресбулика болып жарияланды, халық билігі, адам құқықтарының теңдігі, демократиялық бостандықтар бекітілді.
Мемлекеттік сайлауға қатысуға қажетті мүліктік ценз жойылды, 21 жасқа толған барлық ер адамдар сайлау құқығына ие болды. Жаулаушылық соғыстарға тыйым салынды.
Бұл Конституция барлық француз конституцияларының ішіндегі ең демократияшылы еді алайда елдегі төтенше жағдайға байланысты конституцияны қабылдау кейінге шегерілді.
Қоғамдық құтқару комитеті армияны қайта ұйымдастыру және күшейту бойынша бірқатар маңызды іс-шараларды жүзеге асырды, осының арқасында Республика аз ғана уақыттың ішінде саны жағынан көп, мықты армия жасақтады. 1794 жылдың басына қарай соғыс қарсыластың аумағына көшті. Якобиншілердің революциялық үкіметі халықты мобилизациялау арқылы Еуропадағы монархиялық державалар – Пруссия, Австрия және т.б. әскерлеріне ойсырата соққы беріп, сыртқы жаудан құтылды.
1793 жылғы қазан айында Конвент революциялық күнтізбе енгізді.
Ол күнтізбе мынадай еді:
Күз маусымы (22 қыркүйек - 20 желтоқсан): |
|
Vandemiaire (вандемьер) |
Жүзім жинау айы |
Brumaire (брюмер) |
Тұман айы |
Frimaire (фримёр) |
Боқырау айы |
Қыс маусымы (21 желтоқсан-20 наурыз): |
|
Nivose (нивоз) |
Қар айы |
Pluviose (плювиоз) |
Жаңбыр айы |
Ventose (вентоз) |
Жел айы |
Көктем маусымы (21 наурыз-18 маусым): |
|
Germinal (жерминаль) |
Көктеу айы |
Floreal (флореаль) |
Гүлдеу айы |
Praireal (прериаль) |
Шалғын айы |
Жаз маусымы 19 маусым-16 қыркүйек): |
|
Messidor (мессидор) |
Астық жинау айы |
Thermidor (термидор) |
Ыстық айы |
Fructidor (фрюктидор) |
Жеміс айы |
1792 жылғы 22 қыркүйек – Республика дүниеге келген күн - жаңа дәуірдің бастауы деп жарияланды. Бір ай үш онкүндікке бөлінді, айлардың атауы сол кезеңге тән ауа райына, жемістерге, немесе ауыл шаруашылық жұмыстарына байланысты жаңа атау алды.
Жексенбі күндері жойылды. Католиктік діни мейрамдарының орнына революциялық мерекелер енгізілді.
Алайда якобиншілер одағы тек қана шетелдік коалициялар мен ішкі контрреволюциялық бүліктерге қарсы бірлескен күрестің арқасында ғана өмір сүрген еді. Барлық майданда жеңіске жетіп, монархияны реставрациялау қаупі сейілгеннен кейін революциялық қозғалыс кейін басты.
Якобиншілер арасында ішкі қайшылықтар күшейді.
Мәселен, Жорж Дантон 1793 жылғы күзде революциялық диктатураны әлсіретіп, конституциялық тәртіпке қайта көшуді, террор саясатынан алшақтауды талап етті. Осы үшін оның басын алды. Төменгі революциялық топтар реформаларды кеңейтуді талап етті. Қысым көрсету арқылы және диктаторлық әдістермен жұмыс жүргізген якобиншілердің саясатына көңілі толмаған буржуазияның басым бөлігі контрреволюция позициясына көшті.
Тек қана қатардағы буржуа емес, Лафайет, Барнав, Ламет деген көсемдер, сонымен бірге жирондистер енді. Якобиншілер диктатурасы халықтың қолдауынан айырыла бастады.
Барлық қайшылықтарды шешудің жолы ретінде Робеспьер террорды таңдап алды және бұл әдіс оның түбіне жетті. Мемлекет те, халықта якобиндік террордан шаршады. Якобиншілерге қарсы болған адамдар бір блокқа бірікті.
Конвенттің өз ішінде Робеспьер және оның жақтастарына қастандық ойластырылды.
1794 жылғы 9 термидоры күні (27 шілде) Ж. Фуше, Ж. Л. Тальену, П. Баррасу төңкеріс жасап, Робеспьерді тұтқынға алды, революциялық үкіметті құлатты. Робеспьер Конвенттегі соңғы сөзінде «Республика қаза тапты, қарақшылар патшалық құрды», – деп айтты. 10 термидор күні Робеспьер, Сен-Жюст, Кутон және олардың жақтастары гильотина арқылы бастары алынды.
Термидориандықтар деген атауға ие болған төңкерісшілер террорды өз қараулары бойынша қолданды. Олар өздерінің жақтастарын түрмеден алып шығып, Робеспьердің жақтастарын керісінше түрмеге отырғызды. Париж коммунасы бірден жойылды.
1795 жылы конституция қабылданды. Ол бойынша билік Директория және екі Кеңес – Бесжүздік кеңесі және ақсақалдар Кеңесінің қолына көшті. 1799 жылғы 9 қараша күні Ақсақалдар кеңесі 1799 жылы бригадалық генерал Наполеон Бонапартты (1769–1821) Бас қолбасшы етіп тағайындады.
10 қараша күні Директория режимі «заңды» түрде жойылды да, жаңа мемлекеттік тәртіп – 1799 жылдан 1804 жылға дейін жұмыс істеген Консулдық орнады.
Ұлы француз революцияның бас нәтижелері:
1) Ол революцияға дейінгі меншік түрлерінің күрделілігін азайтты;
2) көптеген дворяндардың (барлығы емес) жерлері шаруаларға 10 жылғы кішігірім учаскелермен (парцелдермен) сатылды;
3) революция көптеген сословиелік барьерлерді жойды. Дворяндық пен дінбасылардың мәртебеліліктерін жойып, барлық азаматтар үшін тең әлеуметтік құқықтар берді. Мұның бәрі барлық еуропалық елдердегі азаматтық құқықтардың көбеюіне, конституциялары жоқ елдерде конституциялардың енгізілуіне әкеп соқтырды;
4) революция өкілдік сайланбалы органдардың аясында өтті: Ұлттық құрылтай жиналысы (1789–1791), Заң шығару жиналысы (1791–1792), Конвент (1792–1794). Бұл парламенттік демократияның дамуына әсер етті;
5) революция жаңа мемлекеттік құрылыс – парламенттік республиканы тудырды;
6) мемлекет барлық азаматтар үшін тең құқықтардың гаранты болды;
7) қаржы жүйесі қайта құрылды, салықтардың сословиелік сипаты өзгерді, олардың бірізділігі мен пайдасына қарай бөлу принципі енгізілді.
Бюджеттің жариялалығына қол жетті.
Егер Франциядағы капиталистік дамудың үрдісі Англияға қарағанда баяу жүрсе де, Шығыс Еуропадағы феодалдық өндіріс әдістері мен феодалдық мемлекеттер әлі де күшті еді. Франциядағы революцияның идеялары бұл жаққа әлі жетпеген еді.
Францияда күрделі революциялық өзгерістер жүріп жатса, Еуропаның шығысында феодалдық реакция үрдісі жүріп жатты.
Әдебиет [3–4,6,12,16–28]