1.1.Психологиялық кеңес беру пәні, нысаны, мақсаты және міндеттері
1.2. Психологиялық кеңес берудіңтарихы және негізгі қағидалары
2 нші бөлім бойынша әдебиеттер
Тақырып 1.1. Психологиялық кеңес беру пәні, нысаны, мақсаты және міндеттері.
Дәріс мақсаты: Психологиялық көмектің бір түрі- психологиялық кеңес беру мәселесі жайында студенттерде түсінік қалыптастыру.
Дәріс жоспары:
1. Психологиялық кеңес беру түсінігі.
2. Психологиялық кеңес берудің мақсат, міндеттері.
3. Психологиялық кеңес берудің түрлері. Психологиялық кеңес берудің мәні, мазмұны.
1. Психологиялық кеңес беру түсінігі. Психологиялық кеңес беру – қазіргі психологияның қолданбалы саласы.Психологиялық ғылымдар жүйесіндегі оның міндеті психикалық және соматикалық тұрғыдан сау адамдар қиындықтарға тап болған жағдайда психологиялық көмек көрсетудің теориялық негіздері мен қолданбалы бағдарламаларын жасау болып табылады.
«Психологиялық» сөздікте екі жағдайда анықтама берілген: біріншіден, теориялық негіздер мен бағдарламалар арқылы психологиялық білімнің қазіргі күйін, эмпирикалық және теориялық зерттеулер негізінде қалыптастырса,екінші жағынан, осы теориялық негіздер мен бағдарламалардың қайнар көзі психологиялық көмек көрсетудің саналуан формаларының аясында жүйелі түрде психологиялық әсер ететін мамандардың практикалық тәжірибелеріне талдау жасау болып табылады [1].
Олмаман психологтың адамдарға психологиялық көмек беруімен байланысты, яғни олар қажет жағдайда ақыл кеңес немесе ұсыныс береді. Бұндай кеңестер психологтар тарапынан алдын ала зерттеген тақырып бойынша әңгіме өткізу немесе туындаған мәселелерді бұрынғы тәжірбиелер арқылы шешу арқылы жүзеге асады. Мұндай әңгімелесулер әдетте арнайы белгіленген орында келісілген уақытта өткізіледі. Әңгіме уақытында кедергі болатын жағдайларға жол берілмеуі керек.
Психологтың кеңес беру сеансы клиентпен жеке әңгімесі ретінде 10 минуттан 2 сағатқа дейін созылуы мүмкін. Осы әңгімелесу кезінде клиент психологқа өзі туралы, басында туындап отырған мәселесі жайында әңгіме қозғайды. Ал психолог болса әңгімені мұқият тыңдап, түйінді мәселелерді шешудің жолын қарастырады. Кеңес кезінде клиенттің жеке тұлға ретінде қасиеттері бағаланады.Бағаланып қана қоймай, клиентке ғылыми анықтама беріледі. Сөйте келе психолог оның басындағы ірілі ұсақты мәселелерді шешуді жан жақты қарастырып, оның ішіндегі ең маңыздысын таңдайды.
Әдетте клиенттің мәселесін психолог кеңесші өзі жүріп шешіп бермейді. Біз сөз етіп отырған кеңес психолог кеңесшінің ұсыныстары мен ақыл кеңесі негізінде клиенттің мәселесін шешуге көмектесуді көздейді.
Психологиялық кеңес бұл психологтың адам табиғатын көп жылдар бойы зерттеу нәтижесінде жасаған қорытындысы. Яғни, әр бір толыққанды тұлға өз басындағы туындаған мәселені шешуге шамасы жетеді, тек оған дер кезінде дұрыс бағыт бағдар көрсету керек. Міне, психолог кеңесшінің ең басты мақсаты осы.
Кеңес кезінде психолог арнайы әдіс тәсілдер қолданады. Бұл тәсілдер барынша қысқа мерзімде клиенттің мәселесін шешуді көздеуі керек. Сондай-ақ, психологтың шешімі клиентке әрі түсінікті әрі ыңғайлы болғаны дұрыс.
Психологтың кеңесі клиентпен бір екі рет өткізумен шектеліп қалмайды. Көп жағдайда ұзақ мерзімді кеңес беру әдісі қолданылып, үш немесе оданда көп кездесу ұйымдастырады. Мұндай кездесу ұйымдастырудың қажеттілігі төмендегі жағдайларға байланысты.
Клиенттің басына түсіп отырған мәселесі қиын болған жағдайда, оны бір екі кездесуде түбегейлі шешу мүмкін емес.
Берілген кеңес клиенттің мәселесін түбегейлі шеше алмаған жағдайда, кеңесшінің қосымша көмегі қажет болады.
Психолог кеңесші өз клиентінің мінезіне жеке тұлғасына қарап оның берілген кеңестерімен мәселесін өз бетінше шешетініне күмән қарайтын жағдайлар болады. Мұндай жағдайлар өз өзіне сенбейтін, өз сезіміне берік емес адамдарда жиі кездеседі.
Көп жағдайда психолог кеңесіне орта деңгейдегі физикалық, психологиялық тұрғыда әлсіз адамдар көмек сұрай келеді. Себебі, өмірдің әр түрлі кезеңіндегі түрлі жағдайларға өте сезімтал адамдар психикалық, физикалық ауруларға тез шалдығады екен.
Психологиялық кеңеске жүгінетіндер өмір сүруге тым бейім емес және жұмыстан қолы бос адамдар. Өйткені психологқа бару үшін де көп уақыт кетеді.Психологқа көп баратындардың бірі көбіне көп жолы болмайтын адамдар.Дәл осы жағдай олардың мамандардан кеңес сұрауына итермелейді. Сондай-ақ клиенттердің ішінде сезімі жағынан осал жандар да кездеседі.Бұл адамдар қандай жағдай болса да психологқа көп барады. Олар бастарында мәселе туындағанда бірден келмейді, өмірлерінің қиын сәттерінде, тығырықтан шығар жол таба алмағанда ғана психологқа баруға мәжбүр болады. Адамдар өз мәселесін қалай шешуді білмей басы қатқанда жоғарыдағы жолды таңдайды. Тіпті олардың ойынша жан дүниелеріне жарықшақ түскендей, айналасындағы адамдармен аралары алшақтап кеткендей күй кешеді.
Адамдар психолог кеңесшіден не күтеді олар не үшін көмек сұрайды?Бұл сұрақтарға төмендегідей жауап беруге болады!Кейбір клиенттер өз мәселелерін қалай шешу керек екенін жақсы біледі, тек олар психолог- кеңесшілерден көңіл күйлеріне демеу күтеді. Енді біреулерімәселелерін қалай шешу керек екенін білмей, психологтың көмегіне жүгінеді. Үшінші бір топтағы адамдар өзіне не керек екенін, қандай жолмен жүретінін білмейді немесе өздеріне тым сенімділер тобынан құрылады. Оларға тек дұрыс бағытты көрсетіп жіберсе болды. Төртінші, рухани жалғыз адамдар, оларға әлдебіреумен әңгімелессе болды.Олардың көкейін тескен мәселе жоқ, бірақ уақыт өткен сайын олар жақсы әңгімешілерге зәру болады.Психолог кеңесшілердің алдына не істерлерін білмей жүрген, мамандарды сынау үшін келетін клиенттер де болады. Біреулер шын көңілімен психологтың қандай болатынын көргісі келеді. Енді біреулері психологтың қызықты жұмысын тамашалап, оларды ыңғайсыз жағдайға қалдырғысы келетін де жағдайлар болады.
Кәсіби психологтар - алдына келген клиентті таңдамайды. Мейлі ол қандай мақсатпен келсе де әңгімесін мұқият тыңдап, дұрыс көзқараспен, адамгершілік қасиетпен қарсы алуы керек. Бұл тек психологтың беделін жоғалтпау үшін ғана керек емес, ол сондай-ақ кәсіби психолог маман ретінде алдына келген адамның барлығына көмек қолын созуға міндетті. Тіпті, алдына келген клиент дөрекілікке барса да психолог өз жұмысын кәсіби біліктілігіне сүйене отырып, дұрыс атқаруы керек. Психологиялық кеңес беру басқада психологиялық практикалық көмек көрсетуден мынадай белгілермен ерекшеленеді.Мысалы, жекелеген және топтық психотерапиядан ерекшелігі, психологиялық кеңес беру қысқа мерзім ішінде психолог пен клиенттің қарым қатынасы негізінде өрбиді. Әртүрлі жекелеген және топтық психологиялық терапия клиентпен ұзақ мерзімде апталап, айлап, тіпті жылдап кең көлемде зерттеу нәтежиесінде жүзеге асады. Психотерапияда басты рөлді клиенттің мәселеден арылуында психолог атқарады. Ал клинет болса, жәй ғана психологтың іс әрекетіне көзқарасын білдіреді. Ал психологиялық кеңес беруде іс әрекет басқаша жүзеге асады, бұл жерде психолог кеңесші клиентке ақыл кеңес ғана береді. Ал оны жүзеге асыру клиентке байланысты. Іс-әрекеттің қандай да бір түрінде саналы түрде алға қарай жылжу үшін алдын-ала өз мақсатыңды анықтап алу қажет, одан кейін біртіндеп жүзеге асырылуы қалаған мақсатқа жеткізетін міндеттерді айқындап, сол іс-әрекетті жоспарлау қажет. Бұл психологиялық кеңес беру үшін де дұрыс.
2. Психологиялық кеңес берудің мақсаты мен міндеттері.
Психологиялық кеңес берудің мақсаты мен міндеттерін, біз жұмыс жасағымыз келетін психологиялық кеңес беруге деген бағытқа байланысты әртүрлі анықтауға болады.
Ю.Е. Алешина (1994)[1] психологиялық кеңес берудің негізгі мақсатын психологиялық көмек көрсету ретінде анықтайды, яғни психологпен әңгімелесу адамға оның қиындықтарын шешуге және айналасындағы адамдармен өзара қарым-қатынастарды дұрыстауға көмектесуі тиіс. Осы мақсатқа байланысты келесідей міндеттер анықталады:
1. Клиентті тыңдау, оның нәтижесінде клиенттің өзі туралы және өз жағдайы жайлы түсінігі кеңейіп, ойлануға себеп пайда болуы қажет.
2. Клиенттің эмоциялық күйін жеңілдету, яғни кеңес беруші-психологтың жұмысының арқасында клиент жеңілденіп қалуы тиіс.
3. Клиенттің өзімен болып жатқан жағдайларға жауапкершілікті өз мойнына алуы.
[1]Алешина Ю. Е. Специфика психологического консультирования// Вестник психосоциальной и коррекционно-реабилитационной работы. Журнал. – 1994. - №1. – С.22-33.
Кеңес беру барысында клиенттің локус шағымдары оның өзіне аударылуы керек, адам болып жатқан жағдайларға өзінің жауапты екендігін және өз кінәсін сезінуі тиіс, тек сонда ғана ол шын мәнісінде де өзгеруге және жағдайды өзгертуге тырысатын болады, олай болмаған жағдайда ол тек айналасындағылардың көмегін және олардың тарапынан болатын өзгерістерді күтетін болады. Минимум-бағдарлама бұл жерде – клиентке оның мәселелерінің және адамдармен қарым-қатынастарының осындай күрделі, әрі жағымсыз сипатқа ие екендігіне біршама өзінің әсер еткендігін көрсету.
Түптеп келгенде психолог кеңесші өз клиентінің ақыл кеңесін қалай қабылдап, оны қалай жүзеге асырғанын есепке алмайды. Яғни, психолог кеңес береді, ал клиент оны қалай жүзеге асырсада өз еркінде. Кеңесші өз ақылының немесе түйінінің дұрыстығына ғана жауап береді.Ал психологиялық терапияда психолог клиенттің іс әрекетіне жауап беруі тиіс. Өйткені бұл жерде басты басымдылық психологтың өзіне тікелей байланысты.
Кеңес берудің төмендегідей мақсаттары айқындалды:
1. Клиенттің басында туындаған мәселені шешуге тез арада көмек көрсету. Кейбір адамдарда мынандай жағдай туындайды: клиенттің өзі оған көп уақыт жібергісі келмейтін, бірақ ол мәселені тез арада шешу керек болады. Мұндай жағдайлар кейінге қалдыруға болмайтын жағдайлар. Мәселелерді тез арада шешу үшін психолог кеңесшінің көмегіне жүгіну- таптырмайтын жол. Мысалы,ата -ана мен бала арасында түсініспеушілік туындап, ол баланың ақыл ойы мен психикасына нұқсан келтіретіндей мәселе болса, жұмысшы мен басшының арасында келіспеушілік болса, жұбайлар арасындағы жарастыққа нұқсан келіп жатса, психолог кеңесшінің ақыл кеңесі мұндай мәселелерден жол тауып шығудың бірден бір жолы.
2. Клиентке көмек керек болып, бірақ ол ондай мәселелерді өзі ешкімнің араласуынсыз шеше алатын жағдайда тұрса. Мұндай жағдайға әсіресе белгілі бір тәртіпке бағынып қалған адамдар түседі.
3. Клиентке уақытша көмек көрсету. Клиент психологтың көмегіне зәру бола тұра, психолог кеңесші оған әр уақытта қысқа мерзім ішінде кеңес беріп отырады. Себебі, ауытқымалы адамдар өзіне керексіз теріс ақпараттарды жинағыш келеді.
4. Клиент өз мәселесін шешудің жолын өзі тауып тұрса. Бірақ әлі де болса өз шешіміне сенімсіз, әлде бір кедергілер бар.Психолог кеңесші осы кедергілерді жеңуге көмектеседі.
5. Клиентке ақыл кеңес беруден басқа ешқандай жол қалмаған жағдайда көмек керек.
6. Психологиялық кеңес басқа бір шешуші факторлардың орнына қолданбай, дәл осы уақытта психологиялық кеңестің маңыздылығын түсінген жағдайда.
7. Кей кезде клиенттің мәселесін шешуге психологтың кеңесі дәрменсіз болып қалады. Мұндай жағдайда психолог кеңесші ең құрығанда өз клиентін сенімнен айырмауға күш салу керек .
Осы және басқада мәселелерді шешуде психологиялық кеңес мынандай маңызды жағдайларды шешеді:
1. Клиенттің бетпе бет келіп отырған ең басты мәселесін анықтау.
2. Клиентті мәселесінің қаншалықты түйінді екені жөнінде ақпараттандыру.
3. Клиент психологтың кеңесі арқылы өз мәселесін түбегейлі шеше ала ма, жоқ па деген сұраққа жауап іздеу .
4. Клиенттің мәселесін шешуде әрі анық, әрі түсінікті түрде бағыт көрсету.
5. Клиенттің өз мәселесін психолог көрсеткен жолмен шешуге кіріскен жағдайда да , кеңесші қосымша кеңестермен демеп отыру .
6. Клиенттің жаңадан туындап келе жатқан мәселесін дер кезінде байқауға үйрету.
7. Клиентке өмірлік қарапайым психологиялық білім беру.
Енді осы мәселелерге жеке жеке тоқталайық. Клиенттің басындағы мәселені анықтау үшін психолог клиенттің әңгімесін мұқият тыңдап, оның әрбір қимыл қозғалысын қалт жібермей қарап отыру арқылы мұндай мәселеге соқтығысуының мәнін анықтайды. Кей кезде психологтың шешімі клиенттің ойындағысымен дәл түсіп отырады.Мәселелік ақпарат беру жоғарыдағы шешіммен тығыз байланысты. Психолог клиентіне неліктен осы мәселеге киліккені жөнінде ақпарат беріп, оны шешудің жолдарын ұсынады.
Келесі бір маңызды қадам психологтың клиенттің жеке тұлға ретіндегі қасиеттерін анықтау. Мұндай анықтаусыз психолог ешқандай шешім қабылдай алмайды.
Біріншіден: клиентке мәселесінің қаншалықты күрделі екеніне көз жеткізу керек.
Екіншіден: клиент өз мәселесін шешуде бел шешіп кіріскені жөн. Клиент әр уақытта психологтың кеңесінің дәлдігіне мойын ұсынып, мәселесін шешуге кірісіп кетпейді. Клиенттің ойында сенімсіздік басымырақ болады. Осындай жағдайда психолог клиенттің әңгімесін тыңдап, кеңес бердім болды, осымен іс бітті десе,қателеседі. Психолог өзінің беріп отырған кеңесін клиент дұрыс қабылдап, дұрыс жүзеге асыруды қадағалау керек. Көп жағдайда псхологиялық кеңес клиенттің мәселесін сол кезде шешіп бергенімен,болашақта дәл осындай мәселе қайталанбайтындығына кепілдік жоқ. Сондықтан психолог әрдайым клиентін қайтадан бұрын болғанмәселеге қайта ұрынбауын, болған жағдайды, барынша аз болуын қадағалайды.Мұндай жағдайда психолог кеңесші мақсаты сол болмаса да, клиентке қарапайым психологиялық білім береді.
Психологтың орын алған жағдайда нені және қалай өзгертуге болатындығын анықтаудағы көмегі.Психологияда жеке адамның психологиялық қасиеттері мен таным процестерін өңдеуде пайдаланылатын әдістемелер жиынтығы мен технологиясын психокоррекция деп атайды. Олардың баланың жас ерекшеліктеріне байланысты және отбасы мәселелеріне байланысты топтап, жинақтағандардың бірі А.А. Бодалев және оның зертханасында істейтін ғалымдар болды [2].
Психологияны өмір тәжірибесіне кең көлемде енгізу нәтижесінде оның көптеген жетістіктерін адамдардың алдында тұрған қиын мәселелерді шешуге ықпал жасауға мүмкіндік берді.
Қазіргі кезде психологиялық кеңес беру және психокоррекция жүргізу әдістері ретінде белгіленетін көптеген тәсілдерді тәжірибеленуші психолог кеңінен пайдаланылуда.
Психологиялық кеңес беру психолог тәжірибесінде бұрыннан бері пайдаланылатын ұғым болғандықтан, ол терминмен психолог қызметінің кең аумағын қамтитын бұл түріне нақты анықтама беру немесе оның қолдану аймағын біржақты көрсету қиын. Сондықтан, психологиялық білім қолданылатын кез-келген салада кеңес беру жұмысы осы қызметті ұйымдастыру формаларының бір түрі ретінде саналады.
Кеңес беру жұмысының өзі бірнеше бағытта болуы мүмкін: кәсіби кеңес беру, басшыларға кеңес беру, мектеп жасындағы балаларға кеңес беру және т.б.Білім беру жүйесінде және әлеуметтік ортада психологиялық кеңес берудің ең көп қолданылатын саласы мектеп оқушыларына және олардың ата-аналарына, әркімнің өзінің жеке тұлғалық және отбасылық мәселесімен келетіндерге психологиялық көмек көрсету болып отыр. Бұл сала бастауыш мектеп оқушыларының адаптациядан өтуі, жеткіншектер мәселелері, балалармен олардың ата-аналарына кеңес беру, жас жұбайлармен жүргізілетін жұмыс, некеге дейінгі кезеңде үйленейін деп жүген жастарға кеңес беру, отбасын бұзып ажырасушыларға психологиялық көмек сияқты көптеген жеке бағыттардан тұрады.
Сонымен, психологиялық көмек берудің негізгі мақсаты – психологиялық көмек көрсету қажеттілігі даусыз екенін дәлелдеп беру, яғни клиентпен әңгімелесу арқылы кеңес сұрап келген адамға мәселелерін шешуге және өзін қоршағандармен ара қатынасын дұрыс орнатуға психолог көмек көрсете алатындығына сендіру. Бірақ бұл психологиялық көмек қалай көрсетілуі тиіс екендігіне біржақты жауап беру оңай емес. Негізінде, маманның қабылдауында болған адам психолог туралы және психологиялық қызмет туралы пікірі жақсы болуы керек және психологпен кездескеннен кейін, егер ол адам шынында да өзін жақсы сезінсе, мәселелерін шешуге мүмкіндік бар екеніне көзі жетсе, онда кеңес берудің оң әсері бар екені қосымша дәлелдеуді талап етпейді. Кеңес берілгеннен соң клиент жете түсінбеген және дұрыс бағаламаған жағдайлар кездеседі. Бірақ уақыт өте келе, сол адам психолог сөзінің, оның берген кеңесінің дұрыс екенін түсіне бастайды. Сондай-ақ кеңес беруші де, егер клиентпен кездесу одан әрі жалғасса, психодиагностика барысында анықталған мәселелерді түсіндіру кезінде кейбір мәселелерді клиент жете тыңдамаған және қабылдамағанын байқауы мүмкін. Бұл жағдай психологтан өз қызметін клиентке жете түсіндіру қажет екенін көрсетеді.
Психологиялық кеңес беру тиімділігінің басты көрсеткіші- клиенттің қанағаттанушылығы болып есептелінеді. Дегенмен көп нәрсе кеңес алуға келген адамның мәселелерінің сипатымен анықталады. Мысалы, жапа шеккен адам кеңес беруден соң өзін біршама жеңіл сезініп, болашағы жақсы болатынына сенімі нығаюы мүмкін, ал кеңес беруші оның қайғысын, тағы басқа эмоционалдық жағдайын жеңілдетуге тырысуы қажет. Келесі бір жағдайда эмоционалдық жағдайды жеңілдету кеңес берушінің тікелей мақсаты болмауы мүмкін: себебі психологпен жүргізген әңгіме пайдалы болғанын сезінген клиент өз мәселелерін өте терең, ауыр және өткір сезінуі мүмкін. Өткен мәселені талдау барысында оның мән-мағынасына терең малшынумен бірге өзінің сол оқиғаның орын алуына себепкер болғанын түсіну, оқиғаға өзінің кінәлі екенін, жауапкершілік өз мойнына жүктелетіндігін сезіну, оны мойындау оңай емес. Бұл жағдайда клиент кеңес беру процесінен айтарлықтай нәр алып, қанағаттанады деп айту өте қиын. Дегенмен себептерін толық талдау арқылы өз кінәсін мойындаудың өзі клиенттің басқаларды кінәлаудан бас тартып, біртіндеп эмоционалдық зорлану жағдайынан шығуына негіз болады.
Психологиялық кеңес берудің табысты болуы көбінесе кеңес берушінің клиентті мұқият тыңдауы және шағымданушының өз жеке басында болған оқиғасы туралы түсінігін кеңейту секілді міндеттерді шешуіне тәуелді. Психологтың көмегіне сүйенген көптеген адамдардың шынайы мәселесі- олардың өздерін не толғандырып жүргені туралы сырын ешкімге айта алмауында. Кеңес берушінің оларды мұқият тыңдай алуы мен түсінетіндігі өте маңызды. Осы қатынастың өзі белгілі оң өзгерістерге алып келеді. Оның үстіне маманмен байыпты және ойлы әңгімелесу барысында клиент өзі мен қоршаған адамдар жайында көп жаңалықтарды біліп, оны түсінуіне алып келеді. Осы түсінік клиенттің өзі мен өзге адамдар туралы ойлауының “азығы” болғандықтан ол өте бағалы болып табылады және оның қоршаған әлеуметтік орта туралы түсінігінің кеңеюіне алып келеді.
Психологтың көмегіне сүйенген клиент үшін мұндай нәтиже оның психологиялық тұрақтылығын көтеруге және жалпы адамдарға деген көзқарасы тұрғысынан маңызды болады. Сонымен қатар оның басқа да мамандарға, олардың көмек көрсететініне сенімі артады.
Кеңес беру барысында әңгімелесу әдістемесі кеңінен пайдаланылады. Оның негізгі мақсаты- кеңес сұрап келген адамның алдында шешімі табылмай тұрған мәселенің мәнін анықтап алу және шағымданушымен қосыла отырып шытырман жағдайдан шығу немесе мәселенің шешу жолын іздеу. Бұл процестің маңыздылығы-клиенттің басынан өтіп жатқан оқиғаларға жауапкершілікті психологтың өз мойнына алу.
3. Психологиялық кеңес берудің түрлері.
Психолог кеңесшіге әр түрлі адамдар әр түрлі мақсатта келетін болғандықтан, олардың өзін былайша топтастыруға болады.
1. Отбасылық кеңес. Мұнда адамдардың отбасылық мәселелерді сөз болады. Сонымен бірге,клиенттер психологтың кеңесіне достарының отбасылық мәселесін шешуге де жүгінеді. Болашақ жар таңдау, әйелі немесе ерінің болашақ жарының туысқандарымен қарым қатынасын нақтылау, сондай-ақ ажырасуға дейін баратын мәселелер осындай кеңестерде шешімін табады. Отбасылық кеңесуде психолог кеңесшінің отбасылық өмір туралы тәжірибесі мен білімі қажет. Мұндай жағдайда отбасылық өмірді басынан өткізбеген немесе тұрмыс құрмаған маманның жұмысы нәтижелі болады деп айту қиын. Сондай - ақ, өз басындағы отбасылық мәселелерді шеше алмаған психологтың да көмегі шамалы. Тіпті, осы сияқты түрлі отбасында болатын келеңсіздіктерді жеңе отырып, шыдамдылық танытқан адамдардың өзі түбінде психолог болып кетуі мүмкін.
2. Психологиялық педагогикалық кеңес. Мұнда ұстаздардың, ата- аналардың бала тәрбиесіне қатысты мәселелері сөз болады. Сондай -ақ әріптестерінің педагогикалық деңгейін көтеру туралы мәселелердің де түйіні шешіледі. Педагогикалық әдістемелер, бағдарламалар , оқу тәрбие істері талқыланады. Психологиялық педогогикалық кеңес өз кезегінде педагогикалық тәжірбиелер негізінде өтеді. Педагогикалық кеңес беруге әдетте тәжірибелі ұстаздар, әдіскер мұғалімдер, педагогика төңірегінде бірталай тәжірибесі бар адамдар бейім болады. Жоғарыда айтқандай педагогикадан хабары жоқ адамдар ондай көмек беруге дәрменсіз .
3. Интимді жеке психологиялық кеңесу. Өйткені көп адамдардың мәселесі осы жағдайға байланысты туындайды. Бұлар қалай өрбиді. Енді соған тоқталайық - мұндай мәселелерге аса ұқыптылықпен қарамаса болмайды, себебі, адамдар бұл жағдайда аса жасқаншақ, жаны жапа шегіп жүреді. Сондай-ақ ішіндегі сырын айналасындағылардан жасырып - жауып жүреді. Олар мәселені, бойындағы әлде бір кемшіліктерден тезірек құтылғысы келеді, бірақ оның амалын білмейді немесе беделді адамдармен қатынас жасай алмау, әлде бір қорқыныштан арыла алмау, қысылып қымтырылып жүру. Мұндай кезде адамдар өзіне өзі көңілі толмау, әсіресе интимдік жұптасу, жыныстық қатынас кезінде өзін өзі кінәлаушылыққа көп барады. Интимдік- жеке кеңес алу әдетте психологпен көмекке зәру адам арасында жабық түрде өтеді. Кейде сенімді адамдарда қатыстырылуы мүмкін. Өйткені психолог кеңесшіге абыржулы клиентпен екеуара әңгімелесудің өзі оңайға соқпайды.Оның үстіне интимдік жеке мінездегі мәселелер тез арада шешіле қоймайды.
4. Іскерлік кеңес. Мұның өзі жан жақты болып келеді. Оның ішіндегі күрделісі іскерлік мәселелерді шешу. Белгілі бір адамның қызметтегі дәрежесін өсіру, іскерлігін арттыру, қызметтегі ұйымдастырушылық қасиеттерін шыңдау жаңа шешімдер қабылдау осындай кеңес үстінде сөз болады.Кәсіби қызметтік кеңес беру үшін де сол мамандық туралы толық мәліметі бар адамдар жақсы көмек бере алады.
Сонымен бірге психологиялық кеңес топтық және жеке даралық формада жүргізіледі. Топтық кеңес беру алдын ала жүргізілген жеке даралық кеңес беруден кейін ұйымдастырылады. Онда психологиялық мәселелері ұқсас адамдар топтастырылады және мынандай түрлерге бөлінеді:
- бір және бірнеше реттік;
- жеке ұсыныс бойынша;
- шақыру және бағыттау нәтижесінде;
- толықтырушы тестілеусіз, толықтырушы тестілеумен, т.б.
Жеке даралық кеңес беру мазмұны клиенттің тапсырмасымен анықталады. Психологтар психикалық даму кезеңдерін әрі нақты кезеңдегі механизмді білуі тиіс. Демек жеке даралық кеңес беру схемасы мына үлгіде ұсынылады: өзара іс-әрекет тапсырмалар мазмұны (тапсырыстың мәтіні) – психикалық дамудың механизмдері (психологиялық тапсырма) – психикалық даму мөлшерінің мазмұны.
Клиенттің психологиялық тапсырмасының қалыптасуында психологқа адамның өзіне ден қоюға, маманның философиялық және адамгершілік-этикалық айқындалуын талап ететін өмір мағынасы туралы сұрақтарға жауап іздеуге тура келеді.,
Топтық кеңес берудің мақсаты – адамдар арасындағы жүйені зерттеу болып табылады. Бұл қарым-қатынас мазмұны әр түрлі болуы мүмкін. Топтық кеңес беруде психологтың міндеті – топ мүшелерінің өзара қарым-қатынас құралын табу, кеңес беру барысында әсер етудің типтері мен олардың мазмұн, тұрақтылығын айқындау.
Психолог кеңес беру кезінде зайырлы әңгімеге бармай-ақ, тым жабыла немесе ашыла бермей, өзінің ойын еркін игере білуі тиіс. Әсіресе гипотезаны ұстануға бара бермеу керек, өйткені ол жалған болып шығуы мүмкін. Тиісті себептерсіз клиенттің пікірін елемейтіндей немесе беделін түсіретіндей тура сұрақ қоюға бармау керек, әңгіме қарымталы және өктем болмауы керек.Жалпы, жоғарыда айтылған психологиялық кеңес берудің ережесін сараптай келе, Р.В. Овчарова ұсынған кеңес берудің тиімді және тиімсіз кеңес берудің көріністері 1-кестеге сәйкес ұсынылған [3].
Кесте 1.
Р.В.Овчарова бойынша тиімді және тиімсіз кеңес берудің көріністері
№ |
Тиімді кеңес беру көріністері |
Тиімсіз кеңес беру көріністері |
1. |
Психологтың клиентпен кездесуі сәтті өтеді, олар пікір алмасады |
Психологтың клиентпен кездесуі сәтті өтпейді. |
2. |
Психолог клиенттің құқығын құрметтейді, кәсіби араласудың шараларын, шамасы мен шегін сақтайды. Психолог клиенттің өзінің шешім қабылдау қабілетіне сенеді. |
Психолог айтарлықтай байланыс орнатпайды. |
3. |
Ол ауызша және басқа да әдіспен мұны өзінің кеңес алушысына көрсетеді, эмоционалды түрде қолдайды. Ол клиентке өзінің сезімін білдіру мен қиындықтарын айтуға мүмкіндік береді. |
Психолог клиентті «көрмейді», «естімейді» және сезбейді. Ол өзінің айтқандарына жөнсіз қарайды. Клиентке де сөз бермейді. |
4. |
Ол клиенттің жағдайын білгірлікпен объективтендіреді (ойды айқындау арқылы) және субъективтендіреді (клиенттің және өзінің сезімі арқылы). мәселелерді анықтауда ол клиенттіңайтқандарына мән береді. |
Клиентке өзінің шешімін айтады. Асығыс кеңестер мен ұсыныстар береді. |
5. |
Ол қорытынды мен ұсыныс беруге емес, клиентке жағдай жасауға ғана асығады. |
Клиентті дауласуға, ақталуға, шындықты жасыруға мәжбүр етеді. |
6. |
Ол клиентке алғысын білдіріп және бірге қызмет жасауды ұсынады. |
Бастапқы гипотезаны қатаң ұстанады. «Диагноз» қояды және «емдеу» ұсынады. |
7. |
Ол мәселені түсінуге және мәселелерді бірлесіп шешуге ұмтылады. |
Прооблеманы шешу барысында бір жақты ұстанымда ғана болады. |
Психологиялық кеңес берудің мәні – арнайы ұйымдасқан өзара әрекеттестік (әңгімелесу) процесінде тұлғааралық және ішкі қиыншылықтарда өзін өзі ұстауға адамдарға психологиялық көмек беру. Психологиялық кеңес өз мақсатына жетіп , жақсы нәтиже беру үшін мынандай талаптар орындалуы тиіс:
1. Психологтың кеңесіне зәрулік танытқан адам ойдан құрастырылмаған, кәдімгі басында туындап отырған мәселемен келуі тиіс. Сондай –ақ ол осы мәселені шын шешкісі келіп, асығыстық танытқаны жөн. Біз бұдан бұрын әңгіме еткендей, кейбір клиенттер психологты сынау үшін немесе әлдебір оқиғаларды ойлап тауып мазақ ету үшін де келуі мүмкін.
2. Клиенттер көмек сұрап келіп отырған психолог кеңесшінің тәжірибелі болғаны жөн. Сонымен қатар оның дәрігерлік біліміде болғаны дұрыс.
3. Психологиялық кеңес барынша ұзақ уақытқа созылғаны жөн. Осы уақыт ішінде психолог клиенттің мәселесі неден туындағанын тауып, оны клиенттің өзімен бірге шешуге ұмтылуы керек .
4. Клиент психолог кеңесшіден алған ұсыныстарын дұрыс қабылдап, дұрыс орындауы керек.
5. Психологиялық кеңес екі жаққада тиімді әрі ыңғайлы орында өткізілуі жөн.
Психологиялық кеңес берудің мәнділігін арттыруда қандай адамдар психологиялық кеңес бере алады? Ол үшін не білу керек және не істей алу керек деген сұрақтарға жауап іздеп көрейік.
Психолог кеңесші болу үшін оның жалпы және кәсіби психологиялық жоғары білімі болуы заңды немесе өз өмірінде көп тәжірибе жинаған жоғары бағаланатын куәлігі бар мамандар психолог кеңесшінің рөлін атқара алады.
Жоғары білімді психолог деп, университет немесе иниституттың психология бөлімін жақсы деген біліммен бітіріп шыққан мамандарды айтады. Ал арнайы психологиялық білім деп, психологияның бір ауданын ғылыми түрде зерттеп, тәжірибеде жүзеге асырылған білімді айтады. Психолог кеңесшіге осы екеуіде қажет. Өйткені болашақ психолог маман ретінде төменгідей сұрақтарға жауап іздеуі тиіс:
- жаңашыл клиенттердің психологиясы қандай?
- психологиялық кеңеске нағыз өмірлік мәселелерімен келген клиенттерде не жағдай болады?
- неге клиенттерге тек осындай көмек керек , әлде басқа емес?
- клиенттерге жасалған ұсыныстар қалай қабылданады?
Осы сияқты және басқа да сұрақтарға психолог кеңесші ғылыми түрде дәлелденген жауаптар табу керек.Сонымен қатар,психолог-кеңесші білімді болып қана қоймай,мына сияқты қасиеттерге ие болғаны жөн.Ол адамдарды жақсы көруі тиіс,адамдардың көңіл-күйін айнытпай-ақ танитындай қасиетке ие болуы керек,шыдамды,төзімді адамдармен тез тіл табысқыш болуы міндетті.
Психологиялық кеңес берудің мазмұны– психолог өзінің кәсіптік-ғылыми білімін қолдана отырып, екінші адамға өзінің жаңа психологиялық тапсырмаларын шешу қабілетін сездіретін жағдай жасайды. Оны клиент бойынан байқалатын төмендегі белгілерден байқауға болады:
1. Психологтың өте байқампаздығын сезіне алуы.
2. Психологтың іс-әрекеті құрастырмалы құрастырмалы емес, ол басқа адамға ақылмен әсер етуге тырысады.
3. Клиенттің даусы естіледі.
4. Клиенттің жауабы психологтың айтқандарымен сәйкес.
5. Клиенттің тапсырмасының мазмұны психологқа әсер ету арқылы дұрыс түсінілген. Психолог клиент тапсырмасын шеше отырып, оның жағдайына жеңілдету енгізеді.
6. Психологтың бойында түсіну мен жағымдылық арқылы әсер ету дағдысы бар.
7. Психолог клиентке өзінің жеке даралығын жоғалтпай қосылады.
«Адам – адам» кәсібіндегі психологиялық әсер ету (дәрігер, заңгер, тілші, мұғалім, әлеуметтанушы, әлеуметтік қызметкер) сұхбат ретінде жүзеге асырылатын болғандықтан кеңес беру процедураларын жиі еске түсіреді. Бірақ бұл сұхбаттар өзара іс-әрекет құралы сияқты адамға әсер ету мөлшерімен және оған деген жауапкершілікпен ерекшеленеді. Психолог клиенттің психологиялық өмірінің қасиеттерін көрсеткені үшін жауапты болады. Әр бағыттауға спецификалық әдістемелік тәсілдер, кеңес берудің мақсаты мен тапсырмалары, психикалық шындықтың аймағы, клиент пен кеңес берушінің бағыттары тән:
Клиентке деген құнды және қайырымды қарым-қатынас.Психолог қызметтік этиканы сақтай отырып, көмек сұрап келген әр адамға психолгиялық қолдау көрсетуге тырысады.
Кеңес беруге тыйым салу.Психолог кез келген кеңес алушыға жауапкершілікпен көмектесу керек.
Құпиялылық.Психологқа клиент тарапынан айтылған ақпарат құпия сақталуы тиіс.
Клиенттің кеңес беру процесіне араласуы. Психологиялық кеңес берудің мақсаты – клиентке мәселені түсіндіру және оған оны шешудің жолын табуға көмектесу. Кеңес берудегі сәттілік көбінесе психологтың клиентті кәсіби тыңдап, оның өзі туралы көзқарастарын кеңейте білуінде.
Кеңес беру процесінде мына тапсырмалар шешіледі:
- психикалық денсаулық деңгейін бағалау және басқа психологиялық көмек көрсету тәсілінің көрсеткішін бағалау;
- клиентті оның психологиялық ерекшеліктері туралы ақпараттандыру;
- жалпы психологиялық сауаттылықтың жоғарылауы;
- клиенттің жасырын жатқан психологиялық ресурстарын жаңарту;
- бейімделудің және тұлғалық үйлеспеушіліктің бұзылуын түзету:
- тұлғаның алдағы дамуының негізгі бағытын анықтау.
Психологиялық кеңес берудің әдістемелік негіздері кеңес берушінің клиенттің қандай да бір психологиялық моделін таңдау және қабылдау мәселесімен байланысты. Психолог қолданатын теория кеңес беру үшін ұйымдастыру принциптерін анықтайды. Айқындалған фактілерді жинақтай отырып, клиенттің хаотикалық, іріткі салушы ішкі дүниесінің күрделі құбылыстарын неғұрлым түсінікті ете отырып, ол оның мәселесін түсінудің кең перспективасын ашады. Теория осы мәселені түсіндіретін және оны шешудің тиімді әдістерін көрсететін динамикалық гипотезаларды қалыптастыруға көмектеседі. Әрбір психолог өз теориясын жасайды, «құрастырады», ол клиенттермен өзара іс-қимылдың жеке тәжірибесін көрсете отырып, белгілі теориялық бағдарларға және бағыттарға сүйенетіндігін псхологиялық кеңес беру саласындағы мамандар түрлі көзқараста қаратырған болатын. Солардың бірі Бохан Т.Г ., Ульянич А. Л., Терехина О.В зерттеулеріндегі психологиялық кеңес берудің әдітемелік негіздері 2-кестеге сәйкес ұсынылған[4].
Кесте 2.
Психологиялық кеңес берудегі әдістемелік негіздер
№ |
Психологиялық бағыттар және негізгі өкілдері |
Кеңес беруде қолданылатын әдістемелік тәсілдер |
Негізгі әдіс және тапсырма |
Мақсат-нәтиже |
1. |
Тереңдетілген психология. (З.Фрейд, А.Адлер, К.Юнг, Э.Берн) |
Күнделікті символдарды талдау (клиенттің сөзге ойын аудару). Еркін ассоциациялар арқылы түстің мазмұны жайында түс көруді талдау. Клиенттің қарсыласуын бір нәрседен құтылу механизмі ретінде талдау. Клиенттің орын ауыстыруы мен контур ауыстыру мазмұнын талдау. |
Еркін ассоциация әдісі.Баланың ақыл-есімен жұмыс істеу арқылы мінез-құлық стереотипін зерттеу және анықтау |
Клиенттің еркін іс-әрекеті мен ойлары. Психоанализ терминінде интерпритациялау. |
2. |
Бихевиоризм. (Д.Уотсон, Б.Скиннер, А.Бандура) |
Бірбеткейлік жаттығулары. (Сұрақтар, рөлдік ойындар, альтернативаларды жіберу). Әлеуметтік қалаулы мінез-құлықтарды модельдеу. Релаксация жаттығулары (қауіптену мен қорқынышты азайту).Көздеген мінез-құлықты бағалау. Клиенттің күнделікті жазуларын талдау. Мінез-құлық рецедиваларын алдын алу бағдарламаларын құру. |
Жылдам үйрету әдісі. Клиенттің субъективті уайымдауларын тығыз бақыланатын іс-әрекетке ауыстыру. |
Клиенттің мінез-құлқын өзгерту. |
3. |
Мейірімділік психологиясы. (К.Роджерс, Ф.Перлз, В.Франкл) |
Ашық және жабық сұрақтар сезімнің шағылысуы, қайталау, психологтың өзін ашуы. «Мұнда және менді» қабылдау». Бос орындық. «Мен» бөлшегімен әңгіме. Белгіленген сезінулер. Қарама-қарсы ниеттер. Қарым-қатынастың ауысуы. Сендіру және шақыру. |
Эмпатиялық тыңдау әдісі. Фокусировка әдісі.Перль-Фроза әдісі. Эмоциялық қолдау әдісі. Бағаланбайтын қатынас және талассыз қабылдау әдісі. |
Адамның өз қылықтары үшін жауапкершілігінің артуы, тұлғаның өзін-өзі маңыздандыруы. |
Психологтың клиентке деген қарым-қатынас бағыты өзгермейтін құбылыс болып табылады. Жақсы маман – ол көбінесе қажет болған жағдайда – бағытын өзгерте алатын актер.
Бекіту сұрақтары:
1. Психологиялық кеңес беруді- практикалық психологияның бір формасы ретінде талдаңыз.
2. Психологиялық кеңес берудің басқа да практикалық психологиядан ерекшелігі неде?
3. Ю.Е. Алешина бойынша психологиялық кеңес берудің мақсат, міндеттерін сипатаңыз.
4. Психолог- кеңесшінің клиенттің жеке тұлға ретіндегі қасиеттерін анықтау жолдарын табыңыз.
5. Психологиялық кеңес берудің негізгі түрлеріне сипаттама беріңіз.
6. Р.В. Овчарова бойынша кеңес берудің тиімді және тиімсіз жақтарын салыстырмалы түрде ұсыныңыз.
7. Психологиялық кеңес берудің мәнділігі неде?
8.Психологиялық кеңес беруге жүгінетін адамдардың мінез бітістері бойынша сипаттаңыз.
9. Психологиялық кеңес берудің мазмұнына тоқталыңыз.
10.Психологиялық кеңес берудің әдістемелік негіздерін бағыттар бойынша салыстырмалы түрде түсіндіріңіз.
Әдебиеттер
1. Айви А., Айви М.Б., Саймек-Даунинг Л. Консультирование и психотерапия. Сочетание методов, теории и практики - М., 2000.
2. Алешина Ю.Б. Индивидуальное и семейное психологическое консультирование - М.,МГУ, 2000.
3. Качунас Р. Основы психологического консультирования. М., 2005
4. Перлз Ф., Гудмен П., Хефферлин Р. Практикум по гештальт-терапии -М.,1995.
5. Рудестам Н. Групповая психотерапия - М.,2004
6. Хрестоматия по психологическому консультированию. Составитель Сапарова И.А. - А., 2004
7. Ташимова Ф.С. Психологический анализ субъектной детерминации смыслов - Алматы. Қазақ университеті, 2011.
8. Психотерапевтическая энциклопедия/ Под ред. Б. Д. Карвасарского. - СПб, 2000.
9. Фрейд З. Очерки психологии бессознательного - М.,2003
10. Юнг К. Человек и его символы -М.,2005.
11. Нельсон-Джоунс. Теория и практика консультирования - СПб, 2006
12. Франкл В. Человек в поисках смысла: Сборник: Пер с агл и нем./Под ред. Л.Я Гозмана и Д.А.Леонтьева. – М 1990.
13. НемовР.С. Основы психологического консультирования. – М., 2003
Психологиялық кеңес берудіңтарихы және негізгі қағидалары
Дәріс мақсаты:студенттерді психологиялық кеңес берудің тарихи қалыптасуыменқолданылатын негізгі қағидаларамен таныстыру.Кеңес берудің этикалық принциптері мен тәжірибелік әрекеттер ерекшелігін меңгерту.
Дәріс жоспары:
1. Психологиялық кеңес берудің пайда болуы мен қалыптасуына тарихи шолу.
2. Психологиялық кеңес берудің қағидалары.
3. Кеңес берудің этикалық принциптері. Кеңес берудегі теория және тәжірибе.
1. Психологиялық кеңес берудің пайда болуы мен қалыптасуына тарихи шолу. Психологиялық әсер ету әдістерінің дәстүрлі бір түрі психологиялық кеңес беру болып табылады. Психологиялық кеңес беру ресми емес формада- достық, туысқандық сияқты байланыстар негізінде және кәсіби жағдайларда – басқа адамның ақыл-кеңесі, жәрдемі, қолдауы, қолпаштауы, жетекшілік жасауы сияқты әрекеттер арқылы адам өмірінде ежелден-ақ белді орын алады. Сондықтан психологиялық кеңестің даму тарихын ғасырлар тереңінен бастап сипаттау жөн болар.
Эберстің (б.э.д. XVI ғ.)[1] мыңға жуық пайдалы емдік жазбалары бар медициналық папирусында дәрі-дәрмектің дауалылығына сенімді арттыратын дұғалар келтірілген екен. Ертедегі патшалардың, хандардың арнайы кеңесшілері болғандығы тарихта айтылады. Ежелгі грек данасы, дәрігер Гиппократ (б.э.д. VI ғ.)[2] жаны, тәні ауырған адамға сөз (ерекшелеп көрсетуші – автор), шөп және пышақ шипа болады деген екен. XVII ғасырдың соңында емдеудің психикалық әдістерін ғылыми түсіндіруге талпыныстар жасалынып, олардың небір жаңа нұсқалары пайда бола бастады. Психологиялық кеңес берудің одан кейінгі қадамдары австралиялық дәрігер А.Ф. Месмер (1734-1815)[3] ілімінің негізінде пайда болған гипноз жайлы ғылыми түсініктермен байланысты. Осыдан барып, психологиялық әсер ету әдістерінің, жәрдем берудің іргетасы қаланып, ауқымы анықталына бастады.
Психологиялық кеңес берудің дамуы мен психиканың мотивациялық, энергетикалық жастарын түсінуге З.Фрейд (1856-1939)[4] еңбектері ықпалын тигізді. XIXғасырдың соңында З.Фрейд жеке адамның психикалық денсаулығына қатысты жаңа концепция ұсынды. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін, жиырмасыншы жылдардан бастап психологиялық жәрдем көретуде психоаналитикалық бағыт кең тарала бастады. Психоанализдің басты әдістері соңғы жүзжылдықта жетіле дамып, психология тәжірбиесінде өз орнын алды. Осылайша юнгиандық бағыт, адлерлік жеке - дара психология, К. Хорнидің клиникалық тәжірибесі, психодинамикалық бағдарланудағы Э. Эриксон, Э.Фромм және т.б. постфрейдистер іс-тәжірибелері психоаналитикалық кеңес берудің ауқымын кеңейтті. Карл Роджерстің директивті емес техникалары – клиентке шоғырлану терапиясы, Альберт Эллистің рационалды- эмотивті психотерапиясы, Виктор Франклдің логотерапиясы, Джордж А.Келлидің конструктивті альтернативтілік психотерапиясы, Я.Л. Морено бойынша психодрама,. Перлздің гештальтерапиясы, Милтон Эриксон бойынша гипноз, Вирджиния Сатирдің отбасылық терапиясы және басқа да бағыттар мен іс-тәжірибелер психика нормасы мен патологиясын анықтау, психикалық жәрдем көрсету сияқты мәселелерді шешуге жағдай жасай бастады, осылайша кеңес берудің дербес сала болуына септігін тигізді [5].
[1]Лавренов. В.К., Лавренова Г.В Энциклопедия лекарственных растений народной медицины. – Спб: Издательский дом «Нева», 2003. - 272стр
[2]Гиппократ: Сочинения в 3 т. Т. 1. Издательство Омега- Л, 2016 – 470 с. – Жанр: Философия
[3]Шерток Л., Соссюр Р. Рождение психоаналитика. От Месмера до Фрейда.- М.: Прогресс.- 1991.
[4]Библиография Зигмунда Фрейда. Дадун, Роже. Фрейд. — М. : Х.Г.С, 1994. — 512 с.
Алғашында психологиялық кеңес беруді психотерапиялық іс-әрекет ретінде дәрігерлер қолданып, дамытты. Ал XX ғасырдың бастапқы жылдарынын-ақ әлеуметтік салалардың қызметкерлері де психологиялық кеңес беруге қамтыла бастады. Осыдан барып,1951 жылы АҚШ-ғы Солтүстік-батыс конференциясының нұсқауы бойынша «кеңес беру психологиясы» атауымен фундаментальді және қолданбалы аспектілері бар ғылыми сала бөлініп шықты. Психологиялық кеңес беру психологиялық көмек көрсету үрдесін жүйелеп сипаттаумен анықталады. Мұнда, психолог пен көмек сұраған адам арасында арнайы ұйымдастырылатын қарым-қатынасты пәрменді және мәнді психологиялық әсер ету әдісі, құралы деп қарастырады.
Психологиялық кеңес беру жағдайындағы қарым-қатынас арқылы көмек сұраған адамның психологиялық мүмкіндігі, күш-қуаты мен қабілеті өзектендіріледі. Соның нәтижесінде күрделі мәселелік кезеңдерден шығудың жаңа жолдарының, мінез –құлықтың әр түрлі нұсқаларының пайда болуы мүмкін болды. Осылайша, адамның өміріндегі жағдайлар мен жеке басының мүмкіндіктеріне басты назар аударылады. Адамның психикалық науқасқа шалдығуын, ауруын анықтау т.б. денсаулық мәселесіне қатысты көмек беретін дәстүрлі психотерапиядан психологиялық кеңес берудің өзгешелігі де осында. Психотерапияға және психопатологияны емдеуге бағытталған клиникалық психологиядан кеңес беруді ажыратып алу қажеттілігі көрінді. Психологиялық кеңес берудің кең таралып, дамуының нәтижесінде 1952 жылы Американдық Психологиялық Ассоциация кеңес жүргізетін психологтың позицияларын тағайындады. Осыдан барып, дүниежүзілік тәжірбиеде психолог-кеңесші кәсіби маман ретінде бекіді.
Қазіргі кезде кеңес беру психологиялық білімді қажет ететін қай салада болмасын әсер етудің бір формасы ретінде қолданылады. Кеңесберудегі кәсіби іс- әрекет, кәсіби бағдар беру, ағарту, өндірістік, менеджменттік, әлеуметтік сияқты сан салаларда жүзеге асырылады. Бұл салалардың қайсысында да отбасы мен жеке мәселелері бойынша көмек қажет болғанда психологиялық кеңес беру жүргізіледі. Сондай- ақ психологиялық кеңес берудің басты қағидалары есепке алынады.
2. Психологиялық кеңес берудің қағидалары.Психологиялық көмек қолын созғанда ұстанатын ең басты мәселе- кеңес берудің қағидалары. Кеңес берудің нәтижелігі мен маңыздылығын арттыру мақсатында А.А.Бодалев [6] зерттеулері негізінде басты қағидалар анықталды:
Қарым-қатынас барысында клиентке тілектес болу – кеңес беру барысында өзін кәсіби тұрғыдан іскерлік пен шеберліктерін кешенді түрде көрсете алу. Тілектестік қарым-қатынас әрекеттің жалпы қабылданған нормаларын сақтау арқылы шағымданушының мұқтаждығын мұқият тындай білуді, қажетті психологиялық көмек көрсету мақсатымен әрбір адамды түсіну мен көмек беруге тырысуды қарастырады. Әр клиентті психологтың қуанышпен күтіп алуы, жағдайын сұрастыруы, клиенттің айтқан барлық шағымдары мен күдік тудырған мәселелерін мұқият тындауы және оның төркінін түсінуге тырысуы маманға деген сенім тудырады. Сондықтан кеңес алушыға, коррекциядан өтушіге тілектестік білдіру — негізгі талаптардың бірі болып табылады.
Клиенттің құндылығы мен нормаларына бағытталу.Бұл қағида бойынша психолог өзінің жұмыс уақытында әлеуметтік ортада қабылданған нормалар мен ережелерге ғана емес, клиентке құнды болып табылатын өмірлік кағидалары мен идеяларына бағытталуын ойластырады. Клиенттің өзінің құндылықтар жүйесіне сүйенгенде ғана психологиялық кеңес беру арқылы оған тиімді ықпал етуге болады. Сондықтан кеңес беруші қиын болып отырған қарым-қатынасы және басқа жағдайы туралы шағымданып келген адамның мұқтаждығына терең түсініп, оның толық ашылуына мүмкіндік бермесе ол сырын аша алмай тұйықталып қалады, нәтижесінде кеңес беру ықпалының мүмкіндіктері де мүлдем іске аспайды. Клиент құндылықтарын қабылдап алып, оларды құрметтей отырып, қажетті сөздермен қуат берсе, кеңес беруші олардың өмір жолындағы кедергі болып тұрған жағдайлардан адамгершілік сақтап өтуіне ықпал ете алады.
Кеңес беруге тыйым. Кеңес беруге тиым салуға негіз болатын себептер өте көп және алуан түрлі. Бәрінен бұрын, психологтың өмірлік және кәсіби тәжірибесінің таяздығы қандай болмасын басқаға кепілдендірілген кеңес беруге мүмкіндік бермейді. Психологиялық кеңес беру барысында психолог әрбір адамның өмірін толық түсінбесе ол белгісіз және алдын-ала болжанбайтын күйінде қалады. Оның үстіне, кеңес бере отырып психолог клиенттің басынан өтіп жатқан оқиғаға жауапкершілікті толығымен өзінің мойнына алады. Бұл жағдай кеңес алушы тұлғаның шындыққа барабар қатынасын дамытуға ықпал жасауы да, жасамауы да мүмкін. Егер тәжірибесі таяз, әлі шеберлігі қалыптаспаған маман психологиялық, кеңес барысында клиенттің мәселелерін шешуге ықпал ете алмаса, онда психолог өзін "гуру" ұстанымына қояды. Бұл ұстаным клиенттің психологиялық, жағдайын басқаруға, сол жағдайдан адамгершілікпен шығу жолын үйретуге мүмкіндік болмайды, сондықтан мұндай кеңес берудің зияндылық жағы басым болуы мүмкін. Клиент өз өмірін сараптап талдаудан, оны өзгертуге ұмтылудан бас тартып, өзінің басынан өтіп жатқан оқиғаға немқұрайлы қатынасының калыптасуына алып келеді. Бұл жерде кеңесті іске асырудағы кез-келген сәтсіздік кеңес берушінің беделіне теріс әсерін тигізіп, кеңес беруші сәтсіздіктің негізгі себебі ретінде бағаланады. Мұндай жағдай, әрине, клиенттің басынан өтіп жатқан оқиғалардағы өз ролін түсінуге кедергі келтіреді. Сондықтан, психолог кеңес беруге шамасы келмейтінін байқаса бұл туралы пікірін клиентке ашып айтып, кеңес бере алмайтынын мойындауы керек. Осындай жағдайларда кеңес беру жұмысын жалғастыруға толық тиым салынады.
Кеңес берудің құпиялылығы.Психологиялық кеңес берудің негізгі шарты — оның кұпиялығы. Бұл қағида бойынша клиенттің психологқа айтқан кез-келген ақпараты және психодиагностикалық зерттеу нәтижелері оның келісімінсіз ешқандай жеке тұлғаларға, қоғамдық немесе мемлекеттік ұйымдарға, оның ішінде туысқандарына немесе достарына айтылмайтындығына психолог кепіл береді. Көптеген елдерде бұл ережеден туындайтын мемлекет заңында арнайы қарастырылған баптар бар. Барлық мәліметтер құпия сақталатыны туралы клиентке алдын-ала ескертіледі. Дегенмен, кей кездерде психологиялық зерттеу барысында клиенттің берген акпараттарында оның біреудің өміріне қастандық жасап, қауіп туғызып тұрғаны туралы тиянақты мәлімет алынған жағдайда бұл кұпияны психолог қажетті мекеме өкілдеріне жеткізуі қажет. Бірақ, әрине, бұл жағдайда психологтың өте абай болғаны және клиент мүддесін есепке алғаны дұрыс.
Жеке және кәсіби қатынастарды шектеу. Психолог өз клиенттерімен достық қарым-қатынасқа өте отырып немесе өзінің достары мен жақын туыстарына кәсіби көмек көрсетуге тырысып, оларға мойынсұнып, айтқанымен жүргені тәжірибесі мол және кәсіби шеберлігі қалыптасқан кеңесшілерде де кездеседі. Кеңес беруші клиенттің беделін сақтау үшін ол туралы жеткілікті мәлімет алушының қажеттілігін, мәлімет аз болса толық көмек көрсетуі қиын екенін түсіндіруі керек. Бірақ толық мәліметтілік кейде кеңес беруші мен клиент арасында тығыз жеке қатынас орнатуға, олардың жақын адам ретінде бір-бірінің талаптары мен тілектерін қанағаттандыруына және кеңес беруші клиент мәселесін тиімді шешуге қажетті объективті ұстанымдарды сақтай алмайтынына алып келуі мүмкін. Мүмкіндігінше жеке қатынастарды болдырмаған жөн, ал егер осы жағдай орын алса психологтың өте абай болып, психолог кеңес беру немесе психотерапия процесін жүргізуді тоқтатуы керек.
Клиенттің кеңес беру процесіне кірістірілуі. Кеңес беру процесі тиімді болу үшін, клиентті қабылдау кезінде ол өзінің мәселесі бойынша көтерілген әңгімеге кірістірілгенін сезініп, кеңес берушімен талқылаған мәселердің барлығын эмоциялы тұрғыда қайтадан басынан өткеруі тиіс. Мұндай кірістірушілікті қамтамасыз ету үшін психолог өзінің, диагностикалық әңгімесінің дамуын біртіндеп клиенттің басынан өткізген жағдайдың барлығын бір-бірімен ұштастырып, сол оқиға болған жағдаймен логикалық жағынан байланыстырып, талдаудың мағынасы шағынушыға түсінікті болатындай етіп жүргізуі керек. Себебі, талқылаған мәселелердің барлығы клиентке түсінікті және тыңдаушылардың қызығушылығын тудыратындай болмаса ол өз оқиғасын шешу үшін үлкен шыдамдылықпен оны сараптап, нәтижесінде осы жағдайдан шығу жолдарын белсене іздеуге кіріспейді.
Клиентті қабылдау кезінде ол кенеттен толқып, тақырыпқа деген қызығушылығын жоғалтып, жалығып, іштей психолог пікірімен келіспей, болған жағдай туралы ешнәрсе айтқысы келмей қалатын кездері болады. Бұл жағдайда клиентке оқиғаны соңына дейін түсіндіріп айтуды, себептерін тыңдап, түсіндіруге тырысып, әңгімелесуге оны мәжбүр етудің пайдасы жоқ. Мұндай кезде психолог тақырыпты ауыстыра отырып, күнделікті болып жатқан, баршаға ортақ тақырыптарға ауыстырып, сол әңгіме барысында психологпен сөйлесуге қызығушылығын қайта шақырып, кейде әзілдесіп және басқа тәсілдердің көмегімен клиентті кеңес беру процесіне қайта кірістірген жөн. Зерттелінушінің қызығушылығын сақтағанда ғана оның психологиялық кеңеске деген оң көзқарасын жандандыруды қамтамасыз етуіне, жағдайды дұрыстап алуға мүмкіндік туады.
Клиенттерге жауапкершілікті өз мойнына алдыру. Кеңес беру барысында клиенттің жауапкершілік локусы өзгелерден өзіне ауыстырылуы тиіс. Бұл міндетті шешпей қандай да бір нақты нәтижеге жету мүмкін емес. Тек қана адам өз басынан өтіп жатқан оқиғаларға өзінің жауапкершілігін сезінген кезде ғана ол өз басына қиындық туғызған жағдайға өзі де кінәлі екенін мойындап, оны өзгертуге шынымен тырыса бастайды. Керісінше, кінәсін мойындамаған жағдайда ол айналасындағы адамдар тарапынан көмек пен жағдайды өзгертуді күтеді және талап етеді.
Жауапкершілік локусын клиенттің өзіне аудару оңай шаруа емес. Қабылдау барысында психолог жасай алатын нәрсе - бұл клиентке оның адамдармен қатынастары күрделі сипатта екендігін түсіндіріп, оны оң белгіге аударуға ықпал ететін жолдарын көрсету. Бұл жағдайда кеңес беруші өте маңызды нәтижеге қол жеткізеді, себебі адам өзінің оқиғаға жауаптылығын сезіне отырып, өз өмірінде өзгерістер болуы үшін не істеу керектігі туралы өзі шешім қабылдайды. Әрине, бұл шешімді қабылдаудағы психологтың көмегі өте пайдалы.
Кеңес беруші мен клиент арасындагы қатынасты құру. И.В.Цзен, Ю.В.Пахомов [7] т.б. ғалымдар клиент пен психолог қатынасы ерекшеліктерін анықтауға төрт ұстанымды атап көрсеткен: теңдік, серіктестік, жоғарыдан төменге және төменнен жоғарыға. Әртүрлі жағдайларда кеңес беруші түрлі ұстанымдарды жетекші ретінде іріктеп алады. Бірақ кеңес беруде өте дәстүрлі болып теңдік ұстанымы мен клиентке қатысты серіктестік ұстанымдары табылады. Дегенмен бұл жағдайларда да бағыттаушы және анықтаушы роль психологқа жүктеледі. Сондықтан осы позицияны толығырақ қарастыру керек.
Кеңес беру процесіндегі психологпен тендік ұстанымы бойынша клиент өзін кеңес берушімен тең құқығы бар әріптес ретінде сезінсе, психологпен тең белсенділік көрсетіп, өнімді жұмыс істейді. Кеңес беруші клиентті әріптесі ретінде бағалап, оның өмірінде орын алған оқиғалар мен жағдайлар бойынша оны жазғырмайтындықтан клиенттің өзі туралы қандай да бір ақпаратты жасыруға негізі жоқ болады. Теңдік ұстанымы бойынша кеңес беруішінің өзі де клиентпен қарым-қатынас жасау барысында ешқандай басымдық, білгірлік көрсетпейді. Бұл жағдай маманның қаншалықты беделді екенін, қаншалықты берік ұстанымда болғанын, олардың білімінің, іскерлігінің және клиент сөздерін талдауына соншалықты көп ынта қоятынын көрсетеді де, оған сенім арта түседі. Әрине, теңдік ұстанымында болу арқылы кеңес беруші ұтып қана қоймай оның жоғалтатыны да бар: себебі "жоғарыға" ұстанымында болған беделдімен клиент көбірек есептеседі, оны ешқандай сынамастан ұйып тыңдайды. Көптеген сеанс беретін гипнотизерлер табысының құпиясы осы қарсылықсыз беделде.Гипнотизердің ұстанымы мен даңқы олардың тиімді ықпалын қамтамасыз етеді. Ал психологиялық кеңес беру үшін қабылдау кезінде психологтың ұстанымы мен мінез-құлқын өзгеріссіз нәрсе ретінде көрсетуге болмайды. Жоғары кәсіби маман қажет жағдайда өзінің білімі мен беделіне сүйене отырып бір жағдайда "жоғарыға" ұстанымын ұстанады, ал келесі жағдайда клиенттің өзіндік бағасын көтеруге, оның білімі мен беделін атап көрсетуге ұмтыла отырып "төменге" ұстанымын ұстанатын актер болып келеді.
3. Психологтың міндеттері мен кеңес берудің этикалық принциптері. Кеңес берудегі теория және тәжірибе.
Психологиялық көмек барысында, басқа да қызметтер сияқты белгілі бір талаптар қойылады. Кәсіби және моральды этикалық талаптарға сай психолог-кеңесшінің кәсіби кодексі болуы заңды.
Енді осы кодекс туралы біршама сөз етіп көрейік.
1. Психолог-кеңесшінің кәсіби деңгейі клиентке ұсынылған кеңесіне байланысты.
2. Ал оның тәжірибелік деңгейі клиентке көрсетілген кеңестердің заңды және моральды-этикалық талаптарға сай болуы тиіс.
3. Психолог кеңесшінің мақсаты клиентттің мәселесін шектеп шықпай жеке тұлғалық және жан жақтылығын арттыра тоырып өз кеңесін жүзеге асыру.
4. Психолог кеңесші өз жұмысын клиенттің ар –намысына тимей атқаруы тиіс. Ол адам құқығын аяққа таптамауы керек.
5. Клиентпен жұмыс істей отырып психолог кеңесші шыдамдылық принціпін ұстануы керек.
6. Егер әріптестерінің әдепсіздігін көрсе, психолог кеңесші міндетті түрде ескерту жасауы керек.
7. Психолог кеңесші клиентке білім жағынан, біліктілік жағынан көмек көрсетуі керек.
8. Психолог-кеңесші өз жұмысын жаңа жалпы ғылыми стандартқа сай жүргізуі керек.
9. Психолог-кеңесші әрдайым ізденіс үстінде болып,өз білімін көтеріп отыруы керек.
10. Егер психолог-кеңесші клиентке кеңес беруде ескі әдістерге сүйенетін болса,ол туралы клиентке ескерілуі тиіс және өзінің шешіміне абай болғаны жөн.
11. Психолог –кеңесші клиенті туралы мәліметтерді үшінші бір адамға беруге құқығы жоқ.
12. Психолог-кеңесші басқа бір білімсіз адамдардың психологиялық кеңес беруіне жол берілмеуі керек.
13. Сондай-ақ білімі төмен мамандарға өз жұмысын сеніп тапсыруына болмайды.
14. Психолог-кеңесші клиентке орындалмайтын уәде беруіне,клиенттің өтірік сеніміне кіруіне құқы жоқ.
15. Психолог-кеңесші клиентке байланысты ақпараттарды құпия ұстауына міндетті.
Осындай моральдық этикалық талаптарды орындауға психолог-кеңесші міндетті болып табылады.
Сондай-ақ біліктілігі төмен психолог-кеңесші мен тәжірибелі, біліктілігі жоғары психолог – кеңесшінің арасындағы айырмашылықтарды Р.С. Немов зерттеулері негізінде мынандай кестемен көрсетуге болады [8].
Кесте 3.
Кеңес беру үстіндегі тәртібіне сай жақсы және нашар психолог – кеңесшілердің белгілері.
№ |
Тәртібінің салыстырмалы ерекшеліктері |
Жақсы психолог – кеңесші |
Нашар психолог – кеңесші |
1 |
Кеңес беру үшін мақсат қоя білушілік. |
Клиентке өз мақсатына жетуіне көмектеу. |
Клиентті пайдалана отырып, өз мақсатына жетуді көздейді. |
2 |
Кеңес берудің жолдары, клиентке ұсыныс жасау әдістері. |
Клиентке әр түрлі ұсыныстар жасайды, клиент өзіне ыңғайлысын пайдаланады. |
Клиент қажет етсе де нақты ұсыныс бере алмайды. |
3 |
Кеңес беру кезіндегі болған жағдайларды қабылдау. |
Түсінеді, қабылдайды, әртүрлі көзқарасты қарастырады. Мәселені клиентпен бірігіп шешуге тырысады. |
Бір ғана көзқарас ұстанады, себебі жан – жақты ойлауға ақылы жетпейді. Басқалардың көзқарасы оны қызықтырмайды. |
4 |
Клиенттің мәселесін талқылауда анықтамалық – психологиялық бағыты. |
Психологиялық бағыттарды дұрыс қолдана біледі. Түсінеді, әрі жүзеге асырады. |
Бір ғана анықтама төңірегінде жұмыс істей алады. Басқаларын дұрыс деп есептемейді. |
5 |
Өзінің мүмкіндіктерін түсінуі. |
Өз мүмкіндігін жақсы біледі. Өзінен тәжрибелі психолог – кеңесшінің қол астында жұмыс істеуге бейім. Өз тәжрибесін басқалармен бөлісуге әзір. |
Өз мүмкіндігін білмейді. Басқа да тәжрибелі мамандармен жұмыс істегісі келмейді және басқа психолог – кеңесшілердің тәжрибесін өз жұмысына қолданбайды. |
6 |
Клиентке психологиялық кеңестің әсер етуі немесе керісінше клиенттің психолог – кеңесшіге әсері. |
Клиентке өзінің ақыл кеңесі қалай әсер етіп отырғанын сезеді, сондай–ақ клиенттің өзіне деген әсерін де сезеді. |
Клиентке өзінің ақыл кеңесінің қаншалықты әсерлі екенін сезбейді. |
7 |
Клиенттің жеке тұлғасын анықтау. |
Ағынан жарылу үстінде клиенттің қандай күйде отырғанын түсініп, артық сұрақ қоймауға тырысады. |
Клиентке көңіл бөлместен барынша көбірек сұрақ беруге тырысады. |
8 |
Клиенттің іс әрекетіне байланысты әсері. |
Мәселенің ауқымына қарай кеңес беру үстінде әсерлі келеді. |
Бірқалыпты жағдайда қалып, клиенттің жай күйіне әсерлене алмайды. |
9 |
Клиенттің адамгершілік қасиеттерін бағалау. |
Клиентке барынша шынайы адамгершілікпен қарайды. |
Клиенттің адамгершілігін бағаламай, ар намысына тиетін сөздер айтуы мүмкін. |
10 |
Клиенттің құпиялылығы. |
Клиентке қатысты жағдайдың барлығын құпия сақтайды, егер біреуге айту керек болса, клиенттен рұқсат сұрайды. |
Клиенттің рұқсатынсыз басқа білеулермен оның мәселесін әңгіме қылады. |
Психолог – кеңесшінің ие болуы керек қасиеттерін қосымша былайша баяндауға болады.
1. Клиенттің жан–дүниесін түсіне білу. Клиентпен бірге қуанып, бірге қайғыра білу, өзін оның орнына қойып, мәселені өз қолымен шешуге тырысу.
2. Ашық болу. Клиенттің жан–дүниесіне бойлай отырып, ойындағысын өзінің қандай күйде отырғанын ашық айту. Клиенттің өзімен де ашық болуын талап ету.
3. Қимыл қозғалыс, беттегі өзгерістер арқылы өзіңіздің клиентті түсінетініңізді аңғарту.
4. Клиентке соншалықты ақкөңілдік таныту, оның мәселесін шешуге жеке қызығушылығыңызды білдіру.
5. Клиент тарапынан болған тәртіпсіздіктерді байқаса да психолог – кеңесші тәртіп сақтауы тиіс.
6. Клиентке өз кеңесін тықпаламау.
7. Клиентке сенім арту, оның мүмкіндіктерін шектемеу.
8. Клиентті сол уақыттағы абыржушылықтан құтқаруға емес, оның мәселесін ан құтқаруға тырысу.
9. Клиентпен екі арадағы психологиялық арақашықтықты сақтау.
10. Клиенттің өз өзін өзгертуге сенімділік пен шешім қабылдағыштық қасиетін сіңірту.
Эмпатия – психолог – кеңесшінің бойында болуға тиісті арнайы жеке қасиет. Мұндағы ең басты қасиет сезе білу, сезіне білу, басқа адамдарды түсіну, әлемді басқалардың көзімен көре білу.
Ал ашық болу дегеніміз не?
Біріншіден, психолог – кеңесшінің жеке тұлға ретінде клиенттің алдында ашық мінезді болуы. Мұндай кезде психолог – кеңесшімен клиенттің рөлі ауысып отырады. Себебі, клиенттің өмірге ұмтылысын арттыру үшін психолог өз басына өткен мәселелерді айтады.
Екіншіден, психолог – кеңесші жасандылық танытпай, өз-өзі болып қалуы керек. Жетістіктері мен кемшіліктерін қосқанда барынша қарапайым болғаны дұрыс.
Үшіншіден, ашық болу, психолог – кеңесшінің клиентпен барлық тақырыпта әңгімелесуге дайын екенін танытады.
Кеңес берудегі теория және тәжірибе.Жоғарыда айтылғандардың барлығы психолог – кеңесшінің қарым қатынасына, ішкі және сыртқы тәртібіне байланысты. Сонымен қатар психологиялық кеңес өткізу орнына байланысты талаптар бар. Олар мыналар:
1. Кеңес өткізетін жер оңаша, ешкім кедергі келтірмейтіндей болуы керек. Артық дыбыс, қозғалыс болмағаны жақсы.
2. Ыңғайлысы кеңесші мен клиент қатар немесе бір–біріне қарама қарсы 60 – 70 см – ден 100 – 110 см қашықтықта отырғаны жөн. Ол екі ортада жазу үстелінен басқа ештеңе болмауы тиіс.
3. Кеңесті клиент ешқайда асықпайтын кезде, көңіл күйі орнықты уақытта өткізуі керек.
4. Клиент психологиялық кеңес кезінде кеңесшіге жарты денесімен қарап отыруға да болады.
5. Психологиялық кеңестің басталуы мен аяқталу уақыты алдын ала келісілген болғаны жақсы.
6. Кеңес өткізілген бөлмеге сағат тұрса жақсы, тек психолог – кеңесші мен клиенттің екі арасында тұрмауы керек.
7. Кеңес өткізілетін бөлмеде клиенттің көңілін аударатындай зат тұрмауы керек.
8. Болған жағдайда ол клиенттің көңілін көтеретіндей заттар болғаны жақсы.
9. Психологиялық кеңес кезінде жайлап қана жанға жайлы музыка естіліп тұрса да болады.
Осы талаптардан басқа психолог-кеңесшінің тәжрибесіне немесе жұмысына қатысты тағы да біраз талаптар бар. Ол интимдік жеке, отбасылық, педагогикалық және іскерлік кеңестерге қатысты.
Психолог-кеңесші интимдік кеңес үстінде барынша сенімділік көрсетуі керек. Интимдік жағынан тәрбиелі болуы керек. Мүмкіндігінше кеңесші клиенттен жас жағынан үлкендеу болуы керек. Бірақ соншалықты алшақ та болмағаны дұрыс. Мысалы, екеуінің арасы жиырма жас болса, онда екеуі екі басқа топтың адамдары болып қалады. Онда бір–бірін түсініспеушілік орын алады.
Енді бір маңызды талап интимдік кеңес жүргізіп отырған психолог өзі шешімін таппай жүрген мәселеден ада болғаны жөн. Онда ол клиентке еш қандай көмек бере алмайды. Мұндай жағдайға әсіресе енді ғана қызметке орналасқан клиенттер жиі кездеседі. Жоғарыда айтылған келеңсіздіктерге килікпеуі үшін жас маманның өзі тәжрибелі психолог – кеңесшіден ақыл кеңес сұрауы керек.
Ал отбасылық кеңеске келетін болсақ, ол алдыңғысынан өзгерек. Мұнда психолог – кеңесші клиентті қабылдамас бұрын отбасылық өмірдің заңдылықтарын біліп алғаны жөн.
Ол заңдылықтар мынадай:
1. Енді ғана отбасын құрған жас отбасы, әдеттегідей бір–біріне үйрене алмайды. Екеуі бір–біріне тым кінәмшіл немесе бір–бірінің кемшіліктерін байқамайды. Содан уақыт өте келе аралары суиды.
2. Отбасындағы түсініспеушілік олардың бірінші балалары өмірге келгенде орын алуы мүмкін. Өйткені әйел ерінен гөрі балаға көбірек көңіл бөледі. Бірақ бала үш төрт жасқа келгенше шыдамдылық танытса, одан кейін отбасылық жағдай қалпына келеді.
3. Отбасында ерлі–зайыптар бір–біріне ұқсас болғанымен айырмашылық болмай қоймайды. Бір мәселе жөнінде екі көзқараста болу кикілжіңге әкеліп соғады.
4. Отбасындағы әрбір мүше жеке тұлға. Олардың жеке көзқарасы болуы заңды. Сондай–ақ олар тәуелсіз, бірақ отбасының қамын ойлайтын адамдар. Кей кезде олардың осындай тәуелсіз іс әрекеттері шектен шығып, кикілжіңге ұрындырады.
Осындай ерекшеліктерді ескере отырып, психолог – кеңесші отбасы мүшелеріне кеңес беруге екеуінің бірінің ұстанымын жақтап шығуына болмайды. Психолог – кеңесші үшін отбасы мүшелерінің екеуі де бірдей. Егер отбасы мүшелері ажырасуға бел буса, кеңесші олардың болашақта кездестіретін келесі жарларымен де осындай мәселе туындауы мүмкін екенін ескертуі керек.
Ал психологиялық–педагогикалық кеңесте психологтың өзі педагогикадан хабардар болғаны жөн. Сондай–ақ әр жастағы балаларды тәрбиелеу жағынан тәжрибелі болуы заңды. Кеңеске ата–аналардан басқа жеткіншек жастар да сұрануы мүмкін. өйткені барлық жеткіншектерді айналасындағы адамдар мен ата–аналарының және мұғалімдерінің талаптары орнықтырмайды.
Енді іскерлік психологиялық кеңеске келейік, бұл жерде де басқа жағдайдағы сияқты психолог – кеңесшінің міндеті клиентке дұрыс бағыт бағдар көрсету. Мұнда да психологтың әр мамандықтан хабары болуы керек. Бірақ көп жағдайда психолог – кеңесшілер бұл талапқа сай болмайды. Себебі бір адамға барлық мамандықтың білгірі болуы мүмкін емес. Сондықтан әңгімеге кіріспес бұрын психолог – кеңесші клиенттен немесе айналысатын жұмысының ерекшеліктерін сұрап алады.
Іскерлік кеңеске қызметтік орындар дәл келеді. Әсіресе клиентің жұмыс орнында өткізген тиімді. Бұл психолог – кеңесшіге біраз нәрсені түсіндіруге көмектеседі.Мұндай кеңес кезінде психологтың өзі іскер адам ретінде көрінуі тиіс. Үшіншіден, психологтың мұндай көрінісі клиенттің оған деген сенімін арттырады.
Психолог – кеңесшінің кәсіби дайындығын, оның кәсіби жоғары білімінен басқа, сөз еткенде нені айтуға болады. Психолог – кеңесші өзінің кәсіби білімінен басқа, қосымша психологиялық бөлімдерді де жақсы білуі керек. Олар мыналар:
Психологиялық кеңеске дайындық бөлімін меңгеру.
Психолог – кеңесшінің атқаратын қызметі жөніндегі ақпараттарды білуі тиіс.
Клиенттермен жұмыс істеудің әдіс тәсілдерін меңгеру.
Отбасылық кеңес беру, іскерлік кеңес беру, психологиялық–педагогикалық кеңес берудің әрқайсының ерекшеліктерін білу.
Өзінен тәжрибелі психолог – кеңесшімен тығыз байланыста болуы.
Психолог – кеңесші үнемі өз білімін толықтырып, жаңа психологиялық ғылыми жаңалықтарды, ақпараттарды қарастырып отырады. Мұндай білімдерді арнайы курстардан, семинарлардан ала алады. Жаңа әдістер ойлап тауып, жүзеге асыруына болады. Басқа да психолог – кеңесшілерімен тәжрибе алмасуда өз білімін көтеруге жатады.
Бекіту сұрақтары:
1. Психологиялық кеңес берудің қалыптасу тарихына үлес қосқан ғұламалар Эберстің емдік жазбалары, Гиппократ , А.Ф. Месмер ілімдерін талдаңыз.
2. Психологиялық кеңес берудің бүгінгі күнге дейінгі қалыптасу тарихына шолу жасаңыз.
3. А.А. Бодалев бойынша кеңес берудің қағидаларын қарастырыңыз.
4. Кәсіби кеңесші ретінде психолог бойында болу керек тұлғалық қасиеттерді қарастырыңыз.
5. Р.С.Немов бойынша психолог- кеңесшінің кәсіби әрекетін салыстырмалы түрде қарастырыңыз.
Бірінші бөлім бойынша әдебиеттер тізімі:
1. Словарь психолога-практика / Сост. С.Ю. Головин. –2-е изд., перераб. и доп. – Мн.: Харвест; М.: АСТ, 2001. – 976.
2. Семья в психологической консультации: Опыт и проблемы психологического консультирования / Под ред. А. А. Бодалева, В. В. Столина; Науч.-исслед. ин-т общей и педагогической психологии Акад. пед. наук СССР.—М.; Педагогика, 1989.—208 с.
3. Овчарова Р. В. Практическая психология образования: Учеб.пособие для студ. психол. фак. университетов. – М.: Издательский центр «Академия», 2003. – 448 с.
4. Бохан Т.Г ., Ульянич А. Л., Терехина О.В. Методологические и методические основы психологического консультирования : учеб . пособие. – Томск : Издательский Дом Томского государственного университета , 2019. – 98 с.
5. Хельмут Е. Люк. История психологии: учеб . пособие. : Издательство: Научный мир, 2012. – 355 с.
6. Семья в психологической консультации: Опыт и проблемы психологического консультирования/ Под ред. А.А.Бодалева, В.В.Столина. М., 1995.
7. Цзен и Пахомов, 1988: Цзен Н.В., Пахомов Ю.В. Психотренинг: игры и упражнения. Москва, "Физкультура и Спорт", 1988
8. Немов, Р. С. Психологическое консультирование : учебник для академического бакалавриата / Р. С. Немов. — 2-е изд., перераб. и доп. — М. : Издательство Юрайт, 2015. — 440 с. — Серия : Бакалавр. Академический курс.