Кіріспе

Жеміс шаруашылығы ғылым ретінде жеміс және жидек дақылдарының өсіп-даму заңдылықтарымен, жеміс салу және жеміс-жидек дақылдарын көбейтумен, топырақ-климаттық жағдайларға байланысты жеміс-жидек дақылдарының егу, отырғызу материалдарын өсіру технологияларын қалыптастырумен, бақты дұрыс ұйымдастыру, күту, реттеу және тағы да басқа көптеген мәселелермен айналысады.

Жеміс пен жидектер адамның толыққанды тамақтануына қажетті коректік қор көзі болып табылады. Олар көп мөлшерде минералдық және органикалық (майлар, қант, қышқыл,калий, темір және т.б.) заттардан, витаминдерден, дубильді, тәтті иісті, пектинді заттардан тұрады. Жеміс және жидек дақылдарының жемістерін көптеген ауруларды алдын алу мен емдеуде пайдаланады. Жеміс ағаштарын қоршаған ортаны жасылдандыру мақсатында да пайдаланады. Жеміс өсімдіктерін бақ қорғайтын және жеміс қорғайтын екпе ретінде, қалалар маңайында жасыл аймақты құруға, елді мекендерді, оның төңірегін, көлік және темір жол бойын жасылдандыруға пайдаланады. Олар тұрмысты, демалыс орындарын әшекейлейді, айналадағы ауаның құрамын жақсартады және сонымен бірге қосымша өнім береді.

Солтүстік Қазақстанның қиындау топырақ-климаттық жағдайының ерекшеліктері, яғни жауын шашынның, ылғалдың жеткіліксіздігі мен тұрақсыздығы, көктемдегі кеш және күздегі ерте қатқақтар, жиі және жылдамдығы жоғары желдер, топырақ қабатының біртектіліксіздігі, эрозияға бейімділігі дегендей жағдайлар жайлаған. Аймақтың топырақ жамылғысын көбінесе қара және қара-қоңыр топырақтар жайлаған, сонымен қатар сортаң топырақтар, басқа топырақтар түрлерімен қоса комплексті жиі кездеседі. Сондықтан да жеміс-жидек дақылдарын өсіруге таңдағанда, олардың шаруашылық бағалығын ғана ескермей, Солтүстік Қазақстанның аймақтық топырақ-климаттық жағдайларының ерекшелігін және оларды реттеу жолдарын ескеру қажет. Сонымен қатар бұл салаға жеміс және жидек дақылдарының биологиялық және морфологиялық ерекшеліктерін, Солтүстік Қазақстан жағдайына бейім жаңаша өсіру технологиясын, аймақтың ерекшелік жағдайларын жақсы меңгерген білікті мамандар өте қажет.

Қазақстанның солтүстігінде өсірілген жемістер тауарлық сапалары бойынша оңтүстіктегілерден кейін тұрады, бірақ дәрумендерінің, биологиялық белсенді заттары мен пектиндердің мөлшері бойынша олардан асып түседі. Ал қарақат, таңқурай, қарлыға және шырғанақ үшін Қазақстанның солтүстігі қолайлырақ, оңтүстікпен салыстырғанда. Бірақ жемістер мен жидектердің өндірілуі мұнда маусымдық сипатта, сондықтан өнімнің негізгі массасы жылдың екінші жартысында өндіріледі.

Оқу құралының негізгі міндеті – жеміс және жидек дақылдарының түрлерімен, жүйеленуі мен морфологиясымен, биологиясымен таныстыру және жеміс дақылдарының сорттары мен сорттарын айрықша белгілері бойынша ажырата білуді, жеміс және жидек дақылдарын көбейтудің әрқилы жолдарын, жеміс ағаштарының бөрікбасын қалыптастыру, бақ аймағын құру және ұйымдастыруды, көшеттікте сапалы егу материалдарын дайындауды, аймақтың ерекшеліктерін ескере отырып бақ отырғызу мен өнімділігі жоғары жеміс пен жидектерді өңдіруді үйрету болып табылады.

Бұл тәжірибелік оқу құралында мәліметтер суреттермен, кестелермен жеткілікті түрде әрленгендіктен, материалды жоғары деңгейде меңгеруге көмектеседі.

Оқу құралдың теориялық бөлімінде зертханалық-тәжірибелі сабақтардың жұмыстарын орындауға қажетті қысқаша және жетімді түрде толықтай негізгі сұрақтар мен мәліметтер берілгендіктен, тәлімгерлердің білімдерін толықтай қалыптастыруына мүмкіндік береді. Сонымен қатар әр тақырыптан кейін, берілген материалдарды меңгерту мақсатында, әрбір тақырыптан кейін тәлімгерлерге жеке және топпен орындауға арнайы тапсырмалар да қарастырылғаны да өте жақсы. Әр бөлімнен кейін өткен материалды қорытындылау мақсатында тәжірибелік тапсырмалар және бақылау сұрақтары қарастырылған.

«Жеміс және жидек дақылдарының жүйеленуі мен морфологиялық ерекшеліктері» атты бірінші бөлімде әртүрлі жеміс пен жидек дақылдарының жүйелену түрлері, жеміс ағашының және жидекті дақылдардың жалпы морфологиялық құрылысы берілген, вегетативті және генеративті мүшелеріне морфологиялық сипаттама жасалған.

«Жеміс және жидек дақылдарының өңдірістік-биологиялық мінездемесі және сорттарды ажырату белгілері» атты екінші бөлімде негізгі жеміс және жидек дақылдарының мінездемесі, аймақта өсіруге ұсынылған сорттары мен сорттарды ажырату белгілері, сипатталған.

«Жеміс және жидек дақылдарын көбейту жолдары» атты үшінші бөлімде жеміс және жидек дақылдарын тұқымдық және вегетативті көбейту жолдары, тұқымдардың себу сапалары, телітушілерді өсіру негіздері және вегетативті көбейту тәсілдерін орындау ережелері келтірілген.

«Бақтың кескiш құрал-аймандары жəне оларды жұмысқа дайындау, пайдалану» атты төртінші бөлімде бақтың кесу, қию ққралдары және оларды дұрыс пайдалану ережелері мен суреттері келтірілген.

«Жеміс көшеттігін ұйымдастыру және оның құрылымы» атты бесінші бөлімде жеміс көшеттігі үшін орын таңдау және оның аумағын ұйымдастыру және құрылымы мен әр құрылым бөлімдері жөнінде ақпарат берілген.

«Жеміс бағын құру» атты алтыншы бөлімде бақ аумағын ұйымдастыру, бақты қорғайтын орман ағаштары жолағының құрылымы, жеміс және жидек дақылдарын отырғызу, ағаш бөрікбасын қалыптастыру мен бөрікбас түрлері жөнінде мәліметтер мен тәжірибелік тапсырмалар берілген.