Қазақстанның солтүстік-шығысы – республиканың ең ірі мал шаруашылығы аймақтарының бірі. Мал шаруашылығын тиімді дамыту үшін бірқатар бірінші дәрежелі міндеттерді шешу керек, және бірінші кезекте, республика үшін осындай маңызды салада ветеринариялық салауаттылықты қамтамасыз ету қажет.
Қазақстанның солтүстік-шығысы жағдайында мал басын сақтау мен мал өнімділігін арттырудың басты резервтерінің бірі – мал шаруашылығына қан соратын қосқанатты жәндіктердің, әсіресе сонаның келтіретін зиянын жою болып табылады.
Гематофагтар және адамдар мен жануарлар үшін аса қауіпті инфекциялар мен инвазиялардың қоздырғыштарын таратушы ретінде, соналардың зияндылығы отандық және шетелдік авторлардың көптеген зерттеулерінде көрсетілген [1–13].
Соналардың жаппай шабуылы кезінде сиырлардың сүт өнімділігі 25–30 %-ға төмендейтіні, ал төлдер жәндіктер белсенділігі мезгілінде тәулігіне тірі салмақтың 25–40 %-ға дейін жоғалтатыны белгілі [11–13]. Соналар Қазақстанның барлық табиғи аймақтарында кең таралған және едәуір толық зерттелген [14–20].
Алайда Қазақстанның солтүстік-шығысында (Павлодар облысында) соналар жеткілікті зерттелмеген күйінде қалды. Бар бытыраңқы мәліметтер [14, 21, 22] осы аймақтағы соналардың түр құрамы, экологиясы және зиянды маңызы туралы толық түсінік бермейді. Бұдан басқа, Павлодар облысы аумағын қарқынды агроөнеркәсіптік игеру, өңірдің экожүйесінің жай-күйіне, табиғи мекендеушілердің құрамы мен санына айтарлықтай әсер етеді.
Осыған байланысты мал шаруашылығының зиянкес соналарының түрлік құрамы мен экологиясын зерттеу, аймақтық паразитология мен ветеринарлық қызметтің өзекті мәселесі болып қала береді.
Бұл монографияда Солтүстік-Шығыс Қазақстан (Павлодар облысы) үшін, алғаш рет соналардың толық түрлік құрамы, ландшафтық орайластыруы, экологиялық ерекшеліктері мен экономикалық маңызы келтірілген.
Қазақстан фаунасы үшін алғаш рет Heptatoma pellucens F. (длинноуска обыкновенная номинативная) сонасы келтірілген.