Ауыл шаруашылығы малы деп белгілі бір өнім алу үшін шаруашылық саласында өсіретін барлық малды атаймыз. Оларға қой, ешкі, сиыр, құс, үй қояны, бұғы, есек, бал арасы, ит, жібек құрты т.б. жатады. Үй малына қолда емін-еркін өсетін, адамға пайдалы қасиеттері бар, азықтануын, күтімін, өсуін адам бақылайтын жануарлар жатады. Ал, асыранды мал деп төл кезінен қолға ұстап, адамның кейбір қажетін өтеуге үйретілген жабайы жануарларды айтады. Асырандылардың жабайылардан сырт көрінісі, өнімі жағынан айтарлықтай айырмашылығы болмайды, бұлар көбінесе адам қолына тұқым бермейді.
Қолда өсірілген малдың шығу тегін, қолда үйрету эволюциясын зерттеу – жүздеген ғасырлар ішінде болған пайдалы өзгерістердің сырын ашып, қазіргі кездегі малдың өнімдік және тұқымдық қасиеттерін жетілдірудің нақты тәсілдерін білуге мүмкіншілік береді. Қолда өсірілетін малдың шығу тегі мен эволюциясы бағытындағы ғылымға Е. А. Браунер елеулі үлес қосты. Осы және басқа да ғылымдардың зерттеулері нәтижесінде малдың шығу тегі мен даму тарихы толық қалпына келтірілді.
Қазіргі қолда өсірілетін малдың барлық түрлерінің арғы тегі жабайы хайуанаттар. Адам өзінің тіршілік қамы үшін жабайы хайуандардың көптеген түрлерін қолға үйретуге тырысты, бірақ олардың ішіндегі ең тиімдісін, өнімін өзгертуге бейімдісін ғана таңдап алды.
Жабайы хайуанаттарды қолға үйрету – күрделі де ұзақ процесс. Кез келген мал қолға үйретуге көне де бермейді. Осы ретте қазіргі уақытта тіршілік ететін сүтқоректілердің 8 мың түрінің тек 60-ы ғана қолға үйретіліп, үй малына айналған.
Қолда өсірілетін малдың шығу тегі мен эволюциясын зерттегенде мына төмендегі мәселелерді анықтау көзделінеді:
1) қолда өсірілген малдың зоологиялық жүйедегі алатын орны. бұл үшін салыстырмалы анатомиялық (бас сүйегі, мүйіз, құйрық, ішкі органдары құрылыстарын салыстыру) және генетикалық (жабайы және үй малдары кариотипін, қан топтарын, белок түрлерін салыстыру және оларды будандастыру) әдістері қолданылады;
2) қолға үйрету кезінде пайда болған өзгерістер және олардың дамуы, жетілуі;
3) қолға үйретілген малдың алғашқы мекені мен уақыты. бұл үшін палеонтологиялық және археологиялық әдістер және де үңгір тастарындағы таңба суреттер мен халық фольклоры, ертегі, аңыз және т.б. пайдаланылады;
4) қолға үйретілген малдың таралуы. бұл үшін жоғарыда көрсетілген әдістермен қатар зоогеографиялық (тарихтың әр түрлі дәуірінде үй малының таралуын тексеру) және этнографиялық әдістер пайдаланылады.
5) белгілі бір үй малының нақтылы жабайы тегін табу.
Жабайы хайуандарды қолға үйрету, үй малын өсіру жер шарының бірнеше аймағында қатар жүрген. Ғалымдар ауыл шаруашылық малы алғаш қолға үйретілген алты орталықты анықтады:
1) Қытайлық кіші орталықта (Үндіқытай, Малай архипелагы) қолға – шошқа, енеке, үйрек, қаз, тауық үйретілген;
2) Индиялық орталықта (Индия) қолға – енеке, гаял, зебу, тауық (қырғауыл тұқымдас) үйретілген;
3) Оңтүстік-Батыс Азиялық орталықта (Кіші Азия, Кавказ, Иран) қолға сиыр, жылқы, қой, ешкі, қоян, үйрек үйретілген;
4) Жерорта теңіз жағалауында - қолға сиыр, жылқы, қой, ешкі, қоян, үйрек үйретілген;
5) Андиялық орталықта (Солтүстік Анды, Оңтүстік Америка) қолға – альпаки, иісті үйрек, күркетауық үйретілген;
6) Африкалық орталықта (Солтүстік-Шығыс Африка) қолға – түйеқұс, есек, шошқа, ит, мысық және мысыр тауығы үйретілген.
Жабайы хайуандарды үй малына айналдырудың ең ежелгі орталығы – Орталық Азия. Бұған Аннауда жүргізген (Ашхабад қаласына жақын) қазба жұмыстары көптеген дәлелдемелер берді.
Үй малының жер шарының жаңа аудандарына таралуына халықтардың шығыстан батысқа қарай қоныс аударуы үлкен роль атқарады. Елмен бірге мал да ауысып отырды.
XIX ғасырдың басында хайуандардың 30 шақты түрі ғана үй малына айналды, олардың ішінде өте кейін үйретілгендері – түйе мен солтүстік бұғысы, бұдан кейін жабайы хайуандарды қолға үйрету процесі іс жүзінде тоқталды десе болады.
Үй малының арғы тегі мен туыстары. Қазіргі систематика жануарлар дүниесін 9 зоологиялық типке бөледі.
Мүйізді ірі қара – шыққан тегіне байланысты екі туысқа бөлінеді. Олар: өгіз бейнелілер мен енекелер. Өгіз бейнелілер өзінің ішінде төрт түрге бөлінеді: мүйізді ірі қара, индиялық маңдайлы өгіздер, қодас және бизон. Мүйізді ірі қараға ауыл шаруашылығы малының көптеген топтары жатады. Қазіргі ірі қараның шыққан тегі тур деп аталады. Кезінде ол негізінен Еуропада кең таралған. Сібір, Қытай, Солтүстік Африка, Сирия, Палестинада да кездескен.
Тур деген жабайы сиырды қолға асырап, үйреткеннен кейін үй сиыры пайда болған. Тур шағын топ (8–10 бас) болып сазды, далалы өзен бойында тіршілік еткен. Тур тұқымының ең ақырғы жабайы сиыры 1627 жылы Польшада өлген. Тур өте күшті, зор денелі (салмағы 800 – 1200 кг, шоқтығының биіктігі 2 метрге дейін жетеді), шаңырақ мүйізді, қара қоңыр түсті мал.
Зебу – (өршекті сиыр) үй сиырлары түр тармағының бірі. Жабайы тектері – африкалық тур. Зебудің индиялық және арабиялық екі түрі бар. Зебудің басты ерекшелігі – шоқтығында майлы өркеші болуы. Өркештің салмағы – 8–10 кг-ға жетеді. Онда организмге қажетті азық қоры жиналады. Зебу ыстыққа өте төзімді, терісі қалың, пироплазмоз ауруына шыдамды. Еттілік қасиеті жақсы жетілген, сүті өте майлы (6–7 %). Осындай бағалы қасиеттеріне байланысты зебуді жаңа сиыр тұқымдарын шығару үшін кең пайдаланады.
Индиялық маңдайлы сиырлар. Бұлардың үш түрі бар:
Бантенг - денесі орташа көлемді, маңдайы жалпақ, мүйізі жуан, желке сүйегі дөңес, бұлшық еттері жаксы жетілген. Жабайы күйінде де, үй малы есебінде де кездесе береді. Қазіргі уақытта Үндіқытай, Индонезия аралдарында тұзды сулы жерлерде өмір сүреді. Бали аралында үй малына айналдырылған. Бантенг үй сиырларымен будандастырғанда өсіп-өнетін ұрпақ береді.
Гаур – джунглиде өсетін жабайы сиыр. Ірі (1000 кг салмақ тартады, шоқтығының биіктігі 2 м-ден астам), маңдайы жалпақ, желке сүйектері жақсы жетілген, өте күшті мал. Индия мен Вьетнамда өмір сүреді.
Гаял – ірі, жабайы сиыр тектес мал. Гаурдан таралған. Гаялдың сүті өте майлы. Вьетнам жерінде өмір сүреді.
Қодас (як) – биік таудың малы. Отаны Тибет болып есептелінеді. Жабайы және қолға үйретілген түрінде де кездеседі. Денесінің төменгі жағы ұзын салалы түкті келеді. Бұл оның басты ерекшелігі. Бүйір жүндерінің ұзындығы 70-90 см-ге жетеді. Шоқтығы тұсындағы арқа омыртқаларының өсінділері тым ұзын келеді. Басы үлкен, мүйізі ұзын, әрі жұмыр болады. Түсі қара қоңыр, қара. Бұқалары 340–400 кг, аналықтары 230–280 кг салмақ тартады. Сүті аз (500 кг-ға дейін), бірақ майлы (7–9 %). Қодас таулы жерде жүк тасуға өте қолайлы көлік малы.
Бизон – екі түрі бар: америка және еуропа бизоны немесе зубр. Бизондар қолға үйретілмеген. Қазіргі уақытта саны өте аз.
Зубр – ірі денелі мал, еркегі 800–1000 кг, ұрғашылары 600–700 кг салмақ тартады, шоқтығының биіктігі 2 метр, басы үлкен, мойыны жуан әрі қысқа және жүндес. Негізінен орманды жерде мекендейді. Жаңа сиыр тұқымдарын шығару үшін маңызы бар.
Үй енекесі – ірі денелі, күшті мал, мүйізі жуан, түгі қара қоңыр, сирек. Өте төзімді, шөп талғамайды. Біздің дәуірімізден 4 мың жыл бұрын Оңтүстік Азияда қолға үйретілген. Арғы тегі азиялық енеке. Енеке азиялық және африкалық болып екі түрге бөлінеді. Қазіргі уақытта үй енекелерінің саны 132 миллионнан астам.
Қой – үй жануарларының ең көп түрлерінің бірі. Қой малы басқа жануарлармен салыстырғанда қолға ерте үйретілген. Соңғы цитогенетикалық зерттеулердің негізінде үй қойларының арғы тегіне, қазіргі уақытта кездесетін муфлон, арқар, аргали (арқар) атты жабайы қойлар жатады.
Муфлон – жабайы қойлардың ішіндегі ең ұсағы Жерорта теңізінің Сардиния мен Корсика аралдарында, күнгей Кавказдың таулы аудандарында, Иран мен Түркия жерлерінде мекендейді. Муфлонның салмағы 50 кг-ға дейін, тұрқының ұзындығы 120 см, биіктігі 65–70 см, құйрығының ұзындығы 10 см шамасында, түсі қара бурылдау, қылшық жүнді, қылшығы тым ірі, түбіті қысқа. Үй қойларымен өсімтал будан береді.
Арқар – ұзын, жіңішке құйрықты және ұзын, майлы құйрықты қой тұқымдарының арғы тегі деп есептеледі. Арал мен Каспий теңіздері аралығындағы далалы аймақтың үстіртінде, Қазақстанның Орта Азия таулы аймақтарында кездеседі. Арқар түсі, сыртқы түрі жағынан муфлонға ұқсас, бірақ одан ірірек.
Аргали (арқар) – құйрықты қойлардың арғы тегі, қазіргі жабайы қой түрлерінің ең ірісі. Тірілей салмағы 180–200 кг, ірілерінікі 240 кг дейін барады. Орта және Орталық Азияның, Сібірдің оңтүстігіндегі таулы аймақтарда, Қазақстанның шығыс және оңтүстік-шығысындағы тауларының бәрінде, Сарыарқа, Ұлытау, Қаратау, Шу, Іле тауларында да кездеседі. Құлжасының (қошқарының) мүйізі ірі, түбі жалпақ, дене түгі сұр бурыл, қылшық жүнді. Арқар көбіне егіз қоздайды. Үй қойларымен будандастырғанда тұқым беретін ұрпақ туады. Биязы жүнді прекос қойымен будандастыру арқылы қазақтың арқар-меринос атты жаңа қой тұқымы шығарылды.
Жылқы – тұқымдастары тақ тұяқтылар отрядына жатады. Жылқы: есек, зебр және қазіргі жылқы болып төрт туысқа бөлінеді. Олардың ішіндегі екі түрі – жылқы мен есек қолға үйретіліп, үй малына айналған. Көптеген ғалымдардың зерттеулері бойынша жылқының шыққан тегі – Пржевальский жылқысы. Қазіргі жылқының екінші жабайы тегіне өткен ғасырда жойылып кеткен тарпанды жатқызады. Ол кезінде еліміздің еуропалық бөлігінде көп кездескен.
Есек – шамамен біздің дәуірімізден 6000–5000 жыл бұрын Африкада қолға үйретіліп, кейін Азия мен Еуропаға кең таратылған. Жабайы есектер қазіргі уақытта тек қана Африкада кездеседі. Есектер аса бір күтімді қажет етпейді, және төзімді болып келеді. Жүк тасуға және көлік ретінде пайдалануға, әсіресе таулы аудандарда өте құнды мал.
Шошқа – қолға үйретілген негізгі орындарына Азия, Еуропа және Жерорта теңізі жағалауы жатады. Осыған байланысты қазіргі шошқа тұқымдарының үш жабайы тегі бар. Олар – еуропалық, шығыс-азиялық және жерорта теңіздік жабайы шошқалар.
Ешкі – ежелгі үй жануарлары, неолит дәуірінде пайда болған. Оған дәлел – Ашхабад маңында қазылған қазбалардың ішінен ешкі сүйегі табылған. Қазіргі ешкілердің ата тегіне Гималай мен Тәжікстан тауларында кездесетін қырлы мүйізді жабайы теке – меркул, Кавказда кездесетін күнгей Кавказдың жабайы тұқыл ешкісі жатады.
Түйе – негізгі шыққан жері Солтүстік Америка деп саналады. Сондықтан аталмыш түліктің арғы тегі Солтүстік Америкада пайда болып, содан басқа жерлерге таралған. Қазіргі уақытта түйенің бұл түрлері Африкада, Орта Азия мен Батыс Азияда, Батыс Америкада да бар. Түйенің екі түрі бар. Мұның біреуі қос өркешті, екіншісі нар. Қос өркештің таза қандысын – бактриан, нардың таза қандысын – дромадер деп атайды. Түйе ірі, күшті төзімді жануар. Түйені күш көлігі ретінде пайдаланумен қатар, одан ет, сүт, жүн өндіріледі. Түйе тұқымдастарына лама да жатады. Бұл өркешсіз түйе туыстарына жатады. Ламаның мекені – Чили, Аргентина, Перу, Боливия. Одан ет, жүн алады және көлік ретінде де пайдаланады.
Қолда өсірілетін құстар. Құстар класынан тек тауықтар, үйректер, қаздар, көгершіндер және торғай сияқты төрт отрядтың өкілдері ғана қолға үйретілген. Үй құстарының ішінде тауықтың, үйрек пен қаздың халыққа қажетті өнімдерді өндіру үшін маңызы зор, үй құстары жылқы мен иттен кейін, отырықшылыққа және қарапайым егіншілікке көше бастаған уақытта қолға үйретілді. Үй тауықтары қолға алғаш рет Үндістанда үйретілген, олар жабайы банкив тауықтарынан, Еуропаға тауықтары Иран арқылы тараған. Қазіргі үйрек тұқымдастарының тегі – барылдауық жабайы үйрек. Үй қазы жабайы сұр қаздан тараған. Күркетауықтың қолға үйретілген уақыты белгісіз. Еуропаға Америкадан 1530 жылдары шамасында әкелінген.