2 Мал тұқымы, тұқымының құрылымы және жіктеуі (топтастыру)


2.1 Мал тұқымы туралы түсінік

Үй хайуанаттарының белгілі бір түрі, яғни әр түлік мал тұқымдарына бөлінеді. Мал тұқымы жабайы түрлерде кездеспейді. Мал тұқымы зоологиялық емес, зоотехникалық ұғым. Мал тұқымы деген ұғым алғаш XII ғасырда малдың жекелеген жақсы тобы шығарылып, оларды басқа мал тобын жақсартуға пайдалануға байланысты қалыптаса бастаған.

Көптеген анықтамаларды негізге ала отырып, мал тұқымы деп белгілі бір әлеуметтік – экономикалық жағдайда адам еңбегі нәтижесінде қалыптасқан, шығу тегі мен тарихы ортақ, тіршілік ортасында талғамы бір, ұқсас, дене құрылысы мен өнімділік ерекшеліктері бірдей және бұл қасиеттерін ұрпағына тұрақты толық бере алатын, түліктің бір үлкен тобын айтамыз.

Сонымен мал тұқымын адам өзінің белгілі бір қажеттілігін қамтамасыз ету үшін көп жылғы еңбегі арқылы шығарады. Мал тұқымының басты қасиеттері: шыққан тегінің бірлігі, белгілі бір табиғи және технологиялық жағдайда өніп-өсуге бейімділігі, тұқымының өздеріне тән, шарушылыққа айқын белгілі болған тиімді қасиеттерінің болуы, сол қасиеттерінің беріктігі мен белгілерінің өзгергіштігі және қажетті мөлшерде сандық құрамының болуы. Мал тұқымының бұл қасиеттері бір-бірімен өте тығыз байланысты, бір-біріне себепші, бірін-бірі толықтырып отырады, жалпы мал тұқымының қалыптасып, талапқа сай дамып отыруының басты шарттары.

2.2 Мал тұқымының құрылымы

Мал тұқымының құрылымы күрделі. Олардың құрамына шыққан тегі бір болғанымен генотипі (тұқым қуалаушылық қасиеттер жиынтығы) әр түрлі мал кіреді. Мал тұқымдарының құрылымдық бөліктеріне аймақтық тип (отродье), тұқым ішіндегі тип, заводтық тип, аталық із (заводтық линия) және аналық ұя (семейство) жатады.

Аймақтық тип ауа райында ерекшеліктері бар жер жағдайына жақсы бейімделген, тұқымның үлкен бір бөлігі. Ол тек ареалы кең, әр түрлі аймақтарда өсуге жақсы бейімделген мал тұқымдарының құрамында болады.

Тұқым ішіндегі тип – мал тұқымы құрамында жалпы тұқымға ортақ қасиеттерімен қатар өнім бағытында, дене бітімі мен пішінінде, тіршілік ортасы әсерлеріне төзімділігіне қарай болатын ерекшеліктері бар тұқым топтары болады.

Заводтық тип - өнімінде өзіндік ерекшеліктері бар және оларды ұрпақтарына тұрақты бере алатын, асыл тұқымды мал өсіретін заводтық табыны. Заводтық тип селекционерлердің ұзақ жыл бойы бір мақсатта жүргізілген қатаң сұрыптау, тиянақты жұп таңдау және малды жүйелі азықтандыру нәтижесінде қалыптасады.

Аталық із (заводтық линия) – деп мол өнімді еркек малдан тараған соған ұқсас жоғары өнімді мал тобын айтамыз. Аталық ізге, оның негізін салушыға туыстық қатынасы бар және өнімді линия стандартына сәйкес келетін барлық малдарды жатқызады.

Аналық ұя (семейство) – деп мол өнімді ұрғашы малдан тараған, анасына ұқсас өнімді, ұрғашы ұрпақтар тобын айтамыз. Бұл топ та мақсатты жүргізілген селекциялық жұмыстар негізінде қалыптасады. Өздеріне тән өнімділік, биологиялық ерекшеліктерін ұрпақтарына тұрақты бере алады.

Малдың бір түрі ішінде кездесетін құрылымдық бөліктің бірі – тұқымдық топ (породная группа).

Тұқымдық топ - деп адамның белгілі бір шаруашылық және табиғи жағдайда жүргізілген шығармашылық еңбегінің нәтижесінде қалыптасқан, құнды өнімдік немесе биологиялық ерекшеліктері бар және оны ұрпағына жеткілікті дәрежеде бере алатын мал тобын айтамыз. Тұқымдық топтың мал тұқымынан басты айырмашылығы, оның саны мен генеологиялық құрылымы ұзақ уақыт өзара шағылыстыруға әлі жеткіліксіздігінде. Тұқымды топтың саны қажетті мөлшерге жетіп, өнімдік құны ерекшеліктері мен нәсілдік қасиеттері сақталса, оны жаңа мал тұқымы ретінде бекітеді.

2.3 Мал тұқымын жіктеу (топтастыру)

Мал тұқымдарын топтастыру әр түрлі принциптерге негізделген. Олардың кең тараған түрлеріне ауыл шаруашылық малы тұқымдарын шығарып, жетілдіруге сіңген адам еңбегінің сандық және сапалық сипатына, мал өнімділігінің бағытына және шыққан жеріне (географиялық тұрғыдан) негізделген жіктеулер жатады.

Мал тұқымдарының қалыптасуына сіңген адам еңбегінің сандық және сапалық сипатына қарай, оларды үш топқа бөледі: аборигендік немесе байырғы жергілікті тұқымдар, заводтық немесе мәдени тұқымдар және өтпелі тұқымдар.

Аборигендік немесе жергілікті тұқымдар негізінен табиғи сұрыптаудың әсерімен қалыптасқан. Олардың өнімдік қасиеттерінің дамуына адам аз араласқан. Аборигендік тұқым малы жан-жақты өнім бергенімен, олардың ешқайсысы жақсы жетілмеген.

Байырғы жергілікті мал тұқымдарын өнімі аз екен деп, мүлдем жойып жіберуге болмайды. Оларды жаңа мал тұқымдарын шығаруға таптырмайтын құнды генофонд болып есептелінеді. Біздің елімізде аборигендік мал тұқымдарын сақтап қалу бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізіледі. Аборигенді мал тұқымын өсіретін нақтылы шаруашылықтар белгіленіп, олармен селекциялық жұмыс істейтін ғылыми орталықтар тағайындалады.

Заводтық тұқымдарға – белгілі бір өнім бағытына мамандандырылған қазіргі тұқымдардың көпшілігі енеді. Мысалы, қазақтың ақ бас сиыры, алатау сиыры, қырдың қызыл сиыры, линкольн, ромни-марш, меринос қойлары, ірі ақ шошқа, ахалтеке, дон, қостанай, көшім жылқылары т.б. жатады.

Өтпелі тұқымдардың қалыптасуына адам қатынасуы тұрғысынан қарағанда ол заводтық тұқымдар мен аборигендік тұқымдар арасындағы аралық орынды алады. Бұл топқа жататын тұқымдардың эволюциясында, әсіресе соңғы уақытта қолдан сұрыптау, бағып-күту, азықтандыру, қолайлы жағдай туғызу елеулі роль атқарып келеді. Өтпелі тұқымдарға тән ерекшелік құрылым бөліктерінің әр тектілігі.

Мал тұқымдарын заводтық, аборигендік, өтпелі деп бөлудің шартты мәселе екені есте болу керек. Барлық тұқымдар жақсартылуда. Осының нәтижесінде олар бір топтан екінші топқа ауысып отырады.