Мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын елімізде жүйелі түрде ұйымдастыруға үкімет пен партия әр уақытта айрықша мән беріп, оның нәтижелі болуына қолайлы жағдай туғызуға бағытталған мемлекеттік шараларды іске асырып келеді.
Мал тұқымдарын асылдандыру базалары ретінде мемлекеттік асыл тұқымды мал заводтары, асыл тұқымды мал совхоздары, мемлекеттік мал тұқымын асылдандыру станциялары (Госплемстанция) құрылған. Бұлардың әрқайсысының өздеріне тән жекелеген міндеттері бар.
Мал заводтарының негізгі міндеттері:
1) Өсіріп отырған мал тұқымын одан әрі жетілдіру, жаңа заводтық тип, аталық іздер мен аналық ұялар құрып, тұқымның генетикалық мүмкіншілігін көтеру;
2) Жоғары сапалы тұқым малын өсіру, олармен зауыттардың өздерін, госплемстанцияларды және тұқым мал совхоздарын қамтамасыз ету.
Таза тұқым өсіру мал зауытарының негізгі әдісі болып есептеледі. Тек Мемлекеттік аграрлық-өнеркәсіптік комитетінің рұқсаты бойынша ғана кіріспе будандастыруды қолдануға болады.
Асыл тұқымды шаруашлықтың негізгі міндеттері: а) өсіріп отырған малдың өнімдік және тұқымдық қасиетін жақсарту; б) өздерін және басқа өндірістік шаруашылықтарды қамтамасыз ету үшін, сапалы тұқымды мал өсіру.
Шаруашылықтарды асыл тұқымды және өндірістік мал деп екі топқа бөлу шартты мәселе екені есте болу керек. Бұл нақтылы бір мал тұқымымен жүргізілетін селекция нәтижелілігін көтеру үшін жасалған. Әйтпесе барлық шаруашылықтарда мал тұқымын асылдандыру жұмысы жүргізілуге тиісті. Тек өндірістік шаруашылықтардың негізгі міндеті қажетті мал өнімдерін мол және арзан өндіру болғандықтан, оларда мал тұқымын асылдандыру жұмыстарының жеңілдеу түрі (жекелеген малмен емес, топпен жүргізу сияқты) және өсіру әдісінің кез келген қолайлысын (таза тұқым өсіру де, будандастыру да) қолдана береді.