3 Ауыл шаруашылығы малының өсу және жетілуі заңдылықтары


3.1 Онтоногенез және филогенез, өсу және даму ұғымдары

Мал шаруашылығы өнімдерін қажетті мөлшерде өндіруді қамтамасыз етудің негізгі жолы, малдың даму заңдылықтарын, мән-мазмұнын жете түсіну және оларды меңгеру болып табылады. Себебі кез-келген малдың түрлік, тұқымдық ерекшеліктері, барлық өнімдік қасиеттері оның өсіп-даму жолында генотипі мен сыртқы ортаның өзара қатынасы негізінде қалыптасады.

Бір малдың жекелей өсіп-жетілуі, дамуы онтогенез деп аталады. Онтогенез аналық жыныс клеткасының аталық жыныс клеткасымен ұрықтануынан басталады да, кейін одан бүкіл организм өсіп шығып, сөйтіп мал тіршілігі аяқталғанға дейін созылады. Онтогенез тұтасымен алғанда бірінен соң бірі келіп отыратын жүйелі морфологиялық, физиологиялық, биохимиялық өзгерістер тізбегінен тұрады.

Онтогенез бір-бірімен өте тығыз байланысты негізгі екі құбылыс - өсу және даму арқылы жүреді.

Өсу құбылысы көбінесе организмге сандық сипат өзгерістерімен байланысты. Малдың өсуі дегеніміз – оның клеткаларының ұлпалары мен мүшелерінің, жалпы бойының үлкеюі, көлемінің, салмағының артуы.

Ағзадағы сапалық өзгеріс процестерін даму деп атайды. Даму дегеніміз философиялық тұрғыдан алғанда белгілі бір бағыттағы ілгері қозғалыс, құбылыстың бір күйден екінші күйге заңды ауысуы, қарапайымдылықтан күрделіге, төменгі сатыдан жоғарғы сатыға көшу жолдары.

Жеке ағза тұрғысынан алғанда даму дегеніміз – оның күрделенуі, белгілі бір арнайы қызмет атқаратын ұлпалардың, мүшелердің пайда болуы және олардың арасында жаңа қатынастың қалыптасуы, яғни ағзадаға сапалық өзгерістер жиынтығы.

Ағзаның дамуының негізгі элементтеріне – дифференциация, специализация, интеграция және адаптация жатады.

Дифференциация – ағзаның құбылысы мен қызметі жағынан күрделенуі;

Специализация – ағзаның жекелеген ұлпалары мен мүшелерінің белгілі бір қызмет атқаруға бейімделуі;

Интеграция – ағзаның жекелеген бөлімдерінің арасындағы үйлесімдік, бөліктің бүтінге бағыныштылығы, олардың біртұтастығы;

Адаптация – ағзаның сыртқы ортаның құбылмалы жағдайына бейімделу қабілеттілігі.

Бұл элементтердің өзіндік ерекшеліктері болғанымен, олар бір-бірімен тығыз байланысты, олар бірін-бірі туғызады.

3.2 Малдың өсуін зерттеу тәсілдері

Малдың өсіп-жетілуін ағза құрылымының әртүрлі деңгейінде зерттейді. Соған сәйкес зерттеу тәсілдері де әртүрлі. Біз селекция тәжірибесінде қолданылатын тәсілдерге тоқталамыз.

Селекция тәжірибесінде малдың өсіп – жетілуін туғаннан кейін оның салмағын, бойын және көлемін өлшеу арқылы анықтайды. Көбінесе алғашқы екі тәсіл қолданылады. Малдың өсіп-жетілуі туралы дұрыс мағлұматтар алу үшін өлшеу мерзімдерінің маңызы үлкен.

Шаруашылық жағдайында малдың өсіп-жетілуін бақылау үшін малды туғанда, бір, екі, үш, алты, тоғыз, он екі және он сегіз айлықтарында өлшейді. Екі жасқа толғаннан кейін жылына бір рет өлшейді.

Малдың өсіп-жетілуін белгілі бір құбылыс ретінде кем дегенде үш көрсеткіші бойынша сипаттау керек. Олар: өсу жылдамдығы, өсу ұзақтығы және өсу процесінің жүру сипаты. Өсу жылдамдығын абсолюттік немесе салыстырмалы көрсеткіштер арқылы анықтайды.

Малдың өсіп – жетілуін терең зерттеп, оның заңдылықтарын анықтау үшін, организм ішкі құрылысы қызметтерін сипаттайтын гистологиялық, физиологиялық және биохимиялық көрсеткіштерді білудің маңызы өте зор.

3.3 Малдың өсіп – жетілуінің ортақ заңдылықтары

Биологиялық ғылымдарының комплексті зерттеулерінің нәтижесінде барлық малға ортақ өсіп – жетілудің негізгі заңдылықтарына – өсу кезеңділігі, өсу қарқынының айнымалылығы (әркелкілігі) және ырғақтылығы жатады.

Өсу кезеңділігінің мәні – жеке организм өсіп – жетілуінің тұтасымен алғанда бірінен соң бірі келіп отыратын, бір – бірінен жақсы ажыратылатын және көзге байқалатын кезеңдерден немесе фазалардан тұруы.

Кезеңдердің бір-бірінен айырмашылығы, организмнің сол кезеңге тән өсуі қарқынынан, құрылымының күрделілігінен, бөлектерінің қызмет атқару дәрежесі мен үйлесімділігінен және сыртқы ортаға бейімділігінен білінеді. Әр түрлі кезеңдер тізбегінің, бір бағыттылығының тұрақтылығы сондай, организм өсіп – жетілуі жолының қалыпты жағдайында, бір кезеңнен аттап келесі кезеңге өте алмайды. Организм міндетті түрде әр кезеңді ретімен басынан өткізеді. Өткен кезең қайтып қайталанбайды.

Сүтқоректілер класына жататын малдың өсіп – жетілуін негізінен екі кезеңге – құрсақтағы (эмбрионалдық) және құрсақтан кейінгі (туғаннан кейінгі) деп бөледі.

Құрсақтағы даму – ұрықтық, ұрықтың төлге қалыптасу алды, іштегі төлдің қалыптасу кезеңдеріне бөлінеді.

Ұрықтың төлге қалыптасу алды (предплодный) кезеңіндегі дененің сегменттілігі мен желбезекті қалталары жойылып, органдар қалыптаса бастайды.

Іштегі төлдің қалыптасу кезеңіндегі (плодный) түрге тән дене бейнесінің қалыптасуынан басталып, туғанға дейін созылады, шамамен құрсақтағы дамудың 3/5 – 4/5 бөлігін алады. Бұл кезеңде көпшілік атқаратын қызметіне кірісіп, қоректік заттарды көп қажет етеді. Өкінішке орай, бұл кезең практикалық маңыздылығына қарамастан өте нашар тексерілген.

Құрсақтан кейінгі жетілуі уыз еметін, сүт еметін, жыныстық жетілу, толық жетілу және қартаю сияқты бес кезеңге бөлінеді.

Уыз еметін кезең түліктің түріне байланысты екі – үш күннен екі – үш жетіге созылады. Өте жауапты кезең. Төлдің сыртқы ортамен байланысы басталып қалыптасады, жеке тіршілігі басталады. Төл организмі сыртқы орта әсеріне сезімтал, қорғаныс қабілеті әлі жетілмеген шақ.

Сүт еметін кезең бірнеше айға созылады. Әдетте енесінен ажыратумен немесе сүт беруді тоқтаумен аяқталады. Бұл кезеңде организмнің өсу жылдамдығы біршама жоғары.

Жыныстық жетілу кезеңіне ішкі секрециялық бездері қызметінің әсерімен организмнің ішкі ортасында күрделі өзгерістер жүріп, жыныс органдары жетіліп, жыныстық рефлекс қалыптасады. Организмнің өсу қарқыны біршама баяулайды.

Толық жетілу, яғни физиологиялық жетілу кезінде организмнің барлық қызмет – күші, өнім беру, көбею қабілетінің кемеліне келген шағы.

Қартаю кезеңі организмде зат алмасу процесі әлсіреп, малдың өнімділігінің күрт төмендеуімен сипатталады. Бірте – бірте барлық қызмет әрекеті баяулап, сөне бастайды.

3.4 Малдың өсуіне әсер етуші факторлар (күштер)

Малдың өсіп – жетілуіне оның нәсілдік негізі (генотипі) мен сыртқы жағдайлар әсер етеді.

Малдың өсіп – жетілуіне, дамуына күшті әсер ететін және толығырақ зерттелген сыртқы орта факторларына – азықтандыру, жаттықтыру, бағып – күту және табиғи – климаттық жағдайлар жатады.

Малдың өсіп – жетілуіне, дамуына азықтандырудың әсері. Малдың қалыпты өсіп – жетілуіне, оны қоректік заттармен қамтамасыз ету шешуші әсер етеді. Оның әсерінің бағыт – бағдары, беретін азықтың қоректігінің жалпы деңгейіне де, сапасына да, азық құрамына да байланысты. Бұған көп дәлелдің қажеті болмас. Мысалы, еділбай қойының егіз қозысының бір жасындағы салмағы азықтандыру дәрежесіне қарай біреуінікі 40 кг, екіншісі 90 кг-ға тең бола береді. Сонымен егер азықтандыру дәрежесі жақсы болса, яғни жеген жемшөбінде қоректік заттар жеткілікті болса мал тез өседі, ал жетіспесе мал өспейді.

Бұл арада есте болатын мәселе – басында Н. П. Чирвинский, кейін А. А. Малигонов ашқан заңдылық. Бұл заңдылық бойынша, малға қажетті қоректік заттар жетіспеушілік әр түрлі органдарға әр түрлі әсер етеді. Қоректік заттар жетіспеген уақытта күшті қарқынды өсуші органдар көп тежеледі де, осы уақытта баяу өсіп жатқан органдар аз зардап шегеді. Осыған орай А. А. Малигонов малдың жетілмегендігін эмбрионализм, инфантилизм және неотения деп үш түрге бөледі.

Эмбрионализм – малдың құрсақта даму кезінде жетілмеуі. Мұндай малдың туғандағы салмағы тым жеңіл, тұрқы ұзын, аяқтары жіңішке әрі қысқа, буындары және бастары үлкен келеді. Эмбрионализмді туғызушы негізгі себептер: енесінің ауруға шалдығуы, іштегі төлдердің көптігі немесе енесінің жалпы жетілмегендігі. Эмбрионализм болмау үшін аналық малды басынан жақсылап бағып – күту керек.

Инфантилизм – малдың туғаннан кейінгі жас кезінде қолайсыз жағдайлардың (бағып – күтудің және азықтандырудың нашарлығы немесе жасына жетпей ерте буаз болуы) әсерінен жетілмеуі.

Неотения – малдың жыныс органдарының қалыпты мезгілден тым ерте дамуына байланысты жалпы организмнің жетілмей қалуы. Неотения қарқынды дамыған жыныс органдарына қоректік заттар көп кетіп, басқа органдарда жетіспеуінен туады. Неотенияға шалдыққан малға тән белгілер: аяқтары бойына қарағанда тым ұзын, бөксесі биіктігінен еңсек, көкірегі, кеудесі қушиған болады.

Жоғарыда сипатталған жетілмегендіктен үш түрінің де пайда болуы өсуге кедергісін тигізген қолайсыз жағдайдың ұзақтығына байланысты. Олар қолайсыз жағдайлар организмге ұзақ уақыт әсерін тигізгенде пайда болады.

Малдың өсіп жетілуіне, малды серуендету мен органдарын жаттықтырудың әсері. Жаттықтыру дегеніміз кең тұрғыдан алғанда белгілі бір органдар жүйесі немесе бүкіл организм қызметін қалыпты бір жағдайда бірнеше рет қайталап күшейтіп отыру.

Жылқыны жасынан жаттықтыру (баптау) жүйесін тренинг деп атайды. Жас төлдердің жақсы жетілуіне, малдың жалпы денсаулығын нығайтуға, дене бітімін шынықтыруға мезгілімен таза ауада серуендетудің (моционның) маңызы өте үлкен.

Малдың өсіп – жетілуіне табиғи – климаттық жағдайлардың әсері. Малдың нәсілдік қасиетіне тән өсімталдығы, өнімділігінің жетілуі оларды құнарлы азықпен қамтамасыз етумен қатар қажетті табиғи – климаттық жағдайды туғызуға да байланысты.

Малға әсер ететін жағдайлардың ең бастысы – ауа. Ауа бір – бірімен күрделі әсер ететін факторлардан тұрады. Ауаның физикалық және химиялық қасиеттері организмдегі зат алмасу процестеріне, қанның физикалық – химиялық құрамына, газ және жылу алмасуына, терісіне тікелей әсер етеді.

Малдың физиологиялық қалпына сәйкес келетін жабық қорадағы зоогигиеналық жағдайларды микроклимат деп атайды. Микроклиматтың негізгі факторларының ауаның жылылығы мен ылғалдылығы, жарық (күн сәулесі), ауаның химиялық құрамы және т.б. жатады.

Жылылық (температура). Мал қораларының микроклиматын анықтайтын басты фактор ауаның жылылығы. Әр малдың түріне, тұқымына, жынысы мен жасына қарай ауаның ең қолайлы жылылық шегі болады. Жылылықтың осы шектен ауытқуының қай түрі болмасын (төмен немесе жоғары болуы) организмге зиянды әсерін тигізеді.

Малдың дұрыс өсіп жетілуіне ауа құрамы мен ылғалдылығының да әсері өте үлкен. Жас төлдердің (бұзау, қозы, торай, балапан т.б.) шығыны көп болуының басты себебінің бірі, қорадағы ауаның жоғары ылғалдылығы мен суықтығының қатар келуі.

Жарықтың әсері. Мал тіршілігі үшін аса қажетті биологиялық фактор күн сәулесі болып есептелінеді. Күн сәулесі зат алмасу процестерін жақсартады, көмірқышқыл газы мен су буларын шығартады. Қорыта айтқанда, малдың жақсы өсіп – жетіліп мол өнім беруіне қолайлы әсер етеді.