Мал тұқымын асылдандыру жұмысында, әсіресе сұрыптау мен жұп таңдауда, малдың дене бітіміне үлкен мән беріледі. Себебі малдың дене бітімі мен өнім бағыты, қажырлылығы, белгілі жер жағдайына бейімділігі, ауа райының, бағып – күтудің жағымсыз жағдайларына төзімділігі, денсаулығының мықтылығы арасында тығыз байланыс бар.
Ал малдың дене бітімі (конституция) деп организмнің нәсілдік қасиеті мен анатомиялық – физиологиялық құрылыс ерекшеліктері негізінде қалыптасқан, жалпы ішкі және сыртқы құрылыс жиынтығын айтады.
Әр мал тұқымында өніміне сәйкес, жергілікті өскен ортасына лайықты дене бітімі болуы керек. Демек, мал мамандары өсіріп отырған мал тұқымдарының ерекшеліктерін жақсы біліп, олардың ішінен өздерінің жағдайына сәйкес дене бітімі барын таңдай білуі қажет.
Зоотехникалық әдебиетте және тәжірибеде дене бітімін жіктеудің көптеген әдістері қолданылады. Олардың ішінде іс жүзінде кең қолданылатын жіктеудің екі түрі бар. Бұл екі жіктеуде малдың дене бітімін жай көзбен қарағанда анық көрінетін оның түр – тұлғасы мен кейбір физиологиялық қасиеттері, ерекшеліктері арқылы ажыратуға негізделген.
Біріншісі – малдың дене бітімін анатомиялық, морфологиялық және гистологиялық көрсеткіштер негізінде жіктеу. Бұл П. Н. Кулешов жіктеуі деп есептелінеді.
П. Н. Кулешов өзінің ғылыми деректеріне сүйене отырып дене бітімін төмендегі төрт түрге бөледі: сөлекет, нәзік, тығыз, борпас немесе болбыр.
Сөлекет (грубая) – дене бітімге жататын малдың сүйегі ірі, басы үлкен, терісі қалың, қылшықтары (түгі) өте жуан, ет бұлшықтары толымды келеді. Етіндегі май және дәнекер ұлпалары (тканьдері) нашар дамыған. Мұндай малдың жалпы түр – тұлғасы сөлекеттеніп, көзге өрескелдеу көрінеді. Сөлекет дене бітімділерге жүк таситын көлік малы мен қылшық жүнді қойлар жатады. Мұндай дене бітімді мал сыртқы ортаның қолайсыз жағдайына төзімді, ауруға көп шалдықпайды.
Нәзік (нежная) – дене бітімділердің терісі жұқа, етсіз, ашаң, сүйегі жіңішкелеу, көзге толымсыздану көрінгенімен, ас қорыту органдары біршама жақсы жетілген, зат алмасу процесі жедел жүреді, нерв жүйесі тез қозғыш келеді. Жақсы бағып – күтуді қалайды. Бұл түрге салт міністі жылқы тұқымдары, биязы жүнді қойлар мен сүтті бағыттағы сиырлар жатады.
Тығыз (плотная) – дене бітімді малдың сүйегі мықты, бұлшық еттері жақсы жетілген, терісі қалың келеді. Қан айналу, тыныс алу, ас қорыту органдар жүйесі жақсы жетілген, жүйкелері мықты келеді. Бұл түрдің малы әрі өнімді, әрі төзімді келеді. Бұларға жылқының желісті, сиырдың сүтті-етті, қойдың етті – жүнді тұқымдары жатады.
Борпас немесе болбыр (рыхлая) – бітімді малдың денесі жалпақ, ас қорыту органдары біршама жақсы жетілген, зат алмасу процестері баяу жүреді. Мінезі жуас, тез семіреді. Дене бітімінің бұл түрі сиыр мен қойдың етті бағыттағы тұқымдарында, жылқының ауыр жүк таситын тұқымдарында, шошқаның майлы тұқымдарында жиі кездеседі.
Дене бітімінің жоғарыда сипатталған төрт түрі әрқайсысы жеке күйінде кездеспейді. Сөлекет дене бітімі тығыз немесе болбырлау, нәзік дене бітімі де тығыз немесе болбырлау болуы мүмкін. Ұғымға жеңіл болу үшін ғана әрқайсысы жеке сипатталады.
М.Ф Иванов жоғарыдағы дене бітімінің төрт түріне бесінші түрді – мықты (крепкая) дене бітімін қосты.
Мықты дене бітімі бар малдың нәзіктік немесе босаңдық белгілері болмайды, сөлекет белгілері де көзге түспейді. Сүйегі берік, барлық мүшелері бір – біріне сәйкес жақсы жетілген. Терісі, түгі дәнекер және май тканьдері жетілуі негізгі өнімдік бағытына лайықты келеді. Мұндай мал көзге келбетті, ширақ, жанарлы болып көрінеді. Ауруға да берік, қайратты, қажырлы болады. Өздері өсетін қалыпты сыртқы орта жағдайында тұрақты мол өнім береді.
Мал тұқымын жылдан жылға жақсартып, сапалы да мол өнім алып, малды шығынсыз өсіру тұрғысынан, дене бітімінің қалыптасуына әсер ететін күштерді, жағдайларды білудің маңызы үлкен. Себебі мұны білген жағдайда малдың жасынан бастап шаруашылыққа тиімді болған дене бітімін қалыптастыруды меңгеріп, басқара алар едік.
Дене бітімінің қалыптасуына әсер ететін негізгі күштерге нәсілдік қасиет пен сыртқы орта жағдайы жатады.
Мал алғашқы ұрық болып қалыптасқан кезде, ата – енесінен оның келешек өсуіне, өнім бағытына, сыртқы орта жағдайлары әсеріне қарсы тұра алатын қабілетін анықтайтын нәсілдік қасиетке ие болады. Сөйтіп малдың түріне, тұқымына тән анатомиялық – физиологиялық ерекшеліктер ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырады.
Осы тұрғыдан малдың өзімізге қолайлы дене бітімін қалыптастыру, тағы да малды мұқият сұрыптаудан және жұп таңдаудан басталады.
Нақтылы дене бітімінің қалыптасуына күшті әсер ететін ішкі күштерге секрециялық бездер мен нерв (жүйке) жүйесінің қызметін жатқызады.
Малдың нақтылы дене бітімі оның жеке даму жолында нәсілдік қасиеті мен орта жағдайының бірлескен әсері негізінде қалыптасады. Сондықтан малдың дене бітімін қалаған бағытта қалыптастыруда азық және азықтандыру түрлері мен бағып – күту тәртібінің үлкен әсері бар.
Малдың күйі. Мал күйі мен дене бітімін шатастыруға болмайды. Әрқайсысы жеке ұғым. Малдың күйі деп оның құндылығына байланысты сыртқы түр көрінісін айтады. Малдың күйі оның қоңдылығына, ал қоңдылық болса, малды азықтандыру мен бағып – күтуге және оны пайдалану жағдайына тікелей байланысты. Зоотехниялық қалыпты жағдайда малдың күйін төртке бөледі: заводтық, көрмелік, жұмыстық, бордақылық.
Заводтық күйі тұқымдық аталық пен аналық малға тән болады. Бұл күйдегі малдың қоңдылығы, оған сапалы төл мен мол өнім беруді қамтамасыз ету керек. Бұл үшін организмге қажетті қоректік заттардың қоры жеткілікті, бірақ тканьдерді май баспау керек. Ол үшін тұқымдық малды қажетті қоректік заттары жеткілікті түрде теңестірілген рационмен азықтандыруы және оны ретті түрде беріп отыру керек.
Көрмелік күй – көрмеге дайындалған малға тән. Әр түлікті және әр өнім бағытындағы қоңдылығы түрліше малдарды көрмелік күйге келтіру. Мұндағы жалпы мақсат көрермендерге таңғаларлық сұлулық, құмарлық сезім қалдыру.
Жұмыстық күй – көлік, жүк тасу ретінде пайдаланылатын малдарда болады. Бұл күйдегі малдың қоңдылығы орташа, организмдегі қоректік заттардың қоры, малдың атқаратын жұмыс көлеміне байланысты болады.
Бордақылық күй – етке тапсыру үшін бордақыланған малда болу керек. Мұндай малдың қоңдылық дәрежесі семіз, еттері жақсы жетілген болады. Айта кететін бір мәселе, қазіргі уақытта қай елде болмасын аса майлы етке құмарлық жоқ, сондықтан қай малды бордақылағанда да тым семіртіп, май бастырудың қажеті жоқ деп саналады.
Малдың дене бітімі дегеніміз оның сыртқы түр – тұлғасы мен ішкі құрылысының бірлестігі. Сондықтан малдың дене бітіміне баға беру үшін, алдымен оның түр – тұлғасын зерттеу керек. Малдың сыртқы түр – тұлғасын, пішінін – экстерьер деп атайды.
Экстерьер туралы ілімнің қалыптасуының алғы шарты, малдың сыртқы түр – тұлғасы, пішіні мен өнімділік қасиетінің арасында тығыз байланыстың болуы. Сондықтан мал тұқымын асылдандыру тәжірибесінде малға сыртқы түр – тұлғасына қарап баға беруге, сұрыптауға әрқашан да мән беріліп келеді.
Экстерьерді бағалау әдістері. Малдың экстерьеріне дұрыс баға беру үшін, оның сыртқы дене мүшелерін (стать), олардың ішкі органдарымен, тіршілігімен және нақтылы өнімдік қасиеттерімен байланысын жақсы білу қажет.
Малдың экстерьеріне баға бергенде мына төмендегі негізгі сыртқы дене мүшелеріне: бас, мойын, шоқтық, кеуде, арқа, бел, бөксе, аяқтары, желін, жыныс мүшелеріне аса мән беріледі.
Малдың сыртқы пішінін бағалау үшін төмендегі әдістер қолданылады: жай көзбен, балл бойынша, өлшеу және суретке түсіру.
Жай көзбен бағалау әдісіне, атына сәйкес малдың сыртқы пішінін, әр дене мүшесін көзбен көріп, қолмен ұстау арқылы оның өзіндік сыртқы белгілері ерекшеліктерінің жақсы – жамандығын, өнімдік бағытына сәйкестігіне, жалпы түр – тұлғасы үйлесімділігіне баға беру жатады.
Жай көзбен бағалау әдісінің кемшілігі де жоқ емес. Біріншіден, бұл әдіспен екі малдың сырт пішінін, дене бітімін нақтылы салыстыра алмаймыз. Екіншіден, бұл әдістің негізінде бағалаған адамның субъективті – өзіндік көзқарасының әр уақытта ізі қалады.
Балл (цифрлы баға) беріп бағалау ірі қара малда, жылқыда және шошқа шаруашылықтарында жиі қолданылады. Бұл әдістің мәні, әуелі әр мүшеге немесе бір топ дене мүшелеріне, кейін малдың толық өзіне нақтылы сандық балл арқылы баға беру. Мұнда балдың сандық жүйесі әр түрлі болады. Көбінесе бес, он және жүз балдық жүйе қолданылады.
Бұл әдістің артықшылығы сайып келгенде екі малдың экстерьеріне берген балы бойынша салыстыруға болады. Екіншіден, малдың сырт пішінін бағалауды жаңа үйреніп жүрген мамандарға жеңіл, оның осы бағыттағы тәжірибесін ұтымды қалыптастыруға көмектеседі. Бұл әдістегі де басты кемшілік – баға берген адамның өзіндік – субъективті көзқарасымен бағаланатындығында. Шындығында бір малдың түр – тұлғасы екі адамға бірдей ұнай бермейді.
Өлшеу тәсілі арқылы малдың экстерьері туралы нақтылы (объективті) деректер алып, екі малды сыртқы пішіні жағынан дәлірек салыстыруға болады. Өлшеу тәсілінде керекті саймандар:
1) Сантиметрге бөлінген ұзын таяқ;
2) Сантиметрлік лента;
3) Дөңгелек циркуль арқылы дене мүшелерін өлшейді.
Барлығы 70-ке дейін дене өлшеуі түрлерін жүргізеді (дененің бір нүктесінен екінші нүктесіне дейін).
Мал тұқымын асылдандыру жұмысында мына төмендегі негізгі дене өлшеулері қолданылады:
1) Бойының (шоқтығынан) биіктігі – шоқтықтың ең жоғары үстінен жерге дейін (өлшеу таяғымен өлшенеді);
2) Белдің биіктігі – соңғы бел омыртқаның үстінен жерге дейін (өлшеу таяғымен өлшенеді);
3) Құйымшақ биіктігі – құйымшақтың ең биігінен жерге дейін (өлшеу таяғымен өлшенеді);
4) Кеудесінің тереңдігі – шоқтықтың ең биігі мен төстің ең төменгі жеріне дейінгі жауырын сыртынан тура жүретін сызық бойы қашықтығы (өлшеу таяғы арқылы);
5) Кеудесінің енділігі – жауырын сырты тұсындағы кеуденің енділігі (өлшеу таяғымен өлшегенде);
6) Тұрқының қиғаш ұзындығы – жауырынмен қол жіліктің қосылған буынынан жамбастың артқы төмпешігіне дейін (өлшеу таяғымен өлшенеді);
7) Сербегі аралық енділігі – мықын сүйектерінің алшақтығы (циркульмен);
8) Кеуде орамы – сантиметрлік лентасымен жауырын сырты тұсынан орап өлшейді;
9) Сирақ орамы – сирақтың ең жіңішке жерін сантиметрлік лентасымен орап өлшейді.
Әр мал түлігі үшін дене өлшеудің қалыптасқан саны бар. Мысалы, ірі қарада – 15, шошқа мен жылқыда – 10, қойда – 7. Дене мүше өлшеулері арқылы малдың сырт пішінін нақтылы сипаттау үшін, дене бітімі индексін есептейді. Дене тұлғасының индексі деп анатомиялық тұрғыдан бір – бірімен байланысы бар дене мүше өлшеулерінің проценттік ара қатынасын айтады.
Суретке түсіру. Мал тұқымын асылдандыру жұмысында, малды суретке түсірудің маңызы артып келеді. Біріншіден, бірнеше ұрпақ малының суреттеріне қарап малдың сырт пішініндегі ұрпақтан ұрпаққа ауысып келе жатқан өзгеріс бағытын, оның қаншалықты жақсы – жамандығын анықтауға болады. Екіншіден, суреттер арқылы соңғы ұрпақтарының қаншалықты дене бітімі жағынан атақты ата – енесіне ұқсайтындығын анықтайды. Үшіншіден, бір малдың әр жастағы суреттеріне қарап, мал экстерьерінің жасына байланысты өзгеріс заңдылықтарын тексереді.
Малдың ішкі құрылысы деп оның дене бітімі мен өніміне байланысты ішкі физиологиялық, анатомиялық, гистологиялық және биохимиялық құрылыс – қызмет қасиеттерінің бірлестігін айтады.
Соңғы жылдары зоотехнияда мал тұқымын асылдандыру жұмысында ішкі құрылысы ілімінің дамуына көп көңіл бөлініп, келешегі мол біршама жетістіктерге жетті. Интерьер француз сөзі, ішкі деген мағынаны білдіреді.
Малдың ішкі құрылысын зерттеу нәтижесінде төмендегі мәселелерді шешуге тиянақты деректер жинайды:
а) организмнің ішкі құрылысын, органдар мен тканьдер және олардың жүйелерінің үйлесімді даму ерекшеліктерін білу;
б) дене бітім ерекшеліктері, организмнің физиологиялық және биохимиялық қасиеттері;
в) онтогенез кезеңдерінде органдардың түзілуі мен дамуы және оған әсер ететін күштерді анықтау.
Осы мәселелерді зерттеудегі негізгі мақсат – малдан қажетті өнімді мол алу жолдарын белгілеп, ішкі құрылыс көрсеткіштер арқылы малдың жас кезінде оның келешектегі өнім бағытын, мөлшерін тура болжайтын, аталық және аналық малдардан жұп құрғанда, олардың нәсілдік қасиеттерінің үйлесімділігін алдын ала анықтайтын селекциялық әдістерді жасау.
Ішкі құрылысы ілімінде зерттейтін мәселелердің тақырып кеңдігі мен тереңдігіне байланысты көп түрлі әдістерді қолданады: мысалы гистологиялық, физиологиялық, биохимиялық, цитологиялық, рентгеноскопиялық, анатомиялық, иммуногенетикалық және т.б.
Қазіргі уақытта көбірек тексеріліп, жиі пайдаланып жүрген организмнің ішкі құрылыс көрсеткіштеріне желіннің, терінің және ет пен сүйек құрылысы, клиникалық көрсеткіштер (дене қызуы, тамыр соғуы мен тыныс алу жиілігі) және қанның құрамы енеді.
Желіннің ішкі құрылымы. Біздің елімізде малдың ішкі құрылысы ілімінің негізін қалаушы Е.Ф. Лискун (1912) алғашқы рет сиырдың желінінің гистологиялық құрылысы мен сүт өнімінің арасында тығыз байланыс барлығын көрсетті.
Құрамы, құрылымы, құрылысы, біршама жан – жақты зерттелген органдарға тері және оның туындылары жатады. Мұның әр түрлі себептері болады. Біріншіден, қай мал үшін болмасын терісінің гистологиялық құрылысы, тері қабаттарының ара қатынасы, сол малдың дене бітімі мен өнімдік бағытын біршама тура сипаттайды.
Екіншіден, терідегі тері бездері мен сүт бездерінің арғы тегінде тарихи (филогенетикалық) байланыс бар. Бұл желін терісінің құрамындағы тері бездерінің саны желіндегі сүт без ткані мен дәнекер ткані арасындағы байланысты іздеуге себепші болады. Үшіншіден, қойдың негізгі өнімі – жүн – тері туындылары қызметінің нәтижесі.
Қан – малдың ішкі құрылысын зерттеуде қашаннан да үлкен маңызға ие болып келе жатқан ішкі орта.
Қанның қасиетін мына төмендегі көрсеткіштерді анықтау арқылы сипаттайды: организмдегі қанның жалпы көлемі, қанның қызыл (эритроциттер) және ақ (лейкоциттер) түйіршіктерінің саны, қанның құрамындағы гемоглобиннің, белок және оның фракцияларының, қанттың мөлшері, сілті резерві және т.б.
Организмдегі жалпы қанның мөлшері әр түлікте түрліше. Жылқының жалпы қаны тірілей салмағының 9,8 %-не тең, сиырда – 8,0; қойда – 8,1; шошқада – 4,6; қоянда – 5,45 және тауықта – 8,5%-ке тең.
Қанды зерттеудің малдың тұқымдық, дене бітімі мен өнімділік ерекшеліктерін анықтауда маңызы зор.
Қазіргі уақытта сиырларда қан группасын анықтайтын 12 генетикалық жүйеден тұратын 100 фактор белгілі, қойда – 16 жүйеден тұратын 89 фактор, шошқада 17 жүйеден тұратын 80 фактор, жылқыда – 9 жүйеден тұратын 30 фактор анықталады.
Қан группалары бойынша белгілі бір табынның немесе мал тұқымының генетикалық құрылымын, гендердің әр түрлілік дәрежесін, мал тұқымдарының түрлерінің алыс – жақындығын анықтауға пайдаланылады.