Малды негізінен азықтық тағамдарды және әр түрлі өндірістер үшін шикізаттық өнім алу үшін өсіреді. Мал көп өнімді болса, оның шаруашылыққа пайдасы мол болады. Бүкіл зоотехникалық жұмыстың түпкі мақсаты – сапалы да мол, әрі арзан мал шаруашылығы өнімдерін өндіруге қол жеткізу. Зооинженер бұл мақсатқа малды сан және сапа жағынан жақсартып, оны ұрпақтан ұрпаққа тарату арқылы жетеді. Сондықтан мал шаруашылығы өнімі мен мал өнімділігін шатастыруға болмайды. Өнім жалпы ұғым. Оны жеке малмен, уақытпен тікелей байланыстырмай-ақ қолдана береді. Ал өнімділік деп бір малдан немесе орта есеппен бір топ малдан нақтылы уақыт мерзімде алынған өнімді немесе алынатын өнімді айтамыз.
Малдың негізгі өнімдеріне сүт, ет, жүн, елтірі, тері, жұмыртқа және т.б. жатса, ал өнімділігіне сүттілігі, еттілігі, жүн өнімділігі, жұмыс өнімділігі, жұмыртқалағыштығы т.б. жатады.
Мал өнімділігінің қай-қайсысы да өте күрделі, бүкіл организімнің тіршілік әрекеті негізінде қалыптасады. Қай түріне болмасын азық қорыту, тыныс алу, қан айналу, ішек секрециялық органдар, жүйке жүйелері, барлық органдары қатысады.
Мал өнімділігі екі топ күштердің бірлескен бір-біріне әсері негізінде қалыптасады:
1) нәсілдік қасиеттері (тұқымдық және жеке өзіндік);
2) тіршілік еткен сыртқы орта жағдайлары.
Бұл екі топ күштерінің арақатынасының өте күрделілігіне байланысты мал өнімділігі көп өзгеріске ұшырайды. Мал өнімділігінің өзгергіштігін бақылап, басқару үшін оны жүйелі негізде анықтап, есептеп отырады. Мал өнімділігін анықтау үшін қолданылатын әдістерге мына талаптар қойылады:
1) қолданылатын әдіс малдың биологиясына сәйкес келіп, өнімділігін дәл анықтау үшін, толық мүмкіншілік туғызу қажет;
2) шаруашылық жағдайында қолдануға ыңғайлы, көп қосымша күш-құралды қажет етпеуі керек.
Малдың сүттілігі. Сүт – сүт бездерінің өнімі. Сүтқоректілер төлінің туғаннан кейінгі алғашқы күндеріндегі негізгі қорегі. Сүт адам үшін қоректігі өте жоғары, нәрлі, сіңімді тамақ. Сондықтан адам сиыр, зебу, қодас сияқты малдың сүттілігін жақсы дамытты. Олардан бұзауларына қажетті мөлшерден де артық сүт шығады. Сүттен адам әртүрлі тағам әзірлейді. Бір түр малының өзінде сүттің химиялық құрамы нәсілдік қасиетіне, физиологиялық сыртқы орта жағдайларына байланысты өзгеріп тұрады. Дегенмен әртүрлі мал түлігі сүтінің құрамы да түрліше болады.
Сүт безінің қызметі күрделі. Ол нерв жүйесі мен арнайы гормондар арқылы реттеліп отырады, өнімділігі сүт түзетін клеткалардың саны мен көлеміне және олардың қабілетіне байланысты.
Малдың сүттілігін әдетте сауынымен (сауылған сүт мөлшерімен) анықтайды. Малдың төлдегеннен бастап суалғанға дейінгі уақыты – сауым маусымы (лактация), суалғаннан келесі туғанға дейінгі уақытта – суалған кезеңі (сухостойный период) деп атайды. Малдың түріне, тұқымына байланысты сауым маусымының ұзақтығы түрліше. Қазіргі уақытта сиырдың негізгі сүттілігін 305 күндік сауым маусымында сауылған сүт мөлшерімен анықтайды.
Сауым маусымында өндірілген барлық сүтті анықтау үшін сиырдың күндік (бір тәулік) сауымын, соның негізінде айлық сауымын анықтайды. Күндік немесе айлық сауымдардың сауым маусымындағы мөлшерлері өзгеруінің графикалық бейнесін сауым маусымының қисық сызығы деп атайды. Сауым маусымының қисық сызығының сипатын анықтау үшін әр түрлі тәсілдер қолданылады: 1) сауу маусымының тұрақтылық коэффициенті арқылы. Бұл үшін әуелі маусым бойындағы әр айлық сауымының, алдағы айдағы сауымынан айырмашылығын пайызбен шығарады, кейін сол пайыздың орташа көрсеткішін табады; 2) сауым маусымындағы сауылғын барлық сүтті ең жоғары күндік немесе айлық сауымға бөлу арқылы.
Сиырдың сүттілігіне әсер ететін жағдайлар мен сүттілігін арттыру жолдары. Сиырдың сүттілігі тұқымына, өзіндік нәсіл қасиетіне, жасына, бағым-күтіміне байланысты кең көлемде өзгеріп тұрады. Бір сиырдан сауым маусымында сауылатын сүт көлемі 1000 кг-нан 25000 кг дейін барады.
Сиырдың сүттілігіне оның тұқымдық тегі, жеке нәсілдік қасиеті, физиологиялық жағдайы, азықтандыру дәрежесі, бағып-күту жағдайы, жасы және т.б. факторлар әсер етеді.
Тұқымдық тегі мен жеке өзіндік нәсіл қасиетінің ерекшеліктері. Кез келген мал тұқымын адам өз қажетін өтеу үшін азықтандыру, бағып-күту мүмкіншіліктеріне, ауа райы, жер жағдайы ерекшеліктеріне байланысты, белгілі бір өнімді басқаларға қарағанда артықтау беруге бейімдейді. Бұл талаптан сүт өнімі де тыс қалмайды. Сондықтан арнайы сүт өнімі бағытында шығарылған немесе жақсартылған сиыр тұқымдарының етті бағыттағыларға қарағанда сүттілігі көп артық. Бұл пікірдің дәлелдеудің қажеті болмас.
Азықтандыру, бағып-күту бірдей болғанның өзінде, бір тұқым сиырларының сүт өнімділігі, олардың жеке нәсілдік қасиеттеріне байланысты әр түрлі болады.
Сиыр жасының әсері. Сиырдың жасы мен сүттілігінің арасында белгілі бір байланыс бар. Сиырдың сүттілігі басында жасы өскен сайын көбейеді де, кейін бірте-бірте азая береді. Себебі сүт бездерінің сүт түзу қабілеті бүкіл ағзаның толысып жетілуіне байланысты мәселе. Ағзаның тез толысып, жетілуі малдың тұқымына да, азықтандыру, бағып-күту дәрежесіне де байланысты.
Сиырдың сүттілігіне салмағының қатынасы. Малдың салмағы – оның ағзаның тұқымына, жынысына және жасына лайықты өсу дәрежесін, өлшеген мезеттегі малдың қоңдылығын көрсетеді. Сондықтан малдың сүттілігі бүкіл ағза тіршілік әрекетінің өнімі ретінде, оның салмағына көп байланысты. Бұл байланыстылықтың негізінен бір тұқым малының ішінде анық білінеді.
Мал шаруашылығы тәжірибесінде қай тұқымда болмасын ең жоғары рекордты сауым көрсеткен сиырлардың барлығының салмағы да үлкен, сол сияқты сүт өнімділігі жөнінен озық шаруашылықтардың да сиырларының салмағы, сол тұқымның стандарттық көрсеткішінен біршама артық. Бұл деректер сиырдың сүттілігін арттыру үшін, малдың өсу дәрежесін жас кезінен қадағалап, тұқымына, жасына, физиологиялық жағдайына лайықты салмаққа жеткізу қажеттігін көрсетеді.
Сиыр сүттілігінің сапалық көрсеткіштері. Сүттің негізгі сапалық көрсеткіштеріне майлылығы, ондағы ақуыздың және майсыз құрғақ қалдық заттарының мөлшері жатады. Мал тұқымын асылдандыру жұмысында сүттің тек осы алғашқы екі көрсеткішін, көбінесе майлылығын ғана анықтаумен шектеледі.
Сүттің майлылығы сиырдың сүттілігі бойынша бағаланғанда, аса мән берілетін селекциялық белгі. Сүттің майлылығы жоғары болған сайын, оның азықтық құнарлылығы артып, өзіндік өндіру құны кемиді.
Сиыр сүтінің майлылығы оның тұқымына, және нәсілдік қасиетіне және т.б. жағдайларға байланысты әр шамада болады.
Барлық тұқым сиырлары сүтінің майлылығы, сауым маусымы барысында белгілі бір заңдылықпен өзгеріп отырады. Уыздың майлылығы жоғары болады, содан кейін сауым маусымының алғашқы екінші-үшінші айлықтарында сүт майлылығы біршама кемиді де, одан әрі қайта көтеріліп, соңғы айларда сүттің майлылығы ең жоғары дәрежеге жетеді. Сыртқы орта жағдайларының ішінде сүттің майлылығына күшті әсер ететін фактор – мал азығының құрамы.
Жалпы ағзада май түзілу құбылыстарына қалқан безі гормонының әсері өте күшті. Оның жұмысы көбінесе топырақта, суда және мал азық құрамында йод жетіспейтін аймақтарда төмендейді. Мұндай аймақтарда малға йод қосқан тұз беру өте пайдалы.
Сүттің құрамындағы ақуыз мөлшері – мал шаруашылығы жақсы дамыған елдерде селекциялық маңызды белгілердің бірі болып саналады. Біздің елімізде малдың өнімдік және тұқымдық қасиетін анықтау жүйесінде, бұл көрсеткішті пайдалану 1974 жылдан бастап енгізілді. Сүт құрамындығы ақуыз мөлшері сиырдың тұқымына, жеке нәсілдік қасиетіне, жасына, жыл және сауым маусымы мезгіліне, азықтандыру дәрежесіне т.б. жағдайларға байланысты өзгеріп тұрады.
Сүт өнімділігін есептеу және бағалау әдістері. Сиырдың сүттілігі бойынша дұрыс бағалап сұрыптау, бір-бірімен салыстыру және өнімділігіне қарай азықтандыру үшін әр сиырдан сауылған сүттің мөлшері мен сапасын уақытымен өлшеп, анықтап отыру керек. Әр сиырдан сауылған сүтті анықтау үшін негізінен екі әдіс қолданылады:
1) әр сауынды күнде өлшеу;
2) әр он күн сайын бақылау үшін өлшеу.
Бірінші әдіс ең тура, бірақ көп уақыт пен құрал-жабдықты қажет етеді, асыл тұқымды мал шарушылықтарында қолданылады. Екінші әдіс жай шаруашылықтарда қолданылады. Бұл да әр сиырдың сүттілігі жөнінде нақтылы дерек береді. Бұл әдістің мәні айына үш рет, әрбір он күн сайын әр сауымды өлшеу арқылы бір күнде сауылған сүтті анықтайды. Бір айда анықталған үш күндік сауынның қосындысын үшке бөліп, бір күндік орташа сауын мөлшерін анықтайды. Бұл орташа көрсеткішті сол айдағы күн санына көбейтіп, айлық сауын мөлшерін анықтауға болады. Барлық айларда сауылған сүтті қосып жылдық немесе сауым маусымындағы сауылған сүтті анықтайды.
Сүттің майлылығы айына бір рет анықталады. Жылдық сүттің орташа майлылығын шығару үшін әр айда сауылған сүтті (мысалы 400 кг) сол айда анықталған сүттің майлылығына (4,0 пайыз) көбейтіп, бір пайыздық сүтке айналдырады. Біздің мысалымызда ол 1600 кг-ға тең болады. Әр айдағы бір пайыздық сүтті қосу арқылы 305 күндік маусымда сауылған барлық бір пайыздық сүтті табады. Бұл қосындыны 305 күндік маусымда сауылған нақтылы сүтке бөлу арқылы сүттің орташа майлылығын анықтайды.
Малдың еттілігі. Еттің құрамында адам организміне қажетті органикалық заттар түгел және жеңіл сіңімді күйінде кездеседі, одан адамның күш – қуатын толықтыратын және ми жұмысына пайдалы болатын тағамдар жасалынады.
Қай түлікті болмасын, олардың еттілік қасиетін жетілдіру селекция жұмысының түбегейлі мәселесі.
Малдың еттілігін мына төмендегі көрсеткіштер арқылы бағалайды: тірілей салмағы, сыртқы дене пішіні, тәулігіне қосатын салмағы, тез жетілгіштігі, сойыс салмағы мен оның шығымы, ұшасының салмағы мен шығымы, ұшасының морфологиялық құрамы, сұрпы етінің химиялық және биохимиялық құрамы, т.б.
Малдың нақтылы ет өнімі, негізінен сойғаннан кейінгі алынған ұшасының салмағы мен оның сапалық көрсеткіштері арқылы сипатталады.
Малдың еттілік қасиеттерін тірі кезінде және сойғаннан кейін тексеріп бағалайды.
Малдың тірі кезінде, оның еттілік қасиетіне дұрыс баға берудің селекциялық маңызы үлкен. Селекция мақсаты тәуір деп таңдап алған малдан өзіне ұқсас ұрпақ алу. Малдың тірісінде еттілік қасиетін –салмағын өлшеп, соның деректері бойынша тәулігіне қосатын салмағын есептеу арқылы бағалайды.
Сойыс салмағына, сойған малдың қанын ағызып, басын, терісін, құйрығын, өкпе – бауырын, ішек – қарнын, сирағын алып тастағаннан кейінгі қалған таза еті (ұшасы) мен іш майы кіреді. Сойыс салмағының малдың сояр алдындағы тірілей салмағына проценттік қатынасын сойыс салмақ шығымы деп атайды. Таза етінің сояр алдындағы салмағына қатынасын ет түсімі (шығым) деп атайды. Таза еттің (ұшаның) сапасын оның салмағына, түріне, сұрпы еті мен сүйек, шеміршек қатынасына, химиялық және биологиялық құрамына қарап бағалайды. Көбінесе малдың еттілігін сипаттағанда еттілік коэффициентін анықтайды. Еттілік коэффициенті деп сұрпы еті салмағының, сүйек пен шеміршек салмағына қатынасын айтады.
Малдың еттілік қасиетіне әсер ететін жағдайлар және ет өндіруді көбейту жолдары. Малдың еттілігі шауашылыққа пайдалы көптеген биологиялық ерекшеліктерінің бір – біріне күрделі әсері негізінде қалыптасады. Оның қайсыбірлері бір – бірімен қарама – қайшылықта болады. Еттіліктің сандық та, сапалық та көрсеткіштері малдың түріне, тұқымына және нәсілдік қасиеттеріне, бағып – күту, бордақылау технологиясы ерекшеліктеріне және т.б сыртқы орта жағдайларына байланысты.
Жоғарыдағы деректер малдың еттілігін жақсартудың, ет өндіруді көбейтудің басты жолының бірі – малдың тұқымдық және жеке нәсілдік қасиеттерін жақсарту екенін көрсетеді.
Малдың ет өнімі оның жасына тікелей байланысты. Мал белгілі бір жасқа жеткенге дейін оның тірілей салмағы, беретін ет өнімі өседі. Жас малдың еті кәрі малға қарағанда жеуге тым тәтті, сіңімді келеді, бірақ каллориясы аз болады.
Жүн өнімділігі. Жүн – қой, ешкі, түйе және басқа жануарлардың иіру немесе ұйыстыру (басу) арқылы әр түрлі бұйым жасауға жарайтын түгі, өнеркәсіп шикізаты.
Негізгі өнеркәсіптік шикізат ретінде жүн қойдан өндіріледі. Қойдың тұқымына байланысты жүннің талшықтары биязылығы, ұзындығы әр түрлі болады. Жүн талшықтары мына төмендегі түрлерге бөлінеді: түбіт, жай қылшық, аралық қылшық, құрғақ қылшық, өлі қылшық, тікенек қылшық.
Қой жүнін құрамына байланысты біркелкі және әркелкі деп екі түрге бөледі.
Біркелкі жүн біртекті жүн талшықтарынан – бірегей түбіттен немесе аралық қылшықтан тұрады. Бірегей түбіттен тұратын біркелкі жүнді биязы, бірегей аралық қылшықтан тұратын жүнді биязылау деп атайды.
Әркелкі жүн әр текті жүн талшықтарынан – түбіттен, қылшықтан және аралық қылшықтан тұрады. Олардың бір – бірінен жуан – жіңішкелігі, ұзындығы, бұйралығы, кейде тіпті түсінен де көзге айқын, үлкен айырмашылықтары бар. Әркелкі жүнді де қылшық және ұяң деп екі түрге бөледі.
Қылшық жүн құрамына қылшық, түбіт, аралық қылшық, кейде өлі қылшық та кіреді. Бұлардың сан жағынан арақатынасы тұрақсыз, қойдың тұқымына, жасына, жынысына және жыл мезгіліне байланысты өзгеріп тұрады. Қылшық жүннің шикізаттық құндылығы түбіті мол болса артып, аз болса кемиді. Қылшық жүн қазақы, еділбай, гиссар, қаракөл және т.б. қойлардан қырқылады.
Ұяң жүн аралық қылшық, қылшық және түбіттен тұрады. Ұяң жүн қылшық жүнге қарағанда шайырлы, жұмсақ, түбіті мен аралық қылшығы мол, әрі қылшығы жіңішкелеу, жұмсақ келеді. Ұяң жүннен сапалы кілем, тоқыма бұйымдарын жасайды. Сапалы ұяң жүнді сараджа, тәжік, алай, балбас, қарғалы қойларынан алынады.
Қойдың жүн өніміне баға бергенде оның физикалық және техникалық қасиетін анықтайтын ұзындығы, жіңішкелігі, біркелкілігі, бұйралығы (иректігі), серпімділігі, созылымдығы, шайырлығы сияқты сапалық көрсеткіштеріне үлкен мән беріледі. Олар негізгі селекциялық белгілер болып есептелінеді.
Қойдың жүн өнімін селекция тәжірибесінде екі түрлі әдіспен анықтайды. Бірінші әдіс қойдың қырқылған жүнін өлшеу және оның таза жүн түсімін анықтау. Бұл әдіс қойдың жүн өнімі тура – тауға көп уақыт, қосымша адам күші және қаржы керек. Екінші әдіс бойынша қойдың беретін жүн мөлшерін бонитировка кезінде көзбен жобалап анықтайды. Бұл әдіс қойдың жүн өнімі туралы дәл мәлімет береді. Мұндай әр қойдан қырқылған жүнді анықтауға көп уақыт, қосымша адам күші және қаржы керек. Екінші әдіс бойынша қойдың беретін жүн мөлшерін бонитировка кезінде көзбен жобалап анықтайды. Бұл әдісті қолдану жеңіл, бірақ ол онша дәл емес.
Елтірі – туғаннан кейін үш күн ішінде сойылған қозы терісі. Арнайы елтірі өндіру үшін өсіретін қой тұқымдарына – қаракөл, сокол және ришитилов қойлары жатады. Бұлардың ішінде ең сапалысы және көп өндірілетіні – қаракөл елтірісі. Елтірінің шелі жұқа, өте берік, түгі бұйра, жылтыр, көркем. Сондықтан елтіріден тігілген киімнің жеңіл және мықты, әрі әсем болуы осы қасиеттеріне байланысты.
Елтірі түсіне қарай қара, көк, сұр, қызғылт, қоңыр және ақ болып бөлінеді.
Елтірінің сапасын сипаттайтын және селекция тәжірибесіне енген көрсеткіштерге оның түсі, бұйрасының формасы, бұйра шиыршығының ұзындығы, биіктігі және жалпақтығы, түгінің жылтырлығы, серпімділігі мен жібектілігі, көлемі мен шелінің қалыңдығы және тығыздығы жатады.
Құстың жұмыртқа өнімі. Құстың жұмыртқасы қоректік қасиеті мол, өте сіңімді (97 % дейін) диеталық өнім болып есептелінеді. Адам тағам ретінде негізінен тауықтың жұмыртқасын пайдаланады. Оның құрамында 12–14 % белок, 12 % май және тағы басқа углеводтар, минералдық заттар, витаминдер (А, Д, В, Е) бар.
Құс жұмыртқасы сырты сары және ақуызбен, қатты қабықпен қоршалған аналық клетка болып саналады. Сондықтан құстың жұмыртқа өнімі олардың аналық бездерінің дамып, жетілу дәрежесіне байланысты болады. Алғашқы жұмыртқаны тауықтар 120–180 күндігінде, үйрек пен қаз 250–300, күркетауық – 200–250 күндігінде сала бастайды.
Бір жылда берген жұмыртқа саны мен оның орташа салмағы, жұмыртқа өнімінің негізгі көрсеткіштері болып есептелінеді. Әдетте, тауықтар өмірінің екінші жылында ең көп жұмыртқа береді. Одан кейін жұмыртқа өнімі бірте – бірте жылына орта есеппен 10–15% кеми береді.
Жұмыртқа өнімінің сапалық сипатына, жұмыртқаның салмағы мен оның біршама морфологиялық (формасы, қатты қабығының сапасы, белок индексі, сары уыз индексі т.б.) және биологиялық (витаминдер көрсеткіші) көрсеткіштері арқылы баға беріледі.
Құстың белгілі бір түрі ішінде жұмыртқа өнімі, оның тұқымдық тегіне, жасына және бағып – күту, азықтандыру дәрежесіне байланысты болады.
Жұмыс өнімділігі. Ауыл шаруашылығы өндірісі мен тасымал жұмыстарын кең көлемде механикаландырылғанмен, малдың күш көлігі ретінде маңызы әлі жойылған жоқ. Жылқы, есек, қашыр, түйе, өгіз, қодас және бұғы сияқты малды күш көлігі ретінде белгілі бір жағдайда ұтымды пайдаланудың көп мүмкіншілігі бар.
Малды күш көлігі ретінде кең пайдаланатын жұмыс түрлеріне жегу, салт міну және жүк арту жатады. Осыған орай мал түліктері, түлік ішінде мал тұқымдары әр түрлі жұмысқа пайдалануға біршама бейімделген.
Жұмыс өнімділігі негізінен 4 көрсеткішпен анықталынады:
1) жүк тарту күші;
2) жұмыс көлемі;
3) қозғалыс жылдамдығы;
4) қуат мөлшері.
Жылқының жүк тарту күші килограммен өлшенеді. Оның мөлшері жылқының салмағына байланысты. Жүк тарту күшінің қалыпты мөлшері салмағына байланысты. Жүк тарту күшінің қалыпты мөлшері салмағының 13–15% -іне тең болады. Қозғалыс жылдамдығы әдеттегі теңдікпен жүрген жолды кеткен уақытқа бөлу арқылы, жұмыс – жүк тарту күшін жүрген жолға көбейту арқылы (килограмметрмен өлшенеді) анықталады. Бір ат күші 75 кг.м/сек уақытқа тең. Әдетте нақтылы бір аттың күші 0,6–0,7 ат күшіне тең болады.
Жылқының жұмыс қабілетін, оның сыртқы дене пішініне (бұлшық еттерінің жетілуіне, жалпы сүйек бітімі мен аяқтарының орналасуына) қарап және арнайы сынау нәтижесінде анықтайды.
Біздің елімізде жылқының жұмыс өнімділігін мына төмендегі сынаулар нәтижесінде анықтайды:
1) Ең жоғарғы жүк тарту қабілетін сынау. Бұл сынау мына төмендегі тәртіппен жүргізіледі. Атты басында 1000–1200 кг жүгі бар арбаға (рессорсыз) жегіп қозғағаннан кейін, әр 5–6 м жол жүрген сайын, арбаға 50 кг салмағы бар қап құмды, ат қашан қатты зорланып тоқтағанға дейін салып отырады. Аттың еркін тартқан жүгі мен арбаның салмағы ең жоғарғы жүк тарту қабілеті болып есептелінеді.
Ең жоғарғы жүк тарту күшін динометр арқылы да анықтайды. 927, 5 кг рекордтық жүк тарту күшімен 26,5 т рекордтық жүк салмағын латвия жүк жылқысының айғыры Стипрайс көрсетті.
2) Жүк тарту төзімділігін сынау. Бұл сынау арқылы аттың 300 кг-дық тарту күшін жұмсай отырып, жүрген жол ұзындығын анықтайды. 1537,05 метрлік рекордты жолды латвия жылқысының айғыры Алказарс көрсетті.
3) Жүкті тез жеткізуге сынау. Мұнда жылқы 800–1200 кг жүкті 5–10 км қашықтыққа жеткізуге жіберген уақыты бойынша немесе 2 км қашықтықты 50 кг тарту күшін жұмсай отырып, желіп немесе 150 кг тарту күшімен аяңдап өткен уақыты бойынша сыналады.
4) Салт мініс және жегіс жылқыларының жүйріктігін ипподромда сынау. Салт мініс жылқыларының жүйріктігін жасына қарай әр түрлі қашықтық бойынша ұйымдастырған шабыс бәйгелерінде көрсеткен уақыты бойынша анықтайды. Әдетте жарыс бәйгесі 1000, 1200, 1500, 1600, 1800, 2000, 2400, 3200, 4000, 4200 м қашықтықтарға ұйымдастырылды. 1600 м қашықтық бойынша шабыс бәйгесінің рекорды 1 мин 34,4 секундқа тең.
Белгілі бір тұқым жылқысының жұмыс өнімділігі оның салмағына, дене бітіміне, жасына, күйіне, бағып – күту жағдайына, жұмысқа пайдалану тәртібіне және т.б байланысты болады.