6 Мал сұрыптаудың мәні мен түрлері


Сұрыптау, таңдау – жалпы тұрғыдан алғанда адамға ежелден түсінікті ұғым. Тіпті сонау басында аңшылықпен айналысқан кездің өзінде тағы хайуандарды адам өзінің бір талғамы бойынша атқан. Сол сияқты хайуанаттарды қолға үйреткен кезеңде де адам белгілі бір талғамды басшылыққа алғаны сөзсіз. Сұрыптаудың ғылыми теориясының негізін қалаушы Ч. Дарвин (1809–1882 ж.ж.) болды. Ол органикалық дүниенің эволюциялық дамуына, тірі ағзаның жаңа түрлерінің, жаңа тұқымдық топтардың пайда болуында сұрыптаудың шешуші рөлі барын анықтады. Ч.Дарвин сұрыптау, тұқым қуалаушылық және өзгергіштік біріге отырып, эволюцияның негізгі қорғаушы күшін құрайтындығын дәлелдеді.

Ч. Дарвин сұрыптауды негізінен екі түрге бөлді: табиғи сұрыптау және қолдан сұрыптау.

Табиғи сұрыптау – деп ағзаның тіршілік ортасына бейімделу ерекшеліктерінің кейбір жеке артықшылықтарының арқасында тіршілік үшін күресте тірі қалып, ұрпақ қалдыруын айтамыз. Табиғи сұрыптау табиғат күштері ықпалымен өтеді.

Қолдан сұрыптау – деп адам өзіне ұнаған малдарды жеке іріктеп алып өсіруді айтады.

Сонымен қолдан сұрыптауды үй малдары ішінде тікелей адам өзі жүргізеді. Бұдан жануарлар мен өсімдіктер селекциясын адам өз қолына алысымен, табиғат өз жайында қалады деген жалған ұғым тумау керек. Табиғи сұрыптау үй жануарларының ішінде де жүреді. Адам оның ықпалын бір арнаға түсіріп, қажетті бағытқа бұрып отырады, өзінің қалауына қарай табиғи сұрыптаудың әсерін күшейтіп, немесе бәсеңдетіп отырады.

Табиғи сұрыптау мен қолдан сұрыптаудың бір-бірімен ұқсастығы да, айырмашылығы да және байланыстылығы да бар. Селекционер мұны өзінің мал тұқымын асылдандыру жұмысында ескеріп, басшылыққа алуы керек.

Табиғи және қолдан сұрыптау аралығындағы негізгі ұқсастық – олардың әсерлеріне шығармашылық сипаттың тәндігі. Табиғи сұрыптау түбінде жаңа түр шығарса, қолдан сұрыптау арқылы жаңа мал тұқымы шығарылады.

Қолдан сұрыптау алға қойған мақсат пен нәтижесіне қарай негізінен үш түрге бөлінеді:

1) Қорғаушы;

2) Дизруптивті (бөлшектеуші, жіктеуші);

3) Тұрақтандырушы.

Қозғаушы сұрыптау. Табында бұрын қалыптасқан өнімдік белгілер мен қасиеттерінің орташа мәнін өзгертуге бағытталған сұрыптауды қозғаушы сұрыптау деп атаймыз. Сұрыптаудың бұл формасы арқылы малдың шаруашылыққа бұрыннан құнды қасиеттерін одан әрі дамытып, жаңа, тиімді қасиеттерін нығайтады. Бұл үшін бірнеше ұрпақ бойы өнімдік қасиеттері табынның орта көрсеткішінен жоғары болатын құнды малды өсіріп отырады. Осының нәтижесінде бірнеше ұрпақтан кейін өнімдік (фенотиптік) және тұқымдық (генотиптік) қасиеттері жағынан бұрынғы табыннан артық жаңа табын (популяция) шығарылады.

Қозғаушы сұрыптау – қолдан сұрыптаудың негізгі формасы, ол белгілі бір мал тұқымының, табынның, тұқымдық топтардың өнімдік және нәсілдік қасиеттерін жақсарту үшін қолданылады.

Дизруптивті (жіктеуші) сұрыптау. Популяцияда екі немесе одан да көп формалардың пайда болып, қатар тіршілік етуіне қолайлы әсер ететін сұрыптау формасын дизруптивті сұрыптау деп атаймыз. Сұрыптаудың бұл формасының әсерінен бір популяцияның ішінде екі немесе одан да көп формалар пайда болады.

Жіктеуші сұрыптауды қолданғанда шеткі оң (ең жоғары) және теріс (ең төмен) белгілері бар малды іріктеп, әсқайсысын жеке өсіріп, орташа өнім көрсеткіштері барларды бракқа шығарып отырады. Жіктеуші сұрыптау мал шаруашылығы тәжірибесінде сирек қолданылады. Жіктеуші сұрыптау ғылыми мекемелердің тәжірибе шаруашылықтарында ерекше қасиеті бойынша мамандандырылған мал тұқымдарын шығарғанда қолданылады. Мысалы, қысқа – тауықтар (аяғы өте қысқа) осы жолмен шығарылған.

Тұрақтандырушы сұрыптау. Популяцияда бұрын қалыптасқан белгілер мен қасиеттердің тұрақтылығын сақтауға бағытталған сұрыпталудың формасын тұрақтандырушы сұрыптау деп атаймыз. Сұрыпталудың бұл формасы орта жағдайы өзгергенге дейін қалыптасқан, тұрақталған белгілердің орташа мәнін сақтайды және күшейтеді. Фенотипінде ауытқулары бар мал сұрыптаудың бұл формасы арқылы популяциядан шығарылады.

Тұрақтандырушы сұрыптауды қолданғанда, табында нақтылы бір мал тұқымына тән өнімдік қасиеттері бар, яғни тек сол тұқымның ұнамды типіне лайықты малдарды өсіреді.

Қолдан сұрыптауды жүргізуді тәсілдеріне қарай жаппай жеке (фенотипі және генотипі бойынша), жанама, технологиялық деп те бөледі.

Жаппай сұрыптау – дегеніміз жекелеген малға, оның тек сырт түр-тұлғасына, өнімділігіне қарап, баға беріп, іріктеу, яғни малды тек фенотипі бойынша сұрыптау. Бұл сұрыптаудың шаруашылықта жиі қолданылатын, кең тараған түрі.

Жеке сұрыптау – дегеніміз малдың фенотипі мен генотипі (ата-тегі мен ұрпағының сапасын) қатар бағалап, іріктеу. Жеке сұрыптаудың жаппай сұрыптауға қарағанда нәтижелілігі жоғары. Бұл үшін шаруашылықта зоотехникалық есеп өз дәрежесінде жүргізілуге тиісті. Сондықтан жеке сұрыптау асыл тұқымды мал табындарында қолданылады.

Жанама сұрыптау – корреляция (байланысты өзгеріс) заңдылықтарына негізделген. Мал ағзасындағы әр түрлі морфологиялық, биохимиялық, физиологиялық құбылыстар сайып келгенде бір-бірімен тығыз байланыста болады. Сондықтан ағзаның кейбір ерекшеліктерінің өзгеруі, екінші басқа қасиеттерінің өзгеруін туғызады. Осындай жағдайда екі өзгеріс кейде бір бағытта, кейде қарама-қарсы бағытта жүреді. Әйтеуір ағзаның екі ерекшеліктері өзгерісінің арасында байланыс болса, біріне қарап екіншісін біршама нақтылы болжап анықтама беруге болады.

Технологиялық сұрыптау – дегеніміз өнеркәсіптік мал шаруашылығы технологиясына жақсы бейімделген малды өсіруге бағытталған, қолдан сұрыптаудың бір саласы. Технологиялық сұрыптаудың ағзаға әсері, табиғи сұрыпталу процесімен іспеттес, өнеркәсіптік мал кешендері технологиясының жаңа факторлары мен ауыл шаруашылығы малының арақатынасы негізінде жүреді. Мал шаруашылығы технологиясы жағдайында, тіршілік қабілеті және өнімділігі төмен болған генотиптер популяциядан шығып отырады да, тіршілік қабілеті және өнімділігі жоғары болатын генотиптерінің концентрациясы көбейеді.

6.1 Сұрыптаудың генетикалық негізі

Селекцияның негізгі мақсаты өсіріп отырған мал тұқымын қоғамның тілегіне сәйкес ұрпақ сайын жетілдіріп, өнімін қалаған бағытта көбейтіп отыру. Осы тұрғыдан селекцияны, ауыл шаруашылығы малының адам баласы басқаратын эволюциясы деп бағалау орынды.

Ч. Дарвин дәлелдегендей, эволюцияның негізгі қорғаушы күштеріне сұрыптау, ағзалардың өзгергіштігі мен тұқым қуалаушылығы жатады. Сондықтан селекция тәжірибесінде сұрыптау мәнін жетік түсініп, тиімді қолдану үшін, сұрыптаудың негізін, селекцияның генетикалық параметрін жетік білу қажет.

Селекцияның генетикалық параметрі деп сұрыптаудың популяция құрамына тигізетін әсерінің генетикалық мәнін түсіндіретін математика тұрғысынан дәлелденген сандық көрсеткіштерді айтады.

Селекцияның генетикалық параметріне – белгілердің тұқым қуалаушылық, қайталау, корреляция, регрессия коэффициенттері, препотенттік және генетикалық ұқсастық көрсеткіштері, селекция дифференциалы, селекция нәтижелілігі т.б. көрсеткіштер жатады.

Сұрыптау қажеттігін туғызатын генетикалық алғы шарттарға ағзалардың өзгергіштігі мен белгілерінің тұқым қуалаушылығы жатады. Ағзаның өзгергіштігі дегеніміз тіпті тегі бір, туыстас ағзалардың өзінде бір-бірінен айырмашылығы барлығы, яғни кез келген екі мал адамға қажетті барлық қаситеттері бойынша еш уақытта бірдей құнды бола алмайды. Екіншіден, ағза өзіне тән қасиеттерін ұрпаққа мұра ретінде қалдыра алады. Міне осы екі генетикалық себептен, өсіретін малды ұрпақтан ұрпаққа сұрыптап, құндысын таңдап өсіру қажеттігі туады.

Сұрыптау жүйесіне енген малдың биологиялық немесе шаруашылыққа тиімді белгілерін шартты түрде сапалық және сандық деп екі топқа бөледі.

Сапалық белгілеріне өзіндік сырт өзгешелігі өте айқын, бір-біріне қарама-қарсы жұп құратын, әрқайсысына сөз жүзінде толық анықтама беруге болатын малдың өнімділік немесе биологиялық қасиеттері жатады. Сапалық белгілердің тұқым қуалауы Г. Мендель ашқан бірінші ұрпақтың біркелкілігі, ажырасу және еркін қосылу заңдылықтарына сәйкес жүреді. Сапалық жұп белгілер тұқым қуалағанда толық доминанттық (басыңқылық) немесе жартылай доминанттық, рецессивтік (бағыныңқылық) ара қатынастарын тұрақты сақтайды. Осыған орай олардың фенотиптеріне қарай генотиптерін және келесі ұрпақта белгілер ажырасу мүмкіншіліктерін анықтауға болады.

Сапалық белгілердің тұқым қуалаушылық заңдылықтарын нақтылы білу ол белгілер бойынша көздеген мақсатта нәтижелі сұрыптау жасап, тез арада қажетті белгісі бар табындар құруға мүмкіншілік туғызады. Бұл сапалық белгілерінің шаруашылыққа құндылығы жоғары мал үшін өте маңызды. Мысалы, ірі қара малдың мұқылдығы, бағалы аңдар терісінің түсі, қаракөл қойы елтірісінің түсі.

Сонымен қорыта айтқанда сапалық белгілерге нәсілдік қасиеттің тигізетін әсері өте айқын, сыртқы ортаның әсері аз, тұқым қуалаушылық заңдылықтары оңай табылады және тұрақты болады. Сондықтан мал шаруашылығында сапалық белгілермен сұрыптау жұмысын жүргізгенде алдымен оларды басқаруға қатысатын гендердің санын, олардың арақатынасын білу қажет. Сапалық белгілердің міне осындай генетикалық жаратылысын білгеннен кейін мал сұрыптау мен жұп таңдауда Г. Мендельдің заңдылықтарын тікелей басшылыққа алу керек.

Малдың өнімдік қасиеттерінің көпшілігі сандық белгілер тобына жатады. Сондықтан белгілердің генетикалық жаратылысы өте күрделі. Сандық белгінің өсуін, дамуын көптеген гендер басқарады және олардың әрқайсысының осы белгіге тигізетін жеке әсерін білу мүмкін емес. Оған қоса сандық белгінің қалыптасуына сыртқы ортаның әсері мол.

Сандық белгілерді басқаратын гендердің аралық әсері, полимерлік немесе полигендік деп аталатын белгілердің тұқым қуалаушылығын туғызады. Мұндай тұқым қуалаушылықтың ерекшелігі, біріншіден белгіні басқаратын гендердің әрқайсысының оның тұқым қуалаушылығына тигізетін әсері бірдей; екіншіден әр геннің гомозиготалылық жағдайындағы әсері гетерозиготалық жағдаймен салыстырғанда шамамен екі есе артық; үшіншіден, полимерлік гендердің жалпы әсері, белгілі бір ағзада бар осы типтес гендердің әрқайсысының қосындысына тең болады.

Селекция үшін сандық белгілердің бір топ ұқсас малдарда, айталық бір мал тұқымында немесе сол тұқымның үлкен бір бөлігінде, тұқым қуалаушылық заңдылығын білудің үлкен маңызы бар.

Популяциялық генетиканың селекция тәжірибесі үшін өте бір маңызды саласы белгілердің өзгергіштігі туралы ілімі.

Өзгергіштік деп біз бір түрге, популяцияға жататын малдардың әрқайсысының өнім көрсеткішінің әр түрлі болуын айтамыз. Қазіргі көзқарас бойынша өзгергіштікті, біз тұқым қуалайтын және тұқым қуаламайтын деп екі жікке бөлеміз. Тұқым қуалайтын өзгергіштік деп нәсілдік қасиеттердің әсерінен туған, сондықтан ұрпаққа берілетін өзгергіштікті айтамыз. Ал тұқым қуаламайтын өзгергіштік деп сыртқы ортаның әсерінен туған, сондықтан ұрпаққа берілмейтін, тек пайда болған малдың жеке өмірімен ғана шектелетін өзгергіштікті айтамыз.

Сандық белгілердің фенотипінің қалыптасуына, яғни фенотиптік өзгергіштігіне нәсілдік қасиет те, сыртқы орта да әсер етеді. Жеке бір мал өнімінің қалыптасуына осы екі күштің қайсысының қаншалықты әсер еткенін табу мүмкін емес.

Ғылыми әдебиетте американдық ғалым Д. Лаштың (1939ж) ұсыныс бойынша, фенотиптік өзгергіштіктің генотиппен анықталатын бөлшегін, белгінің тұқым қуалау коэффициенті (h2) деп атау қалыптасты.

Тұқым қуалаушылық коэффициент мөлшері (h2) белгінің нәсілдік қасиетке тәуелділік дәрежесін, немесе фенотиптің генотипке шын мәнінде ұқсастық дәрежесін көрсетеді деуге болады. Басқаша айтсақ, белгінің тұқым қуалаушылық коэффициенті оның келесі ұрпаққа берілу дәрежесін көрсетеді.

Тұқым қуалау коэффициенті 0-ден бастап 1-ге дейін бірлік, соның мөлшерімен немесе 0-ден 100-ге дейін пайыз есебімен анықталады. Егер ол 0,3-тен кем болса – төмен, 0,3–0,5 болса орта, 0,6–дан бастап жоғары деп есептелінеді.

Селекция нәтижесі деп белгілі бір популяция бойынша келесі ұрпақта сұрыптау арқылы болатын генетикалық өзгерісті айтамыз.

Селекция нәтижесі төмендегі теңдікпен анықталады:

SE = SД0 * h2

Мұндағы: SE – селекцияның болашақ нәтижесі;

SД – орташа селекциялық дифференциал;

h2 – тұқым қуалаушылық коэффициенті.

Аталық және аналық мал бойынша ортақ селекция дифференциалын мына төменгі теңдікпен табуға болады:

0 = (SДат+SДан)/2

Мұндағы: SДат – аталық малдың селекциялық дифференциалы;

ан – аналық малдың селекциялық дифференциалы.

Селекциялық дифференциал (SД) мына төменгі теңдікпен анықталады:

SД = Хт - Хn

Мұндағы: Хт – таңдап алынған аталық немесе аналық малдың орташа көрсеткіші;

Хn – сұрыптауға дейінгі сол малдың орташа көрсеткіші.

Жоғарыда көрсетілген теңдікпен сұрыптау барысында барлық малдың жаңа ұрпаққа толық ауысуында болатын селекция нәтижесін таба аламыз. Ал шаруашылық жағдайында мал тұқымын асылдандыруда жыл сайын қандай өзгерістер болатынын білу қажет. Мұны мына төменгі теңдікпен табуға болады:

жылдық = (SД * һ2)/L

Мұндағы: L – бір ұрпақтың келесі ұрпаққа толық ауысуына қажетті уақыт мерзімі (жыл есебімен).

Қайталау коэффициенті малдың белгілі бір өнімінің алғашқы көрсеткішінің оның кейінгі ұрпақтарындағы көрсеткіштерімен ұқсастығын немесе мал көрсеткішінің сыртқы ортаның әр түрлі жағдайында тұрақтылығын көрсетеді. Қайталау коэффициентін белгілі бір кезекпен анықталған қатар екі көрсеткіштердің арасындағы байланыстылылық коэффициентін табу арқылы есептейді.

Біз малды әр түрлі өнім алу үшін өсіреміз. Сондықтан малды қатарынан бірнеше белгілер бойынша сұрыптауға тура келеді. Нәтижелі селекция жұмысын жүргізу үшін осы белгілердің арақатынасын білу қажет.

Тірі ағзаларда болатын корреляциялық байланыста бір белгі нақтылы бір көрсеткішке өзгерсе, онымен байланысты екінші белгі де өзгереді. Мысалы, рационның нәрлілігі мен бордақылаудағы жылқының тәулігіне қосатын салмағының арасында байланыс бар. Егер біз рационның нәрлілігін бір азық мөлшеріне көтеретін болсақ, жылқылардың тәулігіне қосатын салмағы өзгереді. Бірақ әр жылқыда әр түрлі болады. Біреуі бұрынғыдан өте көп, ал екіншісі аз, үшіншісі тіпті қоспауы да мүмкін. Міне осындай байланысты корреляциялық байланыс дейміз.

Белгілер арасындағы байланыстың фенотиптік және генотиптік деп аталатын екі түрі бар.

Селекция мүддесі үшін белгілер арасындағы генотиптік байланыстың маңызы үлкен. Себебі егер белгі арасында генотиптік байланыс болса, бірінші белгі бойынша сұрыптау екінші белгіге де өзгеріс туғызады.

Әр түрлі белгілер арасындағы фенотиптік және генотиптік корреляциялардың оң да, теріс те, үлкен де, кіші де болуы мүмкін. Белгілер арасындағы байланыстың бағытын есептеп шыққан коэффициенттің + (оң), немесе – (теріс) таңбасы арқылы білуге болады.

Корреляция коэффициенті бірліктің ондық бөлшектерімен анықталады да, оның ауытқуы + 1 мен – 1-дің арасында шектеледі. Корреляция коэффициентінің 0,2-0,3 мөлшерін аз, 0,7-ден асса жоғары деп есептейді.

Байланыс коэффициентінің селекция үшін маңызы үлкен. Туыстас мал белгілері арасындағы байланыс коэффициенттері арқылы тұқым қуалау коэффициентін анықтауға болады. Корреляция коэффициентінің бағытына байланысты сұрыптау жұмысының тиімді түрін таңдап алуға болады. Мысалы, екі белгі арасындағы байланыс коэффициенті оң болса сұрыптау жұмысын жеңілдетеді. Себебі бұл белгі бойынша сұрыптау екінші белгіні де жақсартады. Егер сұрыптау жүйесіне енген екі белгі арасындағы байланыс теріс болса, мал тұқымын асылдандыру жұмысын біршама қиындатады. Селекцинонер мұндай жағдайда екі белгі бойынша қатар сұрыптау жүргізіп, екі өнім көрсеткішін де тиімді ұштастыратын малды таңдап ала білуі керек.

6.2 Сұрыптау нәтижелілігіне әсер етуші жағдайлар

Сұрыптау нәтижелілігі жоғары болу үшін барлық түліктерге ортақ, мына төменгі ғылыми – тәжірибелік қағидаларды әр уақытта басшылыққа алу керек.

1) Жалпы үй жануарларының басты қасиеттері: дене бітімі мен денсаулығы, өсімталдығы мен шаруашылыққа пайдалы өнімі;

2) Сұрыптау жұмысын жүргізгенде малдың өсетін тіршілік ортасының жағдайына, малдың бейімделуіне баса назар аудару керек. Сыртқы орта мен шаруашылыққа пайдалы негізгі өнімнің өсуіне қажетті жағдайлардың арасында қарама – қайшылық болмауы тиісті. Керісінше, тіршілік ортасы малдың құнды қасиеттерінің жақсы дамуына мүмкіндік туғызатын болуы, яғни табиғи сұрыптау мен қолдан сұрыптау бағыттас болуы қажет;

1) Малды сұрыптағанда есепке алынатын негізгі белгілер мүмкіндігінше аз болуы шарт. Сұрыптау программасында тек малдың өнімділігі мен тиімділігін анықтайтын белгілер болады;

2) Нақтылы бір мал тұқымы, табыны бойынша сұрыптаудың нәтижелілігіне сол табындағы мал санының тікелей әсері бар;

3) Сұрыптау нәтижесіне оның жүйесіне енген белгілер санының әсері мол. Сұрыптау белгілері көбейген сайын, әр белгі бойынша олардың нәтижелілігі төмендей береді. Малдың бір қасиеті бойынша сұрыптау арқылы, ол қасиетті тез жетілдіруге болады. Бірақ мұндай сыңаржақтық сұрыптаудың жалпы тиімділігін төмендетеді. Себебі, малда бір қасиеттің бір жақты тым жақсы жетілуі, екінші бір басқа қасиеттердің дамуын тежеп, әсіресе дене бітімін аздырып, денсаулығын төмендетеді. Осыған байланысты селекция тәжірибесінде, сұрыптау жүйесіне енетін белгілерді мүмкіншілігінше азайта отырып, малды мына қасиеттері бойынша кешенді бағалау қалыптасқан:

а) дене бітімі мен денсаулығы;

б) негізгі өнімдік қасиеттері;

в) ата-тегі;

г) ұрпағының сапасы.

1) Түліктің, сондай-ақ мал тұқымының өсімталдығы, тез жетілгіштігі, төлдегіштігі және ұрпақ алмасу жылдамдығы, сұрыптаудың болымды нәтиже беруіне біршама қолайлы мүмкіншілік туғызады;

2) Сұрыптау нәтижелілігі сайып келгенде оның таңдау қатаңдығына, яғни өсіруге алып қалатын немесе бракқа шығаратын малдың пайыздық үлес салмағына тікелей байланысты. Сұрыптау қатаң болған сайын, оның нәтижелілігі де арта береді;

3) Сұрыптаудың нәтижелі болуы, сұрыптау жүйесіне енген белгілердің өзгергіштік, тұқым қуалаушылық дәрежесіне, олардың өзара қатынасына тікелей байланысты. Сондықтан зоотехник – селекционер, тұқым қуалаушылық пен өзгергіштікті реттеп отыруды қамтамасыз ететін генетикалық әдістерді, оның ішінде популяциялық генетиканың соңғы мәліметтерін білуі керек.

Сұрыптаудың нәтижелілігі белгілер арасындағы байланыс коэффициенттерімен де тығыз байланысты. Екі белгі арасындағы байланыс күшті болған сайын, бірі бойынша жүргізген сұрыптау міндетті түрде екіншісіне де сәйкесті бағытта өзгеріс туғызады. Егер оң байланыс болса екеуі де бір бағытта, теріс байланыс болса – қарама-қарсы бағытқа өзгереді.

Негізгі және жанама белгілер арасындағы байланыс күшін және бағытын басшылыққа алу негізінде, селекция жүйесіне енетін белгілер санын біршама азайтуға болады. Бұл да сұрыптау нәтижелілігін арттырады. Егер сұрыптау жүйесіне енген екі белгі арасында теріс байланыс болса, сұрыптау жұмысын біршама қиындатады. Селекционер мұндай жағдайда сол екі белгі бойынша сұрыптауды қатар жүргізуі қажет.

Кейбір байланыс коэффициенттері, жанама сұрыптау тәсілін қолдануға және болашақ өнім бағыты мен мөлшерін болжауға мүмкіншілік туғызады.

6.3 Малды фенотипі бойынша сұрыптау

Малды фенотипі бойынша сұрыптау мына төмендегі екі топ белгілерге баға беруге негізделген:

1) дене бітімі мен сыртқы дене пішіні;

2) негізгі өнімдік қасиеттері.

Малды дене бітімі мен сыртқы дене пішіні бойынша сұрыптау. Сұрыптаудың бұл тәсілі, мал тұқымын асылдандыру жұмысында ертеден қалыптасқан, әрі күні бүгінге дейін барлық шаруашылықтар үшін маңызын жоймаған түрінің бірі. Мұның бірнеше себебі бар.

Біріншіден, барлық түлік малының дене бітімі мен дене пішіні оның өнімдік бағытымен, өнімділігімен, әсіресе денсаулығының мықтылығымен біршама тығыз байланысты. Осыған орай малды дене бітімі мен дене пішіні бойынша сұрыптау арқылы, оның өнімдік қасиеттерін жақсартуға болады.

Белгілі ғалым – селекционерлер М. Ф. Иванов, П. Н. Кулешов, Е. Ф. Лискун, В. А. Бальмонт, К. Д. Филянский және т.б сұрыптау тәжірибесінде малдың дене бітіміне өте үлкен мән берген.

Екіншіден, негізгі өнімдері тек аналықтарында болатын малдың аталықтарының өнімділік бағытына сәйкестігін олардың тек дене бітіміне және дене пішініне қарап анықтауға болады. Мысалы, сүтті сиыр тұқымдары бұқаларының өнімділік бағытына сәйкестігін, сол сияқты жұмыртқалағыш тауық тұқымы әтештерін, олардың дене бітіміне, түр – тұлғасына қарап қана бағалауға, яғни сұрыптауға болады.

Үшіншіден, селекция тәжірибесінде ауыл шаруашылық малын тым ерте, әлі өнім беретін жасқа толық жетпеген уақытта сұрыптау қажеттігі жиі кездеседі. Мысалы, көптеген шаруашылықтарда алынған төлдің бәрін аналық басты толтыруға қалдырудың қажеттігі жиі кездеседі. Мысалы, көптеген шаруашылықтарда алынған төлдің бәрін аналық басты толтыруға қалдырудың қажеттігі болмайды. Сондықтан төлді, мысалы бұзауды немесе қашарды сұрыптап, жақсыларын шаруашылықта қалдырып, ұнамсыздарын сатқан жөн. Олардың ұнамды – ұнамсыздарын тек ата – тегінің сапасы мен дене бітіміне, түр – тұлғасына қарап қана ажыратуға болады. Себебі олар негізгі өнімін (біздің мысалымызда сүт) беретін жасқа жеткен жоқ.

Төртіншіден, селекция тәжірибесінде ауыл шаруашылығы малының барлығын да еттік қасиеті бойынша сұрыптаудың тиімді жолы – дене бітімі мен дене пішініне қарап бағалау. Сөз жоқ, малдың еттілік қасиетін сипаттайтын дәл көрсеткіштерді (сойыстық салмағы, ұшасының салмағы, етінің морфологиялық құрамы т.б.), оны сойғаннан кейін алады. Бірақ тұқымға қалдыратын малдың еттілік қасиетін бұл тәсілмен сипаттауға, бағалауға болмайды (сойғаннан кейін ұрпақ алынбайды). Ол үшін малды тірі кезінде дене бітімі мен дене пішіні бойынша сұрыптап шығарады. Малдың дене бітімі мен дене пішініне қарап, оның еттілік қасиетін жеткілікті дәрежеде бағалауға болады.

Түліктің түріне, малдың тұқымына, өнімдік бағытына байланысты дене бітімі мен пішіні бойынша сұрыптаудың өзіндік ерекшеліктері бар. Осыған байланысты кездесетін төмендегідей ортақ белгілер есте болу керек.

Қай малдың болмасын өнімдік бағытына сәйкес берік дене бітімі болып, керісінше, белі көзге түсетін қайқы немесе бүкір, кушиған кеуде мен бөксе, майысқан тірсек, жалпы нәзіктік болмауы керек.

Дене жұмыр, кеуде кең, аяқтары мықты және дұрыс бітсе, арқа, бел жазық, бөкселі болса, бұл жалпы дене бітімінің мықтылығын көрсетеді.

Малға дене бітімі мен сыртқы түр пішініне қарап баға бергенде, оның әлсіздігінің айқын дәлелдері деп саналатын мына төмендегі көзге тез түсетін сыртқы белгілерге баса назар аудару керек: көз айналасында ашық (түксіз) қызғылт терінің болуы мал дене бітімі нәзіктігінің белгісі: құлақ терісі түгінің ұзын, тіпті біршама ірілеу болуы дене бітімінің мықтылығын, ал құлақтың тым жұқа, сирек түгі болып, күнге қаратқанда қызғылттанып тұруы, керісінше дене бітімінің нәзіктігінің белгісі: сирақтарының іш жағында терісі жалаңаштанып, күреңденіп тұруы да дене бітімінің нәзіктігінің белгісі: сирақтарының іш жағында терісі жалаңаштанып, күреңденіп тұруы да дене бітімінің осалдығын көрсетеді.

Малдың дене бітімін, түр – тұлғасын негізінен бонитировка жүргізген кезде бағалайды. Сондықтан бұл арада қай түлікте қандай тәсілдің жиірек қолданылатынын айтумен ғана шектелеміз. Сиырдың сыртқы түр – пішінін, жетілу дәрежесін балл санын беру арқылы бағалау қалыптасқан.

Малдың сыртқы түріне қарап оның беретін нақтылы өнім мөлшерін анықтау өте қиын. Дегенмен дене бітіміне, сыртқы түр – пішініне қарап малдың жақсы – жаманын ажыратуға, өнім бағытын анықтауға болады. Жалпы мал шаруашылығы тәжірибесінде кейбір дарынды селекционерлердің тек сырт пішіні бойынша сұрыптау арқылы жақсы нәтижеге жеткен мысалдар аз емес. Ел арасында аңызға айналып, өлең – жырға арқау болған сыншылар өнерінің сыры – олардың жылқының сыртқы түр – пішіні мен жүйріктігі арасындағы байланысты жетік білулерінде.

Қорыта айтқанда, селекция тәжірибесінде малды дене бітіміне, пішініне қарап сұрыптау мал тұқымын асылдандырудың, өнімін арттырудың қолдануға қолайлы әрі нәтижелі жолдарының бірі.

Малды өнімі бойынша сұрыптау. Мал селекциясының басты ерекшеліктерінің бірі – малды бірнеше өнімдік белгілері бойынша қатар сұрыптаудың қажеттігі. Себебі, малдың қай түрі болмасын негізгі өнімімен қатар басқа да қосымша қажетті өнімдер береді. Негізгі өнімнің саны мен сапасы, экономикалық құндылығын арттыра беру.

Селекциялық өнімділік белгілер, яғни сұрыптау белгілері саны өсіріп отырған түліктің түріне, малдың тұқымына, тұқымдық типіне және шаруашылықтың бағытына сәйкес алға қойған мақсатқа байланысты. Мысалы, сүтті сиыр өсіретін шаруашылықтарда негізгі сұрыптау белгілеріне – сауылған сүт мөлшері, сүтінің майлылығы, сүттегі белок мөлшері, сүт шығу шапшаңдығы (исіну кезеңінің ұзақтығы), 1 кг сүт өндіруге жұмсалатын азық мөлшері, (резистенттілігі), өсімталдық қабілеттері жатады.

Етті сиыр шаруашылығындағы негізгі сұрыптау белгілері басқаша. Оған тәулігіне қосатын үстеме салмағы, тірілей салмағы, сойыс және ұшасының салмағы және олардың шығымы (түсімі, % есебімен) қосатын үстеме салмақ бірлігіне жұмсайтын азық мөлшері, етінің сапасы, т.б.

Қой шаруашылығының барлық саласы сапалы және мол жүн, қой етін және терісін өндіруге міндетті. Бұл өнімдердің әрқайсысының саны мен сапасын анықтайтын өнімдік белгілердің өзі біршама. Мысалы, жүн өнімінің саны мен сапасы жүн талшықтарының түріне (түбіт, қылшық, аралық қылшық, өлі қылшық т.б.), ұзындығына, тығыздығына, шайырлылығына, біркелкілігіне байланысты.

Өнімдік бағыттағы жылқы өсірудің экономикалық тиімділігі оның ет және сүт өнімімен қатар, тез, жақсы жетілуіне тікелей байланысты. Осыған орай жылқыны сұрыптаудың өнімдік белгілеріне үлкен – кішілілігі (тікелей салмағы), еттілігі, тез жетілгіштігі мен семіргіштігі, сүттілігі жатқызылады.

Шошқаның өнімдік сұрыптау белгілеріне тікелей салмағы, сойыс салмағы (кг) және оның шығымы (%), төлдегіштігі, тез жетілгіштігі, қосатын үстеме салмақ бірлігіне жұмсайтын азық мөлшері, сүттілігі және т.б. жатады.

Құс және басқа мал шаруашылығында да сұрыптау жүйесіне енген өнімдік белгілер, олардың негізгі өнім бағытын бейнелейді.

Қай түлікте болмасын сұрыптау жүйесіне енетін белгілер саны мен олардың бірлестігі, қазіргі өсіріп отырған мал тұқымдарының немесе келешекке лайықты тұқымының ұнамды типтерін сипаттаған уақытта анықталып, әр белгі бойынша нақтылы көрсеткіштер белгіленеді.

Қазіргі селекция тәжірибесінде малдың бірнеше өнімділік қасиеттерін жақсарту үшін сұрыптаудың үш түрлі әдісі қолданылады: кезекті (тандемді) сұрыптау, ұнамды типке сәйкес сұрыптау, селекциялық индекс арқылы сұрыптау.

Кезекті (тандемді) сұрыптау – ертеден қолданылып келе жатқан әдіс. Малды аса құнды белгілері бойынша кезекпен сұрыптайды. Мысалы, қажетті негізгі үш белгінің малды сұрыптағанда әуелі біреуіне баса көңіл бөлінеді.

Бұл әдістің басты кемшілігі – жеткен жетістік сұрыптау үзілген уақытта келесі ұрпақтарда төмендеп, кеміп кетуі мүмкін. Дегенмен де белгілі бір жағдайда кезек сұрыптауды қолдану ретті болып, жақсы нәтиже береді.

Ұнамды типке сәйкес сұрыптау. Сұрыптау жүйесіне енген барлық өнімділік белгілердің қалаған ұнамды типке лайық дербес ең кіші көрсеткіші тағайындалады. Малдың өнімділік қасиеттерін осы бекітілген көрсеткіштермен салыстырып бағалайды, сәйкес келсе тұқымдық топқа алынады. Егер, тіпті бір белгісі бойынша ғана ұнамды типтің көрсеткішіне сәйкес келмесе, басқа өнімділік қасиеттерінің даму дәрежесіне қарамастан, бұл мал селекциялық топқа алынбайды.

Малдың өнімділік қасиеттері (белгілері) бойынша сұрыптау жүйесінің маңызды бөлігі екені әр уақытта есте болу керек. Сайып келгенде табиғат болсын, адам болсын нақтылы фенотипі – дене бітімі мен өнімі бар малды сұрыптайды, яғни әр уақытта фенотип арқылы генотип сұрыпталады.

Малға өнімділік қасиеттері бойынша баға бергенде сұрыптау тәжірибесінде әлі толық орын алмаған, бірақ барған сайын маңызы күшейіп келе жатқан, барлық түлік түрлеріне ортақ өнімділік қасиеттерге – малдың тез жетілгіштігіне азық өтеуіне, ауруларға қарсы тұру қабілеттілігіне және төлдегіштігіне аса мән берілуі керек. Бұл қасиеттер, әсіресе Қазақстан мал шаруашылығының алдына қойып отырған бүгінгі күн талаптарына – мал санын жедел көбейту мен мал өсірудің экономикалық тиімділігін арттыруға тікелей қатысы бар.

Әсіресе өніміне азықты аз жұмсауына қарай сұрыптау, мал өсірудің экономикалық тиімділігін арттырудың негізгі жолы болып табылады.

Көптеген ғылыми – зерттеу тәжірибелерінде әр түрлі тұқымдар арасында да, бір тұқым малдары ішінде де , белгілі бір өнім өндіруге жұмсаған азық мөлшері жағынан үлкен айырмашылығы барлығы анықталған және бұл қасиеттің тұқым қуалау барысы дәрежесінде әжептәуір жоғары (h² – 0,4–0,6) екені дәлелденген.

Өнімі бойынша малға сұрыптау жүргізгенде оның нәтижелілігі, сайып келгенде өнімді анықтаудың дәлдігіне, сұрыптаудың қатаңдығына (селекциялық дифференциал дәрежесіне) және белгінің тұқым қуалаушылық дәрежесіне байланысты болады.

6.4 Малды генотипі бойынша сұрыптау

Селекцияның негізгі мақсаты малдың нәсілдік тиімді қасиетін ұрпақтан ұрпаққа жақсарта отырып тарату. Осы тұрғыдан малды тікелей нәсілдік қасиетінің сапасына, яғни генотипіне қарай сұрыптаудың маңызы зор.

Малдың генотипін бағалау – бұл оның тұқымдық қасиетін анықтау. Сонымен малды генотипі бойынша сұрыптаудың мақсаты келесі ұрпақ алу үшін жоғары өнімді ғана емес тұқымдық қасиеті де жақсы малды таңдап алу.

Малды өзіндік өнімі, дене бітімі және сыртқы пішіні бойынша сынау да, оның генотипі туралы біршама ұғым бере алады. Бірақ та малдың фенотиптік ұқсастығы, олардың генотиптік ұқсастығының толық кепілі бола алмайды. Себебі малдың фенотипі оның генотипін толық сипаттамайды, тек кейбір ерекшеліктерін бейнелейді. Малдағы сандық белгілер (сүттілік, еттілік, жүн өнімділігі, жұмыртқалағыштығы т.б.) дамуы және жетілуі сыртқы орта жағдайларының тым күшті әсер етуіне байланысты.

Малдың генотипін анықтау әдістері, оның ең жақын ұяластарының, ұрпағының, ата-тегінің, аталас-енелес туыстарының өнімділік қасиетін тексеруге негізделген. Малдың генотипін бағалаудың негізгі әдісі – оның ұрпағының сапасына қарап сынау. Сонымен қатар малдың нәсілдік қасиеттері (генотипі) жөнінде, оның ата – тегінің және жақын аталас немесе енелес тумаларының сапасына қарап та, біршама тыңғылықты пікірге келуге болады.

Сұрыпталатын малдың жақын туыстарының өнімділік көрсеткіштері туралы мәліметтің түсу мерзіміне байланысты генотиптік баға беру екі кезеңнен тұрады.

Бірінші, алдын-ала болжау кезеңі – малдың ата-тегі мен жанама аталас-енелес туыстарының сапасына қарап болжамалы тұқымдық құндылығын анықтау; екінші, қорытынды кезең – ұрпағының сапасына қарай нақтылы тұқымдық құндылығын анықтау.

Сонымен, малдың генотипін басында ата-тегінің сапасына, сәл кейінірек жанама туыстарының, ең соңында ұрпағының сапасына қарап бағалайды.

Малды ата-тегіне қарай сұрыптау. Малды ата-тегіне байланысты сұрыптау, ата-ене мен ұрпақтың арасындағы ұқсастыққа негізделген. Сұрыптау тәжірибесінде малдың ата-тегінің сапасына қарап баға беру көптеп қолданылып келе жатқан тәсіл. Мысалы тұқымдарының отаны болған Англияда, ХІХ ғасырдың өзінде тұқымдық малдың тегіне үлкен мән берілген.

Ата-тегі бойынша сұрыптау малды мүмкіншілігіне ерте сынақтан өткізу тұрғысынан сұрыптау әдістерінің, басқа түрлерінен көп артықшылығы бар. Іс жүзінде кез келген малға өзі туғанға дейін баға беруге болады, ол үшін оның енесін, қандай аталық малмен ұрықтандырғанын және олардың сапасын білсек болғаны.

Малдың ата-тегіне қарап сұрыптау үшін ол туралы нақтылы мәліметтер болуы және оларды белгілі бір жүйеге келтіру шарт. Ең алдымен сыналатын малдың шежіресін (родословная) жасау керек. Малдың шежіресі деп оның ата-тегі туралы мәліметтер толық және белгілі бір тәртіппен жазылған документті айтады. Шежіресі жасап бағаланатын малды пробанд деп атайды. Зоотехникалық әдебиетте шежіре жасаудың әр түрі кездеседі. Мысалы, көлденең, жанама қабырғалас, тізбекті, фигуралы. Бұлардың ішінде ең жиі қолданылатыны көлденең горизонтальды түрі. Біз осы түріне ғана түсінік береміз.

Шежіре кестесін мына тәртіппен жасайды. Әуелі үлкен квадрат сызылып, оның үстінен шежіресі жасалатын малдың (пробандтың) аты, номері, туған жылы және өнімі туралы деректері жазылады. Одан кейін квадратты көлденең қатарларға бөледі. Қатардың саны шежірені неше атаға дейін жасауға байланысты. Әдетте үш-бес атадан аспайды. Есте болатын бір жәйт – қатардың ені пробандтан алыстаған сайын үлкейе беруі қажет, яғни екіншісі біріншіден ұзын, үшіншінікі екіншіден ұзын, сөйтіп кете береді. Бұл әр қатарда жазылатын ата-ененің санына байланысты.

Ата-тегінің кестеде орналасу тәртібі, олардың әрқайсысының пробандқа жақындығына байланысты. Жақындығы бірдей ата-енелер бірқатарда орналасады. Бірінші қатарда әкесі мен шешесі, екінші қатарда аталары (әкесінің шешесі мен шешесінің шешесі), үшінші қатарда – үшінші атадан қосылатын арғы аталары жазылады. Сөйтіп кете береді. Зоотехниялық әдебиетте әр малдың енесі (шешесі) өз қатарының сол жағында, атасы (әкесі) оң жағында жазылады. Селекция тәжірибесінде, шежіре жасағанда немесе жазба текстілерінде ата-тегінің пробандқа (бағаланатын мал) туыстық жақындығын көрсету үшін қысқартулар пайдаланылады.

Зоотехниялық тұрғыдан шежірелерге дұрыс талдау жасау арқылы, мал тұқымын асылдандыруға тікелей қатысы бар мына мәселелер шешіледі.

1) Шежіре мәліметтерімен бағаланып отырған малдың тұқымын дәл анықтауға болады. Селекция тәжірибесінде малдың таза тұқымдығын жоғары қанды будандардан айырудың маңызы үлкен.

2) Белгілі бір тұқым мал табынын құрайтын негізгі өкілдерінің шежіресін талдау арқылы, табын ішіндегі өзіндік ерекшеліктері бар туысқан топтарды, аталық іздер мен аналық ұяларды, олардың тегін, шағылыстыруға үйлесімділігін анықтайды.

3) Пробандтың өзінің қандай топқа жататыны, оны алудағы қолданылған шағылыс түрі (туысқандарды шағылыстыру, туыс емес малдарды шағылыстыру), жұп таңдау принциптері (біртекті немесе әртекті) анықталып, оларға баға беріледі.

4. Шежіреге қарап малдың ата-енелерінің өнімдік және тұқымдық сапасын бағалау арқылы, оларға бағалау арқылы, оның өзінің тұқымдық қасиеті туралы болжамды қорытынды жасалып, сұрыпталады.

Малды ата-тегі бойынша сұрыптаудың, тек бір жыныстың өкілдерінде болатын белгілер үшін маңызы үлкен. Мысалы, сүттіліктің, жұмыртқалағыштың гендері (нәсілдік қасиеттері) ұрпаққа атадан да, енеден де ортақ беріледі. Бірақ та бұқаны өзінің сүттілігі немесе әтешті жұмыртқалағыштығы бойынша сұрыптау мүмкін емес. Осы ретте олардың енелері өнімділігінің көрсеткіштері үлкен роль атқарады.

Малды шежіресі бойынша бағалағанда мына төмендегі негізгі қағидаларды басшылыққа алу керек.

1) Ата-тектердің шежіредегі орналасу реті (орны). Шежіредегі нақтылы бір аталық пробандтан алыстаған сайын, оның әсері кеми береді. Әдетте шежіресінің алдыңғы қатарларында өнімі көп ата-бабалары жоғары бағаланады.

2) Шежіредегі жоғары өнімді, аса құнды арғы ата-енелерінің саны. Ата-тегінде аса құнды ата-енелерінің саны көбейген сайын, бағаланып отырған малдың тұқымдық құндылығы арта береді деп есептелінеді. Егер олар шежіренің екі жағында да кездесіп, қайталанатын болса тіпті жақсы болады.

3) Ата-енелерінің сапасы. Малды ата-тегі бойынша сұрыптағанда оның жекелеген ата-енелерінің өніміне мән берілуі қажет. Пробандтың тегінде рекордтық көрсеткіші бар және ұрпағының сапасы бойынша тексерілген ата-бабаларының болуы, оның тұқымдық қасиеті жақсылығының дәйекті кепілі деп есептелінеді.

4) Нақтылы белгілер бойынша малды тегіне қарап бағалағанда ол белгілердің тұқым қуалаушылық дәрежесінің маңызы үлкен. Сұрыптау белгісінің тұқым қуалаушылық дәрежесі төмен болған сайын шежіре құндылығы да төмендей береді, яғни шежіреге сенім азаяды.

5) Малды ата-тегіне қарап бағалағанда шежіреде кездескен әр түрлі аталық іздер мен аналық ұялардың үйлесімділігін байқау қажет. Үйлесімді жұп қайталануы шежіреліктің кепілі.

6) Мал шежіресіне талдау жасағанда оның кем дегенде үш атаға дейінгі ата-енелерін алғандағы қолданылған жұп таңдау принциптерін анықтау қажет. Біртекті (гомогенді) жұп таңдау әртекті (гетерогенді) жұп таңдауға қарағанда, сол белгінің нәсілдік қасиетінің гомозиготалық (біртектілік) дәрежесін жоғарлатып, тұқым қуалауын тұрақтандырады.

7) Малды ата-тегі бойынша сұрыптауды мүмкіндігінше оның өз финотипіне сәйкес сұрыптаумен ұштастыру қажеттігін әр уақытта естен шығармау керек.

Малды ұрпағының сапасы бойынша сұрыптау. Мал тұқымын асылдандырып, өнімін арттырудағы прогресс, сайып келгенде мақсатқа сәйкес, құнды нәсілдік қасиеті бар малды дәл тауып, солардан көп ұрпақ алуға байланысты.

Малдың тұқымдық құндылығын анықтаудың ең сенімді әдісі – оны ұрпағының сапасы бойынша сұрыптау. Малға ұрпағының сапасына байланысты берілетін баға ең соңғы қорытынды баға.

Тұқымдық малды ұрпағының сапасына сұрыптау, барлық түліктер үшін маңызы бірдей селекциялық әдіс. Мал тұқымын асылдандыру жұмысында сұрыптау белгісінің тұқым қуалау дәрежесі төмен болған сайын, бұл әдістің маңыздылығы арта береді.

Селекция тәжірибесінде ежелден еркек малды ұрпағының сапасы бойынша сұрыптауға аса мән берілгені белгілі. Бірақ та, жүйелі селекциялық әдіс ретінде, ол басында Англияда (ХVІІІ ғасыр), кейінірек Ресейде (ХІХ ғасыр) және басқа елдерде жоғары өнімді мал тұқымдарын шығару кезеңінде қалыптасады.

Селекция тәжірибесінде ұрпағының сапасы бойынша еркек малдың жалпы тұқымды жақсартуға тигізетін әсері, әсіресе қолдан ұрықтандыру кең пайдаланылатын түліктерде өте үлкен. Бір бұқадан немесе қошқардан жылына он мыңдаған төл алудың қазір ешқандай қиындығы жоқ. Ұрықты ұзақ мерзімге сақтаудың жаңа тәсілдері еркек малдың бұл артықшылығын одан әрі күшейтіп отыр.

Екіншіден, әр уақытта еркек мал ұрғашы малға қарағанда қатаң сұрыпталады. Мысалы, қолдан ұрықтандырған жағдайда мүйізді ірі қарада бұқаның жүзден бір ғана, қошқардың бестен бірі пайдаланылады. Ал сиырды немесе саулықты өніміне байланысты сұрыптау жұмысы бұдан әлде қайда төмен.

Үшіншіден, жалқы төлді және ұзақ баяу өсетін түліктердің енесіне, төлінің сапасына қарай нақтылы баға беруге (кем дегенде 2 төл алу керек) өте көп уақыт кетеді. Мысалы, сиырды ұрғашы бұзауының сапасына қарап бағалау үшін 10 ай ол төлдің дүниеге келуін, 16–18 ай оның жыныстық жетілуін, 10 ай буаздығын, одан кейін 10 ай сауылуын күтеміз, яғни бір төліне ғана баға беру үшін кем дегенде 4 жыл (48 ай) күтуіміз керек.

Төртіншіден, келесі ұрпақ алуға қатысатын ұрғашы малдың тым көптігіне байланысты, олардың әрқайсысында барлық төлінің сапасына қарай баға беріп шығудың мүмкіншілігі аз.

Қазақстанда мал шаруашылығын дамытудың қазіргі кезеңінде мал санын, әсіресе қой санын, өз төлінен көбейту міндетіне байланысты табынның өнімділігін арттырудың негізгі жолы – тұқым малды қатаң сұрыптап, оның ең тәуірінен көп ұрпақ алу екені, әр уақытта есте болу керек.

6.5 Малды сұрыптауға байланысты зоотехниялық ұйымдастыру шаралары

Мал сұрыптауға байланысты шаруашылықта жүргізілетін шаралар зоотехниялық есепті жолға қоюдан басталады. Зоотехниялық есепті ұйымдастырмайынша, мал тұқымын асылдандыру жұмысын ойдағыдай дәрежеде жүргізу мүмкін емес.

Зоотехниялық есепті ұйымдастыру жекелеген малды таңбалаудан басталады. Малға таңба салудың әр түрлі әдістері бар. Олардың барлығына қойылатын ортақ талап, олар малды бір – бірінен айыра алуға қолайлы және малдың бүкіл өмір бойы сақталуы қажет.

Мал таңбалаудың селекция тәжірибесінде кең тараған түрі – малды нөмірлеу, яғни әр малдың өзіндік жеке нөмірі болады. Малды нөмірлеудің бірнеше тәсілдері бар.

Малға нөмір салудың ертеден қалыптасқан түріне таңбалау (татуировкалау) жатады. Таңбалау әдетте құлақтың іш жағына (түгі жоқ жеріне), арнайы қысқашпен салады. Мұндай қысқаштарға сәйкес цифрды әр түрлі бейнелейтін ұшы үшкір мөрлер жиынтығы болады. Қажетті цифрлар мөрін қысқашқа салып, құлақтың іш жағына басқан жеріне бояу жағады. Жарақаттанған жерге бояу жақсы сіңіп, салынған нөмір малдан өмір бойы кетпейді.

Жылқы шаруашылығында, кейбір елдерде етті сиыр шаруашылығында нөмірді терісіне таңба басу арқылы салады. Бұрын темірмен күйдіріп таңбалайтын болса, қазір арнайы аспаппен суықты пайдаланып жасайды.

Құстарды көбінесе аяғына нөмірлі сақина салу арқылы таңбалайды.

Мал саны аз шаруашылықтарда, малды нөмірлеуді құлағына ен салу арқылы да жүргізеді.

Жылқы, сиыр және шошқа өсіруде малға ат қою да қолданылады. Мұнда есте болатын мәселе – малға қойылатын ат есте сақтауға ыңғайлы, естуге қолайлы болуы керек. Малға кісі, ұлт, мемлекет, қала, жер, әскери атақ сияқты және т.б. аттарды беруге болмайды. Сондықтан, әр шаруашылықта алдын-ала лайықты мал аттары тізімін жасаған дұрыс.

Мал тұқымын асылдандыруға тікелей қатысы бар мына төмендегі бастапқы документтер жүргізілуі қажет:

1) ұрықтандыру журналы;

2) төл тіркеу журналы;

3) төл өсіру журналы;

4) малдың жеке өнімдерін тіркеу журналы.

Қорытынды зоотехникалық есеп документтеріне, асыл тұқымды малдың үлгі карточкасы №1 және №2, бонитировканың қорытынды ведомосі жатады.

Зоотехниялық бастапқы есептің көлемі мен күрделілігі, түліктің түріне және шаруашылықтың бағытына байланысты өзгеріп отырады.

Малды бонитировкалау. Малды сұрыптауға, жалпы мал тұқымын асылдандыру жұмысын ұйымдастыруға байланысты жүргізілетін малды бонитировкалау жатады. Бонитировка дегеніміз тұқымдық қасиеті мен өніміне қарай малды бағалау. Барлық шаруашылықтарда бонитировка жыл сайын жүргізілуге тиіс. Малға бонитировка жүргізу Қазақстанда мал тұқымын жақсартуда жаппай қолданылатын негізгі шаралардың бірі. Бұл үшін Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігі арнайы нұсқау дайындайды. Бонитировканы мал дәрігерлері мен ферма меңгерушілерінің қатысуымен зоотехник-бонитер жүргізеді. Іс жүзінде малға жан-жақты баға беру, оны сұрыптау, барлық шаруашылықтарда негізінен бонитировка кезінде жүргізіледі. Бонитировка әр малдың дене бітімін, түр-тұлғасын, өсімдік қасиеттерін көзбен көріп және зоотехниялық ең бастапқы есеп документтері негізінде баға беріп, ата-тегі және ұрпағының сапасы туралы мәліметтерге сүйене отырып жасайды.

Малға бонитировка жүргізгенде оның тұқымының ұнамды типіне (стандартына) қоятын талаптарға сәйкес жақсылары таңдап – алынып, тұқымдық және өнімдік құндылығына қарай элита – рекорд, элита, бірінші, екінші, үшінші деген сияқты кластық топтарға бөледі. Ал нашарлары бракқа шығарылады. Өнімділігі тұқымның стандартына сәйкес малды бонитировкалық бірінші класқа жатқызады. Егер өнімділігі тұқымның стандартынан төмен болса, ол екінші немесе үшінші класқа жатқызылады. Өнімділігі бірінші кластың өнімділігінен нұсқауда бекітілген дәрежеде артық болса элита класына, одан да тым артық болса элита-рекорд класына жатқызады.

Малдың тұқымына, жынысына, жасына байланысты оған бонитировка жүргізудің біршама ерекшеліктері бар. Мұның бәрі бонитировкаға байланысты арнайы нұсқауларда нақтылы көрсетілген.

Бонитировка соңында қорытынды есеп жасалынып жазылады. Қорытынды есепте бонитировка жасаған малдарға, жалпы табынға тұқымы, кластық құрамы, өнімділігі жөнінде сипаттама беріледі. Биылғы бонитировка нәтижесін өткен жылғымен салыстырып, табында болған өзгерістерге, өткен жылғы жұп таңдау принципіне; жалпы мал тұқымын асылдандыру жұмысы жүйесіне ғылыми талдау жасалынады.Бонитировка деректері негізінде табынның тұқымдық қасиетін, өнімділігін арттыруға бағытталған шаралар белгіленіп, мал топтары бөлінеді: селекциялық ядро, селекциялық топ, өндірістік топ, табынды толықтыратын топ, тұқымдық мал ретінде сатуға белгіленген топ, бракқа шығарылған жарамсыз топ.

Қазіргі уақытта әлемнің қандай мемлекеттерінде болмасын ет және сүт өндіру қарқыны өндірістік технологияға негізделген. Мал өнімнің көбеюі, шаруашылық шоғырландыру және мамандандыруға да көп байланысты.

Ірі қараны асылдандыруда әлемдік генефонд русурстарын пайдаланған жөн. Ол үшін: өз аймағымызда асыл тұқымды малдардың санын көбейтіп және санын арттыру, жергілікті ірі қара сиырларын шет мемлекеттерден әкелінген асыл тұқымды бұқаларымен шағылыстыру.

Екіншіден жаңадан асыл тұқымды ірі қара тұқымын шығару, ол үшін жергілікті ірі қара тұқымдарының сиырларын әлемге әйгілі генефондқа жататын қара голштин-фриз, қызыл ала голштен-фриз, монбельярд, айршир, швиц, англер, және дания қызыл асыл тұқымды бұқалармен шағалыстырып, қара ала, қызыл ала, қоңыр және қызыл түсті ірі қар тұқымдарының ұрпақ будандастарын алу.

Үшіншіден жергілікті ай

мақта шыққан сапалы да ірі қара тұқымдарының генефондысының бұқаларының ұрық қорын сақтау, әрі тұқымды ірі қара өсіретін мамандырылған шаруашылықтарда малды өз төлінен өсіруді кеңінен жолға қою.