Мал өсіру әдістері деп шағылыстырылатын малдың тұқымдық және түрлік тегін ескере отырып, жүргізген жұп таңдау жүйесін айтады. Негізінен малды өсіру әдістерінің үш түрін ажыратады: таза тұқым өсіру, будандастыру және түраралық будандастыру.
Таза тұқым өсіру әдісі – ұрпақтан-ұрпаққа бір тұқымның малын өзара шағылыстыруды айтады.
Будандастыру – тұқымдары бөлек малды шағылыстыру.
Түр аралық будандастыру – екі түрдің малын шағылыстыруды айтады.
Бұлардың әрқайсысы мал тұқымын асылдандыруда нақтылы бір селекциялық мәселені шешуге бағытталған. Олардың биологиялық мәні, генетикалық әсері әртүрлі. Дегенмен де мал өсіру әдістерін бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Себебі, олар бір-бірімен тығыз байланысты. Шындығында таза тұқым өсіру әдісінсіз жеке мал тұқымы болмайды. Әртүрлі мал тұқымдары болмайынша, будандастыруды жүргізе алмаймыз. Екінші жағынан будандастыруды қолданбай жаңа мал тұқымын шығаруға болмайды. Сонымен мал өсіру әдістерінің бір-біріне қайшылығы жоқ, олар мал тұқымын асылдандыруда бірін-бірі толықтырады.
Жекелеген шаруашылықтарда мал өсіру әдістерінің қажетті түрін таңдағанда, сол шаруашылықтың мал өсірудегі негізгі мақсаты, бағыты өсіріп отырған мал тобының өнім дәрежесі ерекшеліктері басшылыққа алынады.
Таза тұқымды мал өсіру деп бір тұқымға жататын малды бір-бірімен шағылыстыру арқылы ұрпақ алуды айтады. Таза тұқым өсіру қазіргі уақытта да, келешекте де мал шаруашылығында жетекші рөл атқарады. Себебі тек таза тұқым өсіру әдісі арқылы ғана белгілі бір мал тұқымын сақтап және оны одан әрі жетілдіруге болады. Сонымен қатар кез келген будандастырудың нәтижелілігі, будандастырылып отырған мал тұқымдарының өнімдік құндылықтарына тікелей байланысты.
Мал өсірудің бұл әдісі алдымен асыл тұқымды мал шаруашылықтарында, тұқымдық мал алу үшін қолданылады. Себебі бір тұқымның малында өнімнің бағыты мен мөлшері, жалпы биологиялық және нәсілдік қасиеттері жағынан бір бағытта жүргізген сұрыптау, жұп таңдау жұмыстары және тегінің, өскен орталарының бірлігіне байланысты көптеген ұқсастық болады.
Таза тұқым өсіру әдісінің бұл ерекшеліктері, асыл тұқымды мал өсіруге бағытталған шаруашылықтардың негізгі міндетіне сай келеді. Ол міндет – өз тұқымына тән, өз бойындағы қасиеттерін ұрпағына тұрақты бере алатын мал өсіру, оларды тұқым малы ретінде басқа шаруашылыққа сату.
Таза тұқым өсіру әдісі сапалы, мол өнімді малы бар өндірістік шаруашылықтарда да қолданылады. Мұндай өндірістік шаруашылық асылдандыру жұмысын жолға қою арқылы, асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылыққа айналуы мүмкін.
Сондай-ақ шаруашылықта өсіретін мал тұқымының артық, басқа тұқым болмаған уақытта да таза тұқым өсіру әдісі қолданылады. Мысалы, қаракөл қойының елтірісінің сапасы жағынан ешқандай қой тұқымы артық болмағандықтан, қаракөл қойын өсіретін барлық өндірістік шаруашылықтарда таза тұқым өсіру қолданылады.
Сонымен таза тұқым өсіру әдісі белгілі бір мал тұқымын сақтап, оны одан әрі жетілдіру үшін және таза тұқымды мал санын көбейту үшін қолданылады. Бұл әдістің құндылығы, міне, осында.
Таза тұқым өсіру әдісінің табысты болуы мынадай басты шарттарға байланысты:
Өнімі шаруашылықтың бағытына, биологиялық қасиеттері жергілікті жер жағдайына, ауа райына сәйкес келетін мал тұқымын таңдай білу;
Өнімділік және тұқымдық қасиеттері жағынан мал өсіру де алға қойған мақсатқа сай келетін, малдың ең жақсыларын жүйелі түрде сұрыптап өсіру;
Іріктеліп алынған малдан бір-біріне неғұрлым лайықты аталық және аналық жұптар құрастыру, яғни жұп таңдау;
Мал тұқымын биологиялық ерекшеліктері мен өнімділік қасиеттерінің толық дамуына қолайлы мал азықтандыру, бағып-күту жағдайын жасау.
Таза тұқым өсіру әдісі арқылы алынған малды таза тұқымды деп атайды. Малдың таза қандылығын әдетте зоотехникалық құжаттарға жазылған ата-тегіне, экстерьерінің сәйкестігіне қарап анықтайды. Күмәнданған жағдайда қанның құрамын тексеру арқылы анықтайды.
Таза тұқым өсірудің жоғары дәрежелі күрделі түрі, мал тұқымы ішінде өзіндік ерекшеліктері бар топтар – аталық із бен аналық ұялар құру және оларды мал тұқымын жақсарту бағытында тиімді пайдалану.
Будандастыру малдың тұқым қуалаушылық және өзгергіштік қасиеттеріне тікелей әсер ететін, адам баласының ежелден қолданып келген тәсілі. Біз осы әдіс арқылы жаңа нәсілдік қасиеті бар, немесе белгілі бір қасиеті жетік дамыған, немесе әртүрлі өнімдік қасиеттерінің жаңа бірлестігі бар будан аламыз. Оларды мұқият сұрыптау және белгілі бағытта жұп құру арқылы жаңа мал тұқымы шығарылады.
Бұлардың негізінде будандастыру арқылы алынған ұрпақта, гетерозиготалықтың күшеюі, соның нәтижесінде белгілердің комбинативтік өзгергіштігінің көбеюі жатыр. Соңғы жағдай жоғарыда айтқан жаңа мал тұқымын шығаруға мүмкіншілік туғызады.
Мал тұқымдарын будандастыруда көздеген мақсатқа жететін нәтижеге байланысты будандастыру мынадай бес түрге бөлінеді: сіңіре, қан араластыра, заводтық, өндірістік және кезек будандастыру.
Будандастырудың әртүрлі жолдарын пайдалану арқылы мына төмендегі зоотехникалық мәселелерді шешуге болады:
а) Өнімі төмен жергілікті мал тұқымын тез арада түбегейлі өзгерту;
б) Өсіріп отырған мал тұқымының кейбір кемшіліктерін қысқа мерзімде жақсарту;
в) Жаңа мал тұқымын шығару;
г) Гетерозис құбылысын барынша пайдалану.
Сонымен мал тұқымдарын будандастыру әдістері шаруашылықта мына төменгі жағдайларда қолданылады: егер өсіріп отырған мал тұқымының өнімділігі тым төмен болса және басқа жерде өсірілетін өнімділігі жоғары мал тұқымы, сол шаруашылықтың жағдайына жерсінбейтін болса, немесе жалпы өнімділігі жақсы мал тұқымының кейбір кемшіліктерін қысқа мерзімде жақсарту қажет болса, немесе таза тұқым арқылы табынның өнімділігін тез көтеру мүмкіндігі жоқ болған уақытта, ең ақырында, гетерозис құбылысы тиімділігін барынша пайдалану қажет болғанда.
Будандастыру жолымен алынған малды будан деп атайды. Будандардың шыққан тегіне сипаттама беру үшін, қатысқан мал тұқымдарының «қан үлесін» есептейді. «Қан үлесі» әртүрлі тұқымдардың будандарға берген нәсілдік қасиетінің өлшемі. Қан үлесін есептеу ата мен ұрпағы арасындағы генетикалық ұқсастықты есептеумен тектес. Бұл екі өлшемде әрбір ата-ене ұрпағына өзінің нәсілдік қасиетінің тең жартысын береді деген генетикалық ұғымға негізделген.
Сіңіре будандастыру. Бұл мал өсіруде будандастырудың кең тараған түрі. Ол жергілікті өсіретін халық шаруашылығының бүгінгі таңдағы қажетін өтей алмаған жағдайда қолданылады. Мұндай жағдайда жергілікті мал тұқымын жақсартылушы, оны жақсарту үшін пайдаланылатын тұқымды, жақсартқыш тұқым деп атайды. Сіңіре будандастыруды қолданғанда селекционер өнімділігі жағынан жақсартқыш тұқымның типіне ұқсас мал шығаруды көздейді.
Сіңіре будандастыруға қатынасқан жақсартқыш мал тұқымдарының санына байланысты, екі түрге бөлінеді:
Жай сіңіре будандастыру- жақсартқыш тұқым ретінде бір мал тұқымы ғана пайдаланылады. Мысалы, бізде қаракөл қой шаруашылығы барлық жерлерде қазақы қойды қаракөл қошқарларымен сіңіре будандастыру арқылы құрылды;
Күрделі сіңіре будандастыру – жақсартқыш тұқым ретінде бірнеше мал тұқымдары пайдаланылады. Мысалы, біздің және Қырғыз Республикасының бірсыпыра аудандарында жергілікті қылшық жүнді қойларды басында прекос немесе вюртемберг, кейінірек совет мериносы, алтай, грознен т.б. қошқарларымен, ал соңғы уақытта жаңа шыққан қазақтың немесе қырғыздың биязы жүнді қойларымен сіңіре будандастырылады.
Сіңіре будандастырудың қай түрін қолданғанда болмасын, есте болатын мәселе, ол жергілікті мал тұқымының пайдалы қасиеттерін жоғалтпау, мүмкіншілігінше жақсартылушы және жақсартқыш тұқымдардың пайдалы қасиеттерін олардың буданына дұрыс ұштастыру.
Сіңіре будандастырудың нәтижесі тек жақсартқыш тұқымға ғана емес, жергілікті жақсартылушы тұқымының ерекшеліктеріне, сапасына да байланысты болады.
Сіңіре будандастырудың басты артықшылықтарына біріншіден, тез арада, кең көлемде жергілікті мал тұқымын жақсартуы, екіншіден, жақсартқыш тұқымды дұрыс тапқан уақытта, будандастырудың әр уақытта жемісті болатыны жатады. Сіңіре будандастыру нәтижесі жаңа мал тұқымын шығаруға әкеп соғуы да мүмкін.
Сіңіре будандастыруды тиімді қолданғанның мысалы ретінде қазақтың жергілікті сиырын, оңтүстік-шығыс аудандарында швиц тұқымымен, солтүстік-шығыс аудандарында симменталь тұқымымен жақсартуды да келтіруге болады.
Қан араластыра будандастыру. Будандастырудың бұл түрі жалпы өнімділік қасиеті жақсы, жергілікті жағдайға бейімделген мал тұқымының кейбір кемшіліктерін жою үшін, немесе кейбір өнімділік белгілерін жедел жетілдіру үшін қолданылады. Қан араластыру әдісін қолданғанда жергілікті өсіретін тұқымның негізгі өнімдік типін бұзбауға тырысады.
Қан араластыру әдісі жемісті болу үшін, біріншіден, жергілікті тұқым, жақсартқыш тұқыммен бір рет шағылыстырылады. Осы шағылыстырудан туған бірінші ұрпақтың буданы қайтадан жергілікті тұқыммен шағылыстырылады. Жақсартқыш тұқымның будандарға одан әрі қатысы болмайды. Екіншіден, жақсартқыш тұқым өзінің өнімділік қасиетінің негізгі бағыты жағынан жергілікті тұқымға жақын болып, жергілікті малда жетіспейтін қасиет, онда жақсы жетілуі шарт. Үшіншіден, будандарды әр уақыт мұқият сұрыптап, олардан үйлесімді жұп құрып отыру қажет.
Қан араластыра будандастыруды асыл тұқымды мал шаруашылықтарында да, өндірістік шаруашылықтарда да қолдануға болады. Бірақ шаруашылықтың бағытына байланысты әрқайсысында бұл будандастыруды қолданудың кейбір ерекшеліктері бар. Өндірістік шаруашылықтарда жақсартқыш тұқымның қошқарымен, өнімі төмен саулықтарды шағылыстырады. Себебі таза тұқым өсіру әдісімен мұндай нашар саулықтардан сапалы төл алу үшін көп уақыт кетер еді.
Ал қан араластыру әдісі арқылы, бірінші ұрпақтың өзінде өнімділік қасиетін бірсыпыра жақсартуға болады. Бұған жалпы будандастыруларда бірінші ұрпақта жиі кездесетін гетерозис құбылысының пайдалы ықпалы тиеді.
Асыл тұқымды мал шаруашылықтарында қан араластыру әдісін пайдаланудағы негізгі мақсат, жаңа аталық із құру. Осы аталық ізді пайдалану арқылы жалпы мал тұқымын жақсарту. Сондықтан жақсартқыш тұқыммен шағылыстыру үшін, жергілікті мал тұқымына тән шаруашылыққа пайдалы өнімдік қасиеттері жақсы жетілген, таңдаулы ұрғашылар бөлінеді. Будандармен жоғарыда айтылған тәртіппен жұмыс жүргізіледі.
Қан араластыру әдісін қолданғанда аса сақтық, білгірлік керек. Жақсартқыш тұқымға мән бермеушілік, будандарды ретсіз сұрыптау мен кездейсоқ жұптау, жергілікті мал тұқымын жақсартудың орнына, аздыруға әкеп соқтырады.
Малды зауыттық будандастыру. Зауыттық будандастыру деп шағылыстырылған мал тұқымдарының тиімді қасиеттерін ұтымды ұштастырған немесе кейбір жаңа қасиеттері бар мал тұқымын шығару үшін қолданылатын будандастыруды айтады. Қазіргі жаңа мал тұқымдарының басым көпшілігі будандастырудың маңызы өте үлкен. Осы ретте бұл будандастыруды қолданудың қиын да күрделі және нәтижелі болу үшін, білікті маман мен көптеген ұйымдастыру мәселелерді дер кезінде шешуді қажет етеді. Осыған байланысты зауыттық будандастыру мемлекеттік жоспармен нақтылы белгіленген шаруашылықтарда белгілі ғалым-селекционерлердің басшылығымен жүргізіледі.
Будандастыруға қатыстырылған мал тұқымдарының санына байланысты зауыттық будандастыру жай және күрделі болып екіге бөлінеді.
Жай будандастыруға екі мал тұқымын будандастыру арқылы жаңа тұқым шығару жатса, күрделі зауыттық будандастыруға үш және одан көп мал тұқымын будандастыру жатады.
Малды өндірістік будандастыру. Өндірістік будандастырудың көпшілігінде екі қой тұқымының малын шағылыстыру арқылы етке тапсыратын немесе басқа өнім алатын мал алу үшін қолданылады.
Өндірістік будандастырудың екі түрі бар: жай және күрделі. Жай өндірістік будандастыру деп екі тұқымының малын бір-бірімен шағылыстырып, алған бірінші ұрпақ буданнан төл алмайды. Күрделі будандастыруда үш тұқым қатынасады. Әуелі екі тұқымды будандастырады. Содан кейін бірінші ұрпақ будан ұрғашыларының тәуірін үшінші тұқыммен будандастырады.
Өндірістік будандастыруда көбінесе тек бірінші будан ұрпақты алумен шектеледі. Өндірістік будандарында гетерозистік құбылыс жиі кездеседі. Гетерозистік будандар тез жетілгіш әрі өміршең, төзімді, жақсы бордақыланады. Азықтандыруы, бағып-күтуі бірдей жағдайдың өзінде, гетерозистік будандар таза тұқымдыларға қарағанда өнімді 20‒30 % артық береді. Бірақ, гетерозис құбылысы кез келген тұқымдарды будандастырғанда кездесе бермейді.
Бұл құбылыс көбінесе будандастырылатын екі тұқымның нәсілдік қасиеттерінің сәйкес келуіне байланысуында. Өкінішке орай, біз қай тұқымдарды будандастырғанда гетерозис құбылысының пайда болатынын тәжірибе жүзінде тексермей, алдын-ала айта алмаймыз. Сондықтан әр шаруашылықта өндірістік будандастыруды, осы шаруашылық орналасқан аймақта жүргізілген ғылыми тәжірибелер мен озық шаруашылықтар тәжірибелерінің нәтижесін басшылыққа ала отырып пайдалану қажет.
Қорыта айтқанда, ретті қолданған өндірістік будандастырумен жиі кездесетін гетерозис құбылысының арқасында, қосымша шығынсыз-ақ мал өнімін арттырудың, сапасын жақсартудың үлкен резерві бар екені анықталды.
Малды кезек будандастыру. Малды кезек будандастыру деп, будандастыруға қатысатын тұқымдардан (әдетте бұқасын, қошқарын, қабанын және т.б.) келесі ұрпақ алу үшін, алмастыра кезек пайдалануды айтады. Кезек будандастырудың, өндірістік будандастырумен мақсаты бірдей, яғни бірінші ұрпақта кездесетін гетерозис құбылысын мейлінше толық пайдалану. Негізгі айырмашылығы – гетерозис құбылысын бірнеше ұрпақтың және одан кейінгі әр келесі ұрпақтың ұрғашыларынан төл алу үшін, әкесі жағынан туыс емес таза тұқыммен шағылыстырылып отырады.
Кезек будандастыруға әдетте екі немесе үш тұқым қатысады. Кезек будандастыру басында шошқа, құс және етті мүйізді ірі қара өсіруде жиі қолданылды. Соңғы уақытта үш тұқым қатысумен жүргізілген кезек будандастырудың тиімді екені туралы деректер, түліктің барлық саласы бойынша толық дәлденген.
Кезек будандастырудың нәтижелі болуы – будандастырылатын мал тұқымдарын дұрыс таңдай білуге және тиімді кезек ретін табуға байланысты екені әр уақытта есте болуы қажет.
Гибридтеу (түраралық немесе шалғай будандастыру) деп екі түрге жататын малды шағылыстыруды айтады. Гибридтеудің ғылыми тәсіл ретінде жануарлардың өзгергіштігі мен тұқым қуалаушылығын және ұрықтану процестері мен олардың шығу тегін тексеруде маңызы өте үлкен. Дегенмен де гибридтеуді қолданудағы негізгі мақсат – жабайы және жартылай жабайы жануарлардың адам игілігіне пайдалану. Осы тұрғыдан гибридтеуді екі түрге бөледі. Оның бірі – күнделікті пайдалануға жарайтын мал алу үшін, ал екінші түрі – малдың жаңа тұқымдарын шығару үшін кеңінен қолданылады. Сонымен қатар гибридтеудің қан араластыру немесе бір түрді екінші түрмен сіңіре будандастыру мақсатымен қолданылады. Бірақ, бұл гибридтеудің сирек кездесетін түрлері.
Гибридтеудің табиғи жағдайда да, қолда да кең тарамауының тағы бір басты себебі – гибридтердің толық бедеу (еркегі де, ұрғашысы да тумайтын, ұрық бермейтін) және жартылай (тек бір жыныс өкілдері, көбінесе еркегі) бедеу болуы.
Жоғарыда аталған кедергілерге қарамастан гибридтеу табиғи жағдайда да, қолда да болып тұрады.
Соңғы уақытта гибридтеуді жаңа мал тұқымдарын шығару үшін пайдалану, кең өріс алды. Осы бағытта көптеген елдерде мүйізді ірі қара мен зебуді гибридтеу біршама жақсы нәтиже берді. Шортгорн сиырын үнді зебуімен гибридтеу нәтижесінде АҚШ – та ірі қараның жаңа етті тұқымы – санта-гертруда тұқымы шығарылды.
Африка континетінде герефорд пен шортгорн сиырларын жергілікті зебумен гибридтеу арқылы бонемар атты етті тұқым шығарылды. Ямайка аралында джерсей сиырын зебумен гибридтеу нәтижесінде сүтті тұқым – ямайка-хоуп алынды. Мүйізді ірі қараны зебумен гибридтеу Кубада, Египетте және Сирияда кең өріс алған. Бір тәулікте дүние жүзілік рекордты (109,5 кг) сүт берген сиыр Кубада голшитино-фриз сиырын зебумен гибридтеу арқылы алынған.
Қазақстанда мүйізді ірі қараның сүтті бағыттағы жаңа типін шығару мақсатымен зебуді (Кубадан әкелінген) әулиеата сиырымен, етті бағыттағы тұқым шығару үшін қазақтың ақбас сиырымен будандастыру жұмыстары жүргізілуде.
Зоотехниялық әдебиеттерде, әсіресе интенсивті мал шаруашылықтары салалары бойынша «гибридтеу» және «гибрид» деген атаулар жоғарыда сипатталғаннан басқа ұғымда қолданып жүр. Мысалы, құс және шошқа өсіруде арнайы әдіспен шығарылған аталық және аналық іздердің өкілдерін шағылыстыруды ізаралық гибридтеу, осы жолмен алған ұрпақты «гибрид» деп атау қолданылады.
Гетерозис деп нақтылы бір малдың өз ата – енелерінен белгілі бір өнімдік немесе биологиялық қасиеті бойынша асып түсуін айтады. Гетерозис – өсімдіктер мен жануарлар дүниесінде кездесетін өте күрделі және құнды құбылыс.
«Гетерозис» - грек сөзі, басым (артық) деген ұғымды береді. Бұл атауды ғылымға бірінші рет Дж. Шелл 1914 жылы енгізген. Бірақ та гетерозис құбылысы бұдан көптеген ғасырлар бұрын белгілі болған және мал шаруашылығында пайдаланып келеді. Гетерозис құбылысына тән басты ерекшеліктерінің біріне, оның жоғары дәрежеде тек бірінші ұрпақ будандарда (гибридтеуде) кездесетіні жатады. Әдетте гетерозисті жалпы және жеке деп екі түрге бөледі.
Жалпы гетерозис болғанда организмде жалпы зат алмасу процесінің интенсивті (қарқынды) жүруіне байланысты малдың пайдалы мол өнім беруі.
Жеке гетерозис болғанда организмде тек жекелеген қасиеттер жақсы жетіледі де және ол басқа белгілердің бірқалыпты болуымен немесе тіпті кейбір белгілерінің төмендеп кетуімен қатар жүруі мүмкін. Мысалы, қашыр (есек пен биеден туған гибрид) өте төзімді, ұзақ өмір сүреді, салмағы үлкен, бірақ ұрпақ бермейді (яғни жыныс жолдары жетілмеген).
Гетерозис селекциясының ба
сты мәселесінің бірі – гетерозисті алдын-ала болжау. Осы тұрғыдан иммуногенетикалық көрсеткіштерге үлкен ықылас, маңыз беріліп отыр.