Солтүстік Қазақстанда негізінен келесі өңдірістік-биологиялық топтар таралған: шекілдеуікті, сүйектілер және жидектілер.
2.1 Шекілдеуікті дақылдар
Шекілдеуікті дақылдарға алма, алмұрт, беже, арония, долана, шетен, мушмула және т.б. жатады. Солардың ең негізгілеріне тоқтала кетсек.
Алма – Malus Mill. туыстық болып табылады. Солтүстік жарты шардың қоңыржай климатында тараған 50 жуық түрлерді біріктіреді. Қазақстанның солтүстігінде табиғаттың қатаңдығына байланысты жамылғысыз, тек орал және сібір селекциясының сұрыптары өсірілуі мүмкін. Соған қарамай бұл жерде де алма қысқа төзімділігінің жоғарлылығына және өнімділігіне, сондай-ақ дәмінің сүйкімділігіне, тасымалданғыштығына, сақтауға шыдамдылығына байланысты жемісті тектердің ішінде бірінші орында. Бір ағаштың өнімі 300–400 кг дейін (орташа есеппен 5–20 т/га, қарқынды бақтарда – 50 т/га және одан да жоғары). Алма жемісін балаң, кептірген немесе пісірілген күйінде пайдаланады. Олардан консерві, повидло, пастила, желе дайындалады; оларды кондитер өнеркәсібінде кеңінен қолданады.
Бұл өңірде алманың үйлік (М. Domenstica Borkh.) түрі өсіріледі. Бұл атау, жаралуында жабайы алманың көптеген түрлерін, айталық, ормандық, дусен, шығыстық және т.б. мәдени түрлерін біріктіреді. Үй алмасы – жапырағы түсетін, биіктігі 3 метрден 14 м-ге, діңінің диаметрі 90 см-ге дейін болатын ағаш. Жеміс салуы сұрпына, телітушісіне, өсіру аймағына және агротехникаға байланысты 2–8 жылдары басталады; шаруашылық пайдалану кезеңі 10–30 жылға дейін жалғасады; тіршілігінің ұзақтығы 20-дан 50 жылға дейін құбылады (жекелеген жағдайларда – 70–100 жыл).
Гүлдері ақ немесе алқызыл, сәуір-мамыр айында гүлдену кезеңі 12 тәулікті құрайды. Жемістері негізінде домалақ, әртүрлі мөлшерлі, әртүрлі бояулы, дәмі және иісі бар, тамыз бен қараша айларында піседі. (2.1-сурет).
Үй алмасының сорттарынның Солтүстік Қазақстан бойынша ұсынылған және селекциялық жетістіктер Реестріне енгізілген сорттарды пісу кезені бойынша былайша бөледі:
- қысқы – Заветное, Любимец;
- жазғы– Алтайское румяное, Жебровское, Летнее полосатое, Пониклая Алтайская;
- күзгі – Зимний шафран, Исилькульское, Мана, Уральское наливное;
- ерте күзгі– Пальметта.
Алманың жазғы сұрыптары (алтайское румяное, горноалтайское).
Алтайское румяное. М.А.Лисавенко атындағы Сібір бақ шаруашылығы ҒЗИ- да, Мельба және Бельфлер-Китайка сұрыптарының тозаңдарының қоспасымен Северянка сұрпын тозаңдандырып алынған сеппеден сұрыптаумен шығарылған сұрып. Орташа биіктіктегі бұта тәрізді ағаш. Қысқа төзімді, тез пісетін сұрып, қыркүйектің басында піседі, жемісін 50 күндей пайдалануға болады. Төрт жасынан бастап жылда жеміс салады. Жемістері ашық сары түсті, қоңыр қызыл шырайлы, массасы 35-40 г. Жемісінің қабығы, Горноалтайское сұрпынікі сияқты, пісе келе жарылмайды. Тазқотырға және басқа да дерттерге төзімді. Пайдалануы әмбебап. Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіруге рұқсат берілген. Горноалтайское. Алтай тәжірибе стансасында Ранетка пурпуровый мен Пепин шафранныйды будандастырумен алынған. Қысқа төзімді сұрып. Тез өсетін, бөрікбасы енді, аумақты (жайылған). Жапырақтары кішкентай, жұмсақ. Жемістерінің орташа массасы 26-30 г, дөңгелек конус пішінді, ашық сары түсті, қызғылт қызыл шырайлы, тамыздың екінші жартысында пісіп жетіледі. Қазан айының ортасына дейін сақталады. Жылда және тұрақты жеміс салады, тазқотырға шалдықпайды. Жеміс салуы 4-5-жылдары басталады. Жеміс салуының алғашқы 10 жылында әр ағаш 190 кг дейін жеміс береді. Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіруге рұқсат етілген. Алтайское багряное. М.А.Лисавенко атындағы Сібір бақ шаруашылығы ҒЗИ- да шығарылған, қысқа төзімділігі өте жоғары. Тазқотырға төзімді. Тамыз айының соңында пісіп жетіледі, 2-3 ай пайдаланылады. Жемістері мұқыл конус тәрізді, ашық қан қызыл реңі бүкіл бетінде тұтас, қышқылтым, сүйкімді хош иісті. Тазқотырға төзімділігі жоғары. Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіруге рұқсат берілген. Жебровское. М.А.Лисавенко атындағы Сібір бақ шаруашылығы ҒЗИ-да шығарылған (Горноалтайское сұрпының еркін тозаңдатылған сеппесі). Жаздық, қысқа төзімді, ашық қызыл жемісті сұрып. Жеміс салуға 4-жылы кіріседі, жылда жеміс байлайды. Жемістері берік қабықты, біркелкі, массасы 25-35 г. Ағаштың жас шағында өнімділігі 5 т/га. Солтүстік Қазақстан облысында өсіруге рұқсат етілген.
Алманың ерте күзік сұрыптары (пальметта).
Пальметта. Ресей ҒАСБ Орталық сібір ботаникалық бағында шығарылған. Бельфлер-китайка сұрпын жүзімдік алмамен будандастырумен алынған сұрып. Орташа биіктіктегі (3-3,3 м), орташа қоюлы, жинақы бөрікбасы дөңгелек пішіндес ағаш. Сидамының биіктігі 40 см. Жеміс салуға 3-4 жылы кіріседі. Жылда жемістенеді. Өнімділігі 31-55 кг-нан 92 кг-ға дейін бір ағаштан. Тазқотырға төзімді, жемістері домалақтау, салмағы 25-33 г, қышқылтым, шырынды, татымды. Негізгі түсі ашық сары, үлкен бөлігінде қызыл күрең реңді (шырайлы). Жемістері қыркүйектің басында пісіп жетіледі, қазан айнының соңына дейін сақталады. Жемісін әмбебап пайдаланады. Жемістерінде 30 мг % жуық аскорбин қышқылы, 800 мг % Р – белсенді заттар (оның ішінде 260 мг % катехиндер) және 1 % пектин заттар бар. Солтүстік Қазақстан облысында өсіруге рұқсат берілген.
Алманың күздік сорттары (исилькульское, мана, зимний шафран).
Исилькульское. Омбы облысының Исилькуль тұқымбағында алманың орта орыстық сұрыптарының тұқымдарын сеуіп, кейін сұрыптаумен шығарылған. Қысқа төзімді сұрып. Ағашы бойшаң. Бөрікбасы дөңгелек, жинақы, жақсы жапырақтанған. Жапырақтары ірі, 9х5 см көлемде. Жемістері домалақ конус пішінді, түсі ашық жасыл, шырайлы. Мәйегі ақ, сәл жасылдау, шырындылығы орташа, тығыз, ірі түйіршікті, сақтау барысында борпылдақ, қышқылтым, балаң күйінде пайдалануға жарамды. Жемісінің салмағы – 40-52 г. Жеміс салуға 4 жылы кіріседі. Жемісі 5-10 қыркүйекте пісіп жетіледі, 2-3 ай сақталады. Жемістері мен жапырақтары тазқотырға шалдықпайды. Ақмол облысында өсіруге рұқсат берілген.
Мана – Краснояр жеміс шаруашылығы тәжірибе стансасының (Лалетин мен Папировканың буданы). Аса бойшаң емес, домалақ келген сирек бөрікбасты ағаш. Жеміс салуға 2–3 жылда кіріседі, жемістенгіштігі ағыл-тегіл (мол). Бір ағаштың өнімділігі 35 кг дейін. Жемістері біркелкі, ірі (35–40 г), жоғары агротехникада 80 г жетеді, домалақ, сәл қырлы, тігісті. Түсі ашық жасыл, жемісінің бетін тұтастай сұйықтау қызыл рең басқан. Мәйегі ірі түйіршікті, сары, ұнамды қышқылтым дәмді. Жемістері 1,5–2 айдай сақталады, тасымалданғыштығы орташа. Құрғақ затының мөлшері жоғары – 20,3 %, қанттар – 10,1 %, қышқылдығы – 1,11. Жемістегі С дәрумені – 13,64 мг %, Р – 309 мг %. Тазқотырға төзімді. Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіруге рұқсат берілген. Уральское наливное. Шелебі тәжірибе стансасында Ренетке красныйды Папировканың тозаңымен тозаңдатумен алынған. Орташа биіктіктегі, бөрікбасы енді пирамидалы, қою, бұтақтары иіңкі ағаш, қысқа төзімді, өнімді, тез жеміс салады. Жемісі домалақ пішіндес, жасыл сарғылт реңді. Мәйегі ақ, тығыз, шырынды, қышқылтым, сүйкімді дәмді. Жемістерінің орташа салмағы – 35–40 г. Тамыздың соңы қыркүйектің басында піседі, шашылмайды, 1,5–2 ай сақталады. Тазқотырмен дерттенуі шамалы. Шала мәдениленгендердің ішіндегі жақсы сұрыптарының бірі. Жеміс салуға 3–4-і жылдары кіріседі. Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстарында өсіруге рұқсат берілген.
Зимний шафран. М. А. Лисавенко атындағы Сібір бақ шаруашылығ ҒЗИ-да (Горноалтайское х Сибирский Самородок, Сибирская красавица) шығарылған. Ағашы қою, домалақ пішінді. Күзде пісетін, құрғақшылыққа орташа төзімді сұрып. Жеміс салуын 4–6 жылдары бастайды. Жемісі 38–60 г, домалақ пішінді келеді. Тұтынушылық пісіп жетілгенінде ашық сары, жемісінің басым бөлігі қызыл жолақты. Дәмі қышқылтым. Өнімділігі 5 т/га Солтүстік Қазақстан облысында өсіруге рұқсат берілген.
Алманың қысқы сұрыптары (любимец, заветное).
Любимец. (Любимец Никифорова, Любимец хутора Благодатного, Кемчуг). М. Г. Никифоров Краснояр өлкесінің Минусин ауданында сібірдің жидекті алмасының буданын Анис алый сұрпымен будандастырып шығарған, қысқа шыдамдылығы және тазқотырға төзімділігі орташа. Қорғаулы жерлерге отырғызғанды тілейді. Жемісінің пішіні жайпақ домалақтау, негізгі түсі – сарғылт жасыл. Жемісінің сыртында балауызды қалың қақ болады. Балаң күйінде пайдалануға жарамды. Жемістері қыркүйектің екінші жартысында піседі және 2–3 ай сақтауға болады. Жемістенуге 4–5 жылда кіріседі. Жемісінің орташа салмағы 35 г. Он жылдық ағаш орташа есеппен 40–50 кг жеміс береді. Тозаңдатқыш – сұрыптары: Сибирское золото, Ренетка пурпуровая, Полярное, Метла, Уралец. Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіруге рұқсат берілген.
Заветное. М. А. Лисавенко атындағы Сібір бақ шаруашылығы ҒЗИ-да (Осенняя радость х Мельба) шығарылған. Биіктігі шамалы, жіңішке бұталы ағаш. Жемістері домалақ пішінді, ашық сары түсті, қызғылт қызыл күрең реңді, салмағы 35–40 г. Мәйегі шырынды, ұсақ түйіршікті, ұнамды қышқылтым дәмді. Жемістері қыркүйектің басында пісіп жетіледі, ақпанға дейін сақталады. Қысқа төзімділігі орташа, өнімді, тез пісетін сұрып, тазқотырға аса төзімді емес. Ақмола, Солтүстік Қазақстан облысында өсіруге рұқсат етілген.
Алманың бөрікбасы пішіні бойынша әртүрлі және келесідей типтерге бөлінеді: тақтайшалы, дөңгелек, пирамидалы, жалпақ пирамидалы, сыпырғыш тәрізді, шашақты, сопақ, шар тәрізді. (2.2-сурет).
Алма сорттарының негізгі ажырату белгілеріне жататындары: ағаш үлкендігі; пішіні; діңнің өлшемі мен түсі; жемістің пішіні, үлкендігі, түсі мен дәмі; жапырақтың түктенуі, пішіні, шетінің тістенуі, түсі; өркендердің пішіні мен түктенуі; пісу кезеңі, ұзақтығы және т.б.
Ағаштардың өсіп-даму күші бойынша әртүрлі болады: қатты өсетін, орташа өсетін, әлсіз өсетін. Қатты өсетін ағаштарда ағаш мықты дамыған, жылдық өсім 35–40 см және одан да көп. Әлсіз өсетінде сорттарда өсу баяулау, жеміс салуға дейінгі жылдық өсім 20 см-ден аспайды.
Көшеттікте, яғни көшет өсіретін орындарда немесе ағаштарды бақта бірінші жылы еккенде, яғни бұл кезеңде айрықша сорттық белгілері байқалмайтын уақытта, оларды анықтау үшін біржылдық өркен мен жапырақты пайдаланады. Сортты анықтаудың өркендер бойынша анықтаудың негізгі белгілеріне: ұзындығы, қалыңдығы, түктенуі, қайырылуы, бояуы, жапырақтың бар-жоғы жатады.
Кейбір сорттарды жапырақтары кішкентайлау (ұзындығының жалпақтығына қатынасы бойынша 20 мм2 аз), кейбіреулерінде орташа жапырақтар (20 –39 мм2), ал үшіншілерде – ірі (40–59 мм2және үлкен). Пішіні бойынша олар болады: ұзарған, жұмыртқа тәрізді, сопақша, дөңгелек (2.3-сурет). Жапырақтар түсі бойынша болады: жасыл, ашық және күңгірт жасыл. Жапырақтың астыңғы жағы қатты, әлсіз немесе мүлдем түктенбеген болып келеді. Жапырақтың бет-бедерінің мінездемесі бойынша жылтыр, тегіс, әжімді, қатты және жұмсақ, жапырақ шеттерінің тістенуі ірі немесе ұсақ болады.
Өркенде жапырақтардың орналасуы тығыз немесе сирек болады және басты өркендегі жапырақтың үстінің қалайша майысуының да маңызы бар
Алманың неғұрлым мінездемелік сорттық белгілеріне жемістің өлшемі, пішіні және дәмі жатады.Жемістің өлшемі сортқа байланысты. Өлшем бойынша келесіндей түрлерге ажыратады: өте ұсақ – до 25 г, ұсақ– 26–50 г, орташадан ұсақ – 51–75 г, орташа – 76–100 г, орташадан ірірек – 101–125 г, ірі – 126–175 г, өте ірі –175 г-нан үлкен. Жеміс пішіні дөңгелек, тақтайшалы, конусты, жалпайған конусты, шар тәрізді, цилиндрлі, дұрыс немесе дұрыс емес (2.3-сурет). Жемістің түсі әртүрлі болады (ашық сарыдан қызылға дейін).
Жемістің дәмдік қасиетің бағалау үшін дәмін көру (дегустация) әдісін қолданады. Бұл әдісте ешқандай құрал-жабдықтың қажеті жоқ, тек адамның дәмді сезу қаиеті пайдаланылады.
Балғын жемістердің дәмін көру алдында жемістің сыртқы түрін, өлшемін, пішінінің дұрыстығын, түсін бағалайды. Бұдан кейін маңыздырақ көрсеткіштерді бағалайды, яғни дәмі, иісі, консистенциясы.
Жемістің дәмін бес балдық шкала бойынша анықтайды: 1 – дәмі өте жаман, балғын түрінде пайдалануға жарамайды; 2 – дәмі жақсы емес, көбінесе өңдеу үшін, кей кезде ғана балғын түрінде пайдаланады; 3 – орташа дәмді, балғын түрінде және өңдеуга пайдаланады; 4 – дәмі жақсы, асханалық сорт ретінде және бағалы өнімді алу үшін өңдеуга пайдаланады; 5 – дәмі керемет, ең жақсы десерттік сорт ретінде пайдаланады. Басқа және өзгеше дәмдер байқалатын болса, бағаны төмендетеді.
Жұмсағының консистенциясы тығыз, қытырлайтын, шырынды болуы керек. Шырындылығы бойынша: өте шырынды, аз шырынды болады. Иісі: қатты, орташа, әлсіз болады.
Алмұрт – Pyrus L. Солтүстік Қазақстанда аз өсіріледі. Бұл туыс Солтүстік жарты шарда тараған (негізінен Еуразияда) 60-қа жуық түрді біріктіреді. Өнеркәсіптік дақыл ретінде оны 50-ден астам әлем елдері өсіреді. Оны Италияда, Испанияда, Германияда, Францияда көбірек өндіреді. Ресейде бұл дақыл негізінен еуропалық бөліктің оңтүстік аудандарында шоғырланған. Алмұртты Молдовада, Украинаның оңтүстігінде (әсіресе Қырымда), Солтүстік Қап тауында, Қап тауының сыртында, Беларуссияда өсіреді. Орта Азияда алмұрт аз тараған, себебі ол дақылдың еуропалық бағалы сұрыптары ауа құрғақшылығына және жазғы ыстыққа шыдамайды. Қазақстанда алмұртты оңтүстік және солтүстік шығыстың тау етектерінде және таулы аймақтарда өсіреді. Қазақстанның солтүстігінде алмұртты шамалы көлемде, негізінен әуесқой-бағбандар өсіреді және тек қысқа төзімді, «лукашовкалар» (Тема, Виучка, Оля, Поля, Лида, Масляная) деп аталынатын жемістерінің дәмі қанағаттанарлық деңгейдегі сұрыптарды. 2001 жылдан бастап Краснояр бақ шаруашылығы тәжірибе стансасының шығарған Красноярская крупноплодная сұрпы өсірілуге аудандастырылды. Өндірісте, екі түрдің – кәдімгі алмұрт немесе орман және қарлы негізінде шығарылған үй алмұрты (Р.Domestica Medik) өсіріледі. Мұның біріншісі Еуропада өссе, екіншісі – Еуропада және Жерорта теңізі маңайында. Осылардың әрқайсысы жеке және олардың табиғи будандары алмұрттың еуропалық мәдени сұрыптарын шығаруда үйлесімдік тапқан. Әртүрлі елдердегі, сондай-ақ ТМД елдеріндегі алмұрттың қазіргі кездердегі әр алуан сұрыптарын қалыптастыруда көптеген басқа да жабайы өскен түрлері – уссурий алмұрты, құм немесе қытай алмұрты қатысқан.
Алмадан кейін алмұрт қоңыржай ендіктің ең кең тараған – белгілі жеміс ағашы (әлемдік өндірісі алма өндірісінің ½ жуық). Үй алмұрты – жапырағы түсетін, биіктігі 15–20 м жететін ағаш. Жеміс салуына алмадан кеш кіріседі, 6–10 жылдары. Шаруашылық пайдалануы 15–20 жылдай. Ағаштың өміршеңдігі 25–50 жыл. Бір ағаштың өнімділігі – 160 кг дейін. Орташа өнімділігі – 10–15 т/га, әдебиетте 100–160 т/га өнім алынатыны сипатталынған. Алмұрт жемісі жақсы тасымалданады, дәмділігі өте жоғары, қоректік заттарға бай, оның ішінде фруктозаға, глюкозаға және сахарозаға. Алмұр қанттың мөлшері бойынша алмаға жол бергенімен, қышқылтымдығы шамалы болғандықтан тәттірек келеді. Алмұр жемісі балаң күйінде пайдаланылады. Одан құрғақ жеміс, компот, цукат дайындалады. Солтүстік Қазақстан бойынша өсіруге ұсынылған сорттар күздік пісу кезеңімен – Красноярлық ірі жемісті және Уралочка.
Красная крупная. Красноярск бақ шаруашылығы тәжірибе стансасында (Тема Лукашев х Мичуриннің Бере зимняясы) шығарылған. Күзде пісіп жетілетін сұрып. Орташа биіктіктегі ағаш, жеміс салуға 7 жылы кіріседі (телітушісі – уссурий алмұрты); қалыпты қыстардан кейін уақытылы жемістенеді. Жемістік құрылымдары – аралас түртекті. Жемістері алмұрт тәрізді, беті тегіс, кейде бұдырмақты. Жемістің орташа салмағы – 39 г. Мәйегі түйіршікті. Компотының дәм татымдылығының бағалық ұпайы – 4. Орташа өнімділігі 140 ц/га. Үркіт, Омбы, Қорған, Төмен, Пермь, Кемеров, Новосибирск облыстарында, Алтай және Красноярск өлкелерінде, Қазақстанның солтүстігінде өсіріліп тексерілмекші.
Үй алмұртының сорттары келесі морфологиялық белгілері бойынша ажыратылады:
- бөрікбас пішіні: шар тәрізді, дөңгелекше, жіңішкерген пирамидалы, майысқан, аударыла пирамидалы және т.б.;
- бөрікбасының тығыздылығы;
- сидам қабығының түсі (ашық-қоңырдан сары-күңгіртке дейін) және жас бұтақтардың түсі (сары- алқызылдан қоңырға дейін);
- өркен пішіні (тік, тізеленген, доға тәрізді), өркенде бүршіктің ораласуы, ұзындығы, қалыңдығы, түктенуі бойынша (жабысқан немесе жабыспаған);
- жапырақ пішіні;
- гүл өлшемдері: ұсақ (диаметрі 2 см-ге дейін), орташа (2–3 см), ірі (4 см-ден артық);
- гүл шоғырының мінездемесі: азгүлді, көпгүлді, қопсынды, тығыздалған.
Алмұрт жемістерінің келесіндей сорттық белгілерін ажыратады:
- жеміс пішіні: дөңгеленген, жұмыртқа тәрізді, конусты, сопақ, алмұрт тәрізді, бөтелке тәрізді-алмұрт тәрізді (2.4-рсурет);
- жеміс өлшемі, өзгермелі көрсеткіш өсіру жағдайына байланысты өзгереді. Өлшемі бойынша келесіндей жемістерді ажыратады: өте ұсақ –30 г-ға дейін, ұсақ – 31–60 г, орташадан ұсақтау – 61–110 г, орташа – 111–175 г, орташадан ірірек өлшем – 176–250 г, ірі – 251–400 г, өте ірі – 400 г-нан артық.
- қабығының сыртқы мінездемесі: бұдырланған, жұқа, толықтау;
- жұмсағының түсі (ақ, кремді, алқызыл, жасылдау); консистенциясы (ірі дәнді, дөрекілеу, нәзік ); шырындылығы (шырынды, құрғақтау); дәмі (тәтті, ащы-тәтті, татымды және т.б.; иісі;
- қабық асты нүктелері (число подкожных точек); жеміс сағағының ұзындығы мен пішіні; түтікшелердің бар-жоғы, оның пішіні, тереңдігі және жалпақтығы;
- жүрекше өлшемі: үлкен, орташа, кішкентай;
- жүрекше пішіні: созылыңқы, элипс тәрізді және т.б.
Шетен (рябина) – Sorbus L. Туыс Солтүстік жарты шардың қоңыржай белдігінде өсетін 84 түрді біріктіреді. ТМД елдерінде 35 түрі өсіріледі, 14 түрі қолдан өсіріледі. Жемістік өсімдік ретінде кәдімгі шетенннің (S. aucuparia L.) және үй шетенінің (S. domestiса L.) түрлері, сұрыптары және будандары кең тараған. Кәдімгі шетен жабайы түрінде бүкіл Еуропада, Кіші Азияда және Кап тауында өседі. Биіктігі 6–15 м ағаш, кейде ірі бұта. Қысқа төзімді ( – 40 оС және одан да төмен аязға шыдайды) өсімдік. Қазақстанның солтүстігінде әуесқой бағбандар өсіреді. И. В. Мичурин кәдімгі шетенге, аязға төзімді өсімдік ретінде ерекше көңіл бөлген. Оның бірқатар туысаралық будандары бақ шаруашылығында қолданыс тапқан – Ликерная (арониямен будандасқан), Рубиновая және Красавица (алмұртпен), Гранатовая (доланамен), Бурка (алып-альпы шетенімен). Жеміс салуы отырғызғаннан 4 жыл өткен соң басталады. Ересек өсімдігінің өнімділігі 600 кг-ға дейін жетеді. Ағашының өміршеңдігі 100 жыл және одан да ұзақ. Жемісінің құрамында қанттар, органикалық қышқылдар (алма, жүзім, лимон және т.б.), пектин заттары бар. Жемістерінің аса құндылығы С (2000 мг %), Р дәрумендеріне және каротинге (180 %) байланысты. Бұл шетенді аурудың алдын алу және емдік зат есебінде қолдануға мүмкіндік береді. Жемістерін аздап балаң күйінде (бозқыраудан кейін, олар тәттіленеді), негізгі массасы кондитер өнеркәсібінде шикізат ретінде қолданылады. Үй шетені ТМД елдерінің оңтүстік аудандарында, әсіресе Қырымда, жабайы түрде орманды және орманды дала бөлігінде тараған, сондай-ақ қолдан өсіріледі. Ағашы сыртынан кәдімгі шетенге ұқсас, бірақ одан ірі (3,5 см-ге дейін) домалақ немесе алмұрт пішіндес жемісімен ерекшеленеді. Жинар алдындағы түсі жасыл сарғылт, қызыл немесе бурыл қызыл, өте ұнтақты, тіл үйірлік дәмді; шамалы уақыт сақталғаннан кейін дәмі және иісі сүйкімді болады. Тұқыммен көбейтілгенде жеміс салуға 8–10 жасында кіріседі, өркенінен көбейтілгенде – 6–8 жасында. Бұл өсімдіктердің түрлерін тек оңтүстік және оңтүстік шығыс аудандарда өсіруге болады, себебі олар ұзақ уақыттық үскіріктерге шыдамайды. Солтүстік Қазақстан бойынша шетеннің өсіруге ұсынылған сорттары ірі Алая және Титан. Сорттарының сипаттамасы.
Алая крупная (№ 10 сеппе х Морава шетені). И. В.Мичурин атындағы БРГ және ӨБҒЗИ-да шығарылған. Қысқа төзімділігі өте жоғарылығымен сипатталады. Қыс ортасында жасанды түрде – 45оС жеткізгенде қабығының, камбийінің және бүршіктерінің жарақаттанғаны байқалмаған, ал ксилеманың зақымдануы 1,7 ұпайдан аспаған. Құрғақшылыққа төзімділігі орташадан жоғарырақ. Ауруларға шыдамды. Ағашы сүңгекті, бойшаң, биіктігі 6,5 м дейін, бөрікбасы аумақты қоюлығы орташа, ені 4,3 м. Жапырақтары ірі, күрделі дара қауырсынды, 4–5 жұпты енді қияқ тәрізді жапырақшаларының шеттері біріне-бірі тиіп тұрады, күңгірт жасыл түсті. Жылда жоғары өнім қалыптастырады. Жеміс салуға 3–4 жылы кіріседі. Ішінара өздігінен жемістенеді. Жемістері ірі, салмағы 1,6–2,3 г, домалақ пішінді, қызылдау түсті, 150- ден қалқанға шоғырланған. Мәйегі ашық сары, шырынды қышқылтым ащы және ауыз қуысарлық. Жемісте 19,8% ерігіш құрғақ заттар, 8,2 % қанттар, титрланатын 2,2 % қышқылдар, 19,2 мг % C дәрумені, 700 мг % Р, белсенді заттар, 5,3 мг % каротин бар.
Титан И.В.Мичурин атындағы ОГЗ-да шығарылған. Биіктігі орташа (3м), бөрікбасының жиілігі орташа, домалақша, бұтақтары және өркендері түзу, қоңыр күңгірт түсті. Жемістері ірі, орташа салмағы 1,2 г, домалақша, балауыз қақты. Мәйегі пәрменді сары, орташа тығыздықта. Дәмі қышқылтым. Жемісінде 20 % құрғақ зат, 10,23 % қанттар, 1,39 % қышқылдар, 493,7 мг % катехиндер, 32,9 мг % С дәрумені бар. Қостанай облысында өсіруге рұқсат берілген. Қара жемісті шетен (арония). Оның отаны – Солтүстік Америка. Биіктігі 0,5–2 м бұта, жемісі қара, диаметрі 0,6–1,0 см және 32–35 оС аязға шыдайды. Өте қатты қыстарда оның жемістік бүршіктері мен бір жылдық өркендері үсиді. Өсінді кезеңі сәуірдің соңында басталады, маусымның екінші жартысында гүлдейді. Ақ гүлдері қалқа тәрізді гүл шоғырына жинақталған. Жемістері қыркүйекте піседі, түсі қара, көкшіл сұр балауыз қақты. Мәйегі қызыл күрең, шырынды, тәттілеу, ауыз қуыратын дәмді. Жекелеген бұталар 18 кг-ға дейін жеміс береді, ал орташа өнімі – 8–10 кг. Ақмола облысында өсіруге рұқсат етілген.
Арония – Aronia Pers. Туысқа, Солтүстік Американың шығыс бөлігінде өсетін 15-ке жуық түрді біріктіреді. ТМД елдерінде 3 түрі жерсіндірілген, оның ішінде қара жемісті арония немесе қара жемісті шетен көбірек өсіріледі. И. В. Мичурин жемісті дақыл ретінде қолдан өсіруге енгізген. Егістікте өткен ғасырдың 50-ші жылдары, оның жемісінің емдік қасиеттері белгілі болғанда, өсіріле бастады. Өндірістік егістігінің көлемі шамалы (500 гектардай), бірақ ол үй маңайындағы телімдерде кең тараған. Қысқа төзімділігі жоғары болуы бұны Қазақстанның солтүстігінде өсіруге мүмкіндік береді. Жапырағы түсетін, биіктігі 2–2,5 жететін бұта. Жеміс салуы 3–5 жасында басталады және өнімі кейіннен жылда, әрі мол болады. Өнімділігі – 5,6–12,8 т/га. Жемісін балаң күйінде пайдаланады, шырын алынады; азықтық бояғыш ретінде кеңінен қолданыс тапқан. Пісіп жетілген балаң жемісі, ашымаған шырыны, сондай-ақ арония негізінде дайындалған дәрілер қан қысымын емдеуге және Р – дәрмек тапшылығының алдын алуға қолданылады.
Ирга – Amelanchier Medic. Туыс Солтүстік жарты шарды, негізінен Солтүстік Америкада жабай түрде тараған 25 түрді біріктіреді. ТМД елдерінде жабай өсетін бір түр – А. rotundifolia Lam (домалақ жапырақты, кәдімгі, шомпольник, шәшке тәрізді ағашты ирга) белгілі. Жеміс дақылы ретінде домалақ жапырақты, канада және масақты ирга қолданыс тапқан. Бұлар кішігірім ағаштар немесе бұталар. Жеміс салуы отырғызғаннан 2–4 жыл өткеннен соң басталады. Жылдағы өнімі мол – 4–8 т/га. Жемісінде қанттар, қышқылдар, иілік заттар, С дәрумені және каротин бар. Жемістері балаң және кептірілген күйінде пайдаланылады; олардан компот, тосап, желе, пастил (әдетте басқа жемістермен араластырып) дайындалады. Балаң жемістің жаңа шырыны емдік сусын ретінде қолданылады. Өсімдігі бал беретіндігімен ерекшеленеді. ТМД елдерінің солтүстігінде ергежейлі алмұрттың, алманың шыдамды телітуші ретінде де маңызды. Қысқа төзімділігіне және баптауды аса қажет етпейтіндігіне байланысты ирганы соңғы жылдары әуесқой бағбандар Қазақстанның солтүстігінде өсіре бастады.
Долана (боярышник) – Crataegus L. Туыс 1250 түрді біріктіреді, оның 1125-і Солтүстік Америкадан тарағандар. Барлық түрлері Солтүстік жарты шардың қоңыржай және аздап субтропикалық облыстарында өседі. ТМД елдерінде 47 түрі жабайы өседі, 31 қолдан өсіріледі. Қанды қызыл долана (С. sangvinca Pall) көбірек тараған. Табиғатта бұталардың арасында, орман шеттерінде, ағашы кесілген жерлерде және алаңқайларда өседі. Доланаға әсемдік тән болғандықтан, жиі жеміс бақтарына жасыл қоршау ретінде және орман шеттеріне отырғызылады. Долана қысқа және құрғақшылыққа төзімді жеміс ағашы саналады. Қолдан өсіргенде жоғары талап қоймайды. Қазақстанның солтүстігінде таралған. Жапырағы түсетін, биіктігі 3–5 метрден 10–12 м дейін болатын ағаштар, кейде бұталар. Жеміс салуға 10–15 жасында кіріседі. Өміршеңдігі 200–300 жылға дейін. Жемісінде қанттар, қышқылдар, С дәрумені, каротин бар. Жемістері балаң күйінде және тосап, повидло, жендек, желе, мармелад, компот, кисель дайындауға қолданылады (2.5-сурет).
Беже (айва) – Cydonia Mill. Туысы бір түрден – ұзынша немесе кәдімгі бежеден (С.oblonga) тұрады. Жабайы түрде ол Иранда, Орта Азияда, Қап тауы сыртында және Қап тауында тараған. Беженің жабайы бұталары әдетте долана, мушмула, қызыл, итмұрын және тағы басқа бұталармен бірге тау беткейлерінде, сондай-ақ өзен және тау аңғарларында (800 м биіктікке дейін) кездеседі. Қолдан өсірілетін беже – жабайы түрден жақсы сұрыпталынған және өсірілетін жеріне бейімделінген жергілікті сұрыптар. Қазіргі кезде оны Жерорта теңізі маңайында, Батыс Еуропада, Солтүстік Америкада және Жапонияда өсіреді. ТМД-да Орта Азияда Кап тауында және Еділдің төменгі сағасында өсіреді. Қазақстанда бежені Оңтүстік Қазақстан облысының тау етектерінде және оңтүстік аймақтарында өсіреді. Кәдімгі беже – жапырағы түсетін, биіктігі 8 м-ге жететін ағаш немесе ірі бұта. Толық жеміс салуы 8–12 жасында басталады. Өнімін (өндірістік) 30–35 жыл береді; тіршілігінің ұзақтығы 50 жылдай. Жемісінде қанттар, қышқылдар, пектиндер, иілік заттар бар. Беже С дәрумені бойынша алмадан, алмұрттан, шиеден көп ілгері. Жемістері ұзақ сақталады. Тұқымдарында майдан басқа, ликер және лимонад дайындағанда қолданылатын пісте иісті эфир майы бар. Оның жемістері – консервілеу және кондитер өнеркәсібінің маңызды шикізаты (тосап, компот, мармелад, цукаттар, т.т.). Беженің құнды ерекшелігі – жылда және мол жеміс салуы. Ең жақсы сұрыптың ағашынан 100–150 кг жеміс жиналады. Беже – балды өсімдік болып табылады.
Тапсырма: Алма мен алмұрттың негізгі морфологиялық ажырату белгілерін анықтау
Құрал-жабдықтар мен материалдар: алма мен алмұрт сорттарының жемістері мен муляждары, суреттер, плакаттар, өлшегіш,милиметрлік қағаз, пышақ, техникалық таразы.
Жұмыс барысы:
1) шекілдеуікті дақылдардың теориялық материалын зерттеу, алма мен алмұрттың құрылысының ерекшелігімен таңысу. Алманың және алмұрттың жемістерінің, жапырақтарының және басқа да мүшелерінің суретін салыңыз;
2) алма мен алмұрттың ұсынылған сорттарымен таңысып, сортты ажырату белгілерін сипаттаңыз. Барлық белгілерін сипаттау мақсатында өлшеп, пішінің және т.б. белгілерін анықтағаннан кейін дәмін көру әдісіне кірісеміз де, оған бес шкалалы баға береміз;
3) алынған нәтижелерді 2.1-кестеге толтыру қажет.
2.1-кесте – Алма мен алмұрттың сорттарын ажырату белгілері
Дақыл, сорт |
Пісу уақыты |
Массасы, г |
Өлшемдері, см |
Жеміс пішіні |
Бояуы, түсі |
Жұмсағының консистенциясы |
Дәмі |
Иісі |
Ерекше белгілер |
||
биіктігі |
диаметр |
қабатының |
жұмсағының |
||||||||
Бақылау сұрақтары
2.2 Сүйекті дақылдар
Бұл топтағы жеміс дақылдары раушангүл тұқымдасына, алхоры тармағына жатады. Оларға шие, шабдалы, алхоры, тәтті шие, шомырт және т.б жатады.
Қазақстанның солтүстігінде әуесқой бағбаншылар шиенің кәдімгі, далалық, құмдық, қытайлық түрлерін өсіреді. Кәдімгі шие – Cerasus vnlgaris Mill. Далалық шие (Cerasus fruticosa). Құмдқы шие (Cerasus besseyi). Киіздік шие (Cerasus tomentosa). Осылардың ішінде кәдімгі шиеге тоқталамыз.
Кәдімгі шие – Cerasus vnlgaris Mill. Жабайы түрі белгісіз. Бұны тәтті шие мен орманды дала шиесінің ертеде пайда болған табиғи буданы деп есептейді (И.П.Игнатьев және т.б., 1990). Шиенің өсірілетін негізгі аудандары – Украина, Ресейдің орталық облыстары, Еділ бойы, Солтүстік Қап тауы, Өзбекстан. Қазақстанда жеміс шаруашылығымен айналысатын аймақтардың бәрінде де тараған. Салыстырмалы түрде аязға төзімділігіне, тез піскіштігіне және өнімділігіне, жемістерінің құндылығына және олардың әмбебап қолданылуына байланысты шие алмадан кейін екінші орынды иеленеді. Бірақ жемісін жинауға қол күшін көп қажет ететіндігі шиенің өндірістік бақтарын кеңейтуге қол байлау болуда. Сондықтан шиені негізінен әуесқой бағбаншылар өсіруде.
Шие – жапырағын түсіретін ағаш немесе ірі бұта (биіктігі 3 метрден 6–7 м дейін). Далалық, құмдық, жөргем шие аласа бойлы, биіктігі 1–1,5 м жететін бұталар. Шие тез өсетіндігімен және ерте жеміс салатындығымен – 3–4 жылында ерекшеленеді. Өнімді кезеңі, көптеген сұрыптарда 12–15 жылдан аспайды. Балды (шірнелі) өсімдік. Жемісінде қанттар, алма және лимон қышқылдары, каротин, В, С, РР дәрумендері, пектин заттары бар, тұқымында сабын қайнатуға пайдаланылатын 35 % май болады. Жемістері балаң және тоңазытылған күйінде пайдаланылады, сондай-ақ мармелад, пастила, кепкен жеміс, тосап, морс, сироп, жендек, компот, шарап дайындалады.
Солтүстік Қазақстан бойынша өсіруге ұсынылған шие сорттары: ерте пісетін – Алтайская ранняя, Желанная; орташа пісетін – Максимовская, Стандарт Урала.
Кәдімгі шие сорттары Желанная және Максимовская түрлеріне толықтай тоқтала кетсек.
Желанная. М. А. Лисавенко атындағы Сібір бақ шаруашылығы ҒЗИ шығарылған (далалық шие х кәдімгі шие х Гриот остгеймский). Орташадан кеш пісетін, қысқа орташа төзімді, құрғақшылыққа төзімді сұрып. Өнімділігі орташадан жоғары, 4 жылы бір бұтадан 3,5 кг дейін өнім жиналады. Бұта орташадан биіктеу, кең шошақты, қоюлығы орташа бөрікбасты. Жеміс салуға 4 жылы кіріседі. Жемістері біркелкі, домалақ, қызыл, ірі, массасы 3,7 г, бұтақта ұзақ және жақсы күйде сақталады. Мәйегі қызыл, шырынды, қышқылтым (4,2 ұпай). Сүйегі мәйегінен жеңіл босайды. Әмбебап қолданыстағы сұрып. Жемістері балаң күйінде және компотта да жақсы – 4,4 ұпай, тосапта да – 4,2 ұпай. Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіріледі.
Максимовская. М. А. Лисавенко атындағы Сібір бақ шаруашылығы ҒЗИ-да шығарылған (далалық шиенің еркін тозаңданған сеппе көшеті). Орташа мерзімде пісетін, қысқа төзімділігі жоғары, борсуға төзімді, ішінара өздік тозаңданатын сұрып. Бұтаның өнімділігі 4–8 кг. Жасыл қалемшелермен жақсы көбейетін сұрып. Балапан бұтақшаларды аз қалыптастырады. Орташа биіктіктегі бұта (1,5–2 м) кейде көп діңді шошақты жайылған бөрікбасты. Жеміс салуы 5-ші жылы басталады. Жемістері ұзынша домалақша, қызыл, ірі, массасы 3,6 г. Шырыны қызғылт. Сүйегі орташа, мәйегінен жеңіл бөлінеді. Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіріледі.
Шие бұтасының ең маңызды сортты ажырату белгілеріне мыналар жатады:
- бөрікбас пішіні: жалпақ шашыранқы, жалпақ солыңқы, жалпақ пирамидалы, жалпақ пирамидалы солыңқы, дөңгелене-солыңқы;
- өркеннің қалыңдығы, олардың қайырылуы, түктенуі;
- жапырақ өлшемі, пішіні, бояуы, шеттерінің тістенуі, әжімділігі, бетінің жылтырлығы, түктенуі, жапырақ ұшының пішіні;
- ағаш өлшемдері: кішкентай (2,0–2,5 м), орташа (3,0–3,5 м), үлкен (более 3,5 м);
- сидамның түсі және оның бетінің мінездемесі (қара-сұрдан қоңыр-қызылға дейін, тегіс, қабыршақтануы және т.б.) және жас бұтақшалардың (сұр-қоңырдан қоңыр-қызылға дейін және т.б.).
Шие жемісінің келесіндей сорттық белгілерін ажыратады (2.6-сурет):
- жеміс өлшемдері бойынша былайша бөлінеді: өте ұсақ –1,0 г-ға дейін, ұсақ– 1,1–2,0 г, оташадан ұсақтау – 2,1–3,5 г, орташа – 3,6–5,0 г, орташадан ірілеу– 5,1–6,5 г, ірі– 6,6–8,0 г, өте ірі –8,0 г-нан үлкен, жемістердің сонымен қоса биіктігі мен диаметрін де өлшейді;
- жеміс пішіні: шалқан тәрізді, алмұрт тәрізді, жүрек тәрізді, дөңгелек-сығылған, дөңгелек, сопақ;
- сүйектің массасының оның пішініне қатынасы бойынша (дөңгелек, созылыңқы, жұмыртқа тәрізді, сопақша созылыңқы және т.б.);
- жеміс сағағының пішіні, түсі, иілгіштігі және өлшемі ( ол ұзын болып саналады, егер жеміс диаметрінен үш есе үлкен болса, орташа болып саналады, егер жеміс диаметрінен екі есе үлкен болса, қысқа болып саналады, егер жеміс диаметрінен аз ғана үлкен болса).
Шиелер дәмі бойынша: десертті сорт – күшті дәмдік сапасы барлары, асханалық сорт – жақсы дәмдік сапасы бар және өңдеуге ғана жарайтын сорттар деп бөлінеді.
Шиелер қысқа төзімділігі бойынша: қысқа төзімді, төмен қысқа төзімді және өте төмен қысқа төзімді болып бөлінеді.
Тәтті шие (Cerasus avium L.). Қазақстанда тек Оңтүстік Қазақстан облысында өсіріледі. Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында әуесқой бағбандар өсіреді. Жапырағы түсетін, қуатты (биіктігі 2,5–3,5 м, діңінің диаметрі 0,6 м дейін) өсімдік. Жеміс салуға отырғызғаннан 4–7 жылдан соң кіріседі. Жеміс салуында үзіліс кезеңі жоқ. Тіршілігінің ұзақтығы – 50–70 (100) жыл. Өнімділігі жоғары – 10–15 т/га. Жемістері тәтті, қанттары аздап және органикалық қышқылдары бар оларда каротин, никотин қышқылы, темір болса, шамалы С және Р дәрумені кездеседі. Тұқымдарында 28 % протеин және парфюмер – косметика өнеркәсібінде пайдаланылатын майдың мөлшері – 30 %. Жапырағында С дәрумені көп. Өсірілетін тәттішие сұрыптары жемісінің мәйегінің тығыздылығы және оның реңі бойынша мынадай топтарға бөлінеді: гини – қоңыр түсімен, етінің нәзіктілігімен және шырындылығымен (асханалық) ерекшеленеді; бигарро – мәйегі тығыз, шеміршекті, ашық түсті келеді (консервілеуге). Жемістерін дәмбасқыш ерте жеміс ретінде пайдаланса, бір бөлігін балаң күйінде тоңазытады; оларды компот (сүйектілердің ішіндегі ең жақсысы), тосап, шырын дайындауға, кептіруге, жемістерді жылтыратуға қолданады (2.6-сурет).
Сүйекті дақылдардың ішінде алхоры басты орынды алып тұр.
Үй алхорысы – Prunus domestica. Шығу тегі буданды – алша мен шомыртты будандастырып, кейін хромосомдарын екі еселеумен (аллополиплоидтау), алша мен шомырт бірге өсетін Қап тауында, олардың жемісшіл (фертильді), қуатты, үй алхорысына ұқсас, табиғи будандарын тапқан. Алхорыны қолдан өсіру Қап тауында басталған деп санайды (И. П. Игнатьев, 1990). Кейіннен олар Орта Азияға және Жерорта теңізіне әкелінген, жаңа жағдайға байланысты өзгеріске ұшыраған. Алхоры сүйектілердің ішінде жетекшілікке ие. Қазақстанда барлық облыстарда өсіреді.
Қазақстанның солтүстігінде қысқа және құрғақшылыққа шыдамды уссурий, канада, американ және қытай алхорысы, алхоры – шие будандары негізінде алынған сұрыптар өсіріледі. Биіктігі 6–15 м, жеміс салуға 3–6 жылы кірісетін, өміршеңдігі 20–50 жылға дейін болатын ағаш. Бір ағаштың өнімділігі 60 кг-нан 200–250 кг- ға дейін. Жемісте қанттар, органикалық қышқылдар, А, С дәрумендері бар; жемістері тамаққа балаң және тоңазытылған күйінде пайдаланылады, сондай-ақ мармелад, тосап, повидло, жылтыр жемістерді, компот, маринад, шырын дайындауға; қанттылығы мол сұрыптары қара өрік (құрғақ жеміс) дайындауға пайдаланылады.
Жемістерінің мөлшері және түсі бойынша алхоры 4 сұрыптық – өндірістік топтарға топталынады: венгерка – жемістерінің түсі қара; ренклодтар – жасылдау түсті; жұмыртқаның сарысының түсіндей – сары түсті және мирабели – жемісінің пішіні мен дәмі бойынша алшаға жақындау. Венгеркалар сақталғыштығымен және тасымалданғыштығымен ерекшеленеді, негізінен құрғақ жеміс (қара өрік) дайындалады.
Үй алхорысынан басқа да алхоры түрлері өсіріледі: уссурия алхорысы (P. ussuriensis) – тікенектерімен, ашық-жасыл жапырақтарымен; канадалық (P. nigra) – ірі жасыл, әжімді жапырақтарымен; қытайлық (P. salicina) – қызыл-қоңырлау түсті жалаңаштанған өркендерімен және ұсақ гүлдері мен созылыңқы жапырақтарымен ерекшеленеді.
Солтүстік Қазақстан бо йынша ұсынылған орташа пісетін алхоры сорттары: Алтайская юбилейная, Желтая хопты, Маньчжурская красавица, Опата.
Алхорының негізгі сортты ажырату белгілері: пішіні, бояуы, жеміс дәмі, жемістің пісу уақыты; ағаштың пішіні мен өсу мінездемесі; жапырақтың пішіні, өлшемі мен түсі.
Жемісінің бояуы бойынша алхорыны үш топқа бөлуге болады: сары, ақ және жасылдау жемісті сорттар; жемістері алқызыл, қызыл, қошқыл-қызыл түсті сорттар; жемістері қара-көк немесе қаралау түсті сорттар.
Өлшемдері бойынша алхоры жемістері былайша болады: ірі (30 г-нан артық массалы), орташа (15–30 г), ұсақ (15 г-нан аз).
Алхорының жемістерінің дәмі бойынша былайша бөлінеді: күшті дәмі бар, асханалық, орташа дәмді, төмен дәмді сорттар.
Алхоры ағашының негізгі сорттық белгілеріне бөрікбастың пішіні (шар тәрізді, жалпақ пирамидалы, жіңішке пирамидалы, және т.б. жатады.
Алша (Prunus ctrasifera Ehrh – Алыча). Алшаны аса үлкен емес ағаш немесе бұта (4–10 м-ге дейін) ретінде өсіреді. Өмір сүру ұзақтығы 15–60 жыл, жеміс салуы отырғызылғаннан кейін 2–4-ші жылы басталады.
Жемісі ірі (диаметрі 10–60 мм), түсі алқызыл, сәл сары және күңгірт түске дейін өзгереді. Алшаның қышқыл дәмі үшін көбінесе кампоттар, тосаптар жасауға пайдаланады, ал балғын түрінде аз пайдаланады.
Өрік (Абрикос), (Armeniaca L.) представлен деревом высотой 5–8 м биіктікті ағаш болып табылады, жеміс салуға ерте кіріседі: европалық сорттар 3–4 жылы, орта азиялық – 5–7 жылы. Өмір сүру ұзақтығы 30–40 жыл, пайдалану уақыты – 25 жыл, кейбіреулері 70–80 жыл уақыт өмір сүреді. Тамыр жүйесі мықты, көбінесе үстіңгі қабатта орналасқан, құрғақшылыққа төзімді. Балғын түрінде және өңдеуге пайдаланады. Қазақстанда көбінесе оңтүстік өңірде өсіріледі.
Шабдалы (Persica Mill.),(персик) – ерте пісетін дақыл, отырғызылғаннан кейін жеміс салуды 2–3 бастайды. Өмір сүру ұзақтығы 20–25 жас, пайдалану мерзімі 12–15 жыл. Жарық сүйгіш өсімдік. Дақылдың ішінде кең тарағаны кәдімгі шабдалы (Persica vulgaris Mill.).
Төменгі температураға төзімсіз, сондықтан да көбінесе оңтүстік аймақтарда өсіріледі.
Тапсырма: Шие мен алхоры сорттарының негізгі морфологиялық белгілерін анықтау
Құрал-жабдықтар мен материалдар: шие мен алхоры дақылдарының муляждары мен жемістері, суреттер, плакаттар, өлшегіш, милиметрлік қағаз, пышақ, техникалық таразы, балғын жемістер.
Жұмыс барысы:
1) сүйекті дақылдар жөніндегі теориялық материалды игеру және құрылысының ерекшелігімен таңысу;
2) шие мен алхоры дақылдарының ұсынылған сорттарымен таңысу және сорттық белгілерін сипаттау: диаметр, жеміс биіктігі мен массасы және пішіні, жеміс қабығы мен жұмсағының түсі, жұмсақтың консистенциясы, дәмі мен иісі. Шие мен алхоры дақылдарының жемісінің пішінінің суретін салу. Өлшемдерін алу. Массасын өлшеу.Жемістің түр сипатын сипаттау. Дәмін көру және бағалау.
3) алынған мәліметтерді 2.2-кестеге толтыру.
2.2-кесте – Шие мен алхоры сорттарының ажырату белгілері
Дақыл, сорт |
Жеміс массасы, г |
Сүйектің массасы , % |
Өлшемдері, см |
Жеміс пішіні |
Бояуы, түсі |
Жемі сағағының өлшемі, см |
Жұмсағыныңконсистенциясы |
Дәмі |
Ескертулер |
||
биіктігі |
диаметр |
қабығының |
жұмсағының |
||||||||
Бақылау сұрақтары
2.3 Жидекті дақылдар
Жидекті дақылдарға жеміс өсімдіктері әр түрлі ботаникалық тұқымдастар қатарына жатады. Оларға: бүлдірген, құлпынай, қарақат, қарлыға, таңқурай, бөрткен, үшқат, итбүлдірген, көкжидек, мүкжидек, қаражидек, жүзім, актинидия, дәрілік сермене (лимонник), қызыл, шырғанақ, жиде, тұт (ақ тұт), итмұрын, шәңгіш, бөріқарақат және т.б. жатады. Бүлдірген, құлпынай, танқурай, бөрткен – раушангүл тұқымдасына, ал қара, қызыл, сары қарақат, тұшала – тасжарған тұқымдасына жатады. Бұл топтағы дақылдар ең ерте жеміс салатын әрі жемістері ерте пісетін өсімдіктер. Бірақ тасымалдау және сақтау тұрғысынан алғанда нашарлау, сондықтан да көбіне өңделген күйінде қолданылады. Жемістері негізінен жидек деп аталады, бірақ құрылымына қарай бүлдірген мен құлпынай күрделі дәнекті жеміс, таңқурай мен бөрткен құрама шырынды сүйек жеміс, ал қарақат пен тұшала нағыз жидек деп те аталады. Жемістері жалған жемістілерге жатады.
Бүлдірген – Fragaria L. Солтүстік жарты шарда тараған 45 түрді біріктіреді. Америкалық екі түрдің – чилилік бүлдірген мен виргин бүлдіргенін будандастырудың нәтижесінде Голландияда пайда болған (ХVІІІ ғасырда). Табиғи түрде Еуропаның, Сібірдің, Орта және Кіші Азияның шалғындары мен ормандарының шетінде орман бүлдіргені және құлпынай кездеседі. Қазақстанда барлық жерде өсіреді. Қазақстанның солтүстігінде тұрақсыз қар жамылғысында бүлдірген қыста зақымданатындықтан, мұнда қыста жабындау мүмкіндігі барда өсіруге болады. Бақтық бүлдірген – көп жылдық, шөптектес, жақсы бұтақтанатын, дегелекті (биіктігі 10–35 см) өсімдік. Дегелектің жеміс салуы отырғызғаннан кейін 1-ші немесе 2-жылы басталады. Өсімдік 20 жылға дейін өмір сүреді, бірақ өндірістік плантацияларды (егістіктерді) 4–8 жылдарда алмастырады, себебі жемістері ұсақтанады және өнімділігі төмендейді. Бапталуы жақсы болғанда өнімділігі 6–7 (кейде 17-ге) т/га жетеді. Жемісте 80–90 % су, қанттар, лимон, алма, салицил қышқылдары, азотты және пектинді заттар, клетчатка, күл, С дәрумені бар.
Бүлдірген жидегінен тамаша тосап, желе, пастила, өте бағалы шараптар мен дәмді шараптар, кондитер бұйымдары дайындалады. Тоңазытып дайындағандағы консерві балаңдығын ұзақ сақтайды. Халықтық медицинада емдік қасиеті жоғары бағаланады. Солтүстік Қазақстанда қыстауға қорғау жабындысын жасаған дұрыс болады.
Табиғи түрде Еуропаның, Сібірдің, Орта және Кіші Азияның шалғындары мен ормандарының шетінде орман бүлдіргені және құлпынай кездеседі. Мәдени дақыл ретінде ең көп тарағаны ірі жемісті бүлдірген (Fragaria grandiflora Ehrn.), виргиниялық және чилилік бүлдіргеннің гибриді болып табылады.
Солтүстік Қазақстан бойынша бүлдіргеннің өсіруге ұсынылған сорттары: ерте пісетін – Огонек; орташа мерзімде пісетін – Зенга-Зенгана, Рубиновая, Фестивальная.
Фестивальная. Бұрынғы БОӨШ-ның (ВИР-дың) эксперименттік базасында Обильная және Премьер сұрыптарын будандастырумен шығарылған. Қысқа төзімді, өнімді, орташа мерзімінен ертерек пісетін сұрып. Сұр шірікпен және теңбелділікпен залалдануы шамалы, кенеден зақымдануы орташа. Бойшаң, қою жапырақты бұта. Гүлдері қос жынысты, өздігінен жемістенеді. Жемісі ірі, алғашқылары 4–6 г. Мәйегі тығыз, шырынды, нәзік. Дәмдік сапасы бойынша дәмбасар сұрыптардың жақсыларының бірі. Өнімділігі 150–170 ц/га. Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіріледі.
Зенга-Зенгана – шетелдік сұрып (ФРГ). Биік, жинақы, қою жапырақты өсімдік. Жапырақтары күңгірт жасыл, гүл сидамдары жапырақтар деңгейінде орналасқан, гүл шоғырлары жинақы, жіңішке ұзын гүл сабақтарында орналасқан. Гүлдері қос жынысты. Жидектері ірі (9–10 г), жалпақ шошақ пішінді, қоңыр жылтыр түсті гүлді. Жидектері тығыз, қызыл, шырынды, хош иісті, тасымалдауға шыдамдылығы жоғары. Құрғақшылыққа, қысқа төзімді. Сұр шірікке шалдыққыш. Жақсы күтіп-баптағанда 150 ц/га дейін өнім береді. Орташа мерзімде піседі. Павлодар облысында өсіруге рұқсат етілген. Огонек – Куйбышев аймақтық бақ шаруашылығы тәжірибе стансасында (Новинка х Ударница х Любовь Поволжья) шығарылған. Салыстырмалы түрде қысқа төзімді, өнімді, ірі жемісті, жидегі дәмді сұрып. Бұтасының биіктігі орташа, сәл қомақты, жапырақтары жасыл, мұрты қызыл. Жидектері ірі, 6,8–9,5 г, мұқыл шошақты, қызыл сары реңді, жылтыр, құрғақ. Дәмі қышқылтым, сүйкімді, ерекше хош иісті, татымдылығы – 4,5 ұпай. Өнімділігі 95–152 ц/га. Қостанай облысында өсіруге рұқсат етілген.
Бүлдіргеннің жидегінің негізгі сорттық ажырату белгілеріне келесілер жатады:
- мөлшері: өте ірі –18 г-нан артық ; ірі – 14–18 г, орташа – 7–13 г, ұсақ–7 г-ға дейін;
- пішіні: конусты, жұмыр конусты, жүрек тәрізді, дөңгелек, шар тәрізді, бүйрек тәрізді; (2.7-сурет);
- жидектің мойынының бар-жоғы;
- сыртқы бет-бедері: тегіс немесе бұдырлы, жалаңаш немесе түкті;
- жұмсағының тығыздығы: тығыз немесе қопсынды;
- дәмі: ащы-тәтті немесе тәтті-ащы, иісімен немесе иіссіз;
- жидекте тұқымның орналасуы: беткі қабатта немесе жұмсағына тереңдеу орналасуы;
- жеміс түсі, бояуы: қызыл, қара-қызыл немесе сары.
Бүлдіргеннің тағы да мінездемелік сорттық белгілеріне гүлінің мөлшері мен пішіні, жапырақ тостағаншасының мөлшері (2.8-сурет), гүл сағағының түктенуі, жапырақшалардың түсі мен түктенуі және т.б. жатады.
Таңқурай, кәдімгі немесе қызыл – Rubus idaeus L. Таңқурайдың 120-дан артық түрі белгілі. Орман шеттерінде, ағашы кесілген және өртенген жерлерде, қоңыржай – ылғалды топырақтарда, жиі қопа түрінде өседі. Мәдени сұрыптары мына түрлерден пайда болған: кәдімгі, батыстық (қожекей тәрізді), тікенекті және соңғы екеуінің будандары – тылсым немесе қан қызыл. Қазақстанда таңқурайды барлық жерде өсіреді. Қазақстанның солтүстігінде таңқурай өте белгілі және кең тараған, әсіресе үй маңайындағы телімдерде. Жапырағы түсетін, атпатамырлы бұта. Өркеннің топырақастылық бөлігі көпжылдықтар, топырақүстілігі – екіжылдықтар, жеміс салғаннан кейін өркендер қурап қалады, сондықтан оларды кесіп, аластау керек. Жеміс салуды отырғызғаннан 2–3 жыл өткен соң бастайды. Пайдалану мерзімі – 8–12 жыл, өнімділігі – 6–8 (14) ц/га. Жемістерінде қанттар (сахароза, фруктоза, глюкоза), қышқылдар (лимон, алма, салицил, шарап), иілік заттар, С және В дәрумендері бар. Жидектерінен тосап, мармелад, желе, повидло, шырын, шарап және т.б. дайындалады. Таңқурай консервілегенде және тозаңытқанда балаң сапасын ұзақ сақтайды. Ол жақсы сульфидацияланады (консерванттармен химиялық консервілеу – күкірт ангидридін қолданады). Халық медицинасында таңқурайдың емдік қасиеті кең қолданылады. Таңқурай – балды өсімдік.
Тікенекті және кәдімгі таңқурайдан шыққан сорттарда тамыр жүйесі тереңге бойламайды, негізгі және бүйірлік тамырлары аз тіршілік етеді, олар тіршілігін жоя келе қосымша тамырлармен алмасады, қосымша тамырлар тамырдың топырақ асты бөлігінен бірінші жылы пайда болады. Қосымша тамырлардан көптеген атпа тамырлар пайда болады, оларды таңқурайды көбейту материалы ретінде отырғызуға пайдаланады. Таңқурайдың қожақат тәрізділерден шыққан сорттарда тамыр жүйесі терең бойлайды, ұзақ өмір сүреді, атпа тамырлар түзбейді. Көбейту өркендерді майыстыра топыраққа енгізу немесе үстіңгі бүршіктерді қысқартумен жүргізіледі.
Таңқурай сорттарының көбінде өркендері тікенекпен қапталған. Кей кездері тікенектер қатты байқалған, ал кейде аса байқалмайды (2.9-сурет). Тікенектер таңқурайға жайсыз сыртқы орта жағдайларында қорғаныш қызметін атқарады.
Таңқурайдың сорттарында тікенектер саны сорттарға байланысты және өркеннің негізінен бастап ұшына дейін өзгеріп отырады. Өркендегі тікенектер келесіндей пішінді болуы мүмкін: тік, қатты қайырылған және т.б. Тікенектердің негізі дөңкиген немесе жазық болады. Олар өркен негізінен ұшына дейін өзгереді. Тікенектердің түсі де әртүрлі болады.
Таңқурайдың сорттарын анықтағанда сортқа тән белгілерге көңіл аударады, яғни бұтасының, өркендерінің, апырақтарының жемісінің және гүлдерінің, гүлшоғырының, жеміс бұтақшаларының ерекшеліктері ескеріледі.
Жидектер мөлшерлері бойынша ірі (3 г-нан үлкен), орташа (2–3 г), ұсақ (2 г-нан кіш); пішіні бойынша – конусты, дөңгелек, созылыңқы, жартылай шарлы.
Жеміс бояуы бойынша таңқурай сорттары келесі топтарға бөлінеді: қызыл жемісті, ақжемісті және қаражемісті. Түктері бар жидектер сырты маталы, түкті еместері- жылтыр.
Таңқурай жұмсағы шырынды, сондықтан жалпы дәмінің бағасын былайша сипаттайды: дәмі жаман, орташа, жақсы, өте жақсы, керемет күшті.
Бүйірлік жеміс беретің бұтақшалардың негізгі сорттық белгілеріне келесілер жатады: түктенуі, балауыздануы және тікенектігі
Таңқурай бұталарының өте тән сорттық белгісі бар. Қатты өсетін бұталарда бұта биіктігі адам бойынан асады, кейбір сорттардың бұталары шашақты шашырағандықтан кейде өркендері жерде де жатады. Таңқурайдың сорттарының 2 жылдық өркендерінің түсі бойынша екі топқа бөлінеді: сұр және қоңырлау түс. Сарыжемісті сорттарда тікенектер бояуы – жасыл, ал қызылжемісті сорттарының тікенектер бояуы – қызылдау.
Мінездемелік сорттық белгі таңқурайдың – біржылдық өркендерінің түктенуі. Тікенекті балауызды қабатпен шатастырып алмау үшін, өркенді сәл сүртіп жіберу керек. Сонда балауызды жағынды сүртіледі, ал тікенек сүртілмейді.
Солтүстік Қазақстан бойынша таңқурайдың өсіруге ұсынылған сорттары: Барнаульская, Вера, Вислуха, Высокая, Колокольчик, Кримзон-Маммут, Награда, Новокитаевская, Спутница, Трояна.
Қарақат – Ribes L. Туыс Еуропаның, Азияның, Солтүстік Африканың, Солтүстік және Оңтүстік Американың қоңыржай және салқын климатында өскен 150-дей түрді біріктіреді. Өзендердің, жылғалардың, көлдердің, жағалауларында, ескі арналарда, жапырақты, аралас және қылқан жапырақты ылғалды ормандарда өседі. Ылғалды, сусіңіргіш (кәрізді), қара шіріндісі мол топырақтарды ұнатады. Әртүрлі жабайы түрлерден пайда болған қара және қызыл қарақаттар кең қолданыс тапқан.
Қара қарақат – R. nigrum L. – суықа төзiмдi жəне топырақ пен ауа – ылғалдылығына қоятын талабы жоғары. Қара қарақаттың бүршiктерi кеш жетiледi, сондықтан нөлiншi (жерасты орын басатын бүршiктен) жəне зырылдауық (бұйықан бүршiктен) бұтақшалар бiрiншi жылы тармақталмай биiктiкке өседi. Тармақталуы екiншi жылы басталады.
Бұтақтың төменгi бөлiгiндегi тармақтар биiк өседi де, жоғарылаған сайын əлсiрей бастайды. Жемiс бүршiктерi бiржылдық өскiндерде орналасқандықтан, үш жылдық жас бұтақтарда жемiс салу аймақтары бұтақтың сыртқы жағына қарай орналасады. Үшiншi қатардағы бұтақтардың көпшiлiгi жемiс бұтақтары болып келедi. Қара қарақаттың гүлбүршiктерi аралас, олардан орын басаты өркендер мен шашақ гүл пайда болуымүмкiн. Қысқа сақиналы жемiс бұтақшалар 2–4 жылөмiр сүредi. Қарақат негiзiнен өткен жылғы бүйiр өсiндiлерiнде жемiс салады. Бұтақтар есейген сайын, өсiндiлер кемибастайды жəне өнiмдiлiгi төмендейдi. Бұта жыл сайын жəне мол өнiм беру үшiн, барлық бұтақтарда өсiндiлердiң бiр қалыпты өсуiн қамтамасыз ету қажет. Өсiндiлерi нашар бұтақтарды кесiп жас бұтақтарды қалдырады. Қра қарақат жапырағы түсетін, биіктігі 1–2 м бұта. Тіршілігінің ұзақтығы – 15–20 жыл, пайдалану мерзімі – 8–12 жыл. Жеміс салуға отырғызғаннан 2–3 жыл өткен соң басталады.
Қара қарақат жақсы нәтижені Қазақстанның солтүстік және шығыс облыстарында, Батыс Қазақстан облысының қоңыржай климатында береді. Қазақстанның оңтүстігінде және оңтүстік шығысында қара қарақатты, ол жазғы жоғары температурадан азырақ зардап шегетін таулы аймақтарында өсіреді. Өнімділігі 6–10 т/га. Жемістерінде С дәрумені өте көп, қанттар, қышқылдар, иілік және пектинді заттар В6, Д, К, Р және Е дәрумендері, микроэлементтер (йод, барий, марганец, т.т.) және темір бар. Жидектері балаң күйінде пайдаланылады, сондай-ақ тосап, желе, шырын, конфет ішін толтырғыш – жентек, шарап түрлері дайындалады. Қара қарақаттың емдік қасиеті зор. Жидектері консервілеуге және тоңазытуға жарамды.
Қара қарақаттың сорттарын көптеген морфологиялық және биологиялық белгілері бойынша ажыратады: бұтаның сипаты; жапырақтың бояуы мен түктенуі; гүл білегінің түктенуі мен құрылысы; гүлдің пішіні мен түсі; жидектің өлшемі, пішіні, түсі және дәмі; пісу уақыты, өнімділігі және т.б.
Жеміс білегі әртүрлі сорттарда ұзындығы бойынша қатты ажыратылады (ұзын, орташа, қысқа), өзара орналасуы бойынша (жалғыз, 2–3 бірге), жидектің орналасуы бойынша (жиі, орташа, жиі емес).
Жидектерді мөлшері, кейде пішіні бойынша (дөңгелек, ұзарған, жалпайған) және бетіндегі ойықшасының бар-жоғы бойынша ажыратады. Жидектердің қабаты жіңішке, орташа жіңішке, орташа қалың және қалың болып бөлінеді Жұмсағы – жасылдау немесе қызылдау, аштылау, ашты-тәтті, тәтті-ашты, тәтті болады. Дәмінің бағасы былайша беріледі: дәмі жаман, орташа, жақсы, өте жақсы, керемет. Шаруашылық және сорттық маңызды белгіге жидектің жеміс сағағымен байланысты орналасуы (әлсіз немесе мықты) және жидектің шашылуы болып табылады. Қара қарақаттың жапырағының арнайы өзіндік иісі болады, сол белгінің күші мен деңгейі сорттық белгіге жатқызылады. Сонымен қатар қара қарақат тағы да көптеген белгілер бойынша ажыратылады, бірақ та сорттық белгіні ажыратқанда өсіру жағдайы мен агротехникасының деңгейіне, сыртқы орта ерекшеліктеріне байланысты мөлшерлері мен түсінің өзгеруін ескеру қажет.
Биологиялық ерекшеліктері. Қара қарақаттың сібірлік сұрыптарының бұтасының пішіні негізінен қаумалы. Топырақ үстілік бөлігі бір тамыр жүйесінен дамыған көп жылдық әртүрлі жастағы бұтақтардан тұрады. Бұтаның негізінен, тамыр маңайлық бүршіктерден, жылда жаңа (нөлдік) орынбасар өркендер пайда болады. Бұтаның биіктігі 1–1,5 м. Қарақат тамырларының негізгі массасы 60 см-ге дейінгі тереңдікте орналасады, тек жекелеген тамырлар 1,5 м дейін бойлайды. Жеміс беретін бұталардың тамырлары қатараралыққа қарай 90–100 см-ге дейін жайылады. Тамырлардың негізгі массасы бұтаның бөрікбасының шегінде орналасады. Қарақаттың бұтақтары сұрыптық ерекшеліктеріне және өсу жағдайына байланысты 10–12 жыл тіршілік етеді, бірақ олар ең жоғары өнімділігін 4–5 жылдары береді. Қарақат жидегін бір жылдық өсінділерінде байлайды. Қарақат – қоңыржай климаттың, салыстырмалы түрде қысқа төзімді өсімдік. Маусымның соңы – шілденің басында, жидек қалыптаса бастағандағы жоғары темпера- тура жидектің шашылуына, жас жапырақтардың жарақаттануына және құрғауына, өрмекші кенешіктің зияндылығының артуына әкеледі. Қарақаттың өнімділігінің сезілетіндей төмендеуіне көктемгі ызғарлар, әсіресе далалық аймақтарда, ықпал етеді. Гүлдер үшін ауаның темпера- турасы минус 2 о С және одан төмен болуы қауіпті, ал – 3 о С және одан төмен температурада гүлдердің бәрі үсиді. Қарақат үшін 1–1,5 оС теріс температура сындарлы (қауіпті) саналады. Қазақстанның солтүстігінде қарақаттың бүршіктерінің ашылуы сәуірдің ортасында – соңында байқалады. Осы кезде суықтың қайталануына байланысты қарақат жиі үсікке шалдығады. Қарақат жапырағын жайғаннан 20–25 күн өткен соң гүлдейді. Гүлдеуі 7–18 күндей, әдетте ауаның тұрақты температурасы 12–13 о С-дан 15–16 оС дейін болғанда жүреді және мамырдың бірінші-екінші онкүндігіне тұстас келеді. Жидектері гүлдегеннен 50–65 күн өткен соң, шілденің соңынан тамыздың ортасына дейін пісіп-жетіледі.
Солтүстік Қазақстан бойынша қара қарақаттың өсіруге ұсынылған сорттары: Алтайская десертная, Багира, Голубка, Консервная, Минай Шмырев, Нестер Козин, Памяти Шукшина, Партизанка, Паулинка, Сеянец голубки, Софья, Стахановка Алтая, Черный жемчуг.
Алтайская десертная. М.А.Лисавенко атындағы Сібір бақ шаруашылығы ҒЗИ- да шығарылған. Биіктігі орташа, қаумалы бұта. Тамыр маңайлық өркендері аз. Ағаштанған қалемшелермен жақсы көбейеді. Қысқа төзімділігі орташа. Ақұнтақпен зақымдануға бейімді. Жидектері ірі (1–2 г), қара, сәл жылтырлау, жұқа қабықты, мәйегі жасылдау, шырынды, қышқылтым. 4–5 жылдық бұталары 5 кг дейін өнім береді (107–134 ц/га). Шілденің соңында піседі. Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіруге рұқсат етілген. Голубка. М.А.Лисавенко атындағы Сібір бақ шаруашылығы ҒЗИ-да шығарылған. Орташа мөлшердегі қаумалы бұта. Қысқа төзімді, өздігінен жеміс салатын сұрып. Жидектері ірі (1–2 г), қара, көк балауызды қақты, қабығы жұқа, жидегі қышқылтым. Шілденің ортасында, орташа мерзімде піседі. Бір бұтаның орташа өнімі 4–5 кг (130–166 ц/га). Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіруге рұқсат етілген.
Минай Шмырев. Беларусь жеміс шаруашылығы және картоп шаруашылығы ҒЗИ шығарылған. Биік өсетін, өркендері жуан, иіңкі, жасыл, жылтыр түсті бұта. Қысқа төзімді. Жидектері ірі (1–2 г), күңгірт, мәйегі қышқылтым, ерте піседі. Өнімі жүйелі, жоғары (130-209 ц/га). Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіруге рұқсат етілген. Стахановка Алтая. М. А. Лисавенко атындағы Сібір бақ шаруашылығы ҒЗИ-да шығарылған (Голиаф х Приморский чемпион). Орташа биіктіктегі, аязға төзімді бұта. Өздігінен жеміс салатын сұрып. Жидектері қара, ірі (0,6–1,1 г), біркелкі, жұқа қабықты. Мәйегі жасылдау, шырынды, қышқылтым. Піскен жидектері шашылмайды, сондықтан оларды бір ретте жинап алуға болады. Пісу мерзімі орташа. Өнімділігі жоғары (70–120 ц/га). Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіруге рұқсат етліген. Черный жемчуг. И.В.Мичурин атындағы бақ шаруашылығы БОҒЗИ-да шығарылған. Қысқа төзімді, тез пісетін, өздігінен жеміс салуы жоғары сұрып. 3–4 жылдық бұтадан 3,5–3,6 кг жидек жиналады. Ақұнтаққа төзімді, тек бұл ауру қатты тараған жылдары өркендері шамалы зақымданады. Бүршіктік кенемен зақымданбайды, жекелеген жағдайларда антракнозбен зақымданады. Жидектері ірі, біркелкі, домалақ, қара, шырынды, нәзік, дәмі қышқылтым, С дәрумені 109–154 мг % болады, массасы 1,2–1,5 г. Бұтақбасының ұзындығы орташа немесе ұзын – 5–7 см, онда 8–12 жидек болады. Үзілуі құрғақ. Орташа биіктіктегі қаумалы бұта. Ерте пісетін сұрып. Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіруге рұқсат етілген.
Багира. И. В. Мичурин атындағы бақ шаруашылығы БОҒЗИ-да шығарылған (Минай Шмырев х Бреддторп сұрыптарының буданын кейін жеке іріктеумен). Өнімділігі, өзіндік жемістенуі, қысқа төзімділігі бойынша Черный Жемчуг сұрпына жақын, бірақ құрғақшылыққа және ыстыққа төзімдірек. 3–4 жылдық бұтадан 3,9–4,1 кг жидек жиналады. Ақұнтаққа, бүршіктік кенеге және антракнозға төзімділігі Черный Жемчуг сұрпына ұқсас. Жидектері домалақ, қара, жылтыр, орташа массасы 2 г. Қабығының тығыздығы орташа. Мәйегі нәзік, қышқылтымдығы жақсы, дәмді (4,4–4,6 ұпай), хош иісті. Жидектерінде 150–160 мг % С дәрумені болады. Шоқ жемісі қысқа және орташа – 3–4,5 см, 4–7 жидекті. Буыннан жиі 2–3 шоқ жеміс дамиды. Жидегінің үзілуі құрғақ. Орташа биіктіктегі, орташа қаумалы бұтақ. Орташадан кеш пісетін сұрып. Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіруге рұқсат етілген.
Паулинка – Белорусс картоп және жеміс-көкөніс шаруашылығы ҒЗИ. Сібірлік түр тармақтар мен Голубка сұрпының таңдамалы түрлерін еуропалық сұрыптармен будандастырып шығарылған. Орташа мерзімде пісетін, қысқа төзімділігі жоғары, өнімді сұрып. Жидектері сопақ, орташа, жылтыр, қышқыл, қабығы жұқа. Қанттылығы 7,8 %, қышқылдығы 3,3, С дәрумені 147 мг %. Ақұнтаққа төзімді, бүршік кенесіне және гүлпарлыққа орташа төзімді, антракнозбен зақымдалуы шамалы. Павлодар облысында өсіруге рұқсат етілген.
Сеянец Голубки. М.А.Лисавенко атындағы Сібір бақ шаруашылығы ҒЗИ-да шығарылған. Биіктігі орташа, қаумалылығы шамалы бұта. Ақұнтақпен жапырақтарының ұштары ғана зақымданады және жылда емес. Жидектері қара, күңгірт, жұқа қабықты, қышқылтым, орташа массасы 1,2 г. Целиноград тәжірибе стансасында өнімділігі 44 ц/га болған. Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіруге рұқсат етілген. Памяти Шукшина. М. А. Лисавенко атындағы Сібір бақ шаруашылығы ҒЗИ-да шығарылған (Зоя және 25-50-01 сұрыптарын (Каракаол х Алтайская десертная) будандастырумен, кейін буданды ұрпақтан элиталы сеппе көшетті іріктеп). Биіктігі орташа, қаумалы бұта. Ерте пісетін, өздігінен жемістенетін, өнімді, қысқа төзімділігі қанағаттанарлық, қызуға және құрғақшылыққа төзімді сұрып. Жидектері, қышқылтым, ірі – 1,2 г, қабығы жұқа, аса пісіп кеткенде жарылғыш. Өнімділігі – 5 т/га. Солтүстік Қазақстан облысында өсіруге рұқсат етілген. Софья. М. А. Лисавенко атындағы Сібір бақ шаруашылығы ҒЗИ-да (өздігінен тозаңданатын Сеянец Голубки сұрпынан (Ғ1) сеппе көшетін іріктеумен) шығарылған. Жақсы дамыған, жинақы бұта. Жидектері біркелкі, жылтыр, қара, шар тәрізді, орташа массасы 1,5–3,1 г, үзілуі құрғақ, дәмі қышқылтым (3 ұпай), тасымалдауға шыдамдылығы жоғары. Қысқа төзімділігі орташа, ақұнтаққа төзімді, антракнозбен зақымдануы 1–2 ұпай, септариозбен – 1–2 ұпай. Бұтаның бесінші жылында бүршіктік кенемен зақымдануы 3 ұпай. Өнімділігі 11,3 т/га. Солтүстік Қазақстан облысында өсіруге рұқсат етілген.
Партизанка. Белорусс жеміс шаруашылығы ҒЗИ-да Болдуин буданы мен Голубканың сібірлік түртармағының сеппе көшеттерін будандастырумен алынған. Биік өсетін, жартылай қаумалы, қою бұта. Жемістік шоқ жемісі ұзын және орташа. Шоқ жемістегі жидектер жиі орналасқан. Жидектері ірі, шоқ жемісте біркелкі орналасқан, қара, домалақ, қабығы жұқа, қышқылтым, орташа массасы 1,2 г. Өнімділігі 8,5–11,5 т/га. Қысқа төзімді. Орташа мерзімде піседі. Антракнозға төзімділігі жоғары және америкалық ақұнтақпен зақымдануы орташа. Бүршіктік кенемен зақымданады. Тауарлығы – жоғары. Балаң жидектің тасымалдануға төзімділігі жоғары. Жылда өнім береді. Әмбебап сұрып. Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіруге рұқсат етілген.
Консервная. М. А. Лисавенко атындағы Сібір бақ шаруашылығы ҒЗИ-да Зоя және 25-50-01 сұрыптарын (Каракаол х Алтайская десертная) будандастырумен шығарылған. Биік, жартылай қаумалы, аязға орташа төзімді, құрғақшылыққа шыдамды, тез жеміс салатын, өздігінен жемістенетін бұта. Жидегінің дәмі орташа, массасы 1,2–4,8 г. Бүршік кенесімен және саңырауқұлақ ауруларымен зақымдануы шамалы. Бір бұтадан 7 кг дейін жидек жиналады. Қостанай облысында өсіруге рұқсат етілген. Нестор Козин – М. А. Лисавенко атындағы Сібір бақ шаруашылығы ҒЗИ-да шығарылған. Сеянец Голубка сұрпын еркін тозаңдатып алынған сеппе көшет. Бұтасы жинақы, бойшаң емес (1 м дейін). Жидегі шар тәрізді, қара сәл балауызды, табақшасы кішігірім, жұқа қабықты, массасы 1,2–4,8 г. Ақұнтаққа (0,1 ұпай), антракнозға (0,2), септориозға (0,3), бүршіктік кенеге төзімді. Өздігінен жемістенуі өте жоғары сұрып. Өнімділігі 7 т/га. Солтүстік Қазақстан облысында өсіруге рұқсат етілген.
Қызыл қарақат – R. rubrum L. – қара қарақаттан қысқа және құрғақшылыққа төзімділігінің және өнімділігінің жоғарылығымен ерекшеленеді. Солтүстік облыстар үшін құнды дақыл. Жемістерінде қанттар, С дәрумені бар. Жидектері балаң күйінде дәмбасқыш ретінде пайдаланылады, сондай-ақ өңдеуге. Одан мармелад, желе, пюре, конфеттер, балмұздақтар, тосап, шырындар және шараптар дайындалады. Шырыны құрқұлаққа қарсы қасиеті бар өнім саналады. Өнімділігі – 15–17 кг бұтадан. Пісіп жетілген жемістері ұзақ уақыт шашылмайды. Әуесқой бағбандар ақ және сары қарақат сұрыптарын өсіреді. Ақ қарақаттың жидектері қызыл қарақаттікінен дәрумендерінің және басқа да биологиялық белсенді заттардың мөлшерінің төмендігімен өзгешеленеді.
Сары қарақат әсемдік бұта ретінде орман қорғағыш жолақтарда пайдаланылады, сондай-ақ қарлыға мен қарақаттың сүңгекті түрлерін алуға телітуші ретінде қолданады. Жидектерінде қанттар, қышқылдар, А, В дәрумендері, пектинді заттар, бояғыш және иілік заттар бар. Бір түптің өнімділігі – 4,5–5 кг.
Қызыл қарақаттың қара қарақаттан айырмашылығы:
- бiржылдық өркенi сұр түстi, көбiне қабыршақтанған, қысыңқы бүршiктi, қызыл немесе ақ жидектi, жиыңқы бұта;
- өзiне тəн хош иiсiнiң жоқтығы;
- орын басатын өркендердiң ұстамдыөсетiнi жəне төбесiнен өсу қабiлетiнiң басымдылығы;
- жылдық өсiндiлердiң шекараларында орналасқан сақиналы бұтақтармен шоқ бұтақшаларда жемiс беруi;
- қызыл қарақат өнiмдiлiгi қара қарақатқа қарағанда жоғары, суыққа төзiмсiздеу, ал құрғақшылықа төзiмдiрек;
Қалемшелерi нашар тамырланатындықтан, негiзiнен сұлама сабақ арқылы көбейтiледi. Сарғыш қарақаттың ыстық пен құрғақшылықа жəне суықа төзiмдiлiгi үйлеседi. Қызыл қарақат сияқты төбесiнен өсу қасиетi байқалады. Бұтақтарын қайта қалпына келтiру қасиетiнiң жоғарылығы бұтаның шамадан тыс қалыңдауына əкелiп соғады.
Қарлыға – Grossularia Mull. Туыс Солтүстік жарты шарға тараған 50 түрді (оның 46 түрі Солтүстік Америкада; ТМД – 3 түрі) біріктіреді. ТМД-да өсірілетін негізгі сұрыптардың бастапқы тегі – еуропалық немесе көлбеуленген қарлыға (G. reclinata Mull.) Жапырағы түсетін, биіктігі 1,5 м дейін болатын бұта. Жеміс салуға отырғызғаннан 2–3 жыл өткеннен соң кіріседі; жаппай (толық) жеміс салу 6–7 жылдары басталады. Жеміс салуы жиі және мол – бұтасынан 25–30 кг дейін. Дақылдың қолдан өсіргендігі тіршілігінің ұзақтығы 30 жылға дейін. Жиі, солтүстік жүзімі деп аталатын қарлыға (жидегінің сыртқы ұқсастығына және қанттың молдығына байланысты), негізінен Еуропа елдерінде өсіріледі. Ең көп егістігі Германияда, Польшада, Венгрияда, Англияда. Басқа елдердегі түсімі шамалы. Ресейде, Қазақстанда өнеркәсіптік егістігі аз. Қарлығаны әуесқойқолар дақылы деп есептейді – үй маңайында және ұжымдық бақ шаруашылығында өсіреді. Жемісінде қанттар (глюкоза басымырақ), қышқылдар (лимон, алма), пектинді заттар, каротин С, В, Р дәрумендері бар. Қарлыға жидегін балаң, тоңазытылған күйінде пайдалануға жақсы; повидло, шырын, шарап дайындауға, ал пісіп жетілгендері өңдеуге жарамды (компот, тосап, жендек).
Қарлығаның сорттарын келесі белгілер бойынша ажыратады: жидегі, жапырағы, бұтасының ерекшелігі және биологиялық ерекшелігі (өнімділігі, аязғатөзімділігі, құрғақшылыққа төзімділігі және т.б.).
Жапырақтың мінездемелік сорттық белгілеріне: мөлшері (ірі, орташа, ұсақ), бояуы (қаралау-жасыл,жасыл, ашық-жасыл), бет-бедері (түкті, маталы, жылтыр, әжімді), пішіні (тік, томпиған, майысқан), негізі (тік, жүрек тәрізді), тістері (өткір, жұмыр), шеттері (қайырылған немесе қайырылмаған) (2.10-сурет).
Жидегінің негізгі сорттық белгілері келесілер:
- пішіні: дөңгелек, дөңгелек-сопақ,сопақша, жұмыртқа тәрізді, алмұрт тәрізді,аударылған жұмыртқа тәрізді (2.10-сурет);
- мөлшері: өте ірі (15 г және артық), ірі (8–15 г), орташа (4–8 г) және ұсақ ( 4 г-ғға дейін);
- түктенуі (жай жәнетемірлі, қатты және әлсіз);
- түсі (ақ, жасыл, сары, алқызыл, қызыл, қара-қызыл);
- жеміс сағағының ұзындығы, қалыңдығы мен түсі, (жасыл, қошқыл-жасыл, күңгірт-жасыл);
- жидекте сақталатын тостағаншаның пішіні,: открытая, полуашық немесе жабық;
- піскен жидек дәмі: тәтті, ашты-тәтті, татымды, иісімен, иіссіз және т.б.
Қарлығаның Солтүстік Қазақстан бойынша өсіруге ұсынылған сорттары: Изумруд, Консул, Салют Челябинский, Зеленый, Черносливовый.
Челябинский зеленый. Челябинск жеміс-көкөніс селекциялық тәжірибе стансасында шығарылған. Биіктігі орташа, жинақы, жапырақтары ірі, сәл тікенекті, өркенді бұта. Қысқа төзімді және өнімді сұрып. Айтарлықтай ерте, шілденің ортасында піседі. Жидектері орташа (2,5–3г), түксіз, домалақ-сопақша келген, ашық жасыл түсті. Мәйегі тәтті, қышқылдығы жоқтың қасы, өте сүйкімді дәмді. Ақұнтақпен зақымданбайды деуге болады. Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіруге рұқсат етілген.
Смена. Ресейдің Қара топырақты емес аймағының бақ шаруашылығы ҒЗИ-де Хоутон (АҚШ) сұрпын Зеленый бутылочный сұрпымен будандастырып шығарған. Қысты және құрғақшылықты өз қалпынан аса ауытқымай өткереді. Бойшаң, жіңішке доғалы иілген өркенді бұта. Өркен бойында ұсақ, жидегін жинауға және күтіп- баптауға кедергі келтірмейтін, тікендері бар. Жидектері салыстырмалы түрде ұсақ және орташа. Жемістері қызыл, домалақ пішінді, сирек жұмыртқа тәрізді, түксіз, қою балауыз қақты. Мәйегі қышқылтым, әжептәуір тәтті. Бұтасы тез қалыптасатындықтан жеміс салуын ерте бастайтын сұрып. Отырғызылғанның 3-жылы әр бұтадан 1,5–2,5 кг жидек жиналады. Піскен жидектері бұтада сапасын нашарлатпай ұзақ сақталады және жарылмайды. Америкалық ақұнтаққа төзімділігі жоғары. Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіруге рұқсат етілген.
Изумруд. Ресейдің Қара топырақты емес аймағының бақ шаруашылығы ҒЗИ- да шығарылған. Қысқа, құрғақшылыққа төзімді. Биіктігі, өркен қалыптандырғыштығы орташа бұта. Тікендері өркеннің өн бойында орналасқан. Жапырақтары қоңыр жасылды, орташа ұсақты. Жидектері орташа шамада, айтарлықтай балауызды қақты, домалақ сопақша пішінді. Жидегінің дәмі жақсы, кей жылдары қанағаттанарлық. Жидектерінің пісуі орташадан кеш. Піскен жемістері шашылмайды. Сферотекаға төзімді. Бір түптен 4 кг дейін жидек жиналады, гектарынан – 50–52 ц. Қостанай облысында өсіруге рұқсат етілген.
Черносливовый. М. А. Лисавенко атындағы Сібір бақ шаруашылығы ҒЗИ-да (Сливовый х Сливовый 259–23) шығарылған. Қауіпті жұқпалы ауруға – сферотекаға төзімді. Бұтақтары тікенексіз. Өнімді жидектері орташадан іріге дейін, сүйкімді, қоңыр қызыл, піскенде дерлік қара, ерекше дәмділік тән. Кемшілігі – бір мезгілде піспейді. Қостанай облысында өсіруге рұқсат етліген. Консул (Сенатор). И. В. Мичурин атындағы Челябинск жеміс-көкөніс шаруашылығы селекциялық тәжірибе стансасында (Челябинский зеленый х Африканец) шығарылған. Қысқа төзімді, бозқырауға, ақұнтаққа төзімділігі жоғарырақ. Мамырдың 9–19-да гүлдейді, 20 шілдеде піседі. Биік өсетін, орташа қаумалы, орташа ұзындықтағы түзу жасыл өркендері бар, өркендерінде тікенектері аз бұта. Жидектері ірі (2,6–6,3 г), жақсы дәмді, тәтті, қызыл, қабығы жұқа, орташа мерзімде піседі, құрамында 25,7 мг % аскорбин қышқылы, 6,7 % қанттар, 3,1 % қышқылдар бар. Жасыл, құрама қалемшелерімен, сұлатпа сабақтарымен жақсы көбейетін сұрып. Солтүстік Қазақстан облысында өсіруге рұқсат етлген.
Шырғанақ – Hippophae L. Туыс үш түрден тұрады. Жемістік және емдік жағынан ең бағалысы – итшомыртты шырғанақ (H. rhamnoides L.). ТМД елдерінде тұтас алаптар құрып өзен-көлдердің құм қайрандарында, су көздерінің құмды-қиыршық тасты жағалауларында – Байкал сыртында, Тувада, Алтайда, Қазақстанның оңтүстігінде, солтүстігінде (Бурабай көлдерінің жағалауларында), Тәжікстанда, Кабарды-Балқар мен Солтүстік Осетияда табиғи өседі. Өнеркәсіптік негізгі егістіктері Алтай өлкесінде және Сібірдің оңтүстік аудандарында. Қазақстанның солтүстігінде әуесқойлардың бақ шаруашылығында шырғанақ танымал дақылдардың біріне айнала бастады. Шырғанақтың өнеркәсіптік егістігі сирек кездеседі және шамалы көлемде (0,5–4,0 га). Жапырақты, өте бұтақтанғыш ағаш (биіктігі 4–6 м) немесе бұта. Өсінді жолымен көбейтілгенде өсімдігі жемістенуге 3–4 жылда кіріседі, тұқыммен – 2 жыл кештеу. Өнімді жылдары – 20 жылға жуық. Қысқа сағақты жемістері өркенде өте жиі орналасады. Жемістерінің мәйегінде 8 %-ға дейін май болады, тұқымында – 12 %-ға дейін. Майының құрамында каратиноидтар, С, В1, В2, В6, Е дәрумендері, фоли қышқылы, сондай-ақ қанттар, алма және шарап-тас қышқылдары бар. Шырғанақтың жемістері негізінен хош иісті тұнба, шырын, пюре, желе, компот және т.т. дайындауға пайдаланылады. Шырғанақ майы медицинада кең қолданылады; оны сыртқа да шығарады.
Солтүстік Қазақстан бойынша өсіруге ұсынылған шырғанақ сорттары: Великан, Витаминная, Зырянка, Новость Алтая, Пантелеевская, Чуйская.
Зырянка. И. В. Мичурин атындағы Новосібір аймақтық жеміс-жидек тәжірибе стансасында шығарылған. Бірінші ұрпағында гамма-сәулелермен және екінші ұрпағында нитрометилнесепнәрмен өңделген тұқымнан өскен катунь шырғанақтың, тектес өзгерістері бар сеппе көшеттері арасынан сұрыпталынып алынған. Биіктігі 2,5 м, бөрікбасы жинақы ағаш; бұтақтары 60–65 градуспен таралатын, солқылдақ, орташа жуандықта; өркендері әлсіз тікенекті. Жемістері цилиндр тәрізді, жоғарғы ұшы сәл қиықты, жолақтарында сәл қызғылт реңді, кішігірім дақты ашық сары түсті, салыстырмалы түрде ірі – 100 жидегінің массасы 61,1 г, құрғақ жұлынады, тасымалдануы жақсы, қышқылтым дәмді, хош иісті. Тамыздың соңында пісіп жетіледі. Жемісінің химиялық құрамы: май – 5 %, каротиноидтар – 19,78 мг %, С дәрумені – 110 мг %, қанттар – 4,9, органикалық қышқылдар – 1,95 %. Өнімділігі жоғары, гектарынан 113,9 ц жетеді немесе әр бұтадан 9,9 кг. Қостанай облысында өсіруге рұқсат етілген.
Витаминная. М. А. Лисавенко атындағы Сібір бақ шаруашылығы ҒЗИ-да шығарылған. Биік өсетін ағаш. Бөрікбасы пирамида тәрізді, жуан бұтақты, кішігірім тікенек басқан. Жапырақтары ірі (9 см және одан артық), жалпақ (1 см-ге дейін), ашық жасыл, сәл «қайық» тәрізді. Жас өркендердің қабығы ашық күрең, діңде және қаңқалы бұтақтарда қызыл қоңыр. Жемістері домалақ, ашық сары, ірі, 100 данасының массасы – 57 г. Шілдеде – тамызда піседі. Бір дараның өнімділігі 13 кг-ға дейін. Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіруге рұқсат етліген.
Новость Алтая. М. А. Лисавенко атындағы Сібір бақ шаруашылығы ҒЗИ-да шығарылған. Тұқымынан таралған формалардың арасынан батыс сібірлік шырғанақпен еркін тозаңдандырып алынған. Бөрікбасы кең қаумалы, берік. Бұтақтары сәл бүгіңкі, үлкен бұрышпен тарамдалған, дерлік тікенексіз, жапырақтары ірі, беті қоңыр жасыл, астыңғы жағы – күмісті жасыл. Өсінді өркенінің қыбығы қоңырлау; діңінде және қаңқалы бұтақтарда – ашық қоңыр. Жемістері домалақ, ақшыл сары, қышқылтым, ірі (100 данасының массасы – 50 г). Бір бұтадан 17 кг дейін жидек жиналады. Шілде-тамызда піседі. Ақмола, Қостанай облыстарында өсіруге рұқсат етілген.
Пантелеевская. М. А. Лисавенко атындағы Сібір бақ шаруашылығы ҒЗИ-да шығарылған. Биік, сирек бөрікбасты бұтақ. Жемістері ұзынша келген, қызғылт реңді сары түсті, үзілуі құрғақ, С дәрумені, қант пен каротинондар мол. Шілденің ортасында піседі, өңдеуге жарамды (шырын, компот). Орташа өнімі 46 ц/га. Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіруге рұқсат етліген. Великан. Орташа мерзімде пісетін, биіктігі 2,5 м болатын, бөрікбасының қоюлығы орташа, домалақша шошақты пішінді, сүңгегінің қабығы қатпарлы сұрып. Өркенінің жуандығы орташа, қоңыр сұр түсті, ақ түкті. Жапырақтары күңгірт жасыл, тақтасы дөңесті. Жемісінің орташа массасы 0,85 г, пішіні цилиндр тәрізді, ашық сары түсті, қышқылтым дәмді, шырынды. Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіруге рұқсат етліген. Чуйская. Жазда пісетін сұрып. Биіктігі 2,5 м дейін өсетін, бөрікбасы салыстырмалы түрде жинақы, жиілігі орташа, пішіні домалақша, тікенектілігі шамалы өсімдік. Өркендері күңгірт жасыл түсті. Жапырақтары қандауырлы пішінді, ашық жасыл түсті. Жемісі сопақша – цилиндр пішінді. Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіруге рұқсат етліген.
Үшқат (жеуге жарамды) – Lonicera edulis Turez. Табиғи түрде Қиыр Шығыста, Курил аралдарында, Сахалинде, Теңіз жағалауында, Корея түбегінің солтүстігінде және Солтүстік Қытайда кездеседі. 200-ден артық түрі бар, бірақ үшқат қана (көк жидек түртектес) жеуге жарамды шырынды жеміс шоғырын береді. Оны Еуропа елдерінде, АҚШ-да және Канада да көп өсіреді. Қазақстанның солтүстігінде бұл дақыл жоқтың қасы. Жеуге жарамды үшқатты жекелеген әуесқой бағбандардың саяжайларында кездестіруге болады. Биіктігі 1–1,5 м жететін, топырақ астынан бұтақтанатын бұта. Жеміс салуға отырғызғаннан 3–4 жыл өткеннен соң кіріседі, жемістері бүлдіргеннен 7–12 күн бұрын пісіп жетіледі. Жидектерінде Р дәрумені мол – қара жемісті шетенге, итмұрынға және қара қарақатқа жол береді. Балаң жидектері дәруменді және құрқұлаққа қарсы дәрі. Ол асқазан сөлінің жақсы бөлінуіне ықпал жасайды, сондай-ақ безгек, қан қысымын, қан аздықты және ішек-қарын жолдарының бұзылуын емдеуге пайдаланылады. Жидектерінен шырын, тосап, жендек және т.т. дайындалады. Бір түптің орташа өнімі – 0,7–3,7 кг.
Солтүстік Қазақстан бойынша өсіруге ұсынылған үшқаттың сорттары: Голубое веретено, Камчадалка, Салют, Синяя птица, Томичка.
Камчадалка. Әмбебап, орташа мезгілде пісетін сұрып, орташа қаумалы бұта. Өркендері орташа ұзындықты, түзу, ашық жасыл түсті. Жидектері ірі (0,9–1,0 г), біркелкі, шырынды, қышқылтым дәмді. Жидектерінде 8,5 % қанттар, 2,3 % қышқылдар, 35 мг % С дәрумені, 656 мг % Р дәрумені болады. 5–6 жастағы бұтаның орташа өнімділігі – 43 ц/га. Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіруге рұқсат етілген. Голубое веретено. М. А. Лисавенко атындағы Сібір бақ шаруашылығы ҒЗИ-да шығарылған. Ерте піседі, бір бұтадан 2,5 кг дейін өнім жиналады, ерекше (қызықтырарлық) ащы дәмді, шашылуы орташа. Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіруге рұқсат етлген.
Синяя птица. М. И. Лисавенко атындағы Сібір бақ шаруашлығы ҒЗИ-да (Камчатка үшқатын еркін тозаңдандырып кейін будандық ұрпағынан элиталық сеппе көшетін сұрыптаумен) шығарылған. Қуатты, қаумалы бұта. Жемістері ерте піседі, сопақша, күлгін реңді, дерлік қара түсті, массасы 0,8 г. Әмбебап сұрып. Өнімділігі 6 т/га. Қостанай облысында өсіруге рұқсат етілген.
Тапсырма: Жидекті дақылдардың сорттарын морфологиялық ажырату белгілерін анықтау
Материалдар мен құрал-жабдықтар: жидекті дақылдардың жидектерінің муляждары мен табиғыи жемістері, суреттер, плакаттар, өлшегіш, милиметрлік қағаз, пышақ, техникалық таразы.
Жұмыс барысы:
1) теориялық материалды меңгеру, жидекті дақылдардың морфологиялық, биологиялық ерекшеліктерімен, аймақта өсіруге ұсынылған сорттарымен, сорттарды ажырату белгілерімен таңысу;
2) Жидекті дақылдардың сорттарын және сорттық белгілерің сипатта. Өмір сүру ұзақтығы мен пайдалану ұзақтығын сипатта. Жидекті дақылдардың жидектерінің пішінінің суретін салу.
Жидектердің салмағын анықтау үшін оларды техникалық таразыда өлшейміз. Сыртқы белгілерін сипаттаймыз. Содан кейін жидектің дәмдік бағалығын анықтаймыз, яғни дәмі, иісі, жұмсағының құрамы анықталады.
3) жұмыс барысында алған мәліметтерді 2.3-кестеге толтырамыз.
2.3-кесте – Жидекті дақылдардың сорттарын ажырату белгілері
Дақыл сорт |
Жеміс салмағы, г |
Ұзақтығы, жыл, |
Пайдаланылуы |
Жеміс пішіні |
Жеміс сыртқы бет-бедері |
Жеміс түсі |
Жұмсағының консистенциясы |
Жәмі мен иісі |
Ескерту |
|
өмірінің |
пайдаланудың |
|||||||||
Бақылау сұрақтары