3 Жеміс және жидек дақылдарын көбейту жолдары

Жеміс шаруашылығында дақылдарды көбейтудің екі жолы бар: тұқыммен және вегетативті (өсінді). Тұқымынан көбейту жыныстық әдіс болып табылады. Тұқымынан көбейту кезінде жаңа өсімдік екі гаметаның қосылуы нәтижесінде пайда болады. Жеміс және жидек өсімдіктері жыныстық және вегетативті жолымен көбейеді. Жыныстық жолмен тұқымынан көбейтіп алған жеміс өсімдіктері (сеппе көшет), тегі (генетикасы) жағынан бір текті болмайды және әдетте, аналық өсімдіктің белгілерін толық сақтамайды. Осыған байланысты жыныстық көбеюді жаңа сұрыптар шығару үшін селекциялық мақсатта және телітушіні өсіру үшін өндірістік жағдайда қолданады.

Жеміс-жидек өсімдіктерінің өніп-өсуінің негізгі әдістері.

1) тұқымынан көбейту:

а) телітушілердің өніп-өсуі;

б) жаңа сорттар шығару, тұқым

2) вегетативті көбейту:  

а) өз тамырындағы өсімдіктерді өсіру (сұлама бұтақтар арқылы, мұртшалар арқылы,тамыр атпалары арқылы, бұталарды бөлу арқылы, қалемшелер арқылы, қаламшелермен ұластыру);

б) ұластырылған, телінген өсімдіктерді өсіру (қалемшелермен ұластыру, бүршіктермен ұластыру (телу)

3.1 Тұқымдық көбейту

Жемістегі тұқым бүрі ұрықтанғаннан кейін дән дами бастайды. Шекілдеуікті дақылдардың бес тұқымдық қуысының әр қайсысында екі және одан да көп тұқым бүрі болады. Сондықтан да қолайлы жағдайларда алма мен алмұрт дәндерінің саны 10 және одан да жоғары, ал бекеде 25 данаға дейін жетеді. Сүйектілерде әдетте біреуі дамымайтын екі тұқым бүрі болады, сондықтан олардың жемістерінде тек 1 дән болады, ал 2 дән сирек кездеседі.           

 Жеміс өсімдіктерінің қалыптасқан дәндері тұқым қабықшасынан, қордағы заттарды жиынтықтайтын орыннан (эндосперм) және тұқымнан тұрады. Оның өзі бастапқы бүршіктен (сабақ жарнағынан) бастапқы тамыршадан және екі тұқым жарнағынан тұрады.

Әр түрлі деміс дақылдарының дәндері бір-бірімен формасы, түр-түсі, беткі қабатының сипаттамасы және т.б. қасиеттерімен ерекшеленеді.               

   Жеміс тұқымдарын алу үшін, сол аймақта бұламалар ретінде аудандастырылған түрлері мен сорттарының жемістерін дайындайды. Оларды жемістен суық әдіспен бөліп алып кептіреді және температурасы 10 ºС -тан жоғары болмайтын, ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 60–70 % аспайтын бөлмеде сақтайды. Жеміс өсімдіктері тұқымдарының мемлекеттік үлгілері (стандарт) бойынша негізгі сапа көрсеткіштеріне тазалығы мен тіршілік қабілеті жатады. Бұл көрсеткіштерді тұқымы дайындағаннан кейін, стратификациялау мен себер алдында анықтайды.        

Тұқымның тазалығын және өміршеңдігін анықтағаннан кейін, осы көрсеткіштер бойынша  тұқымды себу сапасының белгілі бір класына  жатқызады және одан кейін егістік және шаруашылық жарамдылықты анықтайды (3.1-кесте).

3.1-кесте ‒ Жеміс дақылдарының тұқымының сапасы

Дақыл

1 кг-дағы тұқым саны, мың.дана

Тұқым тазалығы,

%

Класс бойынша тұқымның өміршеңдігі, %

I

II

III

Кәдімгі алмұрт

25–30

90

90

75

60

Үй алмасы

20–25

90

90

80

65

Орман алмасы

30–50

93

90

80

65

Сібір алмасы

170–200

93

95

75

55

Кәдімгі шие

4–9

95

85

70

55

Үй алхорысы

1,2–1,5

96

90

70

55

 Тұқым тазалығы деп таза тұқым салмағы мөлшерінің жалпы тұқым салмағына анықтау үшін, төмендегідей үлгідегі мөлшерде тұқым алу керек:  шекілдеуіктілерден – 50 грамм; шиеден – 100-150 грамм;   алхорыдан – 750 грамм; алшадан – 500 грамм; шабдалыдан – 2000 грамм.

Оларды талдап іріктегенде, мынадай бөліктерге бөлуге болады: А) негізгі дақылдардың (түрлердің) таза тұқымдары;

Б) солғын және зақымданған түрлері;

В) бөтен қоспалар.

Бөлініп алынған фракциялар таразыға тартылып, қорытындылары кестеге толтырылады. 1 кг ішіндегі тұқымдар санын анықтау үщін, таза тұқымдар фракциясын шекілдеуіктілерден 10 грамм және сүйектілерден 100 грамм өлшеп алады, сол мөлшер ішіндегі тұқым санын 100-ге немесе 10-ға көбейтеді. Алынған нәтижелерді  кестеге жазады. 

Тұқымдардың тіршілік қабілетін органолептикалық, химиялық әдіспен (бояу арқылы), жеделдетіп өсіру арқылы анықтауға болады. 

Органолептикалық бағалау – тұқымдардың сыртқы белгілері арқылы жүргізіледі. Жоғары сапалы тұқымдар бүтін, жылтыр қабықты, көлемі және формасы жағынан біркелкі болуы керек. Тұқым жарнағы дәмді және хош иісті болады. Дәндері жаншығанда ол қабысып, қағаз бетіне майлы дақ қалдырады. Бұл әдіс оншалықты дәл емес, дегенмен тұқымның сапасын алдын-ала бағалау үшін қолданылады. 

Тұқым тіршілік қабілетін анилинді бояулармен (индигокармин) анықтау – тірі клеткалар плазмаларының индигокарминді өткізбейтіндігіне, ал өлі тканьдер өзі көк түске бояла отырып, оны жақсы өткізетіндігіне байланысты. Оларды бояу үшін, таза тұқымды фракциядан 100 данасын алып суға салып қояды, сосын оларды қабықшаларынан тазалап, индигокарминнің (1:100) концентрациялы ерітіндісі бар стаканға салады. Екі сағат өткеннен кейін ерітіндіні төгіп, дәндерді сумен шайып алады да, боялған тұқымды санайды. Тіршілік қабілеті барларға боялмағандары немесе әлсіз боялғандары жатады (тұқым ұшындағы нүкте немесе жарнағының табандары әлсіз боялады).   

      Тұқымдардың тазалығын және тіршілік қабілетін анықтағаннан кейін, олардың шаруашылықтық жарамдылығын мына формуламен есептейді:  

                        Шж =   Т х Тқ /100,                                                (3.1)   

  

мұндағы, Шж – тұқымның шаруашылық жарамдылығы, %                                                    

Т – тазалығы, %                                                 

Тқ– тіршілік қабілеті, шығымдылығы, %  

Тұқымдардың шаруашылықтық жарамдылығы бойынша себу мөлшерін мына формуламен анықтайды: 

                           Снм = См х 100 /   ШЖ,                                                       (3.2)

мұндағы, Снм – Себудің нақтылы мөлшері, кг/га                                                    

См – аймақта ұсынылған себу мөлшері, кг/га                                                

ШЖ –шаруашылық жарамдылығы немесе себу жарамдылығы, %  

100 пайыздық шаруашылық жарамдылыққа есептелген ұсынылған себу мөлшері. Нақты жағдайда ұсынылған себу мөлшеріне, нақтылы шаруашылық жарамдылық көрсеткішіне  байланысты түзетулер жүргізеді (3.2-кесте).

3.2-кесте – Жеміс дақылы тұқымдарына ұсынылған себу мөлшері

Дақыл

1 кг-дағы тұқым саны,

мың. дана.

Себу мөлшері,

кг/га

Жартылай мәдениеттендірілген алма (Яблоня полукультурная, ранетки)

70–80

15–20

Сібір алмасы

150–220

10–15

Уссурия алмұрты (Груша уссурийская)

20–25

20–25

Далалық шие (Вишня степная)

9–15

100–200

Құмды шие(Вишня песчаная)

3,0–3,5

120–150

Уссурия алхорысы (Слива уссурийская)

1,4–1,7

200–250

Жеміс және жидек дақылдарының тұқымдарының кейбір көрсеткіштік сипаттамасы 3.3-кесте  көрсетілген.

3.3-кесте  – Жеміс-жидек дақылдары  тұқымдарының сипаттамасы  

Түрі

1000 тұқымның салмағы, грамм

1 килограмдағы тұқым саны, мың дана

Жемістен тұқым шығуы, %

1

2

3

4

Орман және үй алмасы

20-33

50-70

0,2-1

Сібір алмасы

5-7

150-200

2,5-5

Алхоры жапырақты алма (китайка, ранетка)

10-15

60-100

0,3-2,5

Орман және үй алмұрты

20-33

50-70

0,6-1,2

Уссурия алмұрты

40-50

20-25

1-1,2

Қышқыл және кәдімгі шие

140-330

5-8

5-11

Дала шие

100-120

8-10

5-8

Магалеб (антипка) шиесі

70-100

10-15

10-12

Жабайы қызыл шие

120-200

5-8

8-10

Жабайы өрік

1100-1200

0,8-0,9

12-15

Шабдалы

2800-5000

0,2-0,35

4-6

Үй алхорысы

650-800

1,2-1,5

5-10

Уссурия алхорысы

600-700

1,4-1,7

9-10

3.3-кесте жалғасы

1

2

3

4

Алша, терн

450-650

1,5-2,5

8-15

Грек жаңғағы

2500-10000

0,1-0,4

-

Фундук

1000-2000

0,5-1

-

Нағыз пісте

650-1000

1-1,6

-

Жеделдетіп өсіру арқылы  тұқым өміршеңдігін, яғни тіршілікке қабілетің анықтау – ол үшін төрт үлгі алынады, шекілдеуіктілерге 100 тұқымнан, сүйектілерден – 25–50 тұқым, содан соң Петри ыдысына 3–4 тәулікке қояды, күн сайын суын ауыстырады. 4 күн өткен соң ісінген тұқымдардан тұқым қабықшасын ине және пинцетпен алып тастайды да ұрықтарды фильтр қағазына салып Петри ыдысына ылғалдандырады және жарықта бөлме температурасында  9–12 тәулік ұстайды. Сол уақыт өткен соң тірі ұрықтарда тұқым жарнағы жасылданады және ісінеді, ал өлілер – көгереді және шірейді.

 Жеміс жидек дақылдарының тұқымдарын стратификациялау. Жеміс өсімдіктерінің тұқымдарына бір ерекшелік тән: толық пісіп жетілген жемістерден алынған және сол күзде себілген олар көктемде өскін береді, ал көктемде себілгенде өскін бермейді. Тұқымдар көктемде өскін беруі үшін олар жиналғаннан кейін жеткілікті ылғалдылықта, температурада және оттегі болғанда, пісіп- жетілуі қажет көрінеді. Тұқымдар мұндай факторлар кешенін өсу-дамудың табиғи жағдайында, күз-қыс кезеңінде жапырақ немесе қар астында қалған жемісте табатын көреді. Тұқымды егуге дайындау үшін, оларды стратификациялайды (қиын өскіндейтін ағаштардың, бұталардың, кейбір дәрілік өсімдіктердің тұқымдарын, олардың өсуін жеделдету үшін дымқыл құмда, шымтезекте 1–5 оС температурада немесе қар астында ұстау). Тұқымды стратификациялау – олардың көктеуін жеделдету үшін себер алдында дайындау тәсілі. Негізінен қиын көктейтін тұқымдарға (алма, алмұрт, шие және т.б) қолданады. Тұқымдарды дымқыл құммен, ағаш үгіндісімен, шымтезекпен, мүкпен кезектестіріп қабаттастырады да, сосын төмен температурада және ауа жететіндей етіп ұстайды. Тұқымды стратификациялағанда ең қолайлы жағдай қалыптасады және табиғидан айырмашылығы, тұқымдардың тыныштық кезеңін немесе жинағаннан кейін пісіп-жетілуін бақылайтын жағдай туындайды. Стратификациялау кезеңінде тұқым табиғи жағдайдағыдай тыныштық күйден бірте-бірте тіршілік әрекетіне өтеді. Тұқымның қабығы ісінеді және микроағзалардың әсерінен жұмсарады, өткізгіштігі артады, тұқымның зат алмасуы күшейеді. Күрделі, май-ақуыз және көмірсулы кешеннің қордағы қоректік заттары ферменттердің ықпалымен қарапайымдыларға ыдырайды және жеңіл сіңіріледі. Жасушаға су мен қоректік заттардың  өтуі ұрық көлемін ұлғайтады және ұрықтық тамыршаның өсуіне ықпал жасайды. Тұқымды стратификациялағанда қолданылатын құм су мен ауаны жеңіл өткізеді, тұқымнан жеңіл бөлінеді, тұқым көңезденбейді, бұл себу жұмысында өте маңызды, бірақ ол ауыр, тез тығыздалады және құрғайды. Ағаш үгіндісі, шымтезек, мүк борпаңдау, су сыйымдылығы молырақ және жақсы ауаланады. Тек шымтезектің қоңыр түсі тұқымды ажыратуды және бөліп алуды қиындатады. Стратификациялағанда тұқымның 1 бөлігіне төсемнің (субстраттың) 3–4 бөлігін алады, қоспаны жақсылап сулайды, араластырады, жәшікке былай салады: шекілдеуіктілердің тұқымдарын  25–30 см қалың емес, сүйектілердікті – 50–60, бұталардыкін – 30–35 см (салқын орларда) және 50 см (жылы орларда), жәшіктерді жертөледе     3–5о С ұстайды. Стратификациялау кезінде белгіленген температураны ұстап, құрғауына немесе зеңденуіне жол бермейді. Табиғи әр сапалылығына және бір текті болмауына, жиі шығу тегі буданды болғандықтан тұқымдарды дайындау сипаты бірдей болмайды. Тұқымдарды стратификациялаудың соңына қарай (тұқымның 3–5 % тұқым жарған кезде) температураны 0–1оС дейін төмендету, олардың біркелкі жаппай көктеуіне ықпал жасайды. Сондайды, қаптағы субстратсыз тұқымды мұзға   1–2 см қалыңдықпен жайып, төсегенде немесе тұқым салынған жәшікті қар астына көмгенде байқауға болады. Жеміс-жидек дақылдарының  тұқымдарының стратификациялау ұзақтығы 3.4-кестеде көрсетілген.

3.4-кесте – Жеміс-жидек дақылдары  тұқымдардың стратификациялау ұзақтығы, (күн) 

Дақылдар

Стратификациялау ұзақтығы

Орман алмасы

90-100

Мәдени алма сорттары

90-100

Орман алмұрты

90-100

Беке 

80-100

Алша

120-150

Алхоры

120-180

Шабдалы 

100-120

Бадам 

50-70

Өрік 

80-100

Қышқыл шие 

150-150

Жабайы қызыл шие

150-180

Грек жаңғағы

50-70 

Тұқымдардың үлкен тобын, әсіресе сүйектілердің, ұзындығы әртүрлі, ені 1 м, тереңдігі 60–70 см, қабырғалары тақтайлы орларда стратификациялайды. Қысқа қарай орларды топырақпен жабады. Мұртын жара бастаған тұқымды, өсіп кетпеуі үшін себуге дейін  0о-да ұстайды.

Себу. Себуге тек тіршілікке қабілетті тұқымдар қолданылады. Қазақстанның солтүстігінде жеміс ағаштарының алдын ала стратификацияланған тұқымы көктемде себіледі.  Тұқымды қолмен немесе механизм көмегімен  себеді. Шекілдеуіктілердің, сондай-ақ шиенің, тәттішиенің тұқымдарын, тереңдікті шектегіштері бар көкөніс немесе жеміс тұқымсепкіштерімен (СПН-4, СПН-8) себеді. Сүйектілердің ірі тұқымдарын (шабдалы, өрік, алхоры) орман (ЛС-4) тұқым сепкіштермен, мақта, жүгері сепкіштерімен де себуге болады. Стратификацияланған тұқымдардың сусымалдығын жоғарылату үшін оларды күн көзінен таса жерде 1–2 сағат құрғатады және құмнан тазартады. Қатарларды анықтырақ ету үшін тұқымдарға астық дақылдарының (арпа, сұлы) немесе көкөніс дақылдарының (ақсүттіген) тұқымдарын із көрсеткіш ретінде қосады (сәйкесінше 3 және 0,02 кг/га есебімен).

Себу сұлбасын топырақтың өңдеу және сеппе көшеттерін қазып алу тәсіліне қарай белгілейді: қатар аралықтары 60–70 см бір ізді (1 га 250–300 мың өсімдік орналастырылады), таспа арақашықтығы 60–70 см қос ізді, ал таспадағы іздердің арасы 20–40 см (1 га 400–500 мың өсімдік). Екпе көшеттердің бір қалыпты өсуі үшін 100–120 см2 қоректену алаңы қажет.  Себу мөлшерін тегіне, түріне, тұқымның шамасына, себуге жарамдылығына, танаптық өнгіштігіне және себу сұлбасына байланысты анықтайды.  Шекілдеуіктілердің тарамдалған тамырлы телітушісін алу үшін кейбір тұқымбақтарында оларды көшіріп отырғызу жүргізіледі. Мұндайда тұқымбақтарда тұқымдарды жиілетіп (300 г/1м2), қатарлап немесе шашып себеді, қалыңдығын   0,5–1 см етіп шымтезекпен жабындайды.

Сеппе көшеттерді, жиі 1–2 нағыз жарпырақ кезеңінде                  70 х 20 х  5–6 см сұлбасымен көшіріп отырғызады. Көшіріліп отырғызылған сеппе көшеттерді жабындайды, бірнеше рет суландырады. Шашақты тамыр жүйесін қалыптастыратын шекілдеуікті тектестерді көшіріп отырғызбайды, себебі олар онсыз да шашақ тамырларын қалыптастырады. 

Сеппе көшеттерді өсіргенде топырақ бетін қарашіріндімен, шымтезекпен, ағаш үгіндісімен жабындау өте тиімді. Жиі тұқым себумен бірге жабындау үшін ағаш үгіндісі қолданылады. Ол үшін тұқымсепкішке қосымша шанақ жасайды. Бір гектарға 15 т ағаш үгіндісі шығындалады. 

Егістік телімді күтіп-баптау егін көгі шыққанша және көктегеннен кейін топырақ қабыршағын қопсытудан басталады. Өскін (көк) қою болса 1–2 жапырақ кезеңінде бірінен-бірінің қашықтығын 2–3 см етіп сиретеді. Сирету кезінде ең әлсіздері аластатылып, ең мықтыларын қалдырады.  Сеппе көшеттерде шашақты тамыр жүйесін қалыптастыру үшін 3–4 жапырақ пайда болған кезде арнаулы пышақпен (ПКС-0,45; ПКС– 0,9) 8–10 см тереңдікте тамырды кеседі.  Одан әрі топырақты мұқият өңдеуді, арамшөптермен, зиянкестермен жүйелі күресуді жалғастырады, сондай-ақ суландыру және үстеп қоректендіруді қоса. 

Суландыруды топырақтың танаптық су сыйымдылығы               75–80 %-ға төмендегенде бастайды. Маусым бойы 5–6 рет суландырады. Қатараралықтарға суландырғаннан және жаңбырдан кейін 2–3 см тереңдікке, ал көшеттің өсу барысында  8–10 см культивация жүргізеді. Қатар бойындағы топырақты қол құралымен қопсытады немесе симазин (4 кг/га) гербицидімен өңдейді.  Сеппе көшеттерді, өсуін үдету үшін NРК мөлшесін 20 кг/га алып үстеп қоректендіреді. Кейін NРК мөлшесін 30 кг/га жеткізеді. Бірінші үстеп қоректендіруді өсімдіктің биіктігі 8–10 см жеткенде жүргізеді, екіншісін – 15–20 тәуліктен кейін. Үстеп қоректендіруді суландыратын суды жас қи төгілген ор арқылы жіберіп те жүргізуге болады. 

Сеппе көшеттер өсу кезеңінің басында зиянкестермен (сымқұрттармен, зауза қоңызының құртымен жапырақ битімен), аурулармен (ақұнтақпен) зақымдалады, ал ересек өсімдіктер тазқотыр ауруына шалдығады. Өсімдіктердің зиянкестер мен аурулармен жаппай зақымдануын болдырмау үшін қорғау шараларын алдын ала, зиянкестердің, аурулардың пайда болуына дейін жүргізу керек.  Жылуы тапшы және топырағы құнарсыз аудандарда тұқымдық телітушілерді қорғаулы жерлерде (пленкалы жылыжайда) өсіреді. Қопсытылған топыраққа қалыңдығын 4–7 см етіп шіріген шымтезек төгеді. Тұқымды ашық жерге қарағанда 15–20 тәулік ертерек, бірінен- бірін 15–20 см етіп 1 м ендікте таспалап себеді.  Бір шаршы метрге    120–130 сеппе көшет отырғызады. Жаз бойы сеппе көшетті суландыруды, топырақты қопсытады, үстеп қоректендіреді, аурулармен және зиянкестермен күрес жүргізеді. Жылы күндері жылыжайды желдетеді. Пленканы, өсімдіктердің өсуі аяқталғанда, оларды табиғи жағдайға бірте-бірте бейімдей отырып, ашады. Бір гектар пайдалы жерден стандартты 500–600 мың телітуші алынады.  Тұқымынан өсірілетің телітушілерге қойылатын техникалық талаптар 3.5-кестеде келтірілген.

 3.5-кесте – Тұқымынан өсірілген телітушілерге қойылатын техникалық талаптар

Дақыл

Сорт

Тамырлардың ұзындығының ең аз мөлшері, см

Тамырлардың тармақтануының мүмкіндігінше ең аз саны

Оңтүстік аймақ

Басқа аймақтар, сонымен бірге солтүстік аймақ

Сеппе көшеттердің жасы, жыл

Тамыр мойынының диаметрі, мм

Сеппе көшеттердің жасы, жыл

Тамыр мойынының диаметрі, мм

Ылғалы мол суармалы аудандарда

Ылғалы жеткіліксіз аудандарда

Шекілдеуіктілер

I

II

III

15

15

15

3

3

0

1

1

1

4-6

-

6-8

6-9

4-6

6-9

1-2

1

1

7

5-7

5

Сүйекті жемістілер

I

II

15

15

0

0

1

1

3-5

5-7

5-7

3-5

1

1

6

4-6

Тапсырма: Жеміс дақылдарының тұқымдарының себу сапасымен және тұқымдық телітушілерімен таңысу

Құрал-жабдықтар мен материалдар: плакаттар, гербариялық материал(телітуші), Петри ыдысы, тұқымдар, үлкейткіш әйнек, инелер, фильтр қағазы, бояғыш ерітіндісі, суы бар колба, таразы,  әртүрлі шаруашылық жарамдылығы бар тұқым үлгілері, бөлу тақтасы, қысқыштар, оқу және анықтамалық әдебиеттер.

Жұмыс барысы:

1) алма мен алмұрттың тұқымдарының жақсы сапалығын органолептикалық әдіспен анықтау;

2) тұқым тазалығын анықтау, алынған нәтижелерді 3.6-кестеге толтыру. 3.6.

3.6-кесте  ‒ Жеміс дақылдары тұқымдарының тазалығын анықтау

Дақыл

Үлгінің жалпы массасы,

г

Үлгідегі тұқым құрамы:

Таза тұқым

Жарақаттанған тұқым

Басқа қоспалар, қоқыстар

масса,

г

%

масса,

г

%

масса,

г

%

3) жеміс дақылдары тұқымдарының өміршеңдігін (тіршілік қабілетің) анықтау;

Жеміс дақылдары тұқымдарын алдын ала суға бұқтырып қойып, олардың тіршілік қабілетің индигокарминмен бояу әдісімен анықтау. Аланған мәліметтерді 3.7-кестеге толтыру.

3.7-кесте ‒ Тұқымның тіршілікке қабілетің бояумен бояу әдісі арқылы анықтау

Бояуға салынған тұқым саны, шт.

Химиялық талдау нәтижелері

Боялған тұқымдар

Боялмаған тұқымдар

Тіршілік қабілеті (өміршеңдігі)

шт.

%

шт.

%

%

4) тұқымның себу мөлшерін есептеу.

Тазалығы мен тіршілік қабілеті (өміршеңдігі) бойынша классты анықтап, шаруашылық жарамдылықты 3.1-формуласымен есептеу, ал жеміс дақылдарының себу мөлшерін 3.2-формуласымен есептеу. Мәліметтерді 3.8-кестеге жазу.

3.8-кесте  ‒ Тұқымның нақты себу мөлшерін анықтау

Тіршілік қабілеті (өміршеңдігі),

%

Тазалығы,

%

Класс

Шаруашылық жарамдылығы, %

Себу мөлшері, кг/га

ұсынылған

нақты

5) тұқымдық телітушілердің гербариялық материалдарын қарау және  мінездеме беру. Морфологиялық белгілерін төмендегі 3.9-кестеге толтыру қажет.  

3.9-кесте  ‒ Тұқымдық телітушілердің морфологиялық белгілері

Телітуші атауы

Қандай дақылға пайдаланылады

Жасы,

жыл

Тамыр жүйесі (шашақты, кіндікті)

Айрықша морфологиялық ажырату белгілері

Бақылау сұрақтары

  1. Тұқым тазалығы дегеніміз не?
  2. Нақты себу мөлшерін қандай формуламен анықтайды?
  3. Алма түрлерінің ұсынылған себу мөлшері қандай?
  4. Себу жарамдылығы, шаруашылық жарамдылық дегеніміз не?
  5. Стратификация дегеніміз не ?
  6. 6. Стратификация ұзақтығы алмада қанша?
  7. 7. Тұқым стратификациясы қандай температурада жүреді?
  8. Жеделдетіп өсіру арқылы тұқым өміршеңдігін, яғни тіршілікке қабілетің анықтау қалай жүргізіледі?
  9. Стратификациялауда құм не үшін қолданылады?
  10. Тұқымның тіршілікке қабілетің бояумен бояу арқылы әдісін қалай жүргізіледі?

3.2 Жеміс және жидек дақылдарын вегетативті  көбейту жолдары

Вегетативті көбейтудің тұқымынан көбейту әдісінен айырмашылығы, оның негізі – жыныссыз ұдайы өсіру. Бұл жағдайда жаңа өсімдік вегетативті бөліктерден: тамырдан, бүршіктен, жапырақтан пайда болады. Ол процеске өсімдіктің жасушалары, тіндері мен мүшелері қатысатындықтан, бұл әдісте генетикалық өзгергіштік болмайды. Жеміс-жидек дақылдарының іріктелген не­ месе адам жасаған сорттарының басым көпшілігі күрделі тұқым қуалау негізі бар будан болып табылады. Мұндай өсімдіктерді тұқымынан көбейткен кезде ұрпағында жабайы түрі басым немесе соған жақын белгілері мол болады. Соның салдарынан бірінші ұрпағының өзінде бұл сорттың құнды өндірістік, биологиялық сапалары жойылады. Сондықтан да жеміс дақылдарын көптеген жағдайда вегетативті әдіспен көбейтеді. Ал тұқымынан көбейту әдісі негізінен жабайы телітушілер өсіру үшін қолданылып, содан соң оған екпе сорттар ұластырылады. Жеміс-жидек өсімдіктерін тұқымынан көбейту әдісі жаңа сорттар шығару кезінде селекция жұмысында кеңінен пайдаланылады.

    Вегетативті көбейтудің сан алуан өдістері екі топқа бөлінеді: табиги және жасанды көбейту. Табиғи көбейтуге табиғатта кездесіп жүрген көбейту әдістері жатады. Эволюция процесінде өсімдікте вегетативті көбейтудің негізгі мүшелері: баданалар, тамырсабақтар, сұлама бұтақтар, мұртшалар, қалемшелер, тамыр атпалары, бұталарды бөлу т.б. құралады. Жеміс-жидек шаруашылығында мұндай әдістің мысалы ретінде бүлдіргеннің мұртшаларымен, шиенің, алхорының, таңқурайдың тамыр атпаларымен көбеюін келтіруге болады.     Вегетативті жолымен көбеюдің табиғи тәсілдері, кейбір өсімдіктер сырттан ешқандай қатынассыз, өсінді сабақтарында жаңадан құрылымдар қалыптастыра алатындығымен сипатталады, олардан кейін жаңа дара – өсімдік дамиды.

 Жеміс шаруашылығында өсінді жолымен көбеюдің табиғи тәсілдерінен ең кең тараған тәсілдері болып мұртшаларымен, салбырап өскен  бұтақтарының бүршіктерін тамырландырумен көбейту саналады. Мұртшалар деп, буындарында дегелек жапырақтары қалыптасатын, түрі өзгерген өркендерді атайды. Топырақпен түйіскенде дегелекте жаңа тамырлар өседі, жаңа өсімдіктер қалыптасады. Көшетжайда мұртшаларымен бүлдірген және құлпынай көбейтіледі. Өнім жоқ кезде жатаған өркендердің – мұртшалардың пайда болуы, оларда қалыптасатын дегелектердің тамырлануы және өсуі күшейеді, соңында бұл отырғызылуға қолданылатын материалдың саны мен сапасының артуына ықпал етеді.

Қожақаттың доғаланып иілген өркенінің ұшында, топырақпен түйіскен (жанасқан) жеріне бүршік қалыптасады да, одан қосалқы тамырлар пайда болып, олар топыраққа жедел бойлайды. Содан кейін ұштық бүршіктен өркен өсіп шығады және жаңа өсімдік қалыптасады.       Тамыр атпаларымен таңқурайды көбейтеді. Тамыр атпалары аналық өсімдіктердің көлбеулі тамырларынан қосалқы тамырлар өсіп шығуының нәтижесінде пайда болады. Өсіндеудің соңында мұндай өркендердің төменгі жағынан тамыр пайда болады, атпаларды аналық өсімдіктен бөліп алып жаңа плантация жасауға пайдаланады.

Тамыр өркендерімен шиенің, алхорының кейбір түрлері көбейтіледі. Фундукта және қара жемісті шетенде өркендері сабақтан тарайды. 

Жидекті өсімдіктерді бұтасын бөлумен көбейтеді. Бұтасын бөліп көбейтуді плантацияны жаңа жерге көшіргенде қарақат пен қарлығаға қолданады. Мұндайда қазып алынған бұтаны бөлгенде, әр қайсысында тамырлары мен бұтақтары болуын ескерген жөн. Бөлуді өткір балтамен немесе бақ қайшысымен (секатормен) жүргізеді.            Көбейтудің жасанды тәсілі көгенсабақтарымен (сұлатпаларымен), қалемшелерімен, телумен және меристеманың жасушаларымен (микроклональды көбейту немесе ұлпамен өсіру) көбейтуге бөлінеді.  

 Жеміс және жидектерді вегетативті көбейтудің өз тамырындағы өсімдіктерді өсіру арқылы көбейту жолы 3.1-кестеде келтірілген.

1 ‒ мұртшалармен; 2 ‒ тамыр атпалармен; 3‒5 ‒ доға тәрізді, көлденең және тігінен сұлама көгенсабақпен; 6 ‒ ағаштанған қалемшемен; 7 ‒ жасыл қалемшемен
3.1-сурет ‒ Жеміс және жидек дақылдарын өз тамырындағы өсімдіктермен вегетативті көбейту жолдары

Жеміс шаруашылығында қалемшелер сабақтық, тамырлық және жапырақтық қалемшелер болып бөлінеді. Ағаштанған (қатайған) қалемшелерді қолдану жасанды көбейтудің ең қарапайым әдісі болып табылады. Көшеттік шаруашылығы тәжірибесінде жидек дақылдарын (қарақат, тұшала), сондай-ақ кейде шие, алхорыны және клонды телітушілерді қалемшелеп көбейтеді. Қатайған қалемшелерден жүзімнің, анардың, інжірдің көшеттерін оңай өсіріп алуға болады.

Қалемше – аналық өсімдіктен бөлініп алынған, сабақтың немесе тамырдың бөлігі. Қалемшемен көбейту, қалемшенің төменгі жағында тамыры, жоғары ұшында сабақ қалыптастыруы жүретін жанданғыштыққа (регенерациялыққа) және қарама-қарсылыққа негізделген.

Жеміс шаруашылығында сабақтық және тамырлық қалемшемен көбейту көбірек қолданылады. Аналық өсімдіктердің бір жылдық қуатты өркендерінен алынған қалемшелер жақсы және тезірек жанданады. Қалемшелердің ұзындығы 18–20 см. Өркендердің ағаштануы деңгейіне қарай қалемшелер ағаштанған, ағаштанбаған (жасыл, жапырақты, шөптесін) және тамырлық болып бөлінеді.        Ағаштанған қалемшелермен қарақатты, қарлығаны, клонды телітушілерді, бежені, анарды, інжірді, шырғанақты, зәйтүнді және т.б. көбейтеді. Қалемшелерді күзде, жапырақтар түскеннен кейін дайындайды. Тамыр жатынының пайда болуын жеделдету үшін, өсуге ықпал жасайтын дәрмектермен өңдейді (1 л суға ерітілген 20–200 мг гетероауксин ерітіндісіне қалемшенің 2,5 см негізін 12–24 сағатқа батырып қояды), сосын топыраққа отырғызылғанша (көктемге дейін), жертөледе немесе үйме қар астында, дымқыл құмда, ағаш үгіндісінде      0–4 оС ұстайды.  Көктемде қалемшелерді топыраққа, топырақ бетінде бір-екі бүршігі қалатындай етіп, отырғызады. Ылғалы мол ауыр топырақтарда, тамыр жайылу аймағында жылу және ауа режимін жақсарту үшін, қалемшелерді 45 оС жуық көлбеулей отырғызады. Қалемшелердің қоректену алаңы 70 х 10–15 см. Күзде қалемшелерді қазып алады. Тамырлану деңгейіне қарай сұрыптайды және қажетіне жаратады. 

Ағаштанбаған (қатаймаған) қалемшелермен – ағымдағы жылғы қарқынды өскен өркендердің бөліктермен – қарақатты, қарлығаны, қара жемісті шетенді, шиені, алхорыны, дусенді, парадизканы, шабдалыны, алшаны, бежені көбейтеді.  Біреулерінде (шие, алхоры, шабдалы) қалемшелерді дайындаудың ең қолайлы мерзімдері өркендерінің қарқынды өсу кезеңіне (маусым) тұстас келеді; келесілерінде (беже, алманың өсінді тәсілімен көбейтілген телітушілері, еуропалық топтың қарлығасы) жасыл қалемшелердің оңтайлы пісіп жетілуі өркендердің қарқанды өсуінің соңында басталады; үшіншілерінде (қарақат) қалемшелерін бүкіл өсінді кезеңінде дайындауға болады.

Жасыл қалемшелер ағаштанбағандарға қарағанда жақсы тамырланатындықтан, оларды көшетжайда жиі қолданады.   Қалемшелерді 2–3 буынымен, ұзындығын 8–10 см етіп дайындайды. Төменгі буынның жапырақтарын толығымен жұлады да, үстіңгілерінің – жапырақ тақталарының жартысын ғана. Қалемшелерді тамырландыру үшін қоректік заттарды беруді, төсем (субстрат) мен ауаның ылғалдылығын, сондай-ақ, оның температурасын (18–24 оС) автоматпен реттейтін жылыжайларға отырғызады.

Субстрат ретінде пайдаланады: құм + шымтезек, қиыршықтас + құм, шымтезек + құм + вермикулит немесе перлит. Ауаның ылғалдылығы өте жоғары (80–100 %). Дұрысы өсімдіктердің үстінен, арнаулы құрылғылармен, тұмандату. Тұманда тамырланғаннан кейін өсімдіктер шынығудан өтіп, нәтижесінде біршама құрғақ ауаға және қарқынды жарықтануға бейімделеді. 

Басқа бір тәсілде дайындалған қалемшелер бумаға байланылады да, 12–24 сағатқа гетероауксин (1 л суға 0,05–0,1 г) ерітіндісіне салынады. Оларды, қалыңдығы 15–20 см шымтезекке үстінен құм қоспасымен 3–4 см қалыңдықпен жабындалған, булыжайларда немесе шымды- қарашірінділі топырақты жүйелерде, жарғақ астында тамырландырады. Қалемшелерді қатарлап (қатараралықтары 5–7 см және қатардағы өсімдіктердің арасы 4–5 см), 1,5–2 см тереңдікке отырғызады. Жақсы тамырлануы үшін қалемшелерді жүйелі суарады. Температура 30–35 оС жеткенде булыжайды желдетеді. Тамырланғаннан кейін қалемшелерді желдетуді күшейте түседі, кейін жарғақты жинап алады.  Тамырланған қалемшелерді өсіріп жетілдіру үшін күзде немесе көктемде көшетжайларға көшіріп отырғызады.        Тамырлық қалемшелермен жиірек таңқурайды, шиені, алхорыны, алшаны, алманың, алмұрттың өсінді телітушілерін көбейтеді. Бұл тәсіл тамырдың ұрпақ бергіштігінің жоғары қабілеттілігіне және қосалқы тамырларының жоғарғы бөлігінде өркен қалыптастыра алатындығына негізделінген. Тамырлық қалемшелердің ұзындығы – 15–50 см, диаметрі – 4–6 мм. Көбейту техникасы (тәсілі) ағаштанған қалемшелердікіне ұқсас. Бірақ тамыр қалемшелерін дайындаудың қиыншылығына байланысты бұл тәсіл көшетжайда сирек қолданылады.  

 Сұлама бұтақтан көбейту (көгенсабақпен көбейту) дегеніміз – өркендерді немесе бұтақтарды аналық өсімдіктерден бөлмей тамырландырып өсіру. Осылайша сабақ бөлігінде қосымша қосалқы тамырлар шығаруға бейім өсімдіктерді көбейтуге бо­лады. Тамырлануға арналған сабақтарды топыраққа түйрейді де, кейін үстіне топырақ үйеді. Тамырланған сабақтарды аналық өсімдіктерден бөліп алады, тамырлары бар бөліктерге бөледі және плантацияға отырғызады немесе көшетжайда 1–2 жылдай өсіріп, қалыптастырады. Сабақтамалардың тамырлануы үшін тұрақты жоғары ылғалдылық, қоңыржай температура және қоректік заттарға бай топырақ қажет.                 Алма мен алмұрттың, жидек дақылдарының және басқа да дақылдардың отырғызылатын клонды телітушілері осындай әдіспен өсіріледі. Вегетативті көбейту әдістерінің ішінде ұластырудың орны ерекше. Себебі осы әдіспен көбейтілген жаңа өсімдік будандасу есебінен екі, кейде тіпті үш өсімдіктің қасиеттерін алады. Жеміс дақылдарының басым көпшілігі: алма, алмұрт, шабдалы, өрік, тәтті шие, т.б. үшін осы әдіс ең сенімді әдіс болып табылады.

Көгенсабақпен алманың және алмұрттың, жидек дақылдарының, кейде жүзімнің және басқа да дақылдардың клондық телітушілерін өсіреді.  Көгенсабақпен тік, көкжиектеп, доғалап, ауалап көбейтуді ажыратады. 

Тік көгенсабақтау тәсілінде аналық өсімдіктерді көктемде, биіктігі  3–5 см түбірін қалдырып кеседі. Сол түбірден өскен өркендерді бірінші рет 8–10 см биіктігіне дейін түптейді (топырақ үйеді). 15–20 күн өткеннен кейін түптеуді қайталап, топырақты өркеннің жартысына дейін жеткізеді, үшінші ретте – 25–30 см дейін.

Көкжиекті көгенсабақтауда 1–5 жылдық қуатты бұтақтарды ерте көктемде, бүршік ашылғанша, өсімдіктің өсу қатарын бойлап қазылған, тереңдігі 3–8 см қарыққа сұлата орналастырады. Түптеуді және басқа да кейін жүргізілетін жұмыстарды тік көгенсабақтау тәсіліндей жүргізеді.  Көгенсабақтауды жүргізген 1–2 жылдың күзінде аналық түптерді қазып алады және шекілдеуік тұқымдастардың қуатты өсімдіктерін телітуші ретінде пайдаланады, ал жидекті дақылдардың көгенсабақтарын баққа отырғазады. 

Доғаланған көгенсабақтарды тамырлануы қиын жүретін тұқымдықтарды (орман жаңғағы) көбейтуде қолданады. Аналық өсімдіктерді доғалдандырып иіп, топыраққа түйрейді, үстіне топырақ үйеді, ұшын тіктейді. Өсінді кезеңнің соңына қарай иілген жерінде тамыр пайда болады. Аналық өсімдіктерден мықты бір көгенсабақ алады.  Ауалық көгенсабақтарды отырғызылатын материалдарды алу қиынға соққандықтан және саны да аз болғандықтан көшетжайларда қолданылмайды. Көгенсабақ алу үшін бұтақтың қабығын сыммен қысып байлайды немесе қабықты, ені 1,0–1,5 см сақинаға тіледі, жарғақтан (пленкадан) жең кигізіп, оның төменгі жағын жіппен тартып байлап, су құяды, жоғарғы ауызын жіппен орайды. Тамыр пайда болғаннан кейін бұтақты кесіп алады және тұрақты орнына немесе көшетжайға отырғазады. 

Вегетативті көбейту кезінде аналық өсімдіктің вегетативті мүшелерінің бөліктерінен жаңа ағза пайда болады.

Клон деп мәдени сорттың вегетативті ұрпағын айтады. Клон аналық өсімдікпен генетикалық жағынан бірдей және оның барлық сапалық белгілері толық сақталады.

Клональды микрокөбейту – бұл ұлпалар мен жасушаларды өсіргенде, жыныссыз жаппай көбейту. Нәтижесінде пайда болған өсімдіктер бастапқыға (негізгіге) тектілігі жағынан ұқсас болады. Клональды микрокөбейту өсімдікті өсінді тәсілімен көбейтумен салыстырғанда бірқатар артықшылыққа ие:

  • көбею еселігінің жоғарылығы; өсімдіктерді вирустар мен ауруқоздырғыш микроағзалардан сауықтыру;
  • селекциялық үдерістердің жеделдеуі;
  • өсінді жолымен көбеюі қиын немесе көбеймейтін өсімдікті көбейтуі;
  • отырғызу алаңын және отырғызуға қажет материалдарды үнемдеу;
  • жас өсімдіктерді алу (кәрі дараларды жасарту);
  • даму айналымында тыныштық кезеңі бар өсімдіктің жыл бойы өсуін қолдану;
  • өсіру үдерісін автоматтандыру мүмкіндігі. Клональды микрокөбейтудің әдістері өте көп ( В. С.Шевелуха және т.б., 2003). Өсімдікті микроклональды көбейткенде пайдаланылатын негізгі әдіс – бұл ұштық (апикалдық) басымдылықты (доминанттықты, бүйірлік өркендердің ұштық бүршіктерінің өсуін, ұштық меристемалар өндіретін гормондармен басу құбылысы) тыюға негізделінген – өсімдіктегі бар меристеманың (мүшеленбеген-дифференцацияланбаған жасушаларының белсенді бөлінетін құрастырғыш ұлпалары) дамуын белсендендіру. Бұған сабақтың жоғарғы меристемасын аластатумен және кейін гормонсыз ортада in vitro (пробиркада) жағдайында ұсақ қалемшелеумен; толып жатқан қолтықтық өркендердің дамуына тітіркендіргіш әсер ететін цитокинин түртекті заттарды (канетин, зеатин) қоректік ортаға қосумен жетуге болады. Бұл тәсілмен жеміс және жидек өсімдіктерін (алма, алхоры, шие, алмұрт, жүзім, таңқурай, қарақат, қарлыға және т.б.) көбейтеді.          Екінші әдіс – бұл қосалқы бүршіктердің эксплант (өсірілетін) жасушаларында тікелей пайда болуын тітіркендіру. Ол өсімдіктің оқшауланған бөлігінің қолайлы жағдайда жетпеген мүшелерін қалпына келтіру қабілетіне негізделінген, сонымен, бүтін өсімдікке дейін жетіледі.                                                                       

Апикалды меристеманы өсіруге негізделінген бүлдіргеннің клональды микрокөбейту технологиясы жеткілікті түрде жақсы дайындалған. 

Үшінші әдіс – өзінің сыртқы түрі бойынша зиготалық ұрыққа ұқсас, соматикалық жасушаларынан ұрық тәрізді құрылымының мүшеленуіне (дифференцациялауға) негізделінген. Бұл әдіс соматикалық эмбриогенез деп аталады. Ұрықтардың in vitroда in vivo-дан (табиғи жағдайда) пайда болуындағы негізгі айырмашылығы, соматикалық ұрықтың ұрықтанбай, ұрықтық қаптан тыс дамуында  және өзінің сыртқы түрі бойынша, сабақ пен тамырдың апикалық (ұштық) меристемаларының дамуы бір уақытта өтетін, қосполярлы құрылымды еске түсіреді. Қазіргі кезде жүзімді көбейтуге пайдаланылады. 

Төртінші әдіс – алғашқы және ауыстырмалы отырғызылатын каллустық ұлпаның қосалқы бүршіктерінің мүшеленуі (дифференцациялануы). Бұл әдіс зарарсыздалынған қоректік ортадан отырғызылатын жасанды материалдарды алу үшін аз пайдалынады. Бұл каллустық ұлпаны әлсін-әлсін жаңа қоректік ортаға қайталап отырғызғанда микрокөбейту үшін қолайсыз құбылыстардың байқалуымен байланысты: өсірілетін жасушалардың плоидтығының өзгеруі, хромосомалардың құрылымдық қайта құрылуы және тектік (гендік) өзгерулерінің (мұтантарының) жиналуы, өсірілетін жасушалардың морфологиялық әлеуетінің жоғалуы.

Телумен (ұластырумен) көбейту әдісі. Өсімдіктерді телу, трансплантациялау  – бір өсімдіктің бұтақшасын (қалемшесін) немесе бүршігін (көзшесін) екінші біреуіне апару (тасымалдау). Телу жүргізілетін өсімдікті телітуші өсімдік, ал телінетіндері – телінуші өсімдік деп атайды. Телу кезінде телітушінің камбийі мен телінушінің камбийі тығыз жанастырылады да, олар кейін толық жымдасады. Нәтижесінде бірқалыпты қызмет атқаратын өсімдік ағзасы пайда болады.

Жеміс  және жидек шаруашылығында телу (ұластыру) – жемістік дақылдарды өсінді жолымен көбейтудің маңызды тәсілдерінің бірі. Осыдан басқа:

- телуді телінетін көп жылдық өсімдіктердің сұрыптық ерекшеліктерін нығайтуға және сақтауға;

- белгілі бір топырақ- климат жағдайына тамыры бейімделмеген (аязға шалынғыш, мол ылғалға шыдамайды) телітушіні алмастыруға;

- телітушіні құндылау, аязға – қысқа төзімділеу, ауруларға, зиянкестерге төзімдіректерімен алмастырғанда;

- бойлап өсетін немесе бойлап өспейтін өсімдіктер қалыптастырғанда;

- өсуді не күшейткенде немесе баяулатқанда және өсімдіктің өміршеңдігін ұзартқанда; гүлдеудің және жеміс байлаудың басталуын жеделдеткенде;

- қабығы жарақаттанған өсімдікті емдегенде; әсемдік және көлбеу өсетін бөрікбас қалыптастырғанда қолданады. 

Телудің алуан түрлі жүздеген тәсілі болғанымен, өндірісте тек 10–15 қолданады. Бір жіктеме бойынша телудің барлық түрлерін негізгі екі топқа бөледі: көзсабақтау – бүршігімен (көзшесімен) телу және қиыстыру – бірнеше бүршігі бар қалемшемен, кейде бұтағымен телу.

Жеміс шаруашлығында кең қолданылатын басқа бір жіктеу бойынша былай бөледі: көзсабақтау, қалемшемен телу сыбызғы тәріздендіріп (бүршігі бар қабығымен), жанастырумен (аблактировка – бұтақтарды өсіп тұрған ағаштарынан кесіп алмай, тұрған жерлерінде бір-бірімен байланыстырып, ұластыру немесе телу әдісі), өне бастаған тұқымды телітушінің қабығының ішіне орналастыру әдістерін.     Қысқы, көктемгі және жазғы телуді  ажыратады. Қысқы телуді өсіндінің тыныштық кезеңінде, әдетте, қыстың екінші жартысында, үй- жайда жүргізеді. Көктемгі телуді климат жағдайына байланысты наурыздан маусымға дейін жүргізеді, жазғыны – маусымнан қыркүйекке дейін. Телітушінің қабығының астына телуді, оның ішінде көзшелеуді, қабықтың жеңіл сыдырылуын қамтамасыздандыратын камбийдің белсенді іс-әрекеті кезінде жүргізеді, ал басқа тәсілдер сәл ертерек мерзімде қолданылады.     Көзшелеу (окулировка) – жеміс дақылдарын тұқымбақта көбейтудің кең қолданылатын тәсілі. Көзшелеуде телудің басқа тәсілдерімен салыстырғанда еңбек өнімділігі, тіршілікке бейімделуі жоғарырақ, орындалуы оңайырақ (қарапайымдау), қалемше азырақ жұмсалады, телінушінің берік бітісуін және оның жақсы өсуін қамтамасыз етеді, телу кезіндегі жарақаттары тезірек жазылады. Телітушіге көзшелеуді оның тіршілігінің бірінші жылы көктемде, жазда және жаздың аяғында – күздің басында жүргізеді. Көктемде көзшелеуге өткен жылғы қалемшелер қолданылады. Телінген бүршіктер 15–20 тәуліктен соң өне бастайды. Міне, сондықтан, оны «өне бастаған бүршікпен» көзшелеу деп атайды. Мұны өсінді кезеңі ұзақ оңтүстікте, әсіресе тез өсетін сүйекті тұқымдықтарда, қолданады.          Жазғы көзшелеуге бүршіктері келесі көктемге дейін тыныштықта («бұйыққан бүршікпен» көзшелеу) болатын ағымдағы жылдың қалемшесін қолданады. Бұл Қазақстанның кез келген ауданындағы жеміс шаруашылығында қолданылатын негізгі тәсіл.  Қалемшелері ерте жетілетін тұқымдықтар мен сұрыптарда көзшелеуді бірінші жүргізеді. Аса жас және әлсіз дамыған телітушілерді, ересек және мықты өсімдіктерден кешірек телімдейді. Көзшелеуді, суық түскенше солтүстік аймақта 5-тамызға, оңтүстікте  15-қыркүйекке дейін аяқтау керек. 

Телітушіні көзшелеуге дайындауға ерекше көңіл бөлінеді. Олардың ішінде бастысы болып – қабықтың жақсы сыдырылуын қамтамасыздандыратын және көзшелеудің табысты өтуіне ықпал ететін, телітушілердегі камбийалды белсенділігінің жоғарылығы. Бұған топырақта ылғалды мол жинаумен, құрғақ кезде суландырумен, аурулар мен зиянкестерді жоюмен қол жеткізіледі, себебі жарақаттанған өсімдіктердің қабығы нашар сыдырылады. Нәзік және созылмалы қабық болуы үшін түптелген телітушілердің топырағын көзшелеуден бір күн бұрын немесе көзшелеу күні аршиды. Сонымен бірге көзшелеуге кедергі келтіретін сүңгектің төменгі жағындағы бұтақтарды аластайды. Түптеу жүргізілмеген телітушілерде бұл бұтақтар көзшелеуден 2–3 апта бұрын аластатылады. Қатты ластанған сүңгектерді көзшелеу алдында таза сумен жақсылап жуады немесе дымқыл шүберекпен мұқият сүртеді. Көзшеленетін қалемшелерді жеміс берген ағаштың бөрікбасының жақсы жарықтанған жерінен және шетжағынан дайындайды. Қалемшелері жақсы жетілген,  ұзындығы 30–40 см, жуандығы 6 мм кем емес, бүршіктері жақсы қалыптасқан болғаны жөн. Қалемшелерді дайындауды көзшелеудің қарсаңында немесе көзшелеу күні (таңертең немесе кешке қарай) жүргізеді. Жетілген өркендерде, қалқанды қыстыруға қолайлы болу үшін жапырақ сабағының 6­–10 мм қалдырып, жапырақ тақталарын, бөбешік жапырақтарын және әлсіз дамыған бүршіктің жетілмеген ұштарын тез аластайды. Көзшелеуге қалемшенің орта тұсында орналасқан, жақсы дамып жетілген бүршіктерді пайдаланады. Көзшелеуге дейін қалемшелерге құлақшақағаз тағып, бумаға байлап дымқыл мүкте, шөпте, ағаш үгіндісінде, көлеңкеде немесе салқын жерде ұстайды. Тургоры жоғалған (құрғаған) немесе бүршігі өсе бастаған қалемшелер көзшелеуге жарамсыз. 

Көзшелеу үдерісі бірнеше операциядан: қабық қалқанын бүршігімен тіліп алудан, телітушінің қабығын «Т» тәріздендіріп түрінде тілуден, қалқанды тілікке қыстырудан және көзшелеу орнын орап байлаудан тұрады. Қалқанның маңызды бөлігі, өсімдіктің телінген бөлігінің қалыптасуын қамтамасыз ететін – бүршік. Бірақ қалқансыз бүршік телітушіге көндікпейді, себебі телітушімен бітісуін қамтамасыз ететін камбий қалқанда орналасады. Қалқанның оңтайлы шамасы (ұзындығы, мм): шекілдеуікті дақылдар үшін 22–25, сүйектілерде – 30–35, ұшының ені 2–4, бүршік астында – 3–5. Жуанқабықтыларда (інжір, грек жаңғағы, пекан және т.б.) көзшелеуді қалқанмен емес сыбызғылап (бүршігі бар қабықтың сақинасымен) биіктігі 20-40 мм-де жүргізеді. Қалқанды сүректің жұқа қабатымен және қабатсыз тіліп алуға болады.  Қалқанның сүрексіздері, сүректілермен салыстырғанда, әсіресе сүйектілерде, жаңғақ тәрізділерде, бітісуі жоғары болады, бірақ ондай (сүрексіз) қалқанды алу қиын.

Сүрексіз қалқанға қарағанда, сүрегі бар қалқанмен көзшелеу ыңғайлы және өнімдірек.  Сүректі қалқан алу үшін қалемшені, ұшын алға қаратып сол қолдың алақанына салады да, үш саусақпен қысып ұстайды. Үлкен және ортаңғы саусақтар қалемшенің қырында (бүйірінде) ұсталады, ал сұқ саусақты қиылып алынатын бүршіктің астына тосады (тірейді). Оң қолдың төрт саусағымен ұсталынған көзсабақтағыш пышақты жүзінің ұшымен бүршіктен 12–15 мм қашықтықта ұстайды, ал бас бармақ қалемшені үстінен басады. Пышақты баса ұстап, қабықты тіледі және тіліктен пышақты шығармай, оны тік жағдайынан көлбеулетіп қабықтың сүрегімен оңға қарай жылжыта отырып кеседі. Бүршікке жақындағанда пышақты сәл тереңдетеді, бүршіктің түтікті-талшықты шоғын кескеннен кейін, пышақ жүзін сәл көтереді. Содан кейін оң қолдың бас бармағымен қалқанды пышақ жүзіне қысады және қолды оңға бұрып қалқанды кесіп алады. Кесілген қалқанды сол қолдың бас және сұқ сасағымен жапырақ сағағының негізінен және қалқанның бүйірінен ұстап, телітушінің қабығының астына орналастырады. «Пышақтан» көзшелегенде де қалемшені осылай алады, тек төменгі ұшын алға ұстайды. Пышақты қалемшеге тік емес, көлбеу ұстайды. Қалемшені сол қолға ауыстырмай, оны пышақтан телітушінің қабығының тілігіне орналастырады.

Сүрексіз көзшелегенде қалқанды әдеттегідей тіліп алады, тек сүрегін қалыңдау етіп тіледі. Содан кейін қалқанды, түтікті-өткізгіш шоқтарын мұқият сақтай отырып, саусақпен сүрегінен жұлқып жоғары қарай сыдырып алады. Қалемшелден алынған қалқанды телітушінің қабығының астына отырғызардан бұрын көзшелеудің орнын анықтайды. Әдетте көзшені телітушіде, топырақ үстінен 5–7 см биіктікте, тамыр мойнына жақын орналастырады. Бұл жерде қабық тегіс, серпімді, шырынды болады, оңай сыдырылады және өркендер азырақ пайда болады.

Жауын- шашыны мол, қатты және тұрақты желді аудандарда, ауыр және қатты топырақтарда биіктеу көзшелеуді қолданады. Ыстық күндері қалқандар мен қабықтың тіліктері құрғайтындықтан, көзшелеуді ертеңгі және кешкі мезгілдерде, сондай-ақ бұлтты, бірақ құрғақ және салқын күндері жүргізеді. жаңбырлы күндері көзшелемейді, себебі жарақатқа тиген су көзшелердің көндігуін күрт төмендетеді. 

Телітушідегі көзшелеудің орнын таңдағаннан кейін, қалқанды бүршігімен отырғызу үшін, қабықта Т тәрізді тілік тіледі. Алдымен телтушінің діңінің 1/3 бөлігіндей етіп көлденең тіледі, кейін қалқанның ұзындығынан 0,5 см қысқарақ, көлденең қиықпен қосылғанша, тілік тіледі. Тілікке бүршігі бар қалқанды орналастырады. Қабық нашар сыдырылатын болса, оны пышақтың сүйекшесімен ашады. Көзшесі бар қалқан құрғамас және телітушіге тығыз жанасуы үшін, телімді жедел байлайды (жөкемен, полихлорвинилді жарғақпен, зығырдың, кенептің және қарақурайдың талшығымен). Бұл жұмысты көзшелеумен жұптасып жұмыс атқаратын байлаушы орындайды. Қалқандардың құрғауына жол бермеу үшін байлаушы көзшелеушіден  5–6 телімдеуден кешікпегені дұрыс.  

Жарғақты ені 8–10 см, ұзындығы  20–30 см етіп таспалап тіледі. Байлауды тілінген жарты айшықтан сәл жоғарырақ жүргізеді. Әр кейінгі орам алдыңғы орамды сәл басып оралады. Байлау тығыз және қалқанды құрғаудан қорғайтын болуға тиіс. Бүршікке дейін екі-үш, бүршіктен кейін үш-төрт орам оралады да, төменгі жағында таспа күрмеленеді. Сүйектілерде бүршік ашық қалдырылады, себебі жаппай байлау оны қысып тастайды да, жиі солуға әкеледі. Көндігіп бекіген қалқандардағы жапырақ сағақтары оңай түседі, бүршік пен қабық бүріспеген (әжімделмеген), қалыпты түсте болады; көндікпегендерден сағақ ажырамайды, қалқанның жапырағы мен бүршігі солады, бүріскен, лас-сұрғылт түсті.

Көзшелеуден 12–15 күн өткеннен соң көзшелеуді тексереді.  Көзшелері қураған өсімдіктерге таспа байлайды немесе ұшын сындырады және қайтадан көзшелейді, ал көндіккендерінің байлауын босатады, себебі діңнің жуандауына байланысты олар жиі қатты керіледі. Байлау жібі телітушінің діңіне батса, оны қайталап байлайды. Қуатты өсетін сүйекті тұқымдықтарда және оңтүстікте, байлауды босатады және 2–3 рет қайталап байлайды.

Қоңыржайлы климатта және қар аз түсетін аудандарда, көзшенің үсуіне жол бермес үшін көзшелегендерін түптейді, ал құрғақ аудандарда күз құрғақ болса шамалап дымқылдық суармалауды қолданады  Көзшелеу жүргізілгенде қалемшелер шелекте болып, түптері суға сәл батырылады. Пайдаланылған қалемшелер қатараралықтың топырағына шаншылады да, кейін қайтқанда көзшелеуші жинап алады және қалқаншалардың дұрыс кесу сапасын тексеру үшін қатардың бас жағына (шетіне) тігеді. Әр қатардың басына көзшелеу уақыты, көзшелеушінің және байлаушының ата тектері, есімдері, сұрыптың атауы, көзшеленген телітушілердің және қиыстырылған қалқандар саны (екеуін қыстырғанда) көрсетілген құлаққағаздар қойылады. Осы деректердің бәрі көшетжай кітабына тіркеледі. 

а – телітушінің қабығын «Т» тәріздендіріп түрінде телу: 1 ‒ қалқанды тіліп алу; 2 ‒ қалқан (тілше); 3 ‒ телітушінің қабықтағы Т-тәрізді тілігі; 4 ‒ қалқаны, көзшесі салынған телітуші; 5 ‒ байлау; б ‒ қалқанды тілікке қыстырудан, окулировка: 1 ‒ телітуші қабығының тілігі; 2 ‒ дайындалған телітуші; 3 ‒ тілше (қалқан); 4 ‒ қалқан салынған телітуші
3.2-сурет ‒ Көзшелеу (окулировка)
3.3-сурет ‒ Окулировканы (көзшелерді) байлау

Қалемшемен телу (3.2-сурет, 3.3-сурет, 3.4-сурет, 3.5-сурет, 3.6-сурет, 3.7-сурет, 3.8-сурет, 3.9-сурет, 3.10-сурет): қиыстырумен – жабыстыра, бүйірдегі қиыққа сыналап, жарыққа (жарықшаққа), қабық астына, сояулап, көпірлеп (доға тәрізді). 

          Қиыстыру (копулировка) қарапайым және жақсартылған болады. Бұл тәсіл тұқымбақтарда телітушілері мен телінушілердің жуандығы бірдей болғанда және бақтарда ағаштардың бір-екі жылдық бұтақтарын қайталап көзшелегенде қолданылады. Қарапайым қиыстыруда телітушінің ұшында және телінушінің төменгі жағында, телітушінің жуандығынан 3–5 есе артық болатындай етіп бірдей ұзындықтағы қиғаш қиықтар тілінеді. Содан кейін телінушіні телітушіге жанастырады да, тіліктерді біріне-бірін беттестіріп, екеуінің камбийлерінің тұстасуын байқайды.

Телітуші мен телінушінің қиықтары тегіс және таза болуға тиіс. Жақсартылған қиыстыруда телітуші мен телінушінің қиықтарында үшкір және жұқа ұштарынан 1/3 қашықтығында бойлап тілшелеп тіледі. Осыдан кейін қалемше мен телітушіні түйістіргенде «тілшелер» бірі-бірінің ішіне сұғылуы тиіс. Осыдан кейін телінген жерді байлайды да, сыртынан бақ нұмын жағады.

Жабыстыра телуді телітуші телінушіден жуан болғанда қолданады. Мұндайда телітушіні түбірлеп сәл еңкіштеу кеседі. Түбірдің сәл биіктеу жағынан, астынан үстіне қарай, сүрегін ала тілік тіледі. Қалемшеде  ұзындығы мен ені телітушінің тілігімен үйлесетіндей, жиі тілшелеп немесе мінгестіре (кертпелеп) қиық жасайды. Бүйірлік тілікке телуді, ұзындығы 10–15 см етіп тілінген сояуға (тікенге) отырғызғанда қолданады. Қиықтауды телітушіге пышақты тіктеп, 10–12 градусты бұрышпен тіледі. Тілікке бір қыры екіншісінен 1,5–2 есе ұзынырақ етіліп дайындалған екі қырлы сынаманы орналастырады.

 Сына тәрізделіп телігенде телітуші көлденең кесіледі және бүйірінің сүрегінен сына тәрізді тілік тілінеді. Тілікке, осы тілікке үйлесетін көлемі мен пішіні бар, екі қырлы сына тәрізді қалемшені орналастырады. Жарыққа телуді жуан телітушілерге, айталық, жемістік тұқымдықтарда қайта телу жүргізгенде, қолданады. Түбірлеп кесілген телітуші ортасынан бойлап жарады. Пайда болған саңылаудың екі жағына екі, ал саңылау екеу болса – екі кертпелі немесе үшкірленген сынаның төртеуін орналастырады.

Қабық ішіне телу: телітушіні түбіріне кеседі де, оның бүйірінен камбийіне  дейін бір немесе бірнеше тілік тіледі. Тілікке қиғаш кесілген немесе кертпешеленіп кесілген қалемшені орнатады. Қабық ішіне сояумен (тікенмен) телу: телітушінің орта тұсынан астынан үстіне қарай, кейде сүрегін ала қабығынан енсізтаспа тілініп алынады. Тіліктің астыңғы жағынан қабығын бойлап тіледі де, қиғаш кесілген қалемшені орналастырады (қыстырады). Қалемшені  «Т» тәріздендіріп те қыстырады.

Көпірлеп телуді ағаш қатты жарақаттанғанда емдеу үшін қолданады. Ол үшін телітушінің қабығының ішіне бір немесе бірнеше қалемшені қыстырады. Көндігіп бітіскен қалемшенің түтікшелерімен шырын көпірмен қозғалғандай қозғалатындықтан, бұл тәсілді көпірлеп телу деп атаған. Діңде немесе жуан бұтақта – телітушідегі жараның шеттерін бақ қайшысын немесе пышақты көлденең ұстап тіктеп кеседі, сонда жара тез жазылады. Жарадан төмен және жоғары сәл шегініп, телітуші пышақпен «Т» тәрізді тілік тіледі. Доғалануы жеңіл жіңішке қалемше қолданылады. Қалемшеде «Т» тәрізді тіліктерден бірдей қашықтықта, қиыстыру әдісіндегідей, ұзындығы 3 см қиғаш тіліктер тіледі де, қалемше ұштарын сол тіліктерге, бүршіктерін жоғары бағыттап, қондырады. Тіліктері жарғақ таспалармен байланады немесе лейкопластыр жапсырылады. Жараға бақ нұмы жағылады. Қалемше құрғамас үшін, телінген жер майлы қағазбен (крафт) оралады және үсті әктеледі, ал дұрысы полиэтилен жарғағымен орау.

Сыбызғалап немесе түтікшелеп телуді орман жаңғағын, пеканды, талшынды, тұтты көбейткенде, көктемде, жазда және ерте күзде жүргізгенде қолданады. Телітушінің қабығының телінетін жерінде сақина тәрізді екі тілік тіледі. Содан кейін қабықтың кесілген бөлігін ағашта саусақпен айналдырады. Ол босағаннан кейін бойлап тіледі және түтікті (сақиналап) сыпырып алады. Тап осындай түтікті (шамасы бірдей) телінушіден алады және телітушінің қабығы жалаңаштанған жеріне орналастырады. 

Жақындастырып немесе байланыстырып телу камбийіне дейін жалаңашталған телітуші мен телінушіні тығыз байлаумен орындалады. Телітуші телінушімен көндігіп бітіскенше аналық өсімдіктен ажыратылмайды (кесілмейді).          

Жақындастырып (аблактировка)  телуді жиі жылыжайларда құмыра өсімдіктерін пайдаланып, кейде бақтарда, айталық, көршілес ағаштардың бұтақтарын қалпына келтіргенде және оларды қиғаштап пальметтендіріп қалыптастырғанда немесе мангоны көбейткенде қолданады.   Телітуші мен телінушінің қабығын ағаш сүрегін қоса 4–5 см етіп кеседі де, кесінділерді жалғастырады және бұтақтарды жарғақпен орайды.  Өне бастаған тұқымдармен телу. Бұл тәсілде қалемше орнына өне бастаған тұқымның тұқым астылық иіні мен тамыршасын телітушінің қабығының ішіне орналастырады. Іссанада көптеген басқа да телу тәсілдері қолданылғанымен, олардың бәрі, әдетте, жоғарыда сипатталынғандардың түрі өзгергендер екенін білген жөн. 

1 ‒ қарапайым; 2 ‒ жақсартылған (тілшесімен)
3.4-сурет ‒ Копулировка
3.5-сурет ‒ Қабық астына телу
3.6-сурет ‒ Жарықшаққа телу
1 ‒ доға тәрізді (көпірлеп); 2 ‒ тілшесімен сояулап
3.7-сурет ‒ Жеміс дақылдарының телу (ұластыру)
3.8-сурет ‒ Бүйірлік тілікке телу немесе ұластыру
1 ‒ қарапайым тілікке; 2 ‒ телітуші мен телінушінің әртүрлі қалыңдығында
3.9-сурет ‒ Жақындастырып телу (аблактировка)
1 ‒ біржақты қарапайым тілігімен; 2 ‒ біржақты сатысымен тілік; 3 –екі жақты сатылы тілік
3.10-сурет ‒ Телінуші қалемшесінің қиғаш тіліктері

Тапсырмалар: Жеміс және жидек дақылдарының вегетативті көбейту жолдарымен таңысу және тәжірибелік жағынан меңгеру;

Жеміс дақылдарын телу, ұластырудың, яғни жасанды көбейтудің техникасын үйрену, қисық тілшелер түрлерін жасау, телу түрлерін меңгеру, телу суреттерін дәптерге салу.

Құрал-жабдықтар мен материалдар: плакаттар, слайдтар, макеттер, гербариялық материал, суреттер, оқу және анықтамалық  материалдар, телу тәсілдерінің макеттері мен суреттері, окулировка пышағы, бақшалық және телу секаторлары, байлау материалдары, суы бар стакан, жарақаттарға жағылатын материалдар, біржылдық өркендер, телітуші мен телінушілер, дәрігерлік қорапша.

Жұмыс барысы:

1) жоғарыда ұсынылған теориялық метериал мен әдебиеттерге сүйеніп, жеміс және жидектерді вегетативті көбейтудің өз тамырындағы өсімдіктерді өсіру арқылы көбейту жолымен таңысу;

2) жеміс және жидектерді вегетативті көбейтудің өз тамырындағы өсімдіктерді өсіру арқылы көбейту жолына мінездеме беріп, мәліметтерді 3.10-кестеге толтыру.

                    

3.10-кесте ‒ жеміс және жидектерді вегетативті көбейтудің өз тамырындағы өсімдіктерді өсіру арқылы көбейту тәсілі

Көбейту тәсілі

Көбейту тәсілінің мінездемелік ерекшелігі

Қандай жеміс дақылдарында пайдаланады

3) телу арқылы көбейтудің негізгі түрлерін орындау және байлауды дұрыс жүргізуді меңгеру.

Бақылау сұрақтары

  1. Тұқыммен көбейтуден вегетативті көбейтудің артықшылығы неде?
  2. Вегетативті көбейту түрлерің атаңыз?
  3. Жеміс және жидектерді вегетативті көбейтудің өз тамырындағы өсімдіктерді өсіру арқылы көбейту тәсілдері қандай?
  4. Қандай дақылдар мұртшаларымен көбейеді?
  5. Тамыр атпалармен қандай дақылдар көбейтіледі?
  6. Тамыр өркендерімен қандай дақылдар көбейтіледі?
  7. Сұлама бұтақпен қалай көбейтеді?
  8. Ағаштанған және жасыл қалемшемен көбейту әдісінің негізі неде?
  9. Микроклональды көбейту әдісінің ерекшелігі неде?
  10. Телу дегеніміз не? Телу түрлері қандай және ерекшеліктері неде?