7-Дәріс. Зиялылық тәрбиесі мен жоғары руханилылықты, мінез құлықты сапаларды қалыптастыруда құранның тәрбиелік рөлі


Жоспар

1.Халақтық астрономиялық аңыздар мен ырымдардың ақыл-ой тәрбиесіндегі рөлі.

2.Тіршіліктің төрт тірегін қастерлеу.

3.Қазақ календарының шығу тарихы (ай, күн, жыл аттары)

4.Имандылықтың мәні, салауаттық.

5.Ырым –тыйымдардың рәсім рәміздердің тәрбиелік мәні.


Қазақтың халық педагогикасы баланың пайымдауын қалыптастырып, ойлау жүйесін дамытып, үлгі -өнегелі іс-әрекеттерді үйретіп, кісілігін кемелдендіру арқылы ақыл-ой тәрбиесін іске асырады. Ол үшін халық мақал-мәтелдерді, өнегелі өсиет сөздерді, даналық уағыздарды, шешендік сөздерді пайдаланады.“Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады”, “Кітап-білім бұлағы”, “Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп”, деп халық, мақал-мәтелдер арқылы ғылым-білімді зерттеп, ақыл –ойдың негізгі пайымдауда екендігін ұрпаққа ұғындырып отырады.

Бүкіләлемдік тіршіліктің төрт негізі бар . Олар: Күн-ана, Жер ана, ауа мен су. Адамзат күнделікті тіршілігінде осы төрт құдіретке сүйенеді.Егер осы төрт негіздің біреуі болмаса, тіршілік тоқтайды.Сондықтан адамзат Күнді жерді анадай ардақтайды, жер мен судың әулиелігін қастерлеп, әрекет жасап, қызығын көреді.

Күн- барлық тіршіліктің құдіретті тірегі. Ертеде адамзат Күнді жаратқанның жаратушысы деп табынып сиынып, барлық тіршілікте Күннің құдіретіне сүйенген. Шын мәнінде мынау жарық дүниенің өзі күннің сәулесі менжалылығынан қуат алып тұр.Сондықтан да халқымыз Күн тұрған аспан әлемін қасиеттеп: “Аспанға қарап түкірме, аспанға тас лақтырма”деп, ырым-тыйым жасайды. Күннің нұры-сәулесі, құдіретті күші-от. Әлемдегі барлық тіршілік оттың күшімен қозғалысқа түсіп, адам өмірін өркендетіп тұр. Отты халық қастерлеп, “Отты баспа”, “отпен ойнама”, “отқа түкірме” деп, ырым тыйым жасап, кесір-қырсықты от пен “аластап”, отқа табынған. Отбасы,отағасы,отау деген сөздер оттың құдіретін қастерлеуден шыққан. Найзағайдың жарқылы, мотордың оталуы, оқтың атылуы-бәрі де оттың әсері. Тек сол оттың әулиелігін қадірлеп, отты дұрыс пайдалана білу адамның ақыл –біліміне байланысты.

Қазіргі заманда Күннің құдіретін бөгеп, аспандағы азон қабатын ыдыратқан техникалық зардаптарға қарсы күрес жүргізілуде. Қазақ “отбасың аман болсың”, “шырағың сөнбесін” деп, отбасынан бастап бүкіл адамзаттың барлық тіршіліктің анасы-Күннің амандығын тілейді.

Жер-ана барлық тіршілікке нәр беріп, анамыздай асырап жатыр. Адам баласы ғасырлар бойы жер бетіне таласып, қан-төгіп, қырғынға ұшырады. Бірақ жер-ананы аялау, оны бүлдірмеу үшін, әр қилы әрекет жасауды соңғы ғасырда ғана қолға ала бастады. Қазақ халқы жер-ананы әулие тұтады. “Батпағанға -жер жомарт”, “Жері байдың-елі бай”, “Туған жердің топырағы да ыстық”, “Туған жер-алтын бесік” деп, халық жер –ананы аялайды, баптайды, құдірет тұтады. Халық “топырақ шашып ойнама”, “жерді жамандама” деп, ырым жасап, жер ананы қастерлеуді уағыздайды. Жер тоздыру, өрісті тарылты , бар жерді пайдаланбау, оны баптамау-әрі айып, әрі қылмыс.

Жер –жаһандағы тіршіліктің нәрін сіңіріп, өмір сүрудің тірегі болып тұрған құдірет- су .Өсімдік, Жан- жануар, құрт-құмырсқа, адамзат сусыз өмір сүре алмайды. Өмірге ең қымбат, ең қажетті нәрсе болғандықтан, халық суды да әулие тұтып, судың шығып жатқан жерін “әулие бұлақ”, “әулие көл” дейді. “Судың да сұрауы бар” деп, суды ысырап жасамау керек екенін халық өз ұрпақтарына ескеріп отырған. “Сулы жер-нұрлы жер”, “Өзен бар жерде өмір бар ”, “Бұлақ көрсең көзін аш”, “Судай таза, сүттен ақ бол” деп халық өмір тұрмыстың жақсы болуы суға байланысты екенін, сондықтан арна жасай білуді уағыздайды, “суды улама” деп,судың тазалығын сақтауды талап етеді. Суды дұрыс пайдалана білмегендіктен , Арал теңізінің тартылуы, өзен-көлдердің улануы халықты қатты күйзелтті. Өзен-көлдерден құстар мен аңдардың кете бастауы-қасірет. Ел еңбектеніп,ұрпақтарын табиғат апатына қарсы күреске тәрбиелейді.

Жанды дүниенің өмір ырғағын жасап тұрған құдіретті нәрсе – ауа. “Ауа-өмір тынысы дейді халық”. Тыныс алу тоқтаса, өмір де тоқтайды. “Асар таудың ауасы-аурудың дауаса”, “Ауаны былғама, алланың демі” деп, халық кең ауаны, таза самалды қасиет тұтқан. Ауаны былғау қылмыс деп. есептеген. Ең қымбатты, қажетті нәрсені “ауадай қажет” деп,халық ауаны қымбаттың қымбаты деп. бағалайды. “Желдеткішті жаппа”, “Ауаны қылышпен кеспе”деп, ырым жасап, әулиенің әулиесіндей көреді. Ауаны тазарту үшін, көгалдандыру, орман-тоғай өсіру, қорықтарды қорғау ісіне ел ерекше көңіл бөледі. Тіршіліктің төрт тірегін қастерлеу-халық салты, өмір заңы.

Ата бабамыз жыл қайыруды, күн ауыруды ұрпақтарына үйретіп, әрбір жылдың, айдың, күннің ерекшеліктерін айқын біліп, айтып отырған. Жыл қайыруда мүшел жылын ерекше атап, мүмкіндігінше мүшел той әрбір он үшінші жылы (13,25,37) аталып, өтіледі, мүшел жасы қасиетті жас ретінде тойланып, ол жасқа дейін ерекше, елеулі өзгерістер болғаны айтылады.

Жыл қайырудағы жыл реттері: тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан,жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз. Халық хайуанаттарды “еті адал”, “еті арам” деп, екі топқа бөледі. Жыл реттеріндегі 12 жыл атауында бірі арам, бірі адал – 6 жұп атаулары бар. Он екі жыл өткен соң, он үшінші мүшел жылы болып, алғашқы атау қайталанып отырады. Әрбір адамның “Мүшел жылы” -- өзінің туған жылы (егер барыс жылында тусаңыз, барыс жылы қайталанған сайын) мүшел той аталады. Ғасырлар бойы табиғат сырын, хайуанаттардың таңғажайып ерекшеліктерін зерттеп, зерттей білген ата – бабаларымыз, бүкіл өркениетті адамзат қауымы әрбір жылдың өз айырымдарына байланысты атау қойған. Тышқан жылы ел тірлігі мол болады, бірлігі жақсы ел берекелі, мерекелі өмір сүреді. Сиыр жылында еңбек еткен адамның бақыты мол болады. Барыс жылы – сәтті жыл, әркім алдына қойған мақсаттарына жетеді, іс - әрекет құтты болады. қоян жылы да құтты жыл , бірақ кейде бұл жылда жұт болуы мүмкін. Ұлу жылында әрекет берекетке жетеді. Жылан жылында табиғат құбылысы құрғақшылыққа ұшырауы мүмкін. Жылқы жылы – мархабатты жыл. Бұл жылда отау тігуді (үйленуді) арман еткен жастар мақсатын орындайды. Қой жылы төлдің басы көп болады, молшылық халықты мерейлендіреді. Мешін жылында тыныштық, жарасым, келісім, татулық халықты қуанышқа бөлейді. Тауық жылы – арманды жыл. Әркім іс ретін тауып, шаруаны білсе, арманына жетеді. Ит жылында қиыншылық көп болады, қиындыққа қымсынбай, оны жеңе білу керек. Доңыз жылында тыныштық пен достық үстем болып, жақсы мінезді жайсаң адамдар өмір қызығын көбірек көреді. Тарихта халықтың осы тұжырымдары негізінен нақты келіп, өмір тәжірибесінің айқын көріністерін байқатты.

Қазақ халқының ұлттық тәрбиесіндегі имандылық, қайырымдылық дәстүрлері.

Иман – арабша сенім деген ұғымды білдіреді. Дінге сенуге байланысты бұл ұғым халық арасында әдептіліктің, яғни адамгершіліктің мәнін беретін ұғыммен ұштасып, әлеуметтік әдептілікті көрсететін мәнге ие болды. Өмір заңдылықтарына айқын сеніммен қарап, адамгершілік рәсімдері мен уәждерін, міндеттері мен мақсаттарын бұлжытпай орындайтын ақ нитті, адал жүректі, көпшіл адамды – иманды адам дейміз.

Иманды адам – айналасындағыларға және бүкіл адамзатқа тек жақсылық ойлайды, оларға мейрім-шапағатын төгіп, жанашырлық, қамқорлық жасауға әзір тұрады, әркімге әдеппен, ізетпен, инабатпен қарайды. Сондықтан да иманды адамды бет бейнесін танып, халық он иман жүзді адам дейді.

“Тура биде туған жоқ, туысты биде иман жоқ” деп, халық иманды адамның әділетті, шыншыл болатынын уағыздайды. Халқымыздың қонақжайлылығы, кең пейілдігі, көпшілдігі, дос көңілділігі -- әлеуметтік имандылықтың белгісі. Имандылық дәстүрін қастерлей біліп, иманды адам болу – кісілік борыш.

Иманы кәміл адам м е й і р і м д і болады. Мейірімділік – адам бойындағы қасиетті сезімі. Ата мейірімі, әке мейірімі, ана мейірімі, отбасындағы адамдардың бір – біріне деген мейір – шапағаты -- әдептік әсем құбылыс, түйсікті баурап алатын түсінік, ұлағатты ұғым, адамгершіліктің асқар шыңы. Мейірім адамның мерейі үстем болу үшін, ол ойлаған жақсылық, әсерленген әдептілік, жақсы көрген адамдарының Жан саулығы мен ден саулығы он қуанышқа бөлеуі тиіс.

Халқымыз ұрпағын м е й і р і м д і л і к к е тәрбиелеп, қатыгездіктен қашып, қаталдықтан сақтандырып отырған. Еліміз ер – азаматтарын мейірімді болса екен деген ниетпен Мейірман, Мейіржан, Мейірбек деген аттармен атап, жастарды үнемі мейірімділікке баураған. “Көпт жамандаған көмусіз қалады” деп, халқымыз мейірлі болу - өз халқын сүю, бірлікшіл болу екенін уағыздайды. Бұл жайында біз жоғарыда толық айтып өттік (“Қайырымдылық пен мейірімділік” тақырыпшасынан қара).

М е й і р і м д і л і к р ә с і м д е р і бата беру, байғазыберу, базарлық беру, көңіл сұрау, көңіл айту, жұбату т.б. жөн – жоралғылар арқылы іске асырылады. Ал мейірімділіктің іс жүзінде бір көрінісі – қ а й ы р ы м д ы л ы қ. Қайырымдылық – мүдделі, кіріптар, көмекке құштар адамдарға, табиғатқа, жан – жануарларға іс – жүзінде жақсылық жасау.

Табиғатты қорғау, тал тігу, гүл өсіру, жер суару, құстарға қамқорлық жасау, аңдарды аялау – қайырымдылықтың қалыптасқан халықтық үрдісі, оны орындай білу – парыз. Ол үшін әрбір адам өзінің қайырымдылық борыштарын терең сезініп, тебірене іс – қимыл жасауға міндетті.

Қазақ халқының меймандостық дәстүріндегі имандылық әдебі, меймандостық дәстүрінің кісілікке, адамгершілікке сену, оған құрметпен қарау, кісіліктің – адамгершіліктің тәрбиесінің көркем көрінісі, тәлімді тәжірибенің жемісі екендігін көрсетеді.

Кісі күту рәсімі кезінде адам арын ардақтау, намысқа тырысып, “нағыз адамгершілік” қарым – қатынас жасау, кемшілік үшін ұялу, ұялудың инабаттылық реңін көрсету, күтілген кісінің өнегелі сөзін тыңдай біліп, толғану, өнегелі кісіден үлгі - өнеге алу, қонақтың немесе мейманның алдында әдептілік, сабырлылық, көргенділік көрсету т.б. психологиялық құбылыстарды басынан кешіріп, “қонақ аз отырып, көп сынайды” деген сынақтан мүдірмей өтіп, өмірдің осы бір сәтті де, тәтті кезеңінен кісі психологиялық сабақ алады.


Бақылау сұрақтары

1.Ел белгілері мен рәміздерін қастерлеу дәстүрі?

2.Қазақ календарының шығу тарихы?

3.Жеті ғалам, жеті көк , жеті күн туралы түсініктер?

4.Имандылықтың мәні салауаттық?